Абайдың әндері

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?

(І-нұсқа)
Желсіз түнде жарық ай
(ІІ-нұсқа)

Ішім өлген, сыртым сау

Ішім өлген, сыртым сау

Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!

Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбіңдеп,
Шабан, шардақ және шау.

Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқаң босаса,
Бола қалдың бас асау.

Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.

Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?

Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берерменде бесеусің,
Аларманда және алтау.

Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?

Қайта кірер есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.

Біреуден біреу артылса

Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.

Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.

Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеме болмас,
Адамсып босқа талтаңдар.

Ақыл, қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ – теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп жоқ ізденіп,
Тиын ба, яки бір сом ба?

Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп.
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп.

Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш.
Бұлықсып, бұлданып босқа,
Өзімшіл, оңбаған шерміш.

Кісіде бар болса талап,
Отырмас ол бойын балап.
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап.

(І-нұсқа)
(ІІ-нұсқа)

ТҮСІНІКТЕР

Желсіз түнде жарық ай. Абай әндерінің төлбасы саналатын (әндер өлеңдердің жазылған жылына байланысты хронологиялық ретпен қойылды), ел арасында көп айтылған әндердің бірі – «Желсіз түнде жарық ай». Тымық түн суреті мен тұнық сезім құдіреті қалай сәтті байланыса суреттелсе, әнге айналған сөз бен сазы да солай тұтасып, бір бүтінге айналған.

Ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі 1909 жылғы алғашқы жинақта басылған. Өлеңнің жазылған жылына байланысты Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» естелігінде: «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңді 1898 жылы жазған. 1888 жылы жазды деп бұрынғы өлеңдерді көшіріп жазған Мүрсейіт деген адамның қате жібергені болады» [1, 198], – дейді.

М.Әуезовтің «әндерінің шығарылған жылдары дәлді мәлім болмаса да, әйтеуір жиыны 1886 жыл мен 1897 жылдар арасында шықты деседі» [2, 201], Көкбайдың «1889–1890 жылдарда тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды» [1, 203], абайтанушы А.Омаровтың «Абай Біржанмен кездескеннен кейін ғана (1888–1890) ән шығаруға ден қойып, ән шығарумен санаулы жылдар ғана айналысқан, сазгерлікті ұзақ жылдар серік еткен деген жаңсақ ой туғызбаған жөн» [3] дегендерін ескерсек, онда Тұрағұлдың дерегі бұл айтқандармен қабыса қоймайды. Дегенмен, өлеңнің шыққан жылы барлық жинақтарда 1888 болып көрсетіліп келеді.

Өлең шалыс ұйқас (abab) үлгісінде жазылған, 7-8 буынды, 4+3 (Желсіз түнде жарық ай… Қалың ағаш жап(ы)рағы), 5+3 (Сәулесі суда дірілдеп… Ауылдың жаны терең сай… Құлпырған жасыл жер жүзі т.б.) бунақты бес шумақтан тұрады. Әннің әуендік арқауы эолиялық ладты негізделген.

№1.1. «Желсіз түнде жарық ай» – ақынның алғашқы туындысы болғанымен, әуендік құрылымы мен ырғақтық ерекшеліктері Абайдың композиторлық шеберлігі мен қуатын айқын көрсетеді. Әннің музыкалық тілі өткір де қарапайым, тез жатталады. Әуендік желісі терең лирикалық мазмұнға ие. Ән орындалған жерде айтушы мен тыңдаушының бірігіп, қосыла шырқап кетуінен шығарманың қарапайым да әсерлі әуезділігі тыңдаушының эмоциялық қабылдауына ерекше ықпал ететінін көруге болады. Соның әсерінен ән ел арасына кең жайылып, халықтық сипатқа ие болған.

Шығарманың әуендік құрылымы abcd. 3, 4-әуендік жол қайырма ретінде қай­таланады – қайталанған қос тармақ. Белгілі музыкатанушы ғалым В.Дернова өзінің «Абайдың музыкалық мұрасы» зерттеуінің «Абай әндеріндегі орыстың тұрмыс­тық романстарының мелодикасы» бөлімінде: «Жаңа лирикалық жанрға бүтіндей жата­тын Абайдың үш қана әні бар: «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Қараңғы түнде». Бұларға қалалық әндерге лайық дәстүрлі құрылым – төрт тармақты шумақ немесе қайталауы (реприза) бар екі бөлімді форманы қолдану тән. Орындағанда шумақтың екінші бөлімі қайталанады. Бұл әндердің бәрі минорда кездеседі» [4, 117], – деп, соңғы екі әуенжолдың қайталануын, яғни қайырмалық сипатын меңзейді.

Салыстыру үшін алдымен жалпы бұхараға белгілі, бүгінгі айтылып жүрген нұсқаның ноталық үлгісін ұсынамыз.

Желсіз түнде жарық ай

№1.2. Әнді алғаш 1935 жылы Ә.Ысқақовтың орындауы бойынша Л.Хамиди нотаға түсірген. Ән «Абайдың музыкалық творчествосы» (АМТ) [5, 44–45], «Айттым сәлем, қалам қас» жинағына (АСҚ) [6, 35] және Ғ.Бисенова монографиясында басылған [7, 155].

Желсіз түнде жарық айT2

Әннің Ә.Ысқақов жеткізген бұл нұсқасы нотаға біркелкі 4/4 өлшемде түскен. Бүгінгі айтылып жүрген «Желсіз түнде жарық айдан» алыс болмағанмен, 2, 3-әуендік жолдарда өлең буыны мен әуендік буынның ауысып түсуіне байланысты ырғақтық өзгерістер пайда болған. Әннің басталуы «Қарашада өмір тұр» әнінің интонациясына жақындайды.

№1.3. Әннің ендігі нұсқасын 1939 жылы Қ.Лекеровтің орындауында Б.Ерзакович нотаға түсірген. Ән 2/4, 3/4, 4/4 аралас өлшемде түскен. Бұл нұсқаның да Ә.Ысқақов нұсқасындағыдай 2-әуендік жолдағы буындары ауысып, сәу-ле-сі сөзінің лига арқылы өрнектелуі буындық сәйкессіздік тудырып, әуенді аздап ақсатып тұрғандай. Әйтпесе, Қ.Лекеров нұсқасының дыбыс қатарлары бүгінгі айтылып жүрген үлгімен бірдей, тіпті Қ.Лекеров нұсқасын бүгінгі үлгі деп толық айтуға болады.

Желсіз түнде жарық айT3

Жоғарыдағы Ә.Ысқақов және Қ.Лекеров нұсқаларындағы буындық өзгерістерді бүгінгі үлгімен салыстырғанда анық байқалады (төменде).

№1.4. «Желсіз түнде жарық ай» әні орындаушылық тұрғыдан алғанда, әртүрлі музыкалық формада айтылады. Көбінесе оркестрлік өңдеу мен фортепиано сүйемелдеуінде академиялық-вокалдық репертуардың ажырамас бөлігіне айналса, хор және капелла орындауында да жиі шырқалады. Әннің көп дауысты өңдеулері оның гармониялық құрылымының кеңдігін көрсетіп, полифониялық элементтер арқылы шығарманың музыкалық ауқымын кеңейтеді. Ал домбыра сүйемелімен Жәнібек Кәрменов пен оның шәкірті Әділет Мұсаның орындағаны ғана белгілі [8].

Ж.Кәрменов әнді мейлінше еркін, асықпай, барынша шалқыта орындаған. 3-әуендік жолдағы әннің кульминациялық биігін ферматалық ұзақтықта ұстайды. Әуендік дыбыс қатары бүгінгі айтылып жүрген үлгімен бір болғанымен, ішкі өрнектері өзгеше. Дегенмен, бүгінгі күні дәстүрлі орындаушылар үшін Ж.Кәрменов нұсқасы негізгі үлгі болып жүр деуге болады. Жалпы Ж.Кәрменов нұсқасының домбыра қостауы қатар түсірілген жағдайда дәстүрлі орындаушылық ерекшелік әлдеқайда айқын көрінетіні анық. Алайда жинақ көлеміне байланысты канталық үлгісі ғана ұсынылып отыр.

№1.5. Ж.Кәрменовтің шәкірті Ә.Мұса орындауы да ұстаз орындауынан алшақ емес. Алғашқы бунақтағы баяу екпін, келесі бунақта (жарық ай) триольдық ырғаққа ауысып, жеделдей түседі. Бұл соңғы әуендік жолда да (Тасыған) байқалады. Мұнда да әуен бүгінгі айтылып жүрген үлгімен негізі бір. 3-әуендік жолдағы әннің шарықтау биігі мейлінше созылып айтылған.

В.Дернова Мәскеудегі А.Затаевич қолжазбаларында Ә.Марғұланның «Көзім­нің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай» әнін жеткізгенін, алайда «Желсіз түнде жарық ай» әнін «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің әуенімен айтқанын жазған [9, 46–47]. Бұған «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің түсініктерінде тоқталамыз.

Әнді Ә.Базанов фортепианоға өңдеген. Ақынның бұл өлеңіне Ғ.Жұбанова арнайы ән де жазған.

Әннің төрт нұсқасы толық қарастырылып, Қ.Лекеровтің айтуында жеткен нұс­қасы (бүгінгі үлгі) мен дәстүрлі орындаушылар үшін Ж.Кәрменов үлгісі инвариант (түпнұсқаға жақын) ретінде берілді.

Ішім өлген, сыртым сау. Ақынның 1888 жылы жазылған бұл өлеңінде бүгінгі достың ертең жау болып, екіжүзділікке баруы, «өз үйінде өзендей күркірегенмен, кісі алдында кірбең» бола қалатыны мен ұрлық пен қулық үшін аярлыққа бара беретін опасыз мінезі жайлы айтылады.

Шұбыртпалы ұйқаспен 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған. Өлең алғаш 1909 жылғы жинақтан бастап барлық жинақтарда текстологиялық өзгерістермен басылып келеді.

Абайдың бұл әнін алдыңғы буын әншілердің орындағаны жайлы ешқандай дерек жоқ. Әнді 1935 жылы Ә. Ысқақовтың орындауында Л.Хамиди нотаға түсірген. Ақын әндерінің алғаш нотасы басылған 1940 жылғы академиялық толық жинақ [10] пен АМТ [5, 32], АСҚ [6, 36] ән жинақтарында басылған. Әннің бұдан басқа түрі немесе нұсқалары жазылып алынбаған. Бірақ ән ертеректе ақынның басқа сөздерімен орындалған («Татьяна хаты», «Татьяна жауабы» 1.1, 1.2, 1.3 нұсқаларын қараңыз).

Ән субкварталық секіріске құрылған қос секвенциядан басталады. Әуендегі пунктирлік ырғақтар марш ырғағына жақындатады. 2-әуендік жол терция интервалы аралығында ғана өрнек құрайды. Бірден секста жоғары көтеріліп басталған 3, 4-әуендік жолдан «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң» әндерінің интонациясы байқалады.

Ішім өлген, сыртым сауT

«Абай» энциклопедиясындағы Қ.Жүзбасов мақаласында: «Бұл ән қайғы-шерге толы, драмалық-психологиялық шығарма. Баяу екпінмен, мұңмен орындалатын бұл ән мазмұнына сай ән характерін бірден білдіртеді. Дәстүрлі қазақ поэзиясында кеңінен өріс жайған, әсіресе жыр жанрында 7 буынды өлең өрнегі негізінде шығарылған. Өлең тармақтарының буын саны бірдей бола тұра, қара өлеңге тән әуендік сазбен әндетіп айтуды қажет етеді. Әнді алғаш 20-жылдары А.Затаевич басқа атпен О.Қашағановтың айтуы бойынша нотаға түсіріп, 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні» еңбегіне енгізген», – деген түсініктеме берілген [11, 615].

Қ.Жүзбасовтың осы мақаласында: «Әуен иірімінің кейбір интонациялары белгілі халық әні – «Бір бала» үндестігімен жақын. А.Затаевич О.Қашағановтың айтуы бойынша нотаға түсірген» деп қате берілген. Ол әннің «Ішім өлген, сыртым сау» әніне қатысы жоқ. «Бір балаға» ұқсайтын халық әуенімен айтылып, «Татьянаның хаты» деп жазылып алынған басқа ән («Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы» әніндегі 2.1 түсінікті қараңыз. Ал жоғарыда сілтеме етіп көрсетілген А.Бимбоэстің Н.Құлжановадан жазып алған деген «Татьяна хатының» 1.1, А.Затаевичтің
Ж.Аймауытовтан жазып алған 1.2 және Л.Хамидидің Ә.Ысқақовтан жазып алған 1.3 нұсқалары осы «Ішім өлген, сыртым сау» әнінің әуенімен айтылған).

Әннің әуені мен ырғағына байланысты Г.Шомбалова: «Кейбір жағдайларда Абай халық өлеңдерінің сарынына жаңа интонациялық ырғақтар енгізеді. Бұған тағы Л.Хамиди жазып алған «Ішім өлген, сыртым сау» әні мысал бола алады. Бұл әннің алғашқы екі тактысындағы төмендей түсетін кварта интонациясының секвенциялы болып қайталануы қазақ әндеріне тән емес, сондықтан да көңіл аударарлықтай» [4, 91], – деген пікір білдірген.

Ән «Абай» операсының 4-ші актісінде Көкбай мен Қарлығаштың дуэтіне пай­даланылған. Жинаққа осы нұсқаның өзі ұсынылды.

Біреуден біреу артылса. Абайдың алғашқы туындыларының бірі болып са­налатын, ел арасында көп айтылмаған әндердің бірі – «Біреуден біреу артылса». Өлең 1888 жылы жазылған. Алғаш 1909 жылғы жинақта басылған. Тұрағұл естелігінде: «Біреуден біреу артылса» деген өлеңді сол жылы бізге музыка үйретемін деп Мұқа деген скрипкашы әкеліп, Әсет деген ақынды да сақтаған. Әсет терісі тар, ызақор, өзін-өзі әлденелік көріп отыратын адам еді. Сол мінезінен шығарып айтқан» делінген [1, 195]. Қ.Мұқаметхановтың «Абай шығармаларына ғылыми түсініктемелерінде»: «Бұл өлең 1909 жылғы кітапта басылған (1-бөлік. Халық туралы, 23 бет), онда «Әсетке» деген тақырып жоқ өлең. 1933 жылғы «Толық жинақтан» бастап, «Әсетке» деп аталып, басылып келеді» [12, 279], – деп жазылған.

Өлең 8 буынды, aaba үлгісінде жазылған 7 шумақтан тұрады. Өлеңнің бунақ ішіндегі буын санының ауыспалылығы әуен ырғағының тұрақсыздығына да әсер еткен. Ондай бунақтар өлең ішінде жиі кездеседі. 2+3+3 (Өнер өлшеніп тартылса; Надан надан-ақ сан қылса), 3+3+2 (Татымды ештеңе болмас; Жасынан үлгісіз шіркін; 5-6 шумақтар тұтас осы өлшемде), 3+3+3 бунақты жолдар да (Тіленіп, телміріп ізденер) ұшырасады.

Е.Брусиловский, Л.Хамиди және Қ.Жүзбасовтардың нотаға түсіруімен әннің үш нұсқасы жеткен. Ән алғаш 1940 жылғы жинақта жарияланған [10]. Онда әннің бір нұсқасы жарық көрсе, АМТ жинағына екі нұсқасы [5, 15], АСҚ жинағына үш нұсқасы [6, 33-34] және Ғ.Бисенованың монографиясында екі нұсқасы жарық көрген [7, 134]. Барлық нұсқалардың негізі бір. Біз әннің алғаш жазылып алынған нұсқасынан бастап сөз етеміз.

№1.1. Әннің бұл нұсқасын алғаш 1933–1934 жылдары Е.Брусиловский Ә.Қа­шаубаевтың айтуында жазып алған. Е. Брусиловскийдің әнді жазып алуы жайлы Б.Ерзакович: «…Алайда, одан кейінгі жылдары Абайға, сол сияқты революцияға дейінгі басқа да көптеген ақындарға, кеңес әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің алғашқы қайраткерлеріне деген сыңарезу қате бір саясат өріс алып, Абайдың әндерін концерттерде орындауға тыйым салынды. Өз басым, мұны 1931–1938 жылдары Қазақ радиосында қазақ музыкалық радиохабарының редакторы әрі пианист болып қызмет істеген кезімнен жақсы білемін. Абай әндері музыкалық хабарлар мен көпшілік концерттерде бағдарламадан алып тасталынып жүрді. Сондықтан ол кезде мен оның ән мұрасымен онша таныс емес едім. Сол себепті де радиоға мен жазып алып, нотасын түсірген 500 қазақ әнінің ішінде Абай шығармалары жоқ болатын. Ал сол кезде маған басқа әндерді айтып берген әншілердің көбінің-ақ репертуарында оның әндері бар еді. Мұның мысалы ретінде бір ғана деректі келтірейін. Мәселен, Е.Г.Брусиловскийдің маған мынандай бір жәйтті айтқаны бар. Әйгілі халық әншісі Әміре Қашаубаев (1888–1934) дүние салардан аз уақыт бұрын өзінен Абайдың екі әнін, атап айтқанда, «Біреуден біреу артылса» және «Қор болды жанымын» жазып алуын өтініпті. Абайдың осынау әндері, сөз жоқ, әншінің сол кезде қатты күйзелген жан дүниесін ашып бергендей еді. Достарының дені оны өте жақсы білді. Өз өмірінің соңғы жылдарында басшылықтың күдіктене қарауы және әділетсіздігі салдарынан айтулы әнші басынан көп қиындық кешірді. Оның жан күйзелісі, әсіресе, Франция мен Германияға концерттік сапармен барып келгеннен кейін үдей түсті» [13], – деп жазады.

Әннің бұл нұсқасы алғаш АМТ жинағында ІІ түрі [5, 15], АСҚ жинағына І түрі болып жарияланған [6, 33]. Әуендік құрылымы 3 элементті яғни, aabc. Ән иониялық ладта шығарылған, халық әуенімен сарындас болып келеді. І сатыдан қоңырлата басталған әуен 1, 2-әуендік жолдарда бірдей интонацияда жүрсе, 3-әуендік жол V сатыдан жоғарыға квинталық секіріс жасау арқылы өрбиді. 4-әуендік жол жоғары-төмен өрнек құра отырып аяқталады. Ән диапазоны децимаға тең.

Біреуден біреу артылсаT1

Абай әндерінің насихатталуына, жинақтардағы айтылмаған шығармаларының қайта жаңғыруына үлкен үлес қосқандар – Теміржан Базарбаев пен Тұрсынғазы Рахимов. Олар 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында, соған дейін шыққан жинақтардағы ақын әндерін саралап, үйретіп әрі үйреніп, Семейдің жергілікті облыстық телеарнасында «Құлақтан кіріп бойды алар…» деген атпен танымдық-музыкалық екі бөлімді хабар жасайды. Хабарда Абайдың бұрын-соңды айтылған-айтылмаған 14 әні орындалады. Өкінішке қарай, бүгінгі күні телеарна архивінен сол жасалған хабардың біреуі ғана табылып отыр. Ол жеке қорымызда да сақтаулы, әлеуметтік желіде де жария етілген [8], [14].

Осы хабарда Т.Рахимов орындаған 14 әннің ішінде «Біреуден біреу артылса» әні де айтылады. Хабардың идея авторы және жүргізушісі Т.Базарбаев өзі болғасын, әндерді салыстырып, саралаудағы жауапкершілікті де өз мойнына алғаны анық. Әндерді нотадан шығарып, Т.Рахимовқа үйреткен де – өзі. Хабарда орындалған әнді тыңдап, жинақтардағы нота арқылы салыстыра келгенде байқағанымыз,
Т.Рахимовтың орындағаны – Ә.Қашаубаев нұсқасы болып шықты.

Әнші әннің үш шумағын айтқан. Орындау кезінде бунақтардың орны ауысқан және сөздер өзгерген. Мысалы, 1-шумақтың 2-тармағы «Өлшеніп өнер тартылса» (түпнұсқада «Өнер өлшеніп тартылса»), 2-шумақтың соңғы тармағы «Білер қайдағы шәлгезді» (түпнұсқада «Білер қайдағы шәргезді»), 3-шумақтың 2-тармағы «Таңырқап тұрып қалсаңдар» (түпнұсқада «Таңырқап тұра қалсаңдар») болып өзгерген.

Т.Рахимов орындауында 3-әуендік жолдағы шарықтау биігі өрнектеліп, әртүрлі құбылып отырған. Оны төмендегі (№1.1(а) ноталық жазбадан байқауға болады. Қалған әуен Ә.Қашаубаев нұсқасымен бірдей.

№1.1(а) Т.Рахимовтың Ә.Қашаубаев нұсқасын орындауындағы аз өзгешелік

Біреуден біреу артылсаT2

№1.2. Әннің екінші нұсқасын Л.Хамиди 1935 жылы Семей қаласында Ә.Ысқақовтың орындауында хатқа түсірген. Бұл нұсқа алғаш 1940 жылғы жинақта ба­сылған [10]. 1, 2-әуендік жолдар алдыңғы нұсқаға ұқсағанмен, триольдық ырғақтар байқалады. Алдыңғы нұсқаға қарағанда 3-әуендік жолдағы шарықтау шегінде аздаған интонациялық өзгешелік бар. Диапазоны бұл нұсқада да децимаға тең. Соңғы әуендік жол кварталық секіріспен басталып, жоғары-төменгі кварта-квинталық өрнектер құрай отырып аяқталған. Нотаға түсіруші әнді біркелкі өлшемде түсіргеннен бе әлде жеткізуші осылай орындады ма екен, әннің 3, 4-әуендік жолынан марш ырғағы білінеді.

№1.3. Абай әндерін негізгі жеткізушілердің бірі – ақынның Тұрағұл деген ұлынан туған немересі Мәкен Мұхаметжанова. 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты М.Мұхаметжанованы арнайы шақыртып, 17 әнін аудиотаспаға жазып алған. АСҚ түсініктерінде: «Таспа институттың қолжазба және фоножазба бөлімінде сақтаулы» [6, 76], – деп жазылған. Әннің бұл III нұсқасын Қ.Жүзбасов аудиожазбадан тұтас түсіріп, алғаш рет АСҚ жинағында жарияланған [6, 33].

Әннің алдыңғы нұсқалармен негізі бір болғанмен, мұнда да аздаған өзгешеліктер бар. Жалпы, музыка зерттеушілері көбінесе ақынның елге кең тараған әндерін ғана зерттеу нысанына алып отырған. «Біреуден біреу артылса» әні В.Дернова мен Қ.Жүзбасовтан басқа зерттеушілердің еңбектерінде кездесе бермейді. «Абай» энциклопедиясындағы Қ.Жүзбасовтың осы нұсқаның музыкалық ерекшелігі мен құрылымы жөніндегі қысқа мақаласында: «Әннің 1 және 2-түрлері бір-бірі­мен өте ұқсас болса, 3-түрінде өлең-өрнек кестесі ауыспалы, әртүрлі бунақ құрылыстарымен ерекшеленіп, әуен-сазымен де бөлекше тұрады» [11, 175], – дейді.

Иә, бұл орындаушылық интерпретацияның да көрінісі екені айтпаса да түсінікті. Ал Қ.Жүзбасовтың М.Мұхаметжанова айтуындағы үш шумақты тұтас хаттауы – өлеңдегі буындардың ауыспалылығынан әр шумағының әртүрлі өрнектелуінде. Ғалым осы себептерге байланысты да «бөлекше» деген болса керек.

№1.3(а) М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы М.Мұхаметжанова айтуында жазылып алынған 17 ән Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ғылыми-зерттеу фольклорлық зертханасының (ҒЗФЗ) қорында да сақталған [15]. 2020 жылы фольклорлық зертхана ұжымы ақынның 175 жылдығына арнап Абай музыкасына қатысты мұраларды біріктіріп, «Фольклорлық ғылыми зертханасы қорындағы Абайдың музыкалық мұрасы» деген атпен екі CD жинағын жарыққа шығарды [16]. Оның бірінші табағына тек М.Мұхаметжанова айтуындағы әндер топтастырылған. Солардың ішінде «Біреуден біреу артылса» әнін де кездестіруге болады. Сол аудиожазбалармен салыстыра қарастырып, нотаға түсіргенімізде, Қ.Жүзбасов жазбасынан аздаған айырмашылықтар бары байқалды.

Алдымен ән мәтініндегі өзгерістер. М.Мұхаметжанова әннің үш шумағын орындаған (1, 2, 3-шумақ). Шумақ басындағы «Біреуден біреу артылса, Өнер өлшеніп тартылса» тармағы «Біреу біреуден артылса, Өлең өлшеніп тартылса» болып, «Надан – надан-ақ сан қылса» тармағы «Надан наданды сән қылса» болып орындалған. Ал 2-шумақтағы «Надан жөндіге жөн келмей» дейтін тармағы «Надан жөндіге жөн билемей» болып айтылған.

Сондай-ақ, кіріспе бөлімде айтылғандай, жинақтың алдыңғы (2020) басы­лымдарынан кейін Абайдың музыкалық мұрасына қатысты бірнеше тарихи әрі тың деректер табылды. Соның ішіндегі ең құндысы – М. Мұхаметжанова айтуындағы Абай әндерінің Қазақ телевизиясының «Алтын қорында» сақталуы. Күйші, зерттеуші У. Бекенов жүргізген «Абайдың музыкалық мұрасы» хабарында М. Мұхаметжанова «Біреуден біреу артылса» және «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнін орындаса, Ғайса Сармұрзин Абайдың «Май түні», «Торы жорға» күйлерін ойнайды [17]. М. Мұхаметжанова мұнда әннің төрт (1, 2, 3, 7) шумағын айтқан. Алдыңғы үш шумақтың мәтіндік өзгерістері дәл жоғарыда көрсетілгендей. Ал төртінші шумақ етіп орындағаны – өлеңнің соңғы 7-шумағы. Ондағы «Кісіде бар болса талап» тармағы «Адамда бар болса талап» және «Жүрер, әрқайдан ізденер» тармағы «Жүрер, ізденер әрқайдан» болып, мағыналас сөздер қойылу және сөздердің орын ауысуы арқылы айтылған. Бұл орындау мен консерваторияның ҒЗФЗ қорындағы үлгі арасында әуені жағынан ешқандай айырма жоқ деуге болады. Ол түсірілген ноталық үлгімен (№1.3 (а) салыстырғанда да көрінді. Тек 7-шумақтағы әуендік өрнектер өлеңнің 3+3+2, 2+3+3, 2+4+2 құрылымына байланысты ырғақтық өзгерістерге ұшыраған.

В.Дернова Абай әндеріндегі мәтінге байланысты, оның ішінде «Біреуден біреу артылса» әніне қарата айтқан пікірінде: «Жинаушылардың басылып шыққан өлең текстіне қарап кейде ән сөздерін түзеткендері де өкінішті. Абайдың жазылып әрі басылып шыққан әндерінде де канондық текст бойынша істелген подтекстовкалармен толық үйлеспейтін әндер бар. Мысалы, Ә.Ысқақовтан композитор Л.Хамиди жазып алған Абайдың «Біреуден біреу артылса» деген қолжазбасының бірінші жолында мынадай сөз тәртібі бар еді: «Біреу біреуден артылса». Баспада сөз тәртібі Абайдың жарияланған тексті бойынша өзгертілді. Біз де Е.Брусиловскийдің текстсіз жазған бұл мелодиясына подтекстовканы осылайша істедік. Әнді назар салып зерттегеннен кейін, бұл подтекстовканы дұрыс емес деп есептеу керек, өйткені әннің ырғақтық өлшемі бойынша алдымен үзілісі соңында болатын екі буынды қайырма келуі керек, одан кейін үзіліссіз үш буынды қайырма болуы керек», – деп мысал келтірген.

Біреуден біреу артылсаT42

В.Дернова сонымен қатар АМТ жинағындағы Е.Брусиловский жазып алған «Біреуден біреу артылса» әніне сілтеме бере отырып: «Өлеңмен жазылған жолда екі екпін – бірінші мен алтыншы буында болады. Бұл жөнінде Е.Брусиловскийдің жазуын тым дәлелдеу (дәлелді – Е.Ш.) деп есептеген дұрыс. Мұнда такт сызықтары өлең екпіндеріне сәйкес орналастырылып қойылған» [4, 111–112], – деген түсініктеме берген.

№1.3 пен №1.3(а) нұсқасын орындаушы бір болғанмен, әуенде айтарлықтай өзгешеліктер бар. №1.3 нұсқада V сатыдан жоғарғы II сатыға шарықтаудан (куль­минация) кейінгі әуеннің төмен түсуі ладтық өзгеріссіз синкопалық ыр­ғақта жүрсе, бұл нұсқадағы әуеннің төмен түсуі VII саты төмендетілген түрде (миксолидиялық лад) триольдық ырғақта жеделдете жүреді. Соңғы фразадағы әуен де бір-біріне жақын болғанмен, екі нұсқада екі бөлек екені аңғарылады. Дегенмен, М.Мұхаметжанованың орындауындағы бұл нұсқада қазақтың қара өлеңдеріне тән кеңдік, жайма-шуақтық, сабырлылық бар. Яғни, «Біреуден біреу артылса» әні ақынның халық сарыны сақталған жаңаша үлгідегі шығармаларының бірі деп айтуға болады. Әртүрлі нұсқада жетуінің өзі әннің елге біршама көп таралғандығын көрсетеді. М.Мұхаметжанова мен Ә.Қашаубаев нұсқасы әннің түпнұсқаға жақын үлгісі ретінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы