Абайдың күйлері

Май түні

МАЙ ТҮНІ

Торы жорға

ТОРЫ ЖОРҒА2

Майдақоңыр

Майдақоңыр
Майдақоңыр2

Түсініктер

Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнерінің бір бұтағы Арқа өңірінде дамыған шертпе күйлер десек, осы шертпе күйдің майталман иелері Кетбұға, Байжігіт, Қызыл мо­йын Қуандық, Итаяқ, Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек, Әшімтай сияқты бірқатар ұлы күйшілердің есімдері көпке мәлім. Осы күйшілерден қалған ұлы дәстүр Абай зама­нында да жалғасын тауып, жібін үзбеген өнерпаздар болды. Абай айналасындағы күй­шілік өнерге қатысты сөз болғанда бір адамның аты жиі аталады. Ол – Біткенбай Көрте.

Б.Исабаевтың: «Біткенбайдан Абайдың өзі де күй үйренген. Тобықты еліндегі Бозанбайдың Бастақайы, Төлетайдың Нұғманы сияқты күйшілердің барлығы Біткенбайды өзіне ұстаз тұтқан. Бұл өнерпаздардың бәрі де тарихтағы Байжігіт күйші мектебінің ізбасарлары» [22, 275], Т. Ибрагимовтың: «Шыңғыстау өңіріне (екі бетіне де) Біткенбай алдындағы ұлы дәстүр басы – Тәттімбет» [112, 7], – деуі Абай төңірегіндегі күйшілік өнердің белгілі ұлы дәстүрмен тамырлас, сабақтас екенін анық көрсетеді. Шәкәрімнің де домбырадағы алғашқы ұстазы – Біткенбай [22, 781], [113, 36].

Қаланың далаға таңсық өнері мен мәдениетін үйрену де Абай айналасында дәстүр боп қалыптасқан. Жазушы Т.Жұртбай: «Әр баласын қалаға оқуға жiберiп, алдына төрт-бес, тым құрығанда бiр өнер үйренiп қайтуды аманат еттi. Өнерсiз қайту – Абай алдындағы өлiм саналады. Скрипка, мандолин, үш iшектi домбырамен «Балнияз» – Огинскийдiң «Полонезi», «Реңдi» – Моцарттың «Рондосы», «Түрiк шеруi», татардың «Бала Мискенi» орындалды. Семейдегi поляк революционерлерiнiң әндерiн үйрендi. Орыстың «Айлы түнiн» күмбiрлетті» [84, 20], – деп жазады.

Бүгінде Қазақстанның Шығыс өлкесіне ғана тән үш ішекті домбыра Абай атымен байланыстырылады. Ол рас та, оны Жидебай, Семейдегі Абайдың қорық-мұражай және Ықылас атындағы Халық аспаптар музейіндегі ақыннан қалған жәдігерлер куәлік етеді. Абай ұстаған, Абай сөйлеткен үш ішекті домбыра кейінгі Ақылбай, Әлмағамбет, Исрайылдарға сабақтасып, Мұсахан Әзілханов, Шәкір Әбенов, Жарқын Шәкәрімұлы, Нұргүл Әкімқожа, Рүстем Нұркеновтерге дейін жалғасты.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап ақынның шығарған күйлерінің де болғаны жайлы аңыздар пайда бола бастады. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай жерінен музыкатанушы Қ.Жүзбасов алғаш рет Абайдың күйі деген атпен «Желдірме» күйін жазып алып, нотаға түсірсе, 1983 жылы Ғайса Сармурзиннің орындауында «Май түні» мен «Торы жорға» халыққа таныс­тырылды. Олар У.Бекенов сынды күйші-зерттеушілердің нотаға түсіріп, насихат жасауының арқасында айналымға түсті. У.Бекенов «Май түні» мен «Торы жорға» мақаласында: «Ғайса ақсақал осы екі күйді өзінің орындауында нотаға түсірткендегі қуаныш сезімін былайша жеткізген еді: «Шырағым Уәли, бұл күйлерді кезінде Мұқан Төлебаев пен Мұхтар Әуезов менен естіп тыңдаған. Алайда олар құптағанмен, нотаға түсірудің сәті түспеді. Мұқан марқұм қайтыс болардан 1 жылдай бұрын Бурабайда демалып жатқанында мен оған осы екі күйді домбырада орындап бердім.

– Мынау аса қажетті асыл дүниелер екен. Екеуін де осы домбыра шертісіңмен нотаға түсіріп алайын, – деген болатын сонда. Бірақ науқасы асқына бастаған соң Алматыға күні бұрын қайтып кетті де, күйлер нотаға түспей қала берді. Өкінішімнің екіншісі – бірде жолсапармен Алматыға барғанымда сәлем бермекке Мұхтар Әуезовтің үйіне соқтым. Ол да осы екі күй жөнінен хабардар екен. Дереу домбырасын ұсынып, «Май түні» мен «Торы жорғаны» шерткізді. Сөйтті де:

– Сен Латиф Хамидиді сонау Семейден білесің ғой. Ол Абайдың көп әндерін Архамға домбырада орындатып, нотаға түсіріпті. Мына күйлердің нотасын сол жазсын, – деді. Бірақ, амал не, Ләкең екеуміз сол жолы кездесе алмадық. Қос Мұқаңның тапсырмасын орындау сәті енді түсіп, парызымды өтегендей сезімде­мін» – деген естелік айтады [114, 190].

Алайда Абайдың күйі жайлы М.Әуезовте де, оған дейін Абай туралы естеліктер жазған ұлдары Кәкітай, Тұрағұл, Әрхамда да, шәкірт-замандастары Көкбай мен Төлеуде де Абайдың күй шығарғаны, күйлері болғаны жайлы сөз жоқ.

Т.Жұртбай педагог, этнолог Садық Қасимановтың ертеректе бір халық күйін Абайға теліп орындағанын атап өтеді. Алайда нақты қай күй екені белгісіз. Бұл жайт Абайдың күйлері ресми түрде табылғанға дейін орын алған, себебі С.Қасиманов 1977 жылы, яғни Абайдың алғашқы күйі анықталған жылы қайтыс болған. Осы деректерге сүйене отырып, аталған күй туралы пікірдің ғылыми негізі бар ма әлде ол ауызша тараған болжам ғана ма деген мәселе туындайды.

Осындай нақты деректердің болмауы және бүгінгі Абайдікі делінетін күйлердің музыкалық құрылым, көркемдік деңгейіне қатысты әртүрлі ой-пікірлер де болмай жатқан жоқ. Мәселен, Т. Қоңыратбай: «Арқа жерінде күйден гөрі ән мәдениетінің басымдау дамығаны белгілі. Абай да артына көбіне ән қалдырған. Оның үстіне үш күймен Абайдың күйшілік өнердегі орнын, стилі мен көркемдік тәсілдерін анықтау да өте қиын. Міне, осы жайларды ескере келгенде, Абайдың күй мұрасы туралы сөз қозғау әлі ертерек болып көрінеді» – дейді [99, 309].

Сондай-ақ, соңғы екі-үш жыл көлемінде Абайдың күйі деген атпен тағы да күйлер табылып, мақалалар жарияланып жатыр. Бұрынғы иә бүгінгі табылып жатқан күйлері әлі күнге дейін ақын әндеріндей музыкалық-теориялық тұрғыдан терең зерттелді деп те айта алмаймыз. Дегенмен, бұрын айтылып, жарияланған соң, ескеру – міндет.

Бүгінгі күні «Абайдың күйлері» болып жеткен қарапайым әрі әртүрлі құрылымда келетін бұл күйлер жеке орындаушылар мен ансамбль, оркестрлердің репертуарынан орын алып отыр.

Желдірме. «Желдірме» – «Абай» энциклопедиясында жарияланған мәліметке сәйкес, бұл күйді ғалым Қайролла Жүзбасов 1977 жылы экспедициялық іссапармен Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына барғанда жазып алған. Күйді жеткізуші – Хамза Демшінов [6, 82]. Күй жайында бұдан өзге ақпарат кездеспейді.

Желдірме

Абайдың күй мұрасына қатысты пікірлерде ақын мұрасына сақ қарау, сырттан келгенді жөнсіз жапсыра бермеу, кәсіби және көркемдік тұрғыда саралау ләзім деген жанашырлық ниет жатқанын байқауға болады.

Т.Қоңыратбайдың «Абайдың музыкалық мұрасы тұсында көрінген тағы бір жаңалық – ақын-композитор күйлерінің табылуы. Абайдың күй мұрасы табылып жатса, оны тек қана құптау керек. Бірақ мұндай істе ақын шығармашылығының негізгі арнасы мен қосалқы, бәлкім өткінші салаларының аражігін анық таныған жөн. Осы тұрғыдан келгенде аталған күйлердің пішімі, құрылымы, музыкалық үн-әуен жағынан Абайдың ән мұрасына жақындығы байқала бермейді. Күйлердің көркемдік деңгейі де аса биік емес. Кей тұстары қос ішекті домбырада сыңар дауысты болып келеді. Күй соңында кездесетін гармониялық минор құрылымы да композитор стиліне қонымсыздау көрінеді. Тағы бір айтарымыз, желдірме – эпикалық дәстүрге тән жанр, терменің кештеу туған бір саласы. Қазақ халқының музыкалық мәдениетіне әзірге Иса Байзақовтың бес желдірмесі ғана мәлім. Олай болса, Абайдың желдірмесі де кейін туған шығарма болуы мүмкін. Музыка зерттеушісі Қ.Жүзбасов бұл күйді бергі жерде – 1977 жылы жазып алған. Ғайса Сармурзин орындаған екі күйге келер болсақ, олардың таралу тарихы бізге жетпеген. Орындаушы аталған күйлерді кімнен үйренгенін, қазақ жерінің қай аймағында таралғанын жеткізбеген. Халық шығармаларының дәстүр аясында таралатынын ескерер болсақ, бұл күйді қандай дәстүрге жатқызуға болады?» [99, 309], – деуі содан болса керек.

Расында, «Желдірме» күйі аты айтып тұрғандай, екпіні жағынан жүрдек емес, керісінше баяу, сазды әнге жақын екені анық көрінеді. Әсіресе, Мәдидің «Үшқарасы» мен Зілқараның «Жиырма бес» әнінің интонациясы жиі ұшырасады.

Жоғарыда «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні түсінігінде қобызшы Ә.Қазақбаевтың «Абайдың өлеңіне» («Жарқ етпес…») қатысты мақаласына тоқталып [67], А.Балғожин қолжазбасының Абайға қатысты бөлігінің бізге табыс етілгені айтылған болатын. Қолжазбада «Жарқ етпес…» әнінен басқа «Желдірме» атты екі күй берілген. Күйлерді жеткізуші – «Абайдың өлеңін» айтып берген Иманқұл Қазыбаев.

«Желдірме» I

Желдірме-1

«Желдірме» II

Желдірме-2

Аталған мақалада осы ән-күйлерді жазып алушы А.Балғожин екі күйге қатысты мынандай түсінік береді: «Оба эти пьесы перенял у того же любителя-музыканта в г. Семипалатинске /1921 год/. К сожалению, имя этого человека Иманкул Казыбаев за давностью лет забыл, но из тех отрывочных сведений, которые сохранились у него в памяти – удалось установить, что автор этих пьес уроженец Кокпектинского района. Оба эти пьесы могут исполняться как в отдельности, так и вместе, образуя как бы 2-х частную форму. II-й вариант в отличие от 1-го исполняется в сопровождении голоса, причем в качестве поэтического текста используется стихотворение Абая «Не алмас қыран бүркіт». В принципе, оба варианта «Жельдирме» по интонационному строю мелодики скорее приближается к песне нежели к кюйю и скорее являются переложением для домбры одноименных песенных напевов. Козыбаев Иманкул заявляет, что и 1-й вариант исполнялся голосом, но поэтический текст им полностью забыт» [68].

Ә.Қазақбаев осы деректі негізге алып, «Х.Демшінов жеткізген күй сабырлы, әнге ұқсас әуені бар. Ал, Иманқұлдың орындауындағы «Желдірменің» екеуі де жылдам екпінде орындалады. Бұл жағынан Абайдың күйлерінің ортақ тұстары немесе өзіндік қолтаңбасы ешкімге беймәлім болғандықтан, Иманқұл орындаған күйлерді Абайдың күйі деуге келе қоймас» – десе, келесі бір сөзінде «Торы жорға» күйінің шапшаң жүруі және сарынының сан алуандығы мен мінезінің әр сәтте құлпыра өзгеріп тұратын тұстары Иманқұлдың орындаған «Желдірме» күйімен мінездері мен құрылымы жағынан ұқсастықтарын аңғаруға болады» – деп, «Торы жорға» күйімен белгілі бір дәрежеде ұқсастыққа ие екенін алға тарта отырып, «Иманқұл күйлерді 1921 жылы үйренген. Олай болса, «Желдірме» күйі Абайдың немересі Исрайыл жеткізген ақынның алғаш жеткен «Май түні» күйінен көп ілгеріде ел арасында таралып кеткен күй болып тұр ғой» – деген қорытынды жасайды. Жорамалдың өзінде ғылыми негіз болу керектігін ескеретін болсақ, онда бұл қорытындының қай негізге сүйенгені белгісіз. Ғылыми жағынан дәлелділігі нақты көрсетілмеген.

Біріншіден, этнограф «которые сохранились у него в памяти – удалось устано­вить, что автор этих пьес уроженец Кокпектинского района» деуі респонденттің автордың көкпектілік екенін көрсетсе, екіншіден, Абай туындыларына ойлы, мұңды, салмақты, сыршылдық тән десек, аталған әуендерде Абайға тән музыкалық стиль мен әуендік нақыштар байқалмайды. Үшіншіден, Абайдың музыкалық мұрасы үш ішекті домбырамен тығыз байланысты екенін ескерсек, бұл аспапта «тез, өте шапшаң, ойнақы» (быстро, очень подвижно, задерно) сипаттағы күйлер кездесе қоймайды. Төртіншіден, интервалдардың, яғни қос ішектегі дыбыстардың дұрыс таңбаланбауы көрініс береді (e1 – d2). Ал мұндай интервалдар Шығыс, Арқа күйлерінде ұшыраспайды. Сондықтан бұл әуендердің авторлығын Абайға телу ғылыми тұрғыдан негізсіз болып табылады.

Сөзді қорытындылай келе, екі желдірме – Шығыс өңірінде халық әуендеріне (ән-жыр болсын, күй болсын) Абайдың өлеңдерін қосып орындаудың нәтижесінде туған нұсқалар деген ойға тірейді. Осы тұрғыдан алғанда, 1977 жылы жазылып алынған «Желдірме» күйінің де түп-төркіні анықтала түседі: Абайға тән айрықша стиль мен көркемдік көрініс таппаған. Бұл да Абай сөзімен айтылған халықтық әуен-саз үлгісі деуге негіз бар. Яғни, ол «Желдірмені» де тікелей Абайдың төл туындысы ретінде қабылдауға ғылыми негіз әлсіз екені көрінеді. Оның үстіне «Май түні» мен «Торы жорғаға» қарағанда орындалуы да сирек, жоқтың қасы. Осы себепке байланысты 1977 жылы Х.Демшіновтен жазылған «Желдірме» күйі бұл басылымда Абай мұрасы қатарынан алынып тасталды.

«Май түні» күйіне түсініктеме

Май түні. Күйдің шығу себебі жайында нақтылы дерек жоқ. Күй сарыны, жыл мезгілінің жаз айындағы жайма-шуақтықты, күннің мамыражайлығын айшықты бейнелейді. Абай әндерінің әуезді, лирикалық интонациялары күймен бірге ұштаса қабысып жатады. Күйді Ғайса Сармурзин Абайдың немересі Исрайылдан, ал Исрайыл ақынның өзінен тікелей үйреніпті. У.Бекенов: «Май түні» күйі негізінен лирикалық әуен-сарынды, өзінің атына лайық табиғат сұлулығын бейнелейтін, соль минор тонында орындалатын, екі бөлімді шертпе күй. Мұндағы бес тактіден келетін қысқа қайырымды қайталау иірімдері Абай әуендерін еске түсіреді»[114, 190], – дейді.

Музыкатанушы А.Қазтуғанова: «Май түні» табиғат сұлулығын бейнелеп, терең сезіммен орындалады. Күйдегі табиғи минор мен гармониялық минордың астасып келуі Абай әндеріне тән ерекшелік. Атап айтатын болсақ, «Есіңде бар ма жас күнің», «Татьяна сөзінің» 4-нұсқасында және т.б. әндерінде мұндай ерекшеліктер байқалады. Күй әуенінің даму желісі де оның әндерімен сабақтастықты аңғартады. Мәселен, күйдің кіріспе бөлімінде асықпай, біртіндеп дамитын әуеннің кенеттен жоғары қарай секірме жасауы, Абайдың «Бойы бұлғаң» әнінде кездесетін тәсіл іспеттес. Ал күйдегі тізбектеліп, сатылай өрбитін иірімдер оның «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қарашада өмір тұр» әндерімен ұштасады»[115], – деп, күйдің музыкалық болмысын сипаттап, Абайдың вокалдық шығармашылығындағы ладтық ұқсастықтар мен стильдік белгілердің сәйкестігін көрсетеді.

«Май түні» күйінің нотаға түсуі екі-үш кезеңді қамтиды. Алғаш рет бұл күй 1982–1983 жылдары телеарнадан көрсетілген «Абайдың музыкалық мұрасы» атты арнайы хабарда жұртшылыққа таныстырылды. Хабарды белгілі күйші, зерттеуші Уәли Бекенов жүргізіп, бағдарламаға күйді орындаушы Ғайса Сармұрзин мен Абайдың немересі Мәкен Мұхаметжанова қатысты[107]. Күй осы хабар арқылы алғаш рет ресми түрде таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Кейінірек У.Бекеновтің орындау үлгісі негізінде күй нотаға түсіріліп, түрлі жинақтарда жарияланды[6], [115]. Алайда аталған телехабар уақыт өте келе эфирден алынғандықтан, көпшілік назарына қайта ұсынылмай қалды. Соған қарамастан, У.Бекенов нотаға түсірген үлгі күйді орындаушылар арасында кең таралып, негізгі орындау нұсқасына айналды. Бұл нұсқа «Шығыстың шыңырау күйлері» жинағына да сол қалпында басылды[117, 31–35].

Бірақ осы нұсқаның нотаға анық түсірілмегені семейлік домбырашы-ұстаз Серік Малаев тарапынан айтылып жүрді. Оның айтуынша, ол бұл күйді телехабардан дыбыстық жазба арқылы көшіріп алып, Ғ.Сармурзиннің орындауына сүйеніп, өз бетінше нотаға түсірген. Алайда аудиожазбаның сақталмауы себепті ол кезде бұл нұсқаны ғылыми айналымға енгізу мүмкін болмаған. Осыған байланысты С.Малаевтың нота-нұсқасы ұзақ уақыт бойы жарияланбай қалды. Ал бұл уақытта У.Бекеновтің таралған нұсқасы негізгі үлгі ретінде орнығып үлгерген еді.

Арада отыз жылдан астам уақыт өткен соң, С.Малаев өзінің бұрынғы жазбасын негізге алып, «Май түні» күйінің ноталық үлгісін «Шыңғыстау өңірінің шертпелері» атты жеке жинағына енгізіп жариялайды[112]. Ал соңғы жылдары, нақтырақ айтқанда, 2024 жылы, әлеуметтік желі платформаларында Қазақстан телеарнасының «Алтын қор» мұрағатынан аталған хабардың бейнежазбасы табылып, көпшілікке қайта қолжетімді болды. Бұл жайт С.Малаевқа өзінің ноталық нұсқасын салыстырып, нақтылауға мүмкіндік беріп, күйдің көптеген әуендік, қағыстық, аппликатуралық ерекшеліктерін бейнежазба арқылы қарай отырып, күйді қайта нотаға түсіріп шықты.

Екі нұсқаның көркемдік жағынан айтарлықтай айырмашылықтары бар. Ол күй бойындағы өрнек, бедерлерден анық байқалады. Ал У.Бекенов нұсқасының өзгеше болуын білетіндер күйді басқа адамға түсірткенімен түсіндіреді. Тағы бір назар аударарлық жайт – 1995 жылы У.Бекеновтің 60 жылдығына арналған кеште «Май түні» мен «Торы жорға» күйлері К.Байсейітова атындағы оқушылар оркестрінің орындауында ұсынылуы[118]. Жалпы кез келген күйдің оркестрге бейімделуі оның түпнұсқалық сипатына өзгеріс енгізетіні белгілі. Бұл шығармаларда да бастапқы әуендік бояуы, екпін-ырғағы өзгеріске ұшырап, мазмұндық тұрғыдан жаңаша сипат алған. Осыған қарағанда, аталған күйлердің бүгінге жеткен алғашқы ноталық нұсқалары оркестр маманының нотаға түсіруімен хатталған сияқты.

Сонымен, 2020 жылы жарық көрген Абай шығармаларының академиялық толық жинағына «Май түні» күйінің тек У.Бекенов нотаға түсірген нұсқасы ғана енгізілді. Ал 2022 жылы жарық көрген «Көзімнің қарасы» жинағында бұл шығарма екі нұсқада берілді. Атап айтқанда, Ғ.Сармұрзиннің телехабардағы орындауына сүйене отырып, С.Малаев нотаға түсірген үлгі көркемдік сапасы мен түпнұсқалық негізге жақындығы ескеріліп, І нұсқа ретінде жарияланса, У.Бекенов ұсынған үлгі ІІ нұсқа ретінде берілген болатын[65, 38].

Осы жинақты әзірлеу барысында бірнеше факторлар ескеріліп, қайта қарас­тырылды. Ең алдымен, әлеуметтік желіде жарияланған телеарна қорындағы («Ал­тын қор» сайты) Ғ.Сармурзиннің орындау жазбасы негізгі дереккөз ретінде алынса, екінші, осы аудиоматериалдың С.Малаев соңғы нотаға түсірген үлгісімен толық сәйкес келуі, сонымен қатар, Абайға тиесілі делінетін күй мұрасын тарихи-музыкалық тұрғыда біріздендіру, яғни алғашқы орындаушылық түпнұсқаға барынша жақын келетін үлгі негізге алынып, С.Малаев түсірген ноталық үлгі негізгі үлгі ретінде енгізілді. Бұл «Торы жорға» күйіне де қатысты сөз.

«Торы жорға» күйіне түсініктеме

Торы жорға. Күйді жеткізуші – Ғайса Сармурзин. Күй алғаш АСҚ жинағына жарияланған. Бірақ жинақта: «Ғайсаның Абай ауылында тұратын Оспан деген жылқышы күйеу баласы ақын ел-жұртты аралағанда атқосшы болып бірге жүреді екен. Оспан домбыраны жақсы тартқан және Абайдың әндері мен күйлерін ақынның өз орындауында тыңдай жүріп, оның «Торы жорға» күйін көкейінде тұтып қалса керек. Ал күйдің шығуына мына бір оқиға себеп болады. Абай таланты бас идірген Дәке деген дәулетті бір адам ақынды құрметтеп, ат сыйлайды. Жорғаның көз тартар сұлулығы мен әсем жүрісіне сүйсінген Абай бірден-ақ оған «Торы жорға» деп ат қояды. Осы шағын эпизод М.Әуезовтің «Абай жолы» романында суреттелген. 1924 жылы Оспан үйінде қонақта отырғанда үйреніп алған. Бұл күйді Ғайсағаң (Сармурзин) содан бері жадында сақтап келіп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр»[6, 72–82] деген күй тарихы да, ондағы оқиғалардың болған жылдары да салыс­тырылмаған күйде, қисынсыздау деректермен берілген. Және бұл күй тарихы кейінгі жинақтарға да осылай енген.

Біріншіден, Абай күйін жеткізген Оспанның Ғайсаға ешқандай туыстық (Ғайсаның Оспан деген күйеу баласы) қатысы бар деп айтылмайды. Екіншіден, Абай мен Ғайсаның заманының арасында салыстыруға келмейтін айырмашылық жатыр. Ғ. Сармурзин Абай дүниеден өткен 1904 жылы туған. Егер Оспан Ғайсаның күйеу баласы болған жағдайда, Ғайсадан кемінде 25-30 жыл кейін туу керек. Сондықтан мұны АСҚ жинағында кеткен қателіктердің бірі деп түсінеміз.

Ал күйдің дүниеге келу тарихы мен табиғаты, музыкалық ерекшелігін Уәли Бекенов «Абай» журналына жарияланған мақаласында былай деп жазады: «Торы жорға» күйін Ғайса Сармурзин өте ертеректе Оспан деген кісіден үйренген. Ол да домбырашы екен. Абайдың жылқысын бағып, атқосшысы болған. Ел арасындағы сауық кештерде мынау Абай ағамыздың «Торы жорға» атты күйі еді деп, домбыра­сын құйқылжытып тартып, тыңдаушысын баураған. Бұл күйдің шығу тарихы былай айтылады.

Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман әскери артиллерия академиясына оқуға түскен жылы қатты сырқаттанып, бұрынғы Верный қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге Абай кіші баласы Мағауияны жіберді. Мағауия бірде ұлы жүздің Дат деген адамына кездеседі. Абайдың баласының осында екенінен күні бұрын хабардар Дат оған бірден үйіріліп, құрмет көрсетеді де, кетерінде астындағы торы жорғасын сыйға тартып, үлкен өтініш жасайды.

– Еліңе ала бар. Абай ағамызға жасаған сыйым болсын. Ұлы жүздің бір жігіті сәлемдемеге жіберген бір тайы еді деп ала кеткін.

Сөйтіп қоярда-қоймай жүріп торы жорғаны Мағауия арқылы Абайға жолдайды. Бұл жөнінде «Абай жолы» романында айтылған. «Торы жорға» күйі атына сай, тұлпар түлігіне арналған тартымды туынды. Абайдың:

Тығылмай әм сүрінбей, жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса – жүйрік, мінсе – берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей… –

деп жырлағанындай, «Торы жорға» күйі әуендік ырғақ иірімдерінің әсем саз­ды­лығымен, музыкалық суреткерлігімен, бейнелеу толқындарының нақтылығымен ерекшеленеді. Ол соль мажор тонында орындалатын, әсем өрнекті, жүрдек, ойнақы шертпе күй. Шығарма ырғағында тайпалған ат жүрісі, әсем жорғаның екпін бейнесі шебер суреттелген»[114, 189–190].

«Торы жорғаның» да хатқа түсу тағдыры «Май түні» күйіне ұқсас. Оның да ноталық үлгісінің алғашқы У.Бекенов нұсқасы және кейінгі С.Малаев нұсқасы бар. Бұл күйдің де 2020 жылғы жинаққа У.Бекенов нұсқасы жарияланса, «Көзімнің қарасы» жинағына С.Малаев үлгісі I нұсқа, У.Бекенов үлгісі II нұсқа болып берілді. Ал бұл жинаққа жоғарыда аталған негіздерге сүйеніп, С.Малаев үлгісі ғана берілді.

«Майдақоңыр» күйіне түсініктеме

Майдақоңыр. Күйді жеткізген – Жүнісбай Стамбаев (1891–1973). Ол – бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданы Айғыз ауылында дүниеген келген. Ж.Стамбаев Байжігіт, Қызылмойын Қуандық, Тәттімбет, Кенжебайлар қалыптастырған шертпе күй дәстүрінің өкілі болып табылады. Жүнісбай солардан бері қарай күй дәстүрін ұстанған Бодау мен Қызайларға шәкірт болған күйші. Ол өзінің жиен немересі Таласбек Әсемқұловты жастайынан тәрбиелеп, сол арқылы Байжігіттің және одан да басқа көптеген халық күйлерін бүгінге қалдырған тұлға.

1967 жылы күйші тұрған Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданындағы Калинин совхозына (Айғыз) Алматыдан арнайы келген фольклорлық экспедиция өкілдері «Майдақоңыр» күйін жазып алған. Аудиожазба Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық зертхана мұрағатында сақталған[15], [16]. Жазылып алынған жылы алдыңғы күйлерден бұрын болғанымен, жарияланған жылы кейін болғандықтан күйлердің соңы болып беріліп отыр.

Абайдың бұл күйі жайында нақты дерек бар деп айта алмаймыз. Біздің пайымдауымызша, Аягөз, Шұбартау өңірі – Шыңғыстауға іргелес жатқан, кезінде Абай ауылының Бақанас, Байқошқарды (сырт Шыңғыстау) бірде жайлау, бірде күзеу етіп көшіп қонған, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ел. Күй Жүнісбай күйшіге ел ішінен, құлағына сіңген болуы мүмкін. Күйді тауып, хатқа түсіріп, «Шығыстың шыңырау күйлері» жинағына алғаш жариялаған – күйші, зерттеуші М.Әбуғазы[117, 168–169].

Түсініктер

Абайдың ақтолқыны. Абай мұрасына қатысты тың деректердің табылуы бұл ғасырда да жалғасын тауып отыр. Ел арасындағы көнекөз ақсақалдар мен өнер өлкесінде өрісін кеңейткен ардагер өнерпаздардан әртүрлі деректердің жетуі – соның айғағы. Абайға қатысты бұл жолғы сөз «Ақтолқын» күйі жайлы болмақ.

2020 жылы Абайдың академиялық толық жинағын әзірлеу жұмыстары барысында «Егемен Қазақстан» газетінде күйші-зерттеуші, өнертану ғылымдарының PhD докторы Ардаби Мәулетұлының «Абайдың «Ақтолқын» күйі» атты мақаласы жарияланды[119]. Мақалада автор бұл күйдің Абайға тиесілі деген ойын негіздеп, оның тарихи-орындаушылық деректерін алға тартты. Осы жарияланымнан кейін зерттеуші жинақ құрастырушылармен байланыс орнатып, күйдің бүгінге қалай жеткені жөнінде қосымша мәліметтер ұсынды.

Алайда аталған күй сол кезеңде ғылыми ортаға кеңінен танымал емес, көпшілікке беймәлім нұсқа ретінде қарастырылды. Осы себепті оны жинаққа енгізу барысында асығыстыққа жол берілмеді. Бұл шешім, ең алдымен, шығарманың авторлығына қатысты мәселенің арнайы мамандар тарапынан жан-жақты зерттеліп, сарапталуын күтуді көздеді. Яғни, тыңнан Абай шығармасы ретінде ұсынылған кез келген туындыға абайлап қарап, оның мәтіндік және музыкалық негіздерінің ғылыми сараптамадан өтуі басты қағида ретінде басшылыққа алынды.

Содан бергі уақытта Абайдың «Ақтолқын» күйі өнерпаздар мен өнертанушы­ларға, өнерді түсініп бағалайтын, оның ішінде күйге зейінді жұртқа біршама белгілі болды. Бірақ осы уақыт ішінде музыкатанушылар тарапынан күй жайлы, оның Абай музыкасымен байланысын ғылыми-теориялық тұрғыда салыстырып, таратып айтып, талдау жасап, бағалаған пікір көрінбеді. Тек, күйші Қ. Жұмағалиев «Абай Құнанбаевтың ән-күйлерінің ерекшеліктері» дейтін мақаласында терең талдамаса да, ақынның алдыңғы күйлері ішінде «Майдақоңырға» жақындығын ғана атап өтеді[113, 48–55].

Жинақты қайта қарастырған тұста, бұл күйді бесінші күй қылып қоспасақ та, ел ішінен жеткен мұндай мұраның бар екенінен хабардар етіп, әлі де жұрт талқысына ұсына отырып, «Түсініктер» бөлімінде бергенді жөн санадық.

Күй Қытай жерінен табылған. А.Мәулетұлы өз мақаласында: «М.Әбуғазымен бірлесіп «Әшім және Іле аймағының күйлері» атты Іле бойындағы күйшілердің күйлерін негіз еткен бір кітап құрастырдық. Осы кітапқа қатысты материалдар жинау мақсатында 2008 жылдың жаз кезінде ҚХР-ның Іле қазақ автономиялы облысына күй жинау жұмыстарымен бардым. Іленің Күнес ауданы Зекті қалашығында тұратын Имаш Асқарбекұлы (ол кезде 88 жаста еді) және Камал Мақайұлымен болған бір сұхбатта Іле бойындағы ертедегі күйшілердің орындауында «Абылай ханның сыбызғысы», «Абайдың ақтолқыны», «Қызылмойын Қуандықтың күйі», «Қарайт батырдың күйі» сияқты ескі күйлердің соңғы кездерде ұмыт бола бастағанын өкінішпен айтты. Әшімнің «Ақ ерке» деген күйін «Абайдың ақтолқыны» деп жаңсақ айтып отыр ма деген оймен, әңгімеге араласып анықтап сұрағанымда, Имаш ақсақал маған «Ақ ерке» күйінің басқа күй екенін, ал «Абайдың ақтолқыны» атты күйдің бұрыннан бері тартылып келе жатқан көне күй екенін айтты» – дейді [119]. Бірақ «Ақерке» күйінің Абайдың «Ақтолқынына» қаншалықты қатысы бар, ол ашылып жазылмаған. (Бұл сұхбат You Tube әлеуметтік желісіндегі «Ardabi Күй Құдірет Kazakh musik» парақшасында сақтаулы)[120].

А.Мәулетұлы екінші рет 2010 жылы Қытайдағы қазақтар арасында сақталған музыкалық мұраларды жинау экспедициясы кезінде, Іле қазақ автономиялы облысы Қорғас ауданы Сарыбұлақ ауылының Шұбарағаш деген жерінде тұратын 73 жасқа келген Мәлік Әлиақынұлы есімді күйші ақсақалды кездестіріп, одан оннан аса күй жазып алған. Мәлік ақсақал әңгіме барысында Сарыбұлақта ел басқарған Тергеусіз Бәлекейұлы деген күйші болғанын және одан қалған күйлердің Тергеусіздің Ыбырай, Дәуіт деген балалары арқылы өзіне жеткенін айтады. Сонымен бірге, Мәлік күйшінің айтуынша, Тергеусіздің Қуанышбай деген кенже баласы да керемет күйші және ол атақты Әшім күйшімен рухани жақын болған. 1980 жылы Қуанышбай Тергеусізұлы магнитофон таспасына өз қолымен бірнеше күй жазғанын, ол күйлердің Тергеусіздің немересі Сатыбалды Ыбырайұлының қолында сақталғанынан да хабар етеді. Осыдан кейін Ардаби Мәулетұлы Сатыбалды Ыбырайұлын іздеп тауып, сол үнтаспаны өзіне көшіріп алғанын жазады. Сол күйлердің арасында «Абайдың ақтолқыны» да болған. Ардабидің елге әкеп, жұртқа таныстырып жүргені – осы күй. Күй оң бұрауда ойналған. Ардаби Мәулетұлы «Абайдың Ақтолқыны» күйінің әуенін, құрылымын ақынның алдыңғы табылған күйлерімен салыстырады. Әсіресе, күйдің табиғаты мен мазмұны Жүнісбай Стамбаев жеткізген «Майдақоңыр» күйіне жақындығын айтады. Төменде Абайдың «Ақтолқыны».

Ақтолқын
Ақтолқын2

Ал жоғарыда айтылған «Абайдың Ақтолқыны» мен «Ақеркенің» бір-біріне қаншалықты қатысы бар? Жоғарыда сілтемесі берілген әлеуметтік желідегі Әшімнің шәкірті Имаш Асқарбекұлымен болған сұхбатты сөзбе-сөз толық бергіміз келіп отыр.

– Ақсақал, «Ақтолқын» дегеніңіз «Ақерке» емес пе?» деген Ардабидің сұрағына Имаш Асқарбекұлы:

– Жоқ, «Ақерке» басқа, «Абайдың ақтолқыны» деп шертеді. Қазақстаннан мамандар келді (1950 жылдар). Сонда Әшімнің домбырасын шерткізген уақта «Бір жоғымыз табылды» деп айтты, – деп жауап береді. Осы жерде бірге отырған Имаш күйшінің бұл сөзіне Әшімнің екінші шәкірті Камал Мақайұлы қарсылық білдіріп, ештеңе демейді[120]. Бірақ бір көңіл аударар нәрсе, Қазақстаннан келген мамандар «Абайдың ақтолқынын» Әшімнің өзінен тыңдаған. Ол Әшімнің Іле қазақ автономиялы ауданы Құлжа қаласында құрылған «Қазақ-қырғыз мәдени ұйымында» жұмыс істеп жүрген кезі. Ал Қазақстаннан келген маман кім болды? Ол – әзірге белгісіз.

Ал А.Мәулетұлы «Ақтолқын» дегеніңіз «Ақерке» емес пе?» деп неге сұрағанын және Имаш Асқарбекұлының «Ақеркені» «басқа күй» деуі мен Камал Мақайұлының оған қарсылық білдіріп, ештеңе демеуінің сырына үңілгенімізде, Имаш Асқарбекұлының «Ақеркені» «басқа күй» деп отырғаны – «Ақерке» біріншіден теріс бұраудағы күй болса, екіншіден, ол бүгінгі күнде Әшімнің күйі болып орындалады екен. Ол М.Әбуғазы мен А.Мәулетұлы құрастырған «Әшім және Іле аймағының күйлері» жинағына солай енген[121, 74]. Ал Ардаби жеткізіп отырған «Абайдың ақтолқыны» жоғарыда берілгендей, оң бұрауда шертіледі.

Ал Камал Мақайұлының қарсылық білдіріп, ештеңе демеуі – ол «Ақерке» күйін ертеректе бір жерлерде «Ақерке» деп, енді бір жерлерде «Абайдың ақтолқыны» деп ойнаған. Құлжа қаласының жергілікті радиосынан берілген хабарда: «Ақерке» деген күй тарихтан бері қарай осылай аталып келе жатқан күй болатын. 1953 жылы Қазақстаннан мамандар келген кезде Бестөбеде Әшімге домбыра шерткізген екен. Сол кезде «Абайдың ақтолқыны» деп шертіпті. Сонда бұл күйдің аты екі түрлі айтылады» – деп тартқан екен бізге жіберілген аудиожазбада. Одан бөлек, Камал Мақайұлы Шыңжаңда шығатын белгілі ғылыми журналға да күй тарихын жазып, «Ақеркенің» нотасын жариялаған (Камал Мақайұлы нота танымаған адам. Күйді нотаға сауаты бар адамдарға түсірткен). Онда да күй нотаға теріс бұрауда түсірілген. Ол жайында төменде тоқталамыз. Ардабидің «Ақтолқынды» «Ақерке» емес пе?» деуі содан.

Камал Мақайұлы Ардаби Мәулетұлының ұстазы болғандықтан, осының мән-жайын сұрағанымызда, «Бұл туралы ұстазымнан сұрағанымда, «мен жаңылысыппын» деп жауап берді» деді. Ақырында бір күй екі атаумен («Ақерке», «Ақтолқын») тарап кеткен. Төменде Әшімнің «Ақерке» күйі.

Ақерке

2021 жылы «Жетісу» телеарнасының «Қазақ үні» хабарында шертерші Айбол Құдайбергенов «Ақтолқын» күйін орындап, тарихы мен нотасы Қытайда шығатын белгілі журналға Камал Мақайұлының атынан жарияланғанын, оны Қытайдан келген журналист Қажет Андасұлынан алғанын және сол бойынша үйренгенін әңгімелейді. Сонымен қатар, Айбол Құдайберген Қажет Андастың жариялаған мақаласы бойынша күйдің шығу тарихын айтып, сол сайыста Абай мен Шәкәрім төрешілік еткенін де жеткізеді. Алайда ол орындаған күйдің аты да «Ақтолқын» болғанымен, күй теріс бұрауда орындалған Әшімнің «Ақеркесі» болып шықты [122]. Оны Ардаби Мәулетұлы да растап, Әшімнің «Ақерке» күйі екенін және өзі тартқанынан әлдеқайда қысқа әрі аздаған өзгешелігі бар екенін айтты.

Айбол Құдайбергенге дерек берген Қажет Андасқа хабарласып, ол жариялаған мақаламен танысып шыққанымызда, мақала авторы Қажет Андастың әкесі қаламгер, зерттеуші Андас Омарақын екені белгілі болды. Мақаланы түрлі басылымдарда жарық көрген еңбектер мен қолжазба негізінде реттеп ұсынған – қаламгердің ұлы, журналист Қажет Андас екен. Сол Андас Омарақынның «Қызайдан шыққан бітімгерлер» мақаласында: «Әшімнің шәкірті Камал Мақайұлы ұстазынан үйренгені бойынша бұл күйді 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай нотаға түсіріп, ел назарына ұсынады. Нота домбыраның оң бұрауына (суретте нота теріс бұрауда түскен. Е.Ш.) ыңғайластырып жазылған» – деп жазып және Камал Мақайұлы мақаласындағы күйдің факсимилесін ұсынады [123].

Сондықтан алдымен Қажет Андас арқылы қолымызға тиген 1995 жылы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналының №3 санында жарияланған Камал Мақайұлының «Абайдың күйі «Ақтолқын» мақаласына назар салғанды жөн көрдік. Онда:

«Іленің Күнес ауданында 1836–1920 жылдар мөлшерінде Қоңқай молда (Қоңқай домбырашы) деген адам өткен. Қоңқай сол кездегі қазақ ішінде жоғары мағлұматты молда, атақты домбырашы болған. Қоңқайдың төл шәкірті Әшім ол кісі туралы мынадай әңгіме шерткен еді: «Іледе өткен Байеке, Сасан, билермен бірге Қоңқай молда да 1890 жылдар маңайында қазақтың Көктұма сиезіне өнерпаз қатарында қатынасыпты. Қазақ елі ол заманда ру, тайпа арасындағы ойламаған жерден кезіккен дау, шараларды иісі қазақ болып бас қосып, ақылдасып, бітім жасап шешкен. Көңілдегі кірбеңдіктерді арылтып, көк қасқа тай, ақсарбас қой айтып сойып, ынтымақ, береке-бірлік тілегіне келіп тарқасатын болған. Береке-бірліктің ұйтқысы болған осындай басқосуларда ақындар өлең айтып, әншілер асқақтата ән шырқап, домбырашылар күмбірлете күй шерткен. Ат шаптырып және басқа да ұлттық ойындар ойнап, думанды той жасап, елдікке келіп тарқасқан екен. Мұны «Ердің тірлігі – елдің бірлігі» деп атапты.

Қоңқай осы Көктұма сиезіндегі жиында домбырамен күй сайысқа түсіп, өнер көрсетіп, жүлде алыпты. Бір күні Қоңқайдың оң қолының бас бармағының үстіне жара шығып, басбармағы бірінші буыннан үзіліп түсіп қалады. Қоңқай өз кезегі келгенде төрт саусағымен домбыраның ішегін қағып, тамылжытып күй шертіп, естушілерін таңғалдырып, раздығын (разылығын. Е. Ш) алған екен. Қоңқайдың осы жолғы сапарында өзі теңдес мықты өнерпаздармен достасып, олармен бірге Семей жақты аралап, қайтқандығы мәлім. Мынау – сол сапардан шертіп келген Абайдың күйі «Ақтолқын» екен. Мен ұстазым Қоңқай молдадан үйренген едім… 1953 жылы жазда, Шыңжаңның әдебиет-көркемөнер жұмыстарына көмектесуге келген қазақстандық Жардам Тілекин қатарлыларды Бұқара Тышқанбаев Күнеске бастап барып, әнші, домбырашыларды жиып ән айтқызып, домбыра шерткізгенде мен де күй шертіп берген едім. Ал Әшім бірқанша күйді шерткен соң, Абайдың «Ақтолқыны» деп осы күйді шертіп болғанда, аңсары ауып құлай тыңдаған Жардам Тілекин орнынан қарғып тұрып, «Аға, сізге рахмет! Бір жоғымызды тауып бердіңіз» – деген еді. Сол түн Бестөбе қалашығындағы Жайырбектің (Қажет Андастың айтуынша, Жайырбек – сол тұстағы аудан әкімі. Е. Ш) үйінде думанды, көңілді сауық кеш болған еді.

Данышпан Абайдың «Ақтолқын» күйін мен де қолыммен шертіп, нотаға жаздырып, қайта қағаз бетіне түсіріп, Абайдың 150 жылдық тойына арнап отыр­-
мын» – деп жазады [124, 106–108]. Алайда, мақаладағы күй теріс бұрауда (квинта) түскен. Яғни, бұл – жоғарыда Айбол Құдайберген тартқан, Имаш Асқарбекұлы айтқан теріс бұраудағы Әшімнің «Ақерке» күйі.

Ал Андас Омарақынның жоғарыдағы мақаласының күйге қатысты мазмұны да осы мәндес болғанмен, «съезге Байеке домбырашы Қоңқайды, Қарайт пен Сарайт батырларды, Сасан мен Бұқашты, мәмбет Тәнеке мен Базарды ертіп апарады. Орыс жағынан бірнеше орыс мансаптысы мен бірнеше тілге жетік Саршуаш би де келе­ді» – деп съезге келген Байеке, Сасан билерден басқа да ел жақсыларының аты нақты аталуы, сондай-ақ, осы сайыста «Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдардың төрелік етуі», «Абай бір рет шертіп көрсеткен күйін Қоңқайдың дәл қайталап тартуы», «нәтижесінде бас бәйгені ұтып алуы» секілді деректер берілген. Бұл мақаладағы ең көңіл аударатын нәрсе – «Әшім шерткен күйдің аудио нұсқасы Қытайдың орталық радиосының архивінде сақтаулы деген дерек бар» делінуі [123]. Жоғарыда айтқанымыздай, А.Омарақын мақаласында да Камал Мақай түсірткен нотаның факсимиле үлгісі берілген (төменде). Яғни, күйдің аты «Ақтолқын» болғанмен, заты бөлек, бүгінде Әшімдікі болып тартылып жүрген «Ақерке» күйі.

Күй туралы деректер ертеректегі Қазақстанда шыққан кейбір еңбектерде жазылған. Күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазы «Қоңқайдың қоңыр күйінің құдіреті» мақаласында: «Іле өңірінде Қоңқайдың жеткізуі бойынша сақталған «Қызылмойын Қуандықтың күйі», «Қуандықтың жоқтауы», «Абайдың ақтолқыны» сынды туындылар айрықша назар аудартады» – деп жазады[125, 46]. (Мақала 2017 жылы oner.kz сайтында жарияланған. Кейіннен «Көне күйлерді жүйелеу және іріктеу жұмыстарының өзекті мәселелері: ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел материалдары» жинағына енген.) Соған қарағанда, «Ақтолқын» жайлы деректер Қазақстанға 1990 жылдардың ортасынан бері жете бастаған секілді.

Ендігі сөз, әдебиет-көркемөнер жұмыстарына көмектесуге келген қазақстандық Жардам Тілекин жайында болмақ. Жардам Тілекин кім? Камал Мақайұлының мақаласында бұл адамның аты мен тегі сәл өзгеріп, орыс халқының тегіне жалғанатын «-ин» жалғауы арқылы берілген. Ол – бүгінде ұмыт бола бастаған, қазаққа белгілі ақын, жазушы Жәрдем Тілеков еді.

Жәрдем Тілеков – 1911 жылы бұрынғы Орал облысы Жымпиты ауданының Аралтөбе aуылында дүниеге келген. 1936–1937 жылдары Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде бөлім меңгерушісі, 1937–1957 Жазушылар одағының Орал, Атырау, Семей облыстарындағы өкілі болып қызмет істеген. «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналында қызмет атқарған. Ол қазақ өлеңінде де, қара сөзінде де өзінің қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатынасып, майдан даласында да тілшілік қызмет атқарған. 1940 жылы «Каспий толқыны» поэмасы жарық көрсе, кейіннен «Сырым батыр» поэмасы дүниеге келген. «Ақсұр ат» тұңғыш өлеңдер жинағы 1948 жылы жарыққа шыққан. Сондай-ақ, «Жаңа жүк», «Қайнар», «Хинган асуынан асқанда», «Сақа солдат», «Жорық жылында» секілді әңгімелер мен повестердің, «Темір Масин» очерктер жинағының, «Жоңғар даласында», «От кешу» романдарының авторы. Шығармалары шет ел тілдеріне аударылған.

1917 жылғы революциядан кейін Ресейде коммунистік жүйе орнап, коммунизмді дүниежүзіне тарату мақсатында әртүрлі ұрандар тасталып, 1919 жылы Коммунистік Интернационал (Коминтерн. Интернационал – саяси партиялар мен ұйымдардың бірлестігімен ұсынылған халықаралық саяси ұйым) құрылады. Ресейде оқып жатқан Қытайдан келген студенттер коммунизмді қабылдап, Қытайдың әр жерінде коммунистік бағытты насихаттап топтар құрады. 1921 жылы Қытайда коммунистік партия құрылғаны жарияланады. Осыдан бастап Кеңес үкіметінің қолдауымен әртүрлі саяси өзгерістер мен күрестердің соңы 1949 жылы Қытай Халық Республикасының құрылуымен аяқталады. Осы уақыттарда коммунистік-социалистік бағытты ұстанған екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар жақсарып, «Совет-Қытай достық қоғамы» құрылып, екі елдің бір-біріне көмек көрсету келісім шартына қол қойылып, әртүрлі бағыттағы байланыстар күшейе түседі. Қытайдағы қазақ жастары Қазақстанға келіп білім алса, Қазақстаннан арнайы мамандар ол жақтағы қазақтарға білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, көркемөнер саласы жұмыстарына көмектесу үшін ҚХР-на барды. Солардың ішінде Жәрдем Тілеков те болған. Оның бұл сапары жайлы ішінара алдыңғы аға буын қаламгерлер болмаса, жас буынның білмейтіні анық. Жалпы бүгінгі күні Жәрдем Тілеков туралы естеліктер де өте аз. Замандастарынан С. Сейітов, С. Бақбергеновтердің бірлі-жарым жазбалары ғана кездеседі.

Іле аймағы Текес ауданында дүниеге келіп, 1962 жылы атамекенге оралған ақын Естеу Нүсіпбековтің 1999 жылғы «Шалқар» газетіне жарияланған «Жақсының жүрген жері – жәрмеңке» мақаласында осы тарихи сәттердің ортасында жүріп куә болғанын былайша еске алады: «Мен 1954 жылы 1-сәуірде Шиңжаң халық баспасының оқулықтар бөліміне редактор болып қызметке кірдім… Қазақстаннан көмекке келген адамдармен 15 күндей бұрын әр ұлт зиялыларының кездесу салтанаты болған. Сонда олармен танысқанбыз. Олар: «Теміржолшы» газеті редакторы Ыбырайке Тыныкин, көркем әдебиет баспасы проза бөлімі меңгерушісі Жәрдем Тілеков, «Қазақстан» мемлекеттік баспасы аударма бөлімінің редакторы Жүнісбек Орысбаев ағайлар болатын» [126, 5]. Жалпы бұл адамдар жөнінде қысқаша деректер алдыңғы аға буын жазушылар мен журналистердің кейінгі жылдардағы Шыңжаң өңіріндегі қазақ әдебиетіне қатысты мақалаларында айтылыпты. Қ. Жұмаділовтің Ж. Бабалықовтың 90 жылдығына арналған «Күреспен өткен ғұмыр» мақаласында Ыбырайке Тыныкинді атап өтсе[127], Ж. Алпартегінің «Жас алаш» газетінің сайтына шыққан Тілеужан Сақалов жөніндегі «Шығыс Түркістан әдебиетін тұңғыш зерттеуші» мақаласында жоғарыдағы үш қаламгердің (үшеуінен басқа Ғұбайдолла Дауылбаев деген төртінші адамның да аты аталады) көмек сапары жөнінде айта отырып, Т.Сақаловтың солардан тағылым алғанын жазады [128]. Яғни, ҚХР-на әдебиет, журналистика саласы бойынша көмекке Жәрдем Тілековтен басқа бірнеше адам барғаны анық.

Үш қаламгердің алған міндеті мен атқарған жұмыстары – оқулық шығару, әдебиет пен көркемөнер жұмыстарына қол ұшын созу. Е.Нүсіпбеков: «Ыбекең бастауыш мектеп, Жәкең орта мектеп оқулықтарына, Жүнісбек ағай аударма бөліміне кеңесші болып бөлінді… » – деп жазады[126]. Расында, олар Шыңжаңдағы қазақ мектептерінің әр сыныптарына лайықтап «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі грамматикасы», «Әдебиет» оқулықтарын жазып шыққан.

Е.Нүсіпбеков Жәрдем Тілековтің адами да, кәсіби де болмысына былай деп баға берген: «Баспада отырған екі жыл ішінде жалғыз Жәкеңнің өзі ғана 4 салада өнімді әрі аса шалымды еңбектер етті:

Біріншіден, халық баспасының журналистерін шыңдады. Ұланғайыр кадр тобын әзірледі… Жоғарыда аталған оқулықтардың әрқайсысы Жәкеңнің қолынан әлденеше дүркін өтті. Ал мен үшін Жәрдем Тілеков ғайыптан тірілген әкемдей, мейірімі, шапағаты, қамқорлығы мол ағамдай, пікірлес, сырлас, рухтас ұстазымдай болды. Кітаптардағы мәтіндердің тілі нәрлі, жоғары сапада әзірленуі тікелей Жәкеңнің арқасы десем, асыра айтқандық болмайды. Қытайшадан, ұйғыршадан аударылған әдеби шығармалардың кейбірін Жәкең табылғанынша орысшасымен де салыстырып, өңдеп беріп отырғаны бар.

Екіншіден, Жәкең халық баспасынан тыс «Шиңжаң газеті», «Шиңжаң оқу-ағартуы» «Шұғыла» журналы, Шиңжаң радиосы редакциялары қызметкерлерінің де материал қорытуына, өңдеуіне, редакцияларына, уақытпен санаспай, қолма-қол көмек көрсетіп отырды… Жәкеңнің Шиңжаң тарихында тұңғыш жасалған Б. Тышқанбаев пен Уан Иыху авторлығындағы «Қасен-Жәмилә» киносының сценарий мәтінін редакциялағаны, Қажығұмар Шабданұлының «Бақыт жо­лында» повесін алғаш талдап, ол туралы өрелі баяндама жасағаны – жеке-жеке келелі әңгіме желісі. Қысқартып айтқанда, аталған шыңжаңдықтардың бәрі (аттарын жазбадық. Е. Ш) – Жәкеңнің редакторлық илеу, уқалауын көрген терінің пұшпақтары, жазушы, журналист ретінде Жәрдем Тілековтің шекпенінен шыққан қаламгерлер.

Үшіншіден, Жәкең Шиңжаң әдебиетшілері, журналистері, жоғары мектеп оқытушылары арасында әдебиеттану, кеңес әдебиеті мен журналистикасы жөнінде ғылыми-теориялық баяндамаларды да көп жасады, зор бағдарламалы лекциялар оқыды. Абайдың қайтыс болуына 50 жыл толуын еске түсірген әдеби кештің басбаяндамасын жасауды бастаған Жәкең айына 2 дүркіннен, алғаш өлкелік көркемөнерпаздар бірлестігінде, кейін Шиңжаң университеті әдебиет факультетінің аспиранттары алдында бүкіл кеңес әдебиеті курсы бойынша жүйелі лекциялар оқыды…

Төртіншіден, Жәкең болашақта жазылатын «Жоңғар даласында» романына материал, ой, идея жинаумен шұғылданды. 1944–1949 жылдар Шиңжаңда болған ұлт-азаттық көтерілісті зерттеді. Шығыс Түркістан республикасын, Үш аймақ уақытша үкіметін құруға қатысқан қайраткерлермен, зиялылармен жиі әңгімелесетін… Жәкеңнің мұндай әңгімелесулері өлке тарихынан маған да ұшан-теңіз мол білім беретін» – деп айрықша тоқталады[126].

Е.Нүсіпбековтің мақаласына қарасақ, қазақстандықтардың барған жылы К.Мақайұлы айтқан 1953 жылмен сәйкес келеді және Абайдың қайтыс болуына 50 жыл толуына байланысты кеш ұйымдастыру, баяндама жасау, айына екі дүркіннен, өлкелік көркемөнерпаздар бірлестігі мен аспиранттарға лекциялар оқуы Әшімнің қазақстандықтардың алдында күй тартқанын растай түсетіндей.

Бір айта кетер сөз, Ж. Тілековтің өзі де өнерден құралақан болмаған адам. Сағынғали Сейітовтің «Тағдырын туған елге табыстаған» мақаласында: «…Ауыл азаматтарымен бас қосқан кездерде кейде көңіл көтеріп, ән салу, күй тарту тәрізді өнер көрсету керек болғанда, сөз кезегі алдымен Жәрдемге тиетін еді. Бес жасынан домбыра тартып үйренген ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек күйлерін айтулы күйшілерден кем тартпайтын. Сондай мәжілістердің бірінде Ғабит ағамыз:

– Кәне, Жәрдем, домбыраңды ал да, Дәулеткерейдің «Құдашасын» тартып жіберші, – деп қолқалайтын. Сонда «Құдашаға» «Қызыл қайың», «Заман-ай» күйлері жалғасатын. Жәрдем құр орындаушы емес, кейбір күйлердің тарихын өте жақсы білетін. Мәселен, ол Сейтектің «Заман-айы» дүниеге қалай келгенін кемінде 40-50 минуттай әңгімелейтін»[129], – деп жазады.

Міне, Әшімді көрген Жәрдем Тілеков жайлы қысқаша деректер осындай. Бірақ сөз бен саздың бағасын білген қаламгердің Абайдың «Ақтолқынын» Әшімнің өзінен тыңдай тұра, «қазақтың бір жоғы табылды» деп қуана тұра Қытай сапары, ондағы әдебиет пен өнер өкілдері жайлы жазбай кетуі мүмкін бе? Өкінішке қарай, ол туралы естеліктері табылмай тұр.

Абай шығармаларының шекараның арғы бетінен табылуын әртүрлі тарихи жағдайлармен және Абай, Шәкәрім тәрбиесін көрген Әсет Найманбайұлы, Зият Шәкәрімұлы секілді арғы бетке өткен сол кездегі қазақ зиялыларымен байланыстырып жатады. Ол рас та.

Абай сөзі ақынның немере інісі Зият Шәкәрімұлы арқылы да барды. Т.Жұртбай «Білмей мұны жазған жоқ» мәтінтанулық зерттеу еңбегінде Алаш қайраткерлерінің бірі Райымжан Мәрсековтің інісі Шериаздан Мәрсековтің «Абай Құнанбайұлының тәлімдері», «Шәкәрім Құдайбердіұлының тәлімдері» деген атпен ақын өлеңдерінің көшірмесі табылғандығын айтады. Алашордалықтарға қуғын-сүргін жасалып, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтарды тұтқындау жөніндегі бұйрық шыққасын Р.Мәрсековтің Шығыс Түркістанға бой тасалап (1922), осы істің бел ортасында жүрген інісі Шериаздан да шекараның арғы бетіне өтіп, ол жақта мәдени-ағарту ісімен айналысып, мектеп ашып бала оқытып, жоғарыда аталған еңбектерді оқу құралы ретінде пайдаланғандығын, сондай-ақ, 2001 жылы ақын, журналист Аманжан Жақыптың (Аманжан Жақып – ҚХР Бұратолада дүниеге келген. Қазақстанға 1955 жылы келген) қаншама тағдырды бастан кешкен тағы бір қолжазбаны өзіне табыстағанын жазады [130, 14]. Иә, мұның барлығы Абай шығармаларының ол жақта кең таралғандығынан хабар береді. Бірақ күйге келгенде, кешегі де, бүгінгі де табылып отырған күйлердің жету тарихы Әсетке де, Зиятқа да, Шериазданға да еш қатысы жоқ. Дегенмен, Абайға қатысты «Ақтолқын» күйінің бірнеше түр, нұсқаларының жетуі – оның халық арасына біршама таралғандығын білдіретіні анық. Екінші, «Ақтолқынның» тарихының да, ареалдық кеңістігінің де Қытайдың бір ғана Іле аймағына ғана тиесілі болуы – жоғарыдағы күй тарихымен бір жақындықтың барын аңғартпай қоймайды. Бірақ…

Енді бір қызық жағдай, 2022 жылдың 15 мамыры күні Ардаби Мәулетұлы жеке мұрағатынан Әшімнің өз орындауында «Ақтолқын» деп тартылған тағы бір күйдің бар екенін айтып, күйдің аудиожазбасын жіберді. Бұл күй де нотаға түсірілді (төменде).

АҚТОЛҚЫН3
АҚТОЛҚЫН21

Бұл жоғарыда Қ.Андастың «Әшім шерткен күйдің аудио нұсқасы Қытайдың орталық радиосының архивінде сақтаулы деген дерек бар» деген сөзінің расқа айналуы ма? Әзірге белгісіз. Тыңдадық. Күйді орындар алдында «Ақтолқын» екенін айтып хабарлаған. Ол Әшімнің өз дауысы ма әлде жазып алып отырған адамның дауысы ма, ол да беймәлім. Аудиожазбаның сапасы төмен болғанмен, тыңдауға жарамды. Күй оң бұрауда орындалған. Бірақ күй атына алдыңғы күйлердей Абай аты қосылып айтылмаған. Алдыңғы күйлердің ешқайсысына ұқсамайды, мүлде басқа күй. Бұл күйдің Абайға қаншалықты қатысы бар? Ардаби Мәулетұлы өзінде «Ақтолқын» аталған күйлердің бірнеше түр, нұсқалары бола тұра неге өзі басын ашып, таратып жазбаған? Түсініксіз…

Сонымен бірге, Абай атымен байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Кино, фотоқұжаттар және дыбысжазбалардың орталық мемлекеттік архивінен» «Абай толғауы» аталатын күй алынды. Шығарма 1959 жылы жазылып, 1981 жылы архивке өткізілген. Орындаған – Мұқыш Жүнісов[131].

«Абай толғауы» – басынан аяғына дейін staccato (итал. – бөлу, ажырату) ерекшелігімен орындалады, яғни тұтпа қағыс арқылы үзік дыбыстармен орындалған шағын көлемдегі шығарма. Бұл толғау атымен сақталған күйде А.Байтұрсынұлы сөзімен айтқанда, «көңілдің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып шер тарқату, ішкі ғаламында болған халды тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халын түсіндіретін» табиғат байқалмайды[132], алдыңғы күйлерге жақындығы жоқ. Соған қарағанда, бұл белгілі бір автордың Абайға арнаған туындысы болса керек.

Сөзді қорыта келгенде, онсыз да ақиқаты аз, аңызы көп ақынның күй мұрасына қарама-қайшы пікірлердің бар екенін ескерсек, «Ақтолқынға» келгенде, күйдің ізі тіпті шиырлай түскендей. Ал «Желдірме» аталатын күйлердің вокалдық-орындаушылық жанрға қатысты болуы – Абай күйлерінің зерттелуінің кенжелеп тұрғанын көрсетеді. Келешекте музыкатанушы мамандар Абайдың күй мұрасына әлі де назар салып, терең зерттеуі қажет деп санаймыз.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы