Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары – оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодам1 қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошеметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бәрін алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін де ішті.
Адам, айуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына Құдай салды қиын істі.
Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
Мысалы, ат астындағы о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды,
Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ.
Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,
Сол суға балықты алды бір жудырып.
Исі, дәмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды, мұның бәрін суға жорып.
Ескендір қолына айтты: «Бұл неткен су?
Бәрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу!
Бір бай елден осы су шыққан шығар,
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.
_______________________
1Бодам, бодан – орыстың «подданный» деген сөзінен шыққан: бір елдің құрамына тиістілік, бағыныштылық.
Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар,
Шақ келер маған жан жоқ, наныңыздар.
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып шаһарын алыңыздар!».
Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,
Шаһзадаға бармаққа дамыл көрмей.
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды.
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой?
Дел-сал болып бәрі де қайта шықты,
Бәрі де ала алмасты байқаған ғой.
Долдықпен хан Ескендір ашуланды,
Ашуланып қақпаға жетіп барды.
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
– Қақпаңды аш! – деп барынша айғай салды.
Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.
– Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,
Бұл – Құдайға бастайтын қақпа, – деді.
– Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім туып, көз көрмеген.
– Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!
Іші тар, көре алмастың біреуі – сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.
– Талпынған талаппенен мен де бір ер,
Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер.
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер.
Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым – осы, падиша, мынаны ал!
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар-дағы, ойланып, көзіңді сал!
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Қараса, ішіндегі бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.
Ашуланып сыйына болды кекті,
– Ең болмаса білмеді сый бермекті.
Осы менің теңім бе? – деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.
Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».
Сол күнде Аристотель жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара:
– Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдырып, ортаға алды.
Қанша алтынды күміс пен салса дағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Енді қайтер екен деп қарап еді,
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.
Аристотель хәкімге патша келді:
– Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық нәрсе бар ма?
Ақылыңмен ойланып тапшы! – деді.
Хәкім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
Ескендір мұны көріп аз тұрады,
Хәкімді аулақ жерге шақырады.
– Таң қаларлық іс болды мұның өзі,
Мәнісін айтып берші, – деп сұрады.
– Бұл – адам көз сүйегі, – деді ханға.
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
Сый сұрадың, бергені – бір қу сүйек,
Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,
Мұны бір өзге сөздің бірі деме.
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас көзің толар деп қайғы жеме.
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп.
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді.
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!
«Ескендір» поэмасы. Бұл шығарма Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы көшірме қолжазбасында «Ескендір патша» (108–112-беттер) деп жазылыпты.
1909 жылғы тұңғыш жинақта – (17-бөлік. Әңгіме (1995 жыл түсінігі Масғұт) дегеннен кейінгі (2) деп белгіленген (Ескендір әңгімесі).
«Ескендір» поэмасы зерттеушілердің пікірінше 1900–1902 жылдар аралығында жазылған. Қазақ әдебиеттану ғылымында Абайдың бұл поэмасы Низамидің «Ескендір-намасының» негізінде назира түрінде жазылған деген пікір айтылып келеді.
Соңғы жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар бұл поэманың сюжеті көне дәуір ескерткіші «Талмудта» бар екенін анықтап, Абай оны В. Жуковскийдің «Две повести» деген өлеңі арқылы пайдаланғанын дәлелдеп шықты. (Қараңыз: С.Қасқабасов. Ескендір туралы қазақ ертегілері және Абайдың «Ескендір» поэма-
сы. – «Қазақстан мектебі» журналы, 1968, № 2, 66–70 бб.; Соныкі: «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі – Кіт.: «Абай тағылымы». А., 1986, 224–237 б.; З.Ахметов. Современное развитие и традиции казахской литературы. А., 1978, с 75–78 т.б.).
Рас, Низамидің шығармасында Абайдың «Ескендірін» еске түсіретін мынадай бір сюжет бар: Ескендір күн шықпайтын жақта өлмес су бар дегенді естіп, қараңғылық жеріне сапар шегеді. Өлмес суды тап деп алға Қызырды жібереді. Ол суды табады, өзі ішеді де кетіп қалады. Қызыр келмеген соң Ескендір кері қайтады. Қайтқан жолда оған періште жолығып, кішкентай ғана тас береді де: «Сен әлемді жаулап алдың, бірақ сенің миың әлі толған жоқ. Мына тастың құнын біл, бүкіл жаһаннан осының салмағына тең тас тап. Сенің нәпсіңді тек сол тас қана тыяды!» – дейді.
Зұлматтан шыққаннан кейін Ескендір жаңағы періште берген тасты есіне түсіріп, оның салмағын өлшемек болады да таразы алдырып, оның бір жағына кішкентай тасты, екінші жағына қаншама үлкен тасты қойса да, періште берген тас баса береді. Осы кезде алыстан көрінген Қызыр: «Таразының екінші жағына бір уыс топырақ сал!» – деп кеңес береді. Сөйтсе, періште берген кішкентай тас пен бір уыс топырақтың салмағы бірдей болып шығады. Содан Ескендір өзінің миын топырақ қана толтыратынын түсінеді.
Ал, «Талмудтағы» әңгіме мынау: «На обратном пути остановился Александр для обеда близ одного ручья. Поданную ему соленую макрель (балық – ред.) царь начал обмакивать в воду ручья – и рыба получила удивительный запах.
– Это доказывает, – сказал Александр, – что ручей этот течет из рая.
Помыв лицо свое в воде ручья, Александр направился по истокам его и дошел до врат рая.
– Отворите! – воскликнул Александр.
– Врата эти – Господни, праведники входят через них, – услышал он в ответ.
– Но я царь, и я знаменит, – сказал Александр, – дайте же какую-нибудь вещь на память.
Дали ему черепную кость. Придя в свое царство, Александр положил на одну чашу весов кость, а на другую все серебро и золото, бывшее при нем. Перевешивала кость.
– Что значит это? – спросил Александр мудрецов.
– Эта кость, – ответили мудрецы, орбита человеческого глаза, ненасытного в жадности своей.
– Чем вы это докажете?
– Возьми горсть земли и посыпь кость.
Царь сделал так, и золото тотчас перевесило кость».
Міне, бұл әңгіме Абай «Ескендірінің» мазмұнымен бірдей. Тіпті кейбір эпизодтар мен детальдарға шейін дәлме-дәл келеді. Олар – Ескендірдің бұлаққа кездесуі, судың ерекше болуы, оған салған кепкен балықтың иісі мен дәмінің өзгеруі. Бұлақты бойлаған Ескендірдің жұмақ қақпасына келуі, патшаның ашу шақырып, қақпа күзетшісімен сөйлесуі, одан белгі боларлық бір нәрсе сұрауы. Қақпаның әр жағынан көз сүйегінің түсуі, ол сүйекті алтын, күміспен өлшеуі.
Көрсетілген ұқсастықтар, сөз жоқ, Абайдың «Талмудты» оқығанын көрсетеді. Абай «Талмудқа» В.Жуковский (1783–1852) арқылы барған, оған дәлел ретінде орыс ақынының «Две повести» деп аталатын өлеңін айтуға болады. Оның мазмұны толығымен «Ескендірге» сәйкес. Бұған қоса
В.Жуковскийдің өз өлеңінің басында осы шығармасының сюжетін «Талмудтан» алғанын хабарлайды. (Өз кезегінде В.Жуковский бұл өлеңін XIX ғасырдағы неміс әдебиетінің көрнекті өкілі француз Адельберт фон Шамиссоның (1781–1838) «Ескендір туралы аңыз. Талмуд бойынша» («Sage von Alexander (nасһ dem Тalmud») деген көлемді өлеңінің ізімен еркін аударма тәрізді етіп жазған). Демек, В.Жуковскийден оқыған әңгіменің түп-төркіні «Талмуд» екенін білген соң Абай «Талмудты» оқыған да, В.Жуковскийдегі әрі «Талмудтағы» жәйттерді тарихи мәліметтермен толықтырып, өзіндік сипатпен дүниеге жаңа шығарма алып келген. Оған дәлел: Абай В.Жуковскийде жоқты «Талмудтан», ал мұнда болмаған нәрсені, керісінше, В.Жуковскийден алған, оларға Ескендірдің өзі туралы, оның шаһары Македония, әкесі жайында мағлұмат қосқан. Сөйтіп ерте заманнан Шығыстан – Фирдауси, Низами, Жәми, Науаи, Батыста – Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо, ал Ресейде – В.Жуковский жырлаған Ескендір бейнесін Абай да сомдаған.
Бірақ ол Ескендірді бұрынғы авторлардан өзгеше, басқа сипатта көрсеткен. Ежелден әділ патша, батыл жауынгер ретінде дәріптеліп келген Ескендірді Абай «мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам», қатыгез де тойымсыз шапқыншы етіп суреттейді» (1995 жылғы жинақ, 317-бет).
Осы шығарманың жазылу мерзіміне қатысты назар аударатын бір мәселе бар.
1945–1946 оқу жылында Қазақ мемлекеттік университетіндегі «Абайтану» арнаулы курсындағы оқыған дәрісінде Мұхтар Әуезов Абайдың поэмалары туралы айтқанда: «Олардың жазылған жыл мөлшерін анықтап, нұсқау қиын», – дейді. Абайдың «Ескендір», «Масғұт» дастандарының 1898 жылғы қолжазба жинаққа кіргендігі туралы мәлімет береді (73-бет) (Абайтану дәрістері, 1994). 1898 жылғы қолжазба жинақ дерегі абайтануда айтылмайды.
Абай өлеңдерінің жиналу, сақталу тарихына қатысты деректерде 1896 жылдан бастап қолжазба көшірмелер жазыла бастағаны айтылады. С. Шормановтың 1897 жылы Петербург кітапханасына тапсырған қолжазбасында бұл поэмалар жоқ.
Мұхтар Әуезовтің 1898 жылғы қолжазба жинақ дегені – осы уақытқа шейін қағаберістеу қалған мәнді дерек. Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы көшірме қолжазбасындағы ішінара қайсыбір аударма туындылар «Жазба» деген атаумен беріліп отырғандығы осылар Абайдың өз қолымен жазғаны болуы мүмкін деген ой туғызады. Абайдың 1886 жылы жазған бірнеше өлеңін 1896 жылы қайта қарап, өңдеп түзегені туралы да М.Әуезов айтқан (Жүнісов С. 36-бет).
Дастанның қолжазба нұсқалары мен 1909, 1995 жылғы жинақтардағы басылымында бірді-екілі сөз айырмашылығы бар.
3-шумақтың 2-тармағы Мүрсейіт көшірмелерінде «Жақын жерге жау болып, тұра аттанды» болып жазылыпты.
1909, 1995 жылғы кітаптарда «жау болды» деп берген.
4-шумақтың 3-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының көшірмесінде (1906) «Шапқан елдің бәрін де бодан қылып» деп жазылған.
1907 жылғы қолжазбада, 1909, 1995 жылғы кітаптарда «бодам» деп беріледі.
Осы шумақтың 4-тармағы Мүрсейіт көшірмесінде (1906) «Өкүмдікпен қолына тартып алды» болып жазылған. 1907 жылғы көшірмеде, 1909 жылғы кітапта, 1995 жылғы жинақта «өкіметін» деп берген.
5-шумақ Мүрсейіттің жазба жинағында «Жердің жүзін алуға тағы ойланды» деп аяқталады (1906).
1907 жылғы көшірме, 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «ой ойлады».
7-шумақтың 1-тармағы «Атағы талай жерге мұның кетті» (1906) болып жазылған. 1909, 1995 жылғы кітаптарда – «оның жетті».
Осындағы 3-тармақ Мүрсейіт қолжазбасында (1906) «Есепсіз ғаскер жиып, қаруланды». 1907 жылғы көшірме қолжазбада – «қаруланып».
1909 жылғы кітапта «Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып» болып алынған.
8-шумақта 3-тармақ «Жан шықпайды алдынан, тоқтауы жоқ» (1906) болып келген. 1909, 1995 жылғы кітаптарда «шықпады» деп алыныпты.
4-тармақ Мүрсейіт көшірмесінде (1906) «Жердің жүзін жеке боп алмақшының» деп жазылған. 1909, 1995 жылғы кітаптарда – «Жер жүзін жеке билеп алмақшының».
9-шумақтың 3-тармағы Мүрсейіт көшірмесінде (1906) «Адам, хайуан бәрі де бірдей шулап» болып жазылыпты.
1907 (қолжазба), 1909, 1995 жылғы жинақтарда «шөлдеп» деп берілген.
Осы шумақта, келесі оныншы шумақта «шөлдеп» сөзі бірнеше қайыра қолданылған. «Шулап» сөзі жұрттың әбден шөлдегенін күшейтіп жеткізіп тұр.
Оныншы шумақтың соңғы тармағы Мүрсейіт жазбасында «Болыпты шөлдегеннен шыдай алмай» деп беріліпті.
1909, 1995 жылғы жинақтарда – «шөлдегенге».
Дастанның қолжазба нұсқалары мен жинақтардағы басылым мәтінінде ары қарай да 12, 13, 16, 22, 24, 26, 27-шумақтарында «бәсті» (1906), «басты» (1909, 1995); «Таңырқар» (1906), «Таң қалар» (1907), «таң қалды» (1909, 1995); «Шаһзадаға бармаққа» (1906), «Шаһарға да» (1907), «Шаһарына жеткенше» (1909, 1995); «жүріп кетті» (1906), «жөнеледі» (1907), «жөнелді» (1909, 1995); «Жердің жүзін» (1906, 1907), «жер жүзінің» (1909, 1995); «қорлығым» (1906), «Зорлығым» (1907); «Кездей келдім» (1906), «Кездей келді» (1907) (1909, 1995); «қайта салды» (1906, 1907), (1995), «барды» (1909); «білмепті» (1906), «білмеді» (1907, 1909, 1995).
Дастан мәтіні бұл жинаққа 1909 жылғы басылым бойынша берілді.
Қазақ өнерінің бір саласы – эпикалық-жыршылық дәстүр. Бұл бүгінгі күнде Сыр, Батыс және Жетісу өңірінде барынша сақталған. Осы өңірлермен салыстырғанда, өткен ғасырдың ортасынан бері Арқа, Шығыс өңірлерінде жыр айту кенжелеп, бүгінгі күні үзіліп қалды. Мұның себебін ғалымдар Арқадағы әншілік өнердің алға шығуымен байланыстырады. Болмаса Жанақ, Арыстанбай, кешегі сал-серілер, бертінгі Шашубай, Майасар, Құлтумалар эпик жыршы болғаны анық.
Арқа өңірінде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлудың» Жанақ нұсқасы көп айтылған. Б.Ерзакович Ш.Әбеновтің жеткізуі бойынша кіріспесінен бастап, «Сарыбайды жоқтауы», «Қарабайдың қайғысы», «Сақау кемпірдің қарғысы», «Таңсықтың жермен қоштасуы», «Таңсыққа шешесінің айтқан мақалы», «Бетпақ дала туралы», «Айбастың Таңсыққа кездесуі», «Таңсықтың Айбасқа қайтарған жауабы», «Қозы-Көрпештің зары», «Қозы-Көрпештің Баянға кездесуі», «Баянның жауабы», «Баянның зары», «Баянның өмірмен қоштасуы», «Таңсықтың Баянды жоқтауы» секілді бөлімдердің барлығы бөлек әуенмен орындалғанын таратып жазып, жырдың музыкалық құрылымын кең зерттеп, музыкалық талдау жасайды [55, 156–229]. Бұл турасында Ғ.Бисенова: «Бейсенбай Жақыпбеков (Жәнібекұлы. Т.Жұртбай) көп жылдар Абай айналасында болды.
Ол тек Абай әндерін ғана таратқан жоқ, ол көптеген жыр-дастандардың білгірі. Бейсенбай туралы кейінгілердің естелігінде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының әртүрлі эпизодтарына байланысты өз жанынан шығарған он жеті әуен нұсқалары болған. Ш.Әбеновтың жеткізген әуен ішіндегі «Баян сұлу зары» Бейсенбай шығарған әуен болуы мүмкін» [7, 117], – деген ой айтады. Бұл деректен Шыңғыстау өңірінде жыршылық дәстүрдің ерекше дамығанын, өзіндік сипат алып, шығармашылық тұрғыда түрленіп, көркемдік жағынан байытылғанын, ежелден келе жатқан жырлар осы аймақта қайта өңделіп, жергілікті жыршылардың орындау мәнері мен орындаушылық шеберлігі арқылы жаңа өң, тың сипат алғанын байқауға болады.
Бұл бағыттағы Абай шығармашылығында көрінген жаңалық – оның поэмалары (дастандары). Ақынның жаңаша тұрпаттағы поэмаларының ел ішінде құмарта, таласа-тармаса айтылғаны айдан анық. Оны Ахаттың Шәкәрім дастандарына қарата: «Ләйлі – Мәжнүн», «Дубровский» поэмаларын ел баспаға басылмай-ақ жаттап алды» [22, 795] – дегенінен де көруге болады.
Абай поэмалары халықтық жыр сарындарымен ауызша дәстүрде кең айтылып, өткен ғасырдан бастап жинақталып, бірнеше нұсқалары сол тұстағы ғылыми еңбектерде басылды. Сондай-ақ, кейінгі айтушылардың орындауында да сақталып жетті. Осыған орай, Абай поэмаларының халық арасында ертеден айтылған түр-нұсқаларын да назарға алып, түсінік беруді орынды деп санадық.
Ескендір. Қазақ даласына таралған дастандардың бірі – Ескендір туралы аңыздар. Мұның бірнеше үлгісін Г.И.Гизлер, К.Төлеутаев, Б.Ерзакович секілді ғалымдар еңбегінен көруге болады. Ескендір тұлғасы Абай шығармашылығынан да орын алып, Шыңғыстау өлкесінде кең айтылды.
М.Әуезов: «Абайдың оригиналдық поэмасы үш шығарма: «Масғұт», «Ескендір», «Әзім». Бұл үш поэманың бәрі де ақынның қазақ өмірінен, өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады. Тегінде, Абай бірнеше өлеңдерінде поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізденетін… Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік, адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін… Бірақ жалпы алғанда, көлемдері азғана, оқиға, сюжеттері шағын шыққан осы поэмалардың да негізгі идеясы мен мақсаты Абайдың көп лирикалық шығармаларындай, ұстаздық тәрбиелік ойларға арналғанын көреміз» [37, 186], – дейді.
Г.И.Гизлер еңбегінде Семей өңірінен мәтінсіз жазып алған алты ноталық үлгі беріледі, соның алтыншысына «Мелодия №6. Песня о Искандер-хане и его делах» деп, Ескендір жыры екеніне түсінік берілген [140, 149]. Мұны Б.Ерзакович: «Бұл әскерімен Сырдария өңіріне дейін келген Александр Македонский туралы Г.И.Гизлердің соңғы жазып алған әні» [141, 132], – деп көрсетеді.
Мұндай «Ескендір. II» (№71) деген атпен А.Затаевич те Батыс өңірінің Бөкей бөлімінде Шамбулат Кударов деген адамнан мәтінсіз жазып алып, «500 ән-күй» жинағына енгізген [72, 510].
А.Затаевичтің «1000 ән», «500 ән-күй» жинақтары – қазақтың музыкалық фольклорының алғашқы жүйелі басылымдарының бірі екені белгілі. Алайда осы еңбектерде әндердің тек ноталық үлгілері беріліп, олардың мәтіні көп жағдайда назардан тыс қалған.
Осы жинақтарды қалпына келтіру мақсатында 2007 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «500 ән-күйдің» жаңа басылымын жарыққа шығарды. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде бұрын мәтінсіз берілген көптеген әндердің сөздері қойылып, ноталық жазбалар поэзиялық өлшемдерге сәйкестендірілді.
Алайда мұндағы кейбір музыкалық шығармаларға сәйестендірілген мәтіндер белгілі бір жағдайда ғылыми күмән туындатады. Атап айтқанда, жоғарыдағы «Ескендір. II» әуеніне Абайдың «Ескендір» поэмасының мәтіні жазылып, әуеннің ырғақ жүйесі өлең өлшеміне қарай қойылған. Біріншіден, әуен Арқа және Шығыс Қазақстан өңіріне тән музыкалық-поэтикалық шығармашылық дәстүрден алшақ. Екіншіден, А.В.Затаевич қазақ ән-күйлерін жинақтаған кезең – ХХ ғасырдың 20-жылдарының басы екенін ескерсек, ол уақытта Абайдың 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағы Батыс Қазақстан өңіріне кеңінен таралып, «Ескендір» жырланып үлгерді ме? Осы тұрғыдан алғанда, Орал өңірінен жазылып алынған әуенге Абай поэмасының мәтінінің қосылуы – музыкалық мұра мен әдеби мәтін арасындағы үйлесімнен гөрі редакция тарапынан болған сәйкестендіру екені байқалады.
Сондай-ақ, «1000 ән» жинағында Әлкей Өтекиннің орындауында «Ескендір. Жаяу Мұсаның әні (II)» деген осы аттас ән берілген. Ол кейіннен З.Қоспақовтың Жаяу Мұса әндерінен құрастырған «Ақ сиса» жинағына
Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда не бір арман.
Қайтсек те бір амалын табамыз деп,
Ізденіп мәңгі суын оған барған.
Бәріміз бір кісінің баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз.
Бұл дүние ешкімге де бермес опа,
Жеріне бабаң барған барасыңыз. –
деген мәтінмен енген [142, 92]. Мәтіннің қайдан алынғаны жазылмаған.
Б.Ерзаковичтің жоғарыда аталған еңбегінде: «Александр Македонский жайлы жырды К.Төлеутаев 1972 жылы «Ескендір Зұлқарнайын қиссасы» деген атпен балқаштық А.Ақышевтан жазып алған. Жыр мәтіні Абайдың «Ескендір» поэмасы бойынша орындалған» [141, 132], – дейді. Әрі осы еңбекте «Ескендірдің» үш нұсқасын салыстыра көрсетеді.
Б.Ерзакович: «Ескендір туралы үш әннің әуенін салыстыра қарастырғанда аздаған өзгешеліктері болмаса, айтылуы және әуені жағынан ортақтық бар. Алдыңғы екі түрінің мәтіні белгісіз», – деп жазған [141, 133]. Бірақ Б.Ерзакович мәтіні белгісіз алдыңғы екі нұсқаны да, соңғысын да Абайдың «Ескендір» поэмасының мәтінімен берген. Ноталық жазбада берілген жырдың әуені Арқа, шығыс өңіріндегі «Түсіпхан», «Жетім бала», «Қабанбай батыр» секілді жыр сарындарымен ортақтығы байқалады.
Қобызшы Ә.Қазақбаевтың жеке қорынан 2014 жылы К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университеті Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының ШҚО бойынша жасаған экспедициясы кезінде семейлік жыршы Дүйсенғазы Нығметжановтан жазылған Абайдың «Ескендір» дастаны алынды [143]. Д.Нығметжанов – қазақтың «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Сәтбек батыр», «Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», т.б. көптеген жырларын жатқа айтушы, республикаға белгілі эпик жыршы.
Д.Нығметжанов айтуындағы «Ескендір» де халықтық сарынмен айтылған. Жыршы 11 буынды жырларға осы жыр сарынын көп пайдаланады. Бұл осы күнде айтыс ақындарының да әуені ретінде қолданылып жүр. Мәтінінде айтарлықтай өзгешеліктер де бар.