abai2n

Абайдың поэмалары

Әр жылдары жарық көрген поэмалары

«Вадим» поэмасы

(М.Ю. Лермонтовтан)

I

Батар күнге шымылдық – көк бұлт кең,
Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.
Өткен дәурен секілді нұры жайнап
Арттағы мұнараға береді рең.

Ол мұнара – сопылар тұрар жері,
Кешкі қоңырау соғылған көптен бері.
Сопылар, қызметкерлер басылған жоқ,
Тас көшесін сыпырып жүргендері.

Ұзын қара бешпентті, ұзын шашты
Жамағатты итеріп бір жол ашты.
Мешітіне бастықтың келер жолын
Дайын қылып, сыпырып шаңын басты.

Томсарған, күлкісі жоқ, бір қансыз сұр,
Бір үлкен іс қылғансып асығып жүр.
Ладан1 деген иісті от тұтатып,
Жаққан шамы жарықта нұр бермей тұр.

Құлшылыққа жиылған көп жамағат
Сыбдыр қағып тосып тұр, сол-ақ қымбат.
Тас күмбезде сыбыры күңгірлейді,
Ішкі үйіне кіруге тимей рұқсат.

Мұнан басқа қақпада бірқатар жан,
Жанашыр жоқ дүниеде жетім қалған.
Құдайдан да, жұрттан да күдер үзген,
Амал жоқ, өлмес үшін сұрайды нан.

Бірі ақсақ, бірі соқыр, бірі кемтік,
Киімі жүз құраулы жемтік-жемтік.
Мойны қара, қолы көн, езуі көк,
Көзі үңірейген, беті әжім, бәрі өлімтік.

Ұяттан, ар-намыстан не біледі?
Шіркеуге келгендерден тіленеді.
Аш итше бір теңгеге топыр қағып,
Бір таласып, бір ұрысып, бір күледі.

Ұялған соң тастаған бір мыс тиын –
Аш кедейге олдағы – қымбат бұйым.
Кір дорбаға онысын салып алып,
Жағалайды әркімді жыртық киім.

Бір бүкір ортасында, сол қозғалмас,
Жалынып еш адамға қолын созбас.
Арық қара, кең маңдай, қыр мұрынды,
Екі көзден от жанған не қылған жас?

Сұр ерін, өзі жұқа, ши тістеп,
Ызамен тұрған жандай бойын күштеп.
Кең жауырын, білегі бұлшық етті,
Үйренген жан секілді қызмет істеп.

Көп қайыршы бір-бірін кимелейді,
Бір тиынға таласып үймелейді.
Қозғалмай тұрған жастан сөйтседағы,
Бәрі қорқып, азғана именеді.

Қабағы түйіліңкі, сүйінбейді,
Алла бөлек жаратқан түрін дейді.
Жиырма сегіз жасында әжім түскен,
Көк тамырда қан ойнап дірілдейді.

Көзге бүкір, қайраты – болат қырлы,
Сақтап жүрген секілді бұл бір сырды.

Шайтанның суретіне есіктегі
Бірқатар көзін салып қарап тұрды.

– «Әгарда шайтандыққа жетсе қолым,
Алдауға арланар ем адам ұлын.
Аллаға ғасы2, бәйһүшке қашқын болып,
Онан соңғы бұл емес менің жолым.

Қорыққан кісі секілді бойын барлап,
Теңдесі емес кісіні алдап-арбап,
Жек көріп алғаннан соң көріне жау боп,
Кегін алса болмай ма сыпыра жалмап?» –

Дүниені ескермейтін паң секілді,
Жатырқап тірі жанды аң секілді.
Сипатын, түрін көрсе сол бүкірдің,
Бір үлкен мақсұты бар жан секілді.

Қасында жолдастары – ақсақ, соқыр,
Қайыр тілеп шулап жүр, опыр-топыр.
Палицын бай есікке келіп еді,
Шыр айналды күңк етіп әлгі бүкір.

II

Елуге келген, шашы бурыл тартқан,
Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.
Жүріс-тұрыс сөйтсе де жас жігіттей,
Қуатына жарамас шал деп айтқан.

Үлкен етік аяқта, көк бешпентті,
Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті.
Жүргені тарс-тұрс еткен тәкаппарлау,
Жайған тасқа басқаны жанды үрпитті.

Палицын паңдықпенен басады аяқ,
Қайыршыға түксиер түйген қабақ.
Екі малай артынан ертіп алған
Күшік иттей қылып жүр байға жалбақ.

Кердең басып шіркеуге жақын барды,
Қалтадан бір теңгелік күміс алды.
Есікке шегелеулі құлыбы бар
Бір сандыққа барды да соған салды.

Ақырып кедейлерге дейді: «Антұрған!
Жалқаулықтан бәрі де мұндай болған.
Қызмет қылса, тамағы тоймас па еді?!»
Қуды «кет!» деп кедейді әлгі тұрған.

Ақырған соң байғұстар әрі тұрды,
Қалтасына қол салып, мойнын бұрды.
«Бәрің бірдей шайнаспай, бөліп ал!» – деп,
Бір теңгелік күмісті лақтырды.

– Осылар елдің тынышын алды бүгін,
Бірдің нанын тіленіп, бірдің сүтін,
Құдайым кезін берсе, күтіп жүріп,
Ойнамай, бәрін аштан өлтіретін.

Үндемей бүкір жүрді арғы шеттен,
От жалындай бұл байға көзін тіккен.
Жай отындай жарқылдап қарауы өзге,
Ызасы қозғалған ба ішке бүккен?

Палицынды артынан қуып жетті,
‒ Не керек? – деп әлгі шал күңкіл етті.
‒ Сенен менің сұрауым тым аз ғана,
Өзің айтқан жұмысты берші! – депті.

‒ Қарама мені әлсіз деп, байым, кердең –
Бір ауыр тасты жұлып алды жерден.
‒ Көрген соң көзің жетсін, – дедідағы,
Атып, қағып, доп қылып ойнап берген.

Бай көріп, аң-таң қалды, мұның күшін,
Еш адам қылар емес қылған ісін.
‒ Өз қорама алайын, өзің көнсең,
Боласың ба қызметші менің кісім? –

Алды-артына бүкір де қарамады,
Қуанғаннан қасына жетіп барды.
Азаттығын садаға қылды-дағы,
Басына уағдасын беріп салды.

‒ Атың кім? – деп, бүкірден бай сұрады,
‒ Атым – Вадим, – деп еді, байға ұнады.
Қошаметтің жөні деп қос жалшысы,
Мағынасыз беталды ыржаңдады.

Жаман көзбен қарады Вадим сонда,
Ертіп жүрген екеуге бай да жолда.
Көзіне шыдай алмай, көтін қысып,
Жым-жырт болып екеуі болды молда.

III

Бай: «Ер!» – деді, артынан ере берді,
Бай шіркеуден үйіне тым кеш келді.
Қақпа соқты, қатты жел дүрілдеп тұр,
Тани алмай, ырылдап ит те үрді.

Вадим де іздегенін тапты, міне,
Жоғары қарап, түсті ойға аз ғана.
Шіркеудегі сертті ойлап, айтқан сөзді:
«Әделет қайда болса, сонда ғана».

Дүбірлетті есікті бай да болмай,
Аз кешікті, ашуға жан табылмай.
Бір жалшы келді есікке қалт-құлт етіп,
Жылы орынын тастамақ кімге оңай?

Үйіне бай Вадимді ертіп келді,
Сол заманға лайықты үйін көрді.
Қырықтан асқан семірген қатын отыр,
Бәйбішесі осы деп ойлап білді.

Ішпек, жемек, семірмек, есінемек,
Еріккеннен жалшыға бос зекірмек,
Бай ұрыспаған кезінде өзі ұрысқансып,
«Олай емес, білмейсің, бұлай» – демек.

Бұл қылық бұрынғыдан бір қалған жол,
Осындай бәйбішелер жұртта бек мол.
Өзге қызық суиын деген шақта
Қартаң тартқан қатынның қуаты – сол.

Соққан боран секілді біздің өмір,
Не тыныштық тауып берді, өзің де көр.
Сол қатынға келеді күншілігім,
Сондай өмір қолыма бір тимей жүр.

Ол қылықпен өлгенше ол да жүрмек,
Бала-шаға жыласып, өлсе өкірмек.
Көршілері: «Адамға залалы жоқ,
Тым-ақ жақсы кісі еді, байғұс!» – демек.

(Аяғы бітпей қалған)

1 Ладан – ағаш тамырларынан жасалатын хош иісті зат.

2 یی – (арабша) [‘аси] – күнәһар.

ТҮСІНІКТЕР

«ВАДИМ» («Батар күнге шымылдық көк бұлт кең»). Алғаш рет 1933 жылғы жинақта жарық көрген. Содан бергі Абай шығармаларының барлық басылымдарына енгізілген. Мүрсейіт Бікіұлының 1906 жылғы қолжазба көшірмесінде бұл шығарма «Жазба. Фереуод. Уадим» (94–98-беттер) деп берілген. 1995 жылғы жинақта «Вадим» (М.Ю.Лермонтовтан) деп басылған.

М.Ю.Лермонтовтың аяқталмай қалған романынан аударма. Абай алғашқы екі тарауы мен үшінші тарауының басын өлеңмен еркін аударған. Онда түпнұсқа мазмұнының ұзын-ырғасы ғана бар. Біраз жерлері қалдырылып кеткен.

Романда II Екатерина падиша тұсында болған нақты оқиғалар суреттеледі. Оған жазушының бала кезінде нағашы әжесі Е. А. Арсеньевадан естіген әңгімелері арқау болған. Лермонтов шығармаларын зерттеушілердің пайымдауынша, егер роман аяқталған болса, онда әрі қарай, сөз жоқ, Пугачев көтерілісіне байланысты оқиғалар баяндалатын болуы керек. Шығарманың анық тақырыбы белгісіз. Өйткені қолжазбаның бірінші беті жыртылып кеткен.

Аударманың алғашқы нұсқасында 2-тарауы «Елуге келген, шашы бурыл тартқан», 3-тарауы «Бай: «Ер» деді, артынан ере бердім» деп басталса керек. Ал Мүрсейіт қолжазбасында тарауға бөлінбей, тұтас жазылғандықтан, сол күйінде басылып келеді» (1995 жылғы жинақ, 33-бет).

М. Әуезов Лермонтовтың жас кезінде жазылған бұл шығармасының негізінде Пугачев көтерілісі жатқандығын айтады. Поэмада Шиллер, Пушкин сияқты ақындардың ықпалы байқалады. Өзгелерді суық, жат етіп сипаттау – романтикалық үлгі, сол үлгіні Абай да пайдаланады дейді. «Бүкірді сипаттауының өзі романтикалық адамның қалпын көрсетеді.

…Лермонтов үлкен қоғамдық тақырыпты аңызға айналдырған себебі бар. Өйткені Вадимнің арғы тегі – дворян. Әділетсіздікті жойғанда өз басының тілегі сияқты көрсетеді. Аудармасын Абай ерте бітіреді. Абай жазған төрт поэманың даңқты болатын себебі олардың тұтастығы бар және біткен поэмалар болғандықтан, терең философиялық ойдың қорытындысы болып есептеледі. Абай Шығыс пен Батыстың рухани қазынасын қатар меңгергені шығармаларынан анық көрінеді. Абай екі мәдениеттің ана сүтін еміп өскендіктен, «ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» деген. Бұл поэмаларды жазғанда шығыстық мұсылман әлемін алып, өзінің көзқарасына, эстетикалық сезіміне бағындырып жазады» (Әуезов. 75-бет).

Осы шығарманың сақталуы жайлы Әрхам Кәкітайұлының естелігінде айтылады.

«…Абайдың жылы өткен соң Кәкітай мен Турағұл Абайдың өлеңін, қара сөзін жинап бастыруға талаптанды. Өзі тірі күнінде Абай жазғандарын реттеп кітап қып жиғызбаған. Бір-екі бет қағазға жазып, ел қолына тарап кеткен. Көшіріп, жазып алып, қайсыбіреулері жаттап алатын болған. Сол бытырап кеткен өлеңдерді жинау, оны реттеу оңай болған жоқ. Пәленшеде пәлендей өлеңі, яки қара сөзі бар еді-ау деп іздеп тауып алатын болды. Немесе пәленше жатқа білуші еді деп сұрап жазып алып жүрді. Ол өлең мен қара сөз бар деген адамдардың өзі жақсы сақтамаған. Керексіз етіп жыртып жоғалтқандары көп болды. Мысалы, өз көзім көрген бір жағдай: Кәкітай бір күні: «Мен Жидебайға барамын, сен маған ер», – деді. Екеуміз салт атпен жүріп отырып түс кезінде Абай қорасына жетіп едік. Кәкітай ол ауылға соқпай, Жидебайдың күнбатыс жағында мешіт, медіресе салып имам болып тұрған Кішкене молланың баласы Махмұт молланың аулына тартты. Махмұт Кәкітаймен құрбылас болатын. Кәкітайдың алдына шығып, атын ұстап, құрметтеп үйіне кіргізді. «Союға мал әкеліп, шәй қайнат», – деп әйеліне бұйырып жатты. Сонда Кәкітай: – Әй, Махмұт, «Вадим» қайда, әуелі соны алып кел, – деді. Махмұт сасқалақтап абдырасын, сандығын ақтарып жүріп ортасы жыртылған бес-алты беттей тозған қағаз алып келіп: – Кәке, бар болғаны осы, – дегенде Кәкітай: – Бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе? – деді. Махмұт:

– Үлкен ұят болды, мына Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, жоғалтып тастапты. Өзім апарып берем, деп сізге уәде еткен едім, бетім күйіп апара алма­-
дым, – дегенде Кәкітай ашуланып, қарайып кетті де:

– Әй, Махмұт, сені ел имам сайлап, бала оқытып, молла қылып жүр. Сен молла болмақ түгіл мұсылман емессің. Абай ағамнан көрген жақсылығыңды әкеңнен де көрген жоқсың. Құдайдан қорықпай Абайдың «Вадим» сияқты зор еңбегін мына қараборбай балаңа беріп жыртқызғаның не? – деді де жыртық қағаздарды бүктеп қалтасына салып, дайындап қойған тамағына қарамай, атына мініп Абай аулына жүріп кетті. Осы күнгі Абай жинағына кіріп, арты жоқ болған «Вадим» поэмасы әуелде көлемді үлкен поэма екен» (Абай туралы естеліктер, 170 б.).

Қолжазба нұсқалар мен әр жылдағы басылымдарда елеулі текстологиялық айырмашылық жоқ.

2-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Ол
мұ­на­ра – сопылардың тұрар жері» болып басылған. 1995 жылғы жинақта: «Ол
монастрь – сопылар тұрар жері» деп алынған.

1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде 4-шумақтың 3-тармағы: «Ладан деген иісті от тұтатып» болып жазылған. 1995 жылғы жинақта бұл тармақтағы «от» сөзінің орнына «май» сөзі жазылған.

5-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Тас күмбезде сыбыры күңгірлейді», ал 1907 жылғы қолжазба көшірме мен 1995 жылғы жинақта «сыбыры» сөзінің орнына «сыбдыры» сөзі жазылған.

Бұл басылымды бұл шумақта 1995 жылғы басылымда «сыбдыр» сөзі екі рет қайталанып тұрғандықтан, оның үстіне тас күмбездің ішінде сыбдырдан гөрі сыбырдың әсері қатты болатынын ескеріп, «сыбыр» сөзі алынды.

6-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Жан ашыр жоқ дүнияда жетім қалған» болып басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта: «Жан ашырсыз дүниеде жетім қалған» деп алынған. Бұл басылымда 1906 жылғы қолжазбадағы нұсқа алынды.

8-шумақтың 3-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Аш итше бір теңгеге топыр қағып» деп басылған, 1995 жылғы жинақта «теңге» сөзінің орнынан «тиын» сөзі жазылған. Бұл басылымда қолжазба бойынша түзетілді. Бұл жерде сөз нақты бір ақша мөлшері туралы болып тұр. «Тиын» сөзі жалпы ақша мағынасында емес, нақты бір тиын болып естіледі.

9-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Ұялған соң тастаған бір мыс басын» болып басылса, 1995 жылғы жинақта «Ұялғаннан» деп басталған. Бұл басылымда қолжазба бойынша қалдырылды.

11-шумақтың 1-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Сұр ерін, аузы жұқа, ши тістеп» деп жазылған. 1995 жылғы жинақта: «Сұр ерін, өзі жұқа, жиі тістеп» деп басылған. Бұл басылымда 1995 жылғы нұсқамен қалдырылды.

12-шумақтың 2-тармағы 1906, 1907 жылғы қолжазба көшірмелерде: «Бір тиын нәрсе, таласып, үймелейді» болып басылған. 1995 жылғы жинақта: «Бір тиынға таласып үймелейді» деп жазылған.

19-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Көзі, түсі оңып, нұры қайтқан» болып басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта: «Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан» деп алынған.

22-шумақтың 3, 4-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Есікке шегелеулі құлыбы бар, Бір сандыққа барды да соған салды» деп жазылыпты. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта: «Есікте шегелеулі құлыбы бар, Бір сандық бар, барды да соған салды» деп басылған.

24-шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Бәрің бірдей шайнаспай, бөліп ал!, – деп» болып басылған. 1995 жылғы жинақта: «шайнаспай» сөзінің орнына «таласпай» сөзі жазылған.

25-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «Осылар елдің тынышын алды бүтін» деп басылған. 1995 жылғы жинақта «бүтін» сөзінің орнына «бүгін» сөзі жазылған.

25-шумақтың соңғы тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Ойламай, бәрін аштан өлтіретін» болып басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта: «Ойламай» сөзінің орнына «ұялмай» сөзі жазылған.

26-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «От жалындай бұл байға көзін тіккен» болып жазылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта «бұл» шылауының орнына «сол» деп жазылған.

27-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазба көшірмеде: «– Не керек? – деп әлгі шал күңкіл етті» болып басылған. Бұл тармақ 1995 жылғы жинақ пен 1907 жылғы қолжазбада: «– Не керек? – деп әлгі шал бір күңк етті».

31-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «– Атым Уадим, – деп еді, бай да ұнады» деп басылған. 1995 жылғы жинақта бұл тармақ: «– Атым Уадим, – деп еді, байға ұнады» болып берілген.

32-шумақтың 2-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Ертіп жүрген екеуге бай да жолда» деп басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта: «Ертіп жүрген екеуге байды жолда» деп жазылған.

33-шумақтың 4-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Тани алмай ырылдап ит те үрді» болып басылған. 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы кітапта: «Танымай арылдасып иттер үрді» деп берілген.

34-шумақтың 1-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Уадим іздегенін тапты, міне». 1995 жылғы жинақта: «Вадим де іздегенін тапты мына» деп берілген.

Осы шумақтың 3-тармағы 1906 жылғы қолжазбада: «Шіркеудегі сертті ойлап, айтқан сөзді» деп басылған. 1995 жылғы басылымда: «Шіркеудегі сертті ойлап, айтқан сөзі» деп берілген. 4-тармағының соңғы сөзі 1906 жылғы көшірмеде: «ғана», 1995 жылғы жинақта «күнә» деп басылған.

37-шумақ 1906 жылғы қолжазбада:

Бірінші, ішпек, жемек, семірмек, есінемек,
Еріккеннен жалшыға бос зекірмек.
Екінші ұрыспастан, кезінде өзі ұрысқансып,
«Олай емес, білмейсің, бұлай», – демек.

Бұл шумақ 1907 жылғы қолжазба мен 1995 жылғы жинақта:

Ішпек, жемек, семірмек, есінемек,
Еріккеннен жалшыға бос зекірмек.
Бай ұрыспастан, кезінде өзі ұрысқансып,
«Олай емес, білмейсің, бұлай», – демек.

Бұл жаңа жинаққа осы мәтін берілді. 1907 жылғы қолжазба «аяғы бітпей қалған» деген ескертумен аяқталған. 1906 жылғы қолжазбада ондай ескерту жоқ.

Абайдың бұл аудармасы Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбасы арқылы басылым көріп келеді.

Төменде мысал ретінде орысша түпнұсқаның басынан үзінді беріп отырмыз.

ВАДИМ
Часть 1-я
Глава I

День угасал; лиловые облака, протягиваясь по западу, едва пропускали красные лучи, которые отражались на черепицах башен и ярких главах монастыря. Звонили к вечерни; монахи и служки ходили взад и вперед по каменным плитам, ведущим от кельи архимандрита в храм; длинные, черные мантии с шорохом обметали пыль вслед за ними; и они толкали богомольцев с таким важным видом, как будто бы это была их главная должность. Под дымной пеленою ладана трепещущий огонь свечей казался тусклым и красным; богомольцы теснились вокруг сырых столбов, и глухой, торжественный шорох толпы, повторяемый сводами, показывал, что служба еще не началась.

У ворот монастырских была другая картина. Несколько нищих и увечных ожидали милости богомольцев; они спорили, бранились, делили медные деньги, которые звенели в больших посконных мешках; это были люди, отвергнутые природой и обществом (только в этом случае общество согласно бывает с природой); это были люди, погибшие от недостатка или излишества надежд, олицетворенные упреки провидению; создания, лишенные права требовать сожаления, потому что они не имели ни одной добродетели, и не имеющие ни одной добродетели, потому что никогда не встречали сожаления.

Их одежды были изображения их душ: черные, изорванные. Лучи заката останавливались на головах, плечах и согнутых костистых коленах; углубления в лицах казались чернее обыкновенного; у каждого на челе было написано вечными буквами н и щ е т а! – хотя бы малейший знак, малейший остаток гордости отделился в глазах или в улыбке!

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы