Қолжазбалардың ғылыми сипаттамасы

Княз Худашевтің қолжазба нұсқасы

Аталуы: Абайдың өлеңі
Көшіруші (хаттат): Княз Худашев (k01)
Худашев В. А. ‒ княз. Қазақ халық әдебиетінің үлгілерін жинауға қатысқан. Ол туралы басқа деректер жоқ.
Көшірілген жылы: 1897 ж.
Басқы сөзі (4-б.):

k02

Соңғы сөз (200-б.):

k03

Қағазы: Микрофильмнен ақ түсті қатты қағазға фотокөшірме жасалған.
Әріп-сиясы: Қара сиямен, қадім үлгісінде көшірілген.
Беттелуі: Фотокөшірменің үстіңгі жағына қара сиямен микрофильмдегі нөмірі берілген (7:9656.1; 7:9657.1…). Кәтіп (көшіруші) тарапынан қолжазба нөмірлінбеген.
Мәтіннің орналасуы: Қолжазбаның берілуіне қарап кәтіптің (көшірушінің) кәсіби хұснихатшы емес екендігін аңғаруға болады. Ғасырлар бойына қалыптасқан қолжазбаны көшірудің түзу қағидалары ескерілмеген. Сондықтан да өлең жолдары бәйіт қалпында емес, әр жол сайын тізіліп, нөмірленіп берілген. Бір бетте 29 жол, ал келесі бір бетте 36 жол жазылған. Нұсқада дәстүрлі қолжазбалардағы қағидалардың сақталмағандығын әрі хаттаттың жазу мәнеріне қарап, бұл қолжазба біреу үшін емес, өзі үшін көшірілген деуге негіз бар.
Аннотациясы. Қолжазбаның бірінші бетінде « 1897 » яғни «Княз Худашевтің қолжазбасы (автограф) 1897 жылы жазылған» деген мәлімет берілген. Бұл сөйлемнің жазылу мәнеріне қарап, оның кейіннен жазылғанын аңғаруға болады.
Осы бетте «Абайдың өлеңдері» деп тақырып қойылып, кирилл әріптерімен қолжазбаның мазмұны берілген.
Қолжазбаның екінші бетінде « » «А.Қ-ұлының қазақ елінің үшбу замандағы әф‘әлләрінә мунасиб (толғау) ши‘рларындын» яғни «А.Қ-ұлының қазақ елінің осы замандағы пейілдеріне қатысты (толғау) өлеңдерінен» деп жазылған.
Десек те, қолжазбада Абайдың туындыларымен бірге Садуақас Шормановтың да бірнеше өлеңі берілген. Кәтіп (көшіруші) екі ақынның шығармаларын қатар көшіргендіктен де, өлеңдердің астына кімнің қаламына тиесілі екендігін жазып отырған () («А.Қ.; С.Ш.»).
Садуақас Шормановтың өлеңдерімен бірге Абайдың мынадай жыр жолдары берілген: «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қыран бүркіт не алмас, салса баптап», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым», «Бүркітші күн боранда шығады аңға», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұнан бұрын көп айтқанмын», «Ұрлық, сұмдық, қулықпен мал табылмас», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Қараша менен желтоқсан сол бір-екі ай», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Бойы бұлғаң».

Княз Худашевтің қолжазба нұсқасынан үзінділер

Бұл өлеңдердің әр жолы араб санымен нөмірленген
(« », «»,
« »). Осындағы алғашқы алты өлең реттік санымен белгіленген де (209 жол), «Бүркітші күн боранда шығады аңға» деген өлеңнен реттік саны жаңадан басталған. Одан кейінгі өлеңдері жеке-жеке нөмірленген. Ақынның бүгінгі жинақтарда жеке туынды ретінде беріліп жүрген «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұнан бұрын көп айтқанмын» өлеңдері «Сұхбат» деген атпен бір өлең ретінде тұтас берілсе, «Ұрлық, сұмдық, қулықпен мал табылмас», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген шығармалары «Кәсіп» деген атпен біріктіріліп жазылған. Сондай-ақ, «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдер бір реттік санмен берілген.
Қалпына келтірілуі: Қолжазба микрофильмде сақталып, кейіннен фотокөшірмесі жасалған.
Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бірақ микрофильмнен көшірілгенде кейбір беттері қисық түскен.
Көлемі: Электрондық нұсқасында 32 бет.

Княз Худашев қолжазбасының сақталған pdf нұсқасы

Садуақас Шормановтың қолжазба нұсқасы

Аталуы: Абай سعد)

Көшіруші (хаттат): Садуақас Мұсаұлы Шорманов
(وقاص موسی اوغلی چورمانوف

Шорманов Садуақас Мұсаұлы (1849–1927) ‒ қоғам қайраткері, ақын. Абай өлеңдерін, қазақ ақындарының шығармаларын жинап, кітап етіп бастыру үшін Санкт-Петербург қаласына алып барады. Бірақ сырқаттанып қалуына байланысты елге қайтып кетеді. 1897 жылы қазан айында баспаға даярлаған қолжазбада Абайдың бірнеше өлеңі бар. Бұл қолжазбаны Садуақас Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры П.И.Мелиоранскийге тапсырған. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада, академик А.Н.Самойловичтің архивінде сақталуда.

Көшірілген жылы: 1897 ж.

 

Басқы сөзі (4-б.):

Соңғы сөз (200-б.):

Қағазы: Микрофильмнен сарғыш түсті қағазға фотокөшірме жасалған.
Әріп-сиясы: Қара сиямен қадім үлгісінде көшірілген.
Беттелуі: Фотокөшірменің үстіңгі жағына қанық қара сиямен микрофильмдегі нөмірі берілген (15:2569.1; 15:2570.1…). Ал, көшірменің ортасына қарындашпен бір нөмірленсе, сол беттің оң жақ тұсына екінші рет қайта белгіленген. Алайда екі нөмір бір-бірімен сәйкес келмейді әрі қолжазбаның беттелу жағына қарама-қарсы қойылған.
Мәтіннің орналасуы: Көшірме кәсіби тұрғыда жасалған. Әр беттің соңында келесі бәйіттің бастапқы сөзі жазылған. Дәстүрлі қолжазба дайындау қағидалары қатаң сақталған. Мәтіндердің орналасуы дәстүрлі манзумалар (диуан, баяз) үлгілеріне ұқсайды. Сондықтан да өлең жолдары бәйіт-бәйіт болып, мәснәуи қалыбымен өрілген (9 бәйіт, 18 жол). Ал кейбір өлеңдер бәйіттік үлгіде, ғазал формасымен жазылған (20 бәйіт, 40 жол). Хаттаттың жазу мәнері ХVII–ХІХ ғғ. қолжазбаларға өте ұқсас.
Аннотациясы. Қолжазбаның бас жағында кәтіптің өзі былай жазған:

«Бу фәқирдин бә‘зі қазақ бірадәрләріміз илтимас әйтділәр қазақ тілінде болыб айтылмыш мақал, әбийат, мәрсийә мәшһур адамлар хәққіндә арар илтимас жиыб бир мужму‘ә әйләсәң шайәд басма олұнса бізнің әсәрләріміз де заи‘олымай мәйданға түссе файдәдін хали булмас еді демек рижаларына бинаән бірнечелерін жәм‘ әйләб бұ китабчаға «Башчы» ат бердүм, ғәйріләрға башчы болмағын умид етүб. Әмин. Һәр әбийатының ахирында айтучыларның исмләрде бір-екі хуруф илән ишар әйләдім кімдін тәсниф етулгәні мә‘лум үчүн. Сә‘дуаққас Муса оғлы Чурманов. 1897.».
Яғни, «Мына пақырдан кейбір қазақ бауырларымыз өтініп айтты: «Қазақ тілінде болып айтылған мақал, бәйіттер, мәсрийә (жоқтау), атақты адамдар туралы (айтылғандарды) жиып, жинақ жасасаң. Жарыққа шықса, біздің шығармаларымыз да зая кетпестен, майданға түссе, пайда болмаса, зияны болмас еді», – деген өтініштеріне орай бірнешеуін жиып, басқаларға басшы болсын деген үмітпен осы кітапшаға «Басшы» деп ат қойдым. Әмин. Әр бәйіттің соңына кімнің жазғаны белгілі болуы үшін айтушылардың аттарын да бір-екі әріппен ишара еттім. Садуақас Мұсаұлы Шорманов. 1897».

Садуақас Шормановтың қолжазба нұсқасынан үзінділер

Садуақас Шорманов бұл қолжазбасына қазақтың мақал-мәтелдері, дастандарымен бірге басқа ақындардың өлеңдерін де қосқан. Солардың қатарында Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұнан бұрын көп айтқанмын», «Өлеңді мен айтпаймын ермек үшін», «Ұрлық, қулық, сұмдықпен мал табылмас», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Бойы бұлғаң», «Бүркітші күз болғанда шығады аңға», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Қараша, желді тоқсан сол бір-екі ай», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деген өлеңдерін берген.
Бүгінгі жинақтардағы екі-үш өлең мұнда біріктіріліп берілсе, келесі бір өлеңдердің шумақ саны жетіспейді.
Қалпына келтірілуі: Қолжазба микрофильмде сақталып, кейіннен фотокөшірмесі жасалған.
Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бояулары қанық. Десек те кейбір беттері жоғалған.
Көлемі: Электрондық нұсқасында 153 бет.

Садуақас Шорманов қолжазбасының сақталған pdf нұсқасы

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы