Қолжазбалардың ғылыми сипаттамасы

Шериаздан Марсековтің қолжазба нұсқасы

Аталуы: Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының көшірмесі.

Көшіруші (хаттат): Шериаздан Марсеков (k80)

Шериаздан Марсеков (1882–1938) – қоғам қайраткері. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Ағасы, Алаш қайраткері Райымжанмен бірге Көкпекті уездік орыс-қазақ мектебінде, одан әрі Омбының гимназиясында оқыған. Оқу-ағарту саласында қызметтер атқарған.

Көшірілген жылы: 1934 ж.

Басқы сөзі (2-б.):

k81

Соңғы сөз (200-б.):

k82

Қағазы: Арба жолды сары түсті түптелген дәптер.

Әріп-сиясы: Төте жазу үлгісінде, көк сиямен көшірілген.

Беттелуі: Қара қарындашпен әр беттің төмен жағындағы ортасына араб санымен нөмірленген.

Мәтіннің орналасуы: Ұзын буынды өлеңдер екі қатар, ал қысқа буынды өлеңдер үш қатар болып жазылған. Соған қарай 21 қатарға 42 не 73 өлең жолы көшірілген. Өлеңдер «Бөлім» деп аталып, рим санымен нөмірленіп, жаңа жолдан жазылған (k83). Кейбір өлеңдерінің тақырыбы қоса берілген (Мысалы: k84).

79–80-бб. аралығында Кәкітай Ысқақұлының 1909 жылғы тасбаспаға жазған «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірі» деген алғысөзі «Абайдың өмірі» деп қайта көшірілген.

Аннотациясы:
Қолжазба басталатын тұста «k85

k86» «1-ден бастап 84-ге дейін Абай Құнанбайұлының тәлімдері, 85-тен аяғына шейін Шәкерім Құдайбердіұлының тәлімдері» деп жазылған. Яғни, қолжазбаның алғашқы бетінен 84-бетке дейін Абай өлеңдері көшірілген.

Қолжазбаның екінші бетінде орта тұста қара түсті сиямен «k88  k87» «Жинаушы Шериаздан Марсеков» деп жазылған.

Қолжазбаның сипаттамасы жазылған бетте «Жазылған мерзімі мен жері» деген жерде «1932 жылы көшірілген» деген анықтама берілген. Алайда, кәтіп бұл қолжазбасын 1934 жылы наурыз айында көшіргенін бірнеше жерде атап өтеді.

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлең мұнда екіге бөлініп берілген. Осындағы «Қажымас, қайта айнымас, қайран тату!» деген жолдан кейін өлең аяқталып, «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас» деген жер «Х бөлік» деп жаңа жолдан жазылған. Осы өлеңнің соңына кәтіп (көшіруші)
«k89N » «34 жылы ІІІ/ 5 күні» деп өлеңнің көшірілген тарихын көрсеткен (10-б.). Ал «Бөтен елде бар болса» деген өлеңнің соңына «k90 k91» деп берген (13-б.). Сондай-ақ, 24-бетте «8.ІІІ.34»; 35-бетте «9.ІІІ.34»; 44-бетте «10.ІІІ.34»; 53-бетте «12.ІІІ.34»; 82-бетте «16.ІІІ.34» деп, өлеңдердің көшірілген уақытын жазып отырған. Осы жерде «Бөтен елде бар болса» деген өлеңнің соңында ғана 1932 жыл («м.32 ж. ІІІ/6 с.») деп жазылғанымен де, басқа жерлерде «1934 жыл» екені ашып көрсетілген. Ал, Абай өлеңдері аяқталатын тұста кәтіп «1934.ІІІ.16» деп, 1934 жылы наурыздың 16-шы жұлдызы екендігін ашып жазған.

Шериаздан Марсековтің қолжазба нұсқасы​нан үзінділер

Кәтіп Марсеков бұл қолжазбаны көшіруде өзіне дейінгі қолжазбалар мен тасбаспалардың ішінде қай нұсқаға сүйенгендігі белгісіз. Десек те, көп тұстары алғашқы литографиялық басылыммен (1909 ж.) сәйкес келіп отырады (тіпті Санкт-Петербургтағы жинақта жарық көрген Кәкітайдың алғысөзін де көшірген). Алайда тасбаспада берілген өлеңдердің кейбірі бұл қолжазбада кездеспейді. Мысалы, Абайдың орыс ақыны Крыловтан жасаған «Шырылдауық шегіртке» деген аудармасынан кейін келетін «Бір таудағы хайуанды бір арыстан», «Қарға мен түлкі», «Есек», «Бақа мен бұқа», «Піл мен қанден», «Аттың сыны» деген шығармаларын қалдырып, бірден «Масғұт әңгімесін» көшірген (74–77-бб.). Литографияда одан кейін келетін «Ескендір әңгімесін» қалдырып, «Ең қызық жастық, Көңілде мастық» деп басталатын «Жастық» өлеңін берген (77–78-бб.). Қолжазбаның 79–87-беттерінде Кәкітай Ысқақұлының 1909 жылғы литографияға жариялаған алғысөзін «Абайдың өмірі» деген атпен көшірген. Бірақ алғысөздің соңғы жағында келетін «Абай жазған өлеңдерінен басқа әншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат» деп басталатын абзацты қысқартып, «… табатын түрлі тілде басылған кітаптар еді. 1934.ІІІ.16» деп бітірген.

Сонымен бірге, Кәкітайдың өз алғысөзінде мысал ретінде келтірген «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлең «Қара жер, өлсем орным сыз болмай ма?» деп «өңделіп» берілген (82-б.).

Марсеков қолжазбасының басқа нұсқалар мен алғашқы тасбаспалардан басты айырмашылығы – жәдид үлгісінде көшірілгенінде. Кәтіп төте жазудың барлық талаптарын сақтамағанымен де, бір дыбысқа бір таңба қағидасынан алшақ кетпеуге тырысқан.

Қалпына келтірілуі: Арнайы мұқабамен қапталған. Кейбір жерлері желімделген.

Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бояуы қанық, әріптері анық.

Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі – 136 бет, электрондық нұсқасында 142 бет.

Шериаздан Марсеков қолжазбаcының сақталған pdf нұсқасы

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы