Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Аталуы: Абай өлеңдері. Абайдың әдеби хатшысы Бікіұлы
Мүрсейіт көшіріп жазған қолжазбасы. 1905 жыл.
Көшіруші (хаттат): Абайдың әдеби хатшысы Бікіұлы Мүрсейіт көшіріп жазған.
![]()
Мүрсейіт Бікіұлы (1860, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы – 1917, сонда) – Абай шығармаларын жинап, көшіруші, насихаттаушы. Семейде орыс мектебінде, кейін Бұхарада білім алған. Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь, мектепте мұғалім болған. Абай оны ауылына алдырып, бала оқыттырады. Абай оған өз өлеңдерін жинап, жазып жүруді тапсырған. Мүрсейіт бұл тапсырманы ыждағатпен орыңдайды. 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек көрсеткен. Абай шығармаларының түпнұсқасы сақталмағандықтан, Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа саналады.
Көшірілген жылы: 1906 ж.
Басқы сөзі (2-б.):
![]()
Соңғы сөз (200-б.):
![]()
Қағазы: Арба жолды дәптер парағы.
Әріп-сиясы: Қадім жазу үлгісінде, қара сиямен көшірілген.
Беттелуі: Қызыл сиямен әр парақ, қара сиямен әр бет нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Өлең жолдары, негізінен, дәстүрлі бір бәйіт үлгісінде көшірілген. Бір бетте 22 қатардан, яғни 44 жолдан түскен. Ал, қысқа буынды өлеңдері бір қатарға төрт жолдан жазылған. Өлеңдерінің арасы бір жол тастаумен ажыратылған. Ал кейбір өлеңдері мен аудармаларының тақырыбы және кімнен аударылғандығы жазылған (Мысалы:
)
Қара сөздері араб санымен нөмірленіп (мысалы: 3-ші сөз, 9-шы сөз), рет-ретімен берілген.
Аннотациясы. Қолжазба екі бөліктен тұрады. Алғашқы жартысында ақынның өлеңдері көшірілген ( 2–114-бб. арасы). Екінші бетте ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген жолы бірінші жақтан «Қартайдым, қайғы ойладым, ұйқы сергек» деп өзгертіліп, бес жолы ғана жазылған. Үшінші беттен Абайдың «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек» деген өлеңімен басталып, «Қорасына бір байдың, Түнде кірді ұрылар» деген аудармасымен аяқталған. Ақын өлеңдері аяқталатын жерде «Жүремін, жүремін, нағып жүр деген жан жоқ мені бір, Жүрегім суық, көңілім кір, Пәруардігер өзің біл» деген белгісіз бір ақынның өлеңімен аяқталған.
Қолжазбаның екінші жартысы ақынның қара сөздерінен тұрады (129–200-бб.). Қара сөздер басталардың алдында «Мусәнниф Ибраһим марқұм Құнанбайұлының қазақтың мінездері туралы айтқан сөзі уә насихаты жәдігер үшін тиішлі-дүр Микәйіл Ибраһим ұлына, жазылды фи сәнә 1324 мин һижрәти хатәмун-нәби, 1906 сәнә миләди» деп жазылған.

Қара сөздер төртке бөлініп көшірілген: қара сөздер, «Китәб тасдиқ», «Насихат» және «Сохрат хакімнің сөзі». Қара сөздер нөмірленіп отырған. 130–178-бб. арасында қара сөздері берілсе, 179–192-бб. арасында «Китәб тасдиқ» еңбегі жазылған. Осы жерде «Жазған Мүрсейіт Бікіұлы» деп ашып көрсетілген. Келесі беттен бүгінгі жинақтардағы отыз жетінші сөз «Насихат» деп аталып, 16 насихаты берілген. Осы насихаттардың он үшіншісі – бүгінгі жинақтарға енгізіліп жүрген қырық бесінші сөз. Қолжазбаның 197–200-бб. «Сохрат хакімнің сөзі» берілген. Осы сөздің соңында көк сиямен «Абай Ибраһим Құнанбай қажы ұлы» деп жазылған. (Жазылу мәнеріне қарағанда бертінде жазылған деп топшылауға болады).
Мұқабаның ішкі жағына араб әріптерімен «Абай өлеңдері. Абайдың әдеби хатшысы Бікіұлы Мүрсейіт көшіріп жазған қолжазбасы. 1905 жыл. 1/ІХ.61» деп жазылған. (
). Соған қарағанда қолжазба 1961 жылдың 1 қыркүйегінде түптелген деуге болады. Келесі бетте машинкамен «Абай Құнанбайұлының шығармалары. Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікіұлының қолжазбасы. 1905 жыл. Абай өлеңдері мен қара сөздері. Араб әрпінде» деген анықтама берілген.
_______________
1Осы уақытқа дейін Мүрсейіт Бікіұлының бұл қолжазбасы 1905 жылы көшірілген деген пікір қалыптасқан болатын. Алайда осы нұсқаның 129-бетінде «йазылды 1324 сәнә мин һижрәти хатәмун-нәби, 1906 сәнә миләди» деп, қолжазбаның 1906 жылы көшірілгені ашып айтылған. Сондықтан да, кәтіптің осы жазбасына сүйеніп, біз де «1906 жыл» деп көрсеттік.
Қолжазбаның соңында «Всего: 99 листов. Құнанбаев Абайдың қолжазбалары, 1905» деп көрсетіліп, өлеңдердің берілу тәртібі жасалған. Бірақ толық емес. Қалған беттері жоғалған.
Қолжазбаның бас жағында кейінгі түптеушілер тарапынан 1905 жылы көшірілгені айтылғанымен де, қара сөздер басталатын 129-бетте «Мусәнниф Ибраһим мәрхум Құнанбай оғлының қазақның мінезлері тұғралы айтқан сөзі уә насихаты йадгәр үчүн тиішлі-дүр Микәйіл Ибраһим оғлына, йазылды 1324 сәнә мин һижрәти хатәмун-нәби, 1906 сәнә миләди» яғни «Автор Ибраһим марқұм Құнанбайұлының қазақтың мінездері туралы айтқан сөзі мен насихаты, жәдігер Микәйіл Ибраһимұлына тиесілі, пайғамбарлардың соңының (яғни, Мұхаммед) һижретінің 1324 жылы, миләди 1906 жылы жазылды» деп, бұл нұсқаның 1906 жылы жазылғаны ашып көрсетілген. Соған қарағанда қолжазбаның көшірілу тарихын түптеушілер қате жіберген немесе өлеңдерін көшіру 1905 жылы басталып, қара сөздері 1906 жылға дейін жалғасқан болуы ықтимал. Олай деуімізге себеп, өлеңдер мен қара сөздер жалғасатын жерде 15 бет жетіспейді. Әрі өлеңдер аяқталатын тұста жазылу мәнері бөлек бір өлең («Жүремін, жүремін, нағып жүр деген жан жоқ мені бір, Жүрегім суық, көңілім кір, Пәруардігер өзің біл») берілсе, қара сөздер аяқталатын тұста қағазы өзгеше, жазылу мәнері бөлек, Абай қаламына тиесілі емес 8–10 жолдық екі өлең жазылған (201–202-бб.). Ол беттердің көнергені соншалық, әріп таңбаларын айырып оқу қиын. Осы екі-үш беттен басқа жерлердің қағазы, сиясы, жазылу мәнері бірдей. Жаңа айтылған өзгешеліктер не хаттат (көшіруші) тарапынан немесе түптеушілер тарапынан біріктірілген болуы мүмкін.
Хұснихатшының әр қолжазбаны белгілі бір адамға арнап көшіретінін ескерсек, осы нұсқаның ішіндегі «жәдігер үшін тиішлі-дүр (тиесілі) Микәйіл Ибраһим ұлына» деген жазбаға қарап, бұл нұсқаның Абайдың ұлы Микәйілге тиесілі екендігін аңғаруға болады.
Қалпына келтірілуі: Арнайы мұқабамен қапталған. Кейбір жерлері желімделген.
Ақауы: Қолжазба тозған, алғашқы һәм соңғы беттегі жазулар оқылмайды. Алғашқы сегіз беттегі өлең жолдарының оң жақтағы бөлігінің бас жағы өшіп қалған. 108–109-бб. қолжазбалардың жартысынан көбі жыртылған. Кейбір беттері жоғалған. Қолжазбада берілген нөмірлер бойынша 6–9; 114–129-беттер арасы жоқ.
Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі – 200+2 бет, электрондық нұсқасында 192 бет.
Аталуы: Кітап Ибраһимның «Қазақтың мінәзлары». Мүрсейіт көшірмесінде.
Көшіруші (хаттат): Мүрсейіт Бікіұлы (
)
Көшірілген жылы: Наурыз, 1907 ж. (мухаррам, 1325 һижри күнтізбесі бойынша).
Басқы сөзі (2-б.):
![]()
Соңғы сөз (200-б.):
![]()
Қағазы: Ақ түсті түптелген дәптер.
Әріп-сиясы: Қадім жазу үлгісінде, қара сиямен көшірілген.
Беттелуі: Әр парақтың сол жақ бұрышына қара қарындашпен рим санымен, ал әр беттің ортасына қара сиямен араб санымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Өлең жолдары, негізінен, дәстүрлі бір бәйіт үлгісінде көшірілген. Бір бетте 20 қатардан, яғни 40 жолдан түскен. Ал, қысқа буынды өлеңдер бір қатарға үш жолдан, кейде төрт жолдан жазылған. Өлеңдердің арасы реттік нөмірі бойынша араб санымен ажыратылған. Ал, кейбір өлеңдері мен аудармаларының тақырыбы және кімнен аударылғандығы ашып жазылған (Мысалы:
)
Қара сөздері араб санымен нөмірленіп (мысалы:
-ші,
-шы), рет-ретімен берілген.
Аннотациясы. Қолжазба екі бөліктен тұрады. Алғашқы жартысында ақынның қара сөздері төртке бөлініп жазылған: «Китәб ‘әқли» (2–54-бб.), «Насихат» (55–56-бб.), «Китәб тасдиқ» (57–72-бб.) және «Сохрат хакімнің сөзі» (72–75-бб.). Қара сөздер араб санымен көрсетілген (мысалы:
-ші,
-ші).
Қолжазбаның екінші бетінде «Китәб ‘әқли» («
») басталатын тұста:
![]()
![]()
«…Ибраһимның қазақның мінәзлары… йазыб йадгар қалдырған сөзін йаздым … Бікі оғлы һижретнің фи сәнә 1325 мин һижрәти … фи шәһри мухәррәм, сәнә 1907 миләди март» яғни «Ибраһимның қазақтың мінездері… жазып жәдігер қалдырған сөзін жаздым… Бікіұлы, һижреттің 1325 жылы, мухаррам (айы), миләди 1907 жыл, март», – деп жазылған. Яғни, қолжазба Мүрсейіт тарапынан 1907 жылы наурыз айында көшірілген.
«Китәб ‘әқли» бөлімінің бірінші сөзі «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» деп, бүгінгі жинақтардағы үшінші сөзбен басталған. Өкінішке орай, қолжазбаның алғашқы 2–5-беттер арасы жыртылып, дұрыс сақталмағандықтан да, бұл қара сөзді толық оқу мүмкін емес. Бүгінгі жинақтардағы қара сөздердің нөмірі қолжазбадағы реттік санымен сәйкес келмейді. «Китәб ‘әқли» біткен тұста (72-б.) «
» «Тәммәтул-китәб би‘әуни мулкул-уәһһәб» яғни «Кітап Жомарттық патшалығының иесінің (Алланың) көмегімен аяқталды» деп, осы «Ақыл кітабын» көшіріп біткені үшін Аллаға шүкіршілік еткен.
Осы бетте көк сиямен «
» яғни «1921 жылдан кітап иесі…» деп берілген. Бұл жазудың жазылу мәнері өзгеше. Соған қарағанда кейіннен жазылған болуы ықтимал.
«Китәб тасдиқ» бөліміндегі кейбір сөйлемдер (60, 61, 65, 66, 68–69-бб.) қара қарындашпен хашия түрінде жазылған. Әсілі кәтіп көшірген уақытта ұмытып кетіп, кейіннен түзетіп, айналасына қайта жазып шыққан болуы ықтимал. Осы «Иман кітабы» жазылған беттер дұрыс сақталмағандықтан да, қағаздың төменгі жақтарына су тиіп, әріптері өшіп кеткен.
Абайдың қара сөздерін «Сохрат хакімнің сөзі» аяқтайды (75-б.). Содан кейін ақынның өлеңдері басталған. Өкінішке орай, қара сөздер аяқталып, өлеңдер басталатын жерде екі бет жетіспейді (76–77-бб.). Ақынның өлеңдері «Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп, Не қорлық құр қалжыңмен күн өткізбек?» деген жолдармен басталған (78-б.). Абайдың «Біреуден біреу артылса, Өнер өлшеніп тартылса» деген өлеңінің «Ит көрген ешкі көзденіп, Елерме жынды сөзденіп» деп басталатын бесінші шумағы қара сиямен жазылса, осы өлеңнің алтыншы һәм жетінші («Кісімсіп белгілі білгіш, Біреуге сондай-ақ күлгіш» деп басталатын жолдан бастап) шумақтары хашия түрінде көшірілген (82-б.). Соған қарағанда кәтіп қолжазбаны көшіріп шыққан соң, кейіннен үстінен қарап, қара сиямен қайта толықтырған болуы мүмкін. Кейіннен қайта толықтырылған мұндай жерлер бірнеше жерде кездеседі (84, 113, 116, 182, 193-бб.).
Абай өлеңдерінің топтамасы «Қарасаңшы бойыңа, Баяғы ұзын құлақ қалпың ғой. Жұрт ергені соңыңа, – Үстіндегі алтын ғой» деген жолдармен аяқталған (227-б.). Алайда осы беттің төмен жағында «Сонымен бет-бетімен тарқап кетті, Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті» деп, «Масғұт» поэмасының соңғы екі шумағы берілген.
Қолжазбаның 228–229-беттері жоғалған. Соңғы үш бетінде (230–232-бб.) «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» қара сөзінен басы не аяғы жоқ үзінділер берілген.
Қалпына келтірілуі: Арнайы мұқабамен қапталған. Кейбір жерлері желімделген.
Ақауы: Қолжазба тозған, алғашқы 4 беті (2–5-бб.) жыртылған. Кейбір беттері жоғалған (76–77; 99–104; 129–134; 179–180; 199–200; 216–217; 228–229; 227–230-бб.). Су тигендіктен де, кейбір жерлері өшіп кеткен (64–74-бб.; 113–120-бб.; 221–224-б.).
Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі – 232 бет. Кейбір беттері жоғалғандықтан, электрондық нұсқасында 208 бет.
Аталуы: Казахский филиал Академии наук СССР Институт Языка и Литературы Произведения Абая (в рукописи литературного секретаря Абая Мурсеит Бикова. Абайдың шығармалары (Абайдың әдеби хатшысы Мүрсеит Бікіұлы қолжазбасы).
Көшіруші (хаттат): Мүрсейіт Бікіұлы ![]()
Көшірілген жылы: 20 сәуір, 1910 (мухаррам, 1327 һижри күнтізбесі бойынша).
Басқы сөзі (2-б.):
![]()
Соңғы сөз (200-б.):
![]()
Қағазы: Сары түсті түптелген дәптер.
Әріп-сиясы: Қадім жазу үлгісінде, қара сиямен көшірілген. Десек те кейбір сөздерде дәстүрлі қадім жазу үлгісінің ережесі өзгеріске ұшыраған. Мысалы: «
», «
» және т.б.
Беттелуі: Әр парақтың сол жақ һәм оң жақ бұрышына рет санымен араб таңбасымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Қара сөздерінің арасы араб (мысалы:
-ші,
-ші) сандарымен бөлінген. Бір бетте 23, кейде 24 қатар сөз жазылған.
Өлең жолдары, негізінен, дәстүрлі бір бәйіт үлгісінде көшірілген. Бір бетте 23–24 қатардан, яғни 46–48 жолдан түскен. Ал, қысқа буынды өлеңдер бір қатарға үш жолдан, кейде бес-алты жолдан жазылған. Өлеңдердің арасы реттік нөмірі бойынша араб санымен ажыратылған. Ал кейбір өлеңдерінің тақырыбы және кімнен аударылғандығы жазылған (Мысалы:
). Кейбір өлеңдердің астына араб санымен қай жылы жазылғандығы ашып көрсетілген.
Аннотациясы. Қолжазбада Абайдың шығармаларымен бірге Тұрағұл мен Мағауияның да өлеңдері берілген. Абайдың балаларының шығармалары қолжазбаның соңғы жағынан орын алып, кейбір өлеңдердің кімнің қаламына тиесілі екендігі жазылған («Абайдыкі» («
»), «Мағаштікі» («
»), «Тұраулдыкі» («
»).
Қолжазба екі бөліктен тұрады. 1–166-беттер арасында Абайдың (ара-арасында Мағауия мен Тұрағұлдыкі) шығармалары берілсе, 168-беттен бастап соңына дейін Мағауияның «Медғат-Қасым» («
») (168–186-бб.), «Қисса Дағыстан Жүсіп» («
») (187–204-бб.) поэмалары берілген. 167-бетте «
» яғни «Мағауия» деп, осы беттен кейінгі шығармалар кімге тиесілі екендігі анық көрсетілген.
Қолжазбада Абай шығармалары, негізгі үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлім: «Китәб тасдиқ» (2–17-бб.), «Китәб ‘әқли» (19–60-бб.), «Насихат» (61–62-бб.), «Сохрат хәкімнің сөзі» (63–65-бб.); Екінші бөлім: Абай өлеңдері мен аудармалары (66–156-бб.); Үшінші бөлім: «Ескендір патша әңгімесі» (157–160-бб.), «Масғұт әңгімесі» (161–165-бб.).
Қолжазбаның екінші бетінде:
![]()
яғни «Китәб тәсдиқ» Хәйрлі са‘әтдә бітіп йетсін Дайұрбай Хожан оғлына башлап йаздым, һижрәтнің 1327-сінде, миләди 1910-ынчы йылда апрельнің 20-інчі күніндә йазған Мүрсейіт Бікі Mіржығы оғлы» деп жазылған. Бұдан Мүрсейіт бұл нұсқаны Дайырбай Хожанұлына арнап көшіргендігі белгілі болады. Сондай-ақ, осы қолжазбада Мағауияның поэмалары басталар тұста «Мансур Даирбаиыву. Даирбаи Хожанову. Руски языка от ученик Мансур» деп ашып көрсетілген (166-б.). Әсілі бұл жазу кейіннен жазылған. Қолжазба қара сиямен көшірілсе, мына орысша жазу қара қарындашпен берілген.
«Китәб ‘әқли» басталатын тұста мынадай жазу бар (19-б.):
![]()
яғни, «Китәб ‘әқли» тиушлі Дайұрбай Хожан оғлына. Мусәнниф Ибраһим хажжул-хәрамәин Қунанбай оғлының ел мінезін йаманлаб, ақыл айтұб йазған насихат сөзін башлаб йаздым һижрәтнің 1327 сәнәдә» деп, екінші беттегі мәліметті қайталаған. Бұл жерде де бұл нұсқаның кімге арнап көшірілгендігі және қай жылы жазылғандығы ашып айтылған.
Ал, осы қолжазбаның 187-бетінде:
![]()
![]()
Яғни, «Қиссә-е Да‘истан Йусуф өлең кітабы молла Дайұрбайның йазылды 3-нчі июлде 1910) деп жазылған», – деп көрсетілген. Осындағы Молда Дайырбай дегендегі «Молда» деген сөз кейіннен қарындашпен өшірілген.
Жоғарыдағы үш мәліметтен де Мүрсейіт Бікіұлының бұл нұсқаны Дайырбай Хожанұлына арнап көшіргені белгілі болады. Көшірменің төрт-бес айға созылғандығы көрініп тұр. Қолжазбаның алғашқы бетінде, яғни «Китәб тасдиқ» еңбегі басталатын тұста 1910 жылы 20 сәуірде көшіріле бастағандығы айтылса, Мағауияның «Дағыстан Жүсіп» қиссасы 3 шілдеде көшірілгендігі айтылған.
Қолжазбаның соңғы он алты беті (сандық көшірмеде 203–218-бб.) араласып кеткен. Әрі дұрыс сақталмағандықтан да, кейбір беттері оқылмайды. Бір бетінде Семейдегі күннің батуы һәм шығуы, яғни намаз уақыты берілген. Ең бастысы – мұнда феһрест, яғни қолжазбаның мазмұны көрсетілген. Онда өлеңдердің орналасу тәртібі мен жазылған жылы арнайы кестеде берілген (сандық көшірмеде 4-бетте). Кейбір өлеңдердің тек орналасу беті ғана көрсетілген. Бұл мазмұнның өзі де екі түрлі сиямен көшірілген.
Абайдың өлеңдері тақырыбына байланысты бірнеше бөліктерге бөлінген. «
» («1-інші бөлік. Өлең хулқ (ахлақ) туралы. 1886-ыншы жылы жазылған» деп (66 б.), «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңімен басталған. Өлеңдер орналасу тәртібіне қарай нөмірленіп отырған. Ақынның «Ескендір патша әңгімесі» мен «Масғұт әңгімесі» поэмасы да өлеңдері қатарында нөмірленген. Қолжазбада 175-інші берілген ең соңғы шығарма – «Масғұт әңгімесі» («
»).
Қалпына келтірілуі: Арнайы мұқабамен қапталған. Кейбір жерлері желімделген.
Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бояуы қанық, әріптері нақты түскен. Десек те қағаздың шеті мүжілген немесе су тиіп, кейбір әріптер өшіп кеткен жерлері де кездеседі. Кейіннен желімделген тұстарды оқу қиынға соғады
(2, 3, 5, 8, 25, 26, 27, 45, 46, 160, 161-бб. және т.б.).
Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі – 202+16 бет, электрондық нұсқасында 218 бет.
Аталуы: Абай өлеңдері.
Көшіруші (хаттат): Белгісіз.
Көшірілген жылы: Белгісіз.
Басқы сөзі (3-б.):
![]()
Соңғы сөз (160-б.):
![]()
Қағазы: Сарғыш түсті, ұзын жолды дәптер.
Әріп-сиясы: Қара сиямен, қадім және төте жазумен көшірілген.
Беттелуі: Қолжазбаның әр беті қара сиямен жазылып, араб санымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Өлеңдер әр бетте әртүрлі беріліп, 1, 2, 3, 4 қатарға дейін бөлініп жазылған. Өлеңдер өзара бір бос жол қалдырылып ажыратылған.
Аннотациясы. Қолжазбаның жазылған уақыты, жері жайында ешқандай мәлімет жоқ. Абай өлеңдері 3-беттен басталады. Өлеңдерін аудармалармен қосқанда барлығы 160 өлең. Бұлардан басқа Абайдың 17 қара сөзі берілген. Бірақ оны басқа бір жерден алып (я болмаса көшіріп), осы қолжазбаға әдейі қосқан сияқты, себебі жазу үлгісі Мүрсейіттікі емес әрі сиясының түсі де бөлек. Оның үстіне қолжазбаға түптеліп, біріктірілмеген, бөлек, бос жүр. Анонимдік бұл қолжазбаны Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған 1906, 1910 жылы жазылған Абай өлеңдерінің қолжазбасымен салыстырдық. Бұл нұсқадағы жазу мәнерінің Мүрсейіттің жазу үлгісіне өте жақын екендігін, тіпті кейбір әріптерінің жазылу ерекшеліктері дәлме-дәл келетіндігін ескере келіп, бұл қолжазба көшірме Мүрсейіттің қаламына тиесілі болуы ықтимал деген қорытындыға келдік. Мүрсейіттің Абай өлеңдерін жинақтаған 1906, 1907, 1910 жылдарда жазылған нұсқалары – қадім жазу үлгісімен, араб-парсы сөздерін толық сақтап жазған қолжазбалар. Мына қолжазбада бұрынғы қадім жазу үлгісімен қатар, жаңа әліпбидің үлгісі де кездеседі.
Осы қолжазбадағы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңін алып, Мүрсейіттің 1910 жылғы нұсқасындағы берілген сол өлең жолдарымен салыстырдық. Жазу стилінде өзгеріс жоқ, тек әріптерде ғана өзгешеліктер байқалады. Мысалы: 1) 1910 жылғыда «оңайлықмен», «сұмдықмен», «хызметмен» сөздерінде «мен» жалғауы жалғанса, белгісіз нұсқада «оңайлықбен», «сұмдықбен», «хызметбен» деп «бен» жалғауы жалғанып, қазақ тіліне жақындай түскен. 2) 1910 жылғыда «йуз», «йақшы», «йас» деп жазылса, ал белгісіз нұсқада кәдімгі «ж» әрпімен «жүз», «жақсы», «жас» деп берілген. 3) Мына нұсқада арабтардың жуан «с», «т» әріптері қазақ тіліне жақын «с», «т» әріптеріне ауысқан. 4) 1910 жылғы нұсқамен салыстырғанда бұл қолжазбадағы кей өлеңдердің сөздері түсіп қалған не басқа сөзбен алмастырылғанын байқадық. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл қолжазбадағы жәдидтік (жаңаша жазу) үлгілердің кездесуіне Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің әсері болуы әбден мүмкін. А.Байтұрсынұлы 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тіліне қолайлы емес жақтарын түзеп, оның тілдік ерекшеліктеріне сай етіп, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырады. Оның 1912 жылдан бастап қолданысқа енгені белгілі. Оны төте жазу деп атаған. Кәтіп (көшіруші) осы әліпбиді қолданған деген болжам жасауға болады.
Айрықша белгілері: Мұқабаның ішкі бетінде «Рукопись Мурсеита Бекина» деп бергі заманда жазылған жазу бар.
Қалпына келтірілуі: Қолжазба жөндеуден өтпеген, реставрация жасалмаған.
Ақауы: Қолжазбаның мұқабасы қатты тозып, шеттері мүжіліп, жыртылған. Бастапқы екі беті жыртылып, жоғалған. Кей беттері түскен дақтардан дұрыс оқылмайды.
Көлемі: Қолжазбаның көлемі – 160 бет. Электрондық нұсқасында 153 бет. Мұнда қолжазбаның екі беті бір файлға түсірілген.