Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Аталуы: Түгелбай Төлеуұлының жинаған ауыз әдебиет, әдебиет үлгілері және өзінің өлеңдері. Қолжазба араб әрпімен. 1913-1914 жылдары жазылған.
Көшіруші (хаттат): Төлеу Түгелбайұлы (
) Ол туралы деректер жоқ.
Бұл қолжазба «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК қорынан алынды.
Көшірілген жылы: 1913-1914 жж.
Басқы сөзі (2-б.):
![]()
Соңғы сөз (200-б.):
![]()
Қағазы: Сары түсті түптелген дәптер.
Әріп-сиясы: қадім жазу үлгісінде, қара сиямен көшірілген.
Беттелуі: Қара қарындашпен әр парақтың оң жақ бұрышына, ал әр беттің орта тұсына араб графикасымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Ақын өлеңдері бәйіт үлгісінде жазылған. Қатар саны сақталмаған. Сондықтан да бір бетте 18 бәйіт, яғни 36 жол, тағы бір жерде 16 бәйіт, яғни 32 жол түскен. Бір қатарға үш жолдан түскен қысқа буынды өлеңдердегі жолдар әртүрлі берілген. Өлеңдердің арасы араб санымен де (1, 2, 3), араб графикасымен (
) де ажыратылған. Араб санымен жазылған кейбір жерде есептік сан жазылса, келесі бір жерде реттік сан берілген. Кейбір өлеңдер аяқталатын тұста «
» «соңы» деп көрсетілген.
Кейбір өлеңдердің соңына кәтіп бұл жырды қашан көшіргенін көрсетіп қана қоймастан, сонымен бірге өзінің атын да қалдырып отырған. Ол «Осы қымыз қазаққа, Мақтаның ба, асың ба» деген өлеңнің соңына «
» «1914 жылы 1 мартта жазылды. Кәтіп Төлеу» деп (215 б.) жазса, «Сұлу ұрғашы туралы» деп ат қойылған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген өлеңнің соңына «
» «Кәтіп Төлеу. 1914-інші жылы 2 мартта» деп (218 б.), өлеңнің қай уақытта көшірілгенін де ашып жазған.
Аннотациясы: Қолжазбаның мұқабасында «Түгелбай Төлеуұлының жинаған ауыз әдебиет, әдебиет үлгілері және өзінің өлеңдері. Қолжазба араб әрпімен. 1913–1914 жылдары жазылған» деп, кәтіптің (көшірушінің) аты-жөні кирилл әрпімен «Түгелбай Төлеуұлы» деп берілген. Алайда мәтіннің ішінде кәтіптің аты Төлеу екені ашып көрсетілген. 215-бетте «
» «1914 жылы 1 мартта жазылды. Кәтіп Төлеу» деп жазылған. Сондай-ақ, 218, 229-беттерде де кәтіптің аты Төлеу екені айтылған («
»). Ал осы қолжазбаның 234-бетінде «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» деген өлеңнің соңында хаттат «
» «1914-інші 21-інші мартта кәтіп Төлеу Түгелбайұлы», деп өзінің қолтаңбасын анық қалдырған. Яғни, көшірушінің аты Төлеу Түгелбайұлы. Қолжазбаны түптеушілер мұқабаға кәтіптің (көшірушінің) аты-жөнін ауыстырып жазып жіберген болуы мүмкін.
Төлеу Түгелбайұлының кәтіптікте (қолжазба көшіруде) қаншалықты із қалдырғанын басып айту қиын. Кейбір өлеңдердің соңына «Кәтіп Төлеу» деп қолтаңба қалдырғанына қарап, оның бұл салада біраз машықтанып жүргенін аңғаруға болады. Кейбір араб әріптерін хұснихатшылар секілді иіргенімен де, қолжазбадағы бірізділіктің сақталмауы, кейбір тұстарының өшіріліп, қайта жазылуы – кәсіби кәтіп ретінде қалыптаса қоймағанынан хабар береді.
Абай өлеңдері басталатын тұста «
» «Атақты өлеңші Абай сөзі» деп жазылып, ақынның «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп» деген өлеңімен басталған. Кейінгі өлеңінің алдына «4» араб санымен белгіленіп, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деген жыр жолдарымен жалғасқан.
Қолжазбадағы өлеңдердің берілу тәртібі осыған дейінгі Абай шығармаларына қатысты қолжазбалар мен 1909 жылғы литографияға жақын келеді. Алайда ақын өлеңдерін көшіруде қай нұсқаға арқа сүйегендігі белгісіз. Себебі бұл қолжазбада ақын өлеңдері біраз «өңделіп» берілген. Мысалы, Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі «Жаратқан махаббатпен адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Бәрін сүй адамзаттың бауырым деп, Осы деп және хақ жол әділетті. Болады осы үш сүю имани гүл, Иманның азығы үш деп сен тәхқиқ біл. Үшеуін ойлан дағы таратып бақ, Жолына басты байла, малың түгіл» деген жолдарындағы сөздердің орналасу тәртібі ауысып түскен. Қолжазбада мұндай өзгеріске түскен жолдар жиі кездеседі. Яғни, кәтіп Төлеу ақынның шығармаларын көшіргенде өзіне дейінгі қолжазбалардағы өлеңдерді беру тәртібін қабылдағанымен де, көбінесе, Абай жырларының ел арасындағы әнмен айтылу жағына баса назар аударған сияқты.
Қалпына келтірілуі: Арнайы мұқабамен қапталған. Кейбір жерлері желімделген.
Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бояуы қанық, әріптері анық.
Көлемі: Электрондық нұсқасында 91 бет.