Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Аталуы: Қазақтың атақты ақыны – Абай Құнанбайұлы. 1845 туған, 1904 жылы дүниеден қайтқан.
Көшіруші: Тұрағұл Абайұлы (Ибрагимов) (1875–1934).
Тұрағұл Абайұлы – 1875 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қоғам қайраткері, Абайдың кіші баласы. Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан. Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған. 1909 жылы немере ағасы Кәкітаймен бірге Петербургте алғаш рет әкесі Абайдың шығармалар жинағын кітап етіп шығарды. Тұрағұлдың әдеби мұраларының ішіндегі ең кұнды еңбегі – «Әкем Абай туралы» деп аталатын естелігі. Ол Джек Лондонның, М.Горькийдің, А.С.Неверовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Көшірілген жылы: Белгісіз.
Басқы сөзі (2-б.):
![]()
Соңғы сөз (243-б.):
![]()
Қағазы: Сарғыш тартқан ұзын жолды дәптер.
Әріп-сиясы: Көк сиямен, төте араб жазуымен көшірілген.
Беттелуі: Қолжазбаның әр беті көк сиямен жазылған араб санымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы: Өлеңдердің арасы бір жол тастаумен ажыратылып, өлеңдер бір қатар немесе екі қатарға жазылған. Әр өлеңнің тұсына реттік нөмірі мен жазылған жылы көрсетілген. Абайдың қара сөздері өзара бір жол ашық қалдырылып ажыратылған. Мәтіннің алдына 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші, 5-ші т.б. деп қара сөздердің реті жазылған.
Аннотациясы. Қолжазбада Тұрағұл әкесі Абайдың өлеңдерін жалпы тақырыптарға бөліп (Мысалы: «Өзі туралы», «Ел мінезі туралы», «Күй туралы», «Болыстық жайы», «Бүркітші» т.б.), тұстарына жылдарын көрсетіп, реттеп жазған. Түпнұсқада өлеңдер аяқталған соң Тұрағұл әкесінің өмірбаяны жайында жазып (түпнұсқада 169–199-беттер), ол туралы естеліктерін енгізіп, соңына «Тұрағұл Абайұлы» деп көрсеткен. Бұдан кейін қолжазбаның соңғы бөлігінде Абайдың қырық бір қара сөзі берілген. Түпнұсқада Абайдың жүз алпыс бір өлеңдері мен аудармалары қамтылған. Тұрағұл бұл қолжазбасын 1927 жылы Қазақ АССР білім комиссариатына тапсырған дейді (Абай энциклопедиясы. – Алматы, 1995. – 555-б.). Қолжазбада шығарма қай жылы, қай жерде жазылғаны туралы нақты деректер кездеспейді. Жұмыс барысында, Тұрағұлдың қолжазбасын Абай өлеңдерінің 1910, 1915 жылғы нұсқаларымен салыстырып көрдік. Нәтижесінде, мұнда Абай өлеңдері мол қамтылғаны, қолжазбаның 1910, 1915 жылғы нұсқаларында кездесе бермейтін аудармалары (М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, И.А.Бунин, Я.Полонский, В.А.Крылов, Дж.Байрон, И.В.Гетеден) енгізілгені анықталды. Сондай-ақ аталмыш қолжазбаны 1909 жылы Санкт-Петербургтегі И.Бораганский баспасынан алғаш рет жарық көрген Абай өлеңдерінің жинағына 100 жыл толуына байланысты 2009 жылы Алматы қаласында жарық көрген Абай өлеңдерінің жинағымен де салыстыру жұмысы жүргізілді.
Мұнан байқағанымыз: 1) Қолжазбадағы кей өлең жолдары жинақта өзгеріске түскен. Мысалы: кітапта «Қызарып, сұрланып, дүпілдеп жүрегі» деп басталатын өлең жолдары, қолжазбада «Екі асық құмарлы, бір жолдан қайта алмай» деп басталады. Сондай-ақ қолжазбада «Сәулең болса көңіліңде» деп берілсе, кітапта «Сәулең болса кеудеңде» деп өзгерген. Қолжазбада «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», ал жинақта «Көк туған алдыңдағы келер заман» деп жөнделген. 2) Қолжазбада «Адам бір боқ – көтерген боқтың қабы» деген Абайдың өлеңі 2 рет жазылып кеткен (70 және 76-беттерде). 3) Өлең атауларына өзгеріс енгізілген. Мысалы: қолжазбада «Онегиннің қапиядан ғашық болып жазғаны» деген атау жинақта «Онегиннің Татьянаға жазған 2-хаты» деп берілген. 4) Жинақты шығарар кезінде Абай өлеңдерінің өзін сұрыптап, іріктеп алғанға ұқсайды. Мысалы: Абайдың өзі жазған «Бастапқы Онегин хаты», «Қарға мен түлкі», «Ендігі өз сөзі», Абайдың балаларына жазған өлеңдері мен «Вадим» деген аудармасы жинаққа енбей қалған. Қолжазбаның соңғы жағына қарай Тұрағұлдың туғандарына арнаған хат-өлеңдері жазылған.
Қалпына келтірілуі: Қолжазбаға жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Ақауы: Қолжазба өте тозған. 13–14-беттердің төменгі жағы сетінеген, 33–40-беттердің төменгі тұсының орта шені жартылай жыртық. 41–42, 85–86, 151–152-беттер түптеу жібінен ажыраған. Беттерінің шеткі тұстары жыртылған.
Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі де, электрондық нұсқасы да – 243 бет.