Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ШИКІЗАТ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ

Халық шаруашылығын химияландыру, – деді Сәтбаев жолдас, біздің еліміздегі техникалық прогрестің шешуші бағыттарының бірі. Бұл аса маңызды іске Қазақстан елеулі үлес қоса алады, мұнда совет геологтарының еңбегімен химияның минерал шикізатының барлық аса маңызды түрлерінің: мұнайдың, газдың, жанатын сланецтің, көмірдің, фосфориттің, калийдің, магнийлі глаубер тұзының, астұздың және минерал тұздардың басқа да түрлерінің, хромның, бариттің, күкірттің және басқа да минералдардың өте бай, ал кейбір реттерде іс жүзінде сарқылмас мол қоры бар екендігі анықталды. Сондай-ақ қамыстың, сабанның, өсімдіктердің көптеген дәрі-дәрмектік және техникалық түрлерінің орасан зор қоры республикадағы химия өнеркәсібінің көптеген салаларын дамыту үшін шикізат базасы бола алады.
Совет Одағындағы барлық табылған фосфорит қорының шамамен үштен бір бөлігі Қазақстанда жатыр. Қаратау фосфорит бассейні фосфордың қоры жөнінен Кола түбегіндегі апатиттен кейін ССРО-да екінші орын алады. Осы таудың солтүстік-шығыс бөктерін бойлап 120 км-ге дейін созылған жерде фосфорит қабаттары орналасқан. Мұнда қырықтан астам өнеркәсіптік кенорны бар екені анықталды. Қаратау рудниктеріндегі фосфорлы ангидридтің құрамы орта есеппен 26 %-тке дейін жетеді. Бұл – оны АҚШ-тағы, Тунистегі және Мароккодағы аса ірі фосфорит кенорындарымен бір қатарға қойып отыр. Қаратаудағы фосфордың жалпы қоры тек 400 м тереңдікке дейінгі жердің өзінде 1,3 млрд тоннадан асып түседі.
Қазіргі уақытта Қаратау фосфориті мен Жамбыл суперфосфат заводы және Самарқандтағы, Қоқанд пен Чарджоудағы шағын заводтар ғана жұмыс істеуде. Мұның барлығы Қаратау кенорнының орасан зор өндірістік көлеміне тіпті де сай келмейді. Оны халық шаруашылығына кеңінен пайдаланудың егжей-тегжейлі ойластырылған бас жоспары болуы талап етіледі.
Бұдан кейін Сәтбаев жолдас Ақтөбе облысындағы фосфорит кенорындарын толық сипаттады. Бұл кенорындардың геологиялық қоры қисапсыз көп. Олар Ақтөбе химия комбинатына жақын орналасқан. Бұл шикізатты игеру Хибинск апатитін тасудан бас тартуға мүмкіндік береді.
Қостанай облысындагы Соколов-Сарыбай, Қашар рудаларының және басқа да скарндық магниетит кенорындарының құрамында апатит бар. Егер апатитті ұнтақтау үшін руданы байытудың технологиялық схемасына қосымша түрде өнеркәсіптің қалдықтарын қайта тазартуды енгізетін болса, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының рентабельділігі артады. Осының арқасында мұнда жылына 200 мың тоннаға дейін апатит концентратын алуға мүмкіндік туады. Фосфорлы темір рудалары фосфорлы тыңайтқыштар өндірудің аса маңызды қайнар көзі бола алады және солай болуы да тиіс, өйткені оның қоры Қазақстанда өте көп. Оларды фосфорлы шойын, ал бұдан кейін болат етіп өңдеген кезде, көптеген қосалқы және іс жүзінде аса бағалы болып табылатын тыңайтқыш томас-шлакты да алуға болады.
Сәтбаев жолдас бұдан кейін Қазақстанда орналасқан калий тұздарының потенциалды аса ірі шикізат базалары туралы айта келіп, Жилянск полигалиттерінің негізінде калий сульфатын және полигалитті тұз өндіру жөніндегі ірі кен өнеркәсіп комбинатын салу экономикалық жағынан тиімді болатындығын атап көрсетті. Қазақстан химиктерінің зерттеулері Жилянск полигалит метафосфат типіндегі аса күрделі минерал тыңайтқыштар алу үшін бағалы шикізат болып табылатынын көрсетті, оның құрамыңда 70 %-ке дейін калий, фосфор мен азот бар. Оңтүстік Қазақстан өлкесінің бірсыпыра жерлерінде табиғи селитра түріндегі азот қоспаларын байқауға болатыны мәлім болды. Оны бау және бақша шаруашылығына жаратуға болады.
Қазақстан ауыл шаруашылығының азот тыңайтқышқа өте мұқтаж болуы және оларды алыстан тасудың экономикалық жағынан тиімсіздігі, Қарағанды ауданында азотты тыңайтқыштар өндіруді ұлғайту және Қапшағай су торабының арзан электр энергиясы мен Бұхараның арзан табиғи газы базасында Алматы ауданында азоттук комбинатын салу жөн болатындығын көрсетті. Бұл комбинат салынғаннан кейін сұйық аммиак тыңайтқышын мақтадан, қант қызылшасынан, жүгеріден мол өнім алу үшін пайдалану мүмкіндігі туады. Мұнда мочевина өндіруді ұйымдастыруға болады. Аммиактың мол болуы Жамбыл заводында аммофосты өндіруді мықтап ұлғайтуға, құрамында аммиак, фосфорлы қышқыл және калий тұзы бар комплексті сұйық тыңайтқыштар өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Орталық, Батыс Қазақстанда аммиак тыңайтқышын өндіруді ұлғайтуға болады және солай етілуге тиіс, ал Тың өлкесінде оны өндіру ұйымдастырылуы керек. Қарағанды ауданында кокс газын, оттегі қондырғысының азотын және фосфорлы темір рудасын өңдеуден алынатын томасшлактарды пайдалана отырып, фосфор-азот тыңайтқыштар алу туралы мәселені зерттеу ерекше қызықтыруда.
Қазақстанда күкірт қышқылын өндіруге қажет шикізаттың ірі қоры бар. Түсті металлургия заводтарындағы күкіртті газдардың қалдығын пайдалану, күкірт қышқылын алудың неғұрлым арзан әрі шапшаң жолы болып табылады. Балқаш пен Өскеменде бұл іс қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Химия өнеркәсібі кәсіпорындарында күкірт қышқылын өндіруге арналған қуаттар бар. Сәтбаев жолдас күкірт қышқылын өндіруді арттырудың екінші бір маңызды қайнар көзін – байыту фабрикалары қосалқы түрде алып отыратын пирит концентраттарын пайдалануды атап айтты. Бұл концентраттарда күкірттің қоры көп. Бұған қосымша, республикада пирит колчеданды руда көп. Қостанай облысының кенорындарындағы түсті металдардан алынатын пириттер мен сулъфиттер, Ленгердің, Келтемашаттың, Жыланшықтың және басқа да кенорындардың қазба көмірлеріндегі пириттер, Теміртаудағы кокс өндірісінен шығатын күкіртті газ, солтүстік Каспий төңірегіндегі тұзды төбелердің жоғарғы бөлігіндегі өздігінен пайда болған күкірттер қосымша түрдегі күкірт шикізаты бола алады.
Қазба және көлдердегі минерал тұздардың ресурсы жөнінде Қазақстан елімізде алдыңғы орындардың біріне ие болды. Сәтбаев жолдас сульфат натрийдің, астұздың, бариттің, хром және титан рудаларының кенорындары туралы айтты, олардың халық шаруашылығы үшін бағалы екенін және оны химия өнеркәсібін дамыту үшін неғұрлым тез пайдалану мүмкіндігі бар екенін атап көрсетті.
Академия президентінің қосымша баяндамасында органикалық синтез өнеркәсібінің шикізат базасы мәселесінде каучук пен басқа да көптеген синтетикалық химия бұйымдарын өндірудің негізі болып табылатын полимерлер мен пластикалық массаларға едәуір көңіл бөлінді. Ол республиканың химиялық пайдалы өсімдіктерінің шикізат базасын егжей-тегжейлі суреттеп өтті. Қазақстанның өсімдіктер дүниесінің құрамында шаруашылық тұрғысынан алып қарағанда өте бағалы болып табылатын табиғи өсімдіктер көп, мұнда шамамен алғанда 5500 гүл өсімдіктер түрі бар. Бұлар түрлі дәрі-дәрмек құралдарын және целлюлоза-картон, дубиль-экстракт, былғары, парфюмерия, лак бояуы, тамақ өнеркәсібі және өнеркәсіптің басқа да салалары үшін керек өнімдер алудың қайнар көзі болып табылады.
Қазақстанның минерал және өсімдік дүниесі байлықтарының комплексін табу жөніндегі зор еңбекке әсіресе геологтар, геофизиктер мен ботаниктер үлкен үлес қосты. Сондай-ақ республиканың ғалымдары бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың прогресті жолдары мен әдістерін жасауда көп іс атқарды. Сәтбаев жолдас бұдан кейін республикадағы химиялық ғылыми зерттеулердің жайы және оның негізгі міндеттеріне тоқтала келіп, Қазақстанда әзірше химияны зерттеу бағытындағы салалық институттардың жоқ екендігін айтты. Академияның жүйесінде үш институт: Алматыдагы химия ғылыми институты, Гурьевтегі химия, мұнай және табиғи тұздар институты мен Қарағандыдағы химиялық синтез институты жұмыс істейді. Жоғары оқу орындары мен заводтардың лабораториясында химиктердің үлкен отряды еңбек етуде.
Қазақстанның химиктері Бүкілодақтық тыңайтқыштар және инсектофундициттер ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен бірлесе отырып, циклонды пештерде фосфорлы тыңайтқыш пен жемдік фосфат алудың қышқылсыз жаңа әдісін жасады. Термалық фосфаттар суперфосфаттан кем түспейді. Олар Оңтүстік Қазақстанның қант қызылшасы, жаздық бидай және арпа егісінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Циклонды пештерде балқыған фосфат өндіру айналмалы қондырғыда өндірумен салыстырғанда бірнеше есе арзанға түседі. Академия Қазақстанда балқыма фосфаттар өндіру жөніндегі үш циклон заводын дереу сала бастау туралы ұсыныс енгізді.
Бұдан кейін Сәтбаев жолдас академияның химиктері жүргізген зерттеулердің нәтижесі Қазақстанда метофосфатты өнеркәсіптік өндіруді ұйымдастыру туралы мәселе қоюға негіз беретіндігін айтты.
Өте таза бірсыпыра металдар алу, мырышты электролиздеуді интенсификациялау, көміртегінсіз хром алу әдістері лабораториялық зерттеу дәрежесінен шығып кетті. Жалаулы көлінің рапасынан бишофит хлорлы натрий мен бром алудың схемасы жасалды. Бұл Өскемендегі титан-магний комбинатының шикізат базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мономерлер мен жоғары молекулалық бір қоспалар химиясы саласында, өсуді тездететін дәрілер жасау, жер астындағы мұнай проводтарын таттанудан сақтайтын пластикалық қаптамалар, тұзды суды ауыз суға жаратуға арналған ион алмастыратын жаңа материалдар алу саласында қызық жұмыстар атқарылды. Гурьевтегі мұнай мен табиғи тұздар химиясы институты, Қарағанды химия институты маңызды зерттеулер жүргізуде. Республиканың химик ғалымдары жаңа дәрі-дәрмектер жасау және өсімдік өнімдерін малға арналған құнарлы жемге айналдыру мақсатымен табиғи өсімдік ресурстарын және синтетикалық химияның өнімдерін зерттеуде. Органикалық катализ саласындағы аса маңызды зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.
Сәтбаев жолдас сөзінің қорытындысында химияның түрлі салаларында, әсіресе ауыл шаруашылығын химияландыру, мономерлер мен полимерлер химиясы, табиғи заттар мен физиологиялық жағынан күшті дәрілер химиясы, мұнай химиясы мен электр химиясы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейте түсу қажеттігін айтты. Ол республикада агрохимия институтын, басқа да химиялық ғылыми институттарды, химия бағытындағы жобалау-конструкторлық институтын және Алматыда химия ғылымы институты жанынан ірі тәжірибе эксперимент базасын жасау туралы мәселе көтерді.
1962 ЖЫЛЫ ЖАЗҒЫТҰРЫМ Қ.И. СӘТБАЕВТЫҢ ҰСТАЗЫ В.И. ПОПОВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫ
«Аса қадірлі Василий Иванович!
Сіздің 1962 жылы 2 мартта жазған хатыңызды алдым. Үлкен рахмет. Ол хатыңыз Семейдің мұғалімдік семинариясында өткізген уақытты, Сіздің орыс әдебиеті жайындағы тамаша лекцияларыңызды еске түсірді.
Мен М. О. Әуезов автографының зор ілтипатпен Сіз жіберген фотокөшірмесін Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына тапсырдым. Жазушынын музей-үйі сол институтқа қарайды. М. О. Әуезовтің Семей мұғалімдік семинариясындағы кезі жайында Сіз естелік жазып жіберсеңіз, қандай пайдалы болар еді. Бұл жайында аталған институт толығырақ жазар.
Қымбатты Василий Иванович, Сізге мықты денсаулық, тыныш та бақытты демалыс тілеймін. Ондай демалысқа Сіздің толық хақыңыз бар.
ҚОҒАМДЫҚ ҚАМСЫЗДАНДЫРУ МИНИСТРІ
Н.А. МУРАВЬЕВА ЖОЛДАСҚА
Советтік фольклорға көп еңбегі сіңген, Қазақ ССР халық артисі Александр Викторович Затаевичтің Москва қаласы, Дмитров көшесі, 40, 93 үй, телефон В1-09-58-де тұратын қызы Ольга Александровна Затаевичке дербес пенсия тағайындауды өтінеміз.
Қазақ-совет музыка мәдениетінің дамуында А. В. Затаевич (1869–1936) творчестволық еңбегі жағынан қоғамдық саяси қайраткер, этнограф ретінде алатын орны ерекше. Революциядан бұрын А. В. Затаевич қазақтың халық музыкасын зерттеуші алдыңғы қатарлы орыс оқымыстыларының бірі болды.
Ол он бес жылғы экспедициялық-зерттеу жұмысының нәтижесінде 2350-ге тарта ел аузында жүрген халық әндері мен күйлерін жинап, «Қазақтың 1000 және 500 ән мен күйі» деген тақырыппен теңдесі жоқ еңбек жазып шығарды.
Бұл қазір қазақ-совет музыкасының негізін салуға үлкен үлес қосты. А. В. Затаевичтің ғажап еңбегі музыкалық мұра ретінде дүниежүзілік прогрессивті қоғам қайраткерлерінен, пролетариат жазушысы М. Горькийден, академик В. В. Асафьевтен, Ромэн Ролланнан зор баға алды. Қазақ-совет музыкасына сіңірген еңбегін бағалай келе, А. В. Затаевичке «Қазақ ССР-інің халық артисі» деген атақ берілді. Өмірлік пенсия тағайындалды. Оған қайтыс болғаннан кейін Москвадағы Новодевичьеде Қазақстан үкіметі ескерткіш орнатты.
Оның жан-жақты еңбегін жинап бастыруда әдеби секретары әрі жәрдемшісі өзінің қызы О. А. Затаевичтің де еңбегі ерен. Әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ғажайып еңбегін бір ізге салып, музыкалық әдеби еңбегін әрі апарды.
Қазіргі уақытта Ольга Александровна Затаевич ауыр науқастың әсерінен жұмыс істей алмай жүр. Сондықтан да оның материалдық жағын ескере отырып, республикалық көлемде пенсия тағайындауды сұраймыз.
СССР ДЕНСАУЛЫҚ МИНИСТРЛІГІ С. В. КУРАШЕВ ЖОЛДАСҚА
1958 жылдың аяғында Қазақ ССР Ғылым академиясы өлкелік патология институтының кіші ғылыми қызметкері А. П. Щетилин 4 электроэффлювиалды аэроионизатордың екі түрін 1 құрастырып жабдықтады. Біреуін стол үстіне қойып, екіншісін қалтаға салып жүpiп пайдалануға болады.
Қазақстан жас ғалымының ойлап шығарған жаңа туындысы медицина саласында кеңінен қолданылуда. Жоғарыдағы жағдайды ескере отырып, Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Сізден аэроионизаторды медицина аппараттарын шығаратын заводтардың бірінде жаппай шығару туралы нұсқау беруіңізді өтінеді. Бұл Қазақстан клиникалары мен поликлиникаларында пайдасын тигізетіндігі сөзсіз деп сенім білдіреміз.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ШИКІЗАТ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ

«Қазақстандағы химия өнеркәсібінің шикізат ресурстары және химия ғылымының міндеттері» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы, 11 тамызындағы №240 (12286) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 135-138 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 218-221 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 160-164 бб.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Жанатын сланец – құрамында органикалық заттардың (кероген) айтарлықтай мөлшері бар шөгінді тау жынысы. Бұл жыныс қыздырылған кезде газ тәрізді, сұйық немесе қатты күйдегі жанғыш өнімдер бөліп шығарады. Жанатын сланецті мұнай және газдың альтернативті көзі ретінде, сондай-ақ энергетикада қолданады.
Магнийлі глаубер тұзы – химиялық құрамы магний мен натрийдің сульфатынан тұратын минерал. Табиғи түрде тұзды көлдер мен сульфатты кен орындарында кездеседі. Бұл тұз көбінесе химиялық өндірістерде, медицинада және тыңайтқыш ретінде қолданылады.
Скарндық магниетит – магниетиттің (Fe₃O₄) минералды түрі, құрамында магний бар, скарн түріндегі тау жыныстарында кездеседі. Скарндық магниетит, әдетте, метаморфизм процесінде пайда болады, ол әктастар мен басқа да карбонатты жыныстардың әсерінен түзіледі. Сондай-ақ кен орнынан темір мен магний алу үшін пайдаланылады.
Апатит – фосфат минералы, құрамында кальций фосфаты бар (Ca₅(PO₄)₃(OH, F, Cl)). Апатит табиғи фосфориттердің негізі және оның негізгі құрамдас бөлігі фосфорды алу үшін пайдаланылады. Апатит тыңайтқыштар өндірісінде, сондай-ақ фосфор химиясында маңызды шикізат болып саналады.
Инсектофундицит – зиянды жәндіктер мен топырақтағы микроорганизмдерге қарсы қолданылатын химиялық қосылыс. Бұл заттар көбінесе ауыл шаруашылығында, әсіресе егін шаруашылығында қолданылып, өсімдіктерді зиянкестерден қорғауға бағытталған.

1962 ЖЫЛЫ ЖАЗҒЫТҰРЫМ Қ.И. СӘТБАЕВТЫҢ ҰСТАЗЫ В.И. ПОПОВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫ

«1962 жылы жазғытұрым Қ. И. Сәтбаевтың ұстазы В. И. Поповқа жазған хаты» алғаш «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1963 жылғы, 30 қарашасындағы №283 (12329) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 370 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 229 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 442 бб.
«Аса қадірлі Василий Иванович!
Сіздің 1962 жылы 2 мартта жазған хатыңызды алдым. Үлкен рахмет. Ол хатыңыз Семейдің мұғалімдік семинариясында өткізген уақытты, Сіздің орыс әдебиеті жайындағы тамаша лекцияларыңызды еске түсірді» – үзіндісіне «Аса қадірлі Василий Иванович!» есімінің қасына «Попов. – Г.Б.» сөзі қосымша жазылған.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАМСЫЗДАНДЫРУ МИНИСТРІ Н.А. МУРАВЬЕВА ЖОЛДАСҚА

«Қоғамдық қамсыздандыру министрі Н. А. Муравьева жолдасқа» хаты алғаш «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1963 жылғы, 30 қарашасындағы №283 (12329) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 384 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 458 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Қазақ-совет музыка мәдениетінің дамуында А. В. Затаевич (1869–1936) творчестволық еңбегі жағынан қоғамдық саяси қайраткер, этнограф ретінде алатын орны ерекше. Революциядан бұрын А. В. Затаевич қазақтың халық музыкасын зерттеуші алдыңғы қатарлы орыс оқымыстыларының бірі болды» – үзіндісіндегі «1869–1936» жылдар арасындағы дефис алынған, мақала соңындағы «апрель, 1958 жыл» сөзіндегі «апрель» аудармасы «сәуір» сөзімен жазылған.
Мақалада кездесетін терминдер:
Пролетариат – әлеуметтік-экономикалық ұғымда жұмысшы табын, яғни өндірістік құралдарға иелік етпейтін, қара жұмыспен күн көретін көретін адамдар тобын сипаттау үшін қолданылады.

СССР ДЕНСАУЛЫҚ МИНИСТРЛІГІ С. В. КУРАШЕВ ЖОЛДАСҚА

«СССР денсаулық министрлігі С. В. Курашев жолдасқа» хаты алғаш «Лениншіл жас» газетінің 1965 жылғы 31 қаңтарындағы №21 (6167) 2- беттерінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 383 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 458 бб.
Мақалада кездесетін терминдер:
Электроэффлювиалды – бұл термин әдетте электр және физика саласында қолданылады және эффлювий құбылысына қатысты.
Эффлювий – бұл газ бен электр зарядының кішкентай бөлшектерінің ағып шығуы немесе таралуы. Электроэффлювиалды термині электр тоғының немесе электр өрісінің әсерінен газдың иондалуы және разряд құбылыстарымен байланысты жағдайларды сипаттайды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы