Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

М.О. ӘУЕЗОВТІ МӘҢГІ ЕСТЕ ҚАЛДЫРУ ТУРАЛЫ

Аса көрнекті совет жазушысы Лениндік және Сталиндік сыйлықтардың лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, бейбітшілікті қорғаудың совет комитетінің мүшесі, СССР және Қазақстан совет жазушылар одағы президиумының мүшесі М. О. Әуезов Қазақ ССР Ғылым академиясы ұйымдасқан күннен бастап оның академигі болып келді. Ол академияның гуманитарлық ғылыми мекемелерін нығайтып, алға бастыруға барлық күші мен қабілетін жұмсады, келелі ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуға қолма-қол қатысты, жас ғылыми кадрларды үздіксіз тәрбиелеп-өсіріп отырды. Ғылым академиямыздың әдебиет пен өнер жөніндегі жаңа ғылыми институтын ұйымдастыруға бастаушы болған және ұйымдастырған М. О. Әуезов еді. Сондықтан да осы институтты академик жазушы М. О. Әуезовтің есімімен атау туралы және академия системасында әдебиет ескерткіш музей-үй ашу туралы үкіметтің шешімін Ғылым академиясы зор алғыс сезіммен қарсы алды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумы М. О. Әуезовтің совет әдебиеті мен мәдениетіне, республикада филология ғылымына сіңірген зор еңбегін атап көрсетіп, арнаулы қаулы қабылдады. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтына совет заманының аса көрнекті жазушысы болған академик М. О. Әуезовтің өмірі мен творчествосы туралы тақырыпты белгілеп зерттеуді міндеттеді.
Қаулыда ұйымдастырылғалы отырған М. О. Әуезов атындағы музей-үй аса көрнекті совет жазушысы М. О. Әуезовтің өмірі мен творчествосын кеңінен көрсетіп, насихаттауға және зерттеуге, оның дүние жүзіндегі көптеген халықтар тілдерінде басылып шыққан кітаптарын, сондай-ақ қолжазбаларын, өз мүліктерін, фотосуреттері мен басқа да материалдарды көрсетуге, оның басылмаған көркем және ғылыми еңбектерін халыққа мәлім етуге міндетті екені атап көрсетілді.
Ғылым академиясының президиумы таяу жылдарда жазушының шығармалар жинағын академиялық басып шығаруды жүзеге асыруды ұйғарды. Бұл үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С. Б. Бәйішев бастаған арнаулы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері А. Жұбанов, С. Кеңесбаев, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, академияның корреспондент мүшесі Е. Ысмайылов, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры М. Базарбаев, ғылым кандидаттары Е. В. Лизунова, Л. М. Әуезова енді.
Ғылым академиясы М. О. Әуезовті жақсы білген барлық адамдардан өздерінде бар материалдар туралы (хаттар, рецензиялар, кітапқа немесе қолжазба жөніндегі пікірлер, сый ретіндегі жазулар, тағы басқалар) М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтына хабарлауды және мүмкіндігіне қарай олардың түп нұсқасын немесе көшірмесін М. О. Әуезовтің музей-үйіне табыс етуге арнап институтқа жіберуді өтінеді.
ЗОР БОЛАШАҚ
Қазақ ССР Ғылым академиясы жалпы жиналысының сессиясы
СССР бойынша орташа дәрежеге қарағанда, Қазақстан үшін дамудың неғұрлым шапшаң қарқыны белгіленіп отыр. Егер таяудағы жиырма жылдың ішінде елімізде өнеркәсіп өнімінің көлемі алты есе артса, ол Қазақстанда – 12,7 есе артады. Есеп мынаны көрсетіп отыр: республика жыл сайын 120-130 миллион тонна темір рудасын, жүз миллион тоннаға жуық мұнай, 150 миллион тонна көмір шығара алады, 35 миллион тонна болат өндіріп, 200 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді, елімізге орасан көп мөлшерде мыс, қорғасын, мырыш, басқа да түсті және сирек кездесетін металдар бере алады. Сондай-ақ товарлы астық, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндіруді мықтап арттыру белгіленген.
Бұл міндеттерді ойдағыдай орындау, делінді сессияда, ғылымды шұғыл өркендетуді, ғылыми күштер мен құралдарды оның аса маңызды бағыттарына шоғырландыруды талап етеді.
Сессия партияның Программасы белгілеп берген кезеңнің ішінде Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің негізгі бағыты мен міндеттерін белгіледі.
Математика мен физика жөніндегі зерттеулер мықтап күшейтіледі. Республикада аса ірі есептеу орталығы құрылады. Өндірістің қажеттерін ескере отырып, теориялық және қолданбалы механика жөнінде зерттеулер ұйымдастырылады. Тіпті алдағы жылдың өзінде Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің өндірістік процестерді комплексті механикаландыру және автоматтандыру институтын құру жөнінде шешім қабылданды.
Ядролық және техникалық физика, космос сәулелерінің табиғаты, жартылай өткізгіштер физикасы, сондай-ақ күн ілгері белгіленген техникалық қасиеттері бар материалдар жасауға арналған металдар мен пластмассалардың физикасы жөніндегі ғылыми жұмыстар шапшаң қарқынмен дамытылады. Автоматика, телемеханика және электроника саласындағы зерттеулер әбден өрістетіледі.
Қазақстан таяудағы жылдардың өзінде-ақ мол мұнайлы және қуатты газ өнеркәсібі бар республикаға айналуы тиіс, делінді сессияда. Жер қабатының терең және аса терең бөліктерін зерттеуге тура келеді. Құрғақшылық аудандарындағы өнеркәсіп орталықтарын сумен қамтамасыз ету мәселесін бірінші кезекте шешу үшін гидрогеология және инженерлік геология саласында атқарылатын жұмыстар анағұрлым ұлғайтылады.
Қазақстан ғалымдарының кен ісі саласындағы ең басты міндеті – өндірістік процестерді комплексті механикаландыру және автоматтандыру негізінде пайдалы қазба байлықтарды жер астынан шығару және әсіресе ашық әдіспен өндіру ісін одан ары жетілдіру. Кен қабаттарын құлатудың жаңа әдістеріне – термалық, ультрадыбысты және электр-гидравликалық тиімділіктің көмегімен құлатудың әдістеріне айрықша зор назар аударылады.
Қара және түсті металлургияны таяудағы жылдардың ішінде неғұрлым шапшаң қарқынмен дамыту үшін жүзеге асырылуы тиіс болатын ғылыми зерттеулердің өте көлемді екендігі сессияда ерекше атап көрсетілді.
Совет ғылымы мен техникасының жетістіктерінің осы заманғы дәрежесі, деп атап көрсетілді сессияда, құрғақшылық аудандарды игеру ісінің күрделілігі жағынан аса қиын болып келетін комплексті проблемаларын ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді. Бұл проблемалардың халық шаруашылығында зор маңызы бар. Қазақстанда 180 миллион гектар жер немесе республиканың барлық жерінің үштен екі бөлігінен астамы шөл мен жартылай шөлейт жерлер. Совет Одағындағы шөлдердің жалпы көлемінің 58 проценті Қазақстанның үлесіне тиіп отыр. Осы орасан зор көлемді жердің табиғи ресурстары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудың ірі резерві болып табылады. Соңғы уақыттарда Маңғыстау түбегі ауданында мұнайдың миллиардтаған тонна қоры табылды. Осы шөлді аудандарда түсті, қара және сирек кездесетін металдардың, көмірдің және басқа да қазба байлықтардың кенорындары табылды. Мұнда ауыл шаруашылығын өркендету үшін де қисапсыз мол мүмкіндіктері бар.
Зерттеулердің көрсетіп отырғанындай, Қазақ республикасында әзірше түгелдей бос жатқан, бірақ суаруға толық жарайтын 40-50 миллион гектар жер бар. Бұған қосымша мұнда 70 миллион гектарға жуық топырағы сортаң болып келетін жерлер жатыр, ал бұларды тиісті агротехника қолданған жағдайда шаруашылық айналымына қосуға болады. Бұл шөлдердің топырағы минерал тыңайтқыштарға, атап айтқанда, калийге, микроэлементтерге бай, оларда Күн шуағы да мол, бұларға тек бір ғана нәрсе ылғал жетіспейді, осы орасан мол көлемді жерлер бос жатпау үшін шын мәнінде тек ылғал керек.
Гидрогеологтардың зерттеу жұмысы мынаны анықтап берді: осы шөлдердің орасан зор көлемді жерлерінде түрлі тереңдікте жер астында қалып қойған судың, кей кездерде тұщы судың, ал көбінесе минералданған судың мол қоры бар. Міне, сондықтан да бұл бос жатқан жерлерді халық шаруашылығына кеңінен пайдалану толық нақтылы іс болып табылады және ол Қазақстанның ғылымы алдында тұрған аса маңызды әрі бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып табылады.
Осы комплексті проблемаларды шешу ісіне Қазақстанның ғылыми мекемелері кеңінен тартылады. Сондай-ақ шөлдер мен шөлейт жерлердің минерал, су, энергетика, жер және өсімдік ресурстарын зерттеу жөнінде және бұларды барлық жағынан бірдей пайдалану жөнінде зерттеу жұмыстарын онан ары ұлғайту көзделіп отыр. Жерді игеру және жайылымдардың құнарлылығын арттыру жөнінде тәжірибелік зерттеулер жүргізіледі.
Шөлдердің өзіндегі, әсіресе олардағы Күн жылуы мен аңызақ жел қуатының энергетикалық ресурстарын пайдалану жөніндегі жұмыстарды кең көлемде жүргізу қажет. Энергияның бұл түрлерін пайдалану әзірше кеңінен өрістетілмей отыр. Алайда, жартылай өткізгіштерді ойдағыдай қолдануға байланысты, Күн энергиясының қисапсыз көп ресурсын игерудің перспективалары ашылды.
Қазақ ССР Ғылым академиясы 49 негізгі комплексті теориялық және ғылыми-шаруашылық проблемаларды жеке бөліп алды. Оларды бір-бірімен үйлестіріп отыру жөніндегі ғылыми совет құрылды.
Академияның ғылыми қызметкерлерінің санын 10 мың адамға жеткізу, кемінде 300 ғылым докторын және 2600 ғылым кандидаттарын даярлау, ғылымға жас талантты күштердің көп қамтылуын қамтамасыз ету шаралары белгіленді.
Академияның жүйесінен 41 жаңа ғылыми-зерттеу институттарын құру көзделіп отыр. Жаңа ғылыми мекемелер негізінен алғанда Қазақстанда ауыр индустрияны дамыту міндеттеріне байланысты болады. Бұл институттардың тең жартысы өнеркәсіп орталықтарында ашылады.
Қарағандыда академияның Орталық Қазақстандағы бөлімшесін ұйымдастыру жоспарланды, оның 12 ғылыми-зерттеу институты болады, бұл институттар Қарағандыда, Теміртауда, Целиноградта, Павлодарда, Рудный және Ермакта орналасады. Академияның екінші бөлімшесі – Шығыс Қазақстан бөлімшесі Өскеменде ашылмақшы болып отыр. Оның құрамында жеті институт болады. Ал Гурьевте құрамында төрт ғылыми-зерттеу институты бар академияның Батыс Қазақстан бөлімшесі ұйымдастырылады.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

М.О. ӘУЕЗОВТІ МӘҢГІ ЕСТЕ ҚАЛДЫРУ ТУРАЛЫ

«М. О. Әуезовті мәңгі есте қалдыру туралы» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 13 қазанындағы №242(11620) санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 346-347 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 175-176 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 415-416 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті академик Қ. И. Сәтбаев ҚазТАГ-тың тілшісімен әңгімелескенде мыналарды хабарлады» жолы мәтінде қамтылмаған.
«Ол академияның гуманитарлық ғылыми мекемелерін нығайтып, алға бастыруға барлық күші мен қабілетін жұмсады, келелі ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуға қолма-қол қатысты, жас ғылыми кадрларды үздіксіз тәрбиелеп-өсіріп отырды. Ғылым академиямыздың әдебиет пен өнер жөніндегі жаңа ғылыми институтын ұйымдастыруға бастаушы болған және ұйымдастырған М. О. Әуезов еді. Сондықтан да осы институтты академик жазушы М. О. Әуезовтің есімімен атау туралы және академия системасында әдебиет ескерткіш музей-үй ашу туралы үкіметтің шешімін Ғылым академиясы зор алғыс сезіммен қарсы алды» – үзіндісінде берілген «ғылыми» сөздері «ғылыми» болып түзетілген.

ЗОР БОЛАШАҚ

«Зор болашақ» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 1 желтоқсанындағы №281(11659) санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C 199-201.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 357-358 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 311-313 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 426-429 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«СССР бойынша орташа дәрежеге қарағанда, Қазақстан үшін дамудың неғұрлым шапшаң қарқыны белгіленіп отыр. Егер таяудағы жиырма жылдың ішінде елімізде өнеркәсіп өнімінің көлемі алты есе артса, ол Қазақстанда – 12,7 есе артады. Есеп мынаны көрсетіп отыр: республика жыл сайын 120-130 миллион тонна темір рудасын, жүз миллион тоннаға жуық мұнай, 150 миллион тонна көмір шығара алады, 35 миллион тонна болат өндіріп, 200 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді, елімізге орасан көп мөлшерде мыс, қорғасын, мырыш, басқа да түсті және сирек кездесетін металдар бере алады. Сондай-ақ товарлы астық, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндіруді мықтап арттыру белгіленген» – үзіндісіндегі сызықшалар өзгеріске еніп, «товарлы» сөзінің жалғауы алынып, «товар» болып енгізілген.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Оазис – шөл немесе шөлейт аймақтарда өсімдіктердің өсуі үшін қолайлы жағдайлар пайда болатын су көздері бар жер. Көбінесе су астынан немесе жер бетінде пайда болатын бұлақтар, көлдер, өзендермен байланысты, аймақтағы өсімдіктер мен жануарлар үшін тіршілік ету ортасын қамтамасыз етеді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы