Бұл күндерде дүние жүзінің жұртшылығы Африкада болып жатқан оқиғаларға бұдан бұрынғы қай кездегіден болса да анағұрлым зор ынтамен зер салып, назар аударып отыр. Африка халықтарының әділетті және игілікті күресте жеткен табыстарына бүкіл совет халқы сияқты Қазақстанның еңбекшілері де барынша тілектестік сөзімен көз тігіп, Африканың ұлттық тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттері құрылып жатқанда барлық игі ниетті адамдармен бірге шын ықыласымен қуануда.
Қазақстанның қалың жұртшылығы Африка халықтарының күңделікті тұрмысын, олардың өмірін, ежелден бері келе жатқан және қазіргі заманғы өздеріне тән мәдениетін біліп отыруға үнемі ынта білдіруде.
Соңғы жылдар ішінде Қазақ ССР мен Африка елдері халықтарының арасында өзара мәдени байланыстар орнатылып, олар бір-біріне делегациялар жіберуде. Қазақстанда Африканың тәуелсіз мемлекеттерінің күні өткізіледі, мерекелік және еске түсіру күндері атап өтіледі, Африка фильмдеріне жұртшылық байқаулары ұйымдастырылады. Осының бәрі Африка континенті халықтарының тұрмысымен және мәдениетімен Қазақстан еңбекшілерінің танысып отыруына мүмкіндік береді.
Совет Одағы мен Африка халықтарының арасындағы достықты, өзара ұғынысушылықты және ынтымақты барлық жағынан бірдей нығайту ісіне көмектесу мақсатымен 1959 жылғы апрельде Африка халықтарымен достықтың Совет ассоциациясы құрылды.
Республика еңбекшілерін Африка халықтарының өмірімен, тұрмысымен және мәдениетімен неғұрлым жақынырақ таныстыру үшін біз Қазақстанда Африка халықтарымен достықтың Совет ассоциациясының Қазақ бөлімшесін құру қажет деп санаймыз және республиканың кәсіпорындары, совхоздары мен колхоздары коллективтерін, қоғамдық ұйымдарды, ғылыми және мәдени мекемелерді біздің ұсынысымызды қолдауға шақырамыз.
ЛЕНИН
Осынау ұлы адам не бәрі 54 жыл өмір сүрді. Сол аз уакыттын өзінде оның адамзатқа жасаған жақсылығы соншама, қазір күллі әлемде Ленин есімін білмейтін бірде-бір мекен-жай таба алмайсыз.
Бұл есім бүкіл адал ниетті адам баласының жол нұсқар жарық жұлдызына айналды. Ол адамзат тарихында мәңгі бақи өмір сүріп, жасай береді. Ол барша жанды туысқандық пен достыққа, коммунизм салтанатына шақырып, әрдайым жар салып тұр.
Ленин – адамгершілік асыл қасиеттердің биік шыңы, асқар шынары. Сол биіктен ол әлі де бейбітшілік дабылын қағады. Ұлы Октябрьдің алғашқы күндерінде Совет үкіметінін басшысы В. И. Ленин қол қойған тұңғыш декрет бейбітшілік туралы болды. Бүкіл дүние жүзінде бейбітшілік орнату жолындағы лениндік күрес дәстүрі мен қисынды қағидаларын адал лениншіл, бейбітшіліктің табанды күрескері Н. С. Хрушев бастаған Коммунистік партия мен Совет үкіметі бұлжытпай жүзеге асырып келеді.
Ленин жер шарын мекендеген барлық халыктардың тең праволылығы жөніндегі ілімді ашып, адамдарды нәсіліне, түсіне қарап кемсітуге қарсы үзілді-кесілді күрес жүргізген болатын. Қазір біз – осы ұлы ілімнің әлемдегі езілген елдердің бәрін бостандық жолындағы ұлы шайқасқа ду көтеріп, атой салып келе жатқандығының кепіліміз. Отар және жартылай отар елдердің езілген халықтарының осынау қасиетті күресі біздің заманымызда империализм мен отаршылдық саясатының қақырай қабырғасы сөгіліп, көп елдерде құлдырай күйреуіне әкеліп соқты. Халықтардың теңдігі мен достығының идеологиясы біздің СССР мен социалистік лагерь елдерінде толық салтанат құрып, бұрын артта қалған мешеу елдер қазір терезесі тең, кемеліне келген социалистік ұлттар дәрежесіне көтерілді. Осы ақиқаттың айқын дәлелінің бірі Советтік Қазақстан болып табылады.
Бүгінгі Қазақстан – Советтік Социалистік Республикалар Одағының құрамындағы терезесі тең он бес отаудың, жарқыраған он бес жұлдыздың бірі болып саналады. Ленин көрегендікпен атап көрсеткеніндей, Қазақстан өзінің кен байлығы мен өнеркәсіп қорларына қарағанда еліміз бай өлкелердің, «Отанымыздың таусылмас кен қазыналарының» бірі болып шықты. Қазақстан байлықтарын социализм мен коммунизм құрылысына барынша мол пайдалану Советтік Қазақстан ғана емес, сонымен бірге бүкіл еліміз үшін ең жарқын, ең тамаша кезең болып саналады. Республика халық шаруашылығының қауырт өркендеуі аркасында бізде еліміздегі ең ірі түсті металлургия, көмір, қара металлургия, химия, құрылыс, машина жасау және энергетика салалары құрылды. Қазақстан ең ірі, ең қуатты индустриялы аудандардың біріне айналды.
Атамзаманнан бері ат тұяғы баспаған ұлан-байтақ тың жерлерді игеру арқында Қазақстан жоғары механикаландырылған егіншілігі бар ел болды. Ол товарлы астық өндіру жөнінен Отанымызда екінші орын алады. Қазақстан – еліміздің шығыстағы аса маңызды мал шаруашылықты ауданы.
Республикада нағыз мәдени революция жасалды. Кешегі жаппай сауатсыз ел бүгін жаппай сауатты, мәдениетті, рухани, интеллектуалдық дәрежесі жоғары, творчестволык өнер өрісі ешбір батыс елдеріне беріспейтін өнегелі аймаққа айналды. Қазақстанда мыңдаған бастауыш және орта мектептер, ондаған жоғары дәрежелі оқу орындары жұмыс істейді, онда ондаған мың маман кадрлар даярланады. Қазақстаннын әдебиеті мен көркемөнері қаулай өсті. Көптеген қазақ жазушылары, музыканттары, артистері қазір өз еліміз түгіл, бүкіл дүние жүзіне әйгілі. Күн сәулелі Қазақстан – советтік озық ғылымның ірі орталықтарының бірі. Ол ғылым әлеміне тамаша жаңалықтар ашқан талай оқымыстыларды берді.
Лениннің ұлы қаһармандығы, оның дүние кеңістігін жұдырықтай жүрегіне жинаған ғажайып кемеңгерлігі, адам деген ұлы атақты биік құзарға көтерген тамаша адамгершілігі, әлемдегі қарапайым адамдардың бәрін бақыт пен тыныш өмірге жеткізу үшін күрескен ұлы көсем, данышпан кемеңгер қасиеттері барша адам баласының көкірегінде мәңгі сақталады. Оның дана өсиеттері мен әлемді шарлаған ғажайып даңкы ғасырдан ғасырларға, ұрпақтардан ұрпақтарға қанат сермеп, қаһармандық ерлікке, адамгершілік ізгілікке, жасампаз еңбекке, рухани адалдыққа әр уақыт бастап, шақырып тұратын болады.
ИГІ ТІЛЕКТЕР, ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕР
Қазақстанның ұшы-қиырсыз кең байтақ даласында, оның жер қойнында табиғаттың талай-талай тамаша байлықтары бар…:
Қазіргі күнде Қазақстан Советтік Социалистік Республикалар Одағындағы алдыңғы қатарлы, Ленин орденды республиканың бірі болып отыр.
Республикамызды келешекте одан да әрі дамытар – біздің жас ұрпақтарымыз. Олар біздің келешегіміз, біздің үмітіміз.
Бүгінгі жастар – ертеңгі коммунизм кұрушылары.
Сол себепті совет жастарын тәрбиелеуші халық мұғалімдерінің елімізде коммунизм орнатудағы міндеті аса зор, олардың алатын орны ерекше.
Қазақстан мұғалімдері совет жастарын сүйікті Отанымызға, халқымызға, ардақты Коммунистік партиямызға жан-тәнімен берілгендік рухында тәрбиелейді, еңбекке, шындыққа баулиды деп біз катты сенеміз. Тамаша совет мұғалімдері өсірген біздің жас ұрпақтарымыз елімізде коммунизм орнатудың ізгілікті ісін ағаларының қолынан алып, лайықты түрде ілгері дамытады деп сенеміз.
ҒЫЛЫМ МЕН МЕКТЕП – ЕГІЗ
Жолдастар! Қазақстан мұғалімдерінің III съезінің қымбатты делегаттары! Республика Ғылым академиясының атынан сіздерге – осы съезге қатысушыларға шын жүректен жалынды сәлем жолдаймын.
Халық мұғалімі бізде барша халық қамқорлығына және сүйіспеншілігіне бөленген. Совет мектебі – алтын бұлақ, одан біздің Отанымыз көптеген тамаша кадрлар алады.
Совет ғылымының, техникасының, жаңалық ашу ісінің ілгері басуын, әлем кеңістігін жеңу ісінің тағдыры бүгін мектеп партасында отырғандардың қолында.
Оқушыларға қоғамның ең пайдалы мүшесі боларлық ғылым саласына жөн-жоба сілтеу – мұғалімнің бірінші парызы. Тек ұстаз ғана олардың жүректерінде мәңгілік жалын отын тұтата алар болар, тек мектеп қана адамның қоғамдағы орнын анықтап, оның талантын ашып, дамыта алар болар.
Қазақстан мұғалімдерінің бұл съезі республикамыздың 40 жылдық тамаша мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Осынау 40 жыл ішінде Қазақстан өзінің дамуында аса бір зор қадам жасады. Ол өзінің даму барысында шетелдік шығыстың барлық елін әлдеқашан басып озды.
Қазақстанның табиғи байлықтарын зерттеп, игеруде орасан мол жұмыстар жүргізілді. Қазақстан қазір шырқауға көтерілген өнеркәсібі, құнарлы аса мол өнім берер ауыл шаруашылығы бар еліміздің ең ірі экономикалық аудандарының бірі болып отыр.
Қазір Қазақстан бағалы металл өндіру жөнінен елімізде алдыңғы орында. Дәнді дақыл және шаруашылығы өнімін өндіруде де Қазақстанның алар орны зор. Қара металлургия мен энергетиканың қуатты өнеркәсіп орындары салынуда. Республикада ірі химия өндірісін және де өндірістің басқа да салаларын жасауға барлық жағдай бар.
Республикада Ғылым академиясы, Ауыл шаруашылық академиясы, СССР құрылыс және архитектура академиясының қазақ филиалы, әр алуан ғылыми-зерттеу институттары, 27 жоғары оқу орны, көптеген техникумдар және басқа да арнаулы оқу орындары құрылып, жемісті жұмыс істеп отыр.
Тек бір ғана республика Ғылым академиясының қабырғасында 25 ірі және комплексті ғылыми-зерттеу институттары істейді, олар осы заманғы білімнің барлық саласын қамтиды.
Ғылым академиясы негізгі зерттеулерді республиканың әр алуан тарихи байлықтарын мұнан ары да аша беруге, республикада техникалық прогресті, ғылыми жұмыстардың бүкіл майданын әр жақты дамытуға бағыттамақ.
Ғылым академиясының ірі ғылыми баспасы бар. Академияның бұл бастысы әрбір екі күнде көлемі 10-15 баспа табақ бір ғылыми кітап шығарады. Оның бұл ғылыми еңбектері тек біздің елімізге ғана емес, шет елдерге де кеңінен тарап отыр. Академия 250-ден астам ғылыми мекемелермен ғылыми кітаптар алмасып тұрады.
Жолдастар, Академия өзінің «Хабаршылар» сериясын шығарды, олар республиканың ғылымы мен шаруашылығының жеке салаларындағы ғылым жетістіктеріне арналған, көптеген монографиялық еңбектер шығарады. Республиканың өмірін және табиғи байлықтарын зерттеудегі соңғы жаңалықтар жазылған Академияның осы еңбектері, мектептерінің барлық кітапханаларында болса екен деген тілек білдіргім келеді. Жолдастар, Қазақстандағы ғылымның барлық табыстарында бастауыш және орта мектептердің алар орны өте-мөте зор.
Мектеп пен ғылымды әсіресе біздің республикамыз жағдайында бір-бірінен бөліп алуға болмайды, өйткені біздің республикамызда табиғи ресурстары мен мәдениеті жөнді зерттелмей жатқан жерлер әлі де көп. Осы аудандарда істейтін біздің советтік мұғалімдеріміз әртүрлі өлкетану жорықтарын ұйымдастыру арқылы көптеген игі жұмыстар істеген болар еді. Солардан жинаған материалдар негізінде өлкетану музейлері мен кабинеттерін құруға әбден болады.
Ғылым академиясының ғылыми мекемелері, атап айтқанда, биология, ботаника, зоология, жер қыртысын зерттеу, әдебиет, тіл және басқа да институттары мұндай мектептерді өзінің ғылыми көмегіне алған болар еді. Бұл мектептің ғылым мен творчестволық байланысының нақты да маңызды формаларының бірі болары сөзсіз. Мұндай жұмыс мектепке де, ғылымға да көп пайда келтірер еді, мектепті қоршаған ауданның таяудағы шаруашылық және мәдени дамуының перспективаларын айқын көрсеткен болар еді.
Жолдастар! Өткен жылы ССРО Жоғарғы Советі мектептің өмірмен байланысын нығайту туралы заң қабылдады, осы съезде бұл заңның жүзеге асырылуының алғашқы қорытындыларын шығарып отырсыздар.
Бұл заңның ғылымның дамуына ықпалы зор. Өйткені мұны табыспен жүзеге асыру өмірді білетін талантты творчестволық күштердің ғылымға лек-легімен келуін күшейте түсері даусыз. Балалар мен жастарды тәрбиелеу туралы мәселе Отанымыздың тарихында мұндай терең де өрісті жолмен ешқашан қойылмаған болар. Қазақстан ғалымдары, республиканың барлық еңбекшілері сияқты, республикамыздың барлық мәдени көштерінің авангарды Қазақстан мұғалімдерінің көп мыңдаған армиясы жас ұрпақты тәрбиелеуді абыроймен жүзеге асырады деп сенеді. Қазақстан мұғалімдерінің III съезіне қатысушыларына, ал солар арқылы республикамыздың барлық мүғалімдеріне еліміздің болашақ белсенді құрылысшыларын тәрбиелеу ісіне, ұлы Отанымыздың бақытты және мұнан былай да гүлдене беруіне бағытталған олардың ізгі еңбектерінің үздік творчестволық табыстарға жетуіне шын жүректен тілек білдіремін.
ҚАЗАҚСТАНДА АФРИКА ХАЛЫҚТАРЫМЕН ДОСТЫҚ СОВЕТ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМШЕСІ ҚҰРЫЛСЫН
«Қазақстанда Африка халықтарымен достық совет ассоциациясының бөлімшесі құрылсын» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылғы 22 сәуірдегі №95 (11188) санының 6-бетінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 318 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 382 бб.
Қ. И. Сәтбаев бұл мақалаларды – М.О. ӘУЕЗОВ – жазушы, Совет-үнді мәдени байланыстары Қоғамының Қазақ бөлімшесі басқармасының председателі Лениндік сыйлықтың лауреаты, С. М. Мұқанов – жазушы, Араб елдерімен достық және мәдени байланыстың совет Коғамы Қазақ бөлімшесі басқармасының председателі. Ғ. Ш. ҚАРЖАУБАЕВ – Совет-монғол достығы Қоғамының Қазақ бөлімшесі басқармасының председателі; Ә. Б. БЕЙСЕНОВ — шетелдермен достық және мәдени байланыстың Қазақ қоғамы Президиумының председателі; У.М. АХМЕТСАФИН – Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі; С. БЕКТЕЛЕЕВ – Кәсіподақтардың Алматы облыстық Советінің председателі; Ә. БЕКТҰРОВ – Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, М. А. БИТНЫЙ – Алматы ауыр машиналар жасау заводынын директоры; Ғ. 3. БИЯШЕВ – Қазақ ССР ауыл шаруашылығы ғылым академиясының вице-президенті; А. X. ЫБЫРАЕВА – Қазақ педагогикалық әйелдер институтының директоры; Е. ЫСМАЙЫЛОВ филология ғылымының докторы; Е. ҚАМЗАБАЕВ — Ақмола облысы Шалқар совхозының директоры, СССР Жоғарғы Советінің депутаты М. ҚАРАТАЕВ – жазушы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет басқармасының директоры; Ж. ҚУАНЫШБАЕВ – Жамбыл облысы совхозының аға шопаны. Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған; Т. С. МАШЕЕВ – Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті; Т. МЕРГЕНОВ – Алматы облысындағы «Қызыл ту» колхозының председателі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты: Қазақ ССР саяси және ғылми білімдер тарату Қарағанды бөлімшесі басқармасының председателі; В. Б. ХАРЛАМОВА – ССР Одағының халық артисткасы т.б. қайраткерлермен біріге жазған.
ЛЕНИН
«Ленин» мақаласы алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1960 жылдың 22 сәуіріндегі №17(277) санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Мақалада кездесетін терминдер:
Гипербола – күшейту деген мағынаны білдіреді, қиял бейнелерін жасауға қатысатын әдістердің бірі. Гипербола деп заттың жеке сипаттары, белгілері үлкейтіліп көрсетілуін айтады. Сөйткенде бейне ашық, мәнерлі, көзге жағымды болып шығады.
Империализм (лат. Imperium – билік, үстемдік) – қатаң күш (әскери және экономикалық күш) және жұмсақ күш (дипломатия және мәдени империализм) қолдануға негізделген экспансионизм арқылы шет мемлекеттерге билікті қолдау немесе кеңейту жөніндегі мемлекеттік саясат. Империализм азды көпті ресми империяда гегемонияның құрылуымен немесе сақталуымен сипатталады.
Идеология (грек. «прототип, идея» + λόγος «сөз, мағына, ақыл, ілім») – саясаттың әртүрлі субъектілерінің – таптардың, ұлттардың, қоғамның, саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың мүдделерін, дүниетанымы мен мұраттарын білдіретін және қоғамда бар үстемдік пен билікке санкция беру нысаны ретінде әрекет ететін тұжырымдамалық түрде жасалған идеялар жүйесі (консервативті идеологиялар) немесе оларды түбегейлі өзгерту («сол» және «оң» қозғалыстардың идеологиялары); қоғамдық сананың идеологиясы мен формасы – мәдениеттің, рухани өндірістің құрамдас бөліктері.
ИГІ ТІЛЕКТЕР, ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕР
«Игі тілектер, жылы лебіздер» мақаласы алғаш рет «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1960 жылғы 9 тамыздағы №32 (405) санының 1-бетінде жарияланған.
Коммунизм (лат. commūnis – «жалпы») – әлеуметтік теңдік қамтамасыз етілетін өндіріс құралдарына, қоғамдық меншікке негізделген теориялық қоғамдық және экономикалық жүйе.
ҒЫЛЫМ МЕН МЕКТЕП – ЕГІЗ
«Ғылым мен мектеп – егіз» мақаласы алғаш рет «Қазақстан мұғалімі» газетінің 1960 жылғы 13 тамыздағы №95 (11188) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 363-365 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 213-215 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 433-436 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Коммуниістік партияның және совет мемлекетінің негізін қалаушы Ленин, халық мұғалімі буржуазиялық қоғамда ешқашан да көтеріле алмаған, қазірде де көтеріле алмай отырған және көтеріле алмайтын биік шыңға көтеруге тиіс деген даналық өсиеті Коммунистік партияның басшылығымен табыспен жүзеге асырылып келеді».
«КПСС Орталық Комитетінің Бірінші Секретары және Совет үкіметінің басшысы Н. С. Хрущев мұғалімдердің Бүкіл россиялық съезінде сөйлеген ғажайып сөзінде мұғалім еңбегін аса жоғары бағалады. Партия мен үкімет атынан Хрущев жолдас совет коғамының социалистік экономикасы мен мәдениетін ілгері бастыру ісіне ізгі еңбегімен зор үлес қосқан мұғалімдерге алғыс айтты. Совет мектебі – алтын бұлақ, онан біздің Отанымыз көптеген тамаша кадрлар алады».
«Жолдастар! Өткен жылы Совет Одағы Орталық Комитетінің және H. С. Хрущевтің инициативасы бойынша Жоғарғы Советі…».
«Мұғалімдердің Бүкіл россиялық III съезінде сөйлеген сөзінде Н. С. Хрущев «Қоғамды қайта құруды ұлы міндеттері жастардың мол білімді, шебер қолды, жалынды жүректі болуын талап етеді. Ортақ игілік мақсатындағы еңбекке деген сүйіспеншілік, коммунизмге пексіз берілгендік, бұл – қасиеттің ең қасиеттісі, аға ұрпақтың революциялық ісін онан әрі жүргізіп, аяқтау бағытына ие болғандар үшін – өмір заңы» деп көрсетті», – сында абзацтары мен сөйлемдері өзгертілген.