Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ҒЫЛЫМНЫҢ КЕҢ ӨРІСІ

I

«Барлығы адам үшін, барлығы адамнын игілігі үшін», – деп партиямыздың Программасында жарияланған тамаша қағида қазірдің өзінде біздің еліміздің халықтары арасында, сол сияқты шет елдердегі достарымыз арасында да, адамгершіліктің – гуманизмнің нағыз жырындай болып шертіледі. Коммунизм орнатудың партия жасап берген бұл ұлы Программасындай документтің әрбір қағидасы нақты өмірге, ғылыми дәлелге негізделген, оның мүлтіксіз жүзеге асуына бүгінгі социалистік заманымыздың теңдесі жоқ табыстары мен жеңістері даңғыл жол ашып, мол мүмкіндіктер жасай алады.
Программада ерекше аталған міндет алдымен, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасап, 1970 жылдары Совет Одағында өнім өндірудің көлемін халықтың әрбір жан басына шаққанда капиталистік дүниенің ең қуатты деген елінен – АҚШ-тан асыру көзделіп отыр. Мұның өзі екі түрлі әлеуметтік системалардың тарихи жарысындағы шешуші қадам болып табылады.
Осындай ұлы жолдағы істерде, еліміздің өндіргіш күштерін дамытуда, қоғамның техникалық және мәдени өмірінің барлық қадамдарында ғылымның алатын рөлі, оның көтеретін жүгі, қосар үлесі аса үлкен де, абыройлы. Программада советтік ғылым дамуының аса маңызды бағыттары белгіленген, оның қоғамның өндіргіш күші ретінде маңыз алатыны, өмірмен, коммунистік қоғамның күнделікті ісімен тығыз байланыста ғана ғылымның жемісті болатыны, халыққа ойдағыдай қызмет ететіні көрсетілген.
Коммунистік партия совет ғалымдарының алдына дүние жүзілік ғылымда жетекші орында болудың ардақты міндетін қойды.
Партияның лениндік Орталық Комитетінің еліміздің ғылымын дамыту ісіне қажымай, талмай көңіл бөліп, күнбе-күнгі көмек көрсетіп отыруының арқасында совет ғылымы аса маңызды салаларда озық ғылыми жаңалықтар ашты, сөйтіп жеткен табыстары, шыққан белестерімен совет ғалымдары өз Отанымыздың даңқын көтерді. Мәселен, біздің ғылымымыздың адам баласы тарихында тұңғыш рет космос кеңістігіне жол салуын сондай салалардың бірі дейміз. Сондай-ақ, біздің ғалымдарымыз атом қуатын бейбіт мақсаттарға пайдалану ісінде бүкіл дүние жүзі алдында бірінші болып үлгі көрсетті.
II
Совет ғалымдарының озат та, аса қуатты да отрядтарының қатарында Қазақстан ғалымдары да бар. Қазіргі уақытта біздің республикамызда 128 ғылыми мекеме және 38 жоғары оқу орны бар. Оларда ғылымның 200-ден астам докторы, 2000 кандидаты жұмыс істейді. Қазақ ССР Ғылым академиясының жүйесінде ғана, партияның XX съезінен бергі дәуір ішінде, ғылыми кадрлар саны 2,2 есеге өсіп, ғылыми жұмыстар жүргізетін өндіріс базасы 6,8 есеге кеңейіп, ғылыми жабдықтармен құралдануы 8 есе молайды. Бұл мерзімнің ішінде жаңадан сегіз институт іске кірісті, солардың төртеуі жергілікті орындарда құрылды, түрлі салада ғылыми-зерттеу қызметімен шұғылданатын жаңадан 220 бөлім, сектор мен лаборатория құрылды.
Бұл мерзімнің ішінде ғылымның есептеп шығару математикасы, ядро спектроскопиясы, полимер химиясы, радиация медицинасы сияқты салаларында маңызды зерттеулер басталды.
Ғасырлар бойы мешеулік ұйқысында мүлгіген біздің кең байтақ жерімізді совет өкіметі жылдары ішінде Коммунистік партияның дана басшылығы мен лениндік ұлт саясаты, дарынды халқымыздың жанқиярлық еңбегі гүл бақшаға айналдырды, советтік озат ғылымның нұр сәулесі ел өміріне, жер бетіне шұғыласын еркін төкті. Бұл шұғыла талай ғасырлар өз бойындағы қазынасын жұмбақ сақтаған жеріміздің қойнауларына да сәуле түсірді, соның арқасында шексіз кең жеріміздің бетіндегі байлығы да, терең қойнауындағы байлығы да ел игілігіне жұмсалып, ұлы заманымыздың, ұлы қоғамымыздың керегіне жарады.
Өткен заманда өз елінің тағдырына ерекше зейінмен, шынайы жетістікпен көз жіберген, туған халқының мұңын мұңдап, жырын жырлаған біздің ұлы ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин қараңғылық қиырында жарық беріп өткен жалғыз-жарым жалау сияқты еді. Ол шындықты ұлы ақын Абай: «Шәкіртсіз ғалым тұл», – деп терең мұңмен түйген. Қазір ше?
Қазір Қазақстан – өркен жайған, шешек атқан ғылымның елі, ғылымның докторлары мен кандидаттарының, академиктердің елі. Мұнда әр саладан ілім тоқып, білім қуған ғалым да, оның соңына ерген шәкірті де көп. Қазақ ССР Ғылым академиясының штаттағы ғылыми кадрларының саны 7600 адам, солардың ішінде ғылымның 91 докторы мен 560 кандидаты, республика академиясының 39 академигі, 33 корреспондент-мүшесі бар, бізде СССР Ғылым академиясының екі толық мүшесі жұмыс істейді.
Коммунистік партия, совет үкіметі біздің ғылымның барлық салада алға басып, өркендеуі жолындағы ұлылы-кішілі істерден күш те, қаражат та аямайды. Ғылыми мекемелердің зерттеу жұмыстарын өрістете алатын сәнді сарайлары, тәжірибе алаңдары, жабдықты үйлерге орналасқан лабораториялары пайда болды. Республикада Ғылым академиясының тамаша үйлері, патология-зоология институттарының, бірнеше тәжірибелік базалардың, ядро физикасы, химия ғылымдары институттарының, ионосфера станцияларының жаңа үйлері салынып, ірге қалап, шаңырақ көтеруде.
Бұлардың бәрі – тамаша ғылым ордалары, бірақ ғалымдар өз жұмысын сол үйлердің ішінде отырып қана тындырып отыр деп ешбір де ойлауға болмас еді, әрбір ғалымның кең ордасы, қанат жаяр, гүл шашар шынайы өрісі – өмірдің өз ортасы еңбек адамдарының арасы, өнеркәсіптің, колхоз бен совхоздың қайнаған өндірісі. Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде, заман талабының өрісінде болады. Партия бізді әрқашан осыған шақырып келеді. Ғалымға азық берер қайнар көз кітап бетімен, лаборатория аймағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады. Сондықтан да партия, оның лениндік Орталық Комитеті ғылымның әрбір қайраткерін ел өмірімен, өндіріспен, халықтың жасампаз, тарихи істерімен әрқашан тығыз байланысты болып отыруға үйретеді. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі.

Тамшы тасты жарады,
Күшпен емес, көп тамып,
Адам ғалым болады,
Күшпен емес, көп танып.

Осы бір ежелден келе жатқан латын мәтелі бұл күнде де өз күшінде.
III
Партия мен совет халқы ғылымға кең өріс ашып, оның алдына ел өмірінің келелі қажетінен туатын аса маңызды міндеттер қойып отыр. Қазақстанның ғылым майданында да шешіліп, іске қосылуы тиіс қыруар істер бар. Қазіргі уақытта металлогения, жерасты кен қазу жұмыстарын комплексті механизациялаудың ғылыми негізі, астрофизика, түсті металл кендерін ұқсатудың циклондық және гидрометаллургиялық тәсілдері, жем-шөптің микробиологиясы сияқты халық шаруашылығы үшін аса үлкен маңызы бар ғылыми-зерттеу салаларында Қазақстан ғылымы Отанымызда жетекші орында.
Біздің академия ғалымдарының бірнеше еңбегіне Лениндік сыйлықтар берілгені жұртшылыққа мәлім, бізде 12 ғалым Лениндік сыйлықтың лауреаты.
Қазақстанда ғылым дамуының осыншалықты жоғары қарқынға өрістетілуі ең алдымен біздің жер қойнауларымыздың байлығына, жеріміздің елімізге берер қазынасының соншалықты көптігіне байланысты болып отыр. Жеріміздің бетін алсақ, аса ірі астық шаруашылығына және түлік-түлік мал шаруашылығына мекен болатындай құнарлы өлке де, шөбі шүйгін, топырағы майлы, қырлы өңір де бізде мол, республикамыз тың даланы игеру жолындағы ұлы жорықтың туған мекені, молшылық көзі болып отыр. Жеріміздің бетін қойып, астын алсақ, қойнауын сөз етсек, ол – осы заманғы индустрияның барлық саласын дамытуға да қажет әр алуан пайдалы кендердің қоймасы. Бұл – ғалымның ойына өріс, талабына қоныс, ізденсе ілігер байлық бар, «менің көзімді аш та, халыққа бер, керегіңе жарат», – деп кен байлығы, ел байлығы бел асқан сайын жырлап тұрғандай.
Соңдықтан да партия Программасында коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау жолындағы істерде еліміздің шығыс аудандарының, соның ішінде Қазақстанның рөлі ерекше аталған. Қазақстан – табиғат байлықтарының таңғажайып қоймасы екені даусыз. Егер СССР бойынша, тұтас алғанда, өнеркәсіп өнімінің таяудағы он жыл ішінде өсуінің дәрежесі 2,5 есе, ал коммунистік құрылыстың жиырма жылы ішінде алты есе артуы көзделсе, ал Қазақстанда сол уақыттың ішінде өнеркәсіп өнімінің келемі 12,7 есе арттырылуы көзделген, яғни бүкіл ел бойынша орта есеппен 2 еседен астам артық. Осыған орай республикамызда ғылым да еселеп өркен жаятыны сөзсіз, өйткені өнеркәсіптен, ауыл шаруашылығынан, халық игілігіне қызмет етуден сырт жатқан, өз қауашағының шеңберінде ғана жатқан ғылым бізде болмайды. Ғылымның тапқанының бәрі өндірісте шешек атады, ғалым атаулы тек өмірде шыңдалып өседі.
IV
Осы тұста ғылымның алдында тұрған аса бір маңызды және аса қызықты бір міндеті – жер қойнауларын зерттеу, жердің астына тереңдей ғылым сәулесін түсіру міндетін айта кетелік. Біздің совет ғылымы басқа елдердің ғылымынан бұрын, бірінші болып, жер үстінен ең биікке көтерілді, көтерілгені сол біздің еліміз космос кеңістігіне тұңғыш жол ашты, сол сияқты біздің совет ғылымы ең тереңге де барады, жердің сонау терең қат-қабатында, алыс қойнауларында қандай асыл қазына, қандай кеннің түрі болса, соның бәрінің көзін ашып, ел керегіне жаратуы, халық қажетіне беруі міндет. Ұлы Ломоносовтың: «Ғылым халыққа пайдасын тигізсе ғана қызық» – деп айтқаны әлі де мағыналы.
Осы ретте, мәселен, республика геологтарының – жер қойнауын барлаушылардың ісі бізде әрі көлемді, әрі қиын және қызық. Геологиялық ғылымның барынша алға басып, барынша дамуын Қазақстанның шапшаң да, көлемді өркендеп отырған ауыр иңдустриясы керек етіп отыр. Геологтардың ғылыми күші Қазақстан территориясының геологиялық құрылымының негізін ашу және аса маңызды пайдалы қазба кендерінің шығатын орындарының орналасуындағы объективті заңдылықтарын айқындау, сөйтіп республиканың минерал-шикізат базаларын кеңіте түсу мақсатына қызмет ету жолындағы істерге шоғырландырыла жұмылдырылуы қажет.
Ғалымдардың жұмысы кен қорының арта беруіне, қазба байлықтардың көзін ашуға, соның өзінде бұл істерді тезірек игеруге болатын қолайлы аудандарда алдымен де, шоғырландырыла да жүргізілуіне тиімді көмегін тигізерлік бағытта қолға алынуы керек. Минерал шикізат көздерін ашуда металлогения ғылымының жетекші рөл атқаратынын ескеріп, осы тұрғыдағы істердің қатарында Қазақ ССР-нің барлық территориясы үшін бірыңғай орта масштабты металлогения болжам (прогноз) карталарын, сол сияқты республиканың басты кенді аудандарын болжамға алатын өте-мөте нақты карталар жасау міндеті алдымызда тұр. Осындай карталарды жасау жолындағы көп жылдық ғылыми-зерттеу істерімізді жинақтап, Қазақстан металлогениясы туралы фундаментті еңбек әзірлеп, басып шығару міндеті және бар.
Жер астының бір байлығы – мұнай. Таяу жылдар ішінде Қазақстан үлкен мұнай, қуатты газ өнеркәсібінің республикасы – еліміздің үшінші Бакуы болмақ. Осыған байланысты геолог ғалымдардың алдына мұнай-газдар қоры бар жаңа аудандарды ашу, ең алдымен, Маңғыстау, Каспий ойпаты маңын және басқа да мұнай-газ қойнаулы жерлерді зерттеп, ғылыми тұрғыдан байлығын анықтау істерінің аса күрделі комплексті ғылыми проблемаларын шешу бағытында жұмыстар жүргізу міндеті қойылып отыр.
Қазба байлығы бар өңірлерге ғылыми болжам жасау тәсілдерінің бұдан былай да жетілдірілуі үстінде жер қат-қабаттарының терең де, аса терең де горизонттарын бойлай зерттеу, іздеу істері алға қойылады. Бұл істер алдымен геофизиканың, геохимияның, сол сияқты тіректі құрылымда бұрғылаудың жаңа әдістерін қолданумен жүзеге асырылуы көзделеді. Бұл жолда геология ғылымының негізгі тармақтарының бәрін де, соның ішінде: стратиграфияны, тектониканы, петрологияны, литологияны, минералогияны, металлогенияны, геохимияны, геофизиканы, палеогеографияны, геоморфологияны, тағы басқаларын жетілдіру, дамыту үстінде қолдану көзделінеді. Кен таужыныстарды, кендерді, минералдарды, лабораториялык зерттеудің, дәл де, нәзік те әдістері дамытыла береді, кенді өңірлердің заттық құрамы мен құрылымын нақты зерттеу, тәжірибелерден өткеру және сұрыптау істері қолға алынып шешіледі.
Алдағы жиырма жыл ішінде республиканың кен өнеркәсібінің күрт өркендеуіне кең жол ашылады, қара және түсті металдар кенін алу, көмір, мұнай өндіру бірнеше есе артады. Әр алуан пайдалы қазба кендерінің көптеген жаңа мекендері игеріледі және кен қазбаларын алатын ірі-ірі кәсіпорындары пайда болады. Солардың қатарында, мәселен, қара металлургияның Лисаков пен Қашардағы кен байыту комбинаттары мен басқа да кәсіпорындары шаңырақ көтереді, түсті металлургияның Николаев, Бозшакөл, Саяқ комбинаттары мен басқа да кәсіпорындары құрылады, сол сияқты, көмірді, фосфоритті, минерал тұздарды және сондай қазбаларды керекке жарататын кен өнеркәсіп орындары іске қосылады.
Халық шаруашылығын дамытудың осындай аса маңызды бағытында өз еңбектеріне өріс табатын кен саласындағы ғалымдарымыздың басты міндеті де пайдалы кендерді жерасты жабық әдіспен де, әсіресе жербеті ашық әдіспен де алудың, ұқсатудың жолдарын бұдан былай да зерттеп, жетілдіре түсу болмақ. Бұл жұмыстардың бәрін де өндірістік процестерді тұтастай механизациялау және автоматтандыру негізінде орындалатындай етіп ұйымдастыруды ғылыми тұрғыдан жан-жақты шешіп отыру қажет. Соның өзінде қазба байлықтардың қай-қайсы түрін де күш пен қаражатты неғұрлым аз жұмсап, кенді неғұрлым мол ұқсатуды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері мен жолдарын тауып, өндіріске ендіріп отыру бағытында орындауды көздеуіміз керек. Осы тұста республиканың қазба байлықтарын ұқсату барысында бірсыпыра жерде, мәселен, Қарсақпайда және басқа да кенорындарда кен ысырабы тым көп болып отырғанын елеулі кемшілік ретінде айта кетуге тиіспіз.
Кенді ашық әдіспен қазып алу, бұл істі бұрғылаудың жаңа техникасы және тиеу-тасымал жабдықтарының қуатты жаңа түрлерін іске жегу негізінде жүргізу жолдарын кеңінен зерттеп, жетілдіре беру керек. Бұл міндетті ең алдымен қара металлургия кендерінің Лисаковтегі, Қашардағы, Аяттағы, ал түсті металлургия кендерінің Бозшакөлдегі, Николаевтегі, Саяқтағы және басқа да ірі кәсіпорындарында жүзеге асырған дұрыс.
Сол сияқты таужыныстарды қопарудың физиканың ең жаңа табыстарына негізделген, ең тиімді термалық, ультрадыбысты, электргидравликалық әдістерін қолдану жөніндегі ғылыми жұмыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Қара металлургия, түсті металлургия салаларындағы сияқты, республика үлкен химия өндірісін жасау энергетика салаларында да ғылыми мекемелеріміз бен оның кадрларының алдында сан қилы қиын да, қызықты міндеттер шешуді күтіп тұр, ғалымдарымыздың алдында бұл салаларда да ашылып отырған кең өріс жемісі, мол өнімді іс баршылық.
V
Өнеркәсіп саласындағы сияқты, ауыл шаруашылығы саласында да ғылымның шешіп беруін күтіп отырған келелі мәселелер бар. Сол мәселелердің ең бір жоталысы Қазақстанның шөлейт аймақтарының табиғат байлықтарын тұтастай зерттеп, игеру ісі болмақ. Совет ғылымы мен техникасының қазіргі жетістіктері шөлейт өңірлерді игеру мақсатында суландыру проблемасын комплексті шешуге мүмкіндік беріп отыр. Су шаруашылығын ғылыми жағынан шешіп, жолға қоюдың қаншалықты біз үшін маңызды екені мынадан да байқалады: Қазақстанда шөл және шөлейт өңірдің жалпы көлемі 180 миллион гектар, яғни бұл республиканың бүкіл территориясының 65,6 проценті. Мұншама көлемді аймақтың табиғи ресурстары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендетудің резерві болып табылады. Мұның мысалын мынадан да аңғарамыз. Соңғы уақыт ішінде шөлейт өңір саналатын Маңғыстау қойнауында мұнайдың миллиондап есептелетін мол қоры бар екендігін ғылым анықтай алды. Республиканың шөлейт аудандарында түсті, қара және сирек металдардың, көмірдің және басқа да пайдалы қазба кендерінің аса мол көздері бар. Сол сияқты бұл өңірлер егіншілік пен мал шаруашылығын өркендету үшін де қолайлы қоныстар болу тиіс. Бұл тұста Орталық Қазақстанның және Арал-Каспий жазығының және онымен іргелес жатқан Қазақстан мен Орта Азияның кең көлемді шөлейт өңірлеріне су берудің ерекше маңызы болып отыр.
Шөлейт өңірлер ауыл шаруашылығында қазір өте жеткіліксіз пайдаланып келеді. Ал, осы шөлейт өңірдің жерлерін егіншілік пен мал шаруашылығына пайдалану – қаншалықты тиімді болар еді, ол жерге жетпейтіні – бір ғана су. Ғылыми-зерттеудің көрсетіп отырғанына қарағанда, бұл шөлейт өңірлердің топырағы минерал тыңайтқыштарға бай, топырағында калий, микроэлеметтер жеткілікті, Күн сәулесі еркін қыздырады, тек сусыз болғандықтан ғана осы бір көлемді де, құнарлы да өңір әзірге шөлейт атанып келді. Ал осы су дегенімізден де бұл шөлейт өңірлер тым құр алақан емес екен. Зерттеу жұмыстарының қорытындысына қарасақ, шөлейт өңірлердің аса мол көлемінің тереңінде жерасты суы бар, онда тұщы да, ащы да су қоры барлығы байқалады. Сондықтан Қазақстан ғылымының алдында тұрған келелі міндеттің аса бір маңыздысы да аса көлемдісі шөлейт өңірді суландыру, шөлейт жерді құнарлы жерге айналдыру мәселесін жан-жақты шешудің жолдарын тауып, шаруашылық керегіне жұмсауға көмектесу болып отыр.
Ең алдымен бұл өңірлерді суландыру ісін шешу үшін қажетінше электр қуатын пайдалануды жолға коюдың маңызы бар сияқты. Бұл маңдарда мейлінше молшылық болып отырған Күн сәулесінің қуатын пайдалану, жартылай желілі негізде фото және термоэлеметтерін іске қосу жолымен электр қуатын алуға болар еді. Сол сияқты таяу маңдағы өнеркәсіп орталықтарынан да бұл өңірлердің едәуір жеріне электр қуатын жеткізуге мүмкіндік бар. Осыңдай жолдармен электр қуатын пайдалану мәселесі шешілген күнде, шөлейт өңірлерді өзінің тереңдегі мол қор суын керекке жарату арқылы да кеңінен суландыра бастауға болады. Қазіргі заманғы электр қуатының күшімен керек еткен жерде ащы суды тұщыландыруға да болады. Екіншіден, келешекте бұл шөлейт саналып келген аудандардың үстіне солтүстіктің үлкен өзендерінің мол суы да әкелінетін болады. Осының бәрінің нәтижесінде шөлейтіміздің өзі күні ертең баулы, бақшалы, ну өсімдікті өңірге айналып, астықтың, май мен еттің, мақта мен жемістің молшылық көзіне айналатын кезі де алыс емес.
Шөлейт жерлерді игеру дегеніміз, негізінде су мәселесіне тіреліп отырғандықтан, академияның құрамында қазіргі түрлі шағын секторлардың, бөлімдердің негізінде су проблемасының комплексті ғылыми мәселелерін шешіп отыратын ірі институт құру қажеттігі де алға қойылып отыр.
Мұнымен бір мезетте шөлейт өңірлерді суландыру мақсатында Күннің, желдің күшіне негізделген электр қуаттарын іске қосу үшін, фото және термоэлементтер арқылы да жартылай желілі жолмен электр қуатын пайдалану үшін, бұл салаларда комплексті проблемаларды шешіп отыратын ғылыми мекемелер керек. Алдағы уақытта Жезқазғанда гелиоэнергетика мен гелиотехника институтын ұйымдастыру көзделіп отыр. Сол сияқты шөлейт территорияларды игеру жолындағы үлкен істерде алдағы кезде құрылғалы отырған транспорттың комплексті проблемалық институтының атқарар ісі де аса көп және тым игілікті болмақ.
Қазақстанның шөлейт және шөл далаларының аса зор потенциал мүмкіндіктерін жоспарлы түрде, белгілі жүйемен зерттеп, игеру жолындағы әр саламен, әр тармақпен қолға алынатын барлық ғылыми проблемаларды сәйкестеп, біртұтас бағытта жүргізіп отыратын арнаулы комитет немесе тіпті Қазақ ССР Ғылым академиясы жанынан институт құру тиімді болады деп санаймыз.
Ауыл шаруашылығының басқа да салаларында өте-мөте қажет жерлерді игеру жолындағы ұлы істерде ғылымның алдына қойылып отырған міндет үлкен. Астықты, етті, сүтті, басқа да азық-түлікті молайта беру жолындағы жорықта тың жерлер – алдыңғы шеп. Бұл ретте республика ғалымдарының атқарар жұмысы, қосар үлесі аса зор да, аса абыройлы. Сол ұлы істердің қатарында егіншілік мәдениетін көтеру, топырақтың құнарлылығын арттыру, пішендік, жайылымдық, аса көлемді қосымша жерлерді суландыру, дақылдың жоғары өнімді жаңа сорттарын тауып, өндіріске ендіру, жел эрозиясына (дефляциясына) қарсы күресу сияқты проблемалар бар.
Қазақстан ғалымдары биология, медицина салаларында да, қоғамдық ғылымдар саласында да, көптеген жаңа проблемаларды шешіп, халық игілігіне айналдыру жолындағы әр алуан істерге бар күшімен, барлық білімімен, талантымен бүгінгі таңда қашанғыдан да бекем жігермен жұмылып отыр.
Қандай істің болса да тағдырын кадр, адам шешетінін партия Программасы атап көрсеткен. Маман, білімді ғалым кадрлары – біздің негізгі күшіміз, ғылымдағы басты тұлға. 1980 жылы біздің академиямыздың жүйесінде істейтін ғалымдар саны қырық мың адамға дейін жеткізілуі жоспарланған. Сол мерзімнің ішінде бізде ғылым докторының саны 400-дей адам болу керек, соның ішінде 150 ғылым докторы, алғашқы он жыл, 250 ғылым докторын одан кейінгі он жыл ішінде даярлау міндеті қойылып отыр. Сол мерзімнің ішінде бізде, республиканың Ғылым академиясының жүйесінде ғылым кандидаттарының саны алғашқы он жыл ішінде 700, одан кейінгі он жыл ішінде 1900, жиырма жыл бойында барлығы 2600 адам даярлау көзделген. Соның өзінде техникалық ғылым саласында кадрлар даярлауға баса көңіл бөліну тиіс.
Біздің ойымызша, таяу жылдар ішінде Қазақ Мемлекеттік университеті жанынан қатты дене физикасы, астрофизика, ионосфера физикасы, ядролық физика кафедраларын ашу, сол сияқты политехникалық институтта жаңадан машина құрылысы және өндірісті автоматтандыру факультеттерін ашу орынды сияқты.
Жиырма жыл ішіндегі ғылыми өмірімізге көз жіберсек, Қазақ ССР Ғылым академиясында бірнеше жаңа институттар ашылатынын, ал бұрынғыларының барынша дами түсетінін аңғарамыз.
Біздің ғылыми мекемелеріміздің, олардың мың санды армиясы – қарт та, жас та ғалымдарымыздың мақсаты айқын, міндеттері түсінікті, өрістері кең. Олар өз еңбегімен, тамаша ізденулерімен, ашқан жаңалықтарымен ұлы советтік Отанына, Коммунистік партияға, халқымызға сенімді көмекші бола алады, елімізде коммунизм орнату ісіне өз үлестерін қосады.
БАРЛАҢДАР, БАҒДАРЛАҢДАР
Жас достарым, сендер жазғы демалыс кезінде өлке тану саяхаттарына, түрлі жорықтарға шығасыңдар. Сонда сендер көздеріңе түскен тастарға, сан алуан минералдарға жіті зер салып, бағдарлаңдар, барлаңдар. Табиғатта тастар неше алуан формада, неше алуан түрлі-түсті болып келеді.
Тас жарықшақтарында кездесетін өзге түсті жолақтарға назар аударыңдар. Тастың салмағы, түсі, формасы ерекше болса, оған міндетті түрде тоқталыңдар. Қымбат қазыналардың бәрі осы тастан табылады.
Мүмкін, сендердің бәрің бірдей кен таба бермессіңдер, бірақ сендердің жорықтарыңнан, зерттеулеріңнен геологтарға көп пайда тиеді. Назар аударатын ерекше тастар болса, барлаушыларға табыс етіңдер.
Биыл Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті мен Геология және кен қорғау министрлігі жастардың жаппай геологиялық жорығын жариялап отыр. Бәрің де сол жорыққа қатысады деп үміттенемін.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҒЫЛЫМНЫҢ КЕҢ ӨРІСІ

«Ғылымның кең өрісі» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» 1961 жылғы 27 желтоқсанындағы №300 (11678) санының 2-бетінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C 84-88.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 260-268 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 336-344 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 313-323 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Партияның лениндік Н. С. Хрущев жолдастың Орталық Комитетінің еліміздің ғылымын дамыту ісіне қажымай, талмай көңіл бөліп, күнбе-күнгі көмек көрсетіп отыруының арқасында совет ғылымы аса маңызды салаларда озық ғылыми жаңалықтар ашты, сөйтіп жеткен табыстары, шыққан белестерімен совет ғалымдары өз Отанымыздың даңқын көтерді», – сөйлеміндегі «Н. С. Хрущев жолдастың», – деген жері алынып тасталған. «Революцияға дейін ғылым сәулесінен хабарсыз жатқан, қаранғылық пен надандық жайлаған», «Н. С. Хрущев жолдас бастаған», «Н. С. Хрущев жолдастың бейнелі сөзімен айтқанда» – тіркестері алынған.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Ядролық спектроскопия – ядролық физиканың атом ядросының энергетикалық деңгейлерін және олардың арасындағы ауысуларды зерттейтін саласы.
Стратиграфия – геологияның қабаттарды (страта) зерттейтін саласы. Ол тау жыныстары қабаттарының жасын, құрамын, құрылымын, таралуын және олардың уақыт бойынша қалай өзгергенін анықтайды. Стратиграфия жердің геологиялық тарихын құру үшін маңызды.
Петрология – тау жыныстарының пайда болуын, құрамын, құрылымын және қасиеттерін зерттейтін геология саласы. Петрология магмалық, метаморфтық және шөгінді жыныстарды зерттейді, бұл жер қыртысының дамуын түсінуге көмектеседі.
Литология – шөгінді жыныстардың құрамын, құрылымын, текстурасын және таралуын зерттейтін ғылым. Литология негізінен жергілікті немесе аймақтық ауқымдағы шөгінді жыныстардың ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған.
Палеогеография – Жер тарихындағы өткен географиялық жағдайларды (климат, рельеф, су қоймалары, өсімдіктер мен жануарлар таралуы) зерттейтін ғылым. Палеогеография Жердің геологиялық кезеңдеріндегі табиғи жағдайлардың эволюциясын қалпына келтіруге көмектеседі.
Термалық әдіс – жыныстарды қыздыру арқылы олардың құрылымын әлсірету және жарықшақтар пайда болуын қамтамасыз ету үшін қолданылады. Бұл әдіс жыныстарды алдын ала өңдеуде, сонымен қатар лазерлік немесе плазмалық кесу арқылы жыныстарды ұсақтауда тиімді.
Ультрадыбысты әдіс – тау жыныстарының физикалық қасиеттерін зерттеу, тау-кен құралдарының жағдайын тексеру және жыныстарды ұсақтау процестерінде қолданылады. Ультрадыбыстық кавитация пайдалы қазбаларды кеннен бөліп алу кезінде тиімді пайдаланылады.
Электргидравликалық әдіс – сұйықтық арқылы электр разрядтарын қолдану арқылы тау жыныстарын бұзуды қамтамасыз етеді. Бұл әдіс кен массаларын ұсақтау, жыныстарды тиімді бөлу және гидравликалық кесу процестерінде кеңінен қолданылады.
Гелиоэнергетика – Күн энергиясын зерттейтін және оны әртүрлі мақсаттарда (электр энергиясын өндіру, жылу алу) қолдану әдістерін әзірлейтін ғылым және техника саласы. Бұл сала күн батареялары, күн коллекторлары және басқа да құрылғыларды пайдалана отырып, экологиялық таза энергия көзін дамытуға бағытталған.
Гелиотехника – Күн энергиясын жинақтап, оны нақты техникалық жүйелерде қолдануға арналған құрылғылар мен технологияларды жасау және пайдалану саласы. Гелиотехникаға күн панельдері, күн жылытқыштары, күн энергиясымен жұмыс істейтін электр станциялары сияқты құрылғылар кіреді.
Гелиоэнергетика – Күн энергиясын зерттеу және оны қалай қолдануға болатыны туралы ғылым, ал гелиотехника – сол энергияны қолдануға арналған технологиялар мен құрылғыларды әзірлеу.
Дефляция (жел эрозиясындағы) топырақтың үстіңгі құнарлы қабатының желдің әсерінен ұшуын немесе жойылуын білдіреді. Бұл процесс көбінесе өсімдік жамылғысы сирек я жоқ жерлерде, әсіресе құрғақ климаттық аймақтарда байқалады. Жел эрозиясы нәтижесінде топырақ құнарлылығын жоғалтып, егіншілікке жарамсыз болып қалады. Сондықтан дефляцияға қарсы шаралар (ормандар отырғызу, жерді суландыру, агротехникалық әдістер қолдану) ерекше маңызды.

БАРЛАҢДАР, БАҒДАРЛАҢДАР

«Барлаңдар, бағалаңдар» мақаласы алғаш рет «Қазақстан коммунисі» газетінің 1960 жылдың қазанындағы №10 санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 369 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 223 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 441 бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы