Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ЕҢБЕКТЕ ШЫҢДАЛ

Мен КПСС XXI съезінде сөйлеген сөзімде еліміздің жігерлі де еңбекшіл жастарын біздің Қазақстанның қыруар қазынасына қол салып қопарып, ел игілігіне жұмсауға шақырған едім. ІІІынында, біздің республикамыздың геологиялық картасынан Менделеев таблицасындағы барлық элементтерді кездестіруте болады.
Бір ғана Жезқазғанды алайықшы. Дүние жүзінде ондағы мыс кеніне сапа жағынан да, қор жағынан да еш теңдесі жоқ.
Міне, осы қазынаны игеруге Қазақстанға Ленин комсомолының жалынды ұлдары мыңдап, он мыңдап келіп жатыр. Жетіжылдықтың алып құрылыстары қанат жайды, жаңа заводтар түтін түтетті. Сол жас жұмысшылардың, құрылысшылардың ішінен республикамыздың ұл-қыздарын, қазақ жастарын көбірек көрсек деген тілегіміз бар. Өйткені, бүгінгі ұрпақ үшін завод цехындағы, шахта лавасындағы, құрылыс алаңындағы еңбек – шапшаң да шынайы шынықтыратын мектеп. Біздің ғылым да өзіне қажет нәр-сөлді завод, рудник, құрылыс ортасынан табады, өзінің кадрларын еңбекте шыныққан, өндірісті басынан кешірген адамдардың арасынан алады. Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін керек, қол мен ой қимылы қажет.
Менің сендерге айтарым: біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді.
ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ ИГІЛІКТІ БОРЬІШЫ
Совет интеллегенциясы бұқарамен тығыз байланыс жасай отырып, Отанымыздың дамуына шексіз беріле қызмет етуде, жаңаның бәрін сергек және қызу сезімталдықпен қабылдау ісінде әрдайым көзге түсіп келді және қазір де осы қасиетімен көзге түсуде. Ғалымның тапқыр ойын, композитордың, жазушының, суретшінің творчестволық ізденулерін қоғамдық игілікті мақсаттар жігерлендіріп отыр. Дүние жүзіндегі ең озат советтік ғылымның табыстарын еселей түсу, еңбекшілердің күнделікті қаһармандық істерін көркем жарқын бейнелер арқылы суреттеу, замандастарымызды Отанымыздың даңқын арттыра түсу мақсатында жаңа істерге шақырып отыру – біздің еңбегіміздің жоғары дәрежелі мазмұны мен міндеті нақ осында болып отыр.
Ғылыми және творчестволық интеллигенция жас ұрпақты өмірге, еңбекке даярлау, жас ұрпақтың дүние тану көзқарасын, мәдениетін, оның эстетикалық талғамдарын қалыптастыру ісінде аса зор рөл атқара алады және атқаруга тиіс те деген ой – міне осы ой республика мұғалімдерінің үшінші съезінің мінбесінен барынша пәрменді естілді. Ғалымдар, жазушылар, актерлер, музыканттар, суретшілер балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде мектепке күнделікті көмек көрсете алады және көрсетуге тиіс те.
Жолдастар, біздің мектепке деген жолымыз – мұның өзі әсемдіктің, сәулеттінің, ақылға сыйымдының бәріне құштарлана ұмтылып отыратын балалардың ақыл-ойы мен жүрегіне бастайтын жол. Біз педагогтармен бірлесе отырып, кемеліне келе жетілген, тереңнен ойлайтын, өмір құбылыстарын талдай және қорыта білетін, өмір мен өнердегі асыл нәрселерді бағалап, оларға құмарта білетін жан-жақты дамыған адамды тәрбиелейтін боламыз.
Мектеп біздің алдымызға қызмет ету арнасын кең ашып отыр. Көпшілікке арналған ғылыми тақырыптарға лекциялар оқу, көркем-өнерпаздар үйірмелеріне басшылық ету, тақырыптық кештер ұйымдастыруға көмек көрсету, ғылымның ең жаңа жетістіктерін, әдебиет пен өнердің таңдаулы шығармаларын насихаттау, жастарды шын мәнісіндегі әсемдікті үстірт және жалған көріністерден ажырата білуге үйрету – міне, осы жұмыстардан қызықты, бұдан игілікті не бар?
Сіздерге осы үндеуді жолдай отырып, біз қазірдің өзінде бастама істеліп, алғашқы қадамдар жасалғанын қанағаттанып атап өтеміз. Мысалы, Қазақ ССР Ғылым академиясының Геология ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтының коллективі Алматының № 40 және № 42 мектептеріне қамқорлык жасауда. Ғылыми қызметкерлер оқушылардың туған өлкенің шексіз байлықтарын тереңірек білуіне көмектесіп, балаларға тарту ретінде мектептің геология музейін әзірлеуде, бұл музейге республикамыздың пайдалы қазбаларының үлгілері қойылатын болады.
Қазақстан Суретшілерінің одағы астанадағы № 14 мектепте бейнелеу өнерінің үйірмесін ұйымдастыруда және мектептің программасына байланысты лекциялар циклін белгілеп, пионерлер үйі жанынан бейнелеу студиясын ашуға, мектептердің сурет галереясын ұйымдастыруына жәрдем көрсетуге ұйғарып отыр. Композиторлар одағы мен Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерватория № 12 және 25 мектептермен, № 1 және № 2 мектеп-интернаттармен байланыс орнатты. Хор факультетінің студенттері осы мектептердің оқушыларымен ән сабақтарын өткізуде. Консерваторияның оқытушылары оқып жүрген музыка теориясы жөніндегі лекциялар жоғары класс оқушылары мен мұғалімдер арасында зор сүйіспеншілікке ие болып отыр.
Балаларға өз білімдерімізді жомарттықпен бере отырып, біз сонымен бірге мектептен өзіміз де творчестволық жұмыстың жаңа қайнар көзін табамыз, адамның мінез-құлқын шыңдаушылардың, еліміздің болашағын, ұрпақтың тағдырын өз қолына алып отырғандардың ғажап еңбегін – мұғалімдердің еңбегін мейлінше толық көріп білеміз.
ҚАЗЫНА ҚОЙМАСЫ – ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан Ұлы Октябрь революциясына дейін патшалық Россияның ең артта қалған шет аймақтарының бірі еді. Қазақтар көшпелі өмір сүретін, оның экономикалық және мәдени даму дәрежесі өте төмен болды. Жергілікті өнеркәсібі қолөнермен шұғылданатын ұсақ мекемелерден құрылған. Ал, ауыл шаруашылығында жұмыс жабайы, қарапайым әдістермен атқарылып, оның өнімділігі мардымсыз болатын. Қазақстанның Франция, Германия, Англия, Италия және Япония жерлері кеңінен сиып кететін 2,7 миллион шаршы метрдей көлемді территориясында қатынас транспорты – тек қана жылқы мен түйе болып саналды. Пролетариаттың ұлы көсемі В. И. Лениннің жазғанындай, осынау кең байтақ өлкеде патриархалдық, жартылай тағылық және нағыз барып тұрған тағылық үстемдік етті.
Бұрын бұл өлкені жақсы білем деген адамдардың өздері мұндағы қазба байлықтар қорының қаншалықты зор екендігі жайынан мүлдем бейхабар еді. Геологтардың қажырлы еңбегі игілікті нәтиже берді, олар байтақ қазақ даласында мол минералдық шикізат қорының қыруар көзін ашты. Қазақстанды қазір халқымыз еліміздің сарқылмас байлық қоймасы деп атайды. Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі дерлік біздің жерімізден табылады!
Қазақстан темір, ванадий, қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, молибден, вольфрам, калий тұздарының және басқа көптеген кен байлықтардың қоры жөнінен Советтер Одағында көрнекті орын алып отыр. Республикамыздың жер қойнында марганецтің, никельдің, титанның, алюминийдің, көмірдің, мұнайдың, фосфориттің және радиотехникада, электроникада, машина жасауда маңызы зор, сирек және асыл металдардың мол қоры бар.
Бізде темір рудасының Урал мен Украинадан да бай қоры табылды. Олардың бәрі дерлік басты көмір бассейндеріне жақын, негізінен, Қостанай мен Қарағанды облыстарында. Торғай ойпатындағы Аят, Лисаков, Қашар, Қоржынкөл, Соколов-Сарыбай кендерінің дүниежүзілік маңызы зор.
Республикамызды түсті металдар қазынасы деп орынды атайды.
Советтік дәуірде Қазақстан адам танығысыз дәрежеде дамыды. Коммунистік партияның даналық ұлт саясатының нәтижесінде, ұлы орыс халқының және Совет Одағының басқа халықтарының туысқандық көмегімен, қазақтар тарихи қысқа мерзімде өзінің мемлекетін және мәдениетін құрды. Халық шаруашылығының барлық салалары нағыз революциялық түрде өзгертілді. Бұрынғы артта қалған, мешеу, кедей өлке енді, міне, Одақтың гүлденген ең ірі индустриялды-аграрлы республикасы ретінде өзінің даңқты 40 жылдық мерекесін қарсы алып отыр.
***
Қазақстан – қазір Советтер Одағындағы ең басты түсті металдар ауданының бірі және Отанымыздың үшінші көмір базасы. Мұнда ауыл шаруашылығын дамытуда да зор табыстарға қол жетті. Талай миллиондаған гектар тың және тыңайған жерлер көтерілді. Ал, патшалық Россияның кезінде әрбір жүз адамның екеуі-ақ оқып, жаза алатын болса, қазір республика халқы түгелдей сауатты. Қазақстанның екі Ғылым Академиясы, бірнеше ондаған жоғары оқу орындары, жүздеген орта және мыңдаған бастауыш мектептері бар.
40 жыл бойы республикамыздың құлазыған далалары мен таулы аудандарына ірі өндіріс орындары, үлкен-үлкен қалалар салынды. Балқаш, ІІІымкент, Жезқазған, Қарағанды және Теміртау сияқты жаңа өнеркәсіп алыптары құрылды.
*1925 жылы июльде СССР үкіметі азамат соғысы кезінде жабылып қалған Риддер кенін қайта ашуға қарар жасады. Аса бай полиметалл кен орны іске қосылып, Риддер комбинаты салына бастады. 1927 жылы советтік Риддер алғаш өнім берді.
*1925 жылы Қарсақпай мыс қорыту заводы, Байқоныр көмір кені, Жезқазған руднигі алғаш қолға алына бастады. Теміржолдан 400 км қашық жатқан кең далада индустрияның екінші бір ошағы орнады. Завод 1926 жылы іске қосылды.
*1925 жылы Ембінің ескі кәсіпшіліктері іске қайта кірісті. Степняк алтын кені өнім бере бастады.
Міне, Қазақстан индустриясының тұңғыш қарлығаштары осылар болатын.
*1927 жылы апрельде Түрксиб теміржолы салына бастады. Бір шеті Семейге, екінші шеті Луговая станциясына тірелетін жолдың ұзындығы 1500 километр еді. Жол салуға берілген мерзім – 5 жыл еді, ол үш жылдың ішінде салынып шықты.
*1930 жылы 28 апрельде Айнабұлақ станциясында екі жол тоғысты.
*1931 жылы 1 майда Түрксиб теміржолында тұрақты жол қатынасы ашылды.

***
*1929 жылы Қазақстанда тұңғыш бес МТС құрылды.
Олар – Қостанай облысындағы Жаркөл, Магнай, Озерная, Солтүстік Қазақстандағы Интернационал, Полудин, Алматы облысындағы – Еңбекші қазақ МТС-тері еді.
* 1929 жылы Қазақстанда ең алғашқы совхоздар ұйымдасқан. Олар Қостанай өңіріндегі Федоров, Қарабалық және Кеңарал, Солтүстіктегі – Шағлы, Оңтүстіктегі Мақтарал совхоздары.

***
* 1930 жылы Қазақстанда Осы уақытта Ақтөбе химия комбинатының, Шымкент қорғасын заводының, Балқаш мыс комбинатының құрылысы басталды.
* 1931 жылы 15 августа орталық партия Комитеті Қарағанды бассейнін өркендету туралы қаулы шығарды. Сол жылы-ақ 23 шахтаның іргесі қаланып, оның 17-сі көмір бере бастады.
Сөйтіп, Қарағанды қайта туды. Бір жылда бассейн 293 мың тонна көмір өндірді. Бұл капиталистердің 60 жыл бойы өндірген көмірінен 13 мың тонна артық еді!
1931 жылы Петропавл – Қарағанды теміржолы (716 км) салынып бітті.
1934 жылы 20 январь күні Шымкент заводы бірінші қорғасын берді.
1934 жылы еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – Семей ет комбинаты, Гурьевте аса қуатты балық-консерв комбинаты. Жамбылда, Меркеде, Талдықорғанда алғашқы қант заводтары іске қосылды.
1935 жылы Қарағанды – Бертіс (Балқаш жағасы) теміржолы салынды.
1938 жылы 24 ноябрьде Балқаш заводы тұңғыш рет мыс берді.
1939 жылы Акмола – Қарталы теміржолы (805 км) бір жылда аяқталып, іске қосылды.
1939 жылы Қандағаш – Гурьев жолы (517 км) салынды.
1943 жылы 20 январьда Ақтөбе ферросплав заводы іске кірісті.
1944 жылы Алматы ауыр машина жасау заводы; Жезді марганец руднигі өнім берді.
1944 жылы 31 декабрьде – Теміртаудағы қазақ металлургия заводы іске қосылды.
1946 жылы Қаратау химия комбинатының алғашқы кезегі іске кірісті.
1948 жылы Ақмола – Павлодар теміржолының (440 км) құрылысы аяқталды.
1952 жылы декабрьде Қазақстандағы тұңғыш Өскемен ГЭС-і салынып бітті.
1953 жылы Қазақстанды кесіп өтетін Мойынты-Шу (438 км) теміржолы іске қосылды.
1958 жылы июльде Соколов-Сарыбай кені Уралға алғаш руда жөнелтті.
1960 жылы 3 июльде Қазақстан Магниткасынын бірінші домнасы алғаш шойын өндірді.
1960 жылы 14 августа Бұқтарма ГЭС-інің алғашқы агрегаты ток берді.

Жезқазғанның мыс рудалары Қарсақпай мен Балқаштың және Уралдың мыс заводтарында қорытылады. Қазіргі салынып жатқан Жезқазған комбинаты біткен кезде, Қазақстан елімізді мыспен қамтамасыз етуші негізгі орталық болмақ.
Батыс Қазақстанда табылған өте сирек кездесетін аса бағалы хром рудасының негізінде Ақтөбе ферросплав заводы істейді. Осы жетіжылдықта Павлодарда да жаңадан ферросплав заводы пайдалануға беріледі.
Республикамызда химия өнеркәсібінің барлық басты салаларын дамытуға қажетті шикізаттар да мол. Қазірдің өзінде минералдық тыңайтқыш жасау үшін жоғарғы сортты Қаратау фосфориті кең пайдаланылуда. Ол – Советтер Одағындағы фосфорит шығатын жерлердің ең ірісі. Осы жетіжылдықта Қаратау рудниктері мен Жамбыл суперфосфат заводының өндірістік қуаты едәуір өседі. Сондай-ақ мұнда күкірт қышқыл өнеркәсібі өрістетіледі.
Біздің республикамызда цемент, шыны және басқа маңызы зор құрылыс материалдарын жасауға керекті минералдық шикізаттар мен асбестің де мол қоры ашылды.
* * *
Бұл сияқты ұшан-теңіз қазына-байлыққа негізделген Советтік Қазақстанның ғылымы да қазір қаурыт өрлеу үстінде. Республика бойынша Ғылым Академиясы, дербес ауылшаруашылық Академиясы, СССР архитектура және құрылыс Академиясының филиалы, 27 жоғарғы оқу орны жұмыс істейді. Қазақстан ғалымдарының зерттеу құлашы кең, бүгінгі заманның барлық ғылым салаларын түгел қамтиды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамына 29 ғылыми-зерттеу институты мен сектор 2 музей, 3 ботаникалық бақ, 19 ғылыми-зерттеу бөлімі мен лабораториялар, орталық ғылыми кітапхана – небәрі 55 ғылыми мекеме кіреді. Академияда республика Академиясының 39 академигі (олардың екеуі СССР Ғылым Академиясының толық мүшесі), Қазақ ССР Ғылым академиясының 35 мүше-корреспонденті, 98 доктор, 517 ғылым кандидаты жұмыс істейді. Жалпы қызметкерлер құрамы бес мыңға тарта.
Академияның ғылыми жұмысының негізгі өзегі – республикамыздың жан-жақты жаратылыс байлығын зерттеп, игеру мәселелері болып табылады. Геологтар жеріміздің геологиялық құрылысының ерекшеліктері мен минералдық байлықтарын зерттейді. Жезқазған, Қоңырат, Бозшакөл сияқты түсті металдар өндірілетін белгілі бір кен қоймаларының ашылуы, негізінен, осы геологтардың табысы. Кен барлау мен іздеу бағыттарын дәлірек белгілеуде маңызы зор геологияның жаңа саласы – металлогения туды. Ол минералдық шикізаттардың пайда болу заңдылығы мен табиғатта таралуын зерттейді. Қазақстан геологтарының бір тобына осы еңбектері үшін Лениндік сыйлық берілді. Металлогениялық болжау карталары қара, түсті және сирек кездесетін металдардың көптеген жаңа көздерін ашуға үлкен себін тигізді.
Геофизиктер жер қыртысы мен түрлі металл қабаттарының орналасу ретін, ал гидрогеологтар өндірістік, ауыл шаруашылық маңызы зор жер асты суларының қорын зерттеу үстінде.
Академияның кен институты енгізген кенді жерлерді табиғи және күштеп жару әдісі нәтижесінде, еңбек өнімділігі екі жарым есе көбейді. Ал, терең скважиналар үшін жасалған жаңа бұрғылау агрегаттары арқасында еңбек өнімділігі төрт есе өсіп, өнімнің өзіндік құны екі есе төмендеді. Ғалымдар ұсынған өзі жүретін машиналар мен экскаваторлар арқылы жер астында кен өндірудің жаңа технологиясы техникалық прогрестің ең соңғы табысы боп саналады. Жезқазған руднигінде бұл жаңа технологияны пайдалану жер астында еңбек ететін жұмысшылардың еңбек өнімділігін үш есе өсіреді.
Никельді, кобальтті, алюминийді және сирек кездесетін металдарды өндіруде металлург – ғалымдардың жаңа зерттеулері өте маңызды. Химик ғалымдармен бірігіп, олар өте пайдалы фосфор тыңайтқыш термофосфат алудың жаңа әдісін ойлап тапты.
Балқаш кен-металлургиялық комбинатында химиктердің ұсынысы бойынша, күкіртті, натрийді тоқтаусыз өндіретін жаңа әдіс енгізілді. Өскеменде қорғасын өндіру процесін едәуір тездететін жаңа электролиздер жасалды. Қазақстан Магниткасын қажетті металлургиялық коксті оңай алу әдісін зерттеу мәселесі де аяқталды. Сондай-ақ, көптеген таза металдар алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін, жоғары сапалы синтетикалық талшық лавсан мен жылу ұстағыш пластмассалар дайындауға керекті шикізаттарды өндіруге қажет амальгамды химияның зерттеу тәсілдері де сәтті жүргізілуде. Айта берсе толып жатыр…
Қазір іске кірісе бастаған Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Қарағанды металлургия заводын былай қойғанның өзінде, алдағы уақытта Павлодарда алюминий, ферросплав және машина жасау заводтары, Петропавловскіде прокат жабдықтары заводы, көптеген машина жасау заводтары пайдалануға берілуі тиіс.
Ұлы жұмыстар жоспары осылармен ғана бітпейді. Қарағанды, Екібастұз және Торғай көмір бассейндері бұдан былай да кеңейтіле беріледі. Торғайда боксит рудниктері салынады. Екі мұнай өңдеу заводы іске қосылады. Жол қатынас құрылыстарын салу ісі кең өріс алады. СССР мен Қытай Халық Республикасының қатынасын қамтамасыз ететін Ақтоғай – Госграница теміржолы пайдалануға беріледі.
Қазақстан халық шаруашылығына энергетиканың аса қуатты базасы керек екендігі белгілі. Өткен бесжылдықта Өскемен гидростанциясы іске қосылған. Жуырда ғана Бұқтарма ГЭС-нің бірінші агрегаты пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тағы да үлкен екі гидростанция құрылысы басталды. Олар Алтайдағы Шульба және Алматыға жақын жердегі Қапшағай гидростанциялары. Бұл ГЭС-тер Алтай мен Оңтүстік Қазақстандағы өндіргіш күштер жұмысын сөзсіз жеңілдетеді.
Біз істейтін жұмыстардың барлығын айтып бітіру мүмкін емес. Қазақстанның әрбір облыстарында құрылыс жұмысы қазір кең құлаш сермеген. Бірақ, байтақ территориясына, ұшан-теңіз қазына-байлығына қарағанда, халқының аздығынан біздің республикамызда кадрлар жетіспейді. Бізде жас жігіттер мен қыздар жан аямай барлық ынта-жігерімен жұмыс істейтін жерлер орасан көп.
Біз, қазақтар, Қазақстанның Социалистік республика болып дамуы, өркендеп өсуі үшін орталықтағы өнеркәсіп аудандарынан көмекке келіп, Түрксиб пен Балқаш мыс заводы, Қоңырат руднигі мен Қазақстан Магниткасы, Өскемен, Бұқтарма ГЭС-і мен Қарағанды шахталары сияқты басқа да көптеген құрылыстарда қажырлылықпен, табандылықпен еңбек еткен жас патриоттар мен комсомолецтерді ешуақытта ұмытпаймыз. Коммунистік партияның шақыруымен, Ленин комсомолының жолдамасымен ғасырлар бойы бос жатқан тыңды көтеруге келген, ондаған мың жастардың коллективтік ерлік еңбектерін де естен шығармаймыз.
Кәзір біэдің республикамызда орасан мол табиғат байлығын тез арада игеріп алу күресі кең өріс алуда. Қазақстанның жер асты, жер үсті қазынасын жүйелі пайдаланудың алып программасы КПСС XXI сьезінің шешімдерінде толық көрсетілген.
Ендігі міндет – бүкіл республика еңбекшілері – жұмысшылар мен шаруалар, ғалымдар мен инженерлер болып, Ленин комсомолының жас түлектерімен бірлесе отырып, қазына қоймасы – Қазақстанның шексіз байлығын толық игере түсу, оны совет халқының игілігіне жұмсау!

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ЕҢБЕКТЕ ШЫҢДАЛ

«Еңбекте шыңдал» мақаласы алғаш рет «Білім және еңбек» журанының 1960 жылғы №3 санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C 203-204.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 362 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 216 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 432-433 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Міне, осы қазынаны игеруге Ленин комсомолының жалынды ұлдары мыңдап, он мыңдап келіп жатыр Қазақстанға!» – деген сөйлеміндегі «Қазақстанға» сөзі «Ленин» сөзінің алдына алмастырылған.

ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ ИГІЛІКТІ БОРЫШЫ

«Интеллигенцияның игілікті борышы» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылғы 20 қарашасындағы №273(11365) санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C 206-208.
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 344 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 109 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 413 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Қымбатты жолдастар!», «Біз совет адамдарының рухани дүниесін байыта түсу үшін күресіп, жас ұрпақты қалыптастыру жөнінде, біздің балаларымызды адамгершілікті ниетте өсіру жөнінде тынбастан қамқорлық жасауға тиіспіз».
«Біз кәзір тарихи екі міндетті – коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау және жаңа адамды тәрбиелеу міндеттерін шешіп отырмыз, – деді Н. С. Хрущев мұғалімдердің Бүкілроссиялық съезінде. – Істің шын мәнісіне келетін болсақ мұның өзі біртұтас процесс болып табылады… Міне сондықтан да партия мен үкімет коммунистік құрылысты кеңінен өрістету программасын белгілей отырып, мектептің өмірмен байланысын нығайтуға және халық ағарту ісін онан әрі дамытуға қамқорлық жасады».
«Совет мектебі бүкіл жұртшылық қызу қолдап қарсы алған ерекше маңызды өзгерістер жасау жолына қадам басып отыр».
«Даңқты халық мұғалімдеріне заводтар мен фабрикалардың, колхоздар мен совхоздардың коллективтері көмектесуде. Ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері, біздер мектебімізді қайта құру программасын орындау ісінен шет қалып отыра аламыз ба, біздер кәзіргі таңдағы ең келелі проблемалардың біріне үн қоспай отыра аламыз ба?» – үзінділері алынып тасталған.
Қ. И. Сәтбаев өзінің бұл мақаласын Г. Б. Жилинский, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, Лениндік сыйлықтың лауреаты; М. П. Русаков, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор; Ғ. Мүсірепов, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші секретары; С. Бегалин, балалар жазушысы; М. Д. Зверев, балалар жазушысы; Қ. Қожамияров, еңбек сіңірген өнер қайраткері, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның директоры, Сталиндік сыйлықтың лауреаты; А. Жұбанов, консерваторияның профессоры, республиканың халық артисі, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі; Б. В. Лебедев, республиканың еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерватория директорының орынбасары; Р. Жаманова, СССР халық артисі; Е. Серкебаев, СССР халық артисі; В, Харламова, СССР халық артисі; В. И. Добронравов, жас өспірімдер театрының бас режиссері, Татар АССР-інің енбек сіңірген артисі; С. Мәмбеев, Қазақстан Суретшілер одағының председателі; Ә. Қастеев, республиканың халық суретшісі; А. А. Дьячкин, суретші сынды т.б. қайраткерлермен біріге жазған.

ҚАЗЫНА ҚОЙМАСЫ – ҚАЗАҚСТАН

«Қазына қоймасы – Қазақстан» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылғы 20 қарашасындағы №273(11365) санына жарияланған.
Мақалада кездесетін терминдер:
Минералды шикізат, пайдалы қазындылар – табиғи минералдық түзілімдер. Минералды шикізат қатты (кентастар, көмір), сұйық (мұнай, су), газ (табиғи жанғыш және инерттік газдар) күйінде кездеседі, үздіксіз өтетін эндогендік, экзогендік процестер нәтижесінде пайда болады.
Титан (лат. Tіtanіum; Tі) – элементтердің периодтық жүйесінің IV тобындағы хим. элемент, атомдық нөмірі 22, атомдық массасы 47,88. Табиғатта массалық саны 46 – 50 болатын 5 тұрақты және жасанды жолмен алынған 5 радиоактивті изотоптары бар.
Литология – шөгінді жыныстардың құрамын, құрылымын, текстурасын және таралуын зерттейтін ғылым. Литология негізінен жергілікті немесе аймақтық ауқымдағы шөгінді жыныстардың ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған.
Палеогеография – Жер тарихындағы өткен географиялық жағдайларды (климат, рельеф, су қоймалары, өсімдіктер мен жануарлар таралуы) зерттейтін ғылым. Палеогеография Жердің геологиялық кезеңдеріндегі табиғи жағдайлардың эволюциясын қалпына келтіруге көмектеседі.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы