Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қ. И. Сәтбаев республикалық экономикалық конференцияның аса зор маңызын атап көрсетті. Республикадағы аса зор жасампаз жұмысқа ғалымдардың үлкен отряды қатысуда. Олардың күш-жігері Қазақстанның алуан салалы және аса мол өндіргіш күштерін неғұрлым тезірек және толық ашып беруге, бұл күштерді еліміздің халық шаруашылығын дамыту мүддесіне толық пайдалануға бағытталып отыр. Ғалымдар зерттеулерін, әдеттегіше, өндірістік және жобалау ұйымдарымен тығыз ынтымақтаса отырып жүргізуде. Қазірдің өзінде жүздеген ғылыми-негізделген ұсыныстар халық шаруашылығының көптеген салаларына енгізу үшін табыс етілді.
Қазақстанның түсті металлургиясы, – деді Президент, – елімізде жетекші орын алып отыр. Республикамыздың түсті металдар рудасы шығатын барлық орындар, олардың ішінде неғұрлым ірілері күрделі, көп компонентті болып отыр. Амал қанша, осы аса бағалы компоненттердің үлкен диапазонынан болмашы ғана бөлегі алынып отыр. Көптеген пайдалы шикізат жойылып, қалдықтарға кетуде. Алтайда жартылай металды рудаларды шығарған кезде жер астында тең жартысына жуығы қалып отырады, ал Жезқазғанда барлық металдың үштен бір бөлегі қалып қоюда. Мұның өзі өте-мөте көп шығын, бұл шығынға жол бермеу қажет.
Өндірістегілермен творчестволық ынтымақ жасай отырып, ғалымдар ұсынған кен өндірудің жаңа, жоғары өнімді системасы Лениногор мен Жезқазған комбинаттарының жер астындағы барлық руда запасын үнемді және мемлекеттік тұрғыдан тиімді шығаруға мүмкіндік береді. Алайда, бұл системаларды өндіріске енгізу көптеген қажет механизмдердің рудниктерге берілмей отыруы салдарынан тежеліп келеді.
Сыртқа шығарылған рудаларды техникалық өңдеу ескірген әдіс бойынша жүргізіледі. Минерал шикізатты флотациялау сатысында біз қорғасынның 10 проценттен астамын, мыстың 8 процентін, сирек кездесетін және шашыраңқы металдардың 50-80 процентін ысырап етеміз. Алтын мен күмістің тең жартысына жуығы жойылады. Осы ысыраптарды жою – металл өндіруді арттырудың қайнар көзі. Осыған байланысты ол түсті металдар рудасын өңдеу жөнінде ғалымдар ұсынған жаңа әдістің маңызды екенін, оларды өндіріске неғұрлым тезірек енгізу қажет екенін атап көрсетті.
Қазақстанда балқытудың циклондық әдісі жасалды. Мұндағы негізгі идея – түсті рудаларда болатын барлық шикізаттарды комплексті тұтыну. Циклондық процесс – өте тиімді және қандай да болсын басқа балқыту қондырғыларына қарағанда бірнеше есе жоғары процесс. Табиғаттағы барлық түсті металдар сульфид-күкіртпен қоспа түрінде кездеседі. Циклондық балқыту біздің осы күкіртті тұтынуымызға мүмкіндік береді, ал балқытқан кезде сәуле түсіргіш пештерде күкірт жойылып кетеді. Бұл әдіс өндірістік қондырғыларда тексерілген, бірақ мұндай маңызды іс кідіріп отыр.
Сәтбаев жолдас ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуге республикада әлі де болса жеткілікті назар аударылмайтынын айтты. Толық праволы және материалдық құралдары бар беделді орталық керек, бұл орталық осы іспен жүрдім-бардым емес, мейлінше терең, қаламсапты қолға алып мұқият айналысатын болу керек. Өйтпейінше резервтер алдағы уақытта да пайдаланусыз қала беретін болады.
ЖҰЛДЫЗДАРҒА ЖОЛ
Совет халқы тағы бір қаһармандық іс атқарды – бортында адамы бар «Восток-5» космос кораблі жер спутнигінің орбитасына шығарылды! Ұшқыш-космонавт подполковник Валерий Федорович Быковский жұлдыздарға жол салып отырған қуатты Отанының даңқына даңқ қосып, біздің планетамыздың төңірегін айнала ұшуда. Космосты игеруде жер шарында бәрінің алдында келе жатқан туған Отанға, советтік ғылым мен техникаға деген ұлы мақтаныш жүрегіңді кернейді.
Ядролық соғысты болдырмауға, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне бағытталған Совет Одағының бейбіт талаптары, Совет үкіметінің басшысы Никита Сергеевич Хрущевтің тыным алмай орасан күш жұмсап отырғаны бүкіл адамзатқа мәлім. Бейбіт зерттеу мақсаттарымен жұлдыз аралық кеңістікке совет елі елшісінің кезекті сапар жасауы – осының тағы бір айқын да сенімді дәлелі.
Космосты зерттеу – тартымды проблема, қазіргі ғылымның барлық құралдарын пайдалана отырып өзінің шешілуін талап ететін проблема: теориялық астрофизиканың жоғары дәрежеде дамуын және жасанды спутниктерге, космос корабльдерге және автоматты планета аралық станцияларға байланысты бұрын болып көрмеген эксперименталды мүмкіндіктерді пайдалануды талап ететін проблема.
Алматы астрономдары Жердің жасанды серіктерінің қозғалысын фотографиялық дәлді байқауға үлкен көңіл бөліп отырады. Бұл байқаулар тиісті өңдеулер жасалғаннан кейін олардың траекториясын дәл білуге мүмкіндік жасайды.
Осымен қатар Күн жүйесінің, ең алдымен Ай мен Марстың табиғи денелеріне астрофизикалық байқаулар жүргізілуде. Айдың үстіңгі қабатының оптикалық қасиеттері зерттелуде. Айдың үстіңгі қабатының уақ тесікті сипаты барлығы туралы радио астрономиялық қорытындылар жақында расталды. Ай кратерлерін қоршаған сәулелі жүйелердің табиғаты туралы жаңа мәліметтер алынды.
Алматыда қызыл сәулелі сүзгіш арқылы телескоп жәрдемімен алынған Марстың суреттерінде бұл планетаның үстіңгі қабатының ұсақ көріністері өте айқын көрінеді. Сонымен қатар көк сәулелі сүзгіш арқылы алынған суреттерде сәулелі поляр төбесінен басқа Марстың үстіңгі қабатының ерекшеліктері көрінбейді. Бірақ, оның керісінше планетаның шығыс және батыс шеттерінде кей кезде экваторды бойлап кеткен жарық жолақпен ұштасатын жарық буалдыр таңдақ дақ байқалады.
Қазақстан ғалымдары қазірде спектограммен алынған мәліметтерді зерттеу осы планетаның ең қызықты жұмбақтарының бірінің шымылдығын ашуға мүмкіндік береді деп сенуде.
Қазақстан астрономдары әлемнің шыңырауын зерттеу үшін эталондар санын көбейтті. Астрофизикалық институт кейбір жұлдыздардың үздіксіз спектрлеріне энергияны орналастыруын зерттеді. Осының нәтижесін де он алты жұлдызды қамтитын абсолютті энергетикалық өлшемдерде энергияның спектральдық орналастырудың катологын жасады. Зерттелген жұлдыздарды әр алуан, әр түрлі астрофизикалық және геофизикалық еңбектерде спектрофотометрикалык стандарттар есебінде пайдалануға болады.
Совет Одағында космостық метеорология Жердің айналасындағы кеңістік жағдайын зерттеп, кең түрде байқау жүргізуде. Бұл маңызды іске Қазақстан ғалымдары өз үлесін қосуда. Республика зерттеушілері Алматы маңында космостық сәулелердің интенсивтілігін үздіксіз бақылауды ұйымдастырып отыр.
Қазақстан ғалымдары космос «райын» барлаумен бірге космос сәулелерінің асқан энергиясының түрлі атом бөлшектерін ядролық ыдыратуын зерттейді.
Совет адамы космоста да, Жерде де табиғатты бағындыру үшін, оны коммунизм құрылысының мүддесіне, жер шарындағы барлық халықтардың мүддесіне пайдалану үшін табиғатқа жоспарлы түрде шабуыл жасауда.
ҒЫЛЫМНЫҢ ӨНДІРІСПЕН БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЙТЫЛСЫН
Қазақ ССР Ғылым академиясы жалпы жиналысының сессиясы Алматыда үш күн жұмыс істеді. Сессия республикада ғылымның одан ары прогреске жетуі, елімізде орнатылып жатқан коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау ісіне оның қосатын үлесін арттыру жөніндегі аса маңызды мәселелерді талқылады. Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қ. И. Сәтбаев академияның жұмысын жақсарту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.
Совет Одағы Коммунистік партиясының лениндік дана ұлт саясатын дәйектілікпен жүзеге асыруының нәтижесінде, совет ғылымы ұлы Отанымыздың барлық жерінде қарыштап дамып келеді, коммунизм орнату ісіне ғылымның қосып отырған үлесі күн санап еселей түсуде. Республикамызда ғылым шапшаң қарқынмен дамып келеді. Қазақ ССР Ғылым академиясы бұдан он жеті жыл бұрын құрылды. Осы біршама қысқа уақыттың ішінде ол ірі ғылыми орталыққа айналып, республиканың ғылыми жетекші күштері соның төңірегіне топтастырылып отыр.
Академияның мекемелерінде СССР Ғылым академиясының екі толық мүшесі, республика Ғылым академиясының 52 академигі және 49 корреспондент-мүшесі, 110 ғылым докторы және 625 ғылым кандидаты жұмыс істейді. Қазақстандағы барлық ғылым докторларының жартысынан астамы және барлық ғылым кандидаттарының үштен бір бөлігі Академияда топтастырылды. Академия ұйымдастырылғаннан бергі уақыттың ішінде оның мекемелерінде 88 ғылым докторы және 800-ден астам ғылым кандидаты даярланды.
Қазақстан Ғылым академиясының жұмысы республиканың өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және мәдениеті міндеттерімен ұштастырыла жүргізілуде. Ғалымдар, өздерінің зерттеу жұмыстарын, әдетте, өндіріс қызметкерлерімен творчестволық тығыз ынтымақ жасай отырып жүргізіп келеді. Олар жұмысты өмірмен және практикамен байланыстыра жүргізудің нәтижесінде ғылым үшін де, сондай-ақ практика үшін де маңызы зор бірқатар ірі істерді атқарды.
Қазақстан Ғылым академиясы қазіргі уақытта ғылымның бірқатар салаларында елімізде жетекші орындардың бірін алып отыр. Бұл салалар, атап айтқанда, мыналар: пайдалы қазба байлықтар кенорнының металл тегін анықтау және болжаммен мөлшерлеу, жер астында кен қазу жұмыстарын жүргізудің жаңа жүйелері және бұл жұмыстарды комплексті механизациялау, металлургия мен химиядағы жаңа технологиялық процестер, жұлдыздар әлемінің астрофизикасы мен зерттеу жұмыстары, мал азығының микробиологиясы, адамның лимфа организмінің физиологиясы және басқа салалар.
Академия бес жүзден астам ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге берді, мұның жартысынан астамы қазірдің өзінде экономикалық пайда беріп отыр. Қазақстан ғалымдарының аса үздік жеке зерттеулеріне үкіметтік жоғары награда беріліп, атап өтілді. Тек соңғы бес жылдың ішінде ғана Академияның он бір ғалымына Лениндік сыйлық берілді.
Академияның жұмысына жасалған талдау, академия жүргізген зерттеулердің Қазақстан өндірісі мен мәдениетін дамытуға көмектесіп отырғанын көрсетуде. Мұнымен бірге академияның жұмысында, әсіресе ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және аяқталған жұмыстардың нәтижелерін өндіріске енгізу ісінде елеулі кемшіліктер бар. Ғылымның негізгі проблемалары мен бағыттарындағы зерттеулерді тиісінше біріктіру ісі әлі күнге дейін жүзеге асырылмай отыр, зерттеушілердің күштерін ғылымның жетекші салаларына шоғырландыруға күш салынбай отыр.
Ғылым академиясының президиумы КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің СССР Ғылым академиясы мен одақтас республикалар ғылым академияларының жұмысын жақсарту жөніндегі шешімдерін жүзеге асыру саласында бірқатар жұмыстар істеді. Бірқатар ғылыми мекемелерді мемлекеттік комитеттер мен ведомстволарға беру жұмысы аяқталды, Академияның құрамында қалып отырған ғылыми институттардың жұмыс бағыты, белгілі кәсіпке бейімделуі қайта қаралды. Ғылыми зерттеулердің 1964-1965 жылдарға арналған тематикалық жоспары қайта қаралып, дәлелденді. Қазақ ССР Ғылым академиясы жаңа уставының жобасы жасалды. Академияның президиумы Қазақ ССР Ғылым академиясының жаңа құрылымы туралы жобаны жалпы жиналыстың қарауына ұсынады. Академияның мынадай бес бөлімін құру көзделіп отыр:
Физика-математика бөлімі; ол ядролық физика (космос сәулесін қоса), қатты дене физикасы (жартылай өткізгішті қоса), механика, математика, электроника, автоматика, есептеп шығару математикасы ғылымдарын біріктіреді.
Әлем дүниесі мен Жер туралы ғылым бөлімі; ол астрофизика, геофизика, геохимия, геология, металлогения, ионосфераны зерттеу, физикалық география пайдалы қазба байлықтарды өндіру әдістерін жасау (кен ғылымы) ғылымдарын біріктіреді.
Химия-технология ғылымы бөлімі. Бұл бөлім химия ғылымын біріктіреді, бұған металдарды концентрациялау мен балқытудың физикалық-химиялық негіздері де (металлургия ғылымы) жатады.
Биология ғылымы бөлімі; бұған физиология, зоология, ботаника, микробиология, топырақ зерттеу және биология ғылымынан басқа да салалары жатады.
Қоғамдық ғылым бөлімі; бұл бөлім гуманитарлық ғылымның барлық салаларын біріктіреді.
Бұл жүргізіліп отырған қайта құрудағы негізгі міндет – Академияның ғылыми-ұйымдық қызметінің дәрежесін көтеріп, оны неғұрлым нәтижелі ету, сөйтіп еліміздің экономикасы мен мәдениетін одан ары өрге бастыру ісі едәуір дәрежеде байланысты болып отырған ғылымның негізгі салаларында ғылыми күштер мен қаржыларды неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Соңғы кездері Қазақ ССР Ғылым академиясы творчестволық жеміс бермейтін қызметкерлерден арылды, сондай-ақ пейіл-мінезі лайықсыз совет ғалымы деген құрметті атаққа кір келтірген қызметкерлерден де тазарды. Алайда, бұл алғашқы қадам ғана. Ғылыми кадрларды сапа жағынан үнемі жақсартып, оларды коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі рухында тәрбиелеу керек. Президиумның жаңа құрамы және академияның барлық мүшелері сонымен бірге ғылымның аса маңызды салалары мен ең жаңа техниканың ғылыми кадрларын даярлау ісіне елеулі көңіл бөліп, зерттеу мекемелеріне творчестволық жас күштердің үнемі ағылып келіп отыруын қамтамасыз етулері керек. Республикамыздың Ғылым академиясының ғалымдары мен бүкіл коллективі алдағы уақытта да өздерінің барлық күші мен білімдерін елімізде коммунистік қоғам орнату ісіне жұмсайды деп кәміл сенемін.
ӨНДІРІСТІҢ БАРЛЫҚ РЕЗЕРВТЕРІ ЖЕТІЖЫЛДЫҚТЫҢ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМЫЛДЫРЫЛСЫН
«Өндірістің барлық резервтері жетіжылдықтың игілігіне жұмылдырылсын» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1962 жылғы, 4 қарашасындағы №261 (12002) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 274-275 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 373-374 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т.– 329-330 бб.
Мақалада кездесетін терминдер:
Циклондық процесс – бұл ауа ағынының айналмалы қозғалысына немесе белгілі бір ортадағы бөлшектердің айналмалы траектория бойынша қозғалуына негізделген технологиялық немесе табиғи құбылыс.
Сульфид – металдар мен кейбір бейметалдардың табиғи күкіртті қосылыстары. Химиялық тұрғыдан H2S күкіртсутек қышқылының тұздары ретінде қарастырылады. Бірқатар элементтер күкіртпен h2n жартылай күкірт қышқылының тұздары болып табылатын полисульфидтер түзеді.
ЖҰЛДЫЗДАРҒА ЖОЛ
«Жұлдыздарға жол» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы, 16 маусымындағы №141 (12187) санында жарияланған.
Мақалада кездесетін терминдер:
Ғарыш кемесі – адамды немесе жүкті ғарыш кеңістігіне тасымалдауға арналған басқарылатын немесе автоматты ғарыш аппараты.
Астрофизика – жұлдыздар, галактикалар, экзопланеталар және т.б. сияқты астрономиялық объектілердегі физикалық процестерді зерттейтін физика және химия принциптерін қолданатын астрономияның бөлімі.
Ай кратерлері – Ай бетінде пайда болған терең шұңқырлар немесе ойыстар, олар көбінесе ғарыштық денелердің (метеориттер, астероидтар) Ай бетіне соғуы нәтижесінде пайда болады.
Сәулелі поляр (немесе полярлы сәуле) – Жердің атмосферасында пайда болатын табиғи жарық құбылысы. Оны көбінесе солтүстік шұғыла немесе оңтүстік шұғыла деп те атайды. Бұл құбылыс Жердің магнит өрісі мен күннің желі арасындағы өзара әрекеттесуден туындайды.
Спектральды – астрофизика көбінесе спектр я спектральды сызықтар деген терминмен байланысты қолданылады. Бұл сөздің мағынасы спектрді я толқындардың әртүрлі жиіліктерін сипаттайды.
Спектрофотометрика – жарықтың әртүрлі толқын ұзындықтарында жұтылуын, шағылуын я шығуын өлшейтін әдіс. Спектрофотометиядан туындайтын саланың бір бөлігі, химиялық, физикалық я биологиялық үлгілердің құрамын талдау үшін қолданылады. Жарықтың абсорбциясының спектрін, яғни спектрлік сызықтарды зерттейді.
ҒЫЛЫМНЫҢ ӨНДІРІСПЕН БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЙТЫЛСЫН
«Ғылымның өндіріспен байланысы нығайтылсын» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы, 3 тамызындағы №181 (12227) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 276-278 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 434-436 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 331-33 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Бірқатар ғылыми мекемелерді мемлекеттік комитеттер мен ведомстволарға беру жұмысы аяқталды, Академияның құрамында қалып отырған ғылыми институттардың жұмыс бағыты, белгілі кәсіпке бейімделуі қайта қаралды. Ғылыми зерттеулердің 1964-1965 жылдарға арналған тематикалық жоспары қайта қаралып, дәлелденді» жолдарындағы «1964-1965» болып өзгертілген, ал түпнұсқада дефис орнына сызықша қойылған.
«Биология ғылымы бөлімі; бұған физиология, зоология, ботаника, микробиология, топырақ зерттеу және биология ғылымының басқа да салалары жатады» үзіндісіндегі «ғылымының» сөзі «ғылымынан» болып өзгертілген.