Жолдастар! Никита Сергеевич Хрущевтің партиямыздың XXI съезінде жасалған терең мағыналы және барлық жақты түгел қамтитын баяндамасы коммунизмнің сәулетті шыңына қарай қарыштаған адыммен алға басқан совет халқының бүкіл өмірін лениндік идеялардың жарық сәулесімен нұрландыруда. Бұл баяндама және жетіжылдық жоспардың тамаша цифрлары ғылымның барлық салалары алдында маңызды творчестволық міндеттер қойып, бүкіл халқымыз сияқты, совет ғалымдарын да жаңа ерліктер, батыл істерге жігерлендіріп отыр.
Партиямызбен оның Орталық Комитеті бұлжытпай жүргізіп лениндік дана ұлт саясаты барлық халықтардың экономикасымен мен мәдениетін өркендетуге орасан зор мүмкіндік тудырып келеді.
Совет Одағы халықтарының туысқан семьясында Қазақстанның да қол жеткен ірі табыстары бар. Республиканың өнеркәсібі күшті қарқынмен өркендеуде. Сан миллиондаған гектар тың жерді игеру нәтижесінде Қазақстан елімізде товар астық өндіру жағынан екінші орынға берік ие болды. Қазақ халқының ғылымы мен социалистік мәдениеті көркейіп өсті. Қазақстан әсіресе соңғы жылдардың ішінде, Орталық Комитеттің тарихи сентябрь Пленумы мен партияның XX съезінен кейінгі уақытта тамаша табыстарға жетті. Бұл кезде Совет Одағының Коммунистік партиясы Қазақстанның негізгі өндіргіш күштерін шұғыл өсіріп, қазақ халқының ғылымы мен мәдениетін үдете дамыту жөніндегі іргелі шараларды кемеңгер көрегендікпен, қажырлы жігермен жүзеге асырды.
Міне, осының барлығы үшін кемеңгер Коммунистік партияға, оның лениндік Орталық Комитетіне, Орталық Комиттеттің Президиумының мүшелеріне, бұл жылдар ішінде Қазақстанда екі рет болып, қазақ халқына өзінің экономикасы, ғылымы мен мәдениетін қаулатып өсіру ісінде баға жетпес көмек көрсеткен Н. С. Хрущев жолдастың өзіне қазақ халқының атынан шын жүректен алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер.
Жолдастар! Қазақстанның минерал байлықтары туралы партияның съезіне қысқаша баяндап етуіме рұқсат етіңіздер.
Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстарын жоспар бойынша жүргізу тек совет өкіметі жылдарында ғана басталды. Революциядан бұрынғы уақытта тіпті ғылымның корифейі Семенов-Тяньшанскийдің өзі де Қазақстанды «бәрінен гөрі тұзы көбірек өлке» деп сипаттаған болатын. Россиядағы «руда кендерінің» революцияға дейінгі тұңғыш бағытын белгілеуші профессор Богданович Қазақстанда темір рудалардың болуы мүмкін емес деген еді. Қазір мұндай аңғырт ұғымның ізі де қалған жоқ.
Совет геологтары Қазақстанда көмірдің 200-ден астам кенорнын тапты, оның ішінде көмір қоры жүздеген миллиард тонна болатын Қарағанды, Майкөбе, Құсмұрын және басқалары сияқты көмір алыптары бар. Екібастұздың жер бетіне жақын жатқан тұтас біткен көмір қатпарының қалыңдығы 100 метрге жуық, мұндай көмір дүниеде сирек кездеседі. Бұл осы жерде ССРО-дағы ең арзан энергетика көмірін беті ашық жерден шексіз көп шығаруға мүмкіндік береді.
Орал-Ембі бойында мұнай мен газдың 1500-ден астам қолайлы кендері бар екені анықталды, бұдан қазіргі уақытта небәрі 40 кен ғана зерттелді. ССРО-ның бұрынғы мұнай өнеркәсібі министрлігі тарапынан Орал-Ембі бойындағы кеннің маңызы жете бағаланбағандығы осы өңірдегі кендерді ашудың өте баяу қарқынмен жүргізілуіне себеп болды. Ал оның бер жағында бұл кеннің мұнайында күкірт аз болады, бұл мұнайдан еліміздегі ең жақсы жанармай мен өте сапалы бензин алынады. Сондықтан үстіміздегі жеті жылдың ішінде осы жерде мұнай мен газ іздеу, геологиялық-геофизикалық барлау жұмыстарын үдете өрістету қажет.
Қазақстан темір рудасының қоры жағынан қазір Одақта алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр. Қазақстан жерінде Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, халқымыз «Қазақстан Магниткасы» деп атаған Қарағанды металлургия заводы қазірдің өзінде салынып жатыр. Мұның өзі республикада үлкен қара металлургияның жасала бастағанын көрсетеді. Бұл металлургия Қарағандының кокстелетін көмірінің сан миллиардтаған қорын пайдалана отырып, еліміздің Шығысындағы үшінші металлургия базасының құрамындағы маңызды буынға айналуға тиіс.
Республикада құрыла бастаған үлкен қара металлургияның мұқтажын толық қамтамасыз ететін марганец рудаларының ірі кендері Қазақстанның өзінде бар. Қазақстанда сонымен бірге хромиттің, ванадий рудасының, мыстың, қорғасын мен мырыштың ірі кендері де бар.
Жезқазған мыс қоры жағынан еліміздің шын мәнісіндегі бай өлкесі болып табылады. Соның өзінде Жезқазғанның тағы бір ерекшелігі сол, оның мыс қоры орасан көп болумен қатар өзінің техникалық-экономикалық ерекшілігі жағынан да өте тиімді. Шынында да, оның рудасында кремнийі көп болғандықтан, рудникте өрт шығу мүлде мүмкін емес; жерасты суы аз ағады, сондықтан суды сыртқа айдап шығаруға қаржы мүлде аз жұмсалады: кенденген таужыныс өте берік болғандықтан, кені қазылатын жерді тіреу қойып бекітудің тіпті қажеті жоқ; руда денелерінің бітімі жайпақ, олар көбінесе бір-бірінің үстіне орналасқан, сондықтан оны қандай мөлшерде болса да шығару үшін нендей бір табиғи шек қойылмайды, оның үстіне руданың бірнеше қатпарын белгілі бір шахталарда шығаруға мүмкіндік туады; руда денелерінің едәуір қалыңдығы және онша терең еместігі руда шығарудың неғұрлым өнімді әдісін қолдануға, соның ішінде беті ашық жерден шығаруға мүмкіндік береді. Жезқазғанның кен қойнауындағы мыстың көптігі Америка Құрама Штаттарының негізгі мыс рудниктеріндегіден екі есе дерлік артық. Мыс қорының 90 %-тен астамы сульфит рудасында болады, мұның өзі мыстың 94 %-ке дейін концентрат түрінде айырып алуға мүмкіндік береді. Жезқазған рудаларында мыспен қатар күкірттің, қорғасынның, күмістің, молибденнің, басқа да сирек кездесетін маңызды металдардың ірі қоры бар. Бұл кеннің осындай артықшылықтары Жезқазған рудаларынан ССРО-дағы ең арзан мыс өндіруге мүмкіндік береді.
Осының бәрі Жезқазғанның байлығын тезірек игерудің өте маңызды екенін көрсетеді. Міне бұл мақсатпен үлкен Жезқазған комбинатын – еліміздің түсті металлургиясының осы шын мәнісіндегі «Магниткасын» салуды комсомолдың қамқорлыққа алуы неғұрлым дұрыс болар еді.
Қазақстанда Балқаш заводының руда базасы – Қоңырат, Бозшакөл, Николаев сияқты тағы басқа көптеген ірі мыс кендері бар. Қазақстанның жер қойнауында мыс қоры әлі де орасан көп. Тек Орталық Қазақстанның өзінде ғана мыс рудасының 1500-ден астам кенорны бар, бұл кендерді зерттеу үшін геологиялық барлаушылар әлі де еңбек етуге тиіс.
Тіпті таяудағы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысындағы рудалы Алтай ғана қорғасын мен мырыштың қоры жағынан Одақтағы ең ірі база деп саналып келген еді. Ал енді совет геологтарының күш салуы арқасында Орталық Қазақстан бұл металдар рудасының қоры жағынан қазірдің өзінде Алтаймен теңесіп отыр. Оңтүстік Қазақстанда қорғасын мен мырыштың орасан көп қоры барланып, пайдаға асырылуда.
Республикада бокситтің үлкен қоры табылып, соны пайдалану үшін Павлодар алюминий заводы салынуда. Батыс Қазақстандағы никель рудасының ірі кендері еліміздің халық шаруашылығында қазірдің өзінде кеңінен пайдаланылуда. Қостанай облысы мен Орталық Қазақстанда да никель рудасының орасан мол қоры бар.
Республикада вольфрам мен молибден сияқты сирек кездесетін маңызды металдардың қоры мол. Бұл металл кендерін беті ашық жерден өндіріп алуға болады. Осы рудалардан сонымен бірге молибден, висмут, мыс, қорғасын және пирит металдарын да өндіруге болады. Әртүрлі металдардың, жанатын кендердің, минерал тұздың кендерінде шашыранды элементтердің бағалы түрлері көп.
Қазақстан елімізде химия өнімдерін шығаратын маңызды аудандардың бірі бола алады. Қарағанды заводының кокс-химия цехының, мұнай айыратын заводтардың газдары мен сұйық өнімдері, ал келешекте – Орал-Ембі кенінің жанатын газы негізгі және органикалық синтез, оның ішінде пластикалық заттар мен жасанды торқа өнеркәсібін құруға негіз болады.
Өскемен және Балқаш заводтарына жыл сайын орасан көп күкірт келіп түсуде, бірақ бұл күкірт ұсталып қалынбай, іс жүзінде түгел ауаға ұшып кетуде. Бұл заводтарда күкіртті толық ұстап қалған күнде жыл сайын талай жүздеген мың тонна күкірт қышқылын өндіруге болар еді. Ал республикадағы гидрометаллургияға және минералды тыңайтқыш өндіруге күкірт қышқылы өте қажет.
Батыс Қазақстан, Павлодар, Балқаш аудандарында сульфаттың, калий, магний тұзының, астұз және басқа минерал тұздың орасан көп қоры бар, мұның өзі неорганикалық химия өнеркәсібі үшін сарқылмас мол база болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда өте сапалы фосфориттің миллиардтаған қоры бар, осының негізінде минерал тыңайтқыш шығаратын ірі өнеркәсіп ұйымдастыруға болады.
Республикада асбестің, химия және мұнай өнеркәсібі үшін өте бағалы шиткізат болып табылатын бариттің ірі кендері бар. Аманкелді боксит кендерінде шамот бұйымдарының ең сапалы түрлерін шығаруды қамтамасыз ететін отқа төзімді өте шымыр заттарды ондаған млн. тонналап өндіруге болады. Батыс, Оңтүстік және Орталық Қазақстанда доломит пен гипс қорының мол кендері бар екені мәлім.
Республикада цемент, шыны, тағы басқа минерал құрылыс материалдарын шығару үшін шикізат қоры сарқылмас мол.
Осының бәрін айта келгенде Қазақстан өзінің геологиялық жағынан әлі де толық зерттелмегеніне қарамастан, қара, түсті металдардың, сирек кездесетін көптеген металдар мен шашыранды элементтердің қоры жағынан қазір елімізде және дүние жүзінде алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр. Қазақстан халық шаруашылығында маңызы зор марганецтің, никельдің, көмірдің, асбестің, минерал тұздың, тағы басқа бірқатар қазба кендердің қоры жағынан елімізде ең маңызды орындардың бірін алып отыр. Қазір Менделеев кестесінде Қазақстанның жер қойнауынан табылмайтындай бірде-бір элемент қалған жоқ деуге болады.
Мұның бәрі Қазақстан өзінің минерал-шикізат байлығы жағынан еліміздегі құрылыстарда жетекші және тірек аудандардың бірі болып отырғанын көрсетеді.
Сондай-ақ мұның өзі Никита Сергеевич Хрущевтің 1957 жылғы ноябрьде СССР Жоғарғы Советінің мерекелік сессиясында жасаған өзінің баяндамасында Қазақстанды – Совет Одағының табиғат байлықтарының сарқылмас қоры деп сипаттауы өте дұрыс болғанын көрсетеді.
Еліміздің бүкіл геологтар армиясы сияқты, Қазақстанның геологтары бұл үздік табыстарға елімізде кен зерттеу, шикізат қорларын іздеу және барлау, ұлы Отанымыздың ұлан-байтақ кеңістігінің қойнауындағы барлық минерал байлықтарын толық ашу жұмыстарын белгілі жоспар бойынша кең өрістетуге бағытталған саясат арқасында жетті.
Орасан мол минерал байлықтарды барған сайын молынан пайдалану арқасында Қазақстан қазірдің өзінде Совет Одағының көркейген индустриялы-аграрлық республикаларының біріне айналды.
Жолдастар! Никита Сергеевич Хрущев өзінің баяндамасында Орталық Қазақстанда су мәселесінің пісуі жеткендігіне мезгілінде көңіл бөлінген. Шынында да, Орталық Қазақстанның аса мол минерал қорларын онан әрі кеңінен пайдалану үшін, бұған су қорының тапшылығы қазірдің өзінде бөгет болып отыр. Гидропроектінің мәліметі бойынша, қазіргі кәсіпорындарға, сол сияқты жаңа жетіжылдықта салынатын өнеркәсіп орындарына секундына 12 текшеметр ағын су керек болады. Қазіргі уақытта пайдалануға болатын су қоры секундына 8 текшеметрден келеді.
Судың мұндай тапшылығы осы жетіжылдықтың ішінде Ертіс-Қарағанды каналын шұғыл салуды талап етеді. Тек осы канал ғана Орталық Қазақстанның өсіп келе жатқан ауыр өнеркәсібін өндірістік сумен толық қамтамасыз ете алады.
Республиканың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының шапшаң қарқынмен өркендеуіне байланысты теміржол арқылы тасымал қатынасы мейлінше тез өсуде. Қазақстандағы негізгі үш теміржол магистралы республиканың орталық, неғұрлым өнеркәсіпті бөлігінде бір-бірімен мүлде жалғаспайды. Осының салдарынан жүк көбіне бейберекет және алысқа тасымалданады.
Жезқазғанның, Теміртаудың, Қарағандының өнімін ең қысқа жолмен шығарып, Қияқты көмір кенін және Арал бойындағы үлкен темір рудасы бассейнін игеруге мүмкіндік туғызатын Жезқазған-Арал теңізі теміржолын салу керек. Сондай-ақ республиканың орталық өнеркәсіпті ауданының аса мол минерал байлықтарының қақ ортасындағы Қарқаралы арқылы Қарағанды-Ақтоғай теміржолын салу керек.
Соңғы жылдарда Орталық Қазақстанда табылған қорғасын мен мырыш, вольфрам мен молибден, сол сияқты басқа түсті, сирек кездесетін және бытыраңқы металдардың мол қорын кеңінен пайдалануға кірісу керек.
Қазақстандағы рудалардың комплексті құрамы барлық байыту және металлургия кәсіпорындарын, рудадағы барлық бағалы шикізаттарды толық пайдалануды қамтамасыз ететін тозаң тұтқыштары және басқа техникалық буындары болатын етіп жобалауды және салуды міндеттейді.
Никита Сергеевич Хрущевтің КПСС XXI съезіндегі баяндамасының тезистері тұрғысынан Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін өркендету жолдарын талқылау үшін 1958 жылдың аяғында Қарағандыда өткізілген біздің Ғылым академиямыздың арнаулы сессиясы бір ауыздан осындай қорытындыға келді.
Қазақстанда бұл жеті жылдың ішінде күрделі құрылысқа 116-119 млрд. сом жұмсалады, ал жалпы өнім шығару шамамен 2,7 есе ұлғаяды. Сөйтіп жетіжылдық жоспар Қазақстанның халық шаруашылығын бүкіл еліміздегі орташа қарқыннан анағұрлым шапшаң қарқынмен өркендетуді көздейді.
Коммунистік партияның оның Никита Сергеевич Хрущев бастаған лениндік Орталық Комитетінің даналығы арқасында және оның бастауымен күні кеше ғана ғасырлар бойы меңіреу жатқан ұлан байтақ тың жерлер жыртылып, өмір игілігіне айналдырылды. Қазіргі жетіжылдық Қазақстанның онан да зор руда тыңын – сарқылмас минерал байлықтарын бұрынғыдан да толық пайдаланудың бастамасы болады.
Жолдастар! Октябрь революциясына дейін бірде-бір ғылыми-зерттеу институты, бірде-бір жоғары оқу орны болмаған Қазақстанда қазір Ғылым академиясы, Қазақ Ауыл шаруашылық ғылым академиясы, Құрылыс және архитектура академиясының Қазақ филиалы, 26 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Қазақ Ғылым академиясының жанында Ядролық физика институтының құрылуы – партия мен үкіметтің қамқорлығының айқын белгісі.
Қазақстанның Ғылым академиясының ғалымдары өздерінің зерттеу жұмыстарын көбінесе республикада ауыр өнеркәсіпті өркендетумен тығыз байланысты мәселелерді шешу бағытымен жүргізіп келеді. Сондай-ақ Қазақстанның Ғылым академиясы өзінің бұл жеті жыл ішіндегі зерттеу жұмыстарында республиканың әр алуан минерал байлықтарын ашып, нәтижелі пайдаланумен байланысты проблемаларға көрнекті орын береді.
Қазақстанның өнеркәсібі мен бүкіл халық шаруашылығының мейлінше шапшаң өркендеуі ғылымның алдына аса зор міндеттер қоятынын айту қажет. Мұнымен байланысты Ғылым академиясының және республиканың басқа да ғылыми орталықтарының материалдық-техникалық базасын мықтап нығайтумен бірге Совет Одағының орталық қалаларындағы бірсыпыра салалық ғылыми және жобалау институттарын Қазақстанға көшіру керек. Қазақстанның ғалымдары, сондай-ақ бүкіл қазақ халқы бұл институттардың қызметкерлерін өз туысындай құшақ жайып, шын ықыласпен қарсы алады.
Жолдастар! Бүкіл еліміздің ғалымдары сияқты, барлық совет халықтары сияқты, Қазақстанның ғалымдары да елімізде коммунизм орнатудың шешуші кезеңі болатын жетіжылдық жоспардың барлық ұлы тапсырмаларын ойдағыдай орындау жолында өздерінің барлық күші мен білімін аянбай жұмсайды деп партияның XXI съезін сөндіруге рұқсат беріңіздер.
ОРАЙЛАС ОЙЛАР
«Абай» романы – бүкіл совет әдебиетінің ірі табыстарының бірі. Бұл тамаша романның авторы Мұхтар Әуезов өзінің творчестволық өмір жолының көптеген жылдарын қазақтың дана ақыны Абай Құнанбаев, оның төңірегіндегі адамдар және ұлы ақын өмір сүрген заман турасында бай материал жинап, зерттеп, әдеби қорытынды жасауға арнады. Қажымай, талмай еңбек етуінің арқасында, ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі мен салтын жан-жақты қамтыған түбегейлі энциклопедиясы болып есептелетін аса көркем роман – «Абай» жарыққа шықты.
ТЕЛЕГРАММА
Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қ. Сәтбаев Греция королінің атына Манолис Глезосқа азаттық берілуіне батыл араласуға шақырған телеграмма жолдады. Жазушы Ғ. Мүсірепов осындай мазмұндас телеграмманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас секретарына жіберді. Бейбітшілікті қорғаудың қазақстандық комитеті Манолис Глезосты қорғау жөніндегі Париждегі халықаралық комитетке, Казақстан Жазушылар одағы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К. Е. Ворошилов жолдасқа, Алматының бір топ юристері Манолисті соттайтын соттың атына телеграммалар жіберді.
Қазақстан ғалымдарының атынан Грецияның короліне Қ. Сәтбаев жолдаған телеграммада былай делінген:
«Қазақстан ғалымдарының атынан мен Сізден грек халқының бостандық жолындағы күресінің аса көрнекті күрескері Манолис Глезостың өмірін сақтауды және оған азаттық әперуді сұраймын. Гитлердің басқыншылық кезіндегі Манолис Глезостың ерлігіне бүкіл әлем таңырқады. Оның ерлігі халықтарды фашизмге қарсы күреске көтерді. Глезостың есімі – Грецияның ұлттық мақтанышы. Біз грек халқының игілігі үшін сол батырдың өмірі сақталады деп сенеміз.