Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1956-1959 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАН ҚАЗЫНАСЫ

(Октябрьдің 40 жылдығына)

1. Кейбір жалпы географиялық мәліметтер
 
Қазақстан жер шарының екі үлкен бөлігінің: Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Оның құрамына кіретін 16 облыстың екеуі Еуропада, он төрті Азияда жатыр. Қазақстанның территориясы 2,8 млн. шаршы километрге жуық. Бұл Батыс Еуропадағы 15 капиталистік елдің, оның ішінде Францияның, Англияның, Италияның, Батыс Германияның т.б. мемлекеттердің аумағын қосқандағыдан артық, Индияның территориясына немесе Австралия континентінің жартысына тең.
РСФСР-ды қоспағанда СССР-дың құрамына кіретін барлық одақтас республикалар Қазақстан территориясының тек 86 %-не ғана тең.
Қазақстан территориясы үш көлемді ендік зонада: Солтүстік – ойпат, ылғалды зона, Орталық – қырат (жоталы), шөлді зона және Оңтүстік – биік таулы, сулы зонада жатыр. Қазақстанның солтүстігіндегі ұлан-байтақ жазық далаларда соңғы үш жылдың ішінде астық шаруашылығының әсіресе жаздық бидайдың аса қуатты базасы құрылды. 
Жоталы, аласа таулы, шөлді климатты болып келетін Орталық Қазақстан зонасы сарқылмас кен байлығы бар, шарықтап дамыған кен өнеркәсібінің, мал шаруашылығының, әсіресе, қой шаруашылығының аренасы болып табылады.
Республиканың оңтүстігі мен шығысын өзінің мұздықтары, орасан зор потенциалдық су қуатының сарқылмас қоры болып табылатын ағынды тау өзендері, көк майса жайылымдары бар Алтай мен Тянь-Шаннің тау жоталары қоршап жатыр. Мұнда аса қуатты түсті металл өнеркәсібі құрылып, су қуатын пайдалану құрылысы етек алып отыр. Альпілік көк майса шалғындарда қойлар мен ірі қара малдар жайылады. Тауаралық және тау етегіндегі жазықтарда қант қызылшасы, темекі, жеміс-жидек өсіріледі.
Республика территориясының оңтүстік-батысын балыққа бай Каспий және Арал теңіздері алып жатыр. Каспий теңізінің солтүстігі мен шығысында республиканың мұнайлы кен өлкесі, сонымен қатар калий, бор, тас тұздарының дүниежүзілік қоры бар жерлер жатыр.
Қазақстанның географиялық жағдайында қарама-қайшышық өте көп: мұнда ССРО-дағы ең биік тау жоталарымен қатар ССРО-дағы ең ойпат жерлер кездеседі; Қазақстанда үлкен-үлкен шөлдермен бірге ұлан-байтақ құнарлы жерлер бар; Қазақстанның солтүстігіне Сібірдің суық климаты, ал оңтүстігіне, кейде тіпті субтропик климатқа жақын келетін жылы климат тән.
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Қазақстан жері мүлде зерттелмеген болатын. Жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары тек Совет өкіметінің тұсында ғана, әсіресе бірінші бесжылдықтан кейін басталды. Совет зерттеушілерінің алдыңғы сапында геологтар болды. Алғашқы кезде Отанымыздың орталық ғылыми мекемелерінің экспедициялары жүргізген зерттеулер кейіннен тұрақты зерттеу орындарына айналды.
Қазіргі күнде республиканың ұлан-байтақ аумағының табиғи байлықтарын жеткілікті түрде зерттеп, масштабтарын белгілеп, оларды комплексті және жоспарлы түрде игерудің мерзімін тағайындауға мүмкіндік беретін әртүрлі топографиялық, аэрофотографиялық, географиялық, геологиялық, гидрогеологиялық, металлогениялық, геоботаникалық, зоогеографиялық, жер қыртысының т.б. карталары бар.
2.Қазақстан жер бетінің табиғи байлықтары
Қазақстан жерінің табиғи байлықтары мол және әртүрлі болып шықты. Бұған алдымен республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында жатқан таулы облыстарындағы өзендердің су қуатының қоры кіреді.
Орта есеппен алғанда, Алтай, Жоңғар және Іле Алатауы жүйелеріндегі Ертіс, Іле, Қаратал және т.б. өзендердің потенциал қуатының қорлары 20 млн. киловаттан кем емес екендігі анықталды, бірақ қазір осының тек 2 %-ін ғана пайдаланылып отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда жел күшінде, Күн сәулесінде де қуаттың үлкен көздері бар.
Қазақ ССР Ғылым академиясындағы жел қуатын зерттеушілердің еңбектері республика территориясының үштен бірінде, әсіресе оның солтүстігі мен батысында күші 1 секундта 5-6 метрге тең жел орта есеппен жыл бойында 9,5 айдан артық соғып тұратындығын көрсетеді. Бұл энергия жел электр двигательдерінің қазіргі күнде жұмыс істеп жүрген конструкциясын пайдаланғанда, олардың әрбіреуінен 6-8 кВт электр қуатын береді, ал олардың санын, әрине, қанша болса да өсіре беруге болады.
Республика территориясының 60 %-ті шөл және шөлейт дала болып табылады, мұнда Күн сәулесінің қуатын шала (жартылай) өткізгіш фотоэлементтер арқылы пайдаланып, арзан электр қуатын алудың барлық мүмкіндіктері бар. Қазір пайдаланылмай отырған Күн сәулесі қуатының қаншалықты орасан зор екендігін көрсету үшін, германий фотоэлементтерін қолдану арқылы шөлдің әрбір гектарынан 100 кВт электр қуатын алуға болатындығын, ал кремний фотоэлементтерін қолданғанда, 1-ден тіпті 1000 кВт қуат алуға болатындығын атап өтсе де болады. Егер осындай құрылыстар Қазақстан территориясының тек 1 % жерінде ғана орнатылған болса, соның өзінде де біз ондаған млн. кВт потенциал электр қуатын алар едік.
Қазақстанда 40 млн. га-дан артық жыртуға келетін, тіпті суаруды тілемейтін жер бар екендігі анықталды; мұның 27 млн. гектары іс жүзінде пайдаланылып отыр, әсіресе соңғы үш жылдағы үлкен еңбектің нәтижесінде 20 млн. га жер көтеріліп, бидай және басқа дақылдар өсіру үшін пайдаланылып отыр.
Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы суармалы жерлерде Октябрь революциясына дейін мүлде болмаған күріш, мақта, қант қызылшасы, сонымен қатар әртүрлі жемістер өте көп өсіріледі. Бұлардың ішінде бүкіл дүние жүзіне таныс Алматы апортын атап көрсетуге болады.
Осындай мәдени сорттармен бірге Қазақстанның оңтүстік тау жүйелерінде әлі толық пайдаланылмай жүрген жабайы жеміс-жидек ағаштары өте мол. Тек Іле Алатауының өзінен ғана жылына 20000 тоннадан артық жеміс-жидек жинап алуға болады, бірақ бұлар осы күнге дейін іс жүзінде пайдаланылмай отыр.
Қазақстанда әлі толық пайдаланылмай жүрген эфир, май, тері илеуге керек заттар, сабын, витаминдер, дәрі-дәрмектер, алколоид т.б. алуға болатын көптеген пайдалы өсімдіктердің ұшы-қиыры жоқ тоғайлары бар.
Қазақстан – каучукті өсімдіктердің отандық сорттарының, аса маңызды медициналық препарат сантонин алатын дүние жүзіндегі жалғыз ғана шикізат болып табылатын цитвар жусанының шыққан жері.
Қазақстан өте бағалы целлюлоза, құрылыс, жем-шөп шикізаты болып табылатын қамыстан ССРО-да бірінші орын алады.
Алтай мен Жоңғар Алатауы жүйелерінде ағаш шаруашылығына зиян келтірмей-ақ жылына 2-3 млн. м3 ағаш дайындауға болады.
Қазақстанда мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын өркендетуге қажет көз жетпейтін кең байтақ табиғи жайылымдар бар. Сондықтан Қазақстанның таяу арада Австралияны қуып жетіп, жүн мен қой етін өндіруден дүние жүзінде бірінші орынға шығуына барлық мүмкіндіктері бар.
Қазақстанның жануарлар дүниесі де бай және алуан түрлі. Мұнда ондатра, бұлғын т.б. өнеркәсіптік маңызы зор аңдар бар. Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауларында, Арал теңізінде, Балқашта, Зайсанда және республиканың тағы да басқа ішкі суаттарында неше түрлі бағалы балықтар мен әлі күнге дейін толық пайдаланылмай келе жатқан теңіз аңдары өте мол.
Қазақстанда ас тұзының, табиғи соданың, сульфаттардың және әртүрлі басқа минерал тұздардың жыл сайын орасан зор тұнбасы түзіліп отыратын көптеген көлдер бар.
Соншалықты зор қарқынмен индустрияланып келе жатқан шөлді Орталық Қазақстандағы жер беті суының жалпы пайдалы ағыны 1 секундте 18-20 текше метр болып есептеледі. Орталық Қазақстандағы ірі ауыр өнеркәсіптің барлық салаларын техникалық сумен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Ғылым академиясының ғалымдары Ертіс-Орталық Қазақстан каналын салудың схемасын жасады.
Қазақстанның жер бетінің басты-басты табиғи байлықтары қысқаша осындай.
3.Қазақстанның табиғи кен байлықтары
Қазақстан геологтары қазір Отанымыздың геологтар армиясының ең қуатты отрядының бірі болып отыр. Қазақстанда қазір одақтық-республикалық Геология министрлігі және Қазақ ССР Ғылым академиясы жүйесінде геологияға қатысты институттар сияқты күшті ғылыми орталық бар.
Тез араның ішінде зерттегенде, Қазақстанның геологиясы өте күрделі және бай болып шықты.
Революциядан бұрынғы зерттеулердің жорамалдағанындай тек девон, карбон және үштік дәуірлерінің қабаттары ғана емес, Қазақстанда таужыныстардың барлық стратиграфиялық спектрі бар екендігі анықталды.
Орал мен Кавказ сияқты түзу қатарлы құрылыстардың орнына мұнда жан-жақты мозаикалық құрылыстар бар болып шықты.
Қазақстанда осы күнгі ғылымға белгілі барлық геологиялық мерзімдердің (дәуірлердің) қабаттары, барлық жер бетіндегі белгілі магмалық және шөгінді таужыныстар бар екендігі айқындалып, Менделеев таблицасындағы элементтердің барлығының дерлік шығатын жерлері табылып отыр.
Геологиялық зерттеудің нәтижесінде Қазақстан жерінде әртүрлі пайдалы кендердің соншалықты мол екендігі, бұл жөнінен оны Одақтың және бүкіл дүние жүзінің белгілі кенді аудандарының ешбірімен салыстыруға болмайтындығы анықталды. Тіпті қазір, әрі толық зерттеліп бітпеген уақыттың өзінде, Қазақстан хромның, ванадийдің, темірдің, мыстың, қорғасынның, вольфрамның, фосфориттің қоры жағынан дүние жүзінде жетекші орын алады.
Қазақстан марганецтің, молибденнің, көмірдің, калий және басқа да минерал тұздардың, жаңа техникада өте маңызды рөл атқаратын никельдің, титанның, кадмийдің, индийдің, сол сияқты тағы басқа толып жатқан элементтердің қоры жағынан да ССРО-да алдыңғы қатарлы орындардың бірін алып отыр.
Қазақстанның мұндай минерал байлықтарын сипаттауға толығырақ тоқталып өтейік. Әрине, көмір байлықтарынан бастайық.
Көмір. Қазіргі уақытта Қазақстанда әртүрлі көмір: тас және қоңыр, металлургиялық және энергетикалық көмірлер шығатын екі жүзден артық жер бар; олар облыстардың барлығында бар десе де болады. Қазақстандағы көмір шығатын басты орындар.
Қарағанды. Мұнда юра және таскөмір дәуіріне жататын көмірдің 55 қабаты бар, оның көлемі 1000 шаршы километрден артық жерді алып жатыр. Бұл көмірлерге тән қасиеттер кокстенушілік және көмір қабаттарының көпшілігін жақсы байытушылығы, құрамында фосфор мен күкірттің өте аз болуы. Мұның өзі көмірден бағалы металлургиялық кокс алуға мүмкіндік береді. Қарағанды бүкілодақтық үшінші отын қоймасы, республиканың аса маңызды өнеркәсіп және мәдениет орталығы болып саналады.
Екібастұз. Павлодар индустриялық торабының шегінде орналасқан. Мұндағы барлық қабаттарды қосқанда 93 метр. Көмір жер бетінде жатқандықтан, ашық өндіруге мүмкіндік бар. Осылай алынатын арзан көмір, арзан электр қуатымен жақын жердегі, ССРО-дағы, аса ірі Павлодар индустриялық торабын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екібастұздағы көмір кенін өңдеу барған сайын күшейтілуде.
Торғай (Қосмұрын) бассейні. Мұнда ашық өндіруге болатын қоңыр көмірдің мол қоры табылған. Бұл аса қуатты Қостанай кен торабының отын-энергетика базасы болады.
Майкөбен. Екібастұздың жанында орналасқан күлі аз және ұшпа заттармен байыған қоңыр көмірдің мол қоры бар. Көмір онша теренде жатпағандықтан, ашық өндіруге келеді және өте бағалы энергохимиялық шикізат болып табылады.
Кендірлік. Алтай индустриялық торабының шегінде жатыр. Мұнда тас көмір мен қоңыр көмірлердің, күкірт аз жанғыш сланецтердің ірі қоры бар. Кенді Алтайдың түсті металл өндірісі мен ауыл шаруашылығын қатты және синтетикалық сұйық отынмен қамтамасыз ете алады.
Басқа көмір кені орындарының ішіндегі бастылары Қияқты-Жезқазған индустриялық торабы ауданында, Орал-Ембі, Қаратау көмірлері – Оңтүстік Қазақстан түсті металл және тыңайтқыш-химиялық торабы ауданында, Пекин-Москва достық теміржол бойында орналасқан Сұлужал мен Алакөл, Маңғыстау түбегінің көмірлері, күлінде германий бар лигниттердің Жыланшық бассейні, Орал қаласының маңындағы жанғыш сланец шығатын орындары т.б.
Мұнай. Мұнай қазір Орал-Ембі бассейнінің аудандарында шығарылады. Бұл жердің мұнайында күкірт өте аз және мұнда жоғары сапалы майлар мен бензин бар. Бұл жерлерде мұнай тұз күмбездерімен ұштасып жатыр. Орал-Ембі маңындағы геофизика анықтаған 1500 тұз күмбезінің тек бірнешеуі ғана (ондаған) барлау жұмысына енгізіліп, зерттелуде. Ақтөбе маңындағы Оралдың етегінде башқұрт мұнайы типтес мұнай бар екендігін дәлелдейтін геологиялық кейбір белгілер анықталды.
Орал-Ембі, Фурманов, Ақтөбе маңынан жанғыш газдар табылды.
Мұнайлылық жөнінен Маңғыстау түбегінің, Арал маңының, Іле, Алакөл, Зайсан, Сарысу депрессияларының геологиялық болашағы зор.
Көмір қоры жөнінен Қазақстан РСФСР мен Украинадан кейінгі үшінші орында, мұнай қорынан РСФСР мен Азербайжаннан кейінгі үшінші орында тұр.
Металдар. Темір кендері. Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Қазақстанда темір кендерінің шығатын жерлері белгілі болмаған. Ал қазір Қазақстан темірдің қоры жөнінен дүние жүзінде және ССРО-да алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр. Мұнда өнеркәсіптік маңызы бар темір кендерінің дүниежүзіне белгілі барлық негізгі типтері табылды:
а) магнетит-гематит кендер Швеция және Магнитканың кендері типтес болады; мұның ішінде әсіресе Қостанай торабында жатқан Соколов-Сарыбай тобының маңызы зор. Бұлардың коры млрд тонналармен есептеледі. Бұл ССРО-дағы темір кенінің ең ірі қоры болып табылады; салынып жатқан Қарағанды металлургия заводының кенді базасы болып табылатын Атасу, Орталық Қазақстандағы Атансор, Кентөбе кенорыңдары да осы топқа жатады;
ә) Кривой Рог типтес темірлі кварциттер – күкірт пен фосфор қосылыстарынан таза, гематит кендер. Бұған млрд. тонналармен есептелетін ірі қоры бар Қарсақпай тобы жатады;
б) ванадий қосылған Лотарингия типтес оолит кендері. Бұған теңіз лагуналарының түбінде пайда болған миллиардтаған тонна қоры бар жасы жоғары бор Аят кендері, көлдер мен кең өзендер торабында пайда болған, қоры да миллиардтаған тоннамен есептелетін Лисаковск, Ертіс маңының (Қызылқақ), Арал маңының кендері жатады;
в) Бокал типіне жатататын сидерит кендері. Бұған ондаған млн. т. қоры бар Қаратау тобы (Абайыл т.б.), Маңғыстау түбегіндегі Бескемпір тобы жатады;
г) Ақтөбе облысындағы никель мен кобальт қосылған Кемпірсай типтес қоңыр темір кендері. Осы жерде өндірілетін никельдің табиғи негізі болып саналады.
Марганец кендері. Қазақстанда марганец кендерінің төмендегідей түрлері табылды:
а) фосфор мен күкірттен таза браунит-псиломелан кендері. Бұған Жезді кенорындары (1942 жылы Магнитогорск металлургиялық комбинатының бүкіл марганец базасы Никопольден неміс-фашист оккупанттарының салдарынан бөлініп қалған кезде, оны осы Жезді кенімен қамтамасыз етіп отырған), Атасу, Мұржық, Есіл маңы, Арқалық, Мұғалжар кендері жатады. Бұл кендерде Никополь мен Чиатуридің кендеріне қарағанда, 1 т. марганецте фосфор 5 есе кем, сондықтан бұл ферромарганец өндіру үшін бірінші дәрежелі шикізат болып саналады;
ә) негізгі пиролюзит кендері. Бұған Никополь бассейніндегі кендерге ұқсас Маңғыстау түбегіндегі Қазақстанда ең ірі, ССРО-да үшінші орынға ие болып отырған Шақырған кенорындары жатады;
б) Шайтантастағы, Ешкіөлместегі, Торғайдағы және т.б. жерлердегі қоры әлі анықталмаған кобальт қосылған вад-асболан кендері;
в) Қаратау, Қарағанды және т.б. жерлердегі агрономиялық маңызы зор фосфоры мол темірлі-марганец кендері. Бұл кендер қант қызылшасы, мақта және басқа да мәдени өсімдіктер мен ағаш өсімдіктерін өсіру үшін жер өңдеуге пайдаланылады.
Марганец қоры жөнінен Қазақстан ССРО-да Грузия мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр.
Мыс. Тіпті қазір, зерттеу ісі әлі толық бітпеген жағдайдың өзінде, Қазақстан мыс қорынан ССРО бойынша бірегей орынға, ал дүние жүзінде алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр.
Қазақстанда морфогенезисі жөнінен мыс рудаларының дүние жүзіне белгілі барлық түрлері анықталды.
Бұлардың ішінде бірінші орында мыналар:
а) қоры өте мол және кен құрамында таза мыстың мөлшері өте көп, бағалы түрлердің бірі болып отырған қазір дүние жүзіндегі бірінші орындардың біріне ие болған мысты құмтастар шығатын орындар. Бұл түрге ССРО-да бірегей орын, дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірін алып отырған Жезқазған мысал бола алады. Жезқазғандағы кеннің орасан зор қорымен қатар мынадай техникалық-экономикалық артықшылықтары бар: 
1) қазір белгілі кен қорларының 40 %-ін ашық карьерлермен оңай алуға болады; 2) кен қабаттарының бірінің үстінде бірі жатқандығының арқасында, оларды сол азғантай шахталардың өзінен-ақ шығарып алуға болады; 3) кен жатқан жер қыртысының қаттылығы оны бекітпей-ақ шығара беруге мүмкіндік жасайды; 4) кеніш суының аздығы суды ағызуға кететін қаражатты аз тілейді; 5) «эксплуатация коэффициентінің» шексіздігі кен шығарудың мөлшерін керек шамаға дейін өсіруге мүмкіндік береді; 6) шығарылып отырған кендегі металдың орташа мөлшерін реттеп отыру мүмкіндігі; 7) осы жердегі мыс қорының 95 %-ті болатын, флотация және металлургиялық өңдеу арқылы бүкіл мыстың 95 %-тін алуға мүмкіндік беретін күкіртті мыс кендерінің технологиялық қасиеттерінің жоғары болуы.
Жезқазғанның кендерінде мыстан басқа қазір шығарылып отырған қорғасын, күміс, күкірт, әлі пайдаланылмай келе жатқан мырыш, кадмий, кобальт, висмут, молибден, селен, теллур, германий, рений және тағы басқа қосылыстар бар.
Осы түрге Қазақстандағы әлі толық зерттелмеген Кенқазған, Успенск, Ақшоқы және тағы басқа кенорындар жатады.
Жезқазған өзінің кендерімен Қазақстанның және Оралдың көптеген мыс заводтарын қамтамасыз етеді. Қазіргі салынып жатқан, ССРО-дағы ең қуатты, дүние жүзіндегі ең ірі мыс қорытатын орталықтардың бірі болатын Үлкен Жезқазған комбинатының базасы осы кендер болмақ;
ә) Америка Құрама Штаттарында кең көлемде шыққан мысты порфир кендері. Бұл кендерді шыққан жерінде ашық өңдеуге болады. Мұнда мыстан басқа молибден, рений, күміс, серицит, андалузит т.б. пайдалы қосылыстар бар. Мыс кендерінің бұл түрлері Қазақстанда мынадай жерлерде кездеседі: Қоңырат – ССРО-дағы ең ірі Балқаш заводының кен базасы, Бозшакөл, Коктасжал, Бесшоқы;
б) Оралда кездесетін мыс-колчедан түрі. Қазақстандағы бұл сияқты кендерді, Оралдағыдай емес, ашық өндіруге болады. Кейбір жерлердегі кендерде, Орал кендеріндей емес, мыстың шамасы көбірек. Мыстан басқа бұл кендерде мырыш, алтын, күміс, кадмий, күкірт, германий т.б. металдар бар. Бұл түрге Алтайдағы Николаев кенорны жатады. Сонымен бірге осы түрге 1957 жылы ашылған Шыңғыс жотасындагы мыс-колчедан кендері, Майқайың тобы т.б. кіреді.
в) «скарн» типтес кендер. Бұған ішінде мыстан басқа темірдің, кей жерлерде кобальттың және басқа металдардың бірсыпыра қоры бар Саяқ, Ешкіөлмес кенорындары жатады.
Қорғасын, мырыш. Қазақстан қорғасын мен мырыштан ССРО бойынша монополиялық орын алады, өйткені ССРО-дағы барлық қорғасын қорының үштен екісі, ал мырыштың жартысына жуығы осы Қазақстанда. Мұның басты-басты шығатын жерлері:
а) Кенді Алтай (Зырян, Лениногорск, Ертіс маңындағы кенорындар); 
ә) Оңтүстік Алтай (Никитинск тобы); 
б) Орталық Қазақстан (Алаайғыр, Қарағайлы, Ақсоран, Ақжал, Жезқазған, Кенқазган т.б.); 
в) Қаратау (Мырғалымсай, Ащысай, Байжансай т.б.);
г) Жоңғар Алатауы (Текелі, Суықсу т.б.);
Өндірістік қуаты жөнінен ССРО-да бірінші, ал дүние жүзіндегі ең ірі заводтардың бірі болып саналатын Шымкент, Лениногорск, Өскемен заводтары осылардың бірқатарының кендерін пайдалану үшін жұмыс істейді.
Никель, кобальт. Қазақстанда никельдің тотыққан силикат кендері көп тараған. Олар шығатын ірі кенорындар:
а) Батыс Қазақстан (Кемпірсай тобы);
ә) Орталық Қазақстан (Бөкембай, Шайтантас, Ешкіөлмес, Тектұрмас, Петан, Шалқия кенорындары);
б) Шығыс Қазақстан (Шар тобының кенорындары);
Бұл кендерде никельмен бірге кобальт те кездеседі. Бұлардың барлығын ашық карьерлер арқылы шығаруға болады. Осы кендер құрамында өте бағалы қоңыр темір болады. Осы кендер құрамында өте бағалы қоңыр темір қосындылары да бар. Кемпірсай тобының кендерін пайдаланып, Орск никель комбинаты жұмыс істейді.
Алюминий. Қазақстанда бірінші дәрежелі бокситтердің ірі қоры бар. Олардың табылған жерлері: Торғай (Аманкелді, Мұғалжар, Құсмұрын), Орталық Қазақстан (Ақмола тобы) және Қаратау.
Алюминий, силумин, натрий сульфаты, калий т.б. өндірудің өте бағалы комплексті шикізаты болып саналатын диаспордың, алуниттің, кианиттің, андалузиттің, серициттің өте ірі қоры Кенді Алтайдағы туынды кварциттер деп аталатындардың құрамында өте мол.
Аманкелді тобындағы бокситтердің базасы негізінде Орталық Қазақстанда аса ірі алюминий комбинаты салынуда.
Магний. Қазақстанда Маңғыстау түбегіндегі көлдердің (Қарақия) жиектерінен және Павлодар облысынан алуға болады. Сонымен қатар оны Көкшетаудағы, Балқаштағы, Жезқазғандағы доломиттердің ірі қорынан да алуға болады.
Ванадий бізде Оңтүстік Қазақстанда (Кендіктас, Жабағылы, Қаратау), Орталық Қазақстанда (Жезқазған, Шыңғыс, Есіл маңы, Бетпақдала) кембрийдің көмірлі-кремнийлі сланецтерінің қабаттарында кездеседі.
Бұл сланецтерде ванадиймен қатар молибден, қорғасын т.б. толып жатқан металдар бар. Ванадийдің қоры жөнінен Қазақстан ССРО бойынша да, бүкіл дүние жүзі бойынша да бірінші орын алады. Оның кендері көптеген жерлерде ашық өңдіруге келеді.
Хром. Ақтөбе облысындағы ультрабазиттердің Кемпірсай комплексінде хромит қабаттары бар. Осылардың базасы негізінде СССР-дағы өте ірі Ақтөбе ферросплав заводы жұмыс істейді. Хромиттердің қоры жөнінен Қазақстан ССРО-да, дүние жүзінде бірінші орын алады. Мұның кендері Қазақстанда ашық өндіру жолымен алынады.
Молибден. 1955 жылы Орталық Қазақстанда Батыстау, Жанет, Кенқұдық және т.б. штокверк типтес аса ірі кенорындар ашылғаннан кейін, Қазақстан молибден қоры жөнінен ССРО-да бірінші орынға шықты. Қазақстанда молибденнің көптеген кенорындары ең оңай ашық жолдармен шығарылды.
Вольфрам. 1954 жылы Орталық Қазақстандағы ерекше маңызы бар, Жоғары Қайрақты кенорындары ашылғаннан кейін, Қазақстан вольфрам қоры жөнінен де ССРО-да бірінші орынға шықты. Вольфрамның бұдан басқа шығатын жерлері Ақшатау т.б. Жоғары Қайрақтының кендері ашық өндіруге келеді.
Молибден мен вольфрам Қазақстанда Ұлы Отан соғысы кезінде шығарыла бастады, қазір бұларды өндіру ісі күннен-күнге артуда.
Титан. 1955 жылы Үлкен Торғай ауданындағы Шабынды, Жыланшық кенорындары ашылғаннан кейін, Қазақстан титанның қоры жөнінен ССРО-да алдыңғы орындардың біріне ие болды.
Рений, сурьма, кадмий, индий, таллий, селен, теллур, висмут, галлий, гафний Кенді Алтайдың, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның мыс пен полиметалл кендеріне қоспа болып кіреді. Осы металдардың қоры жөнінен Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр.
Скандий, германий, тулий, церий және т.б. Қазақстанның темір және полиметалл колчеданы кендерінде, көмірлердің күлінде, Қазақстан фосфориттерінің құрамында бар.
Алтын, күміс. Бұлардың негізгі және көптеп шығатын жерлері Кенді Алтай, Қалба, Солтүстік Қазақстан (Майқайың) және Батыс Қазақстан (Жітіқара). Бұл асыл металдардың қоры жөнінен Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың бірінде тұр. Әсіресе, Кенді Алтайдың полиметалл және микрокварцит шығатын жерлері алтын мен күміске өте бай.
Химиялық шикізат жөнінен де Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың бірін алып отыр:
а) фосфориттер. ССРО-да Хибиннен хейінгі фосфор кенін беретін екінші орынды Қаратау алады. Фосфориттер бұдан басқа Көкшетау, Ақтөбе, Қазалы, Жезқазған, Маңғыстау т.б. жерлерде табылды;
ә) калий т.б. минерал тұздар. Бұлардың ірі-ірі қоры Індер, Аңдыбұлақ, Ақтөбе кенорындарынан табылды. Тұздардың қоры жөнінен де Қазақстан алдыңғы орындардың бірінде;
б) бор тұздары. Бұлардан Қазақстан ССРО-да бірінші орын алады. Бор тұздары Індер, Шалқар, Орал-Ембі бассейні кенорындарында бар; турмалин Одақ, Кеншоқы т.б. кенорындарда табылды. 1956 жылы Орталық Қазақстандағы Ақжал полиметалл кенорындарында, ал 1957 жылы сол Орталық Қазақстандағы Батыстау т.б. кенорындарында датолиттердің қабаттары табылды. Бор алудың шикізаты ССРО-да тек Қазақстанда ғана шығады;
в) күкірт қышқылын өндіруге керекті шикізаттардың қоры жөнінен (түсті металлургия заводының газдары, пирит) Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр. Басты кенорындары – Жезқазған, Кенді Алтай, Майқайың, Текелі, Мұғалжар т.б.
г) тұз қышқылы мен соданы өндіруге керек шикізаттар – астұз, әктас, сульфат т.б. Орал-Ембі бассейнінде, Орталық және Оңтүстік Қазақстанда өте көп. Олардың қоры жөнінен де Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр;
д) азот қышқылын, әртүрлі пластмассаларды, жасанды каучук, органикалық химияның басқа да өнімдерін өндіруге қажет шикізаттар Қазақстанда өте мол. Олар ең алдымен коксохимия мен қоңыр көмірдің жартылай кокстенуінің нәтижесі. Бұлар жөнінде де Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың бірінде тұр.
Қазақстанда әртүрлі минерал құрылыс материалдары шығатын кенорындар өте көп:
а) цемент жасауға керек шикізаттар шығатын жерлердің бастылары – Топар, Астаховка, Ново-Таубинка, Састөбе-Түлкібас, Жезқазған, Қаскелең, Бұқтырма т.б.;
ә) шыны алынатын бірінші дәрежелі сапалы құм Көкшетау, Екібастұз, Мұғалжар, Шымкент, Іле т.б. жерлерде өте көп;
б) таза гипс қабаттарының мол қоры Жамбыл, Жезқазған, Орал-Ембі т.б. аудандарда бар.
в) шыны және тыңайтқыш өнеркәсібіне қажет сульфаттардың мол қоры Арал маңында, Балқашта, Орал-Ембі, Шөладыр (Қарақия) т.б. жерлерде табылады;
г) артик тыңайтқышының орнына қолданылатын тығыз және жабысқақ сеноман әктастары Маңғыстау және Усть-Урт аудандарында мол кездеседі;
д) пемза және басқа да жеңіл құрылыс материалдарын алатын шикізат болып саналатын витрофирлер мен перлиттер Малайсары, Семейтау, Селетті аудандарында табылды. Бұлардан этаж аралықтарына салынатын бағалы материалдар жасалады.
Асбест қоры жөнінен Қазақстан ССРО-да алдыңғы орындардың бірін алады. Мұның көп шығатын жерлері Жітіқара, Ешкіөлмес, Шайтантас т.б.
Фарфор-фаянс алудың бірінші дәрежелі шикізаты және отқа өте берік материалдар Аманкелді ауданында (отқа өте берік балшық), Ақсоранда (далашпаттар), Шешенқарада (андалузит), Сораңда (пирофилиттер) т.б. жерлерде табылған.
Осылармен қатар Қазақстанда бірінші дәрежелі декоратив тастардың неше түрлілерінің ірі-ірі қоры бар, бұлар – Балқаштың солтүстік-батысындағы жасыл амазониттер, Қаскелеңнің, Гүлшаттың, Ертіс маңының, Қарсақпайдың әр түсті мраморлары, Жаңа Арқаның ақ мраморы т.б. 
Қазақстанда көптеген тұщы сулы ірі-ірі артезиан бассейндері бар. Олардың көп кездесетін жерлері – Алатаудың етегі, Шу өзенінің аңғары, Мыңбұлақ, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Ембі, Доңызтау, Маңғыстау т.б.
Жалпы айтқанда Қазақстанның жер беті мен жер қыртысының анықталған табиғи байлықтарының шамасы осындай. Бірақ бұлар ұлан-байтақ республиканың барлық мүмкіндіктерін тауыса сыпаттай алмайтындығын ескеру қажет.
Жоспарлы түрде жер қыртысының барлық байлықтарын толық ашу үшін Республикадағы геологиялық жұмыстардың қарқынын одан сайын арттыру керек.
Қазақстанның геологтары Республика Ғылым академиясының ғылыми басшылығымен Орталық Қазақстанның, Кенді Алтайдың темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, молибден, вольфрам, қалайы, титан, цирконий кендерінің, сонымен қатар көмірдің, артезиан суының, металлогениялық прогноз карталарын жасады. Осы картада көрсетілген (ұсынылған) прогноз аудандарында қазірдің өзінде әртүрлі металдардың, көмірдің ірі-ірі қорлары табыла бастады.
Қазіргі уақытта алтын, никель, кобальт т.б. кейбір металдарға металлогениялық прогноз карталары жасалып жатыр. Алдағы уақыттарда Қазақстанда неше түрлі пайдалы кендердің ашылып отыратындығына күмәндануға болмайды. Тіпті қазірдің өзінде-ақ Қазақстан тек республиканың ғана емес, сонымен қатар бүкіл еліміздің ауыр өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының барлық салаларын дамытуға қажет табиғи шикізаттардың барлығының қуатты және сарқылмайтын арсеналына айналды.
Қазақстан жағдайларында ғылым мен практиканың алдындағы міндет – Қазақстан жер бетінің және жер қыртысының таусылмас қорын, бірінен соң бірін жоспарлы түрде ашу.
4.Қорытынды
Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңгеннен бері тек қырық жыл ғана уақыт өтті, осы тарихи қысқа мерзімнің, яғни бір ұрпақтың өміріне тең уақыттың ішінде Қазақстан патриархалдықтан социализмге қарай таң қаларлық тарихи қадам жасады. Қазақстан іс жүзінде бүтіндей сауатты елге айналды.
Мұнда мыңдаған бастауыш, жүздеген орта мектептер, ондаған жоғары оқу орындары, мыңдаған ғалымдар еңбек етіп жатқан күшті Ғылым академиясы бар. Қазақтың ұлдары мен қыздарынан көптеген ғылым докторлары, профессорлар, академикгер шықты.
Қазақстан ССРО-ның қуатты және гүлденген индустриялы-аграрлық республикалардың біріне айналды. Оның жерінде ССРО мен Еуропада теңдесі жоқ Балқаш мыс, Өскемен және Шымкент қорғасын заводтары, Қоңырат, Жезқазған рудниктері сияқты индустрия алыптары салынып жұмыс істеуде. Сонымен қатар Үлкен Жезқазған, Үлкен Алтай, Үлкен Торғай, Павлодар индустриялық тораптары ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. Көмір мен түсті металдар өндіру ісінен Қазақстанда қазірдің өзінде қуатты ауыр өнеркәсіп жасалды. Қазақстан астық өсіру жөнінен еліміздегі ең қуатты өлкенің біріне айналды.
КПСС XX съезінің қаулыларына сәйкес, алтыншы бесжылдықта Қазақстан өзінің экономикасы мен мәдениетін бұрынғыдан да өркендетуде. Алтыншы бесжылдықта көмір, түсті және сирек металдар өңдіру ісін дамыта берумен қатар, аса қуатты қара металлургия, химия және машина жасау өндірісі құрылмақ. Алтыншы бесжылдықта Қазақстанның өнеркәсібін дамыту үшін 60 млрд. сомнан артық қаржы бөлінді, бұл барлық өткен бес бесжылдыктар кезінде республикаға бөлінген қаржыны қосқандағыдан артық.
Қазақстанның, сонымен қатар бүкіл еліміздің мәдениетінің дамуындағы бұл орасан зор жетістіктер – халқымыздың ерен еңбегінің, қажымас қайратының нәтижесі.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН ҚАЗЫНАСЫ

Қ. И. Сәтбаевтың Октябрьдің 40 жылдығына арналған мақаласы «Жұлдыз» журналының 1957 жылы № 11 санында 138-144 беттерінде жарияланды. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 123-138 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 167-179 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 101-113 бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы