Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1956-1959 жылдары жарық көрген еңбектері

ҮЛКЕН ТАЛАНТ ИЕСІ

«Абай» романы – бүкіл совет әдебиетінің ірі табыстарының бірі. Бұл тамаша романның авторы Мұхтар Әуезов өзінің творчестволық өмір жолының көптеген жылдарын қазақтың дана ақыны Абай Құнанбаев, оның төңірегіндегі адамдар және ұлы ақын өмір сүрген заман турасында бай материал жинап, зерттеп, әдеби қорытынды жасауға арнады. Қажымай, талмай еңбек етуінің арқасында, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі мен салтын жан-жақты қамтыған түбегейлі энциклопедиясы болып есептелінетін аса көркем роман – «Абай» жарыққа шықты.
Бұл кітапта қазақ өміріндегі феодалдық құрылыстың аса бағалы мәліметтері бар. Билеп-төстеуші ат төбеліндей байлар мен феодалдардың қыспағында езілген еңбекші халық тұрмысының шын суреттері жасалған. Қалың бұқараның жер үшін, жайылым үшін бітіспес күресі, ел өмірінің және де басқа сан сала тіршілігі романда шебер сипатталады.
Жазушы романда жағымсыз кейіпкерлер мен оған қарама-қарсы прогресшіл адамдардың образын есте қаларлықтай жарқырата суреттеп, қазақ елінің бұрынғы ауыр өмірін көз алдымызға елестетеді. Егер Абайдың әкесі аға сұлтан Құнанбай өзінің халыққа жасаған қаталдығымен зығырданыңды қайнатса, Майбасар, Тәкежандар оқушыны жирендірсе, романның «болашақ буындары» деп атауға болатын бүкіл бір топ саңлақ кейіпкерлері қазақ халқының адал ұландары ретінде жадымызда қалады. Абайдың әжесі Зере, шешесі Ұлжан, шебер мүсінделген Тоғжан мен Әйгерім және Абайдың достары мен жақтаушылары – Ербол, Базаралы, жатақ қарттар, ақындар – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын осындай кейіпкерлер есепті.
Романда XIX ғасырдағы Россия сипаты: қазақтың билеп-төстеушілерімен ауыз жаласқан патша чиновниктерінің Россиясы – отаршыл Россия және еңбекші халықтың бақыты мен бостандығы үшін күрескен, жер аударылған революционерлердің Россиясы болғаны көркем суреттеледі.
Ұлы орыс әдебиеті өзінің ұлттық батыр революционерлеріне арналған көркем шығармаларға бай. Мұхтар Әуезовтің еңбегі осы тақырыпқа үндесіп, жаңа стильмен, өзіне тән ерекшелікпен бізге орыс революционерлерінің игі әрекетін қазақ өміріне байланыстыра әңгімелеп береді. Бұл әрекетті автор романда сондайлық ыстық сүйіспеншілікпен көрсетеді. Сол уақыттағы алдыңғы қатарлы талантты қазақтар, мысалы Абай, айдауда жүрген орыс революционерлерінің әсерімен орыс мәдениетінің мол айдынынан сусындап, орыстың ұлы ойшылдары, жазушы-ақындарымен танысқанын көреміз. Абай Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты, Толстойды, Салтыков-Щедринді, Чернышевскийді оқиды. Осы оқығандарын қазақшаға аударып, достарына әңгімелегені, Абайдың өте шебер аударған «Татьянаның әні» ауылдан ауылға, рудан руға қалай тез тарағаны романда шындық тұрғыда сипатталған. Оқушы қауым орыс ұлтының дана өкілдерінен Абайдың алған әсерлі ойы қазақтың шексіз кең даласында тармағы мол тас бұлақтай болып аққанын сезінеді. Осы кітаптың бас кейіпкері – Абайдың отыз жастан бастап, егде тартқан жасына дейін, оның творчестволық алып күшінің гүлденуіне дейін бар ынтасымен бақылайды. Абайдың алып талантының қалыптасуы мен өсу жолының барлық кезеңін автор өте шебер суреттеген. Романның тіл байлығы, шынында, таң қаларлық. Романдағы Абайдың өз тілі ықшамды, күшті, мәнерлі және кей жерлерде халық даналығының өлмейтін нақыл сөздері араласқан нағыз афоризм формасына айналады. Автор өзі туып-өскен қазақ даласының табиғатын зор талантпен төгілте суреттейді. Дала ажары, табиғат көркі кейіпкердің жан дүниесіне үндесе құбылып, кейде ашық аспан жадырай күліп, (Абайдың өзі туған аулына қайта оралғанда), кейде жел ызғырақтап, дала шаңытып (ру тартысы кезінде), кей тұста күн суытып, бұлыңғырланып (Абайдың әкесімен тартысы кезінде), енді бірде көңілді шуақ жаз туғандай самал леп есіп (сүйіспеншілік, ақындық шабыты кезінде), көркем тіл домбыра сазындай төгіліп отырады.
Мұхтар өзінің «Абай» романымен үлкен көркем шығарма жазып қана қойған жоқ, сонымен бірге аса құнды ғылыми еңбек жасады. «Абай» романы ғылымның әр саласындағы мамандардың назарын ұзақ жылдар бойы өзіне аударатыны аян. Қазақ халқының басынан кешірген дәуірін зерттейтін бірде бір тарихшы бұл кітапты оқымай қоймайды. Филолог ғалымдар мұнан қазақтың әдеби тілінің құрылуы мен қалыптасуы жөнінен бай материал табады. Этнограф ғалымдар бұл арқылы қазақ ұлтының ежелгі салт-сана, әдет-ғұрпына қанады. Экономист ғалымдар XX ғасырдағы Қазақстанның мал шаруашылығы жөнінде, тап тартысы мен ру тартысы жөнінде, қысқасы, сол замандағы қазақ ұлтының бар тіршілігі турасында мағлұмат алады. Юрист ғалымдар қазақ даласыңда бел алған ежелгі ата дәстүрі, заң-жосығы жайында бай дерекке қанады.
Совет адамдары алға баса беруді, жаңа табыстар мен жеңістерге жете беруді ғана дәстүр етеді. Қалың оқушы қауым Мұхтарға, жасы алпысқа толған қуанышты тойы күні ұзақ өмір тілеп, мұнан былай да халық игілігі үшін творчестволық зор жұмыстар істей беруіне тілектестік білдіреді. Және үлкен тілекке үлкен талант иесі жаңа көркем шығармаларымен жауап беретіндігіне кәміл сенеміз.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЕҢБЕКШІЛЕРІНІҢ МИТИНГІСІ

Мемлекет қоймаларына бір миллиард пұт астық өткізу жөнінде республика қабылдаған социалистік міндеттемелердің табысты орындалуымен байланысты, менің Ғылым академиясының коллективі және барлық ғылыми қызметкерлер атынан республикамыздың еңбекшілеріне, әсіресе ауыл шаруашылығының еңбекшілеріне шын жүректен сәлем жолдауыма және оларды құттықтауыма рұқсат етіңіздер.
Бүкіл совет халқы алдында, ұлы Коммунистік партия мен Совет үкіметі алдында қабылданған құрметті социалистік міндеттемелерді Қазақстан толық орындап шықты, бұл аса көрнекті оқиға әрбір еңбекшінің, бүкіл еліміздің әрбір азаматының қуаныш пен қанағат сезімін сөзсіз тудырады.
Қазақстан еңбекшілері шын мәнісінде аса көрнекті тарихи оқиға болып табылатын бүл күнді тойлап отырғанда, біздердің назарымыз бен ойымыз бірден еңбекшілерге – тың батырларына, жүректің әмірі бойынша, партияның шақыруы бойыша Совет елінің түкпір-түкпірінен Қазақстанға ерлік еңбек етуге келген көптеген мың жас жігіттер мен қыздарға, кемеліне жеткен қайраткерлер мен ұйымдастырушыларға аударылады. Қазақстан еңбекшілерімен тығыз достықта ынтымақтаса отырып, тек солар ғана небәрі үш жыл ішінде республикада ғасырлар бойы қимылсыз жатқан 20 миллион гектар тың және тыңайған жерлерді игеру жөнінде шын мәнінде алып жұмыс атқарды, енді бұл жерлерде бітік егін өсірілді.
Жолдастар! Қазақстанның тың алқаптарына жасалған бүкіл халықтық шабуылға ғылыми қызметкерлердің де қосқан көптеген еңбек үлесі бар. Ғалымдар – топырақ зерттеушілер, агрономдар мен геоботаниктер тың және тыңайған жерлердегі көптеген алқаптарды таңдап алу ісіне кеңінен және белсенділікпен қатысты. Геологтар мен технологтартың жерлер аймағындағы жаңа совхоздарды, МТС-терді және астық қоймаларын жергілікті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде жақсы көмек көрсетті. Гидрогеологтар мен гидрологтар жаңа ұйымдастырылатын совхоздар мен МТС-терді сумен қамтамасыз ету үшін игерілетін тың жер алқаптарындағы су ресурстарын зерттеді. Ғылым академиясының көптеген қызметкерлері, республиканың басқа да ғылыми мекемелері мен жоғары оқу орындарының қызметкерлері сияқты биыл тың жерлерде өсірілген мол астықты жинау жұмысына тікелей қатысты.
Қазақстан ғалымдары, республикамыздың барлық еңбекшілері сияқты, қол жеткен табыстарға қанағаттанып қоймайды. Олар шын мәніндегі шексіз, табиғи байлықтар, Қазақстанның жер қыртысындағы және жер үстіндегі байлықтарының мол жағдайында өздерінің алдында мемлекеттік маңызы бар міндеттер тұрғанын жақсы түсінеді, ол міндеттер егіс көлемін одан әрі кеңейту, дақылдардың, ең алдымен бидай мен мақтаның өнімділігін қалтқысыз арттыру, республикада ауыл шаруашылығын, ең алдымен, қой мен сүт малын жан-жақты өркендету, республиканың жер қыртысындағы минерал байлықтарды жоспарлы түрде онан әрі ашу және оларды елімізге молшылықты нығайту ісіне толық және тез пайдалану болып табылады.
Қазақстан ғалымдары республиканың барлық еңбекшілерімен, бүкіл совет халқымен қоян-қолтық еңбек ете отырып, алға қойылған тарихи міндеттерді табысты орындауға қажетінің бәрін істейді деп сіздерді сендіруге рұқсат етіңіздер!

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЕҢБЕКШІЛЕРІНІҢ МИТИНГІСІ

Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1956 жылы 13 қазанда жарияланды. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 366-368 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 47-48 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 298-299 бб.

ҮЛКЕН ТАЛАНТ ИЕСІ

Мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде 1957 жылы 28 қыркүйек жарияланды. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 409-411 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 104-105 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 334-335 бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы