Қазақстан мектептерінің оқушылары мен мұғалімдерін бүгін басталған жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Олардың жаңа жылда білімнің жаңа шыңдарына өрлеу жолындағы табанды да шабытты еңбектерінің ойдағыдай ілгері баса беруіне тілектеспін.
Мен бастауыш, орта мектептердің оқушыларының жаңа жылда өздерінің туған өлкесінің табиғаты және өмірімен таныса түсуін, өлкетану үйірмелерінің жүйесін кеңейте беруін, геологиялық, геоботаникалық, тағы басқа сан алуан рейдтермен жорықтарды жиірек өткізуден, өз ауданындағы өсімдіктердің, жәндіктердің, таужыныстар мен минералдардың барлық түрлерін жинап, олардың коллекцияларын жасауын, аудандағы ежелгі руда өндіру орындары, археологиялық ескерткіштер туралы мәліметтер жинап, оларды белгілей жүрулерін тілеймін. Қазақстандағы барлық бастауыш және орта мектептердің коллективтерін түгел қатыстырған күнде бұл секілді жалпы көпшілікті қамтыған өлкетану жұмысының ғылымға, туған өлкедегі алуан түрлі табиғат байлығының бәрін толық ашу ісіне тигізетін пайдасы, сөзсіз, орасан зор болар еді. Бұл секілді шын мәніндегі мемлекеттік және игілікті бастаманы қолдауда Қазақстан мектептерінің жас натуралистеріне Қазақ ССР Ғылым академиясының институттары қажет ғылыми көмек көрсете алады.
Жаңа жылда Қазақстанның барлық бастауыш және орта мектептерінің усадьбаларында мичуриндік үлгі-тәжірибе участоктері жүйесінің өсіп, кеңейе беруін, бұларда аудан көлеміндегі, ауыл шаруашылық, техникалық, жеміс-жидектік және басқа дақылдардың, әсіресе, жүгерінің егіліп келген немесе егіп шығаруға әбден болатын жоғары түсімді барлық сорттарының өсірілуін, олардың өсуіне және түсімін арттыруға керек аса қолайлы агробиологиялық жағдайлардың зерттелуін тілеймін. Қазақстан мектептері жас мичуриншілерінің бұл секілді аса маңызды бастамасын қолдауда да В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының Қазақ филиалы институттары қажет ғылыми көмек көрсеткен болар еді.
Жаңа жылда Қазақстанның барлық мектептерінде шын мәніндегі политехникалық оқудың жүзеге асырылуын тілеймін. Бұның мақсаты – оқушыларды еңбек дағдысына, басқаша айтқанда, әрбір азамат үшін және біздің бүкіл еліміз үшін ілгері басу мен бақыттың айбынды негізгі болып табылатын күшке баулу.
Бұл секілді нағыз бүкіл халық ісінде ең шешуші орындардың бірі алтын кадрларды даярлайтын совет мектебінің үлесіне тиеді. Сондықтан да мен Қазақстанның барлық бастауыш және орта мектептерінің сан мыңдаған мүғалімдерінің басталғалы тұрған жаңа жылда шын мәніндегі ілгері басқан әрі игілікті еңбектері үстінде аса көрнекті жаңа табыстарға жетуіне шын жүректен тілектестік білдіремін.
ЗОР БОЛАШАҚ
Қымбатты жастар! Бүгін жаңа – 1956 жыл басталып отыр. Мұндай қуанышты кезеңдерде барлық совет адамдары өткен жылғы қарапайым да жемісті еңбектерін қорытындылап, болашағын болжайды.
Міне, бүгін біз де өз республикамыздың өткен күндері мен болашағына көз жіберейік. Жастар республика өміріндегі болған ұлы өзгерістер мен оның зор болашағын айқын білулері қажет. Сонда ғана олардың жігер-мақсаты іске жұмсалады, өзінің өмірден келісімді орнын табады.
Қазақстан Совет өкіметі жылдары Россияның артта қалған өлкесінен СССР-дың гүлденген, индустриялы-аграрлық одақтас республикасының біріне айналды. Туған республикамыздың өндірісі мен ауыл шаруашылығын өркендетуге Қазақстанның еңбекшілерімен бірге ғылыми қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Ғылыми қызметкерлер республикамыздың бұған дейін белгісіз жатқан аса бай табиғи байлықтарын зерттеп қайтты. Қазақстан жер қыртысы минерал шикізаттардың маңызды түрлеріне өте бай. Мұнда геологиялық жағынан әлі толық зерттеліп жетпеген осы күнгі дәрежесінің өзінде Қазақстан ванадий мен хромның қорынан дүние жүзінде бірінші орын алғанын, ал темір, мыс, қорғасын, мырыш, кадмий, вольфрам, бор, түрлі минерал тұздардың қорынан СССР-да бірінші орынға шыққанын атап айту керек. Сондай-ақ көмірдің, марганецтің, алюминийдің, молибденнің, никельдің, фосфордың қоры да өте мол.
Қазақстанның жер байлығын зерттеу жыл сайын пайдалы қазбалардың елеулі қорын ашады. Шындығында, Қазақстаннан Меңделеевтің системасындағы элементтердің барлығы табылады. Қазақстанның минерал байлығы соншалықты зор – оны толық зерттеп табу үшін әлі көптеген жыл қажырлы еңбек ету керек.
Қазір републикамыз өзінің ауыр өнеркәсібін өркендетудің тамаша перспективаларын шешуде. Бұл негізінен алдымыздағы алтыншы бесжылдықта жүзеге асырылмақшы.
Жас достар! Міне, бүгін басталып отырған алтыншы бесжылдықта республикамыздың өндірісінде қандай өзгерістер болатындығына көз жіберіп байқайық.
Алтыншы бесжылдықта ең алдымен республикамызда электрлендіру қарыштай дамиды. Қазірдің өзінде энергетикалық ресурстың қуатты базасы ашылды. Бұл Солтүстік және Ораталық Қазақстанның тас көмірі, қоңыр көмірімен бірге Қазақстанның таулы аудандарынан басталатын толып жатқан өзендер суының қуаты. Осы энергетикалық ресурстар қазірдің өзінде кеңінен пайдаланыла басталды. Бұл – Қарағанды және басқа индустриялы орталықтардың жылу электр станциялары мен Өскемен және Бұхтарма су электр станциялары. Әйткенмен мұның бәрі республикамыздың орасан зор энергетикалық ресурстарын жоспарлы түрде пайдаланудың бастамасы ғана.
Алдымыздағы уақытта Екібастұздың, Майкөбенің, Қарағандының, Құсмұрынның ашық шахталарының көмірімен жұмыс істеп, арзан электр қуатын беретін станциялар салынуға тиіс. Сондай-ақ Қазақстанның Батыс, Солтүстік және Орталық облыстарында ауыл шаруашылығының мұқтаждығы үшін жел қуатын пайдалану едәуір артады.
Революцияға дейінгі жылдарда Қазақстанда қара металлургияның қоры жоқ деп есептеліп келді. Ал, қазір ауыр өнеркәсіптің бұл базасының қоры жағынан республикамыз Совет Одағында бірінші орынға шығып отыр. Алдымыздағы алтыншы бесжылдық – Қазақстанда «үлкен қара металлургияның» туу бесжылдығы болады. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты және аса ірі Қарағанды металлургия заводы салынып бітеді.
Түсті металлургия химиялық және басқа өнеркәсіпті өркендету жағынан республикамыздың мүмкіндіктері әлі де зор.
Қазақстан комсомолының жуырда болып өткен съезінде делегаттар тың және тыңайған жерлерді игерудегі жастардың ерлік істерін сүйсіне айтты. Кездескен қиыншылықтарды жан-жақты талқылап, оны жеңіп шығу жолдарын сөз етті. Табиғаттың долы күштерін жеңіп, оның сансыз байлығын халық игілігіне жұмсауға да ғалымдар өз үлестерін қоса береді. Топырақ зерттеушілердің болжаулары су ресурстары ашылған кезде қазіргі құнарсыз жерлерді гүлденген егістік аудандарға айналдыруға болатындығын көрсетеді. Бұл іске Ертіс, Обь және басқа өзендердің мол суы да пайдаланылады. Бұл қазіргі кезде кейбіреулерге тәтті қиял да болып көрінуі мүмкін. Бірақ, совет адамдары бұл қиялды сөзсіз жүзеге асырады. Сібірдің қуатты өзендерінің суы Орталық Қазақстанға келіп, бұл облыстар гүлденген оазиске айналады.
Қазақстан жерлерін зерттеу ісі әлі аяқталған жоқ. Зерттеулердің қорытындылары болашақта бұдан да зор міндеттер тудыруы мүмкін.
Советтік геологтардың атасы академик Обручев өзінің жастарға жазған үндеуінде, оларды ғылымға көмекке келіп, жаңа күшпен алға басуға шақырған еді. Мен академик Обручевтің бұл үндеуін сіздерге тағы да қайталап айтқым келеді. Ғылым алға қарай үздіксіз дами беру үшін, оның қатары қабілетті кадрлармен толықтырылып отырылуы керек. Біздің елімізде теория практикамен тығыз байланысты. Ол өзінің қорытындыларын практикадан алып, практикамен байып отырады. Қазіргі тың жерлерді игеруде, рудниктерде, фабрикаларда, заводтарда тамаша өндірістік көрсеткіштерге ие болып, жаңашыл ұсыныстар енгізген жастар – болашақ ғалымдар. Тек біздер солардың білім алуына, өсуіне қамқорлық жасап, бойындағы асыл қасиеттерін байыта білуіміз керек.
Бізде кейбір жағдайларда ғылыми мекемелерге мектеп қабырғасынан жаңа шыққан, өмірді білмейтін кездейсоқ адамдар алынады. Мұндай адамдар ғылымды алға қарай дамытуға үлес қосудың орнына, оған кедергі болады. Сондықтан ғылыми қызметкерлердің қатарын кездейсоқ адамдармен емес, творчестволық өрісі кең жастармен толықтырып отыру – бүгінгі күннің ең маңызды талабы.
Қазақстан байлықтарын ашқан үстіне аша беруге республика жастары да ат салысу керек. Әсіресе, бұл абыройлы іске мектептердің мыңдаған оқушылары айтарлықтай жәрдем ете алады. Барлық мектептерде туған өлкені зерттеу үйірмелері құрылса, олар жазғы демалыс кезінде өз өлкелерінің өсімдік, жәндік дүниесін, жер қыртысы мен жер байлықтарын зерттесе, қандай зор істер істелген болар еді. Солай болған күнде ғылыми мекемелер де оларға тиімді ақыл-кеңес бере алады. Жастар мұны әр кез ескеруі керек.
Біз жоғарыда республикамыздың ауыр өнеркәсібін өркендетудің перспективаларына тоқталдық. Міне, осы орасан зор міндеттерді іске асыратын сіздерсіздер.
Міне, осындай жауынгерлік дәстүрде тәрбиеленген сіздер, оны алға дамытып, байыта түсулеріңіз керек. Сіздердің әрқайсыларыңыз өнеркәсіп орындарында болсын, ауыл шаруашылығының егіс даласында болсын, бар мүмкіншіліктерді сарқа пайдаланып, еңбектегі табыстарыңызды еселеп арттыра берулеріңіз керек. Сонда ғана ұлы іске үлес қосасыздар.
Жаңа жылда жаңа табысқа ие болыңыздар!