Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1956-1959 жылдары жарық көрген еңбектері

КӨРКЕЙГЕН МӘДЕНИЕТ, ӨСКЕН ҒЫЛЫМ

Бұрын сауаты кем, мәдениеті кенже болып келген қазақ халқы Совет өкіметі жылдарында экономикалық және мәдени дамудың асқар асуларына көтеріліп, озық елге айналды. Кәзір республиканың ғылымы, мәдениеті, искусствосы мен әдебиеті көркейген, кемеліне келіп толысқан шағында, өрлеп өркендеу үстінде.
Ғылымның сан салада қаулап дамуы қазақ халқының социалистік мәдениетінің аса зор салтанаты болып табылады. Кәзір бізде Қазақ ССР Ғылым академиясы, Ауылшаруашылық ғылым академиясы, 110-нан астам ғылми-зерттеу институттары мен тәжірибе станциялары бар. Бүкіл еліміздің, қала берді респуб­ликамыздың өндіргіш күштерін онан әрі өркендетуде бұл ғылми орындардың атқарып отырған ролі, жүргізіп жатқан жұмысы орасан зор.
Ғылми-зерттеу, геология ұйымдары мен өнеркәсіп орында­рының қажырлы еңбегі, творчестволық ынтымағы нәтижесін­де Қазақстан шын мәнісіндегі кен қоймасына айналып отыр. Кәзір біздің республика хром мен ванадийдің зерттеліп та­былған запасы жөнінде дүние жүзінде бірінші орында, ал мыстың, қорғасынның, мырыштың, күмістің, кадмийдің, вольфрамның, басқа да бірқатар минералдық шикізаттың запастары бойынша ел көлемінде бірінші орынға ие. Советтік Қазақстан темір, марганец, молибден, көмір, мұнай, фосфорит сияқты басқа да бағалы пайдалы қазындылардың запасы жөнінде Одақ бойынша алдыңғы қатарлы орынға шығып отыр.
Міне, осы фактілердің өзінен-ақ туған республикамыздың өскендігін, оның алып адыммен алға басу жолында екендігін көреміз. Осындай мол кен байлықтың негізінде социалистік бесжылдықтар кезінде Шымкент қорғасын заводы, Балқаш мыс балқыту заводы, Лениногор, Өскемен, Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары сияқты металлургия алыптары, Қара­ғандының шахталары мен Ембінің кәсіпшіліктері пайда бол­ды; кәзір Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты, Қараған­ды металлургия заводы, Павлодар комбайн заводы, Бұқтарма су-электр станциясы сияқты ауыр индустрия алыптары са­лынып жатыр.
Сөйтіп, бір кезде сүреңсіз меңіреу сар дала атанған Қа­зақстан жерінде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі табылып отыр. Бір шеті сонау кенді Алтай, Орталық Қа­зақстан, Торғай алқабы, екінші шеті Қаратау, Ембі, Орал бойы — тұтасқан бай қазына. Мысалға бір ғана Жезқазған мыс кенін алайық. Дүние жүзінде теңдесі жоқ бұл кеннің ру­даларында мыстан басқа қорғасын да, мырыш та, күміс те бар. Үлкен Жезқазған комбинаты салынып біткеннен кейін Совет Одағында өндірілетін мыстың басым көпшілігін сол бе­ретін болады.
Ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай жатқан бай кенді ашып, игеруде, оны ол игілігіне жаратуда республика ғалымдарының сіңірген еңбегі аса елеулі. Қазақстан геологтары жер байлы­ғын жан-жақты, комплексті түрде зерттей отырып, тұңғыш рет Орталық Қазақстанның металлогениялық және болжау карта­сын жасады.
Қазақстан ғалымдарының алдына қойып отырған мақсаты көп те күрделі. Мәселен, гидрогеологтар мен мелиораторлар солтүстік және Орталық Қазақстанның, Каспий, Балқаш төңіре­ гінің, Маңғыстау жартыаралының әралуан кенге бай аудан­дарында су ресурстарын іздестіріп жатыр. СССР Ғылым академиясы мен Қазақ ССР Ғылым академиясының Торғай ал­қабын игеру жөніндегі бірлескен сессиясы су мәселесіне айрықша назар аударды. Кәзір Қазақстан ғалымдары кәрі Ертіс­тің арнасын батысқа қарай бұрып, ғасырлар бойы игерусіз жатқан миллиондаған гектар шұрайлы аймақты суландыру мақсатын алға қойып отыр.
Совет өкіметі тұсында ғана өнер-білімге қолы жеткен қа­зақ халқы кәзір өз арасынан мыңдаған озық ойлы ғалымдар­ды, талантты жазушыларды, композиторларды, шебер суретшілерді, тамаша дәрігерлерді, педагогтарды шығарып отыр. Бір ғана Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамында 3.300-ден астам қызметкер бар. Олардың едәуір бөлігі — қазақ мамандары. Қазақстанда 25 жоғары оқу орындары бар.
Кешегі көшпелі қазақ елінің техникалық прогресс, мәдениет пен ғылым саласындағы асқар асуы міне осындай. Сондықтан да қазақ халқы бақытқа қолын жеткізген туысқан Коммунистік партия мен Совет үкіметіне, өзінің алтын ғасырына шын пейіл­мен шексіз риза.
ЖАҢАДАН ӨРГЕ БАСА БЕРЕМІЗ
Қазақстанның ғалымдары Н. С. Хрущев жолдастың «СССР халық шаруашылығын өркендетудің 1959-1965 жылдарда арналған бақылау- цифрлары» туралы жасайтын баянда­масының тезистерін белсенділікпен талқылауда. Барлық совет адамдары сияқты олар да жан басына өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру жөнінде неғұрлым алда келеді деген капиталистік елдерді қуып же­тіп, басып озу саласында партия қойған тарихи міндетті тез орындау ісіне өздерінің лайықты үлесін қосуға деген жігерлі талабын білдіріп отыр.
Алдағы жетіжылдықта бақылау цифрлары бойынша Қазақстандағы халық шаруашылығын өркендетудің қарқыны бүкіл елдегі қарқыннан орта есеппен едәуір артық болуға тиіс. Жұмсалатын күрделі қаржының мөлшері 116-119 миллиард сом болады, немесе мұның алдындагы жеті жыл ішінде жұмсалған қаржы­дан екі еседен аса артық. 1965 жыл­ға дейін жалпы өнім шыгару шама­мен 2.7 есе артады.
Қазақстанның ғалымдары халық шаруашылығының негізін – ауыр индустрияны өркендетудің республи­ка алдына қойылып отырған орасан келелі мәселелерін шешуді, ең алды­мен, түсті және қара металдар өндіру­ді едәуір арттыру міндетін шешуді өздерінің басты міндеті ден біліп отыр.
Қазақстан Оғанға кәзірдің өзінде елде өндірілетін қорғасынның, мыс­тың және мырыштың көпшілік бөлігін береді. Жетіжылдықтың аяғына дейін мыс рудасын екі еседен, қорғасын-мырыш рудасын 1,7 есе көп шы­ғару, тазармаған мысты екі еседен аса, рафинацияланған мысты 3,2 есе, қорғасынды 1,3 есе, мырышты 1,7 есе көп өндіру керек болады. Шойын, алюминий өндіру ұйымдастырылады, болат қорыту 15 есе арттырылуға тиіс.
Еліміздегі аса ірі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты іске қосылады. Ол жылына 19 миллион тонна темір рудасын береді. Ермак ферросплав заводы, Лисаков және Қашар кен ба­йыту комбинаттары, үлкен Жезқаз­ған, тағы басқа кәсіпорындар салынады.
Осының бәрі геологиялық зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайтып, минерал қорларын онан әрі іздеп табу мен зерттеу жөнінде көп еңбек етуді, оларды тезінен пайдаланудың неғұрлым ұтымды шараларын белгілеуді талап етеді.
Қазақстан ғалымдары республика территориясында пайдалы кендерді кеңістікте орналасу заңдылықтарын анықтады, орталық Қазақстан мен кейбір басқа да аудандардың темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, молибден, вольфрам, титан, цирконий, көмір кендерін қамтыған болжам және металлогеника карталарын жасап, оларды жетілдіре түсуде.
СССР, Қазақ ССР Ғылым академия­ларының, геология және кендерді қорғау жөніндегі одақтың және республикалық министрліктердің 8 декабрьде Алматыда шақырылатын бі­ріккен ғылыми сессиясы тәжірибе қорытуға және металлогеникалық карталар мен болжам қарталарын жа­саудың неғұрлым тиімді әдістерін белгілеуге арналады.
Алдағы жетіжылдықта кен породаларын қопару, руда, мұнай және көмір кендерін пайдалану жөнінде Қазақстан ғалымдары белгілеген, тиімді жаңа әдістер өндіріске енгізі­леді.
Олар белгілеген мыс концентраттарын қорытудың циклондық энерго- металлургиялық әдісі көрнекті роль атқармақ. Оны қолдану Балқаш кен металлуогия комбинатында салынған жартылай өнеркәсіптік циклон пе­шінде жүзеге асырылды. Мұның өзі қорыту агрегатының өнімділігін отражатель пешінде қорытумен салыс­тырғанда, 30 еседен аса, ал шахтадағы ең жедел қорытумен салыстыр­ғанда, 10 еседен аса арттыруға мүм­кіндік беретіні дәлелденді.
Республиканың ғалымдары химия саласындағы зерттеулерін едәуір ұлғайтады. Республиканың химия өнер­кәсібін өркендетуге алты миллиард сом жұмсау жобаланады, оның жалпы өнімі 4 есе арттырылады.
Қазақстанның ядролық физика, астрофизика, метеорология саласын­дағы жаңа міндеттерді шешуде атқа­ратын ролі арта түседі. Таяу жылдар­да атом реакторы іске қосылады. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының ядролық физика институтында жұмыс істемек. Машиналық есеп математикасының республикадағы тұңғыш лабораториясында жабдықты монтаждау жұмысы басталды.
Жетіжылдық жоспардың жобасы ауыл шаруашылығын өркендету саласында жүргізілетін ғылыми жұмысқа |жаңа өріс ашады. Биыл Отанға 950.200 мың пұт астық тапсырған Қазақстан еліміздің екінші астықты республикасына айналған жағдайын баянды етті. Тың жердің құнарлылығын сақтап, молайта беру, мақтаның шығымдылығын, қант қызылшасы­ның қанттылығын арттыру, бау және жүзім шаруашылықтарын өркендету ісінде колхоздар мен совхоздарға кө­мектесу, мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын қарыштаған қарқынмен жаңадан алға бастыру үшін ғалымдардың көп еңбек етуіне тура келеді.
Совет халқының тұрмысындағы жаңа дәуір – коммунистік құрылыс­ты өрістете жүргізудің дәуірі Қазақ­станның ғылыми мекемелерінің ал­дына қоғамдық ғылымдарды творчестволықпен онан әрі дамытудың, маркстік-лениндік философияның, та­рихтың, көркемөнердің, тіл мен әде­биеттің археология мен этнографияның келелі мәселелерін шешудің мін­детін қойып отыр.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

КӨРКЕЙГЕН МӘДЕНИЕТ, ӨСКЕН ҒЫЛЫМ

Мақала алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1957 жылғы 6 қарашасындағы №264 (10462) санының 5-бетінде «Көркейген мәдениет, өскен ғылым» деп жарияланған.
Мақалада кездескен терминдер:
Хром – күміс түсті, коррозияға төзімділігі жоғары химиялық элемент, негізінен болат пен қорытпаларды берік, тот баспайтын және тозуға төзімді ету үшін қолданылады. Сонымен қатар, бояулар мен хромдалған жабындар өндіруде кеңінен пайдаланылады.
Ванадий – күміс сұр түсті, жоғары беріктігі мен икемділігі бар химиялық элемент, болат пен қорытпаларды күшейту үшін, сондай-ақ катализаторлар мен авиацияда қолданылатын жоғары сапалы материалдарды өндіруде маңызды рөл атқарады.
Кадмий – күміс түсті жұмсақ металл, негізінен аккумуляторлар жасауда, әсіресе никель-кадмий батареяларында, сондай-ақ қорытпалар мен металдарды коррозиядан қорғау үшін қолданылады. Кадмийдің улы қасиеттері бар, сондықтан оның қолданылуы шектеулі және қауіпсіздік шараларын талап етеді.
Вольфрам – күміс түсті, өте тығыз және балқу температурасы ең жоғары металл, электр шамдарының жіпшелерінде, жоғары температураға төзімді материалдар мен қорытпалар өндіруде қолданылады. Вольфрам болатты қатайтып, оны соққыға және тозуға төзімді етеді, сондықтан металлургияда және авиацияда ерекше бағаланады.
Молибден – күміс түсті металл, коррозияға төзімділігі мен жоғары температурада беріктігі үшін қолданылады. Молибденді болаттың беріктігін арттыру үшін, сонымен қатар химия өнеркәсібінде катализатор ретінде пайдаланады.

ЖАҢАДАН ӨРГЕ БАСА БЕРЕМІЗ

«Жаңадан өрге баса береміз» мақаласы алғаш рет «Советтік Жетісу» газетінің 1958 жылы 5 желтоқсанындағы №241 (3505) санының 1-бетінде жарияланған. Сондай-ақ «Еңбек жолы» газетінің 1958 жылы 10 желтоқсанындағы №91 (2393) санында жарияланған.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
Мақалада Қостанай облысындағы Аят кенорны деп берілген, алайда дұрысы – Әйет. Мәтінде кездесетін барлық дерлік «кәзір» сөздері «қазір» болып өзгертілген.
Мақалада кездесетін терминдер:
Қорғасын (лат. Plumbum; Pb) – элементтердің периодты жүйесінің IV–тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 82, атом массасы 207, 2.
Мыс (лат. cuprum; Cu) – элементтердің периодтық жүйесінің І тобындағы химиялық элемент, атомдық нөмірі 29, атомдық массасы 63,546 (г/моль). Табиғатта тұрақты екі изотопы бар. Негізгі минералдары: халькопирит, халькозин, ковеллин, малахит, азурит.
Мырыш (лат. Zincum; Zn) – элементтердің периодты жүйесінің II тобындағы химиялық элемент, асыл металдардың бірі. Реттік нөмірі 30, атом массасы 65,39.[1] Мырыш ерте заманда жез түрінде белгілі болған, таза түрі 16 ғасырда алынған. Жер қыртысындағы массасы бойынша мөлш. 8,3×10-3%. Ол полиметалды сульфид кендерінің құрамында кездеседі.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы