Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАН ҚАЗЫНАСЫ – КОММУНИЗМ ИГІЛІГІНЕ

Алдымызда шағын кітапша – сүйікті партиямыздың программасы жатыр. Оның әрбір бетінде, әрбір сөйлемінде ғасырлар бойы адамзат арманы болған сәулетті өмірдің бейнесі анық көрінеді. Ол – жоспар. Ол – ком­мунизмге тура бастайтын маяк. Осыны орындап қазіргі ұрпақ коммунизмді көреді, коммунизмде өмір сүреді.
Ұлы программаны оқып отырғанда, ең алдымен, әркім «осыны орындау үшін не керек, мен қандай үлес қоса­мын, менің коллективім, ауылым, облысым, республикам қандай үлес қосады», – деп ойланады. Әрине, сәулетті өмірді құруда қазба байлықтардың, табиғат қазынасы­ның үлкен роль атқаратыны анық. Осы жағынан алған­да біздің республика коммунизм сарайына қандай кір­піштер қалай қалады екен? Коммунизм дастарқанына қанша байлығын сала алады екен?
Бірден айтайық, Қазақстан – коммунизм үшін кү­рестің алдыңғы шебі. Қазақстан – коммунизмнің алып құрылыс алаңы, жайқалған егін даласы, мыңғырған малдың жайлауы. Программаның өзінде де еліміздің Оралдың шығыс бетіндегі аймағы ерекше қарқынмен дамиды, – деп көрсетілген ғой. Өйткені, коммунизм үшін партия табиғи байлықтары әрі мол, әрі шапшаң да оңай игерілетін аймақтарды барынша пайдалану жоспа­рын қойып отыр. Міне, біздің Қазақстан – дәл осындай аймақ.
Бәрімізге белгілі Қазақстанды әрдайым еліміздің қазба байлығының қоймасы деп атайды. Шынында, біздің республикамыздың жер қойнында Менделеев кестесіндегі элементтердің кездеспейтіні жоқ. Тек қана кездесіп қоймайды, 102 элементтің 60-тан астамын Қазақстан өндірістік жолмен өндіріп те береді. Біздің республикада еліміздегі күміс қорының төрттен үші, қорғасынның, мыстың, мырыштың жартысынан астамы жатыр. Қазақстан көмір мен мұнайдың қоры жөнінен одақта үшінші орын, темір рудасының анықталған қоры жағынан екінші орын алады. Әр түрлі тұздар, құрылыс материалдары, сирек және шашыранды металдар тіптен де толып жатыр. Санап тауыса алмайсың. Осының бәрі коммунизм құрудағы игілікті іске жұмсалынбақ.
Айталық, елімізде 1980 жылы 250 млн тонна болат қорытылады екен. Оның миллиондаған тоннасын бір ға­на Қазақстан Магниткасы қорытады. Алайда, соңғы 1945 жылға шейін Қазақстан темір қоры жағынан кенде болып келгені рас. Осы жылдары ашылған аты әлемге аян Соколов-Сарыбай, Аят, Лисаков, Қашар темір кен­дері, Қарсақпай, Қарқаралы, Атасу маңынан табылған темір рудасының мол қоры – темір запасы жағынан Қазақстанды елімізде 2-орынға шығарды. Міне, осылар­дың және марганец рудасының негізінде салынып жат­қан Павлодардағы Ермаков ферросплав заводы, басқа жаңа заводтар іске қосылады.
Марганец кенінің қоры жағынан Қазақстан Украина, Грузиядан кейін үшінші орында тұр. Бұрыннан аты әйгілі Атасу, Жезді ауданымен қоса марганецтің мол қоры Батыс Қазақстандағы Маңғышлақтан да табылды. Сөйтіп, республикамыз темір, хром, ванадий, марганец сияқты рудалардың көптігінен СССР түгіл, дүние жүзін­де алдыңғы қатарға шықты.
Ал, Қазақстанды түсті металлургия ордасы десек те болғандай.
Алюминийді бір кезде Чернышевский социализмнің металы деп атаған екен. Ол енді коммунизмнің де металы болмақ. Программада алюминийге арнаулы сөйлем берілген. Ол өндірісте, тұрмыста барынша кенінен қолданылады екен. Ал, Қазақстан алюминий де бере алады. Торғай бокситі биылдың өзінде Отанға жөнелтіле бас­тайды. Осының негізінде Павлодарда ірі алюминий за­воды салынып жатыр.
…Коммунизмнің жаңа металдары ішінде титан ерек­ше орын алады. Өткен ғасыр темір ғасыры болса, ендігі ғасыр титан құдіретінің ғасыры болмақшы. Осы ти­тан да Қазақстанда бар. Шығыс Қазақстанда жаңадан титан-магний комбинаты салынып жатыр.
Коммунизм – жаңа химиялық материалдар заманы болады. Пілдің сүйегінен қымбат, болаттан мықты, ағаштан жеңіл жаңа пластмассалар шығарылады. Кау­чук, бояу заттар, дәрілер – осының бәрін адам ғылым­ның қолымен жасайды. Киім де, тіпті, кейін тамақ та осы химиядан табылады. Қазақстан бұдан да кенже қалмапты. Теміртаудағы химия заводы синтетикалық каучук, ал Қостанай заводы синтетикалық торқаны қазірдің өзінде шығара бастады. Алдағы 20 жылдың ішін­де химия республиканың бүкіл аймағында қаулап өсе­ді. Ембінің мұнайы, Ақтөбенің газы, Қарағандының кө­мірі енді отын болып жанбайды, мата, аяқ киім, дәрі мен бояу болып адам игілігіне жұмсалады.
Бір кезде республикамыз мұнай мен табиғи газға кедейлеу болатын. Қазір Батыс Қазақстан осы байлық­тың ордасы болып отыр. Маңғышлақта, Оңтүстік Ембі­де табылған мұнай өзінің сапалылығы, қоры жағынан Бакудікінен кем түспейді. Ал, Ақтөбе даласында табиғи газдың мол қоры жатыр. Сөйтіп, Қазақстан таяу арада газ, мұнай өндіру жөнінен СССР-да алдыңғы қатарға шығады.
Өндірістің наны – көмір қоры жағынан біз ешкімнен кем түспейтінімізді әркім айтпай-ақ түсінер. Респуб­ликамызда кейін ашылған аудандардағы көмір қоры жә­не сапасы жағынан Одақтағы үшінші «кочегарка» Қа­рағандыдан да асып кетеді десек, артық айтпағанымыз.
Ал, коммунизм базасының негізгі үш тірегінің – энергияның, материалдың және машинаның даму бары­сына да көз салсақ, Қазақстан мұнда да өзінің мол үлесін, мол салмағын көрсетіп жатады. Жұртқа белгілі, ен­ді 20 жылдан кейіп СССР жылына 3000 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын өндіріп, дүние жүзіндегі ең қуатты елге айналмақшы. Қазақстанда бұл дәу­ірде бір тұтас энергетикалық жүйе орнамақ. Жаңадан әрбір облыс орталығында да өнеркәсіп ошағында өзінің қуатын өндіретін өз электр станциясы болмақ. Екібастұздың, Майкөбеңнің, Обаған мен Құсмұрынның, Ленгер мен Алакөлдің көмірлері электр қуатына айналады. Программа Қазақстан мен Сібір секілді арзан отыны мол су ресурстары бар аймақта арзан энергия алу ба­рынша жолға қойылады деп атап көрсеткен.
Ал, біздің Ертісіміз ұлы Волга секілді өзінің бойын­да орнайтын жаңа су электр станцияларынан жерімізге нұры мен қуатын жіберіп тұрады. Новошульба ГЭС-і, оған ілесе Іле бойындағы Қапшағай ГЭС-і коммунизм­нің шырақтарын жағады.
Міне, осы айтылған қазынаны игеріп, коммунизм құ­рылысына жұмсауда республикамыздың ғалымдары мен инженер-техниктерінің үлесі де болмақ.
Ғалымдарымыз республикамыздың мал, астық бай­лығын арттыруды да ұмыт қалдырған жоқ. Осы 20 жыл­дың ішінде ірі қара малдың және қой тұқымын жақсар­тудың да жолдарын белгіледі.
Олардың алдында республикамыздың шөлейт аудан­дарын суландыруға қажет жер асты суын игеру проб­лемасы тұр. Сонымен қатар, ендігі бір міндет республи­камыздың жерінен мұнай мен табиғи газ көздерін көп­теп ашу болып саналады. Ал, осы жылдары республи­камыздың негізгі көрсеткіші деп саналатын тау-кен жұ­мысына да біраз өзгерістер енбекші. Әсіресе кенді ашық шахтамен өндіру әдісі осы 20 жыл ішінде мықтап қолға алынады.
ҒЫЛЫМ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ БОЛСЫН
(Академик Қ. И. Сәтбаевтың баяндамасынан)
Біздің еліміз қазіргі кездің аса ұлы оқиғасы – КПСС XXII съезі тудырған жаңа, қуатты творчестволық өрлеу жағдайында болып отыр. Партия, Н. С. Хрущев бастаған оның лениндік Орталық Комитеті Сталиннің жеке басына табынушылықтың зардаптарын батыл және дәйектілікпен жойып, партия тұрмысының лениндік нормаларын қалпына келтірді және осы арқылы халық бұқарасының творчестволық инициативасына даңғыл жол ашып беріп, елімізде халық шаруашылығын, ғылым мен мәдениетті, шын мәнісінде, аса күшті қарқынмен өркендетуді қамтамасыз етті.
Партияның жаңа Программасында ғылымның коммунистік құрылыстағы рөлін мейлінше арттыру керек екені атап көрсетілді. Совет ғалымдары алдына негізгі барлық бағыттар жөнінен дүние жүзілік ғылымда басты жағдайға ие болу жайында зор және жауапты міндет қойылды. Халық шаруашылығын өркендетіп, ғылымды өмір талаптарына одан ары жақындата түсу, аяқталған ғылыми еңбектердің нәтижелерін практикаға неғұрлым шапшаң енгізу үшін зор маңызы болатын теориялық зерттеулерді күшейтуге ерекше маңыз беріп отыр.
Партияның XX съезінен кейінгі уақытта, Қазақстанда ғылым қауырт қарқынмен дамып отырды. Республика ғалымдарының атқарған зерттеулері совет ғылымын байытты және бұл зерттеулердің халықшаруашылығына зор маңызы болды. Ғылымның металлогения және пайдалы қазбаларды болжау, жер астындағы кен жұмыстарын түгел механикаландыру, амальгамдық металлургия, циклонды және гидрометаллургиялык процестер, астрофизика, жемшөп микробиологиясы, лимфа жүйенің физиологиясы, бруцеллез және басқа бағыттары жөнінен республиканың Ғылым академиясы қазір елімізде басты орындардың бірін алып отыр. Ғылымның машиналық есептеу математикасы, ядролық спектроскопия, полимерлер химиясы, изотоп әдістерді қолданып геологиялық формациялар мен рудалы кенорындардың нақты уақытын анықтау, топырақтың эрозиясы, микроэлементтер, радиациялық медицина сияқты және басқа жаңа, әрі маңызды бағыттары жөнінде зерттеулер ұйымдастырылды.
Өткен жылғы мартта КПСС Орталық Комитетінің Бірінші секретары және СССР Министрлер Советінің Председателі Н. С. Хрущевтің Қазақ ССР Ғылым академиясында болуы, республика ғалымдарының өміріндегі жарқын және ұмытылмайтын оқиға болды. Никита Сергеевич академияның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, ғалымдармен арадағы ұзақ әңгіме үстінде көптеген бағалы кеңестер берді.
1956-1961 жылдар ішінде, минерал қорлар, физика-математика ғылымы, биология жөне медицина ғылымдары бөлімшелерінің ғылыми мекемелері 500-ден аса ғылыми еңбектерді аяқтап, оның нәтижелерін өндіріске енгізді немесе өндіріске енгізу үшін табыс етті. Қоғамдық ғылымдар Бөлімшесінің мекемелері 125 ғылыми еңбек жөніндегі зерттеулерді аяқтады. Осы жылдардың ішінде екі институт қайта құрылып, жаңадан 9 ғылыми-зерттеу институты – ядролық физика, философия және право институттары (Алматыда), химия-металлургия институты (Қарағандыда), ихтиология мен балық шаруашылығы институты, мұнай мен табиғи тұздар химиясы, геология мен геофизика институты (Гурьевте) құрылды. Өткен жылы тіл мен әдебиет институты екі институт болып – Тіл білімі институты мен М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып қайта құрылды. Үстіміздегі жылы эксперименттік биология институты құрылды.
Өткен жылдардың ішінде академияның системасында 224 жаңа лаборатория, бөлім мен сектор құрылды. 1955 жылғымен салыстырғанда лабораториялардың, бөлімдер мен секторлардың саны екі жарым еседен аса өсті.
Ғылыми мекемелер жүйесін ұлғайтқан кезде, академия бұл мекемелердің жұмысын өндіріс талаптарына мейлінше жақындата түсу міндетін басшылыққа алды. Сонымен бірге кәсіпорындармен және ұйымдармен договор жасасу бойынша атқарылатын ғылыми жұмыстың дамытылуы да өндіріспен арадағы байланыстарды нығайтуға көп көмектесті. Қазіргі уақытта минерал қорлар Бөлімшесінің ғылыми мекемелері тақырыптарының шамамен 50 проценті осындай договорлар бойынша атқарылып, бұл еңбектерді министрліктер немесе халық шаруашылығы советтері толық қаржыландырып отыр.
Бұдан соң президент ғылыми кадрлар даярлау туралы айта келіп, қазіргі уақытта академияның ғылыми қызметкерлері коллективінде туысқандықпен ынтымақтаса отырып, СССР-дегі 41 ұлттың өкілдері жұмыс істеп жүргенін, 546 ғалымның КПСС мүшесі болып табылатынын хабарлады. Академияда барлығы 900 партия мүшесі және бір жарым мыңдай комсомолецтер жұмыс істеуде. Коммунистік партия мен Совет үкіметі біздің ғалымдарымыздың творчестволық еңбегін жоғары бағалады. Соңғы алты жылдың ішінде Академияның 12 ғалымына В. И. Ленин атындағы сыйлық берілді, 93 ғалым СССР ордендерімен және медальдарымен наградталды. 34 ғалымға «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді. Осы мерзімнің ішінде 165 ғалым Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен және Грамоталарымен наградталды.
Бұдан соң Сәтбаев жолдас ғылыми зерттеулердің материалдық-техникалық базасын жасау туралы көңіл бөлерліктей деректерді хабарлады. Өнідірістік және тұрғын үйлер құрылысына жұмсалған күрделі қаржылардың едәуір өсуіне қарамастан, – деді ол, ғылыми мекемелерді орналастыру және ғылыми қызметкерлерді тұрғын үйлермен қамтамасыз ету жағдайы әлі де болса мүлде қанағаттанғысыз болып келеді. Ғылыми институттардың жаңа ғылыми құрал-жабдықтармен және приборлармен жарақталу дәрежесі шұғыл артты. Өткен жылы басылып шығарылған ғылыми еңбектердің көлемі 1955 жылғымен салыстырғанда екі еседен аса артты. Басылып шыққан еңбектердің полиграфиялық бейнеленуі жақсарды. Әртүрлі сегіз сериямен «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы» мен «Қазақ ССР Ғылым академиясының Известиялары» ұдайы шығып тұрады. Академияның Орталық ғылыми кітапханасындағы кітаптар мен қолжазбалардың қоры молайды. Бұл кітаптар мен қолжазбалардың саны қазірдің өзінде 1300 мыңнан асып отыр. Академияның халықаралық байланыстары одан әрі дамыды.
Президент бұдан соң академия өміріндегі кемшіліктерге егжей-тегжейлі тоқталды. Институттар, академия, жоғары оқу орындары және Қазақстанның жерінде зерттеулер жүргізетін басқа да ғылыми мекемелер арасындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру ісі әлі де жолға қойылған жоқ. Металлофизика, электроника, автоматика, механика, ашық кен жұмыстары, рудалардағы барлық бағалы қоспаларды комплексті айыру, су-электр станциялары, полимерлер химиясы сияқты және басқа маңызды бағыттардағы зерттеулер өте жеткіліксіз жүргізілуде, – деді ол.
Қазақстанның аса бай өсімдіктері мен хайуанаттарын қайта жетілдіріп, пайдалану мәселелері жеткілікті зерттелмей келеді. Өндіріс резервтерін зерттеу жұмыстары нашар жүргізілуде.
Аяқталған ғылыми жұмыстардың нәтижелері өндіріске өте баяу енгізілуде, – деді президент. Ал осы жұмыстардың көбі халық шаруашылығы үшін өте маңызды екені сөзсіз. Академияның Қаратау фосфоритінен күкірт қышқылын қолданбай-ақ фосфаттың жаңа түрлерін өндіру сияқты ғылыми жұмыстар, үймедегі шлактан мыс пен темір айырып алу әдістері, бокситті қайта өңдеудің гидрохимиялық тәсілі, бактериялық тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығында қолдану және басқа әдістер өндіріске осы уақытқа дейін нашар енгізілуде.
Жұртқа белгілі объективті қиыншылықтармен қатар, кейбір ғалымдардың және ғылыми мекемелер басшыларының сөздері де ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізуде ойдағыдай қажырлы табандылық көрсетпей келеді. Президент ғылыми жұмыстарды үйлестіру жөніндегі мемлекеттік комитеттердің құрылуына байланысты аяқталған зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізуді тездетуде тиісті бетбұрыс жасалады деп үміттеніп отырғанын білдірді. Біз, – деді ол, ең алдымен Қазақ ССР Министрлер Советінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі Мемлекеттік комитет тарапынан көмек күтіп отырмыз.
Қазір академияның ғалымдар коллективі алдында тұрған негізгі міндет КПСС XXII съезінің шешімдері мен партияның Программасы талап етіп отырғанындай, бүкіл ғылыми жұмыспен ғылыми-ұйымдық жұмыстың дәрежесін жоғары көтеруде болып отыр. Біз ғылыми-зерттеулердің теориялық дәрежесі мен комплекстілігін арттырып, бұл жүмыстарды аса маңызды бағыттар мен объектілерде басымырақ жүргізуге, еліміздегі коммунистік құрылыстың маңызды міндеттерін орындау ісіне академияның бүкіл жұмысын одан ары ұдайы жақындатып отыруға тиіспіз.
Осы сессияның барысында біздің академиямыз жаңа академиктермен және корреспондент мүшелермен толығады, ал мұның өзі көптеген ең маңызды бағыттар мен объектілер жөніндегі ғылыми жұмысты таяудағы уақытта күшейтуге сөзсіз көмектеседі.
Президент кезек күттірмейтін міндеттің – КПСС Орталық Комитеті март Пленумының шешімдеріне сәйкес ғылыми-зерттеулерді күшейту міндетінің ерекше маңызды екенін атап көрсетті. Мұның биология мен медицина ғылымы Бөлімшесінің ғылыми мекемелеріне ғана емес, сонымен бірге академияның барлық ғалымдарына да түгел дерлік қатысы бар, – деді ол. Сессияда талқылауға қойылған ғылыми баяндамалардың толығымен Қазақстанның ауыл шаруашылығын өркендету мәселелеріне арналуы тегін емес. Мұнымен бірге академияның академиктері мен корреспондент-мүшелерінің қатары осы сессияда ауыл шаруашылығы саласындағы аса көрнекті жаңа ғалым-мамандармен толықтырылады. Осының бәрі республика мен бүкіл елдің халық шаруашылығының өте маңызды бұл саласын одан ары шұғыл өрге бастыру ісіне академияның қосатын нақты үлесін арттыруы тиіс.
Ғылымның алдында тұрған келелі мәселелер комплексі арасында ең басты және маңызды мәселелерді шешуге академияның ғылыми күштері көбірек жұмылдырылуға тиіс. Академияның зерттеу жұмыстары ең алдымен өнеркәсіпті де, ауыл шаруашылығын да өсіріп, көркейтудің негізгі қайнар бұлағы болып табылатын Қазақстанның орасан мол табиғи ресурстарын ашып, тиімділікпен игеруге, бұрынғысынша бағытталып отыруы тиіс. Еңбек өнімділігін арттыруға, өндірісті түбегейлі жақсартуға көмектесіп, тікелей өндіріс күші болып табылатын ғылымның рөлін үнемі арттыра беретін зерттеулерді де дамытып отыру қажет. Сәтбаев жолдас КПСС XXII съезінің тарихи шешімдерімен, партияның жаңа Программасымен, КПСС Орталық Комитеті март Пленумының шешімдерімен қаруланған Қазақстан Ғылым академиясының ғалымдары елімізде коммунизм орнату ісіне лайықты үлес қосады деп сенетінін білдірді.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН ҚАЗЫНАСЫ – КОММУНИЗМ ИГІЛІГІНЕ

«Қазақстан қазынасы – коммунизм игілігіне» мақаласы алғаш «Білім және еңбек» журналының 1961 жылғы №10 санының 2-3 беттерінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сатпаев К. И. Избранные труды, Т.5. Статьи, публицистика и материалы к библиографии. – Алма-Ата: Наука, 1970. – 326 c. – C 155-157.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Бәрімізге белгілі Н. С. Хрущев Қазақстанды әрдайым еліміздің қазба байлығының қоймасы деп атайды. Шынында, біздің республикамыздың жер қойнында Менделеев кестесіндегі элементтердің кездеспейтіні жоқ», – сөйлемінжегі «Н. С. Хрущев» сөзі алынған.

ҒЫЛЫМ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ БОЛСЫН

«Ғылым алдыңғы шепте болсын» мақаласы алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің 1962 жылғы, 1 маусымындағы №127 (11808) санында жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 269-273 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 351-354 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 324-328 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«1956-1961 жылдар ішінде, минерал қорлар, физика-математика ғылымы, биология жөне медицина ғылымдары бөлімшелерінің ғылыми мекемелері 500-ден аса ғылыми еңбектерді аяқтап, оның нәтижелерін өндіріске енгізді немесе өндіріске енгізу үшін табыс етті. Қоғамдық ғылымдар Бөлімшесінің мекемелері 125 ғылыми еңбек жөніндегі зерттеулерді аяқтады. Осы жылдардың ішінде екі институт қайта құрылып, жаңадан 9 ғылыми-зерттеу институты – ядролық физика, философия және право институттары (Алматыда), химия-металлургия институты (Қарағандыда), ихтиология мен балық шаруашылығы институты, мұнай мен табиғи тұздар химиясы, геология мен геофизика институты (Гурьевте) құрылды. Өткен жылы тіл мен әдебиет институты екі институт болып – Тіл білімі институты мен М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып қайта құрылды. Үстіміздегі жылы эксперименттік биология институты құрылды» – үзіндісіндегі «ғылми» сөздерінің бәрі дерлік «ғылымиға» ауысқан, «Философия» деп басталып жаңа сөйлем алдыңғы сөйлемге үтір қою арқылы жалғасқан.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Ихтиология – балықтарды зерттейтін зоологияның бір саласы. Бұл ғылым балықтардың құрылысы, физиологиясы, экологиясы, мінез-құлқы, таралуы және эволюциялық дамуы сияқты аспектілерді қарастырады.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы