Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМЫ МЕН ӨНДІРГІШ КҮШТЕРІ

Ұлы дәуір документі – КПСС жаңа Программасының жобасында еліміздің таяудағы жиырма жыл ішінде қызу қарқынмен өркендеу жолы айқын бейнеленген. Осы уақыт ішінде «Уралдың шығысына таман жатқан», яғни сарқылмас мол табиғат байлығы, кең-байтақ жері бар Қазақстан мен Сібірдің өндіргіш күштері мықтап өркендетіледі.
Еліміздің өндіргіш күштерін мықтап өрге бастыруда шешуші факторлардың бірі ғылым болмақ. Қазақстанның қызу өскен ғылымы өзінің басты назарын ірі, практикалық бағалы ғылыми проблемаларды комплексті және коллективті шешу ісіне аударып келеді. Қазақстан Ғылым академиясы өзінің көптеген зерттеулерін өнеркәсіптің тапсыруы бойынша және соның қаржысымен жүргізуде. Бұл істі ол өндірісшілермен творчестволық тығыз ынтымақтастық жасай отырып іске асыруда. Республиканың ірі экономикалық аудандарында жұмыс істейтін, академияның жергілікті жерлердегі ғылыми мекемелерінің саны үздіксіз көбейіп отыр. Өзінің зерттеу жұмыстарын көкейтесті мәселелерге бағыттай отырып жүргізу нәтижесінде, Қазақ ССР Ғылым академиясы республикамыздың алуан түрлі өндіргіш күштерін ашу және оларды игеру ісін тездетуге зор көмек көрсетіп келді.
Академияның геологтары аса маңызды жұмыстарды орындауда. Олар өндіріс геологтарымен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның геологиялық картасындағы ақ күйінде тұрған жерлерді барынша азайтып келеді, сөйтіп Қазақстанның жер қойнауындағы асылдар байлығын барған сайын молынан ашуда. Дұрысын айтсақ, Қазақстанның ғалым және өндіріс геологтарының жемісті еңбегі республикамызды минерал байлықтардың сарқылмас мол қоймасына айналдырды. Мұның негізінде ауыр өнеркәсіптің аса ірі кәсіпорындары салынды және салынып жатыр. Бұлар Қазақстанның экономикалық бейнесін түбірінен өзгертіп, оны СССР-дегі қуатты, гүлденген, индустриялық-аграрлық республикаға айналдырды. Бұл ретте Н. С. Хрущев жолдастың Москвадағы Қызыл Алаңда, СССР космонавты Г. С. Титовты қарсы алуға байланысты болған салтанатты митингте сөйлеген сөзінде барлаушы-геологтар туралы айтқан жүрекке әсерлі мына сөзін қалай еске түсірмессің.
«Барлаушы-геологтар бірінші болып сүрлеу салады. Бұл сапарға бару қиын, бірақ оның есесіне олар үшін өз еңбегінің жемісін көру өте тамаша болады. Нақ осы сияқты біздің халқымыз, біздің Коммунистік партия бірінші болып коммунизмге жол салуда», – деді Н. С. Хрущев. Барлаушы-геологтар армиясының еңбегіне берілген бұл жоғары әрі әділетті баға оларды рухтандырып, творчестволық жаңа ерлікке жігерлендіруде.
Қазірдің өзінде-ақ Қазақстанда Менделеев системасының материалдық өмірде қолданылатын элементтерінің ашылмаған бірде-бірі қалған жоқ. Олардың көпшілігінің қоры жөнінен Қазақстан қазір СССР-де және дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Әсіресе металл шикізатының барлық түрлері жөніндегі қор туралы осыны айтуға болады. Сонымен бірге, Қазақстанда әлі де минерал байлықтардың көптеген жаңа қоры мен түрлерін ашуға болады. Мұның өзі республикамыздың индустриялық мүмкіндіктерін одан ары кеңейтуге жақсы жағдай жасайтыны сөзсіз.
Күні кеше Торғай даласы болашағы шамалы, иен жатқан жер деп есептелуші еді. Қазір мұнда темір рудаларының, көмірдің дүниежүзілік қоры ашылды. Осының негізінде ірі рудниктер мен заводтар салынып жатыр. Маңғыстау түбегі де зерттеусіз жатқан «геологиялық тың» еді. Қазір бұл арада мұнайдың, газдың, түрліше металдардың және минерал тұздардың қоры ашылды. Қазақстанда алдағы кезде де талай жаңа кен аудандарының ашылуына күмән жоқ. Осындай байлықтарды ашу ісін неғұрлым тездету республиканың ғылым және өндіріс геологтарының міндеті болып табылады.
Қазақстан түсті металлургияның еліміздегі шешуші базасы болып келеді. Совет өкіметі жылдарында біздің республикамызда бірінші дәрежелі рудниктер мен заводтар құрылды. Бұл табысқа да, негізінен алғанда, ғалымдар мен өндірісші кеншілердің, металлургтердің творчестволық еңбектерімен зор үлес қосқандықтарын атап айту керек. Мысалы, кенді Алтайдың кеншілері руда қазудың жаңа системасын тауып, оны өндіріске енгізді. Мұның өзі кеншілердің еңбек өнімділігін үш-төрт есе арттыруға, кен жұмыстарын механикаландыру дәрежесін 97 процентке дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Олар Жазқазған руднигінде руданы жер астында қазу жұмыстарын комплексті механикаландыратын системаны жасап, өндіріске енгізді. Осы система кеншілердің еңбек өнімділігін үш-төрт есе өсіруді қамтамасыз етті. Қазақстанның ғалымдары мен өндіріс кеншілерінің бұл сияқты зерттеулері кен жұмысшыларының еңбек өнімділігін арттырып, Америка Құрама Штаттарынан озып шығу үшін негізгі жолдардың бірі болып табылады.
Қазақстан кеншілерінің алдында жаңа міндеттер – республика рудниктерінде неғұрлым өнімді, руданы ашық әдіспен өндіру ісін қолдану міндеті тұр. Мұны бұрғылау, тиеу және тасымалдау жабдықтарын жетілдіру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін екені мәлім. Мысалы, қазір қолданылып жүрген арқанның салмақты серпінімен бұрғылаудың орнына, кенді шарошкалық әдіспен бұрғылау бұрғышылардың еңбек өнімділігін екі-үш есе, ал термалық бұрғылауға көшу еңбек өнімділігін 6-7 еседен де астам арттырар еді. Республикадағы аса ірі, көптеген руда және көмір кендерін ашық әдіспен қазуға көшу көзделініп отыр. Жер астындағы жұмыстарда кеннің ірі блоктарын табиғи күшпен немесе еріксіз құлату сияқты кен қазудың прогрестік жүйелері өңдіріске кеңінен енгізіледі. Рудниктер мен шахталарда комплексті механикаландыру және автоматтандыру үшін жаңа, жоғары өнімді кен машиналары жасалуы тиіс.
Қазақстан ғалымдары мен өндіріс металлургтарының зерттеуі еліміздегі түсті металлургияның алыбы Балқаш заводының өндірістік қуатын едәуір ұлғайтуға және полиметалл рудалардың ішіндегі түрлі металды толық пайдалану ісін жедел арттыруға мүмкіндік берді. Металлургтар мен энергетиктер ойлап тапқан мыс балқытудың жаңа тиімді әдісі металлургиялық процестің қарқынын жедел арттырып, руда шикізаттағы барлық бағалы заттарды түгелімен айырып алуға мүмкіндік беріп келеді. Алайда, республиканың түсті металлургиясының кәсіпорындарында металдардың ысырабы әлі де көп болып отыр. Мәселен, мыстың 20-25 проценті, қорғасын мен мырыштың 30-40 проценті ысырап болуда. Қазір Алтай рудаларындағы 19 бағалы заттың он екісі ғана, Шымкент қорғасын заводында 12 бағалы заттың жетеуі ғана айырып алынады. Сондықтан республика байытушылары мен металлургтарының алдында тұрған міндет өте зор. Олар руда шикізатындағы барлық бағалы заттарды түгел айырып алуға мүмкіндік беретін ең тиімді әдістерді батыл қолдануға тиісті. Республика түсті металлургиясының барлық саласында тиімді әдісті өндіріске кеңінен енгізу, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қазір қара металдар мен ферросплавтардың қуатты өнеркәсібі өркендетілуде. КПСС жаңа Программасында елімізде болат балқытуды жылына 250 миллион тоннаға жеткізу көзделінген. Осымен байланысты, бүкіл еліміздегі руда базасын едәуір кеңейту қажет болады. Осы тұрғыдан қарағанда, Қостанай облысындағы Лисаков пен Аят темір рудасы базаларының бүгінгі таңдағы маңызы орасан зор. Өйткені бұл кендер теміржол магистралінің дәл үстінде, сонымен қатар бұларда миллиондаған тонна оолит темір рудасы жер бетіне таяу жатыр. Осы руданы қуатты карьерлермен қазып алуға болады. Лисаков пен Аят кендерінің рудаларында фосфор және ванадий қоспалары бар. Осы бассейіндердің рудаларын комплексті жолмен пайдаланудың экономикалық тәсілдерін жасау, сөйтіп болатпен бірге фосфор тыңайтқышын және ванадийді көп мөлшерде алу қазір біздің металлургтар алдында тұрған ең бірінші кезектегі міндет болып табылады. Лисаков пен Аят базаларында бірнеше ірі металлургия комбинаттарын салуға мүмкіндік бар. Бұл комбинаттар еліміздегі ең арзан, миллиондаған тонна болат, сондай-ақ қосымша өнім ретінде мыңдаған тонна ванадий балқымаларын, миллиондаған тонна фосфат шлактарын беретін болар еді. Ал фосфат шлагы Қостанай облысында және бүкіл Тың өлкесінде қазір игерілген орасан көп көлемдегі тың жерлер үшін аса бағалы минерал тыңайтқыш екені мәлім.
Қазақстан ферросплав өнеркәсібінің кәсіпорындарында барлық бағалы заттарды пайдаланудың технологиясын жақсарту және комплекстілігін арттыру жөнінде көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Павлодар облысында салынып жатқан жаңа Ермак ферросплав заводы Орталық Қазақстандағы Жезді мен Атасу марганец кендерінің рудасымен жұмыс істемек. Бұл кендердің рудаларында марганецпен бірге қорғасын, калий сияқты басқа да қосымша элементтер бар. Қазіргі жобада осы рудниктердің жанынан арнаулы байыту фабрикаларын салу көзделген. Мұның бер жағында, біздің Академияның металлургтары лабораториялық зерттеу жасап, осы көздердің рудаларын тікелей ферросплав заводтарында пайдалануға болатынын, бірден бүкіл бағалы компоненттерді айыруға болатынын дәлелдеп көрсетті. Бұдан алынатын негізгі өнім – силикомарганец кеннің негізін құрайтын марганец пен кремний балқымасы болмақ. Біздің металлургтардың жаңа схемасы бойынша, руданы алдын ала байытудың қажеттігі болмайды. Сонымен қатар барлық руданы ешбір қалдықсыз толық пайдалануды қамтамасыз етеді. Осы сияқты зерттеулердің бәрі де салынып жатқан Ермак ферросплав заводының техникалық іс бағытын анықтап беруге көмектеседі.
Республикамызда қоры ұшан-теңіз көп ванадай, хром, вольфрам, молибден, титан және басқа металдар кенін таяудағы уақыт ішінде игеру үшін қарқынды және комплексті зерттеу жұмыстары жүргізілу керек.
Шикізат базасы іс жүзінде бай бола тұрғанымен, Қазақстанда химия өнеркәсібі әзірге нашар өркендеп отыр. Республикада химиктерінің алдында фосфориттің, калийдің, магнийдің және басқа табиғи шикізаттардың бай кендерін зерттеу және бұлардан минерал тыңайтқыштар, химиялық аса маңызды өнімдер алудың міндеттері тұр. Бағалы полимерлер, мономерлер, флотореагенттер, тыңайтқыштар, гербицидтер, медициналық препараттар алудың, мұнайдан, газдан, көмірден, жанар сланецтен, өсімдік шикізатынан химиялық өнімдер өндіру, сондай-ақ республика өнеркәсібінің металлургия, мұнай өңдеу, гидролиз сияқты тағы басқа салаларынан қосалқы өнімдер өндіру мүмкіндіктері зерттелетін болады.
Қазақстанда көмір, мұнай, газ, су және жел қуаттары сияқты энергетиканың үлкен ресурстары бар, сондай-ақ Күн шұғыласының энергиясы, әсіресе кең-байтақ шөл далаларда бұл энергия мол екенін атап айту керек. Жаппай электрлендіру мақсатын көздеп, осы ресурстарды зерттеу, тиімді пайдалану – республика энергетиктері алдында тұрған ең негізгі міндет. Республиканың энергетикалық базасын одан ары өркендету үшін ірі бу және су-электр станциялары салынып, бұлар Совет Одағының біртұтас энергетикалық жүйесінің үлкен бөлімі болып табылатын Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосылады. Мұның өзі алуан түрлі энергетикалық ресурстарды барынша жақсы ұйымдастырып отыруды, бүкіл республика халық шаруашылығының энергетикалық базасын ретті және үнемді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Қазақстанда кең байтақ ауыл шаруашылық жерлері бар. Бұларды халық шаруашылығының игілігі үшін игеру нәтижесінде Қазақстан қазірдің өзінде-ақ товар астық өндіру жөнінен СССР-де екінші республикаға, еліміздің Шығысындағы мал шаруашылығының негізгі базасына айналды. Біздің республикамыз мақта, қант қызылшасын және басқа техникалық, ауыл шаруашылық дақылдар өндіруде. Міне, осы тамаша табыстарға да республиканың ғалымдары үлкен үлес қосты.
Мысалы, топырақ зерттеушілер мен агробиологтар тың жерлерді іріктеп алу және оларды игеру ісіне, бұларда дәнді, техникалық дақылдардан өнімді мол алу жолындағы күреске белсене қатысты. Ботаниктер мен зоологтар өсімдік пен хайуанаттар дүниесін, азық-түлік, жемшөп ресурстарын, республикамызда шаруашылыққа аса пайдалы өсімдіктің жаңа түрлері – флора мен фаунаны байыту жолында көп жұмыстар істеді. Микробиологтар мен вирусологтар жемшөпті сүрлеуге қажет микробтар мен вирустардың жаңа түрлерін өсірді.
Республиканың ауыл шаруашылығын онан ары өркендету үшін ғылымның алдында тұрған аса маңызды міндеттер: топырақтың құнарлылығын үздіксіз арттыру, ауыл шаруашылық дақылдары мен малдың бағалы жаңа сорттарын және тұқымдарын өсіру, республиканың әрбір табиғи экономикалық аймағына қарай егіншілік жүйесін тиімді пайдалану, топырақ эрозиясына (дефляциясына) қарсы күрестің ең сенімді құралдарын табу, өсімдіктің, хайуанаттардың жаңа бағалы түрлерін шығарып отыру болып табылады.
Тұрақты жемшөп қоры мен тиянақты суаттар республика мал шаруашылығын одан ары өркендету үшін де ең маңызды шарт. Малды жемшөппен қамтамасыз етуде басты рөл атқарып отырған жүгерімен бірге, табиғи жайылымдардың, шабындықтардың өнімділігін де барынша арттыру қажет. Қазақстанда сортаң жер көп екені мәлім. Осы жерлерді жақсарту мал шаруашылығына қажет жемшөп базасын ұлғайту үшін, соңдай-ақ егіншілік үшін үлкен маңызы бар. Республикада су шаруашылығын тәртіпке келтіру қазір мемлекеттік үлкен проблема екенін атап айту керек. Осы мақсат үшін республикада су шаруашылығы проблемаларымен комплексті түрде шұғылданатын біріккен ғылыми-зерттеу институтын құру қажет. Бұл институт жер бетіндегі және жер астындағы суды зерттеп, республиканың халық шаруашылығына су молшылығын жасап және оларды тиімді етіп пайдалану жөнінде қажет ғылыми-техникалық шараларды жасауға тиіс.
Шөл далаларды зерттеп, оларды халық шаруашылығы үшін игерудің жолдарын табу ғылыми-зерттеу мекемелерінің ең абыройлы борыштарының бірі. Қазақстандағы шөл және шөлейт жерлер республика территориясының 60 процентін алып жатқаны мәлім. Мұндай жерлердің қойнауында алуан түрлі байлықтар, атап айтқанда, түсті кен және сирек кездесетін металдар, мұнай мен газ жатыр. Дегенмен, осы шөлейт жерлердің ауыл шаруашылығына пайдаланылуы әлі күнге жеткіліксіз болып келеді. Мұның бер жағында, бұл шөлейт жерлердің топырағы құнарлы, өйткені олар калиймен және микроэлементтермен байыған, бұларға Күн шұғыласы жеткілікті, тек су тапшылық етуде. Екінші жағынан, республика зерттеушілері жер қойнауында терең шыңырауда жатқан су мол екенін анықтады, бұл су кейде тұщы келеді. Осы жерасты теңізі қазір оңтүстік Балқаш, Шу-Сарысу, Торғай, Үстірт, Арал, Маңғышлақ алаптарынан, Қарақұм, Мойынқұм, Борсық құмдарынан, тағы басқа жерлерден табылып отыр. Демек, бұл шөл далаларды халық шаруашылығына пайдалану үшін толық мүмкіндіктер бар. Бұл үшін, ең алдымен, тек электр энергиясы қажет. Мұндай энергияны желдің күшінен, немесе Күн шұғыласының қызуын пайдалану арқылы алуға, немесе жақын жердегі өндірістен әкелуге болады. Электр энергиясын тиімді пайдалану арқылы, шөл далаларды кеңінен суландыруға толық мүмкіндік бар. Мұның өзінде электр энергиясын пайдалана отырып, ащы суды тұщы ету үшін техникалық жағынан ешқандай қиындық жоқ. КПСС жаңа Программасының жобасында белгіленгеніндей, алдағы кезде бұл шөл далаларға солтүстіктегі ұлы өзендердің мол суы келетін болады. Осының бәрі Қазақстанның елсіз шөл далаларын гүлденген, жемісті далаға айналдыратын, оларда астық, овощ, жеміс өсіретін, ет өндіретін күндер де жақын екенін дәлелдейді.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Алматы маңында салынып жатқан Ядролық физика институтының және ірі есеп орталығының құрылыстарын таяудағы уақыт ішінде аяқтау республика өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының ғылымы мен техникасының барлық негізгі салаларына математика мен физика жетістіктерін енгізуді жүзеге асыру үшін зор мүмкіндік туғызады. Атап айтқанда, республиканың кен-металлургия, химия, машина жасау өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, геологияда, биологияда, медицина, халық шаруашылығы мен мәдениеттің тағы басқа салаларында түрліше сәулелер мен изотоптарды кеңінен қолдану ісіне көмектеседі.
Өндіргіш күштерді өркендетуде экономика ғылымы ерекше жауапты рөл атқарады. КПСС Орталық Комитеті және Н. С. Хрущев жолдастың өзі экономикалық ғылымның өмір талаптарынан жалпы артта қалып келе жатқандығын әлденеше рет атап көрсеткен болатын. Амал не, бұл кемшілік біздің республикамыздың экономистерінің жұмысында да орын алып келеді. Олардың зерттеулері оншама нақтылы болып шықпайды, олар республикадағы социалистік құрылыс ісіне ойдағыдай көмектесе алмай отыр. Қазақстан экономистерінің алдында республика өнеркәсібін неғұрлым тиімді орналастыру, мамандандыру және кооперациялау мәселелерін шешу, бұларда еңбек және материалдық ресурстарды пайдалануды талдау міндеттері тұр. Экономистердің еңбегі республика халық шаруашылығының басты салаларын өркендетуде негізгі көрсеткіштер мен пропорцияларды дәлелдеуге тиісті.
Мен осының бәрінің қорытындысында республикадағы ғылымның кейбір әлсіз жерлері мен толғағы жеткен мәселелеріне тоқталғым келеді.
Қазақстанда қазір ғылымның өсуі мен оған республиканың қызу өркендеп отырған өнеркәсібінің және ауыл шаруашылығының тарапынан қойылатын талаптардың арасында елеулі алшақтықтар бар. Бұл алшақтықтар ішкі мүмкіндіктерді пайдаланумен қатар, еліміздің басқа ғылыми орталықтарынан ғылыми коллективтерді, жеке ғалымдарды Қазақстанға келтіру жолымен тез жойылуға тиіс.
Өмірдің талабына сәйкес, қазір Қазақстанда бірсыпыра жаңа ғылыми-зерттеу институттарын ашу керек. Олар мыналар: Қарағандыда қара металлургия, ферросплавтар мен көмір, Теміртауда органикалық химия, Өскеменде электр химиясы мен электр металлургиясы, Шымкентте биологиялық қуатты заттардың химиясы, Алматыда циклондық автоматтандыру және механикаландыру, биофизика, физика-техника, генетика және хайуанаттарды гибридтендіру, биохимия физиологиясы және өсімдіктердің селекциясы институттары. Сондай-ақ қазір Қазақстанда су шаруашылық және транспорт проблемаларын зерттейтін институттар ұйымдастыру, шұғыл міндеттердің бірі болып отыр. Бұл институттар біздің республикамыздың географиялық жағдайларына сай өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын қоса қабат өркендету үшін аса қажет. Бұрын республика академиясында жемісті жұмыс істеген және бұдан бірнеше жыл бұрын орынсыз ажыратылған шөлейттерді зерттеу және игеру институтын қайта ұйымдастыру қажет.
Республикадағы ғылыми мекемелердің өндірістік және материалдық-техникалық базаларының жетіспеушілігі қазір төзгісіз жағдай болып отыр. Мұның өзі тұжырымдалынған, көптеген ғылыми жұмыстарды аяқтап, өндіріске енгізуге зор кедергі келтіріп келеді. Мұны тез жою үшін республикадағы ғылымның өндірістік, эксперименттік базаларын салуды шапшаң қарқынмен жүргізу қажет. Бұл құрылыстарды қажет каржымен, материалдармен, жабдықтармен, аспаптармен қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік бюджетте дербес статья ретінде ғылымға қаржы бөліп отыру туралы мәселені шешетін уақыт жетті.
Осы кемшілікті тезінен жою Қазақстанның өндіргіш күштерін қауырт өркендетуде ғылымның рөлін шын мәнінде бұрынғысынан да арттыратын болады. Бүкіл еліміздегі сияқты, Қазақстанның да ғалымдары КПСС жаңа Программасының жобасында алға қойылған ұлы міндеттерді, ұлы мақсаттарды толық және тезінен жүзеге асыру ісіне өздерінің күшін, білімін аямай жұмсайды.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒЫЛЫМЫ МЕН ӨНДІРГІШ КҮШТЕРІ

«Қазақстанның ғылымы мен өндіргіш күштері» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 9 қыркүйектегі №213(11591) санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 246-253 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 303-310 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 296-304 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Ұлы дәуір документі – КПСС жаңа Программасының жобасында еліміздің таяудағы жиырма жыл ішінде қызу қарқынмен өркендеу жолы айқын бейнеленген. Осы уақыт ішінде «Уралдың шығысына таман жатқан», яғни сарқылмас мол табиғат байлығы, кең-байтақ жері бар Қазақстан мен Сібірдің өндіргіш күштері мықтап өркендетіледі» жолдарындағы сызықшаға алмастырылып, «Сибирь» сөзі «Сібір» болып өзгертілген.
«Қазірдің өзінде-ақ Қазақстанда Менделеев системасының материалдық өмірде қолданылатын элементтерінің ашылмаған бірде-бірі қалған жоқ. Олардың көпшілігінің қоры жөнінен Қазақстан қазір СССР-де және дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Әсіресе металл шикізатының барлық түрлері жөніндегі қор туралы осыны айтуға болады. Сонымен бірге, Қазақстанда әлі де минерал байлықтардың көптеген жаңа қоры мен түрлерін ашуға болады. Мұның өзі республикамыздың индустриялық мүмкіндіктерін одан ары кеңейтуге жақсы жағдай жасайтыны сөзсіз» деп келтірілген жолдардағы «менделеевтік системасының» сөздері «Менделеев системасының» болып өзгертілген.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы