Ұлы Октябрь революциясынан бұрынғы уақытта Қазақстан патшалығы Россияның шалғай қиырда жатқан, ең артта қалған мешеу отарының бірі болатын. Кемеңгер көсеміміз В. И. Лениннің бейнелі түрде атағанындай, шетсіз де шексіз бұл байтақ өлкені «шала тағылық немесе барып тұрған тағылық» жайлаған еді. Ол кезде қазақ халқы табиғатқа қарап телмірген көшпелі тіршілік кешіп, мал өсіру кәсібімен ғана айналысатын. Әрбір жүз адамның екеуі ғана шала хат танитын.
Совет өкіметі тұсында Қазақстан адам нанғысыз гүлденіп өсті. Лениндік дана ұлт саясаты негізінде, Коммунистік партия мен Совет үкіметінің кемеңгер басшылығы арқасында әрі ұлы орыс халқының және Совет Одағын мекендеген басқа да бауырлас халықтардың туысқандық жәрдемімен Советтік Қазақстан еліміздегі өнеркәсібі мейлінше күшті, мәдениеті шарықтап өскен республикалардың біріне айналды Өзінің қырық жылдық мерекесін ол осылайша кемеліне келген шағында қарсы алып отыр.
Советтік Қазақстанның ғылымы да әбден өркен жайып, алға басты. Қәзір республикада Ғылым академиясы, Ауылшаруашылық Ғылым академиясы, СССР архитектура және құрылыс академиясының филиалы, 27 жоғары оқу орны бар. Қазақстан ғалымдарының зерттеу еңбектерінің шеңбері кең, әрі осы заманғы ғылымның бар саласын қамтиды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамында 29 ғылыми-зерттеу институты мен секторлар, екі музей, үш ботаника бағы, 19 ғылыми-зерттеу бөлімі мен лаборатория, орталық ғылыми кітапхана бар. Осындай ғылми мекемелердің жалпы саны – 55. Мұнда республикалық академияның 39 академигі қызмет істейді. Олардың екеуі – СССР Ғылым академиясының толық мүшесі. Бұдан басқа Қазақ ССР Ғылым академиясының 35 корреспондент-мүшесі, 98 ғылым докторы мен 517 ғылым кандидаты бар. Тұтастай алғанда академияда бес мыңдай адам қызмет істейді.
Академияның 5 институты республикамыздың Өскемен, Қарағанды, Гурьев сияқты аса ірі өнеркәсіпті қалаларында орналасқан. Академияның әртүрлі институттарының жиырма шақты бөлімі мен лабораториясы Жезқазған, Теміртау, Соколов-Сарыбай, Лениногор, Зырян, Текелі тәрізді ірі-ірі заводтар мен рудниктерде тікелей ғылми жұмыс жүргізуде.
Академияның ғылми қызметінің негізгі бағыты республиканың аса бай табиғи қорларын зерттеу және игеру проблемаларына байланысты. Геологтар республикамыздың минералдық байлықтары мен геологиялық түзілістің ерекшеліктерін зерттеуде. Жезқазған, Қоңырат, Бозша-көл тәрізді және басқа да түсті металдар кенінің қоры орналасқан жерлерді тұңғыш рет барлап тауып, өнеркәсіптік тұрғыдан дұрыс баға берген де – солар. Геология ғылымының – металлогения аталатын жаңа саласы туды. Ол минералдық шикізаттың әр алуан түрлері мен қорларының табиғатта қалай таралып орналасқанын және соның заңдылықтарын зерттейді. Барлау мен іздеу жұмыстарын өнікті бағытта жүргізу үшін мұның маңызы айрықша зор. Осындай еңбегі үшін Қазақстанның бірсыпыра ғалымдарына Лениндік сыйлық берілді. Геологтар жасаған металлогениялық болжау картасы арқасында Орталық Қазақстанда темір, мыс, қорғасын, мырыш сияқты түрлі металдар шығатын жаңа кендер ашылды, бұрыннан мәлім кендерге жаңадан дұрыс өндірістік баға берілді.
Геофизик-ғалымдар Қазақстан жерінің аса тереңдегі геологиялық құрамын сейсмикалық әдістер арқылы зерттеуде. Ал мұның Қазақстан даласындағы көптеген табиғи байлықтардың жасалу заңдылығын ашуда зор маңызы бар. Гидрогеология мамандары ірі-ірі өнеркәсіптік, әрі ауылшаруашылық аудандар орналасқан жерлердің астындағы су көздерін зерттейді.
Академияның ғалымдары республика кендерінде руда шығарудың тиімді жаңа әдістерін тапты. Терең скважиналарға арналып жаңадан бұрғылау саймандары жасалды. Бұлардың нәтижесінде Қазақстандағы бірсыпыра түсті металл рудниктерінде еңбек өнімділігі үш-төрт есе артты, ал шығарылатын руданың түсер құны екі есе кеміді. Академия ғалымдарының үлкен бір табысы – Қазақстан рудниктеріндегі жер асты жұмыстарына арнап, өздігінен жүретін аса жоғары өнімді машиналар жасап шығарғандығы. Мыс рудасын шығару жағынан елімізде бірінші орын алатын Жезқазған кенінде осы машиналар тәжірибе жүзінде қолданылып жүр. Соның нәтижесінде Жезқазғанда жер астында істейтін жұмысшылардың еңбек өнімділігі екі-үш есе артпақшы.
Академияның металлург-ғалымдарының жаңа зерттеулері арқасында Қазақстанда мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және басқа сирек кездесетін металдар өндірісі мейлінше дами түспек. Академияның химиктерімен бірлесе, тізе қоса отырып, олар Қаратау кенінен шығатын фосфориттерден жер тыңайтқыш термофосфаттар және малға азық болатын фосфаттар алудың жаңа әдістерін тапты.
Химиктердің ұсынысы бойынша Балқаш комбинатында күкіртті натрий алудың үздіксіз тәсілі іске қосылды. Өскемендегі мырыш заводының өнімділігін анағүрлым ұлғайтарлық жаңа электролиздер де жасалды. Қазақстан Магниткасының қажеті үшін металлургиялық кокс дайындау әдісі табылды. Жаңа техникаға керекті таза металдарды амальгамдық химияның тәсілдері арқылы алу жолдары игерілді. Түсті металлургия заводтарының түтіні мен тозаңынан және басқа да қалдықтарынан түсті металдарды айырып алудың жолдары табылды. Полимерлік химияның жаңа әдістері бойынша жасанды мата жасайтын, жер астындағы мұнай мен газ жүретін құбырларды тотығудан сақтайтын және линолеум сияқты аса қажет заттарды жасайтын жаңа пластмассалар табылды.
Жердің қыртысын, топырағын, өсімдіктерді және жер астындағы суларды зерттейтін ғалымдарымыз Қазақстандағы ұлан-байтақ тың жерлерді игеру жолындағы тарихи іске өздерінің лайықты, татымды үлесін қосты.
Қазақстанның телегей-теңіз табиғи байлықтары, өсімдік қорлары совет адамының игілігіне жарап, кәдеге асуда. Қазақ жерінде ондатра, жанат, тиын сияқты терісі аса бағалы аңдар өсіп өнуде. Бұлардың халық шаруашылығына келтіретін пайдасы зор. Осы орайда академияның зоолог-ғалымдарының еңбегі айрықша екенін атап айтқан жөн.
Республикамыздың энергетик-ғалымдары өзендердің су қорларын барынша мол пайдалануға байланысты проблемалармен шұғылдануда. Москвадағы Гидропроект аталатын одақтық жобалау институтының геологтарымен, мамандарымен тізе қоса отырып, олар Ертіс өзенінің суын Орталық Қазақстанға әкелудің жолын ғылми тұрғыдан дәлелдеді. Осының негізінде Ертістен Қарағандыға дейін тартылатын су каналы үстіміздегі жетіжылдықта салынып бітпекші.
Академияның энергетик-ғалымдары мен металлургтері өндіру мамандармен бірлесе отырып, кен қорытудың циклондық процесстің аса өнімді әдісін тапты. Бұл әдістің өнімділігі Балқаш заводы зерттеліп айқындалды. Кәзіргі уақытта бұл әдіс сол заводта іске асырылуда.
Біздің академияның мұнай зерттеуші ғалымдары мұнай шығаруды 15 процент арттыратын және тереңнен атқылайтын мұнай скважицаларында ұшырасатын газ қуатын өндіріске пайдаланатын және бұрғылау техникасын жеделдететін жаңа тәсілдер тапты.
Аспандағы жұлдыздарды, тұмандықтарды зерттеу, жердің жасанды спутниктерін суретке түсіріп, зерттеу саласында академияның астрофизиктері аса бағалы ғылыми жұмыс жүргізді.
Күн сәулесін зерттеу және ядролық резонанс саласында, кен жыныстарын спектральдық жолмен зерттеуде академияның физиктері көрнекті табыстарға жетті. Біздің физиктер жасаған элементтердің спектральдық желілерінің атласы бүкіл Одаққа және шетелдерге де мәлім.
Осы сияқты күрделі де көрнекті жұмыстарды академияның математика, механика, физиология, микробиология, медицина саласындағы ғалымдары да атқарып отыр.
«Қазақ ССР тарихының» екі том болып басылып шығуы – республиканың мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Бұл еңбекте Қазақстанның ерте замандардан бастап осы кезге дейінгі, яғни партиямыздың кезектен тыс XXI съезіне дейінгі аса ұзақ тарихы баяндалған.
Қазақстанның өндіргіш күштерінің жетіжылдықтағы даму карқыны Одақты тұтас алғандағы орта мөлшерден едәуір жоғары. Республикамызда шойын, болат, мыс, қорғасын, мырыш сияқты металдарды өндіру, көмір мен мұнай шығару, химия мен энергетиканы дамыту, машина жасау, егін мен мал шаруашылығын өркендету ісі жыл сайын өсіп, өрлеп, ұлғайып отырмақ. Мұның бәрі академияның алдына халық шаруашылығының бар саласында техникалық прогресті қамтамасыз етуді, республиканың табиғат байлықтарын бұрынғыдан да мол әрі өнімді зерттеп пайдалануды маңызды міндет етіп жүктейді.
Осыған байланысты үстіміздегі жетіжылдықта ғылым академиясы, ең алдымен, республиканың ауыр өнеркәсібі жұмыстарын жаппай түгел механикаландыруға және автоматтандыруға қажет жұмыстармен шұғылданбақшы. Академияның геологтары республиканың ұлан-байтақ жерінің геологиялық құрылысын, ондағы кен байлықтарының орналасу заңдылықтарын зерттеу ісін кеңейте, күшейте түседі. Бұл ауыр өнеркәсіптің минералдық-шикізаттық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарының да шеңбері кеңейе түспек. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы жаңадан мықтап өркендей бастаған, ірі-ірі өнеркәсіп орындары орналасқан жерлердің су қорларының картасы жасалмақ, жаңа су көздері зерттеліп барланбақ.
Кен ісі ғалымдарының алдындағы күрделі міндет Қазақстан кендерінің барлығында да техникалық прогреске кеңінен жол ашу, өздігінен жұмыс істейтін кен машиналарын молынан пайдалану, жер астында еңбек ететін жұмысшылардың денсаулық жағдайларын жақсарту, олардың еңбек өнімділігін арттыру ісіне байланысты шараларды жүзеге асыру.
Соңғы уақытта руда шығару тәжірибесінде ең өнімді жол – руданы жер астынан шахта арқылы шығармай, жер бетінен қазылған орлар арқылы өндіру барған сайын кең етек алып келеді. Бұл тәсіл Қазақстанда Екібастұз көмір бассейнінде, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында, үлкен Жезқазғанда және басқа да бірсыпыра кендерде қолданылып келеді.
Республиканың мұнай және газ байлықтарын болашақта кеңінен игеру, Ембідегі мұнай қорын пайдалануды ұлғайта, жетілдіре түсу және барлау жұмыстарын жеделдету, оның жаңа тәсілдерін табу жолында да күрделі зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Полиметалл, мыс жәңе темір кендерінен ең. бағалы, өмірге қажетіті заттардың бәрін комплексті түрде айырып алу тәсілдерін табу, түсті және қара металдарды, сирек және шашыранды элементтерді өндіру процесін жетілдіру – металлург-ғалымдар баса назар аударатын келелі мәселелердің бірі.
Қостанай облысындағы Лисаков, Әйет кендерінің қоры да өте-мөте бай. Олар болашақта талай-талай жаңа заводтарды шикізатпен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, ванадий, вольфрам, хром сияқты металдардың кен қорларын игеруге байланысты да күрделі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл асыл металдардың қоры жағынан Қазақстан ен бай өлкелердің бірі болып отыр.
Химия ғалымдары өздерінің қызметін химия өнеркәсібін дамыту мәселелерін шешуге, әсіресе синтетикалық материалдар өндіру ісіне байланыстыра жүргізбек. Бұл ретте олар Қарағанды металлургия комбинаты мен мұнай өңдейтін заводтардың қосалқы өнімдерін, ал таяудағы уақыттың ішінде Орал-Ембі бассейнінің табиғи газын кенінен, пайдаланады. Минералдық тыңайтқыштардың жаңа түрлерін табу, табиғи тұзды пайдалану тәсілдері де зерттелуде. Бұлардың қоры республикада тіптен мол.
Сапасы нашар көмірден металлургиялық және энергетикалық отын алу, Қарағанды және Құсмұрын көмірлерінің қосындысынан металлургиялық кокс алу, сондай-ақ сұйық және газ тектес өнімдерді жасанды материалдар жасауға пайдалану мүмкіндіктері зерттелмекші.
Энергетика ғылымының алдында тұрған ең басты, түбегейлі проблема — Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесін жасаудың ғылыми негіздерін талдап зерттеу. Бұл энергетика қорларының алуан-алуан түрін халық шаруашылығының мұқтажына емін-еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстанды сумен қамтамасыз ету үшін Сибирь өзендерінің суын пайдалану жобасы да бар. Республика үшін мұның маңызы ерекше зор. Өйткені, минералдық қорларға аса бай кейбір аудандарымызда су соншалықты тапшы.
Академияның экономистері ауыр өнеркәсіпті тиімді орналастырып, мамандандыруға және жаңа техника мен озат технологияны енгізудің экономикалық тиімділігіне байланысты мәселелермен шұғылдануда.
Физика, математика, медицина, биология және гуманитарлық ғылымдар да қанат жайып, дами бермек. Әсіресе ядролық физика, электроника, автоматика сияқты ғылымның жаңа, жас салалары қарыштап өспек.
Қоғамдық ғылымдар саласында социализмнен коммунизмге өтудің заңдылықтары, халық шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің түсер құнын кеміту жолдары, социалистік және коммунистік құрылыстың тарихы, әдебиет пен тілдің, өнердің күрделі мәселелері онан әрі зерттелетін болады.
Қазақ ССР Ғылым академиясы өзінің аса маңызды зерттеу жұмыстарын өнеркәсіп орындарымен тығыз ынтымақта жүргізеді, республиканың экономикалық аудандарының Халық шаруашылығы советтерімен тізе қосып, көшпелі сессияларды үнемі өткізіп отырады. Ондай сессияларда сол аудандардың өндіргіш күштерінің даму проблемалары талқыланады.
СССР Жоғарғы Советінің 1957 жылғы ноябрьдегі мерекелік сес-сиясында Ұлы Октябрь социалистік революциясының 40 жылдығы туралы жасаған баяндамасында Н. С. Хрущев жолдас Қазақстанды Совет Одағының табиғи байлықтарының сарқылмас қоймасы деп атады. Тіпті, кәзір геологиялық жағынан әлі толық зерттеліп болмаған кездің өзінде Қазақстан мыстың, қорғасынның, мырыштың, кадмийдің, күмістің, хромның, ванадийдің, вольфрамның, молибденнің, фосфориттердің минералдың тұздар мен талай-талай асыл да сирек, әрі шашыраңды металдардың қоры жағынан елімізде ең алғы, жетекші орында. Темір алюминий, никель, кобальт, көмір, асбест және басқа да табиғи байлықтардың қоры жағынан да Қазақстан Одақта көрнекті орың алады. Сонымен бірге Қазақстан жерінде табиғи газ бен мұнайдың қоры да сарқылмас мол.
Республиканың аса зор минералдық байлықтарын жоспарлы, жүйелі түрде пайдаланудың арқасында Қазақстан кәзірдің өзінде-ақ еліміздің ең қуатты индустриялы аудандарының біріне айналды.
Егін шаруашылығын, техникалық және жеміс дақылдарың, мал шаруашылығын өркендетуде де Қазақстанның қолда бар мүмкіндіктері ұшан-теңіз. Осынау ұлы да тарихи іске Қазақстан ғалымдарының қосқан үлесі аз емес.
Қазақстан ғалымдары алдағы уақытта да елімізде коммунистік құрылысты кең өрістету программасын белгілеген КПСС XXI съезінін қарарларын басшылыққа ала отырып, ұлы жетіжылдық жоспар алға тартқан абзал тарихи міндеттерді асқан жігермен, абыроймен орындап шығуға өзінің күш-жігерін, білімін аямай жұмсайды.
ҒЫЛЫМ ПРАКТИКАМЕН КҮШТІ
КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің «Елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіруді жақсарту жөніндегі шаралар және СССР Ғылым академиясының жұмысы туралы» қаулысы, деді баяндамашы, сол сияқты ғылым қызметкерлерінің бүкілодақтық бірінші кеңесі совет ғалымдары жетістіктерінің қорытындыларын шығарып, кемшіліктердің бетін ашты және ғылыми жұмысты онан ары дамытудың жолдарын көрсетіп берді. КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советі ғылыми қызметкерлердің Бүкілодақтық кеңесіне жолдаған құттықтауында ғылымның техникамен, өндіріспен аса тығыз қарым-қатынаста және өзара байланысты болуының маңыздылығын, ғылымның өмірмен және халықтың жасампаз еңбегімен құрыштай берік байланысты болу керек екенін атап көрсетіп, еліміздің ғылыми қызметкерлері қол жеткен табыстарды баянды етеді, сөйтіп отандық ғылым мен техниканы жаңа ірі жетістіктермен және жаңалықтар табумен байытады деп кәміл сенетінін білдірді.
Таным және танылғанды пайдалану, теория мен практика әрдайым тығыз бірлікте, қоян-қолтық болып келді. Ғылымдағы осы екі бастапқы негізді шексіз дамыту үшін, оларды бір-бірімен неғұрлым үйлесімді ұштастыру үшін, деп атап көрсетті Қ. И. Сәтбаев, еңбек пен творчестволық даналылық адамның адамды қанауы бұғауынан толық азат етілген, қоғам мүшелерінің әміріндегі анархия мен бәсекелестікті адамдардың еңбектегі және творчестволық өзара қарым-қатынасындағы жоспарлық ауыстырған социалистік қоғамда ғана неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін болады. Жоғары білімі бар мамандар даярлап шығару жөнінде, өзінің көптеген аса маңызды салаларын дамыту дәрежесі жөнінде дүние жүзінде бірінші орын алып отырған біздің елімізде ғылымның шын мәнісінде қауырт қарқынмен өріс алуы осының тамаша айғағы болып табылады.
Ракета техникасы және атом энергиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану саласындағы жетістіктер – совет ғылымының шын мәнісіндегі салтанаты. Нақ біздің елімізде дүние жүзіндегі тұңғыш космонавт, Совет азаматы, коммунист Юрий Алексеевич Гагариннің Жердің төңірегіндегі орбита бойымен ұшуы ойдағыдай жүзеге асырылды, мұның өзі адамзат мәдениетінің тарихында жаңа дәуірді ашып берді.
Коммунистік партия мен Совет үкіметінің дана басшылығы арқасында елімізде ғылым өз кадрларының құрамы жағынан болсын, сол сияқты зерттеулерінің мағынасы жағынан да шын мәнісінде жалпыхалықтық іске айналды. Партияның лениндік данышпан ұлт саясатын жүзеге асырудың нәтижесінде, ғылымға барлық социалистік ұлттар өкілдері қамтылып отыр. Патшалық Россияның бұрынғы шет аймақтарында ұлт ғылымының өріс алып, көркейгендігін Советтік Қазақстанның мысалынан айқын көруге болады, осыдан небары қырық жыл бұрын мұндағы көлемді аймақтар В. И. Лениннің бейнелеп анықтауы бойынша, жартылай тағылық және барып тұрған тағылық жайлаған аймақ еді.
Қазіргі Қазақстан қуатты индустрия мен игерілген тың өлкесі ғана емес, ол сонымен бірге ғылымы мен мәдениеті де көркейген өлке болып табылады. Мұндағы 28 жоғары оқу орнында халық шаруашылығы мен мәдениеттің көптеген салалары жөнінде мамандар даярлануда, ал 128 ғылыми мекемеде осы заманғы ғылымның барлық негізгі салаларының проблемалары зерттелуде. 1960 жылы Қазақстанда 9600 ғылыми қызметкер, соның ішінде 200-дей ғылым докторы мен 2000-нан аса ғылым кандидаты жұмыс істеді. Қазақ ССР Ғылым академиясы, ауыл шаруашылық ғылыми мекемелерінің жүйесі, СССР Құрылыс және архитектура академиясының филиалы, халық шаруашылығы советтерінің, министрліктер мен ведомстволардың бірқатар салалық ғылыми-зерттеу институттары құрылып, жемісті жұмыс жүргізуде.
Республиканың Ғылым академиясы еліміздегі ірі және алуан салалы ғылыми орталықтардың бірі болып табылады. Академияның 55 ғылыми мекемесінде, соның ішінде 25 ғылыми-зерттеу институтында Қазақ ССР Ғылым академиясының 39 академигі, соның ішінде СССР Ғылым академиясының екі толық мүшесі, республика Ғылым академиясының 34 корреспондент мүшесі, 90-нан аса ғылым докторы және 550-ден аса ғылым кандидаты, барлығы 6100-ден аса ғалым қызметкерлер жұмыс істейді.
Ғалымдардың жетік маманданған ұлт кадрларынан даярлануы Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатының салтанат құрғандығының айқын дәлелі болып табылады. Ғылым докторы мен кандидаты ғылыми дәрежесі бар ғылыми қызметкерлердің 30 проценті қазақтар болып отыр.
Қазақстанның совет ғылымы, – деді бұдан соң баяндамашы, – әуел бастан-ақ республиканың сан алуан табиғат байлықтарын зерттеу проблемаларына, осы байлықтарды еліміздің социалистік халық шаруашылығының қажеті үшін неғұрлым шапшаңдатып және тиімді пайдалануға баса көңіл бөлді. Мұны Қазақ ССР Ғылым академиясы жұмысының мысалынан көруге болады. Мұнда практикалық өте келелі ірі проблемаларды теориялық жоғары дәрежеде зерттеу жұмысын жан-жақты жүргізу және бұл зерттеулерді орындау ісіндегі коллективтік академияның ғылыми жұмысын ұйымдастырудың негізгі принциптері болып келді және қазір де негізгі принциптері болып отыр.
Біз, әдетте, өзіміздің зерттеу жұмыстарымызды өндіріс мамандарымен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақтаса отырып жүргіземіз. Зерттеулердің ғылыми тақырыбы Академияның көшпелі ғылыми сессияларында ұдайы нақтыланып отырады, мұндай сессиялар экономикалық ірі аудандарда үнемі шақырылып тұрады. Бұл сессиялардың жұмысына жергілікті ғылыми, инженер-техник және партия, совет жұртшылығы, жалпы одақтық орталықтардың ғалымдары мен мамандары, республиканың басшы және жоспарлаушы органдарының өкілдері кеңінен қатысып отырады.
Осының нәтижесінде көптеген теориялық ірі зерттеулер басты өңдіріс орындары мен министрліктердің, материалдық-финанс жағынан кеңінен қатысуы жағдайында жүргізіледі. Геология ғылыми институтының тіпті стратиграфия, тектоника, геоморфология, минералогия, геофизика, геохимия және металлогения проблемалары сияқты теориялық зерттеулер жөніндегі ғылыми зерттеулерінің өзі негізінен өндіріс ұйымдарының қаржысымен атқарылуда. Қорытындылар мен ұсыныстардың практикалық өте тиімді болуы нәтижесінде бұл ұйымдардың жұмсаған шығындары еселеп өтеледі.
Соңғы жылдарда республиканың ірі өнеркәсіпті орталықтары көлемінде Өскеменде түсті металлургияның Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты, Алтай кен-металлургия институты, энергетика, ихтиология және микробиология институттарының бөлімдері; Лениногор мен Зырянда Алтай кен-металлургия институтының бөлімдері; Қарағандыда химия-металлургия және көмір ғылыми-зерттеу институттары, кен машиналарын жобалап-конструкциялайтын және тәжірибе жасайтын институттары, кәсіп гигиенасы мен кәсіптік аурулар институты; Теміртауда химия-металлургия және энергетика институттарының бөлімдері; Гурьевте химия, мұнай және табиғи тұз, геология мен геофизика, ихтиология және балық шаруашылығы институттары; Жезқазғанда, Рудныйда, Текеліде кен ісі институтының бөлімдері; Жезқазған мен Павлодарда металлургия институтының бөлімдері; Шымкентте химия институтының бөлімі және басқа ғылыми-зерттеу мекемелері құрылды.
Ғылымды өндіріске осылайша тікелей жақындатудың ғылыми-практикалық маңызын мына мысалдан көреміз. Теміртауда синтетикалық каучук заводының құрылысы аяқталып келеді. Қазірдің өзінде едәуір көлемі жүзеге асырылған оның техникалық жобасында синтетикалық каучук алынатын негізгі өнім – ацетальдегид өндіру үшін денсаулыққа өте зиян, улы және тапшы металл – сынапты қолдану және көп мөлшерде жұмсау белгіленген. Осында 1959 жылы академияның ғылым кандидаты Е. Н. Әзірбаев басқарған химия-металлургия институтының бөлімшесі құрылды. Осы бөлімше өндіріс мамандарымен тығыз ынтымақтаса отырып, жұмыс істеп, ацетальдегидті мүлдем сынап қолданбастан өндірудің жаңа технологиялық схемасын ұсынды. Бұл схема еңбек жағдайын түбегейлі жақсартумен бірге кәсіпорынның жыл сайын жаңа бағамен есептегенде кемінде бір миллион сом қаржы үнемдеуіне мүмкіндік береді.
Қ. И. Сәтбаев бұдан кейін ғылымның жеке салаларының жұмыс жайы мен принциптік бағыты туралы баяндады. Геолог ғалымдар өндірісшілерімен тығыз творчестволық ынтымақ жасай отырып, Қазақстанның мемлекеттік геология картасындағы ақ таңдақтарды жою, оның аса көлемді жерінің геологиялық құрылымының негізгі заңдылықтарын ашу, жер қойнауындағы есепсіз көп байлықтарды анықтау жөнінде аса көлемді жұмыс істеді. Геологтар жасаған Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам карталары кейде кейіннен тұнған әжептәуір қалың жұмсақ қабаттар астында жатқан түрлі-түсті, қара және сирек кездесетін металдардың, көмірдің, басқа да пайдалы қазба байлықтардың көптеген көздерін табуға немесе өнеркәсіп тұрғысынан қайтадан дұрыс бағалауға жеткізді.
Біздің ғалымдарымыз «Гидропроскт» институтының қызметкерлерімен ынтымақтаса отырып, минерал ресурстарға бай Орталық Қазақстанды онан ары индустрияландыру үшін өмірлік маңызы бар каналды – Ертіс-Қарағанды каналын салу керектігін дәлелдеп берді. Қазақстанның аса бай минерал ресурстарын және олардың геологиясы негіздерін анықтауда үздік еңбек сіңіргені үшін республикамыздың 24 геологына Лениндік сыйлық берілді. Қазақстанның кеншілері республиканың аса ірі рудниктерінің ерекшелік жағдайларын жете зерттеп, біліп алып, ғылым мен практиканың маңызды көптеген принциптік мәселелерін ойдағыдай шешуде. Олар металл және көмір кендерінде өнім шығарудың неғұрлым тиімді болатын әдістерін қолдану – руданы ашық карьерлерден шығару жұмыстарының көлемін барынша ұлғайту жөнінде жұмыстар істеп жатыр. Рудалы Алтайда Сокол полиметалл руднигінен руданы блоктап күшпен құлату арқылы шығарудың өте тиімді жаңа жүйесіне көшіру міндеті ойдағыдай шешілді. Осы үздік еңбегі үшін Қазақстанның ғалымдары мен өндірісші-кеншілерінің бір тобына Лениндік сыйлық берілді. Жезқазған мыс руднигінде ғалымдар өндірісшілермен және жоба жасайтын «Гипроцветмет» институтымен ынтымақтаса отырып, руданы жер астынан қазып шығаруды барлық жағынан бірдей механикаландыруды енгізуде.
Біздің энергетиктеріміз Қазақстанға арналған біртұтас энергетика жүйесінің схемасын жасады, оны жоспарлау органдары қабылдады. Бұл жүйе Сібір мен СССР-дің европалық бөлігінің біртұтас энергетика жүйелерін жалғастыратын буын болады.
Топырақ зерттеушілер және ауыл шаруашылығының ғылым мекемелері мен ғалымдары топырақ ресурстарын зерттеп, дәнді және техникалық дақылдардың шығымдылығын арттыруға, тың жерлерді іріктеп алып игеруге белсене қатысты.
Біздің астрофизиктеріміз, механиктеріміз, физиктеріміз, математиктеріміз космогонияның, ядролық физиканың, космос сәулелерінің, қозғалыстың тұрақтылығы мен құрылыстардың беріктігі теориясының, металдар физикасының, спектроскопияның маңызды проблемаларын зерттеуде. Таяу уақытта республика Ғылым академиясының ядролық физика институтының құрылысы аяқталады.
Қ. И. Сәтбаев тарихшылардың, филологтардың, философтардың, право зерттеушілердің, коғамдық ғылымдардың басқа да өкілдерінің еңбектері туралы айтты. Бұл еңбектердің қатарындағы аса маңыздысы – «Қазақ ССР-інің ерте замандардан бастап КПСС XXI съезіне дейінгі аралықтағы тарихы» болып табылады. Бұл еңбек – коллективтік еңбек. Оның екінші томы түгелдей советтік Қазақстанның тарихына арналған және СССР құрамындағы жеке одақтас республика жағдайында социализм жеңісін зерттеудің елдегі тұңғыш тәжірибесі болып табылады.
Баяндамашы бұдан кейін Қазақстандағы ғылымның міндеттеріне тоқталды. Н. С. Хрушевтің орынды айтқанындай, Қазақстан СССР табиғат байлықтарының сарқылмас мол қазынасына айналды. Бұл байлықтарды игеру ісі қарыштап алға басып отыр.
Қ. И. Сәтбаев республика экономикасының түрлі салаларының өркендеу қарқынын сипаттай келіп, ғалымдардың жұмысы табиғи өндіріс күштерінің барлық түрлерін толық ашып, оларды коммунистік қоғам орнату ісіне неғұрлым толық және үйлесімді пайдалану проблемаларын шешуге жұмылдырылуы тиіс екенін айтты.
Баяндамашы еліміздегі әрбір республика, әрбір экономикалық ауданда ғалымдардың алдына ғылымды дамытудың сол жерге лайықты мәселелері қойылып отырғанын атап көрсетті. Ол Қазақстанның ғылыми мекемелері алдында тұрған өте маңызды міндеттерді айтты, республика жерінің, геология құрылымының негіздерін онан сайын тереңдетіп анықтауға, пайдалы қазба байлықтардың орналасу заңдылықтарын анықтауға ғалымдар баса көңіл бөлуге тиіс. Таяу жылдарда Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстанда Мұғаждар таулары мен Торғай ойпатына арналған комплексті металлогениялық карталар жасау керек.
Руда, бейруда, жанармай және басқа пайдалы қазба байлықтардың қорын барынша көбейте берген жөн. Қазақстанның пайдалы қазба байлықтарын толықтыра түсіп, бұлардың жаңа түрлерін табу, республика жерінің мұнай газ қорының келешегін тезірек анықтау керек болады. Жерасты суының, әсіресе Тың өлкесіндегі өнеркәсіпті аудандар аймағының жерасты су қорын барлық жағынан бірдей зерттеп, анықтау, республикадағы құрылыстың сейсмикалық және инженерлік-геологиялық жағдайларын зерттеу міндеті тұр.
Кен ғылымы саласында руда, жанармай, бейруда қазба байлықтар шығарудың үсті ашық жерден қазып алу сияқты неғұрлым үнемді әдісін рудниктерде кеңінен енгізіп жетілдіре беру проблемасы тұр.
Мұндай әдістер қолданылған жұмыста техникалық прогреске бұрғылау, тиеу және тасымалдау жабдығын жетілдіру есебінен, сондай-ақ қопару жұмыстарын жетілдіру есебінен қол жетеді. Осы негізгі элементтердің бәрі олардың техника-экономикалық көрсеткіштерін күрт жақсарту мақсатымен егжей-тегжейлі зерттелуге тиіс.
Байыту және металлургия саласында, – деді бұдан кейін баяндамашы, – ғалымдардың барлық күш-жігері рудадан барлық бағалы компоненттерді комплексті түрде алып отырудың прогресті әдістерін жасауға, өндірісте жаңа техниканы орналастыру және үнемі енгізіп отыру мәселелеріне жұмсалуы тиіс.
Қазақстанда руданы байыту саласындағы теориялық жұмыстардың елеулі түрде артта қалып отырғанын Сәтбаев жолдас мойындады. Байытудың жаңа стимуляторлары мен схемаларының принципті түрлері мүлде жеткіліксіз жасалуда, егер бұл жолға қойылған болса, руданың құрамындағы барлық пайдалы компоненттерді неғұрлым толық алып отыру қамтамасыз етілер еді. Қазақстанның түсті металл рудалары комплексті болып табылады. Ғалымдардың-байытушылардың, металлургтар мен химиктердің алдында руданы өндеудің жаңа әдістерін жасау, сөйтіп оның құрамындағы барлық бағалы заттарды пайдаланудың дәрежесін шұғыл арттыру сияқты аса зор міндет тұр.
Қазақстанда үлкен химия жасауға қажет мол ресурстар бар. Жергілікті шикізаттар базасында өнеркәсіп үшін бағалы жаңа полимерлер мен мономерлер алудың көмірден, мұнайдан, табиғи және кокс газдарынан смоланың әр түрлерін, тыңайтқыштардың флотореагенттерін, гербицидтерді, медициналық дәрі-дәрмектерді және басқа өнімдері алу аса маңызды проблема болып табылады.
Катализдің жаңа тиімді әдістері және жергілікгі шикізаттардан арзан толық бағалы катализаторлар белгіленуі тиіс.
Коммунистік құрылыстың программасында, – деді Сәтбаев жолдас, – елімізді жаппай электрлендіру міндеті басты орын алады. Бұл міндетті шешудің табысты болуы ең алдымен энергияның ең арзан көздерін пайдалану ісімен байланысты шешіледі. Республиканың орасан зор энергетика ресурстарын зерттеу және оларды халық шаруашылығына тиімді түрде пайдалану энергетиктердің бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Энергетикалық базаны дамытудағы ең басты бағыты – бірсыпыра ірі электрстанцияларын салу және оларды Қазақстанның бірыңғай энергетика жүйесі түрінде сақиналандырып жалғастыра отырып, Совет Одағының бірыңғай энергетика жүйесінің бір тармағы ету болып отыр. Күн сәулесі мен желдің қуатын пайдалану, ірі бу және суэлектр станцияларын салу жөніндегі зерттеу жұмыстарын ұлғайта түсудің маңызы зор.
Физика-математика саласында Қазақстанда есептеу жұмысының ірі орталығын құру міндеті алға қойылып отыр. Ғылымның барлық саласында математика әдістерін кеңінен қолдану қажет. Теориялық және нақтылы механика жөніндегі зерттеулерді күшейтіп, бұл зерттеулердің мақсаты ең алдымен машина жасау, құрылыс және кен ісінің талаптарын қанағаттандыру болуға тиіс.
Ядролық физика және космос сәулелерінің табиғаты жөніндегі жұмыстарды ұлғайтумен қатар, активациялық, рентген-структуралық талдау, спектроскопия вакуумдық және жартылай өткізгіштер физикасы, металдар мен олардың балқымаларының физикасы жөніндегі зерттеулерді күшейте түсу керек.
Биологиялық ғылымдарды партияның XXI съезінің: «Медицина және ауыл шаруашылық ғылымдарын өрге бастыру үшін қажет болатын теориялық алғышарт биологияны дамыту болып табылады» – деген маңызды нұсқауы негізінде өрістете беру керек. Биолог-ғалымдардың аса маңызды міңдеттері – топырақтың құнарлылығын арттыру, ауыл шаруашылық дақылдарының мол өнімді жаңа сорттары мен жаңа мал тұқымдарын өсіру, табиғи-экономикалық аймақтар бойынша ауыл шаруашылығын жүргізудің неғұрлым тиімді системаларын белгілеп, өндіріске енгізу болып табылады.
Ауыл шаруашылығын қуатты қарқынмен өрге бастыру жөніндегі аса маңызды проблемаларды шешу ісінде ғылымға зор рөл жүктеліп отыр. Топырақ құнарлылығын арттырудың пәрменді әдістерін белгілеп, практикаға енгізу, ауыл шаруашылығын жүргізудің неғұрлым тиімді системасы туралы ұсыныстар жасап беру керек болып отыр. Әсіресе, ауылшаруашылық дақылдарының, ең алдымен, тың игерген аудандар үшін бидай мен жүгерінің шапшаң пісетін, қуаңшылыққа төзімді және мол өнімді жаңа сорттарын өсіруге, топырақтың жел ұшырып әкетуіне және суға шайылуына қарсы күрес жүргізуге ерекше көңіл бөлу керек.
Қазақстанда сортаңданған жерлердің көлемі орасан зор болып отыр. Мал шаруашылығы мен егіншіліктің жемшөп базасын ұлғайту мақсатымен сортаң жерлерді мелиорациялау жұмысы ауыл шаруашылық ғылымының елеулі міндеттерінің бірі болып табылады. Малдың тұқымын жақсарту, малдың ауруына қарсы алдын ала шараларды белгілеу және малдың ауруына қарсы күрес жүргізетін неғұрлым тиімді құралдарды табу мал шаруашылығы өнімін өндіруді арттырудың маңызды резерві болуға тиіс.
Партия, – деді Сәтбаев жолдас, – коммунистік құрылыстың теориясы мен практикасының кезек күттірмейтін мәселелерін белгілеген кезде қоғамдық ғылымдардың аса зор маңызы бар екенін әрдайым көрсетіп келеді. Әсіресе, экономика ғылымына ерекше зор талаптар қойылып отыр. КПСС Орталық Комитеті мен Н. С. Хрущевтің өзі бұл ғылым саласының өмірдің талаптарынан артта қалып отырғанын талай рет атап өтті. Республика экономистерінің жұмысында да ірі олқылықтар болып отыр.
Олардың зерттеулерінің көпшілігі тарихи шолу сипатында болып, социалистік құрылыстың практикасы үшін әзірге айтарлықтай пайда беріп отырған жоқ. Экономистер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбек қоры мен басқа да материалдық қордың пайдалануына тереңірек талдау жасап, еңбек пен қаржыны неғұрлым үнемдеуге мүмкіндік беретін әдістер мен бағыттарды белгілеп отыруға тиіс.
Коммунизм орнатудың теориялық проблемалары экономистерді ғана емес, сонымен бірге философтарды, заң зерттеушілері мен тарихшыларды да біздің қоғамымыздың дамуын, осы орасан зор тарихи процестегі жаңа құбылыстарды неғұрлым терең зерттеуге міндеттейді. Қоғамдық ғылымдардың барлық саласындағы ғалымдар заманымыздың келелі проблемаларын неғұрлым жақсы зерттеп, буржуазиялық идеологияны мейірімсіз әшкерелеп, маркстік-лениндік теорияның тазалығы жолында күрес жүргізуге тиіс.
Баяндамашы ғылымдағы кемшіліктерді сипаттап берді. Қазақстан күрделі құрылыстың қарқыны, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса маңызды түрлерінің көлемі жөнінен еліміздегі ең алдыңғы қатарлы орындардың бірін алады, алайда, оның ғылыми мекемелері мен олардың кадрлары едәуір дәрежеде аз болып отыр. Ондағы республиканың экономикасы мен ғылымының жағдайының дәрежесі және оларға қойылып отырған талаптардың арасындағы зор алшақтықтар кадрлардың саны арту қарқынын үнемі шапшаңдатып отыру жолымен, әрі ғылыми мекемелерді көбейтіп отыру жолымен шешілуі керек. Бұл республикадағы ішкі мүмкіндіктерді пайдалану және еліміздің басқа аудандарынан ғылыми коллективтер мен жекелеген ғалымдарды республикамызға тұрақтандыру есебінен жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстанда машина зерттеу, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика, механика саласындағы ғылыми мекемелер мен жоғары мамандықты ғылыми кадрлар мүлде жоқ, физика-математика және техника ғылымдары мөлшерден мейлінше аз дамытылып келеді. Ғылым докторларының тең жартысынан астамы – медицина ғылымының, ауыл шаруашылығы және биология ғылымдарының өкілдері, олардың 11,5 проценті – геология-география ғылымының, 10,9 проценті – қоғамдық ғылымдардың, 9 проценті – техника ғылымының, 4,9 проценті – химия ғылымының, ал 4,5 проценті – физика-математика ғылымының өкілдері. Ғылымның жоғары білімді кадрларының ара қатынасының мұндай құрылымы республиканың халық шаруашылығы мен мәдениетінің тілектеріне мүлде лайық келмейді және ел жоспарлы түрде түзетілетін болуы тиіс.
Республикамызда ғылыми кадрларды іріктеп алу, даярлау және оларды орналастыру ісіндегі кемшіліктер де аз емес. Бұл кемшіліктерді жою үшін ғылыми кадрларды даярлаудың және іріктеп алудың жақсы ойластырылған перспективалы жоспарын жасаған жөн.
Өндірісте жұмыс істейтін мамандарды ғылыми жұмыстарға тарту ісін шұғыл күшейту қажет. Ғылымға деген негізгі жол өндіріс арқылы өтуге тиіс. Диссертациялардың тақырыптарын бұл диссертациялар аспиранттардың өндірістегі жұмысынан шығатындай етіп таңдап алу, оның нәтижелерін ғылыми тұрғыдан қорытындылау керек, сөйтіп ғылым үшін де, практика үшін де пайдалы болатындай етіп құру қажет.
Ғылыми мекемелерде ешбір қабілеті жоқ және ғылымда кездейсоқ жүрген адамдар да бар. Аттестациялар және конкурстар өткізудің жүйесі бұл адамдарды өздерінің кездейсоқтықтан отырып қалған орнынан босататындай етіп және оларды неғұрлым пайдалы болатын жерлерге жіберетіндей етіліп құрылатын болуы тиіс.
Жоғары оқу орындарының проблемалық лабораторияларын, ғылыми-зерттеу және тәжірибе жасайтын базаларын негізінен нығайту қажет. Ғылыми қызметкерлердің еңбегінің құндылығының ең басты шарты оның мемлекетке және халыққа қандай нақтылы пайда беріп отырғандығы тұрғысынан бағалануы тиіс. Ғылыми кадрларды тәрбиелеу ғылымының маңызды мәселелерін байсалды түрде творчестволықпен талқылау жолымен өтуі, кемшіліктерді еркін сынау және өзара сын жағдайында өтіп отыру тиіс.
Халық шаруашылығының жоспарында ғылымды жеке, дербес құрылыс ретінде қаржыландырып, оған қаржы бөлу жөніндегі мәселе әбден мезгілі жетті. Ғылым объектілерінің құрылысы бірінші кезекте ескеріліп отырылуы және үздіксіз жүзеге асырылып отыруы тиіс. Олар қажет қаражатпен, материалдармен, жабдықтармен, приборлармен, реактивтермен қамтамасыз етіліп отырылуы қажет.
Ғылымды жоспарлаудағы және бір жүйеге келтірудегі кемшіліктер кейбір маңызды емес тақырьштарға бой ұруға, жоспардың көп тақырыпты болуына, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың күшін аса маңызды тақырыптарды зерттеуте тиісті дәрежеде шоғырландыра алмаушылыққа, олардың комплексті түрде орындалмауына әкеліп соғады, сөйтіп мұндай жағдай қазір байқалып жүргеніндей өзін-өзі ақтамаған параллелизмге және ғылыми еңбектердің көшірмеге айналуына соғады. Елеулі кемшілік – біздегі жоспарларда ғылыми зерттеулерді үздіксіз жүргізу ісінің болмаушылығы, аяқталған еңбектерді халық шаруашылығына енгізіп отыру ісінің нашарлығы болып табылады.
Қазіргі уақытта кейбір институттарда байқалып отырған, тіпті мейлі жаман болса да, оның есесіне «өздерінің» лабораториялық және басқа да көмекші ұяларының жұмысын шамадан тыс ұлғайту тенденциясы, сөйтіп, осының салдарынан зерттеулердің жалпы ғылыми дәрежесін нашарлатып, мемлекеттің ғылымға жұмсаған шығындарын тым қымбаттатып жіберу, жоспарлау ісіндегі бір кемшілік болып табылады. Осыған байланысты Алматыда қаладағы барлық көптеген биология ғылымының және жоғары оқу орындары мекемелерінің барлық мұқтаждары үшін бірыңғай орталық вивария құру туралы мәселені ойластыру және шешу, сондай-ақ Алматының барлық ғылыми және өндірістік мекемелерінің жаппай спектрлік және химиялық анализдегі мұқтаждарын өтеу жөніндегі бірыңғай орталық құру жөніндегі мәселені шешкен жөн.
Республиканың ғылыми мекемелерінің географиялық орналасуындағы кемшіліктер, ғылымның Алматыда шамадан тыс шоғырланып отыруы сияқты кемшіліктер жоспарлы түрде жойылуы қажет және солай етілуі тиіс те. Республикамыздың Қарағанды, Алтай, Тың өлкесі, Батыс Қазақстан сияқты маңызды экономикалық аудандарында ғылымды дамытудың ойластырылған перспективалы жоспарын жасау қажет.
Коммунистік партия ғалымдардың алдына орасан зор міндеттер қойды. Ғылым біздің еліміздегі коммунистік құрылыстардың ұлы жоспарын жүзеге асыруға зор үлес қосуы тиіс.
ҒЫЛЫМ ҚАНАТЫ
Совет елі тағы да бір салтанатқа кенелді. Герман Титов аспан әлемінде 25 сағаттан астам болып, жер шарын 17 рет айналып келді. Көпұлтты Совет Одағынын халықтары қандай зор істерге қолы жеткенін дүние жүзі тағы да көрді.
Жер шарын тұңғыш рет айналып шыққан Магеллан, қала берді Американы ашқан Колумбының бұған жылдар сарп еткені мәлім. Ал, Юрий Гагарин мен Герман Титов совет ғылымының озық нәтижесін әлемге паш етіп, ол жолды сағаттар ішінде айналып шықты.
Бұл – біздің Отанымыздың өскендігінің, өркендегендігінің нәтижесі, халықтар достығының куәсі. Расында, осыдан жарты ғасыр бұрын, Қазақстанды былай қойғанда, Россияның өзі қандай еді? Артта қалған, мешеу аграрлы ел болатын. Шетелдің жылтырақ мәдениеті патша сарайларында ғана көрінсе, Россияның қалған ұлан-байтақ даласы қараңғы қапаста мүлгіп тұратын. Озық ой, прогресс дегендердің бәріне тежеу, тұсау, кісен салынған-ды. Ғылым өркендеген жоқ. Дүние жүзінде тұңғыш рет паровозды ойлап тапқан И. Ползуновтың еңбегін патшалы қауым аяққа басты. Радионың атасы А. Попов және қазіргі планетааралық ғылымның негізін салушы Э. Циолковский мүлдем белгісіз адам болып қала берді. Д. Менделеевтің ұлы табысы өнеркәсіпте пайдаланылмады. Бүкіл ғылым артта қалды.
Сол Россия жерінде қазір Ленин күні жарқырап тұр. Бір күн бір күннен асып түскен жаңалық әкеледі. Әр сағат, әр минут халықтың әл-ауқатына мол қазына береді. Оның бәрі – еңбекші халықтың бақытты замандағы еңбегінің нәтижесі, жемісі.
Кеше ғана Совет Одағы Коммунистік Партиясының XXII съезіне арналған программасының жобасын оқып едік, еліміздің алдағы жылдар ішінде коммунизм сияқты сәулетті қоғам орнататынын көріп, сеніп едік, енді бүгін сол программаның жеңісін көрсеткен, аспанға «Восток-2» кораблі барып қайтты. Ал, кешінде, үкіметіміз бен партиямыздың басшысы Никита Сергеевич Хрущев радиодан тамаша сөз сөйледі. Мұның барлығы совет халқы мен Коммунистік партиямыздың тамаша салтанаты болды.
Мұндай зор оқиғаға Қазақстан ғалымдары да үлес қосты. Оған, Қазақ ССР Ғылым академиясының физика, химия және металлургия, астрономия ғылымдарын зерттейтін институттарының еңбегі дәлел. Партиямыздың жаңа программасы Қазақстан жеріндегі әлі сыры белгісіз ұшан-теңіз қазба байлықтарды ашу, оны тиімді түрде халық шаруашылығына пайдалану міндетін қойып отыр. Біздің ғылымдарымызға бұл үлкен игі тапсырма. Мәселен қазір, академияның құрамында 51 ғылыми мекеме, 25 күрделі ғылыми-зерттеу институттар осы программаға сай жұмыс істеуде.
Қазақ жерінің қойны толған қазына. Мұнда шықпайтын кен жоқ. Оның болашағы өте жарқын, сәулетті. Ал, партиямыздың жаңа программасы осы даланы бұрынғыдан да бетер нұрландыра бермек.
ӨРКЕН ЖАЙҒАН ҒЫЛЫМ
«Өркен жайған ғылым» мақаласы алғаш рет «Қазақстан коммунисі» газетінің 1960 жылдың қазанындағы №10 санына жарияланған.
Мақалада кездесетін терминдер:
Скважина металлургияда – бұл жер астындағы минералды ресурстарды немесе шикізатты алу үшін бұрғыланатын тесік. Металлургияда скважиналар негізінен пайдалы қазбаларды (мысалы, рудалар, көмір, тұз) немесе жерасты суын іздеу, алу үшін қолданылады.
Термофосфат – фосфориттерді немесе апатиттерді әртүрлі сілтілермен (сода, натрий сульфаты және т.б.) агломерациялау немесе балқыту арқылы алынған жасанды фосфор тыңайтқышы.
Ядролық резонанс –ядролық физикада қолданылатын құбылыс, онда атом ядросы сыртқы электромагниттік толқындар (мысалы, гамма-сәулелері немесе радиотолқындар) әсерінен энергия жұтып, белгілі бір жиілікте қозғалатын күйге өтеді. Процесс ядроның энергетикалық деңгейлерінің ерекшеліктеріне байланысты болады.
Кобальт – қызғылт немесе көкшіл реңктері бар күміс-ақ, сәл сарғыш өтпелі металл.
ҒЫЛЫМ ПРАКТИКАМЕН КҮШТІ
«Ғылым практикамен күшті» мақаласы алғаш рет «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 30 наурыздағы №10 санына жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 234-243 бб.
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 6. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступления. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 268-277 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 282-293 бб.
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер:
Геоморфология – Жер бетінің пішіндерін, олардың пайда болу процесін және дамуын зерттейтін географияның бөлімі. Геоморфология геологиялық және табиғи процестердің әсерінен қалыптасқан жер бедерінің түрлерін, құрылымдарын, эволюциясын талдайды.
Виварий (vivarium, лат. vivus – «тірі») – эксперименттік жұмыста немесе оқу процесінде пайдаланылатын зертханалық жануарларды ұстауға арналған медициналық-биологиялық мекеме (ғылыми-зерттеу институты, зертхана).
ҒЫЛЫМ ҚАНАТЫ
«Ғылым қанаты» мақаласы алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінің 1961 жылғы 11 тамызындағы №33 (345) санының 2-бетінде жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 244-245 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 294-295 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Бұл – біздің Отанымыздың өскендігінің, өркендегендігінің нәтижесі, халықтар достығының куәсі. Расында, осыдан жарты ғасыр бұрын, Қазақстанды былай қойғанда, Россияның өзі қандай еді? Артта қалған, мешеу аграрлы ел болатын. Шетелдің жылтырақ мәдениеті патша сарайларында ғана көрінсе, Россияның қалған ұлан-байтақ даласы қараңғы қапаста мүлгіп тұратын. Озық ой, прогресс дегендердің бәріне тежеу, тұсау, кісен салынған-ды. Ғылым өркендеген жоқ. Дүние жүзінде тұңғыш рет паровозды ойлап тапқан И. Ползуновтың еңбегін патшалы қауым аяққа басты. Радионың атасы А. Попов және қазіргі планетааралық ғылымның негізін салушы Э. Циолковский мүлдем белгісіз адам болып қала берді. Д. Менделеевтің ұлы табысы өнеркәсіпте пайдаланылмады. Бүкіл ғылым артта қалды» – абзацсындағы «Бұл» сөзі мен «біздің» сөзі арасындағы сызықша мен «салынған-ды» сөзіндегі дефис алынып тасталған. «Расында» қыстырма сөзінен кейін үтір қойылған, «бір күн, бір күннен» арасына қойылған үтір алынған.