Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1960-1963 жылдары жарық көрген еңбектері

СОВЕТТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ 40 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТАРТУЫ

Октябрьден бұрынғы дәуірде Қазақстан патшалы Россияның ең артта қалған шет аймақтарының бірі еді. Оны В. И. Лениннің «жартылай тағылық және нағыз барып тұрған тағылық үстемдік еткен» өлкелердің қатарына қосуы заңды болатын. Октябрьге дейінгі Қазақстанның негізгі экономикасы көшпелі шаруашылық болып келді; халқының сауаттылығы небәрі 1,5-2 проценттей ғана еді.
Тек совет өкіметі тұсында ғана Қазақстан тамаша табыстарға жетті, гүлденді. Коммунистік партияның Орталық Комитеті мен Совет үкіметі асқан дәйектілікпен жүзеге асырып келе жатқан Лениннің дана ұлт саясатының арқасында және ұлы орыс халқы мен СССР-дегі басқа да халықтардың туысқандық көмегіне сүйенген Советтік Қазақстан өзінің даңқты 40 жылдығын аса қуатты, гүлденген индустриялық-аграрлық Советтік одақтас республикалардың бірі болып мерекелегелі отыр.
Қазақстанда Балқаш мыс заводы, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты мен Шымкент қорғасын заводы, Қоңырат пен Жезқазған мыс рудниктері, Совет Одағында үшінші көмір кочегаркасы атанған Қарағанды бассейні, Оңтүстік Оралдың алып қара металлургиясының кен қоймасы – Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Ақтөбе ферросплав заводы сияқты өнеркәсіп орындары салынды.
Халқымыз «Қазақстан Магниткасы» деп мақтаныш етіп атайтын Қарағанды металлургия заводының бірінші домнасы іске қосыла бастады. 1954 жылдан бастап 23 млн. гектардан астам тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесінде Қазақстан товар астық өндіруде СССР-де екінші орынға ие болып отыр.
Советтік Қазақстанның ғылымы мен мәдениеті де қарыштап гүлденуде. Қазір мұнда бұғанасы бекіген республика Ғылым академиясы, Ауыл шаруашылық ғылымдарының академиясы, СССР Архитектура және құрылыс академиясының филиалы, халық шаруашылығы мен мәдениетінің барлық салаларына арнап мамандар даярлайтын 27 жоғары оқу орны бар. Бұл күндерде Қазақстан ғалымдарының зерттеу жұмыстарының шеңбері мейлінше кеңейе түсуде; космогония мен жұлдыздардың жаралу проблемасынан бастап, электроника негізінде материяның ең ұсақ бөлшектерін, вирустар мен микробтарды зерттеуге дейінгі барлық салаларын Қазақ Ғылым академиясы қазір түгел қамтиды.
Үстіміздегі жетіжылдық ішінде Қазақстанды өркендетудің программасы тіпті зор. Республикамыздың халық шаруашылығына 119 млрд сом қаржы жұмсалғалы отыр. Жаңадан кара, түсті, жеңіл және сирек кездесетін металдардың металлургиялық күшті орталықтары салынып жатыр. Индустриялы Орталық Қазақстанның өміршең ұлы артериясы – Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы салынып бітпек. Қазақстан егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы мен техникалық дақылдар өсіру жөнінде де СССР бойынша алдыңғы қатардағы орындардың біріне шықпақшы. Социалистік құрылыс практикасының қажеттерін толық түрде орындауға міндетті ғылымымыз да бұдан әрі өркендеп гүлдене бермекші.
Қазақ ССР Ғылым академиясы жұмысының жайы мен кейбір негізгі қорытындылары
Қазақ ССР Ғылым академиясының 1957 жылы шығарған, «Совет үкіметінің қырық жыл ішінде Қазақстанда ғылымның өркендеуі» деп аталатын жинақтағы менің мақаламда Қазақ ССР Ғылым академиясының Совет өкіметі орнап, тұңғыш ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіле бастаған уақыттан 1957 жылға дейінгі уақыт ішінде істеген жұмыстарының негізгі кезеңдері баяндалған. Төменде біз ол мақаланың мазмұнын қайталамай, Қазақ ССР Ғылым академиясының соңғы үш жыл ішінде жүргізген түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғана тоқталып өтпекбіз.
Коммунистік партия мен Совет үкіметінің үнемі аталық қамқорлық жасауы арқасында Қазақстанның Ғылым академиясы республикамыздың 40 жылдығына қарсаңында еліміздің маңызды ғылыми орталығына айналды.
Ол әсіресе, КПСС-тің тарихи XX съезінен кейін 1956 жылдан бастап орасан зор күшті қарқынмен дами бастады. КПСС-тің XX съезінен кейінгі мерзім ішінде Академияның кадрлары екі есе өсті, ал институттардың өндірістік базаларын ұлғайту үшін және ғалымдарға арнап тұрғын үйлер салу үшін құрылыстық қаражаттар бес есе өсті.
Қазақ ССР Ғылым академиясы зерттеулерінің өрісін оның ғылыми мекемелерінің қазіргі құрылысынан айқын көруге болады. Ол мынадай
Минерал ресурстар бөлімі
Геология ғьлымдар институты. Оның жанында геологиялық музей бар.
Кен істері институты. Бұл институттың Лениногорск, Жезқазған, Соколов-Сарыбай комбинаттарында бөлімшелері бар.
Металлургия және байыту институты. Бұның жанында ірілендірілген эксперименттік базасы бар.
Энергетика институты. Бұл инсгитуттың Өскемен, Қарағанды қалаларында бөлімшелері; Алматы облысының «Талапкер» колхозында жел энергетикалық эксперименттік базасы және ірілендірілген циклон эксперименттік базасы бар.
Химия ғылымдарының институты. Мұның Шымкент қаласында алколоид және гидролиз лабораториялары бар.
Алтайдың кен-металлургия институты. Оның Зырян қаласында бөлімшесі бар.
Гурьевте Геология және геофизика институты.
Гурьевте Мұнай химиясы мен табиғи тұздар институты.
Қарағандыда Химия-металлургия институты. Мұның Теміртау қаласында органикалык синтез және полимерлер лабораториясы бар.
География секторы.
Физика-математика ғылымдарының бөлімі
Астрофизика институты. Бұл ииституттың обсерваториясы және Күн нұрын зерттейтін станциясы бар.
Физика институты. Мұның Космос сәулелерін зерттейтін станциясы бар.
Математика және механика институты.
Есептеу математикасының секторы.
Астроботаника секторы.
Ионосфера секторы.
Биология және медицина ғылымдарының бөлімі
Ботаника институты. Мұның Іле мен Жезқазғанда бөлімшелері бар, Алматыда және Алтай мен Қарағандыда ботаника бақтары бар.
Топырақтану институты. Мұның топырақ эрозиясын зерттейтін Павлодар облысында бөлімшесі бар.
Зоология институты. Бұл институттың паразитологиялық бөлімшесі және Табиғат музейі бар.
Физиология институты.
Өлкелік патология институты. Мұның Өскемен қаласында Еңбек гигиенасы және кәсіптік сырқат жөніндегі клиникалық бөлімшесі бар.
Клиникалық және эксперименттік хирургия институты.
Гурьевте Ихтиология және балық шаруашылығы институты. Бұл институттың Арал теңізі, Балқаш көлі, Бұқтарма және Жезқазғандағы жасанды көлдерде бөлімшелері бар.
Қоғамдық ғылымдар бөлімі
Тарих, археология және этнография институты.
Экономика институты.
Тіл білімі институты.
Әдебиет және өнер институты.
Философия және право институты.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумы жанында миллион данадан астам кітап қоры бар Орталық ғылыми кітапхана, жыл сайын 2 мыңнан артық баспа табақ ғылыми әдебиет басып шығарып отыратын күшті Академия баспасы мен баспахана жұмыс істейді.
Қазіргі уакытта Қазақстан Ғылым академиясының құрамында 29 ғылыми-зерттеу институты мен секторлары, 2 музей, 3 ботаника бағы, республикамыздың түрлі өнеркәсіптік орталықтарында бірсыпыра институттардың 19 ғылыми-зерттеу бөлімшелері мен лабораториялары – барлығы 55 ғылыми мекеме бар.
Академияның ғылыми мекемелерінде Қазақ ССР Ғылым академиясының 39 академигі (олардың екеуі СССР Ғылым академиясының толық мүшелері), 35 мүше-корреспонденті, 98 ғылым докторы және 517 ғылым кандидаты жұмыс істейді. Академия кадрларының жалпы құрамы 500 адамға жуық, олардың ішінде 1700-ден астамы ғылыми қызметкерлер.
Республикамызда ғалым ұлт кадрларының өсіп жетілуі Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатының даналығының айқын айғағы. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылым докторы және ғылым кандидаты дәрежесіндегі қызметкерлерінің 30 проценттейі қазір қазақ ғалымдары. Олардың ішінде СССР Ғылым академиясының 1 толық мүшесі, Қазақ ССР Ғылым академиясының 29 академигі мен корреспондент-мүшесі, 27 ғылым докторы және 153 ғылым кандидаты бар.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары КПСС пен ҚКП-нің съездері мен пленумдарының СССР және Қазақ ССР үкіметтерінің республикамыздың экономикасы мен мәдениетін өркендету жөніндегі шешімдерінс сәйкес жасалады. Академияның жүргізетін ғылыми жұмысының негізгі мазмұны республикамыздағы алуан түрлі табиғи байлықтарын зерттеу және игеру проблемаларына арналған. Сондықтан академияның ғылыми күштері мен материалдық қаражаттарының дені осы мақсатқа жұмсалады.
Академия жыл сайын ірі экспедициялық зерттеулер жүргізіп отырады. 1959 жылы Қазақстан даласында 204 экспедиция отряды жұмыс істеді, 1960 жылы 250-ден аса экспедиция отряды жіберілді.
Академияның ғылыми ірі табыстарға ие болғандығына және оның кадрларының ғылым жолында өсуіне оларға В. И. Ленин, И. В. Сталин атындағы сыйлықтар беріліп, Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ғылым қайраткері деген құрметті атақтың берілуі айғақ болады. Қазір академия ғалымдарының ішінде Лениндік сыйлықтың 10 лауреаты, Сталиндік сыйлықтың 14 лауреаты, Қазақ ССР-не еңбек сіңірген 33 ғылым қайраткері бар.
Академияның өндіріс орындарымен, СССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелерімен және Одақтас республикалардың Ғылым академияларымен өзара творчестволық байланысы күн санап ұлғайып келеді. СССР Ғылым академиясының біздің академиямызға үзбей көрсетіп келе жатқан үлкен көмегін айрықша айтуымыз қажет. Мысалы, 1959 жылдың аяғында СССР Ғылым академиясының вице-президенті академик А. В. Топчиев бастаған аса көрнекті ғалымдар Қазақстанға келіп, Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми жұмысымен жете танысып, бірсыпыра ұсыныстар жасады. Республикамызда өндіргіш күштерді дамыту, техникалық прогресті күшейту Советтік Қазақстанның мәдениетін өркендету жолында Қазақ ССР Ғылым академиясы теориялық, практикалық маңызы зор ірі ғылыми жұмыстар атқарып келеді. Төменде солардың тек кейбіреулерін қысқаша сипаттап өтпекшіміз.
Академияның геологтары республикамыздың ұлан-байтақ территориясының геологиялық құрылысы мен минерал байлықтарының жаралу ерекшеліктерін зерттеу үстінде. Қазақстан мен СССР көлемінде басты орын алатын Жезқазған, Қоңырат сияқты көптеген ірі кенорындарды алғаш ашқан және оларға дұрыс өндірістік баға бергендер де солар.
Қазақстанның геологтары геология ғылымының жаңа саласы – кен ошақтарының Орталық Қазақстанда жаралу, орналасу заңдылықтарын ашатын металлогениялық карта жасады. Бұл кен іздеу, кен зерттеу жұмыстарын дұрыс бағытта ұтымды түрде жүргізу үшін аса маңызды ғылыми еңбек болып шықты. Осы жұмысты орындаған Қазақстан геологтарының бір тобына Лениндік ғылыми сыйлық берілді.
Осы металлогениялық картаны пайдалану арқылы Орталық Қазақстанда темір, қорғасын сияқты қара, түсті және сирек кездесетін белгілі көптеген кенорындар табылды, бұрынғы көп кенорындардың өндірістік перспективасы қайта қаралып, дұрыс бағаланады.
Академияның геофизиктері Жезқазғанның аса тереңдіктегі құрылысын зерттеу, Орталық Қазақстан жерінде 20-30 километр тереңдікте жатқан Мохоровичич шегіне дейін жер қабығы құрылысына терең сейсмикалық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осы ұлан-байтақ аудандарда жатқан түрлі металл кендерінің орналасу заңдылықтарын ашуда, олардың прогнозын жасауда бұл жұмыстың маңызы өте зор.
Республикамыздағы аса маңызды өндіріс орындарының және күрделі ауыл шаруашылық аудандарының жерасты суын зерттеу жолында академияның гидрогеологтары көп жұмыс жүргізді. Қазір игерілген ұлан-байтақ тың және тыңайған жерлердегі жерасты суының карталары жасалды, Каспий бойының, Маңғышлақтың, Сырдария өзенінің төменгі сағаларының, Жезқазған, Павлодар төңірегінің, Балқаш маңайының т.б. аудандардың су ресурстары зерттелді. Қазақстандағы артезиан суының прогноздық картасы жасалды. Мұның масштабы – 1:1500000.
Академия кеншілерінің өндіріс адамдарымен бірігіп жүргізілген зерттеулерінің арқасында ықтиярсыз және табиғи жолмен кен қопарудың жаңа жүйелері жасалып, оларды қолдану себепті еңбек өнімділігі 2-2,5 есе артты.
Өндіріс адамдарымен бірлесе отырып, бұрғылаудың өнімділігін төрт есе арттырып, жұмыстың өзіндік құнын 2 есе кемітетін жаңа бұрғылау агрегаты жасалды.
Жезқазғанның өндіріс мамандары жобалау мекемелерімен бірлесе отырып, жер астынан кен шығарудың жаңа технологиясын жасады. Бұл технология бойынша өндіріс процесінің барлық буындарында өздігінен жүретін аса өнімді механизмдер қолданылады. Жаңа технология қазір Жезқазған руднигінде іске асырылуда. Жаңа технологияға көшу арқылы Жезказған руднигі жер астындағы жұмысшылардың еңбек өнімділігін үш есе арттырып, кен қазуға жұмсалатын негізгі қаржыны 400 миллион сом мөлшерінде кемітпекші, рудникке жыл сайын 100 миллион сом қаржы үнемдеуге мүмкіндік бермекші. Келешекте жер астынан кен шығарудың бұл жаңа технологиясы Қазақстан мен СССР-дің барлық ірі рудниктерінде қолданылмақ. Сөйтіп, үкімет қаржысы көп үнемделмек.
Жезқазған рудаларының құрамындағы барлық бағалы заттарды толық түрде пайдалану проблемасын шешуде Академияның металлургтері жасап жатқан кенді коллективтік флотациялау, одан кейін концентраттарды гидрометаллургиялық жолмен өңдеу схемасының маңызы зор. Бұл схема Жезқазған рудаларындағы барлық пайдалы заттарды айырып алумен қатар, елімізге ең арзан электролиттік мыс өндіруге мүмкіндік береді.
Өндіріс мамандарымен күш қоса отырып Шымкент қорғасын заводында және Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында кадмий, талий, селен сияқты пайдалы заттарды айырып алу ісі жүзеге асырылды.
Никель жөне кобальт өндірісін дамытуда кенге фосфорит қосып кислородпен үрлеу сияқты жаңа тәсіл жасалды. Жаңадан табылған бұл тәсіл кен балқытудың қазір қолданылып жүрген әдістерімен салыстырғанда, кендегі никель мен кобальтты айырып алу ісін анағұрлым өнімді етеді. Сонымен қатар керексіз шлактардың орнына фосфатшлак сияқты егіндік жерді тыңайтқыш зат өндіруге мүмкіндік береді.
Донское кеніндегі хромит рудаларының ішінде ұнтақтары болатын. Олар осы кезге шейін пайдаланылмай келетін. Бұл ұнтақ кендерді агломерациялау арқылы пайдалануға болатыны дәлелденді және оларды өңдірудің металлургиялық схемасы жасалды. Бұл схема электр пештерінің өндірістік күшін арттыра отырып, Ақтөбе ферросплав заводында феррохромның сапа жақтарын көтеруге мүмкіндік береді.
Торғай бокситінен алюминий тотығын (глинозем) айырып алудың жаңадан жасалған сульфид-каустикалық схемасы қазір қолданылып келе жатқан әрі қымбат, әрі қиын процестердің кейбірін қажетсіз етеді. Бұл жаңа схема Павлодарда салынып жатқан алюминий заводына жұмсалатын қаржыны 100-150 млн. сом кемітуге және қосымша өнім есебінде көптеген ұнтақ темір шығаруға мүмкіндік береді.
Академияның химиктері мен металлургтері тыңайтқыштың жаңа түрін – термофосфатты агломерация жолдары арқылы өндірудің тиімді әдісін тапты. Жаңа тыңайтқышта жай суперфосфатқа қарағанда, фосфор қышқылы көбірек. СССР-дің көптеген зоналық ауыл шаруашылық станцияларында осы жаңа тыңайтқыштың агрохимиялық дәрменін білу үшін жүргізілген сынақтарда термофосфат бірсыпыра ауыл шаруашылық аудандарда суперфосфаттан асып түсетіні анықталды. «Ленгипрохимнің» есебі бойынша, агломерациялық термофосфаттағы фосфор қышқылының тоннасы жай суперфосфаттағы осындай қышқылдың тоннасынан 310 сом арзанға түспек.
Академияның химиктері өндіріс мамандарымен бірлесе отырып, күкіртті натрийді үздіксіз алып отырудың тәсілін тапты және оны Балқаштың мыс балқыту заводына өндіріс процесіне толық енгізді. Академияның химиктері мен металлургтері өндіріс мамандарымен бірлесе отырып, Қазақстан Магниткасына қажет металлургия коксын Қарағанды бассейніндегі аса қалың «Верхняя Марианна» дейтін көмір қабатынан өндіру жөніндегі зерттеулерді ойдағыдай аяқтап шықты. Олар СССР Министрлер Советінің Қазақстан Магниткасын кокспен қамтамасыз ету үшін Қарағанды көмірінің әртүрлі маркаларын іріктеу жөне шихталау жөніндегі тапсырмасын да ойдағыдай орындап шықты.
Мыс пен қорғасынды шойынмен цементациялау жөнінде де елеулі нәтижелерге қол жетті. Осының арқасында ол металдарды түсті металлургия заводтарының шлактарынан айырып алу жолдары анықталды. Тазартылу сапасы аса жоғары металдар алуға мүмкіндік беретін амальгам химиясының әдістері де ойдағыдай зерттеліп жатыр.
Қазақстанның бетонит саздарынан әзірлеген мұнай крекингінің жоғары сапасы және тұрақты (стабильді) катализаторлары Гурьевтің мұнай айыру заводында өнеркәсіптік сыннан ойдағыдай өтіп жатыр.
«Лавсан» дейтін төзімділігі аса жоғары синтетикалық заттар шығаруға, сондай-ақ жылуға төзімді пластмассалар үшін бірсыпыра азотты мономерлер жасауда негізгі шикізат болып есептелетін терефталь қышқылын өндірудің жаңа әдістері табылды. Жер астындағы мұнай және газ трубаларын қаптағанда, оларды тозудан сақтайтын полихлорвиниль атты жаңа материалдар өндірістік сыннан өтті. Жем мұнайының смолалы қалдықтарынан арзан аккумулятор бактарын, су өткізбейтін материалдар және линолеумдер жасауға болатын жаңа полимер өнімдер табылды.
Қазақстанның өсімдік шикізаттарының өндірістік және шипалық қасиеттерін зерттеуге, осының негізінде физиологиялық күшті бірсыпыра дәрі препараттарын жасауда елеулі жұмыстар жүргізілді.
Академияның энергетиктері өзендердің және егін суаратын каналдардың гидроэнергетикалық күштерін есептеудің жаңа әдістерін тапты, өзендерді толық түрде пайдалану жолдары, олардың су-энергетикалық кадастрлары жасалды. Су электр станцияларының ең тиімді параметрлерін бағалау әдістері белгіленді.
Академияның энергетиктері мен геологтары Москвадағы С. Я. Жук атындағы «Гидропроект» институтымен біріге отырып, Ертістің бір тарауын Орталық Қазақстанға бұрып ағызудың ғылыми негіздерін зерттеп шықты. Осы зерттеу арқасында Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы жүзеге асырылмақшы.
Академия энергетиктерінің зерттеулері негізінде Іле өзенінде республикамыздың астанасы Алматы қаласының болашақ энергетикалық базасы – Қапшағай су-электр станциясын салу мәселесі ұсынылып отыр.
Академияның энергетиктері мен металлургтері өндіріс мамандарымен бірлесе отырып жаңадан ашқан циклонды энергометаллургиялық процестің халық шаруашылығы үшін маңызы орасан зор. Қазір бұл жаңа әдіс Балқаштың кен-металлургия комбинатында сульфид мыс концентраттарын балқыту жолында өндірістік сыннан ойдағыдай өтті. Қазіргі кезде Балқаш заводының мыс балқытатын пештеріне осы жаңа әдісті пайдаланудағы өңдірістік жобалар аяқталып келеді. Полиметалл рудаларының концентраттарын қорыту, цемент клинкерін жасау, фосфорит таужынысынан магнезиал фосфаттар алу үшін де циклон әдісінің аса тиімділігі лабораториялық зерттеулерден көрініп отыр.
Академияның энергетиктері иңдустриялық электромикрометр дейтін жаңа аспап жасап, оны Балқаштың түсті металдар прокаты заводында іске қосты. Бұл аспап металды жұқалайтын прокат станоктарына орнатылып, лентаның қалың-жұқалығын автомат түрде үздіксіз бақылап отырады.
СССР-дің Европалық бөлігінің, Сібір мен Орта Азияның бірыңғай энергетика системаларының арасын қосатын Қазақстан ЕЭС-нің алғашқы жобасы жасалып бітті. «Қазақстанның энергетикасы» деген монография басылып шықты, онда республикамыздағы энергетика ресурстарының саны мен сапасы сипатталған және осыған сәйкес бүкіл Қазақстан энергетикасын дамытудың ғылыми негіздері көрсетілген.
Мұнай өндіру ісін күшейту жолында су-газ репрессиясы дейтін жаңа әдіс табылды. Бұл әдіс жер қыртысының мұнай шығарғыштығын 15 процент арттырады. Сондай-ақ мұнай скважиналарынан атқылап жатқан газ фонтандарының қуатын пайдалану, скважиналарды бұрғылау техникасын тездету т.б. жолдарда түрлі әдістер табылды.
Космогония проблемаларын шешуде газ-тозаң тұмандықтарының, олардың структуралары мен физикалық жағдайларын, атмосфера оптикасын зерттеуде, Жердің жасанды спутниктерін бақылау және фотоға түсіруде академияның астрофизиктері зор табыстарға жетті.
Академияның физиктері ядро спектроскопиясы, ядро резонансы, космос сәулелері және рудалардың спектроскопиясы салаларында құнды зерттеулер жүргізіп жатыр. Физиктер жарыққа шығарған «Элементтердің спектр линияларының атласы», «Темірдің жабайы және ұшқынды спектрінің атласы» тағы басқа кітаптары тек СССР-де ғана емес, шетелдерде де кеңінен мәлім болды.
Академияның математиктері мен механиктері шахталардағы тас жарқабақтарының тұрақтылық шарттарын, кен таужыстардың кернелу динамикаларын зерттеу жолында практикалық мәні бар жұмыстар істеді.
Тың және тыңайған жерлерді зерттеп, игеру жөнінде академияның топырақтану мамандары зор ғылыми жұмыстар жүргізді. Қызылорда алқаптарын суландыру және Сырдарияның төменгі сағаларын игеруді жобалауда да олардың еңбектері көп.
Академияның топырақ зерттеуші ғалымдары республиканың ауыл шаруашылығын әр ауданның табиғи жағдайларына сәйкес жүргізудің жолдарын жасауға белсене қатысуда. Қазіргі кезде игеріліп болған жерлерді дұрыс пайдалану, оның құнарлылығын арттыру тәсілдері жөнінде, топырақты эрозиядан қорғау, сортаң жерлерді мелиорациялау жайында тұрақты зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Академияның ботаниктері Қазақстандағы өсімдіктердің гербариін жасады. Бұл СССР-дегі ең ірі гербарий қорларының бірі болып шықты. Қостанай, Қызылорда облыстарының, Бетпақдала шөлінің, Каспий ойпатының және Қарағанды облысының геоботаникалық карталары жасалды. Гурьев, Батыс Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарының малға азық болатын шөптерінің карталары жасалды. «Қазақстан флорасы» деп аталатын монографияның үш томы баспадан шықты.
Қазақстанда бидайдың жаңа сорттарын жасау және басқа да түрлі дақылдардың өнімділігін арттыру, олардың қуаңшылыққа және сортаң жерге төзімділігін күшейту саласында да елеулі нәтижелерге қол жетті. Жаздық бидайдың «Джезказганка» деп аталатын қуаңшылыққа төзімді жаңа сорты шығарылды. Қазір ол мемлекеттік сорт сынағынан ойдағыдай өтуде.
Ботаниктер республикамыздың түрлі аудандарында өсіру үшін ағаш-бұталардың 450-ден астам жаңа түрлерін, гүлді өсімдіктердің 500-ден астам түрлері мен сорттарын, жеміс өсімдіктердің 150-ден астам түрлері мен сорттарын ұсынып отыр.
Академияның зоологтары Қазақстанда ондатраны жергілікті жердің ауа райына бейімдеп өсіру жөнінде зор жұмыстар істеді. Бұл аңның терісінен алынатын пайда қазір республикамызда дайындалатын басқа аңдардың терілерінен әлдеқайда артық. Балқаш көлінде Аралдың бекіресі, көксеркесі, табан балығы, Зайсан көлінде, Қарағанды мен Жезқазғанның жасанды көлдерінде сазан, тағы басқа бағалы балықтар өсіріле бастады. Адам мен малға зиянды паразиттерді, олардың табиғи ошақтарын зерттеу де, адамдар мен малдардың гельминттен, бруцеллезден, энцефалиттен т.б. аурулардан сақтану және сауықтыру жолдарында да елеулі табыстар бар.
Академияның микробиологтары «актиномицин К» деп аталатын жаңа антибиотик тапты. Мұны жамандат ауруын емдеуге және түрлі тері ауруларына қарсы қолдануға болады. Жаңадан бактериялы сүрлем ашытқылары ұсынылып, олар қазір республикамыздың бірсыпыра колхоздары мен совхоздарында қолданылып келеді. Картоптың фузариоз салдарынан солуына және шіруіне, капустаның шырышты бактериозына қарсы күресудің микробиологиялық әдістері табылып, ол егіс даласы жағдайында сынақтан өтті. Өсімдіктердің вирустік ауруларға шалдығуын зерттеу жұмыстары басталды.
Академия физиологтары қанның денеде айналысы жөнінде жүргізген зерттеулерінің мәні зор. Біздің физиологтар тапқан шок науқасты адамға беретін жаңа дәрісі қазір Совет Одағы мен шетелдердің клиникаларында кең қолданылып келеді.
Академия физиологтары тапқан силикозға қарсы қолданылатын комплексті әдісі де болашағы зор жаңалық болып отыр. Бұл әдіс қазір Қазақстанның рудниктерінде клиникалық сыннан өтуде. Малдардың асқазаны мен емшек бездерінің физиологиялық ерекшеліктерін зерттеу жөнінде де елеулі нәтижелер табылды.
Академияның ғалым-медиктері өлкелік патология жөнінде, атап айтқанда, бруцеллезді, лептоспирозды, силикозды, қорғасыннан улануды, өндірістік зақымдануды, зоб ауруларын емдеу жөнінде маңызды зерттеулерін аяқтады. Академия медиктері әзірлеп шығарған лептоспир штамдары қазір СССР-де жаппай қолданылып отыр.
Республикамыздың курорт ресурстары да зерттелуде. Сарыағаш, Аяққалқан минералды суларының басына курорттар салу жайында ұсыныстар енгізілді. Рак ісіктері, сүйек және без туберкулездерін емдеу саласында да зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Академия ғалымдары қоғамдық ғылымдар саласында да көлемді жұмыстар істеді. Оның ішінде «Қазақ ССР тарихының» I және II томдары сияқты маңызды еңбектерді атап өтуге болады. Бұл еңбек Қазақстанның ерте замандардан бастап, КПСС-тің XXI съезін қоса, біздің заманымыздағы дәуірді қамтиды. Бұл еңбектің Советтік Қазақстанның тарихын қамтитын II томы – еліміздегі Одақтас Советтік Республикалардағы социализм орнату тарихын зерттеу жолында СССР-дегі алғашқы тәжірибелердің бірі. Академия қазақтың атақты ғалым-ағартушылары Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің «Таңдамалы шығармаларының» тексерілген текстерін басып шығарды. Қазақстанның тұңғыш Археологиялық картасы баспаға әзірленді.
«Қазақ эпосы» орыс және қазақ тілдеріңде шыққан, «Қазақ ертегілері», «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі», атақты ақындар Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин тағы басқалардың шығармалары жеке кітаптар түрінде жарияланды. Қазақстандағы әдебиет танудың, тіл білімінің, философияның, правоның, экономиканың, өнердің түрлі проблемалары жөнінде бағалы еңбектер жарияланды. Олардың кейбіреулері қазір қытай тілінде, социалистік лагерь елдерінің басқа халықтарының да тілінде жарыққа шықты.
Қазақ ССР Ғылым академиясының соңғы жылдар ішіндегі өмірінің кейбір негізгі қорытындылары осылар. Мұның бәрі біздің республикамыздың жағдайында совет ғылымын ілгері дамыту жолында Қазақстан Ғылым академиясының орындаған жұмыстарының айқын айғағы екені сөзсіз. Қазір Қазақ ССР Ғылым академиясы еліміздегі күн санап өсіп келе жатқан одақтас республикалар академиялары ішінде құрметті орынға ие болып отыр.
Қазақ ССР Ғылым академиясының келешектегі жұмысының бағыты мен міндеттері
Үстіміздегі жетіжылдықта Қазақ ССР Ғылым академиясын дамытудың жоспары Совет Одағы Коммунистік партиясының XXI съезінің шешімдеріне сәйкес жасалды. Қазақстанда өндіргіш күштерді дамытудың съезд белгілеген қарқыны орта есеппен СССР бойынша белгіленген мөлшерден анағұрлым жоғары екені мәлім. Өнімдердің аса маңызды түрлерін, әсіресе, түсті және қара металды, сирек және шашыраңқы элементтерді, көмір мен мұнайды, химия мен энергетиканы, астық пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде, металл өндіру мен машина жасауда Қазақ ССР-нің үлесі жылдан-жылға өсе бермекші.
Республика экономикасының алдағы уақытта алып адыммен өрге басуы Ғылым академиясының алдына халық шаруашылығының барлық саласында техникалық прогресті қамтамасыз ету жолында әрі үлкен, әрі жауапты міндеттер қояды. Академия Қазақстанның табиғат байлықтарын зерттеу қарқынын бұдан былайғы уақытта да шұғыл күшейте отырып, ол байлықтарды дұрыс пайдаланудың тиімді жолдарын табуға тиіс.
КПСС Орталық Комитетінің XXI съезден кейін өткен пленумдары техникалық прогрестің негізгі мақсаты өндірістік процестерді комплексті түрде механикаландыру мен автоматтандыру болу керек деп атап көрсетті. Осымен байланысты академия, ең алдымен ауыр өндірісті комплексті түрде механикаландыру мен автоматтандыру жөнінде зерттеу жұмыстарын мықтап қолға алмақшы. Бұл зерттеулер физиканың, математиканың, механиканың, сондай-ақ техникалық ғылымдардың жаңа тараулары болып табылатын радиотехниканың, автоматиканың, электрониканың, тағы басқаларының табыстарына сүйене отырып жүргізілмекші. Геология, кен істері, байыту және металлургия, химия әсіресе полимерлер химиясы, геохимия, энергетика, геофизика мен сейсмология, биология мен медицина, гуманитарлық ғылымдардың Қазақстан жағдайында өндіріс, мәдениет және коммунистік құрылыс орнату проблемаларын зерттейтін тараулары да одан ары дамытыла бермекші.
Қазақ ССР Ғылым академиясының үстіміздегі жетіжылдық ішіндегі жұмысының аса маңызды ғылыми бағыты мен проблемалары.
Физика-математика ғылымдары саласында: ядролық физика; реактордегі эксперименттік зерттеулер; физикада, техникада, геологияда, химияда, биологияда, медицинада изотоптарды қолдану проблемалары; жоғары энергиялы бөлшектер физикасы, спектроскопия, қатты денелер физикасы, астрофизика, есептеу техникасы, математика мен механика.
Геология ғылымдары саласында: республика жерінің геологиялық құрылымының заңдылықтары, металлогения, басты кендердің прогноз карталарын жасау; тереңдіктегі құрылымдар мен кен шығатын негізгі аудандарды геофизика әдістерімен зерттеу; мұнайдың, табиғи газдардың, кен байлықтарының геологиясы; гидрогеология мен инженерлік геология, геофизика мен сейсмология.
Техника гылымдары саласында: ауыр өнеркәсіптің өндірістік процестерін механикаландыру және автоматтандыру, кен қазбаларды игеру, кендерді байыту және қорыту жолдарының пайдалы тәсілдерін табу; руда шикізатының құрамындағы барлық бағалы қоспаларды толық түрде айырып алып, энергетиканы дамытудың ғылыми негіздері.
Химия ғылымдары саласында: жоғары молекулалы қосылыстар, республикамыздағы мұнай, табиғи газдар, коксхимия және өсімдік шикізаттарынан алынатын мономерлер; полимерлердің құрылысы мен қасиеттері; түсті және сирек кездесетін кендерді алудың электрхимиялық әдістері; фосфорит, борат сияқты минерал тұздарды зерттеу және пайдалану әдістері; биологиялық жағынан активті табиғи қосындылардың химиясы; катализ және физикалық-химиялық анализдің негіздері.
Биология және медицина ғылымдары саласында: топырақтың шұрайлылығын сақтау және оның құнарлылығын одан ары арттыру; эрозияға және топырақтың сортаңдануына қарсы күрес; сортаң жерлерді пайдалану; фотосинтез; табиғаттағы микроорганизмдер; оларды табудың және халық шаруашылығында пайдаланудың жолдары; адамда, малда және өсімдіктерде болатын вирусты аурулары; адам мен малдың физиологиясы, өлкелік, кәсіптік аурулар және олармен күресу шаралары, курортология, радиобиология, радиомедицина.
Қогамдық ғылымдар саласында: социализмнен коммунизмге өту заңдылықтары; Қазақстан халық шаруашылығының түрлі салаларын орналастырылу, даму жолдары; еңбек өнімділігін арттырудың, халық шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын арзандатудың жолдары; Қазақстанда социалистік және коммунистік құрылыс орнатудың тарихы; әдебиеттің, тілдің, өнердің, правоның проблемалары.
Қазақ ССР Ғылым академиясының барлық ғылыми күштері мен қаржысының жартысынан көбі үстіміздегі жетіжылдықта ауыр иңдустрияға, әсіресе кен өндіру, металлургия, химия, отын өнеркәсібі мен энергетика саласында республикамыздың алдында тұрған міндеттерді дұрыс шешу мақсатына пайданылмақшы.
Академия геологтарының күш-жігері республика территориясының геологиялық құрылысын зерттеп білуге, ауыр өнеркәсіпке қажет минерал шикізат базасын ұлғайту мақсаты мен кен қазбалардың жаралу заңдылықтарын анықтауға жұмсалады.
Академияның гидрогеологиялық зерттеулерінің де маңызы зор. Астық және мал өсіретін совхоздар қоныстаған, кен шығарылатын ірі өндірісі бар аудандардағы жерасты суының картасы жасалады.
Ғылым академиясы республиканың кен және көмір өндірісін одан ары өркендетуге байланысты елеулі зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Бұлардың ішінде кен қазуда жоғары өнім беретін жаңа системалар мен құрал-жабдықтарды табу, оларды өндіріске енгізу, кен шығарудың ең прогрессив әдістерін табу, кен жұмысшыларының денсаулығына қолайлы жағдайлар туғызу мәселелері бар. Жезқазған шахталарында өздігінен жүретін бұрғы кареткасы, экскаватор, транспорт машиналарын қолдану арқылы кен өндіруде жоғары өнім беретін жаңа әдістер жүзеге асырылмақшы.
Кенді ашық карьерлерден шығару жолындағы зерттеулер де үлкен орын алмақ. Көмір шығаруда, темір және мыс рудаларын қазып алуда (Екібастұз көмір бассейні, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты; Үлкен Жезқазған, т. б.) кенді ашық карьерлер арқылы шығару жолы қазірде де кеңінен қолданылып келе жаткан тәсіл.
Жемнің мұнайын игерудің тиімді әдістерін табу, мұнай скважиналарын бұрғылаудың әдістерін жетілдіру жолдары да жоспарда бар.
Металлург-ғалымдарымыз полиметалл, мыс және темір рудаларындағы барлық бағалы қоспаларды комплексті түрде айырып алу жолдарына, өндіріске жаңа техниканы көбірек ендіруге баса назар аудармақшы. Басты бағыттардың бірі Қазақстан рудаларын байытудың дұрыс схемасын жасау болып отыр. Бағалы қоспаларды ешбір ысырапсыз айырып алуды түсті, сирек кездесетін металл рудаларын ең тиімді жолмен өңдеуді қамтамасыз ететін жаңа схемалар жасау жобаланып отыр. Түсті және қара металдар, сирек және шашырыңқы элементтерді айырып алудағы гидро-, пиро-, электрметаллургиялық процестерді жетілдіру жөніндегі зерттеулер ғылыми жұмыстардың жоспарында көрнекті орын алады.
Қостанай облысындағы Лисаков пен Аяттың темір кені де айрықша назар аударарлықтай. Бұлардың қорының молдығы сонша, олар бірнеше ірі заводты шикізатпен қамтамасыз ете алады. Бұл рудалардан шойын және болат қорытып алудың ең тиімді әдісін таңдап ала білу біздің ғалым-металлургтеріміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Болатты асылдандыратын металдарды игеру жөніндегі зерттеулерге де айрықша көңіл бөлінуде. Бұлардың, әсіресе ванадийдің, вольфрамның, хромның Қазақстандағы қоры өте мол.
Химия саласындағы зерттеулер химия өнеркәсібін дамытуға, әсіресе синтетикалық материалдарды мол шығаруға бағытталуда. Мұндай материалдардың шикізаты есебінде мұнай айыру заводтарының, Қарағанды металлургия комбинатының қосымша өнімдерін, қоңыр көмірді, жанғыш сланецті, Урал-Жем мұнай-газ бассейнінің табиғи газдарын пайдалануға болады.
Академияның химиктері орындайтын жұмыстардың басты бағыттарының бірі минерал тыңайтқыштардың жаңа түрлерін табу, сол сияқты магний, сульфат т.б. табиғи тұздарды пайдаланудың ұтымды әдістерін зерттеу. Мұнай мен тұздар республикамыздың территориясынан көптеп табылады. Мұнай смолаларының құрылысын және сол смолалардан әралуан пластмассалар өндіруге қажет заттар алуды зерттеу жұмыстары да едәуір ұлғайтылмақшы. Сонымен қатар, арзан көмірлерден металлургия мен энергетикаға жарамды отын дайындаудың, Қарағанды көмірін Майкөбе мен Құсмұрынның қоңыр көмірлерімен араластырып, солардың қоспасынан металлургияға жарамды кокс алудың, кокстелетін немесе жартылай кокстелетін көмірдің сұйық және газ түріндегі өнімдерінен әралуан құнды синтетикалық материалдар жасау жолындағы мүмкіндіктері де зерттелмек.
Энергетика жолында ең ірі ғылыми проблемалардың бірі – Қазақстанның бірыңғай энергетикалық системасының ғылыми негіздерін жасау. Бұл система энергетика ресурстарының алуан түрлерін есепке алады, қамтиды, сол арқылы электр қуатын молайтып, республикадағы энергетикалық базаларда толық, икемді және үнемді түрде пайдалануға жол ашады.
Сібір өзендерін батысқа бұрып Қазақстанды сумен қамтамасыз ету жөнінде де кең зерттеулер жүргізілмекші. Республикамыз үшін бұл жұмыс өте қажет, өйткені Қазақстанның кейбір аудандары минерал ресурстарға өте бай бола тұрса да, су реурстары өте тапшы. Қазір Қазақ ССР Ғылым академиясы мен С. Я. Жук атындағы «Гидропроект» институты жасаған жобасы негізінде Ертіс-Қарағанды каналын салу мәселесі іс жүзіне асырылады.
Академияның экономистері алдында да зор жұмыстар тұр. Олар жаңа ауыр өнеркәсіп орындарының құрылатын жерлерін жаңа техника мен технологияны өндіріске енгізудің экономикалық ең тиімді жолдарын, өндірістегі резервтерді табу, т.б. жұмыстарды орындамақшы.
Қазақ ССР Ғылым академиясының физика-математика, медицина, биология және гуманитарлық ғылымдарының зерттеу жұмыстары жоғары өрістетіле бермекші. Әсіресе, ядролық физика, электроника, автоматика сияқты ғылымның тараулары күшті қарқынмен дамымақ.
Келешекте де Қазақ ССР Ғылым академиясы өзінің зерттеулерін бұрынғы салт бойынша Қазақстанның өнеркәсіп орындарында істейтін инженер-техниктермен, озат жұмысшылармен тығыз байланыста отырып жүргізбекші. Республикамыздың экономикалық маңызды аудандарындағы негізгі өндіргіш күштерді дамыту проблемаларын талқылауға арналған сессияларын академия мұнан былай да халық шаруашылық советтерімен бірлесе отырып жүргізбекші. Осының бәрі ғылым мен өнеркәсіп орындарының арасындағы байланысты күшейтіп, ғалымдар ұсынған түрлі жаңалықтар республикамыздың халық шаруашылық советінің жүйесінде іс жүзінде тез орындалу жағдайын жеңілдетеді. Советтік Қазақстанның 40 жылдық мерекесі кезеңінде, Қазақ ССР Ғылым академиясының кейбір басты табыстары мен міндеттерінің жайы қысқаша айтқанда осылар.
* * *
СССР Жоғарғы Советінің 1957 жылғы ноябрьде болып өткен мерекелік сессиясында жасаған баяндамасында Н. С. Хрушев жолдас Қазақстанға «Совет Одағындағы табиғат байлықтарының таусылмас қазынасы» деген атақ берген еді.
Бұл атақтың дұрыстығын мынадан көруге болады: геологиялық тұрғыдан әлі толық зерттеліп жетпеген қазіргі күннің өзінде де Қазақстан мыстың, қорғасынның, мырыштың, кадмийдің, күмістің, хромның, ванадийдің, вольфрамның, молибденнің, фосфориттің, минерал тұздардың және басқа көптеген сирек, бытыраңқы түрде кездесетін металдардың запасы жағынан СССР бойынша ең жоғары орын алды. Темірдің, алюминийдің, никельдің, кобальттың, марганецтің, көмірдің, асбестің және тағы басқа пайдалы кендердің запасы жағынан Қазақстан Совет Одағы бойынша алдыңғы орындардың біріне ие болып отыр. Мұнай, табиғи газ, жанғыш сланец ресурстарының потенциалы да мейлінше зор.
Орасан зор минерал байлықтарды екпінді түрде пайдаланудың нәтижесінде Қазақстан қазірдің өзінде еліміздегі ең қуатты индустриялы орталыққа айналып отыр. Мұндай ұлы тарихи өзгерістерді жасауға Қазақстан ғалымдарының да сіңірген еңбегі зор.
Қазақстан ғалымдары, Қазақ ССР Ғылым академиясы өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын әрқашан республикамыздың табиғи байлықтарын зерттеуге, оларды өндіріс жүзінде толық пайдаланудың жолдарын ашуға, сондай-ақ ғылым мен өмірдің өзара байланыс жасап, ұласатын мәселелеріне арнап жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың арқасында республиканың өндіріс өміріне беретін үлесімен қатар, Қазақстан ғалымдары ғылымға да мол табыс қосып келе жатыр.
Республикамыздың сарқылмас табиғат байлықтарын одан ары аша беру, оларды коммунизм орнату ісіне ұтымды түрде пайдалану үшін ең алдымен ғалымдар, жұмысшылар, инженерлер – ой еңбегі мен қол еңбегінің қайраткерлері бірлесіп, ынта-жігерін аямай жұмыла бірлесіп өнімді жұмыс етуі тиіс.
Бұл істе, әсіресе Қазақ ССР Ғылым академиясы ғалымдарының атқаратын рөлі өте зор, өйткені біздің академия республикамыздағы советтік озат ғылымның жауапты штабы, кіндігі.
Қазақстан ғалымдары Совет Одағы Коммунистік партиясы мен Совет үкіметінің дана басшылығына, күнделікті қамқорлығына және көмегіне сүйене отырып, алдарына қойылған зор тарихи міндеттерді абыроймен орындап шығатынына сенім зор.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

СОВЕТТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ 40 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ТАРТУЫ

«Советтік Қазақстанның 40 жылдық мерекесіне қазақ ССР Ғылым академиясының тартуы» мақаласы алғаш рет Советтік Қазақстан ғылымы кітабынада (Наука Советского Казахстана) 1920-1960 жж. – Алматы: Наука, 1960. 8-25-бб. (689 б.) жарияланған. Сол жылдан бастап Қаныш Сәтбаев шығармаларының әр жылдарда жарық көрген жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 5 томдық. – Шымкент: Оңтүстік полиграфия, 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 218-233 бб.
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 262-281 бб.
Мақаланың түпнұсқасы мен одан кейінгі жарыққа шыққан нұсқаларының арасында текстологиялық мәселелердің бар екендігі анықталды. Мысалы:
«Эмба» атауы «Жем», «Сибирь» сөзі «Сібір» болып өзгертілген.
Мақалада кездесетін терминдер:
Космогония (грек. kosmos – ғарыш және gonea – туу, шығару, ұрпақ), ғарыштану – астрономияның ғарыштық денелер мен олардың жүйелерінің пайда болуы мен дамуын зерттейтін саласы.
Металлогениялық карта – жер қыртысының белгілі бір аймағындағы немесе бүкіл жер шарының пайдалы қазбаларының кен орындары мен олардың таралу заңдылықтары көрсететін геологиялық карта түрі.
Мохоровичич шегі – жер қыртысы мен мантиясы аралығындағы шекара; планета қабықтарын бөлетін бет.
Амальгама – сынапты металл қорытпалары.
Магнезиал фосфаттар – құрамында магний мен фосфат иондары бар химиялық қосылыстар.
Ядро спектроскопиясы – атом ядросының құрылымы мен қасиеттерін зерттейтін әдіс. Бұл әдіс ядролық сәулеленудің (гамма-сәулелер, бета-бөлшектер) спектрін зерттеу арқылы жүзеге асады.
Ядро резонансы – ядролардың сыртқы магнит өрісінде белгілі бір жиілікке резонанстық жауап беру құбылысы. Ең кең тараған түрі – ядролық магниттік резонанс.
Космос сәулелері – ғарыштан Жерге түсетін жоғары энергиялы бөлшектер ағыны. Олар негізінен протондар, альфа-бөлшектер және басқа ауыр иондардан тұрады.
Рудалардың спектроскопиясы – рудалар құрамындағы химиялық элементтер мен минералдарды спектрлік талдау әдісі арқылы зерттеу.
Сортаң жерлерді мелиорациялау – топырақтың сортаңдануынан туындаған мәселелерді шешу үшін қолданылатын шаралар жүйесі. Бұл шаралар жердің тұздану деңгейін азайтуға, ауыл шаруашылығына жарамдылығын арттыруға бағытталған.
Геоботаникалық карталар – белгілі аумақтағы өсімдіктер жамылғысының таралуын, құрамын және құрылымын көрсететін карталар. Геоботаника ғылымының негізінде жасалады және өсімдіктердің экологиялық, географиялық және фитоценотикалық ерекшеліктерін бейнелейді.
Картоптың фузариозы – картоптың Fusarium тұқымдасына жататын саңырауқұлақтардан туындайтын ауру. Бұл ауру картоптың тамыр жүйесіне, сабақтарына және түйнектеріне зиян келтіреді. Фузариоз картоптың өнімін айтарлықтай азайтып, оның сапасын төмендетеді.
Спектроскопия – заттардың құрамын, құрылымын және қасиеттерін зерттеу үшін олардың сәуле жұтқыштығын, сәуле шығаруын немесе шашырауын талдайтын ғылыми әдіс. Спектроскопия әртүрлі сәулелену түрлерімен (мысалы, жарық, рентген сәулелері, гамма-сәулелер, ультракүлгін және инфрақызыл сәулелер) өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асады. Әдіс химиялық, физикалық және биологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады.
Гидро- префиксі – суға немесе судың әсерімен байланысты құбылыстарды сипаттайды.
Пиро- префиксі – отқа немесе жоғары температураға қатысты құбылыстарды сипаттайды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы