Бұрын сауаты кем, мәдениеті кенже болып келген қазақ халқы Совет өкіметі жылдарында экономикалық және мәдени дамудың асқар асуларына көтеріліп, озық елге айналды. Кәзір республиканың ғылымы, мәдениеті, искусствосы мен әдебиеті көркейген, кемеліне келіп толысқан шағында, өрлеп өркендеу үстінде.
Ғылымның сан салада қаулап дамуы қазақ халқының социалистік мәдениетінің аса зор салтанаты болып табылады. Кәзір бізде Қазақ ССР Ғылым академиясы, Ауылшаруашылық ғылым академиясы, 110-нан астам ғылми-зерттеу институттары мен тәжірибе станциялары бар. Бүкіл еліміздің, қала берді республикамыздың өндіргіш күштерін онан әрі өркендетуде бұл ғылми орындардың атқарып отырған ролі, жүргізіп жатқан жұмысы орасан зор.
Ғылми-зерттеу, геология ұйымдары мен өнеркәсіп орындарының қажырлы еңбегі, творчестволық ынтымағы нәтижесінде Қазақстан шын мәнісіндегі кен қоймасына айналып отыр. Кәзір біздің республика хром мен ванадийдің зерттеліп табылған запасы жөнінде дүние жүзінде бірінші орында, ал мыстың, қорғасынның, мырыштың, күмістің, кадмийдің, вольфрамның, басқа да бірқатар минералдық шикізаттың запастары бойынша ел көлемінде бірінші орынға ие. Советтік Қазақстан темір, марганец, молибден, көмір, мұнай, фосфорит сияқты басқа да бағалы пайдалы қазындылардың запасы жөнінде Одақ бойынша алдыңғы қатарлы орынға шығып отыр.
Міне, осы фактілердің өзінен-ақ туған республикамыздың өскендігін, оның алып адыммен алға басу жолында екендігін көреміз. Осындай мол кен байлықтың негізінде социалистік бесжылдықтар кезінде Шымкент қорғасын заводы, Балқаш мыс балқыту заводы, Лениногор, Өскемен, Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары сияқты металлургия алыптары, Қарағандының шахталары мен Ембінің кәсіпшіліктері пайда болды; кәзір Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты, Қарағанды металлургия заводы, Павлодар комбайн заводы, Бұқтарма су-электр станциясы сияқты ауыр индустрия алыптары салынып жатыр.
Сөйтіп, бір кезде сүреңсіз меңіреу сар дала атанған Қазақстан жерінде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі табылып отыр. Бір шеті сонау кенді Алтай, Орталық Қазақстан, Торғай алқабы, екінші шеті Қаратау, Ембі, Орал бойы — тұтасқан бай қазына. Мысалға бір ғана Жезқазған мыс кенін алайық. Дүние жүзінде теңдесі жоқ бұл кеннің рудаларында мыстан басқа қорғасын да, мырыш та, күміс те бар. Үлкен Жезқазған комбинаты салынып біткеннен кейін Совет Одағында өндірілетін мыстың басым көпшілігін сол беретін болады.
Ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай жатқан бай кенді ашып, игеруде, оны ол игілігіне жаратуда республика ғалымдарының сіңірген еңбегі аса елеулі. Қазақстан геологтары жер байлығын жан-жақты, комплексті түрде зерттей отырып, тұңғыш рет Орталық Қазақстанның металлогениялық және болжау картасын жасады.
Қазақстан ғалымдарының алдына қойып отырған мақсаты көп те күрделі. Мәселен, гидрогеологтар мен мелиораторлар солтүстік және Орталық Қазақстанның, Каспий, Балқаш төңіре гінің, Маңғыстау жартыаралының әралуан кенге бай аудандарында су ресурстарын іздестіріп жатыр. СССР Ғылым академиясы мен Қазақ ССР Ғылым академиясының Торғай алқабын игеру жөніндегі бірлескен сессиясы су мәселесіне айрықша назар аударды. Кәзір Қазақстан ғалымдары кәрі Ертістің арнасын батысқа қарай бұрып, ғасырлар бойы игерусіз жатқан миллиондаған гектар шұрайлы аймақты суландыру мақсатын алға қойып отыр.
Совет өкіметі тұсында ғана өнер-білімге қолы жеткен қазақ халқы кәзір өз арасынан мыңдаған озық ойлы ғалымдарды, талантты жазушыларды, композиторларды, шебер суретшілерді, тамаша дәрігерлерді, педагогтарды шығарып отыр. Бір ғана Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамында 3.300-ден астам қызметкер бар. Олардың едәуір бөлігі — қазақ мамандары. Қазақстанда 25 жоғары оқу орындары бар.
Кешегі көшпелі қазақ елінің техникалық прогресс, мәдениет пен ғылым саласындағы асқар асуы міне осындай. Сондықтан да қазақ халқы бақытқа қолын жеткізген туысқан Коммунистік партия мен Совет үкіметіне, өзінің алтын ғасырына шын пейілмен шексіз риза.
ЖАҢАДАН ӨРГЕ БАСА БЕРЕМІЗ
Қазақстанның ғалымдары Н. С. Хрущев жолдастың «СССР халық шаруашылығын өркендетудің 1959-1965 жылдарда арналған бақылау- цифрлары» туралы жасайтын баяндамасының тезистерін белсенділікпен талқылауда. Барлық совет адамдары сияқты олар да жан басына өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру жөнінде неғұрлым алда келеді деген капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озу саласында партия қойған тарихи міндетті тез орындау ісіне өздерінің лайықты үлесін қосуға деген жігерлі талабын білдіріп отыр.
Алдағы жетіжылдықта бақылау цифрлары бойынша Қазақстандағы халық шаруашылығын өркендетудің қарқыны бүкіл елдегі қарқыннан орта есеппен едәуір артық болуға тиіс. Жұмсалатын күрделі қаржының мөлшері 116-119 миллиард сом болады, немесе мұның алдындагы жеті жыл ішінде жұмсалған қаржыдан екі еседен аса артық. 1965 жылға дейін жалпы өнім шыгару шамамен 2.7 есе артады.
Қазақстанның ғалымдары халық шаруашылығының негізін – ауыр индустрияны өркендетудің республика алдына қойылып отырған орасан келелі мәселелерін шешуді, ең алдымен, түсті және қара металдар өндіруді едәуір арттыру міндетін шешуді өздерінің басты міндеті ден біліп отыр.
Қазақстан Оғанға кәзірдің өзінде елде өндірілетін қорғасынның, мыстың және мырыштың көпшілік бөлігін береді. Жетіжылдықтың аяғына дейін мыс рудасын екі еседен, қорғасын-мырыш рудасын 1,7 есе көп шығару, тазармаған мысты екі еседен аса, рафинацияланған мысты 3,2 есе, қорғасынды 1,3 есе, мырышты 1,7 есе көп өндіру керек болады. Шойын, алюминий өндіру ұйымдастырылады, болат қорыту 15 есе арттырылуға тиіс.
Еліміздегі аса ірі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты іске қосылады. Ол жылына 19 миллион тонна темір рудасын береді. Ермак ферросплав заводы, Лисаков және Қашар кен байыту комбинаттары, үлкен Жезқазған, тағы басқа кәсіпорындар салынады.
Осының бәрі геологиялық зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайтып, минерал қорларын онан әрі іздеп табу мен зерттеу жөнінде көп еңбек етуді, оларды тезінен пайдаланудың неғұрлым ұтымды шараларын белгілеуді талап етеді.
Қазақстан ғалымдары республика территориясында пайдалы кендерді кеңістікте орналасу заңдылықтарын анықтады, орталық Қазақстан мен кейбір басқа да аудандардың темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, молибден, вольфрам, титан, цирконий, көмір кендерін қамтыған болжам және металлогеника карталарын жасап, оларды жетілдіре түсуде.
СССР, Қазақ ССР Ғылым академияларының, геология және кендерді қорғау жөніндегі одақтың және республикалық министрліктердің 8 декабрьде Алматыда шақырылатын біріккен ғылыми сессиясы тәжірибе қорытуға және металлогеникалық карталар мен болжам қарталарын жасаудың неғұрлым тиімді әдістерін белгілеуге арналады.
Алдағы жетіжылдықта кен породаларын қопару, руда, мұнай және көмір кендерін пайдалану жөнінде Қазақстан ғалымдары белгілеген, тиімді жаңа әдістер өндіріске енгізіледі.
Олар белгілеген мыс концентраттарын қорытудың циклондық энерго- металлургиялық әдісі көрнекті роль атқармақ. Оны қолдану Балқаш кен металлуогия комбинатында салынған жартылай өнеркәсіптік циклон пешінде жүзеге асырылды. Мұның өзі қорыту агрегатының өнімділігін отражатель пешінде қорытумен салыстырғанда, 30 еседен аса, ал шахтадағы ең жедел қорытумен салыстырғанда, 10 еседен аса арттыруға мүмкіндік беретіні дәлелденді.
Республиканың ғалымдары химия саласындағы зерттеулерін едәуір ұлғайтады. Республиканың химия өнеркәсібін өркендетуге алты миллиард сом жұмсау жобаланады, оның жалпы өнімі 4 есе арттырылады.
Қазақстанның ядролық физика, астрофизика, метеорология саласындағы жаңа міндеттерді шешуде атқаратын ролі арта түседі. Таяу жылдарда атом реакторы іске қосылады. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының ядролық физика институтында жұмыс істемек. Машиналық есеп математикасының республикадағы тұңғыш лабораториясында жабдықты монтаждау жұмысы басталды.
Жетіжылдық жоспардың жобасы ауыл шаруашылығын өркендету саласында жүргізілетін ғылыми жұмысқа |жаңа өріс ашады. Биыл Отанға 950.200 мың пұт астық тапсырған Қазақстан еліміздің екінші астықты республикасына айналған жағдайын баянды етті. Тың жердің құнарлылығын сақтап, молайта беру, мақтаның шығымдылығын, қант қызылшасының қанттылығын арттыру, бау және жүзім шаруашылықтарын өркендету ісінде колхоздар мен совхоздарға көмектесу, мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын қарыштаған қарқынмен жаңадан алға бастыру үшін ғалымдардың көп еңбек етуіне тура келеді.
Совет халқының тұрмысындағы жаңа дәуір – коммунистік құрылысты өрістете жүргізудің дәуірі Қазақстанның ғылыми мекемелерінің алдына қоғамдық ғылымдарды творчестволықпен онан әрі дамытудың, маркстік-лениндік философияның, тарихтың, көркемөнердің, тіл мен әдебиеттің археология мен этнографияның келелі мәселелерін шешудің міндетін қойып отыр.