Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1956-1959 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ  ҰЛЫ ОКТЯБРЬДІҢ ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҒЫНА

Қазақстан Октябрьге дейінгі дәуірде
 
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Қазақстан патша үкіметінің ең артта қалған отар елдерінің бірі еді. Халқының екі проценттейі ғана сауатты болатын. Негізгі шаруашылығы – табиғаттың мылқау күшіне бүтіндей бағынған көшпелі мал шаруашылығы болды. Аздаған ғана отырықшы жұрты Қазақстанның сыртқы шекарасын қоршап, шашырай қоныстанып отыратын. Оның орталығы, аумағы бір млн. квадрат километрден астам, бос жатқан кең-байтақ жер еді. Бұл шетсіз, шексіз кең жазықтар өзінің қойнына сансыз минерал қазыналарын тығып жатты. Сонау ежелгі заманда, бұдан 3 мың жылдан да гөрі ертеректе, мұндай кендердің үстіңгі қабаттары өндіріліп, мыс, қалайы, түрлі салтты білдіретін бояулар жасалған. Кейінірек, патша үкіметі тұсында, оған қанішер-капиталистер ашқарақтана қол созды. Олар бұл жерлердегі сыры ашылмай жатқан минерал байлықтарының аса бағалылығын сезді, бірақ оны зерттей біліп, айтарлықтай дәрежеде керегіне жарата алмады. Сарқылмас қазба байлықтарының қаймағын ғана ешбір жоспарсыз, ысырап етіп алумен тынып отырды. Бұның есебіне еңбекші бұқара адам айтқысыз қанауға ұшырайтын. Әсіресе мықтап жапа шеккен еңбекші қазақ халқы болды. Ол екі жақты қысымға – байлардың, сұлтандардың, тағы басқа жергілікті феодалдар мен жартылай феодалдардың және патша чиновниктері мен отаршыларының езгісіне түсті. 
Советтік Қазақстан дамуының негізгі кезеңдері мен қорытындылары
Ұлы Октябрь социалистік революциясы ескі капиталистік дүниенің іргетасын күл-талқан етті де, ССРО халықтарының тарихында жаңа заманның бастамасын салды. 1917 жылдың 15 ноябрінде жаңа ғана орнаған Совет мемлекетінің жоғарғы органы – Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті «Россия халықтары правосының декларациясын» жариялады. Бұның негізгі принциптері – Россияның барлық халықтары арасындағы теңдік пен дербестігі баяндалғанды.
1920 жылдың 26 авгусында Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік Автономия Республикасын құру туралы декрет жарияланып, оны Қазақстан еңбекшілері зор қуанышпен қарсы алды.
1920 жылдың 4 октябрінде Советтердің Бүлқазақтық бірінші Құрылтай съезі ашылып, Қазақ Советтік Социалистік Автономия Республикасының Конституциясы мен еңбекшілер правосының декларациясы қабылданды.
Октябрь революциясы орнағаннан бері небары қырық жыл өтті. Осы азғантай тарихи мерзім ішінде Қазақстан адам айтқысыз болып өзгерді. Мейлінше артта қалған, мешеу дамыған мал шаруашылықты елден ол ең озат техникамен жабдықталған, аса ірі өнеркәсіп орындары бар индустриялы-аграрлық республикаға айналды. Қазақстанның халықтық табысының 77 %-тін бұл күндері оның қуатты әрі көп салалы социалистік өнеркәсібі өндіреді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы колхоз, совхоз өндірісі болып алды. Мал шаруашылығы саласында жергілікті мал тұқымдарының сапасын арттырып, санын көбейтумен қатар, малдың шаруашылық тұрғысынан анағұрлым тиімді жаңа тұқымдарын шығару кең өріс алып отыр. Егін шаруашылығы саласында дәнді дақылдардың сорттық сапасы жақсартылып, егістік жер көлемі ұлғайтылумен бірге, мақта, қызылша тәрізді бағалы техникалық дақылдар да егіле бастады.
Еліміздің географиялық бейнесінде түбірлі өзгерістер болды. Бұрынғы бос жатқан кең байтақ жер Орталық Қазақстанның жүрегінде қазір пәрменді индустрия өмірі қайнайды. Бұнда бүкілодақтық үшінші отын қоймасы – Қарағанды бассейні орнады. ССРО-дағы аса ірі Балқаш заводы, Қоңырат руднигі мен Жезқазған комбинаты салынды. Орталық Қазақстанның кең жазықтарын бұл кезде болат жолдар айқыш-ұйқыш тіліп өтеді.
Советтік Қазақстанның ғылымы мен түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет орнату майданындағы табыстары да сүйсінерлік. Қазір Қазақстан халқы жаппай сауатты республика болды. Қазақ ССР Оқу министрлігінің бастауыш және орта мектептерінің өзінде ғана бір миллионнан астам бала оқиды. Бұған қоса республиканың барлық ересек азаматтары көптеген үйірмелер мен курстар жүйесі арқылы белгілі бір жалпы немесе арнаулы даярлық оқулардан өтеді және өтіп те жатыр. Өткен қырық жыл ішінде Советтік Қазақстан алып оқу комбинаты тәрізді болды, онда республиканың барлық әйел және ер азаматтары оқып білім алды десек, ешбір асырып айтқандық болмайды.
Революцияға дейінгі Қазақстанда бір де бір жоғары, тіпті, орта арнаулы оқу орны болған жоқ. Совет үкіметі жылдарында, әсіресе бірінші бесжылдықтан бастап, Қазақстанда техникумдар мен жоғары оқу орындарының кең жүйесі орнады. Қазір олардың саны 110-нан асады. Республиканың 26 жоғары оқу орындарында жыл сайын 25 мың студент оқиды, олардың 10 мыңнан астамы қазақ жастары.
Мыңдаған жас жігіттер мен қыздар еліміздің Москва, Ленинград және басқа қалаларында оқып, жоғары білім алуда.
Тамаша табыстарға ие болған қазақ әдебиетінің жетістіктері сан рет Отанымыздың астанасы Москвада өткізілген қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы күндерінде жұртшылыққа таныстырылды. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына сыйлық берілді. Қазақстанның С. Сейфуллин, I. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин тәрізді талантты жазушылары Одағымыздың барлық халықтарына таныс. Мәңгі өшпейтін Жамбылдың ақындық дарыны гүлденіп, кемеліне келе шарықтады.
Қазақ халқының көп жанрлы өнерінің іргесі қаланды. Қазақстанның Академиялық опера және драма театрларында, сондай-ақ республикамыздың басқа да профессионал театрларында Қазақстан драматургтері мен композиторларының аса көрнекті шығармаларымен қатар, орыс және бүкіл дүниежүзі классиктерінің пьесалары мен опералары, қазақ әдебиеті мен өнерінің ең тандаулы дастандары қойылады. Қазақстан өнерінің кемеліне келгеніне көркемөнер өкілдерінің аса көрнекті бір тобына берілген сыйлықтар айғақ бола алады. ССРО халық артисткасы, таяуда мезгілсіз қайтыс болған Күләш Байсейітованы, М. Төлебаевты, Е. Брусиловскийді, Қ. Қожамьяровты, Қазақ ССР-ның халық артистері: А. Жұбановты, Қ. Қуанышбаевты, С. Қожамқұловты, Ш. Аймановты, Ж. Омарованы, Шараны, қазақ өнерінің тағы басқа талантты шеберлерін Қазақстанның еңбекшілері орынды мақтаныш етеді.
Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарының тууы және дамуы
Қазақстан ғылымы асқан шапшаңдықпен өсіп дамыды. Бұның өзі социалистік экономика мен мәдениетті орнату жолында Қазақстанның басынан өткен және әлі де өтіп жатқан айбынды істер тұрғысынан қарасақ, әбден түсінікті және заңды да.
Бұдан небары 40 жыл ғана бұрын Қазақстанның ғылымы туралы мәселе қозғаудың өзі де мүлде қисынсыз еді, өйткені революцияға дейінгі Қазақстанда Орыс география қоғамының бірнеше шағын ұяларынан басқа бірде-бір тұрақты ғылыми орталық болған жоқ.
Қазақстанның адам аяқ баспаған, ұшы-қиыры жоқ кең жазық далаларының алуан сырлы бай табиғаты Октябрьге дейінгі дәуірде Россияның орталығынан келетін бірен-саран ғалымдардың тарапынан тек маршруттық экспедициялық жолмен ғана зерттелетін. Қазақстан жерін зерттеудің инициаторы Петр I болды. Ол 1715 жылдан бастап Қазақстанға түрлі геологиялық экспедициялар жібере бастады.
Революцияға дейінгі дәуірде Қазақстанды зерттеушілердің ішінде орыстың көптеген аса ірі оқымыстылары болды, олар Қазақстанның табиғаты мен халқы туралы бағалы еңбектер қалдырды. Біз аса көрнекті географтар П. П. Семенов-Тяньшанский, Ш. Уәлиханов, Г. Н. Потанин, И. Рычковтардың, геологтер И. В. Мушкетов, Г. Д. Романовский, А. А. Краснопольский, А. К. Мейестер, А. А. Козырев, В. А. Обручев, Н. Г. Кассин, М. П. Русаков, В. Н. Вебер, М. А. Усов, А. Д. Архангельскийлер, жер қыртысын зерттеушілер С. С. Неустроев, Л. И. Прасолов, А. И. Бессоновтар, ботаниктер Г. С. Карелин, А. И. Шренк, Б. А. Федченко, И. М. Крашенниковтардың, зоолог П. А. Северцовтың, гельминтолог К. И. Скрябиннің, натуралист А. Леманның, тарихшы И. Левшиннің, шығысты зерттеуші В. В. Радловтың, революцияға дейінгі Қазақстанның табиғаты мен халқын зерттеу арқылы отандық және дүниежүзілік ғылымды байытқан тағы басқа көптеген ғалымдардың есімін асқан сүйіспендікпен атаймыз.
Қазақстанды зерттеудің маршруттық-экспедициялық әдісі республикамыздың халық шаруашышығын қалпына келтіру және дамытудың алғашқы дәуірінде де қолданылды. Соңынан жергілікті ғылыми-зерттеу орталықтарының жүйесі құрылып, ол қаулап өсе бастады. Алғашында бұлар салынып жатқан ауыр өнеркәсіп орындарының жанындағы геологиялық-барлау, химиялық-лабораториялық тағы басқа ұялар, тұңғыш жоғары оқу орындары мен техникумдардың кафедралары мен кабинеттері, территориялық геология және геодезия қызметінің мекемелері, жер шаруашылығы органдарының жүйесіндегі зоналық тәжірибе станциялары т.б. түрінде болды.
Қазақстанда ғылыми мекемелердің туып, өріс алуы республиканың социалистік құрылысының жалпы даму қарқынымен тығыз байланысты еді. Қазақстанның жас советтік ғылымының туын, қалыптасуына тән ерекшелік мынадай негізгі және спецификалық екі белгіде болды: а) социалистік құрылыстың барысында алға қойылған ғылыми проблемалардың нақтылығы және сол кез үшін практикалық зор маңыздылығы; б) ғылымға бөгет болатын «академизм» дәстүрі, схоластика және басқа революцияға дейінгі дәуірдің зиянды құбылыстарының болмауы. Осы спецификалық белгілер алғашқы күндерден бастап-ақ ғылым мен практика арасындағы органикалық байланысты қамтамасыз етті.
Қазақстанда ірге теуіп, өркендеген ғылым өзінің даму жолында үнемі прогреске ұмтылған әрі ешбір жеңіліске ұшырамайтын нағыз жаңа күннің өзі еді. Маркстік диалектиканың осы заңын шындыққа шығаратын айқын дәлел Қазақстанның жас ғылымының шарықтап өсуі болып табылады. Қазір бұл ғылым Қазақ ССР Ғылым академиясы бастаған қуатты әрі көп тармақты ғылыми мекемелер жүйесі арқылы өзін танытып отыр.
ССРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасы мен Қазақ филиалы
1932 жылы ССРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасы – болашақ Қазақ ССР Ғылым академиясының негізі құрылды.
ССРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасында алғашында екі сектор: Зоология және Ботаника секторлары болды. Сол 1932 жылы Алматы қаласында Ботаника бағының іргесі қаланды.
1935 жылы Геология және Тарих секторлары құрылып, Балқаш, Лениногорскі қалаларында ботаника бақтары отырғызылды. Келесі 1936 жылы тағы да жаңадан екі сектор: Қазақ тілі мен әдебиеті және Халық творчествосы секторлары ашылды.
1938 жылы База ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына айналдырылды. Бұдан бір жыл кейін, 1939 жылы Филиалдың құрамында Жер қыртысын зерттеу және География секторлары құрылып, Қарағанды қаласында ботаника бағы отырғызылды.
ССРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасына, кейінірек Қазақ филиалына ССРО Ғылым академиясы Президиумының жанындағы филиалдар мен базалар жөніндегі Совет үлкен көмек көрсетті. Осы Советтің инициативасымен ССРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасы Москва қаласында Үлкен Алтайды, Үлкен Жезқазғанды, Қарағанды мен Жемді өркендету мәселелері жөнінде көшпелі сессиялар өткізді.
Алайда Қазақстанда ғылымды дамытудың аса маңызды кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Бұл кезде майдан талабы, Отан қорғау қажеттігі Қазақстанда ғылымның өсу, жетілу қарқынын үдете түсті және қысқа мерзімнің – небары бір бесжылдықтың (1941-1946) ішінде Қазақ филиалын өз алдына дербес Қазақ ССР Ғылым академиясына айналдыруға ықпалын тигізді.
Әңгіме мынада, 1941 жылға дейін ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрылысы жағынан едәуір өскендігіне қарамастан, іс жүзінде шағын ғана ғылыми мекеме болып келді. Оның небары 100 адамға жуық ғылыми қызметкерлері болды, олардың ішінде ғылым кандидаттары 14 адам, ғылым докторлары 3 адам ғана еді. Бұның өзі алғашқы үш бесжылдықты ойдағыдай жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанның бірінші дәрежедегі ауыр индустрияға ие болған, ауыл шаруашылығы көп салаланып жетілген, әрі механикаландырылған кезеңі болатын. Сондықтан Қазақстанда ғылымның халық шаруашылығын дамыту қарқынынан кенжелеп қалуын барынша тездетіп жою аса маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі болды.
Болып жатқан Ұлы Отан соғысы еліміздің материалдық және рухани мүмкіндіктерін майдан мұқтажына, күшті де рақымсыз жауды жеңу ісіне жұмылдыруда ғалымдардың атқаратын рөлін бұрынғыдан да гөрі арттыра түсті. Майданды металмен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші қуатты арсенал болған Қазақстанның ғалымдары атқаратын рөл ерекше жауапты болды. Сол себепті, соғыс басталған күннен бастап, филиалдың соғысқа дейінгі бүкіл тақырыптық жұмыс жоспары қайта қаралып, ғылыми күштердің бәрі түгелдей Қазақстанның алуан сырлы ресурстарын тауып, оларды іске қосуға, жауды жеңуге бағытталған практикалық маңызы зор проблемаларды шешуге жұмылдырылды.
1941 жылдың өзінде-ақ филиал Отан қорғау және халық шаруашылығы үшін маңызды 40-қа жуық практикалық ұсыныстар енгізді. Ол ұсыныстар Қазақстан марганецін еліміздің қорғанымпаздық қуатының тірегі Магнитогорск комбинатының мұқтажына пайдалану, Теміртауда болат балқытатын тұңғыш завод салу, республикада түсті металдар қорытуды арттырудан бастап, мата бояу үшін басқа жақтан әкелінетін анилин бояуларының орнына жергілікті өсімдік бояуларын пайдалануға шейін көптеген мәселелерді қамтиды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Халық комиссарлары Советінің көмегі және ықпалымен бұл ұсыныстар жүзеге асырылды. Осымен байланысты филиалдың іскерлік қабілетіне өндіріс орындары мен жұртшылықтың сенімі арта бастады. Ертеректе құрылып, кейін Қазақстанға эвакуацияланған өнеркәсіп орындарының, республиканың социалистік ауыл шаруашьшығы мен мәдениетінің филиалдан көмек көрсетуді және кеңес беруді сұраған талап-тілектері де өсе берді. Алайда филиалдың қолда бар күші өмір қажеттерімен салыстырғанда мейлінше аз еді. Кадрларды өсіру және филиалдың бүкіл жұмысын көтеру күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, сол 1941 жылдан бастап филиал зор қарқынмен өсе бастады.
Өсу үшін жаңадан кадрлар тарту (күн санап көбейе беретіндей етіп), олардың жұмысын ұйымдастырып, ғылыми дәрежесін көтеру, жаңадан ашылатын лабораториялар мен институттарға жабдықтар мен материалдар алу, оларды орналастыратын орындар, жаңа шақырылған ғылыми кадрлар үшін тұрғын үйлер іздестіру қажет болды.
Қажетті ғылым кадрлары КПСС Орталық Комитеті мен ССРО Министрлер Советінің көмегімен, ең алдымен, Алматыдағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан, өндіріс мамандары есебінен, жоғары оқу орындарын бітірушілер есебінен, ССРО-ның басқа орталықтарынан келген мамандар есебінен және ішінара жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы қатарынан қайтқандар есебінен шақырылды. ҚК(б)П Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің арнаулы қаулысы бойынша 1942 жылы филиалдың жанынан қуатты аспирантура ашылуы да ғылым кадрларының өсіп, нығаюына жаңадан кең мүмкіндіктер ашты.
Қажет жабдықтар мен материалдарды, ең алдымен, жоғары оқу орындарының лабораторияларынан іздестірдік, ішінара Республиканың және ССРО-ның басқа да аудандарының өңдіріс орындарына тапсырыс берілді немесе солардан алынды.
Зерттеу жұмыстарының көлемі кеңеюмен байланысты, филиалдың құрылымы да өзгере берді. Егер 1941 жылдың басында ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының құрамында небары жалғыз ғана Геология ғылымдарының институты (ол қалыптасу сатысында болатын), 7 сектор, 2 лаборатория болған болса, одан бір жыл өткеннен кейін, мұнда 3 институт: Геология, Астрономия мен Физика; Тіл, әдебиет және Тарих институттары болды. Сол 1942 жылы Геология институтының Технологиялық лабораториясы мен Биология лабораториясының негізінде төртінші – Химия-металлургиялық институт құрылды. 1943 жылы Жер қыртысын зерттеу және Ботаника институты, ал 1944 жылы тағыда екі институт – Жергілікті патология және Зоология институттары ұйымдастырылды. 
Ұлы Отан соғысының қиын жағдайларына қарамастан, ғылыми жұмыс еліміздің өскелең талаптарынан қалыспай дамыды және ғылыми мекемелер, оның ішінде ССРО Ғылым академиясы, ғылым мен өндіріс саласындағы жаңашылдар қозғалысы ғылымның орталығына айналады. 1944 жылдың 18 авгусында Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің «Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырудың әзірлік шаралары туралы» қарары қабылданды. Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің «ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының жаңа құрылымы мен штаттары туралы» деген 1944 жылдың ноябрь айында қабылданған қаулысында Қазақ филиалының құрамында 15 институт және 7 сектор құру қаралды. Жаңа институттар Қазақ филиалының сол уақыт ішінде іріленіп алған комплексті институттарын табиғи жолмен бөлшектеу есебінен құрылды. Мысалы, Химия-металлургия институттың негізінде: Химия, Металлургия және байыту, Отқа төзімді және құрылыс материалдарының 3 институты; Жер қыртысын зерттеу және Ботаника институтының негізіңде 2 институт – Жер қыртысын зерттеу мен Ботаника институты; Зоология институтының негізінде 2 институт – Зоология мен Эксперименттік биология институты ұйымдастырылды. Қазақ ССР Үкіметінің бұл қаулысы іс жүзінде болашақ Қазақ Ғылым академиясының құрылымын әзірлеп берді. 
Айрықша атап көрсететін нәрсе, мейлінше қысқа мерзімнің, небары бес-ақ жылдың ішінде филиалдың, ал кейінірек ҚазақССР Ғылым академиясының ғылыми базасы мен құрылымын шұғыл өсіріп, 1941 жылғы бір институтты 1945 жылы 15 институтқа жеткізу үлкен жетістік болды.
Филиалдың жаңа институттары мен лабораторияларын орналастыру үшін ең алдымен жоғары оқу орындарының оқитын үйлері мен лабораториялары, филиалдың өз үйі және Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің нұсқауы бойынша Алматы қаласының онсыз да жетіспей жатқан коммуналық қорынан бөлінген үйлер сиғанынша тығыздалып пайдаланылды.
Алайда ұйымдастыру жұмыстарындағы осы орасан зор қиындықтарға қарамастан, филиалдың ғылыми өмірі өсіп, өркендей отырып, ол өз жұмысында практикалық және теориялық маңызды аса құнды нәтижелерге ие болды. Филиалдың шапшаң қарқынмен өсе бастаған алғашқы күндерінен бастап-ақ оның зерттеу жұмыстарының дұрыс бағытқа түсіп, қажет методологиялық бағдар таба білуі көбінесе еліміздің аса ірі ғалымдарының туысқандық көмегіне байланысты еді. Мысалы, ССРО Ғылым академиясының Президенті академик В. Л. Комаров, академиктер И. П. Бардин, А. А. Байков, В. А. Обручев, А. А. Скочинский, П. В. Цицын, Д. Н. Прянишников бастаған көптеген ғалымдар Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда жиі-жиі болып және ұзақ уақыттар бойы осында тұрып, қызмет істеп, республикамыздың табиғи ресурстарын майдан керегіне жаратуға барынша көмектесті.
Филиалдың ғылыми тақырыптарындағы түбірлі мәселелерден, практикалық ұсыныстарды жүзеге асыру мәселелерінен бастап, ғалымдардың күй-тұрмысы, азық-түлігі жөнінде жасалатын қамқорлықтарға дейінгі барлық жұмыстар ҚКП Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің күнделікті басшылығы, көмегі бойынша жүріп жатты.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап филиалдың жұмыс тақырыбы еліміздің кезек күттірмейтін практикалық мұқтажына бүтіндей бағындырылды. Бұның өзі Қазақ ССР-ында ғылымның қаулап өсуін қамтамасыз еткен игілікті жай болды. Соның нәтижесінде барынша қысқа мерзімнің – небары 5 жылдың ішінде ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы 1941 жылға дейінгі шағын ғылыми мекемеден өсіп жетіліп, қарамағында ғылымның барлық негізгі салаларын түгелге жуық қамтитын күшті 15 ғылыми-зерттеу институты бар озат ғылымның Қазақстандағы шын мәніндегі қуатты орталығына айналды. 1946 жылдың бірінші июні күні ол орынды түрде Партиямыз бен Үкіметіміздің қаулысы бойынша кемелденіп жетіскен Қазақ ССР Ғылым академиясы болып қайта құрылды. 
Төменде келтірілген кесте филиалдың бес жыл ішіндегі жұмыстарының нәтижесін айқын көрсетеді:
 
Рр/с Ғылыми жұмыстардың көрсеткіштері 1941 ж. 1948 ж. 1941 жылмен салыстырғанда өсу дәрежесі
1 Ғылым кадрларын даярлау (адам саны): 
 
а) ғылым докторлары 
35719 есе
б) ғылым кандидаттары 
1418413,1 есе
в) ғалымдық дәрежесі жоқ ғылыми қызметкерлер
 
72
503
7 есе
г) өндірістен қол үзіп оқитын аспиранттар221285,8 есе
2 Ғылыми кадрлардың жалпы саны 111 872 7,8 есе
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінген қаржының молшері (млн.. сом)
3,9
45,2
11 есе
3 Зерттеліп жатқан ғылыми тақырыптар 60 368 6,1 есе
4 Далалық экспедиция отрядтары саны 23 141 6,1 есе
5 Ғылыми-зерттеу институттарының саны 1 15 15 есе
 
 
Бұл цифрлардың айқындығы сонша, тіпті, ерекше түсіндірулерді қажет те етпейді.
Бұнымен қатар Қазақ ССР-інде ғылымның мұншалықты өрлеп дамуы ешбір қайшылықсыз, қатесіз де болмағанын атап өту қажет. Алайда бұл кемшіліктерді жалпы табыстарымызбен, атап айтқанда, небары бір ғана бесжылдықтың ішінде Қазақстанда зор советтік ғылымның негізін қалауға керек жағдай туғызған, өзінің дәрежесі жағынан еліміздегі социалистік халық шаруашылығы мен мәдениетті дамытудың алып екпініне тең, шын мәніндегі тарихи тамаша нәтижелермен салыстыруға мүлде болмайтын.
Қазақ ССР Ғылым академиясының кұрылуы және дамуы
Қазақ ССР Ғылым академиясы 1946 жылы 1 июньде ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының негізінде құрылды. Ондағы ғылыми жұмыстар үздіксіз дами берді, себебі олар республиканың күшті қарқынмен өсіп-өркендеп келе жатқан халық шаруашылығы мен мәдениетінің түбірлі мүдделерімен шарттас еді.
Қазақ ССР Ғылым академиясының 1946-1957 жылдар арасындағы қызметі кестеде бейнеленген.
Бұл кестені талдағаңда, Қазақ ССР Ғылым академиясының өткен он жыл ішінде шапшаң қарқынмен өсе бергенін көреміз. Бұл уақыт ішінде кадрлардың саны үш еседен артты. Ғылым докторлары 1,3 есе, ғылым кандидаттары 2,6 есе, ғылыми дәрежесі жоқ, бірақ жоғары білімі жөнінде дипломы бар ғылыми қызметкерлердің саны 3,7 есе көбейді. Ғылыми зерттеулердің көлемі екі еседен артық, ал экспедиция отрядтарының саны 1,5 есе артты. Дегенмен бұнда зерттелетін ғылыми тақырыптардың саны артпағаны былай тұрсын, қайта 1946 жылға қарағанда олардың біраз қысқарғаны байқалады. Бұның өзі тақырыптың өрістеу барысындағы қажеттілікке байланысты ұсақ тақырыпшалардың санын көбейтетін жан-жақты «іздену» фазасының аяқталып, оның орнын екінші фазаның басқанын көрсетеді. Бұл кезде Академияның тақырыптары бұрынғыдан анағұрлым терең әрі егжей-тегжейлі зерттеуді керек ететін белгілі бір маңызды және комплексті проблемалардың төңірегіне шоғырлана түскен. Мұның есесіне 1946 жылға қарағанда ғылыми кадрлардың, бөлінген қаржылар мен экспедициялардың саны мықтап өсті.
Өткен он жылдың ішінде 1 институт (Шөл далаларды зерттеу және игеру) құрылып, кейін айтарлықтай себебі болмаса да таратылып жіберілді, 1 институт (Эксперименттік биология) Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының қарамағына көшірілді және жаңадан 6 институт (Кен істері, Экономика, Алтайдағы кен-металлургия, Мұнай, Микробиология мен вирусология, Ядролық физика) құрылды.
 
Рр/с Ғылыми жұмыстардың көрсеткіштері 1946 ж. 1957 ж. 1946 жылмен салыстырғанда өсу дәрежесі
1Ғылым кадрларын даярлау:
а) ғылым докторлары57881,3 есе
б) ғылым кандидаттары1844802,6 есе
в) ғылыми дәрежесі жоқ ғылыми қызметкерлер (жоғары оқу орнының дипломы бар)5037011,3 есе
г) өндірістен қол үзіп оқитын аспиранттар1281351,05 есе
Ғылыми кадрлардың жалпы саны87214041,6 есе
2 Қаржының мөлшері (млн.. сом) 45,2 91,9 2 есе
3 Зерттеліп жатқан ғылыми тақырыптардың саны 368 341 —
4 Экспедиция отрядтарының саны 141 220 1,5 есе
5 Ғылыми-зерттеу институттарының саны 16 21 1,3 есе
 
 
Қазіргі уақытта Қазақ ССР Ғылым академиясы аса ірі және комплексті ғылыми ассоциацияға айналып, Республикадағы ғылымның шын мәніндегі орталығы болып алды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының құрылымы мен кадрлары
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелерінің құрылымы олардың зерттейтін проблемаларының тұтастығына қарай комплекстеу принципіне негізделген. Мысалы, минерал ресурстар қорының толып жатқан түрлерінің бары және олардың атқаратын рөлінің тек Қазақстан экономикасы емес, бүкіл Совет Одағы үшін де күн санап өсіп келе жатқаны ескеріліп, минерал шикізатты зерттеуге, игеруге қатысты бар ғылыми мекемелердің бәрі «Минерал ресурстар бөлімі» болып біріктірілген. Бұндай бөлім ССРО Ғылым академиясы жүйесінде де, басқа Одақтас республикалардың Ғылым академияларында да жоқ. Қазақ ССР Ғылым академиясында құрылған бұл бөлімнің өзін-өзі толық ақтайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Жер қыртысын зерттеу институтының егіншілік мәселелерін шешуде үлкен пайдасы бары ескеріліп, ол Ботаника институтымен және ботаника бақтарымен қоса «Биология ғылымдары бөлімінің» құрамына енгізілді. Егер ССРО Ғылым академиясының Жер қыртысын зерттеу институты 1950 жылға дейін «Геология-география ғылымдары бөлімінің» құрамында келгенін ескерсек, бұның да өз кезіндегі жаңалық шаралардың бірі болғанын байқаймыз.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Геология институты ішіндегі секторлар мен бөлімдердің құрамы да формалық классификация жолымен жүйелене салмай, комплекстік-өндірістік негізге сүйене жасалған. Ал ССРО Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институтында әлі күнге формалық классификация орын алып келеді.
Мал шаруашылығы мен өсімдік ресурстарының мәселелерімен шұғылданатын институттардың құрамында Қазақстанның социалистік мал және егін шаруашылығы озаттарының тәжірибелерін зерттеп, қорытатын бөлімдер ашылды. Тек Қазақ ССР Ғылым академиясына ғана тән жаңа ғылыми мекемелердің қатарына: бұл күнде таратылып жіберілген Шөл далаларды зерттеу және игеру институтын, Астроботаника секторын, Геологиялық ғылымдар институтының микрохимиялық лабораториясын қосуға болады. Соңғы аталған лаборатория өзінің зерттеу әдісінің ерекшелігі, шеберлігі жағынан ССРО-да сирек ұшырасатын ғылыми мекеме болып отыр. Төменіректе Жер қыртысын зерттеу институтының Топырақ микробиологиясы лабораториясына да тоқтала кеткен жөн.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелері құрылымына енгізілген бұл жаңалықтардың дұрыс ойластырылған шаралар екені тәжірибеде анықталып отыр. Олар ғылыми тақырыптарды тиімді етіп комплекстендіре, маңызын арттыра түседі, соның нәтижесіңде ғылыми-зерттеу жұмыстардың қорытындыларының халық шаруашылығындағы құны айтарлықтай жоғарлады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелерінің құрылымы қазіргі уақытта былайша қалыптасқан:
Минерал ресурстар бөлімінде 10 ғылыми мекеме, оның ішінде 8 институт бар. Олар – Геологиялық ғылымдардың, Кен істерінің, Металлургия және байыту, Отқа төзімді және құрылыс материалдарының, Энергетика, Мұнай (Гурьев қаласында), Химия ғылымдарының, Алтайдағы кен-металлургияның (Өскемен қаласында) институттары мен География секторы және Республикалық геология музейі.
Физика-математика ғылымдарының бөлімі құрамында 8 ғылыми мекеме, оның ішінде 2 институт бар. Олар – Астрономия мен астрофизика, Ядролық физика институттары; Математика мен механика, астроботаника, есептеу математикасының 3 секторы; Астрофизика обсерваториясы, Биіктаудағы күн тұтылысын және космос сәулелерді зерттейтін станциялар.
Биология және медицина ғылымдарының бөлімінде 12 ғылыми мекеме, оның ішінде 7 институт бар. Олар – Жер қыртысын зерттеу, Ботаника, Зоология, Физиология, Жергілікті патология, Клиникалық және эксперименталды хирургия, Микробиология мен вирусология институттары; Алматы, Қарағанды, Лениногорск қалаларындағы Ботаника бақтары; Жезқазған мен Бақанастағы (Іле өзені бойындағы) эксперименттік базалар.
Қоғамдық, ғылымдар бөлімінде 6 ғылыми мекеме, оның ішінде 3 институт бар. Олар – Тіл мен әдебиет, Тарих, археология және этнография, Экономика институттары; Искусство, Философия мен право, Шығыстану секторлары.
Бұған қоса Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының жанында Редакция-баспа Советі, Республиканың өндіргіш күштерін зерттеу жөніндегі Совет, Силикозаға қарсы күрес Комитеті, Табиғатты қорғау комиссиясы, Ғылым мен техниканың тарихы жөніндегі комиссия бар.
Қазақ ССР Ғылым академиясының іргелі ғылыми кітапханасында сегіз жүз мыңға жететін томдар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың үлкен коры бар.
Қазіргі уақытта Академияның құрамында 42 ғылыми мекеме жұмыс істейді.
Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы ай сайынғы ғылыми орган – «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысын» шығарып отырады, ғылымның негізгі салалары бойынша мезгіл-мезгіл «Қазақ ССР Ғылым академиясы Хабарларының» сериялы томдары, сондай-ақ орыс және қазақ тілдерінде монографиялар мен ғылыми-көпшілік кітаптары шығып тұрады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының коллективінде қазіргі уақытта 31 академик, 27 мүше-корреспондент, 88 ғылым докторы, 480 ғылым кандидаты, өндірістен қол үзіп оқитын 135 аспирант, ғалымдық дәрежесі жоқ, бірақ жоғары білімі жөнінде дипломы бар 652 ғылыми қызметкер, 1176-ден астам лаборанттар мен түрлі ғылыми-техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Бұған қоса 200-ден астам өндіріс мамандары Ғылым академиясы жанындағы аспирантура курстарында сырттан оқиды. Ғылым академиясы жүйесіндегі қызметкерлердің жалпы саны қазір 3331 адамнан асады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының үлкен коллективінде туысқандық ынтымақтастықпен Совет Одағындағы көптеген ұлттардың өкілдері жемісті еңбек етіп жүр. Академияның ғылыми кадрларының ішінде жергілікті ұлттың – қазақтардың жүздеген өкілдері бар. Бұл күндері олардың арасынан шыққан академиктер, мүше-корреспонденттер, докторлар, профессорлар, ғылым кандидаттары аз емес. Қазақ ғалымдары өздерінің творчестволық еңбегімен советтік озат ғылымның қазнасына елеулі үлес қосуда.
Ғылым академиясында бағалы ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген жас ұйғыр, дүңген ғалымдары да бар. Олар өз халықтарының тарихы мен тілін ойдағыдай зерттеп келеді. Бұның достас Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанға көршілес провинциялардың мәдениетін дамытуда маңызы зор.
Қазіргі кезде Қазақстанның ең көрнекті деген ғалымдарының атын атап шығудың өзі мүмкін емес, себебі, ол үшін ұзақ тізім жасау қажет болар еді. Сондықтан біз Советтік Қазақстандағы ғылымның кейбір басты жетістіктеріне ғана тоқталып өтуге мәжбүр болдық. Бұл күнде Қазақстанда ғылымның кемелденгенін көрсететін бірсыпыра фактілерді – Республиканың бір топ ғылым қайраткерлеріне сыйлықтар берілуін, сол сияқты көптеген ғалымдарға «Қазақ ССР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілуін атап өтпекпіз. Қазақ ССР Ғылым академиясының бірсыпыра институттарына докторлық және кандидаттық диссертациялар қабылдау правосының берілуі де олардағы Ғылыми советтердің қабілетіне Совет өкіметінің үлкен сенім білдіретінін көрсетеді. Мысал ретінде Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кадрлары құрамында 14 лауреат, Қазақ ССР ғылымына еңбегі сіңген 32 қайраткер барын айта кетейік. Қазақ ССР Ғылым академиясы институттарының ғылыми советтері геология-минерология және филология ғылымдарының тарауларынан докторлық диссертация қабылдауға праволы, ал кандидаттық диссертациялар Академия зерттеп келе жатқан ғылымдардың көптеген салалары бойынша қабылданады.
Қазақстан жас ғылымының табыстары, шын мәнінде, айдыны зор, әрі көлемді. Қазақстанда совет ғалымының творчестволық еңбегінің белгілі дәрежеде ізі қалмаған бірде-бір рудник, фабрика немесе завод жоқ. Оның үстіне Қазақстанның ұлан-байтақ аумағының жақында ғана бос жатқан жерлерінде сол өндіріс орындарының пайда болуының өзі, көпшілік реттерде, зерттеуші ғалымдардың табанды еңбегімен тығыз байланысты.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми зерттеулеріне негіз болған басты методологиялық принциптер
Жетекші методологиялық принцип проблемаларды комплексті түрде зерттеу болып табылады. Бұнда негізінен мәселенің практикалық маңыздылығына және халық шаруашылығы үшін тиімділігіне көңіл бөлінеді. Жұртқа мәлім, бұл принцип алғаш рет 1918 жылдың апрелінде «Ғылыми-техникалық жұмыстар жоспарының желісінде» белгіленген болатын. Бұл тарихи документтің толық тексті төменде.
«Россияның табиғи өндіргіш күштерін білу және зерттеу» жұмысын системалы түрде бастаған Ғылым академиясына Халық шаруашылығының Жоғарғы Советінен дереу мыналарды тапсыру керек:
Россияның өнеркәсібін қайта құру және экономикалық өрлеу жоспарын мүмкіндігінше тез жасау үшін мамандардан бірқатар комиссиялар құрылсын.
Бұл жоспарға мыналар кірсін:
Шикізаттың жақындығын және шикізатты өндіруден бастап, жартылай фабрикаттарды өңдеудің дайын өнім алғанға дейінгі барлық содан былайғы сатыларына көшерде мүмкін қадерінше еңбектің неғұрлым аз жұмсалу жағын қарастыра отырып, Россияда өнеркәсіпті қолайлы етіп орналастыру.
Өндірістерді ең жаңа анағұрлым ірі өнеркәсіптің және әсіресе, трестердің тұрғысынан қарағанда қолайлы болатын етіп азын-аулақ аса ірі кәсіпорындарға қосу және шоғырландыру.
Қазіргі Россиялық Советтік республиканы (Украинасыз және немістер басып алған облыстарсыз) шикізат пен өнеркәсіптің барлық басты-басты түрлерімен өзін-өзі дербес жабдықтау мүмкіншілігін барынша қамтамасыз ету.
Өнеркәсіп пен транспортты электрлендіруге және электрді егіншілікке қолдануға айрықша көңіл бөлу. Жанармай шығару және оны тасымалдау шығындарын мүмкін қадерінше азайта отырып, электр қуатын алу үшін, отындардың бірінші дәрежелі емес сорттарын (торф, нашар сортты көмір) пайдалану.
Жалпы су күштері мен жел двигательдері және оларды егіншілікке пайдалану∗. Бұл принцип Отан соғысы жылдарында да, одан кейінгі уақыттарда да жүзеге асырылып келеді.
Академияның ғылыми мекемелерінің тақырыптары ішінде Қазақстанның жекелеген аса маңызды экономикалық, оның өзінде де бірінші кезекте өнеркәсіпті аудандарын жан-жақты дамыту мәселелерін зерттеуге бағытталған ірі және комплексті халық шаруашылық проблемалары жылдан жылға молая берді.
Бұл тәрізді комплексті зерттеулердің қорытындылары белгілі бір шаруашылық маңызы зор аудандарды экономикалық жағынан өркендетудің ең тиімді бағытын белгілеуге, сөйтіп бүкіл минерал, су, топырақ, өсімдік, тағы басқа табиғи-өндіргіш күштерді өзара байланыстыра әрі сарқа пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақ ССР Ғылым академиясы бұндай комплексті зерттеулерді Үлкен Алтайдың, Үлкен Жезқазғанның, Қарағандының, Балқаштың, Екібастұз-Бозшакөлдің, Жемнің бойында, Іле, Сырдария өзендерінің сағаларында, Қазақстанның шаруашылық маңызы күшті тағы басқа аудандарында жүргізді. 1954-1956 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеріп жатқан аудандарда жүргізілген жұмыстар да мазмұны жағынан комплексті болды.
Осы айтылғандай белгілі мақсат көздеп жүргізілген комплексті зерттеулер халық шаруашылығы үшін ғана маңызды болып қоймайды, сонымен бірге олар, әдетте, ғылымға керек аса бай материалдар тауып береді. Комплексті зерттеулердің материалдарын талдап, қорыту арқылы геологиялық құрылыстың негізгі заңдылықтарын белгілеуге, табиғаттың жаңа ерекшеліктерін ашуға, сөйтіп табиғи өндіргіш күштердің барлық түрлерін білуге, оларды шаруашылықта пайдаланудың ең тиімді әдістерін ойлап табуға болады.
Өткен уақыт ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелерінде дамып, жетіліп келген ғылымның іргесін қалаудағы негізгі методологиялық принциптер осылар болды. Бұл принциптер ғылыми зерттеулерді жолға қоюда, Қазақстанды және СССР-ді өркендетудің қазіргі тарихи жағдайларына сәйкес ғылымның табыстарын ең күрделі халық шаруашылық проблемаларды шешуге бағыттауда комплексті жолмен көптеген мәселелерді қамтып келгенін оңай байқауға болады.
1947-1957 жылдар арасында Қазақ ССР Ғылым академиясы республиканың аса маңызды экономикалық аудандарының әкімшілік орталықтарында: Өскеменде (1947), Гурьевте (1949), Қарағандыда (1949), Қостанайда (1957) көшпелі сессиялар өткізді. Бұндай сессиялар халық шаруашылығының аса күрделі проблемаларын комплексті түрде зерттеудің маңызды бір бөлшегі болып табылады. Сонымен қатар бұл сессиялардың материалдары жоғарыда аталған аса маңызды экономикалық аудандарда кездесетін табиғи өндіргіш күштердің зерттелу жайы мен пайдаланылу дәрежесі туралы ғылыми мәлімет беретін энциклопедияға ұқсайды.
Көшпелі сессиялардың программаларында белгілі бір ауданның барлық негізгі табиғи ресурстарын комплексті зерттеу және оларды елімізде коммунизм орнату үшін барынша тиімді етіп пайдаланудың жолдарын анықтау қаралған болатын.
Программаны жасауға, сондай-ақ Академияның көшпелі сессиясының жұмысына еліміздің, республиканың тиісті жоспарлау, ғылыми және шаруашылық ұйымдарының өкілдері, жергілікті мамандар, өндірістің жаңашылдары мен озаттары, инженер-техник қызметкерлер жаппай атсалысты.
Белгілі бір экономикалық ауданның өндіргіш күштерін комплексті жолмен өркендетудің негізгі мәселелерін талдап шешудегі бұндай тәртіп өзінің қорытындысында өндіргіш күштердің зерттелуі жайы туралы қажет білімдерді түгел игеруге, осының негізінде сол күштерді зерттеудің және пайдаланудың ең тиімді әдістерін белгілеуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл көшпелі сессиялардың бәрінің материалдары, әдетте, республиканың тиісті экономикалық ауданын комплексті жолмен одан ары өркендету жоспарын жасағанда табан тірейтін негіз болып алды.
Қазақ ССР Ғылым академиясы құрған жергілікті ғылыми-зерттеу базаларының негізгі мақсаты да ғылымды республиканың ең басты экономикалық аудандарының халық шаруашылығына жақындату болып отыр. Қазіргі кезде Қазақ ССР Ғылым академиясының Батыс Қазақстанда (Гурьевтегі мұнай институты), Шығыс Қазақстанда (Өскемендегі Алтай кен-металлургия институты), Орталық Қазақстанда (Жезқазған), Шығыс Қазақстанда (Іле өзені бойындағы Бақанас поселкесі) ғылыми-зерттеу базалары бар. 1958 жылы Орталық Қазақстанның Қарағанды қаласында Ғылым академиясының филиалын құру жоспарланып отыр.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми жұмыстарындағы негізгі бағыттар
Қазақ ССР Ғылым академиясы жүргізетін ғылыми жұмыстардың негізгі мазмұны елімізде коммунизм орнату жолында Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін дамытумен байланысты алға қойылған проблемаларды терең және комплексті түрде талдап шешу болып табылады.
Минерал ресурстар бөліміне қарайтын ғылыми мекемелердің жұмыстары республиканың кен, су және энергетика ресурстарын зерттеп біліп, оларды еліміздің халық шаруашылығында пайдаланудың қолайлы технологиялық әдістерін табуға бағытталады. Институттар мен секторлардың ең басты көңіл бөлген нәрсесі – қара, түсті, сирек кездесетін және шашыраңқы металдардың кенін, көмір, мұнай, республиканың және басқа қазба байлықтарын зерттеу болды. Орталық Қазақстанның негізгі өнеркәсіп аудандарын сумен қамтамасыз ету, кен шығару әдістерін жетілдіру, сондай-ақ кенді байыту және металлургиялық қорыту; республиканың энергетика шаруашылығын өркендету, жергілікті шикізаттан отқа төзімді және құрылыс материалдарын өндіретін өнеркәсіп орнату мәселелері.
Аталған зерттеу жұмыстары республиканың аса маңызды экономикалық аудандарының бәрінде: Үлкен Алтайда, Үлкен Торғайда, Орталық, Батыс және Оңтүстік Қазақстанда жүргізіліп жатыр.
Отын өнеркәсібі саласында Қарағанды тас көмір бассейнін, Екібастұзды, Майқайыңды, Жемді, Кендірлікті, Орталық, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстанның бірсыпыра ұсақ, бірақ өнеркәсіптік тұрғыдан маңызды көмір, мұнай және сланец кендерін одан ары өркендете беруге байланысты мәселелер зерттелді.
Жоғарыда аталған мәселелермен қатар, Бөлімнің ғылыми мекемелерінің жұмыстарында химия өнеркәсібін, энергетика базасы мен су ресурстарын одан ары өркендету, сондай-ақ республиканың экономикалық аудандарының және оларды комплексті дамыту мәселелеріне үлкен көңіл бөлінеді.
Бұндай өмірлік маңызы зор міндеттерді шешкенде теория, методология мәселелері жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін ғылым тұрғысынан кеңінен қорыту жұмыстарымен қатар талданды. Мысалы, жұмыстың мұндай түріне өңірлік геология, минералогия және петрография жөніндегі жұмыстарды қосуға болады. Олар практикалық геологияны одан ары дамытудың, геологиялық құрылым, металлогения және прогноз қарталарын жасаудың, палеографиялық, стратиграфиялық, геоморфологиялық зерттеулер жүргізудің, физикалық-химиялық анализ әдістерін жетілдірудің, электртехника процесі, катализ теориясының, кен-металлургия, силикат өнеркәсібінің технологиялық процестері жөніндегі мәселелерді талдап шешудің теориялық базасы болып табылады.
Физика-математика ғылымдарының бөлімінде астрономияның, астрофизиканың, физика мен математиканың негізгі проблемалары зерттеледі.
Қазақстанда астрофизика мен астрономия саласындағы жұмыстар үшін аса қолайлы жағдайлар бар. Атмосфераның оптикалық қасиеттерінің жағдайлары, бұлтсыз ашық күндердің көп болатындығы, түнгі аспан әлемінде жарықтың әлсіз сәулеленуі, міне, осы және басқа факторлардың бәрі де бізге Күн радиациясының, космостық сәулелердің құбылыстары, атмосфераның негізгі қасиеттері, планеталардың, Күннің, жұлдыздардың физикалық қасиеттері, тағы басқа астрофизикалық проблемаларды зерттеп білуге мүмкіндік береді.
Бөлімнің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі Күнді және оның жердегі процестерге әсерін зерттеу, планета аралық және жұлдыз аралық өтпелі шаң орталарын, галактиканы, жұлдыздардың шығу проблемасын, жер атмосферасының оптикалық қасиеттерін зерттеу, күннің құрасуын т.б. зерттеп білу болып келді.
Физика саласында, негізінен, республиканың өнеркәсібімен тығыз байланысты спектрлік анализ проблемасы, сондай-ақ космос сәулелерінің, металлофизиканың, ядролық физиканың, автоматиканың, кристалооптиканың және кристаллохимияның проблемалары зерттелді.
Математиктердің негізгі көңіл бөлгені қозғалыстың тұрақтылығы туралы теорияны шешу болды. Бұл жөнінде біздің Академияның математика секторы орыстың ұлы математигі, академик Ляпуновтың жұмыстарын одан ары жалғастыра түсті. Машинамен есептеу математикасының республикалық орталығын құру ісінің негізі қаланды, геологиялық проблемаларды шешуде математиканы қолдану мәселелері зерттеліп жатыр.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Астроботаника секторы аспан әлемінде тіршіліктің бары-жоғын зерттейтін Совет Одағындағы және дүние жүзіндегі жалғыз ғылыми мекеме болып табылады. Ол Марс және Шолпан планеталарындағы тіршілік проблемасымен байланысты жер бетіндегі кейбір өсімдіктердің оптикалық қасиеттерін зерттеумен шұғылдануда.
Биология және медицина ғылымдары бөлімінің тақырыптық жоспарында қаралған нәрсе ең алдымен Қазақ ССР Халық шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету және биологиялық, медициналық мекемелердің жұмысын социалистік өндіріс пен республика еңбекшілерінің практикалық қажеттері мен тілегіне барынша жақындату болып отыр.
Жер қыртысын зерттеу институты география, картография және Қазақстан топырағын классификациялау мәселелерімен шұғылданумен қатар, топырақ жасайтын процестің динамикасы микробиология және топырақты мелиорациялау (әсіресе, республиканың шөлді, жартылай шөлді зоналарында) мәселелерін де зерттеуде.
Ботаника институты Қазақстан флорасын үнемі зерттеумен катар халық шаруашылығы үшін практикалық маңызы зор бірсыпыра тақырыптарды зерттеді. Олар – бояулы өсімдіктерді, цитвар жусан дақылдарын зерттеп білу, Қазақстанның жеке облыстары бойынша жер бетіндегі өсімдіктер мен мал азығы ресурстарының картасын жасау, т.б.
Бұл бөлімнің бірсыпыра мекемелері Ботаника институтының бастауымен түрлі пайдалы өсімдіктерді Қазақстанға жерсіндіру проблемасымен айналысып келеді. Бұндай комплексті проблемамен қазір Ботаника институты, Алматының Ботаника бағы, Академияның жергілікті жерлердегі ботаника бақтары мен базалары шұғылдануда. Олардың зерттеу жұмыстарының міндеті ағаштарды, сәндік, жемістік, жидектік, дәнді, дәрі-дәрмектік, жіп талшықты, гүлдік, шаруашылыққа пайдалы тағы басқа өсімдіктерді жерсіндіру болып отыр.
Зоология институты жер бетіндегі жабайы омыртқалы жануарлар, насекомдар, Қазақстандағы кенелер мен балықтар фаунасын зерттеумен қатар, республика фаунасының табиғатын өзгерту проблемасын іздестіріп, паразиттер фаунасын, ауыл шаруашылық және жеміс дақылдарының түрлі зиянкестерін зерттеп, оларға қарсы күрес шараларын табуда.
Институттың жұмысында адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарларының түрлі жұқпалы ауруларын зерттеуге де үлкен көңіл бөлінеді. Бұндай аурулардың қоздырғыштары жабайы хайуандар мен паразиттердің организмінде болады.
Академияның генетиктері мен селекционерлері ауыл шаруашылығы жануарларының, ең алдымен қой мен ешкінің, жоғары өнім беретін жаңа тұқымдарын шығару проблемасын қарастыруда.
Медицина бағыттағы институттар бруцеллез, силикоз, өнеркәсіптік травматизм сияқты кәсіпке байланысты және көпшілік арасында жиі таралатын аурулардың ерекшеліктері мен оларға қарсы күрес шараларын зерттеуге күш салды.
Физиология институты вегетация процестерінің эволюциясы саласындағы зерттеулерін одан әрі жүргізді. Бұның өзі орыстың ұлы физиологы академик Павловтың жұмыстарының жалғасы болып табылады.
Қазақстанның түрлі зоналарындағы климаттық факторлардың сау және ауру адамдардың организміне ықпалы, сондай-ақ республиканың курортология ресурстары, алуан түрлі өсімдік шикізатының дәрі-дәрмектік қасиеттері, т.б. зерттелді.
Медицина, ауыл шаруашылық және өнеркәсіп микробиологиясының, вирусология мен антибиотиктердің проблемалары зерттелді.
Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғылыми мекемелерінде тіл, әдебиет, тарих, археология, этнография, архитектура және қазақ, ұйғыр-дүңген халықтары өнерінің негізгі мәселелері, сол сияқты Қазақстанның философиясы, правосы мен экономикасы туралы мәселелер зерттелуде.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми жұмыстарының басты қорытындылары
1946 жылдан 1956 жылдың аяғына шейін, демек, өзі өмір сүрген 11 жыл ішінде, Қазақ ССР Ғылым академиясы жалпы саны 1939 ғылыми тақырыпты зерттеп бітірді. Оларды орындалған уақытына және ғылымның жекелеген салаларына қарай бөлгенде төмендегі кестеде көрсетілгендей болады:
Бұл зерттеулердің нәтижелері еліміздің ғылым салаларының жалпы қазынасына қосылған белгілі үлес болып табылады және республикамыз бен еліміздің халық шаруашылығы мен мәдениетін одан әрі әрге бастыру ісінде маңызды практикалық қызмет атқарады.
 
Р/с Бөлімдердің аты Зерттеліп біткен тақырыптардың саны
1946-19501951-19551956Барлығы
1 Минерал ресурстар 415 307 67 789
2 Физика-математика ғылымдары 131 91 4 226
3 Биология және медицина ғылымдары 397 225 45 667
4 Қоғамдық ғылымдар 133 102 22 257
Барлығы10767251381939
 
 
Бір мақаланың көлемінде зерттелген тақырыптардың ең негізгілерін атап шығудың өзі де мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан мен олардың ішіндегі ең бастыларына ғана қысқаша сипаттама бермекшімін.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми зерттеулерінің ішінде геологиялық жұмыстар көрнекті орын алады. Олардың нәтижелері қазіргі заманда адам баласы пайдаланып жүрген қазба байлықтардың барлық түрлерінің аса бай, кейде, тіпті, сирек кездесетін кендерін ашуға себеп болды.
Қазақстан хром мен ванадийдің қоры жағынан дүние жүзінде бірінші орын алса, темірдің, мыстың, қорғасынның, мырыштың, күмістің, кадмийдің, вольфрамның, ренийдің, бордың, калий тұздарының, тағы басқа көптеген минерал шикізаттарының запасы жағынан Одақ бойынша бірінші орын алады. Маргенецтің, молибденнің, титанның, алюминийдің, көмір мен мұнайдың, фосфориттің запастары жағынан да Қазақстан Одақ бойынша алдыңғы орындардың біріне ие болып келеді.
Қазақстандағы геологиялық зерттеулер республиканың геологиялық құрылымындағы негізгі заңдылықтарды және қазба байлықтардың басты түрлерінің кені орналасқан жерлерді тауып, белгілеудегі аса маңызды фактор болды. Қазақстан геологтары комплексті методология негізінде СССР-да тұңғыш рет Орталық Қазақстан мен Алтайдың, ең басты пайдалы қазбалар – темірдің, марганецтің, мыстың, қорғасынның, мырыштың, вольфрамның, молибденнің, титанның, тағы басқа металдардың прогноздық, металлогениялық картасын, сонымен бірге Орталық Қазақстандағы көмір қорының прогноз картасын жасады. Бұл карталарға өндірістік ұйымдар жоғары баға беріп, қазір олар ойдағыдай қолданылып келеді. 
Жер бетіндегі, сондай-ақ жер астындағы су ресурстарын зерттеу жөнінде, әсіресе, тың және тыңайған жерлерде, гидрогеологтар мен гидрологтарымыз үлкен жұмыстар істеді.
Академияның кеншілері кен қазудың жоғары өнім беретін жаңа әдістерін зерттеп тауып, өндіріске енгізді. Олар: руданың еріксіз және блок арқьшы қопарылуы, орталық разрез траншеясы арқылы руданы жер астында өңдеу жүйесі және т.б., скважиналарды бұрғылаудың өнімді тәсілдері мен қатты кендерді қазу жұмыстарын механикаландыру жолдары зерттеліп, өндіріске енгізілуде.
Балқыту процесін жылдамдатып, мыс қорытатын пештердің өнімділігін арттыру жолында Академияның металлургтері үлкен жұмыстар істеді. Бұл жаңалық Балқаш мыс заводында ойдағыдай қолданылып, мыс алыбының жобадағы қуатын екі есе арттырды.
Металлургтер тотыққан-силикат, никель-кобальтты рудаларды қайта өңдеудің мүлде жаңа фосфидты әдісін тапты. Ұнтақ хром рудаларын агломерациялау әдісі белгіленді, қорғасын заводтарындағы бағалы қоспалары бар шандарды комплексті жолмен бөліп алудың, индий, сүрме, таллий, тағы басқа сирек және шашыраңқы металдарды бөліп алу технологиясын жетілдірудің, балқытылған фосфат алудың технологиялық схемалары жасалды.
Академияның химиктері металлургтермен бірлесіп, күкірт қышқылын қолданбай-ақ агломерациялық тәсілмен тыңайтқыштың жаңа, тиімді түрі – термофосфат алу әдісін ойлап шығарды. СССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің зоналық станциялары жүйесінде кең көлемде жүргізілген агрохимиялық сынаулардың нәтижелері жөніндегі мәліметтер Украина, Сібір, Орта Азия мен Қазақстан сияқты маңызды аудандардың жағдайында техникалық және дәнді дақылдардың түсімін жоғарылату үшін термофосфаттың пайдасы мол екенін көрсетеді.
Химиктер цементация, амальгама металлургиясы, амперметрлік анализ және катализ теориясын жасау саласында да елеулі нәтижелерге ие болды. Олар өндіріс мамандарымен бірлесе отырып, жаңа электролиздер жасап, оны сынаудан өткізді. Бұның көмегі бойынша мырыш өндіру жұмысын жоғары ток қысымы кезінде де жүргізе беруге болады.
Академияның энергетиктері аса маңызды қорытынды еңбек жазып бітірді. Бұнда энергетикалық ресурстарға, қазіргі кездегі энергетика шаруашылығының жағдайына және республиканың халық шаруашылығын электрлендіру жөніндегі ұлы жоспардың ғылыми-методикалық негіздеріне сипаттама беріледі.
Академияның энергетиктері, геологтары және гидрологтары шапшаң қарқынмен индустрияланып жатқан Орталық Қазақстанның шөлді аймақтарына Ертіс өзені тарауларының бір бөлігін бұрып ағызу жөнінде комплексті үлкен жұмыс жазып шықты.
Гидротехника ғылымдарының аса ірі өкілі, СССР Гидропроектісінің бастығы және бас инженері академик С. Я. Жук өзінің 1956 жылғы 18 октябрьде жазған хатыңда Академия орындаған жұмыстарға жоғары сипаттама береді. Ол былай деп жазды: «Орталық Қазақстанға Ертіс өзенінің суын жіберу жөніндегі материалдармен танысқанда, халық шаруашылығы үшін бұл проблеманың сөзсіз толғағы жеткен, аса үлкен мемлекеттік маңызы бар міндет екенін көреміз. Қарағанды қаласының аймағына магистраль каналмен Ертістен су жіберу проблемасы туралы Қазақ ССР Ғылым академиясы белгілеген шешімді Гидропроект дұрыс деп есептейді».
Академияның энергетиктері мен металлургтері зерттеп тапқан мыс концентраттарын қорытудың бүтіндей жаңа циклонды металлургиялық процесі мейлінше перспективалы нәрсе болып табылады. Балқытудың бұндай тәсіліне сүйенгенде, аз габаритті балқыту агрегатын жасап алуға мүмкіндік туады. Оның беретін өнімі балқыту пешімен бірдей бола тұра, көлемі одан бірнеше есе кіші болады. Сонымен қатар циклон арқылы балқытқанда, отынның 40-50 %-тін үнемдеуге болады, ал күкірті көп концентратпен балқытатын болса, отынның мүлде қажеті де болмайды.
Құрылыс және құрылыс материалдары саласында Академия орындаған аса елеулі жұмыстардың қатарына республикадағы отқа төзімді және құрылыс материалдарының технологиялық қасиеттеріне жүргізілген зерттеулерді, металл балқытатын пештердің қақпақтарының төзімділігін арттыруға байланысты зерттеу жұмыстарын қосуға болады.
Батыс және Оңтүстік Қазақстан жеріндегі мұнай газының көлемін, газды судың қысымын қолдану әдісімен мұнай өндіруді шапшаңдату жолдарын зерттеуге де едәуір көңіл бөлінді. Мұнай эмульсиясын бұзудың жаңа әдістері, сондай-ақ мұнай трубаларын қатерден сақтаудың экономикалық шаралары табылды.
Академияның астрофизиктері ұзақ уақыт бақылаулар жүргізудің нәтижесінде газ-тозаң тұмандары арасынан жұлдыздар тіркесін байқаған. Аспан әлемінде жұлдыздар жасайтын нақты механизмдердің бірі де осылар болуы ықтимал. Галактиканы зерттеуде фотометр карталарын жасай отырып, құс жолына жүргізілген фотометрлік өлшеулердің де маңызы зор.
Қазіргі уақытта Академиямыздың астрофизиктерінің бір бөлігі академик В. Г. Фесенковтың бастауымен дос ниетті Египет елінің Ассуан қаласы аймағында халықаралық геофизика жылының программасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Академиямыздың физиктері де бірсыпыра маңызды жұмыстарды аяқтады. Бұлардың қатарына кварц спектрографына арналған спектр сызықтардың атласын жатқызуға болады. Ол баспадан шыққаннан кейін тек СССР-де емес, сонымен бірге Қытайда, Кореяда және басқа халық демократиясы елдерінде кеңінен таралды. Бұған қоса темірдің доғалы және ұшқынды спектрінің, әйнек спектрографтың спектр сызықтарының атластары жасалып бітті, түсті металдарды тазартатын спектрлік анализдер жөніндегі зерттеулер де аяқталды. Стратосферада және биіктаудың жағдайында кездесетін ауыр бөлшектердің қуатын зерттеуде космос сәулелерінің лабораториясы елеулі нәтижелерге ие болды. Физика-техникалық өрісі кең, жаңа ядролық физика институтын салу ісі қолға алынды.
Астроботаника секторы қызыл және инфрақызыл сәулелер кейбір өсімдіктердің түсін бояйтынын анықтады. Бұның өзі өсімдікте ішкі жылудың артық қуатын жинап, оны атмосфера арқылы сыртқа тарататын арнаулы аппарат барын дәлелдейді.
Бұл фактының астрофизика үшін қаншалықты маңызы барына қарамастан, аталған құбылысты бұдан былай да зерттей түсу арқылы өсімдіктердің қасиеттерін ашып, оларды суыққа, шөлге төзімділігіне, тағы басқа биологиялық белгілеріне қарай топтастыруда біздің ботаниктерімізге әжептәуір көмек көрсетуге болады.
Жер қыртысын зерттеу саласында практикалық тұрғыдан маңызды бірсыпыра жұмыстар орындалды. Бұның қатарына СССР топырағының көлемі миллиондаған парақ мемлекеттік картасының Қазақстандық бөлегін жасау, топырақтың құнарлылығын арттыру және Қазақстанның алуан түрлі топырағы мен климаты жағдайында жергілікті бактериялық тыңайтқыштарды қолдану жөнінде жүргізілген зерттеулерді қосуға болады. Біздің жер қыртысын зерттеушілеріміз республиканың тың және тыңайған жерлерін зерттеу жөнінде де үлкен жұмыстар жүргізді.
Академияның ботаниктері «Қазақстанның флорасы» атты көлемді еңбекті аяқтап келеді. Олар тың және тыңайған жерлер игеріліп жатқан аудандардағы геоботаникалық зерттеулерді бітіріп, шөл жерлер зонасындағы Қарағанды, Теміртау, Жезқазган, Балқаш сияқты өнеркәсіп орталықтарын көгалдандырды, жеміс-жидектік, сәндік ағаштар мен бұталардың, көпжылдық және біржылдық гүлдердің, бау-бақша дақылдарының ассортименті, сондай-ақ оларды өсіру агротехникасы туралы кеңестер берді.
Қазақстан жағдайында ормандарды қалпына келтіру және орман өсірумен байланысты бірсыдырғы жұмыстар жүргізілді. Қазақ ССР Ғылым академиясының Жер қыртысын зерттеу, Ботаника институттары мен Мұнай институты СССР Ғылым академиясының институттары және мекемелерімен бірлесе отырып, Оралдағы мемлекеттік орман алқабының құрылысына қатысты.
Агробиология, физиология және өсімдік биохимиясы саласында каучукті өсімдіктердің, бидайдың, темекінің, картоптың түсімін арттыруға бағытталған зерттеулер жүргізілді, республикадағы эфирлі, алкалоидты, сантонинды және басқа жабайы өсімдіктердің құрамы мен пайдалы қасиеттері зерттелді. Биохимиктердің ең маңызды жұмыстарының қатарына Қазақстанда өсірілетін барлық бидай сорттарының биохимиялық және тағамдық қасиеттері туралы монографияны жатқызуға болады. Физиологтардың елеулі зерттеулеріне Оңтүстік Қазақстанның бұрынғы Бостандық ауданы жағдайына сәйкес шай дақылын жерсіндіру туралы, Қазақстанның оңтүстігі жағдайында қант қызылшасының қанттылығын арттыру жөніндегі жұмыстар қосылады.
Өсімдік генетиктері мен селекционерлерінің басты көңіл бөлген мәселесі, Орталық Қазақстанның шөл зонасында белгілі бағыттағы және ең алдымен суармалы емес өсімдік шаруашылығын жасау болды. Бидайдың дүние жүзіндегі көптеген сорттарын сынау және будандастыру арқылы қазір Қазақстанның шөлді жерлерінде өсіруге болатын, қуаңшылыққа төзімді, жаңа сортты бидай тұқымын шығару жұмысы аяқталып келеді. Бұл сорт суармалы егісі жоқ колхоздардың өзінде азғантай тұқымнан гектарына 6-8 центнерден түсім береді.
Академияның геоботаниктері Қазақстандағы бұл күндері игерілген тың және тыңайған жерлердің орасан үлкен бөліктерін іріктеп пайдалану ісіне қызу кірісті.
Ботаника институтының аса құнды «Гербарийінде» республика флорасының үш мыңнан астам түрі бар. Олардың көпшілігі ғылымда сол Қазақ ССР Ғылым академиясы Ботаника институтының гербарийінде сакталған нұсқасы бойынша сипатталады.
Академияның зоологтары Қазақстанның жануарлар дүниесін зерттеп бітіп, республикадағы аңшылық кәсіпшілікке жарамды аңдардың өсіп-өнуін, санын анықтау жөнінде маңызды жұмыстар істеді. Зоология институты шаруашылық ұйымдарының қатысуымен Оңтүстік Қазақстанға ондатрды жерсіндірді, олар қазір алтын есебімен миллиондаған сом табыс береді. Сондай-ақ Алтай ормандарына бұлғын, Орталық Қазақстанның қалың қарағайы ішіне ақ тиін жерсіндірілді. Ихтиологтер республиканың өзен-көлдеріндегі балықтардың құрамын өзгертіп, олардың шаруашылық үшін бағалы жаңа тұқымдарын өсірудің жолдарын биологиялық тұрғыдан негіздеп шықты. Мысалы, Зайсан көлінде сазан, Балқаш көлі мен Іле өзенінде көк серке мен Аралдың қылқанды балықтарын өсіру белгіленіп отыр. Адамда және ауыл шаруашылығы жануарларында болатын жұқпалы аурулардың табиғи ұясы жөніндегі проблема кеңінен зерттелген.
Академияның генетиктері арқар мен меринос қойды будандастыру арқылы қойдың жаңа тұқымын – қазақтың арқар мериносын өсіріп шығарды. Бұл таулы жердегі жаңа қой тұқымы күтімді онша көп қажет етпейді, жүні бағалы. Осының арқасында таяудағы жылдар ішінде ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Кавказда, Карпатта, биіктаулы мал жайылымы бар тағы басқа аудандарда көптеп өсірілетін болады. Бұдан басқа республиканың шөлді жерлеріне бейімделіп, жаңадан биязы жүнді қой тұқымы, жүні қалың ешкі тұқымы, үй шошқасы мен жабайы қабанды будандастыру арқылы еті де, майы да көп жаңа шошқа тұқымы шығарылды.
Микробиологтер, бактериялы ашытқы қосып, мал азығын сүрлеудің жаңа тәсілін тапты. Бұның мал шаруашылығы үшін маңызы күшті болды. Қазір бұл тәсіл республиканың колхоздарында кеңінен қолданылуда.
Физиологтер талықсыған организмге қуат беретін сұйық дәрі жасап, емдеудің жаңа әдісін зерттеп тапты. Ол аса жоғары клиникалық бағаға ие болды. Қазір бұл әдіс те Қазақстанның және СССР-дің клиникалары мен ауруханаларында ойдағыдай қолданылуда.
Ерекше дәрі-дәрмектің көмегімен эксперименттік силикозды профилактикалаудың физиологтер зерттеп тапқан жаңа әдісі де аса үлкен үміт күттіруде. Қан айналымын дұрыстау, тағы баска вегетативтік процестерді шешуде де физиологтер елеулі нәтижелерге жетті.
Академияның патологтері жаңа қазақстандық лептоспир штамын практикада қолдана бастады. Бұл күндері жаңа штамды Совет Одағының көптеген емдеу мекемелерінде диагностика үшін пайдаланады. Республиканың курортқа лайықты бай мүмкіндіктерін емдеу мақсатына пайдалану жөнінде патологтер бағалы ұсыныстар енгізді.
Хирургтер алқымның ісік ауруын және өндіріске байланысты зақымдарды емдеу әдістерін ойдағыдай зерттеді.
Қоғамдық ғылымдарды дамыту саласында да елеулі табыстарға қол жетті. Республиканың өнеркәсібі, транспорты, ауыл шаруашылығының экономикасы жөнінде бірсыпыра еңбектер жазылып бітті. «Қазақ ССР тарихының» ерте заманнан 1917 жылға дейінгі I томы жарыққа шықты, қазіргі Қазақстанға арналған II томы жазылып бітуге жақын. Қазақстандағы қоғамдық ой-пікірдің тарихы жөніндегі зерттеулер аяқталды. Қазақтың халық творчествосын, қазақ әдебиетін, қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылымын, лексикасын, қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясын зерттеу жолында үлкен жұмыстар істелді. Орысша-қазақша және Орысша-ұйғырша сөздіктер, қазақ тілінің грамматикасы жарияланды, ал Абай, Жамбыл, Алтынсарин, тағы басқаларының академиялық жинақтары жарыққа шықты.
Правоны, философияны, өнерді зерттеушілер право тарихы, қоғамдық ой-пікірдің даму тарихы, қазақ халқының музыкасы мен өнерінің тарихы жөнінде маңызды жұмыстар орындады.
Республиканың басқа ғылыми мекемелеріндегі ғылыми зерттеулер
Республикадағы Қазақ ССР Ғылым академиясынан кейінгі ірі ғылыми орталық – В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық академиясының қазақ филиалы. Ол 1940 жылы құрылды, енді таяу уақытта Қазақ ССР-інің Ауыл шаруашылық академиясына айналмақшы. Қазір ол 9 ғылыми-зерттеу институтының, 11 зоналық тәжірибе станциясының және 30-ға жуық тәжірибелік егіс далалары мен эксперименттік базалардың жұмысын басқарады. Қазақ филиалының құрамында ауыл шаруашылық ғылымдарының бүкіл комплексін қамтитын небары 50-ге жуық ғылыми мекемелер бар. Олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарын институттардың аттарына қарап та білуге болады, атап айтқанда: Егіншілік, Астық шаруашылығы, Мал шаруашылығы, Мал азығы мен мал жайылымдары, Ветеринария, Механизация және электрлендіру, Су шаруашылығы, Орман шаруашылығы, Экономика. Қазақ филиалының ғылыми коллективінде 1500-ден астам ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлер бар, олардың 130-ға жуығы ғылым докторлары мен кандидаттары.
Республикада түрлі ведомстволарға қарайтын ғылыми-зерттеу ұйымдары да аз емес. Мысалы, солардың қатарына Өскемендегі түсті металдар институты, Қарағандыдағы көмір институты, Алматыдағы минерал шикізаттар институты, Гурьевтегі Орталық ғылыми мұнай лабораториясы, Алматы облысындағы Магарач жүзім шаруашылығының тәжірибелік ғылыми-зерттеу станциясы т.б. қосылады.
Бұған қоса Қазақстанда орасан зор ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін СССР Ғылым академиясының экспедициялары, одақтық түрлі ғылыми орталықтар, кафедралар, көптеген одақ және республика ведомстволарының, әсіресе, Геология және кен сақтау министрлігінің, Картография мен геодезия, Ауыл шаруашылығы Бас басқармаларының территориялық ұйымдары бар.
Қазақстан СССР-де бірінші болып түсті металл өнеркәсібінде ең прогресшіл технологиялық әдістер енгізуді бастады. Мысалы, оған сульфид рудаларды флотация арқылы байытуды, тотыққан рудалардың гидрометаллургиясын, жарқырауық пештерде концентраттарды балқытуды атауға болады. Қазақстан жаңашылдары колхоз шаруашыларының талантты өкілдері – тарыдан (Шығанақ Берсиев), күріштен (Ыбрай Жақаев, Ким Ман Сам), қант қызылшасынан (Ольга Гонаженко), жоғары рекордтық түсім алып, дәнді дақылдардың (М. Кузьмин), мақтаның (X. Муратов) т.б. мол өнімді жаңа сорттарын шығарды. 
Республика еңбекшілері социалистік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары – Турксибтің атақты машинисі Мұқтар Қаптағаевтың, кен комбайнын ойлап тапкан С. Макаровтың, өнертапқыш А. Егоровтың, атақты қой өсіруші, Социалистік Еңбек Ері М. Мүсірәлиевтің, тағы басқаларының өндірістегі аса көрнекті табыстарын заңды мақтаныш етеді. Осы және басқа да көрнекті өндіріс жаңашылдарының еңбектегі өнімді әдістері мен практикалық тамаша табыстары ғылымға қосылған аса бағалы үлес болып табылады.
Қорытынды
Ұлы Октябрьдің 40 жылдығы қарсаңында Қазақстанда ғылымның гүлденуін атап көрсету үшін кейбір тарихи салыстырулар жасай кеткен жөн.
1917 жылы император Ғылым академиясының құрамында 13 ғылыми мекеме, оның ішінде 1 институт, 5 лаборатория, 5 музей, 2 обсерватория болды. Оларда небәрі 212 ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкер жұмыс істеді. 1917 жылы Қазақстанда іс жүзінде бірде-бір тұрақты ғылыми мекеме болған жоқ.
Қазір тек Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамында ғана 42 ғылыми мекеме, оның ішінде 21 институт бар. Бұларда 2396 ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкер жұмыс істейді. Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктерінің, мүше-корреспонденттерінің, ғылым докторлары мен кандидаттарының ішінде 310-ден астам қазақ мамандары бар. Олар математика, физика, геология, металлургия, химия, энергетика, техника, жер қыртысын зерттеу, биология, қоғамдық және басқа ғылымдар саласында аса маңызды ғылыми проблемаларды шешуде. Одардың көпшілігі Қазақ ССР Ғылым академиясының ірі ғылыми-зерттеу мекемелерін басқарады.
Ескі император Ғылым академиясы ең шарықтап көтерілген жылдарының өзінде 600 баспа табаққа жуық қана еңбек шығаратын. Ал Қазақ ССР Ғылым академиясы 1956 жылы ғана 1233 баспа табақ ғылыми еңбек берді.
Бұл цифрлардан Қазақ ССР Ғылым академиясының патшалық Академиядан ғылыми мекемелерінің саны жағынан 3 еседен артық, ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлерінің саны жағынан 9 еседен артық, ал жарыққа шыққан ғылыми еңбектерінің саны жағынан 2 еседен артық озып кеткенін көруге болады.
Қазақстан ғалымдары қол жеткен табыстарға қанағат етіп қалмайды. Алдымызда әлі де республиканың алуан сырлы табиғи ресурстарын терең зерттеп, тиімді пайдаланумен, қазақ халқының бай рухани мәдениетін өркендетумен байланысты шешілмеген міндеттер көп.
КПСС XX съезінің қаулылары және соған байланысты алтыншы бесжылдықта Қазақстанның халық шаруашылығын өркендетудің ұлы жоспары республика ғалымдарының творчестволық қызметіне кең өріс ашады. Республиканың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын өркендетудің негізгі проблемаларын шешуде халық шаруашылығына көмекті анағұрлым күшейтуіміз керек. Ғылым мен өндірістің байланысын бұдан әрі нығайту да ғалымдардың аса маңызды міндеті болып табылады. Пайдалы қазбалар кенін іздеудің және игерудің жаңа тиімді жолдарын меңгеруге, қара, түсті және сирек металдар рудаларын қорыту технологиясының жаңа әдістерін табуға, энергетика, химия, құрылыс және құрылыс материалдары, астрофизика, ядролық физика, математика, т.б. проблемаларды зерттеуге баса көңіл бөлінеді.
Ауыл шаруашылығы саласында ғалымдарымыз Қазақстанның жер, су және өсімдік ресурстарын одан әрі зерттеу жолында жұмыс істейді, топырақтың құнарлылығын, егіннің түсімділігін арттырудың ғылыми негіздерін, мал шаруашылығын өркендетудің проблемаларын зерттейді.
Ғалымдар егістік жер көлемін ұлғайтуда, егіннің түсімін арттыруда, ет, сүт және басқа ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді көбейтуде ауыл шаруашылығы еңбекшілеріне практикалық көмек көрсету мәселесіне айрықша көңіл бөледі.
Республиканың ғылыми мекемелеріне жүктелген маңызды міндеттердің бірі Қазақстанның экономикасы мен халық шаруашылығының жетекші салаларын, әсіресе, ауыр өнеркәсіпті одан әрі өркендету, социалистік өндірісті тиімді орналастырудың және оны дамытудың мәселелерін зерттеу болып отыр.
КПСС XX съезі мен КПСС Орталық Комитеті Пленумдарының тарихи қаулыларын орындай отырып, бейбітшілік сүйгіш халық асқан зор ынтамен елімізде жаңа дүние орнату ісін жүзеге асырып келеді. Бұл істе ғылымның және ғалымдардың атқаратын рөлі зор да жауапты.
Кең байтақ территориясы, қойнауында сансыз минерал қазыналарды тығып жатқан, сыры ашылмаған құланжазық далалары, жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлерінің қаулап өсуіне аса қолайлы бай табиғаты, шарықтап дамыған социалистік шаруашылығы мен мәдениеті тесіле зерттеген адамға шабытты еңбек пен батыл творчестволық ізденулердің кең жолын ашатын Қазақстанның ғалымдары алдында мейлінше құрметті міндеттер тұр.
Осындай айбынды әрі тамаша міндеттердің тұрғысынан қарағанда Қазақстанның жас ғылымының қазіргі күмәнсіз жетістіктері алдағы бұдан да көлемді, бұдан да зор табыстардың кіріспесі ғана болып табылады. Республиканың халық шаруашылығы мен мәдениетін бұдан былай да шұғыл өркендету ісінде үнемі бастамашы әрі белсенді күрескер болып отыру үшін Қазақстанның ғылымы үздіксіз дамып, күннен-күнге жаңа табыстарға жете бермекші.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ҰЛЫ ОКТЯБРЬДІҢ ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҒЫНА

Мақала «Қазақстанда ғылымның совет өкіметінің кырық жылы ішінде өркендеуі» деген жинақта жарық көрді. – Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1957. 5-35-б. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың төмендегі жинағында жарық көрді:
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 7. Научно-популярные и общественно-политические статьи, выступление. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. – 472 с. – 352-379 бб.;

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы