Үстіміздегі бесжылдық республикамыздың экономикасы мен мәдениетін жаңа белеске шығаратын бесжылдық болмақ. КПСС XX съезінің директиваларында: елдің шығыс аудандарының бай табиғи байлығын игеру тездетілсін, батыс және шығыс Сібір аудандарында, Қазақ ССР-інде күрделі құрылыстың СССР бойынша тұтас алғандағыдан неғұрлым жоғары қарқынмен салынуы қамтамасыз етілсін делінген.
Расында да, республиканың байтақ жерінің қойнауы сансыз байлыққа толы. Қазір Қазақстан хром мен ванадий кенінің қоры жөнінде бүкіл дүние жүзінде алдыңғы орындардың біріне ие болып, мыс пен мырыш, қорғасын мен молибден, кадмий мен вольфрам және басқа кен байлығы жөнінен СССР-де бірінші орын алады. Сол сияқты бізде темір мен көмірдің, мұнай мен марганецтің, фосфориттердің, сирек және шашыранды металдардың сарқылмас қоры бар. Совет халқы Қазақстанды «еліміздің қазына қоймасы» деп орыңды айтады.
Міне осы мол қазынаны игеруге үстіміздегі бесжылдықта 78 миллиард сом қаржы жұмсалмақ. Бұл республиканың күрделі құрылысына алдыңғы үш бесжылдықта жұмсалған қаржыдан әлдеқайда көп. Республика алдында тұрған осындай ұлы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруда ғылым елеулі рөл атқарады. Қазақстанның зор минерал байлығын тапқан үстіне таба түсуге, оларды таяу уақытта пайдалану жолдарын іздестіруге айрықша көңіл бөледі. Ең алдымен, ғылымның кең өрісті теориялық және практикалық маңызы бар проблемалары зерттеледі.
Алтыншы бесжылдықта Қазақстанда энергетиканы дамыту ісі бұрын болып көрмеген дәрежеде өркендетіледі. Өйткені өнеркәсіптің қай саласы болса да энергетикасыз өркендей алмайды. Жаңа бесжылдықта республикамыздың энергетикалық базасының қуаты 2,5 еседен астам өседі. Энергетиканы дамытуда тап осындай кең құлаш сермеу біздің энергетик ғалымдарымыздың алдына зор міндеттер жүктейді. Бұл салада техникалық прогресті күшейтуді талап етеді.
Қазір энергетикалық базаны жоспарлы түрде дамытудың ең тиімді әдісі бірыңғай энергетикалық жүйе жасау болып табылады. Республикамыздың ұлан-байтақ жерін тап қазір бірыңғай энергетика жүйесімен қамту мүмкін емес. Ал Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын қамтитын энергетикалық жүйе құру ісін толығымен жүзеге асыруға болады. Ол Алтай мен Семей, Павлодар мен Қарағанды, Ақмола мен Қостанай, Көкшетау мен Петропавл энергия тораптарын біріктіретін болады. Бұл жүйе республиканың ең негізгі өнеркәсіпті аймағын, тың игерген аудандарды электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Алдағы жетінші бесжылдықта бұл міндетті орындауға толық жағдай жасалады, өйткені ол кезде Ертісте Бұқтарма мен Шульба электр станциялары салынады. Павлодар мен Қостанайда аса қуатты энергетика тораптары жасалады. Демек, үстіміздегі бесжылдықта республиканың энергетика ғылымының ең басты шешуші міндетінің бірі – Қазақстанның солтүстік-шығысында бірыңғай энергетикалық жүйе жасаудың ғылыми негізін зерттеу ісі болып табылады.
Жаңа бесжылдықта Қазақстанда Бұқтарма, Шульба ГЭС-і мен Іле өзенінде Қапшағай су-электр станциясын салуға байланысты, біздің ғалымдарымыз Қазақстан жағдайында су-электр станцияларын салу тәжірибесін қорытындылау керек. Сонымен қатар республиканың су энергиялық қорын онан ары жоспарлы түрде зерттей беруге тиіс.
Республикамыздың табиғат жағдайының ерекшелігіне сәйкес Қазақстанның 11 облысында тек жылу электр станцияларын салуға ғана мүмкіндік бар. Міне, сондықтан да жылу электр станциялары техникалық прогресс мәселелерін зерттеу – ғалымдарымыздың маңызды міндеттерінің бірі. Бұл салада біздер электр станцияларын блок схема бойынша комплексті түрде автоматтандыруға айрықша көңіл бөлуіміз керек.
Республиканың өнеркәсіпті аудандары, шикізат пен отын базасы Орталық Қазақстаңда орналасқан. Тың игерген негізгі аудандар да осында. Бірақ мұнда су жетіспейді. Міне осыған орай Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары жергілікті су қорын зерттеумен қатар, Ертіс суының бір бөлегін Орталық Қазақстанға жеткізу проблемасын шешу үстінде. Алтыншы бесжылдықта бұл мәселені зерттеу ісі аяқталып, келесі бесжылдықта жүзеге асырылуға толық даярлануы керек.
КПСС XX съезінің алтыншы бесжылдық жоспар жөніндегі Директиваларында Қарағанды бассейні мен Екібастұз, Орал, Ембі бассейндерін одан ары дамыту, Торғай ойпатындағы қоңыр көмір байлығын ашып, игеру міндеттері қойылған. Бұл міндеттер біздің көмірші, мұнайшы ғалымдарымыздан, геологтарымыздан айрықша еңбек етуді керек етеді.
Орал-Ембі бассейнін барлау, зерттеу жұмыстарын күшейтіп, оның байлығын пайдалану қажет. Әсіресе оның солтүстік жағына – Шұбарқұдық пен Ақтөбе маңына айрықша назар аудару керек. Өйткені бұл жерлерде мұнай өндірудің өзіндік құны бассейннің басқа жерлеріне қарағанда біраз төмен. Сонымен қатар бұл бассейннен жанғыш газдарды іздеуге де көңіл бөлген жөн. Қазақстанның оңтүстік-шығысынан, Іле маңы тау аралығындағы ойпаттардан мұнай іздеуді кеңейту қажет.
Қазақстанның ауыр өнеркәсібін дамыту металлургиялық және энергетикалық көмір байлығын кеңейтуге және игеруге байланысты. Қарағанды көмір бассейні үшін негізгі міндет бұрынғыдағыдай кокстелетін көмір қорын ұлғайта түсу болып табылады. Бұл міндет геологтар мен көмір химиктерінің, байытушылардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде ғана шешіледі. Бұл үшін Қарағандыда көмірді циклондық байытудың тиімді әдісін қолданған жөн болар еді.
Жаңа бесжылдықта Павлодар облысындағы Майкөбе қоңыр көмір ауданын геологиялық жағынан зерттеу, ашу, пайдалану ісін жүзеге асыруымыз керек. Бұл ауданның көмір қоры миллиардтаған тонна болып есептеледі. Сонымен қатар Қостанай облысындағы қоңыр көмір қорын игеруге назар аудару қажет.
Шығыс, оңтүстік-шығыс Қазақстанның өзіндік отын энергетикалық базасын жасаудың айрықша маңызы бар. Өйткені бұл аймақтарда да экономикалық жағынан дамыған, халқы тығыз Шығыс Қазақстан, Семей, Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстары бар. Сондықтан өңдірістік және геологиялық ғылыми мекемелер Шығыс пен оңтүстік-шығыс Қазақстанның көмір шығады-ау деген жерлерінің бәрін мұқият зерттеу қажет. Әсіресе Бетпақдала мен Балқаштың батыс жағын, Алакөл ойпатын, Қаратау мен Аякөз аудандарын, Кендірлік пен Ертіс маңын барлауға, ақтара қарауға зер салу керек.
Қара металлургия саласында алтыншы бесжылдықта Қазақстан жерінде салынатын алып құрылыстар бүкіл елімізге мөлім. Бұл – Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты. Қазір оның құрылысы кең өрістеген. Алтыншы бесжылдық алыбын салу үшін еліміздің тұс-тұсынан бұған мыңдаған адамдар келуде. 1960 жылы бұл комбинат елімізге 5,6 миллион тонна дайын руда беретін болады.
Қазақстан Магниткасын – Қарағанды металлургия заводын республика еңбекшілері мақтанышпен атайды. Оның жылына 1,35 миллион тонна шойын өндіретін 2 домна пеші болады. Сол сияқты Павлодар ферросплав заводы салынады.
Атасу рудниктерінің құрылысы өрістетіледі. Ақтөбе ферросплав заводы кеңейтіле түседі. Бірақ мұның бәрі Қазақстанның қара металлургиясын дамытудың алғашқы адымдары болып қана есептеледі.
Болашақта біздің республикамызда мұнан да зор металлургия заводтары салынады.
Қазақстан түсті металдар өндіруде еліміздің негізгі базасы болып табылады. Алтыншы бесжылдықта Үлкен Жезқазған комбинатымен бірге, Бозшакөл мен Николаев мыс комбинаттарының құрылысы жүзеге асырылады. Балқаш мыс комбинаты онан ары кеңейтіледі. Республикамызда қара мыс шығару 1,9 есе артады.
Қазір бүкіл әлемге атағы жайылған Торғай боксит руднигінің негізінде Павлодарда еліміздегі екі ірі алюминий заводы салынады. Біздің ғалымдарымыз республикамыздағы жаңадан пайда болған өндірістің бұл саласын ойдағыдай дамыту үшін боксит өңдеудің тиімді әдістерін табу керек. Сол сияқты сирек және шашыранды металдарды табу ісіне баса көңіл бөлген дұрыс болады.
КПСС XX съезінің Директиваларында Қазақстан жерінде бірқатар химиялық заводтар салу көзделген. Сонымен бірге коксхимиялық өнеркәсіп дамытылады. Бұл ғалымдарымызға елеулі міндет жүктейді. Осындай міндеттердің бірі – тыңайтқыштар өндіруді арттыру.
Қазір ауыл шаруашылығында фосфор тыңайтқыштар орасан көп қолданылады. Өйткені бұл егін шығымдылығын еселеп арттырады. Республиканың химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығының тыңайтқышқа деген қажетін өтей алмай отыр. Бізде әрбір гектар егістікке 10 килограмм фосфор тыңайтқышы енгізіледі. Ал Батыс Германияда және басқа бірқатар елдерде әр гектарға 50-100 килограмм фосфор тыңайтқышы енгізіледі екен.
Қазақстанда фосфориттер байлығы өлшеусіз көп. Қазір одан суперфосфат өндірілуде. Үстіміздегі бесжылдықта Қазақстан ғалымдары Қаратау фосфориттерін қышқылсыз әдіспен өндіру жолдарын табу керек. Бұл фосфор тыңайтқыштарын кең көлемде өндіруге жағдай жасайды. Бұл салада біздің химиктеріміз жемісті еңбек етуде. Мәселен, Қазақ ССР Ғылым академиясында термофосфат атты жаңа фосфор тыңайтқышы жасалды. Бұл қазір өндірісте сынақтан өткізілуде, оған Совет Одағының жер-жеріндегі 40 ауыл шаруашылық тәжірибе станцияларында агрономиялық байқау жүргізілуде.
Коммунистік партия мен Совет үкіметі еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге айрықша зер салып, тарихи қаулылар қабылдады. Бұл қаулы игі нәтижесін берді. Соңғы үш жылда республика жерінде жүзеге асырылған ұлы істер ауыл шаруашылығының ойдағыдай алға басқандығының айқын дәлелі. Бізде 19,5 миллион гектар тың және тыңайған жер игерілді. Республикамызда жаңадан 337 астық совхозы ұйымдастырылды. Қазір республика еңбекшілері биыл бітік егіннен 1 миллиард 400 миллион пұт астық жинау үшін күресуде.
Қазақстанда ауыл шаруашылығын шұғыл өрге бастыруда, тың және тыңайған жерлерді игеруде ғалымдарымыз зор көмек көрсетті. Республика ғалымдары соңғы екі жылдан аса уақыт ішіңде 15 миллион гектардан аса жаңа жерлерді зерттеп, астық совхоздарының жайлы жерлерге орналасуына тікелей көмектесті.
Республиканың ауыл шаруашылығын бұрын болып көрмеген дәрежеде өркендету үшін, КПСС XX съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыру үшін Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері орасан зор міндеттерді атқаруға тиіс. Дәнді дақылдардың түсімін арттыру, мал шаруашылығы өнімдерін молайту, топырақ өңдеу, ауыспалы егіс жүйесін батыл енгізу, тұқым қорын жақсарту сияқты мәселелер ерекше назар аударуын талап етеді.
Алайда, республика ауыл шаруашылығының аса маңызды мәселелері әлі тиянақты шешілмей отыр. Тың және тыңайған жер игерілген аудандардағы егіншілік системасының көп мәселесі әлі жеткілікті зерттелген жоқ. Сол сияқты мал шаруашылығында да елеулі кемшіліктер бар. Рас, соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанда қазақтың ақбас сиыры, Алатау және Әулиеата сиыры, қазақтың биязы жүнді және арқар-меринос қойы сияқты малдың асыл түқымдары шығарылды. Алайда, малдың бұл тұқымдарын бағу-күту, шаруашылықтарға тарату ісі канағаттанғысыз болып отыр.
Қазақстан жерінің 40 миллион гектардан аса кең жайлаулары мен шұрайлы шабындығын игеру, пайдалану нәтижесінде республикамызда мал шаруашылығын, әсіресе қой шаруашылығын өркендетудің күрделі шараларын жүзеге асыру алға қойылып отыр. Колхоздар мен совхоздардың, машина-трактор станцияларының экономикасын зерттеу, олардың келешегіне сай жобалар жасауына көмектесу, жоғарыда айтылған жайылымдар мен шабындықтарды игеруге ат салысу – ғалымдарымыздың үлкен міндеттерінің бірі.
Қазақстан табиғаты сан алуан. Мұнда құнарсыз шөлдер де, қара топырақты орманды далалар да, көк шалғынды шабындықтар да, қалың ағаш басқан таулар да кездеседі. Мұның бәрі республикада ауыл шаруашылығы ғылымын өркендете түсуді талап етеді.
Біздер ғалымдар мен өндіріс қызметкерлерінің бірлесе отырып шешкен зерттеу жұмыстарының қорытындысын экономиканы және мәдениетімізді өркендетуге пайдалану ісін қолға алуымыз қажет.
Бұл жөнінде Орталық Қазақстан мен Алтайдың бір миллион шаршы километрге жуық жерінен темір мен марганец, мыс пен қорғасын, қалайы мен молибден, вольфрам және басқа металдар бар жерді болжап, біздің академияның ғылыми қызметкерлері жасаған картаны кеңінен пайдалануымыз керек.
Қазақ ССР Ғылым академиясы ұсынған кен қазудың жаңа әдістерін металлургия өнеркәсібінде кең пайдалану жұмыс өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік бағасын арзандатуға көмектесетіні даусыз. Сол сияқты біздің ғалымдар ұсынған металл қорытудың жаңа әдісі өңдірістің өнімділігін арттырып, көлденең шығындарды азайтуға бағытталған.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары көп жыл бойы зерттеп, өндіріске қолдануға ұсынған жаңа табыстың бірі – тотыққан никель рудасын қорытудың әдісі металдың шлакта қалуын он есе кемітеді. Бұл әдісті қолдану – қоры азая бастаған никель рудниктерінің жұмыс сапасын арттыра түседі.
Қазақ ССР Ғылым академиясының қызметкерлері өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында КПСС XX съезінің тарихи нұсқауларына сүйене отырып, қоғамдық ғылымдарды дамытуға айрықша назар аударады. Әсіресе біздің экономистеріміздің алдында тұрған міндет орасан зор. Олар республика халық шаруашылығының маңызды салаларын өрге бастыруға, олардың дамуын белгілеп, жер-жерге орналастыруға тиянақты көмек көрсету керек. Олар, ең алдымен, республика шаруашылығының түсті және қара металлургия, көмір өнеркәсібі, энергетика, машина жасау сияқты салаларын дамыту мен орналастыру мәселесін зерттеуге ерекше зер салу тиіс.
Академияның Тарих, археология және этнография институты қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлихановтың қолжазбаларын жинап, зерттеу нәтижесінде оның көп томдық еңбектерін шығармақ. Педагог-ағартушы ақын Ыбырай Алтынсариннің таңдамалы шығармаларын орыс тілінде жариялау жұмысы қолға алынып отыр. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы, туысқан орыс халқымен достықтың жаршысы Абай Құнанбаевтың шығармаларының толық жинағы орыс тілінде шығарылады.
Біздің тарихшыларымыз Ұлы Октябрь социалистік революциясының 40 жылдығына дейін Қазақ ССР тарихының 2 томын басып шығару керек. Сонымен қатар Қазақстандағы қоғамдық пікірлердің дамуы, революциялық және ұлт-бостандық қозғалысының тарихын айқындайтын документтерді жеке жинақ етіп әзірлеу қажет.
Филология ғылымы саласында қазақ тілінің грамматикалық құрылымы, лексикасы мәселелеріне, оның тарихы мен диалектологиясына баса назар аударылуға тиіс. Сол сияқты қазақ халқының ауыз әдебиетін, жазбаша әдебиетін зерттеу мәселелерін күшейту қажет. Академиямыздың қоғамдық ғылым саласында қызмет етіп жүрген ғалымдары КПСС XX съезінің тарихи шешімдерін терең зерттеу арқылы тарих, әдебиет, тіл ғылымы саласында болып келген олқылықтарды тез арада жоюға, жаңа қомақты еңбектерімен халық алдындағы абыройлы борышын ақтауға міндетті.
КПСС XX съезі қабылдаған халық шаруашылығын өркендетудің алтыншы бесжылдық жөніндегі Директивалары барлық совет ғалымдарын, соңдай-ақ Қазақ ССР Ғылым академиясының коллективін ғылымда жаңалықтар ашуға күш-жігерін жұмсауға шақырады.
Қазақстан ғалымдары республикамыздың кен байлығын зерттеп, оларды пайдаланудың ұтымды жолдарын табуға ерекше көңіл бөлетін болады. Кен байлығының жер қойнына орналасу заңдылығын зерттейтін теориялық жұмыстар күшейтіле түседі. Сирек кездесетін және шашыранды металдарды зерттеу, олардың кенін ашу нәтижесінде титан, германий, тантал, скандий сияқты аса құнды металдар шығаратын шикізат базаларын ұйымдастыру жолында еңбек етеді.
Ғылым мәселелерін өркендетуде ғылыми проблемаларды талқылаудың, ғылыми жұмыстағы кемшіліктерді ашатын сын мен өзара сынның айрықша маңызы бар. Алайда, бірсыпыра ғылыми мекемелерде ғылым проблемаларын ойдағыдай талқылауға жағдай жасалмаған. Бізде туысқан республикалардағы ғылым мен техниканың жетістіктері жеткілікті пайдаланылмайды. Шетелдік тәжірибе мен ғылым табыстарын үйрену ойдағыдай емес.
Біздің кейбір ғылыми-зерттеу институттарымыз ғылыми жұмыстарды өндіріспен ұштастыра білмейді. Бір уақытта зерттелген мәселелермен қайта шұғылдану орын алып келеді. Республика жоғары оқу орындарының көбінде ғылыми жұмыс нашар өрістетілген. Профессорлар мен оқытушылардың көпшілігі ғылыми-зерттеу жұмысына атсалыспайды. Мемлекет мүддесі, халық шаруашылығын өркендету міндеті – ғылыми мекемелердің жұмысындағы елеулі кемшіліктерді жедел жоюды талап етеді.
КПСС XX съезінің ғылыми мекемелерді өндіріске жақындату, ғылым мен халық шаруашылығының байланысын арттыру ісіне айрықша көңіл бөлді. Шынында да, өндіріссіз, практикасыз ғылым әрі құнарсыз, әрі нәрсіз болмақ.
Совет Одағының басқа да туысқан республикаларындағы сияқты, біздің республикамызда да ғылым мен техниканың алдына қойылған міндеттерді орындай алатын ғылым кадрлары жеткілікті. Соғыстан бұрынғы дәуірмен салыстырғанда, Қазақстанда жоғары дәрежелі білімі бар кадрлар саны 3,8 есе, ғылыми қызметкерлер саны 2,5 есе артты.
Республикамызда Қазақ ССР Ғылым академиясы, В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясының Қазақ филиалы жұмыс істейді. Бұлар ондаған ғылыми мекемелерді біріктіреді. Қазір бізде 25 жоғары оқу орны, 127 ғылыми-зерттеу мекемесі, 35 ғылыми-зерттеу институты бар. Бұларды 3300 ғылыми қызметкер зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Олардың 148-і ғылым докторы, 1400-дейі ғылым кандидаты, 1940 жылмен салыстырғанда, республикамызда ғылым докторларының саны 12 есе, кандидаттар саны 25 есе көбейді. Міне, бұл цифрдан Қазақстанның ғылым мен мәдениеті гүлденіп, өскендігін айқын көруге болады.
КПСС XX съезінің трибунасынан партиямыз совет ғалымдарына алғыс жариялады. Біздің ғалымдарымыз мұны мақтаныш тұтады. Олар КПСС XX съезінің тарихи қарарларын жүзеге асыру үшін, халықтың игілігі үшін жемісті қызмет етеді.