Жолдастар! КПСС XX съезі Директиваларының жобасынан көрініп отырғанындай, алтыншы бесжылдық еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи кезең болады. Бұл бесжылдықта республикамыздың алдына қойылған аса зор міндеттерді жүзеге асыру күресінде ғылым мен техниканың қайраткерлері маңызды орын алады. Қазіргі заман ғылымның барлық негізгі салаларын қамтитын 20 зерттеу институты бар Қазақ ССР Ғылым академиясы республиканың ғылыми ойының зор орталығына айналды. Биыл өткізілетін өзінің он жылдығына Қазақ ССР Ғылым академиясы бірсыпыра аяқталған зор ғылыми еңбектермен келеді. Бұл еңбектердің аса маңыздылары – Орталық Қазақстанның, кенді Алтайдың темір, марганец, мыс, қорғасын, молибден, вольфрам, қалайы, титан және көмір кендерін көрсететін металлогениялық прогноз карталары. Бұл карталар, алтыншы бесжылдықта мұнан да күшті қарқынмен жүргізілетін геологиялық-іздеу жұмыстарын дұрыс бағыттауға теориялық база болады.
Қазақстан еліміз үшін зор маңызы бар, қуатты көмір, қара және түсті металдар базасы. Мұнымен қатар геологтар өздерінің зерттеулерінде Қазақстанның қойнауында, сирек кездесетін және бытыраңқы көп элементтердің – индийдің, бериллийдің, германийдің, таллийдің, теллурдің, селеннің және атомдық техникада, электроникада, радиотехникада аса зор маңызы бар, басқа сондай элементтердің мол запастары бар екенін анықтады.
Қазақстандағы артезиан суының прогноз карталарын жасау аяқталды. Көкшетау, Ақмола, Ақтобе, Павлодар, Қарағанды облыстарының тың жерлерді игеруші аудандарында 1954-1955 жылдарда академияның жер кендерін, жер қыртысын, өсімдіктерді зерттейтін 69 экспедициялық отряды жұмыс істеді. Бұлар жер қыртысының, өсімдіктердің, су көздерінің карталарын жасады, саз, құм, әк, гипс және басқа құрылыс материалдарының көптеген кендерін ашты.
Академия ғалымдарының көмегімен Текеліде, Быструшин және Сокольный рудниктерінде кенді блоктап құлатудың прогрестік системалары өндіріске енгізілді, Жезқазғанда руда шығарудың бірсыпыра жаңа әдістері енгізілді. Балқаш заводының жылдық балансы жасалды, мыс рудаларын қорытудың ССРО-дағы жаңа циклондық әдісі белгіленді, мұның өзі Жезқазған мен Балқаштың металлургия заводтарының жұмыс өнімдігін мықтап арттырады.
Академияның ғылыми қызметкерлері қазақ арқар-меринос қойы, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты, малдың жаңа бағалы тұқымдарын жетілдірді.
Гуманитарлық ғылымдар институттарының қызметкерлері Қазақ ССР тарихының бірінші томын жазуды аяқтап келеді, қазақ әдебиетінің классиктері – Абайдың, Алтынсариннің, Жамбылдың шығармалары бастырылды, қазақ және ұйғыр тілдерінің грамматикалары шығарылды, орысша-қазақша және орысша-ұйғырша сөздіктер жасалды.
Ғылым академиясы өзінің жұмысында өндірістік ұйымдармен тығыз байланыс жасай отырып, практикалық маңызды тақырыптарды шешу принципін қолданып келді. Академия жер-жерлерде көптеген ғылыми ұялар ашты, олардың негізінде жаңадан екі институт – Өскеменде Алтай кен-металлургия институты, Гурьевте мұнай институты ұйымдастырылды. Зерттеулер тақырыптарының маңызын арттыру және республиканың аса маңызды экономикалық аудандарының қажетімен жер-жерлердің өзінде танысу үшін, Ғылым академиясы, одақтық және республикалық министрліктердің, партия, совет, шаруашылық ұйымдары өкілдерінің және кәсіпорындарын мамандарының қатысуымен көшпелі сессиялар шақыруды әдетке айналдырды. Қазақ ССР Ғылым академиясы келешекте де өзінің жұмысында тақырыптардың практикалық маңыздылығы, ғылыми-зерттеулердің комплекстілігі және коллективтілігі принципін басшылыққа алып отырады.
Ғылым академиясы институттарының жұмысында көптеген кемшіліктер бар. Бірсыпыра институттардың кадрлармен толықтырылуы, құралдармен жабдықталуы әлі де ғылымның алдында тұрған зор міңдеттерге сай келмейді. Академияның маңызды практикалық ұсыныстарды жартылай өнеркәсіптік сыннан өткізуге керек эксперименттік базасы жоқ. Көптеген ұсыныстар өндіріске баяу енгізіледі. Мысалы, Металлургия және байыту институты 1950 жылдың өзінде Кемпірсайлық қышқылданған рудалардан никель және кобальт айырудың жаңа технологиялық әдісін белгіледі. Бұл әдіс никель мен кобальтты айыру процентін әлдеқайда арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл әдіс әдетте тасталатын шлактар орнына, ауыл шаруашылығында бағалы тыңайтқыш ретінде толық пайдаланылатын фосфат-шлак алуға мүмкіндік береді. Мұның қорытындысында пайдалану шығындары азаяды, өндіріс технологиясы оңайланады. Бұл жұмыстардың нәтижелері 1951 жылдың басында СССР Түсті металлургия министрлігіне мәлімделді. Бұл министрлік Орск никель заводына жаңа әдісті заводтық жағдайда тексеруді ұсынды. Содан бері бес жыл өтті, ал принциптік маңызды бұл жаңа әдіс тексерілген жоқ.
Академияның жеке институттарында әлі де кездейсоқ, ғылымға пайдасыз адамдар жұмыс істейтінін біз жасырғымыз келмейді. Ғылымымызды мұндай пайдасыз адамдардан арылту үшін, жоғары оқу орындарында жақсы нәтиже берген, қызмет орындарына конкурспен алу системасын біздің академиямызда да қолдану керек.
Алтыншы бесжылдықта республиканың халық шаруашылығының шапшаң қарқынмен өркендетілуі академияның жұмысын батыл жақсартуды, оның кадрларын өсіріп, өндірістік базаны нығайтуды талап етеді. Республикадағы барлық ғылыми-зерттеулерде бір ізге салып отыратын бір орталық жасайтын уақыт жетті.
Сөзімнің қорытындысында мен КПСС XX съезі Директиваларының жобасына, Қазақ ССР-іне жататын бөлімі бойынша кейбір толықтырулар ұсынғым келеді.
Директивалардың жобасы бойынша, 1960 жылы елімізде 68,3 млн. болат өндірілуге тиіс. ССРО-да Қара металлургияны өркендетуді тездету қажет. Қазіргі уақытта Совет Одағындағы, мүмкін, тіпті бүкіл дүние жүзіндегі ең ірі Аят және Лисаков кендерінің рудалары пайдаланылмай отыр. Бұл рудалар саяз, оларды ашық әдіспен шығаруға болады. Аят және Лисаков рудаларынан айырылатын әрбір мың тонна шойыннан 900 т. болат, феррованадий және 180 тоннадай фосфат-шлак алынады. Бұл шлактағы фосфат, Қаратау фосфориттерінен алынатын Жамбыл және Қоқан суперфосфаттарындағыдан бір жарым есе көп. Мұны есте тұтып, КПСС XX съезі Директиваларының жобасын алтыншы бесжылдықта Лисаков-Аят кен-байыту комбинаты құрылысының барлық жобалау және әзірлік жұмыстарын орындауды міндеттейтін пунктпен толықтыруды ұсынамын.
Орталық Қазақстанда өнеркәсіптің зор көлемде өркендетілуі табиғат ресурстары ерекше көп бұл ауданның проблемаларын түбірінен толық шешу туралы мәселені алға қояды. Ертіс өзені – Орталық Қазақстанды суландырудың мол су қоры. Энергетика институтының зерттеулері, Ертістің суын Орталық Қазақстанға бағыттау үшін, ұзындығы 800 км, суды 300 м жоғары көтеретін механикалық көтергіштері бар канал жасау керек болатынын көрсетті. Бұл аса зор су құрылысын жасау зор көлемді жобалау-зерттеу жұмыстарын алдын ала жүргізуді керек қылады. Осы зерттеу жұмыстарын үстіміздегі бесжылдықта аяқтап, келесі бесжылдықта бұл каналды жасауға кірісетін болу керек. Директивалардың жобасын Ертіс-Орталық Қазақстан каналы жөніндегі жобалау-зерттеу жұмыстарын бесжылдықтың аяғына дейін аяқтау туралы пунктпен толықтыруды ұсынамын.
Республиканың халық шаруашылығында атом қуатын қолдануды зерттеу жұмыстарын кең өрістету қажеттігін ескеріп, КПСС XX съезі Директиваларының жобасына алтыншы бесжылдықта Қазақ ССР Ғылым академиясының эксперименттік атомдық реакторы құрылысын енгізуді өтінемін.
Жолдастар! КПСС XX съезі Директиваларының жобасында белгіленген, еліміздің шаруашылығын өркендетудің аса зор программасы халықты жігерлеңдіріп, еңбек майданындағы жаңа ерлік істерге жұмылдырады. Қазақстанның ғылым қайраткерлері алтыншы бесжылдықтың ұлы жұмыстар жоспарын ойдағыдай орындауға өздерінің барлық күші мен білімін аянбай жұмсайтындығына Қазақстан Коммунистік партиясының VIII съезі мен КПСС Орталық Комитетіне сенім беруте рұқсат етіңіздер.