Бүгін, 7 сентябрьде, еліміздің халықтары, сонымен қатар, бүкіл дүние жүзінің прогресшіл адамзаты, Советтер Одағының жүрегі – Москва қаласының 800 жылдығын мерекелейді.
Москва еліміздің ежелден даңқты мәдениет орталығы болып есептеледі. Бұдан төрт ғасыр бұрын, 1564 жылы, Москвада «Апостол» деген алғашқы баспа кітап жарыққа шықты. Оны жарыққа шығарған Россиядағы тұңғыш баспашы Иван Федоров еді. Бұрынғы Қытай қаласының батыс қабырғасында оған орнатылған ескерткіш мұндағы алаңға ерекше көрік беруде. Бұл тұңғыш баспа кітап бағалы ескерткіш зат есебінде Ленин атындағы көпшілік кітапханасында күміс мұқабаға салынып арнаулы сақталуда. Бұл кітаптың жарыққа шығуы Россияда кітапты көптеп шығаруға негіз болды.
Бұдан екі ғасыр бұрын, 1755 жылы, орыстың тұңғыш ғалымы Михаил Васильевич Ломоносовтың тынбай еңбек етуі арқасында Россиядағы алғашқы жоғары оқу орны – Москва университеті құрылды. Кейін бұл университет дүние жүзіндегі атақты университеттердің бірі болды. Онда еліміздің атақты ғалымдары мен халық ағартушы қайраткерлерінің көптеген ұрпақтары білім алып шықты. Мұнда Герцен, Огарев, Белинский, Лермонтов және Тургенев оқыды. Мұнда оқыған – орыстың ұлы ғалымдары Сеченев, Тимирязев, Жуковский тағы басқа да атақты ғалымдардың ұрпақтары орыс ғылымының туын жоғары көтерді. Сонымен қатар, Москвада Россиядағы тұңғыш техникалық жоғары дәрежелі оқу орны және бұрынғы Петровско-Разумовский ауыл шаруашылығы Академиясы – қазір Тимирязев ауыл шаруашылығы Академиясы деп аталатын оқу орындары құрылды.
Москва тек совет өкіметі тұсында ғана еліміздің ғылыми ой-пікірінің орталығына айналды.
Москва 1918 жылдан бастап Советтік мемлекеттің астанасы болып келеді. Міне, осы кезден бастап Москва бүгінгі күнге дейін дүние жүзіндегі ең маңызды ғылым – ғылымдардың атасы – Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин философия ғылымының бүкіл одақтық орталығы ғана емес, сонымен қатар, бүкіл дүние жүзілік орталығы болып отыр.
Ұлы Ленин 1918 жылы қарт Кремльде «РСҚСР-дағы ғылыми-техникалық жұмыстар жоспарының жобасын» белгіледі. Бұл жоспар келешекте совет ғылымының штабы – ССР Одағы Ғылым Академиясының жұмыстары программасының негізі болды. 1934 жылы үкіметтің ұйғаруы бойынша ССР Одағы Ғылым Академиясы Москваға көшірілді. Ғылымның бұл алып ордасы 40тан аса ірі ғылыми институттарды және мыңдаған ғылыми қызметкерлерді қамтып отыр. Ғылымдардың бірсыпыра салалары жөнінде, мысалы, физиология, геология, жер зерттеу тағы басқа ғылымдар жөніндегі институттар қазір дүние жүзілік ғылымдардың орталығына айналды.
ССР Одағы Ғылым Академиясының мүшелерін ғылым кемеңгері Иосиф Виссарионович Сталин басқарып отыр, оның мүшелігінде Вячеслав Михайлович Молотов бар. Совет ғалымдары мұны орынды мақтан етеді.
Москвада Бүкіл Одақтық Ғылым Академиясымен қатар, ғылымның басқа салалаларынан 5 Академия бар. Сондықтан да, Москваның алдында әрі игілікті, әрі маңызды міндетті орындау – таяу уақыттардың ішінде шет елдердің ғылым жөніндегі табыстарын қуып жетіп, басып озу жөнінде Сталин жолдас қойған міндетті орындау мәселесі тұр.
Совет өкіметі тұсында Москвада көптеген мектептер, орта және жоғары дәрежелі оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері құрылды.
Қазір Москвада жоғары дәрежелі 89 оқу орны бар. Онда 120 мыңнан аса студент оқиды. Москваның жоғары оқу орындарынан білім алып, тәрбиеленіп шыққан оқытушылар, агрономдар, дәрігерлер, инженерлер тағы басқа ғылым иелері қазір ұлан-байтақ еліміздің түрлі өлкелерінде жемісті еңбек етуде.
Москвада 230-ден аса ғылыми-зерттеу мекемесі бар. Онда 15 мыңнан аса адам еңбек етуде. ССР Одағы Ғылым Академиясының ондаған ірі институттарымен қатар, Москвада түрлі министрліктер мен мекемелердің алуан саладағы ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Олардың игілікті зерттеу жұмыстарының арқасында халық шаруашылығын өркендетудің, мәдениетімізді көркейтудің және совет мемлекетінің қорғанымпаз күш-қуатын арттырудың маңызды мәселелері шешілуде.
Москва – дүние жүзілік мәдениет пен ғылымның орталығы. Бүкіл Одақтағы кітаптың 42 проценті Москвада шығады. Бүкіл Одақтық ғылыми қордың 25 проценті Москваның мемлекеттік кітап сақтау орындарына және ғылыми кітапханаларына жинақталған. Москваның Ленин атындағы көпшілік кітапханасында 10 миллионнан аса том кітап бар.
Москваның ғылыми орталықтары мәдениет пен ғылымды өркендету ісінде Советтер Одағының республикаларына зор көмек көрсетіп келеді. Одақтық республикаларда ССР Одағы Ғылым Академиясы құрған базалар мен филиалдардың көбі қазір өз алдына ұлт Академиялары болып ұйымдастырылды. Москва ғалымдары Қазақстанда ғылым ордасын құру ісіне де баға жетпес зор көмек көрсетті. ССР Одағы Ғылым Академиясының 1932 жылы Қазақстанда құрылған филиалы қазір Қазақ ССР Ғылым Академиясына айналды. Бұл Академия республикада ғылымның шын мәніндегі орталығы болып отыр.
Қазақстанның әрбір ғалымы өзінің ғылыми өрісін арттыруда Москваның, әсіресе, ССР Одағы Ғылым Академиясының атақты білімпаздары мен ғылыми ұйымдарының үнемі қамқорлық жасап, көмектесіп отырғанына алғыс айтады. Менің үшін 1934 жылғы 12 ноябрь өмір бойы есте қаларлық тамаша күн болып табылады. Ол күні мен, Жезқазғанның геологі, Москвада ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақстан сессиясында Жезқазған ауданының геологиясы және кен байлықтары туралы алғаш рет баяндама жасап, өзімнің Жезқазған жөніндегі еңбегіме бірінші рет ғылыми баға алдым.
Москваның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының жақсы жабдықталған тамаша лабораторияларында қазақ ғалымдарының көптеген жас кадрлары оқып білім алды және қазір де оқып білім алуда.
Қазақстанның ғылыми жұртшылығы Москва еңбекшілеріне, олар арқылы көп ұлтты бүкіл совет халқына орыс халқының, Бүкіл Одақ мәдениетінің алтын бесігі – Москва қаласының 800 жылдығын мерекелеумен байланысты өздерінің жалынды сәлемін жолдайды.
Россияның бұрын артта қалған аймақтарында, қазіргі одақтас республикаларда ғылым академияларын құру – совет өкіметі жылдарында бұл республикалардың кең құлаш сермеп гүлденгендігін, лениндік-сталиндік ұлт саясатының салтанат құруын айқын сипаттайды.
Сталиндік бесжылдықтардың ішінде Қазақстанда алып өнеркәсіп орындары: бүкілодақтық үшінші көмір ошағы – Қарағанды комбинаты, өзінің қуаты жағынан ССРО-да және Европада ерекше маңызды орын алатын Балқаш, Шымкент металлургия заводтары салынды, мұнай, қара және басқа металдар шығаратын ірі өнеркәсіп орындары, қуатты социалистік ауыл шаруашылығы, ССР Одағының шығысында ірі мал шаруашылық базасы жасалды. Құрғақта және әуеде транспорт жолы кең өркендеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының өсуімен бірге республиканың мәдениеті де өркендеп отырды.
Осы табыстардың бәрі Қазақстанда ғылымды едәуір өркендетуге жол ашты.
Бұдан екі жыл бұрын, 1946 жылғы 1 маусымда ССР Одағы Ғылым академиясы Қазақ филиалының негізінде Қазақ ССР Ғылым академиясы құрылды.
Қазақ ССР Ғылым академиясы өзінің екі жылдық өмірі ішінде аса күшті ғылыми-зерттеу мекемесі болып өсті. Академияның составында қазір 17 институт, 13 дербес секторлар бар, бұлар техника, медицина, биология, физика, математика, химия, тарих, тіл, әдебиет, искусство тағы басқа білімдер саласының сан алуан мәселелері жөнінде жұмыс істеуде.
Академияда тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу базалары кеңінен ұйымдастырылды. Мұндай базалар Қарағандыда, Жезқазғанда, Гурьевте, Лениногорда және республиканың басқа маңызды аудандарында бар.
Қазақ ССР Ғылым академиясында 1200 ғылыми қызметкер жұмыс істейді, олардың арасында 85 ғылым докторы мен профессорлар, 246 ғылым кандидаттары бар. Академияда істейтін ғылыми қызметкерлердің жалпы саны ішінде 260 қазақ, оның ішінде 14 ғылым докторы бар. 1947 жылы академияның 57 қызметкері мен аспиранты ғылым кандидаты атағына, 6 адам ғылым докторы атағына диссертацияны ойдағыдай қорғады. 1948 жылы 20 адам докторлық диссертация (оның ішінде 7 диссертацияны қазақтың ғылыми қызметкерлері) қорғайды және 50-ден астам адам ғылым кандидаттығына диссертация қорғайды.
Академияның ғылыми кадрлары арасында доктор және ғылым кандидаты атағын алған қазақ әйелдерінің болуы өте-мөте қуанышты.
Өткен 2 жылдың ішінде Академияның ғылыми мекемелері 633 тақырып мәселені зерттеп шешті. 300 ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысы өндірісте қолдану үшін тапсырылды. Осы мерзім ішінде Академия 319 рет экспедиция отрядтарын ұйымдастырып жер-жерлерге шығарды.
Қазақ ССР Ғылым академиясының істейтін жұмысын 1948 жылға белгіленген ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарынан айқын көруге болады. Бұл жоспарда 500-ден астам комплексті ғылыми тақырыпты зерттеу белгіленіп отыр. Мұның ішіне 200 аспиранттық тақырып қосылмайды. Осыдан 300 тақырып бірнеше жылдардан бері зерттеліп келеді, 200 тақырып мүлде жаңа мәселе болып отыр.
Бұл мақалада жүздеген осы тақырыптың бәрін жеке-жеке түсіндіріп жату былай тұрсын, оны тізіп айтып шығу да мүмкін емес. Сондықтан біз аса маңызды ғылыми мәселелерге тоқталып өтпекпіз, бұл мәселелерді шешу үшін Академия коллективі жұмыс жүргізіп жатыр.
Минерал ресурстар бөлімшесінің ғылыми мекемелері 217 мәселені зерттеп жатыр.
Геологиялық ғылыми институтының зерттеп жатқан басты тақырыптары мынандай: Қазақстандағы қара металл кендерін зерттеп, оның картасын жасау, Қазақстандағы және ССР Одағындағы мысты құмтас кендерінің геологиясын зерттеу, Қазақстанның және ССР Одағының мысты-порфир рудалары кендерін зерттеу, үлкен Алтайдың полиметалл рудалары кендерін зерттеу, тағы басқалар.
Ғылыми және практикалық маңызы бар тақырыптарымен қатар мына төмендегі терең теориялық тақырыптар да зерттелуде, атап айтқанда: Қазақстанның тектоникасы зерттеліп, Қаратаудың құрылымдық-геологиялық картасы жасалынады, стратиграфияны, палеогеографияны және магматизм мәселелерін зерттеу, Қазақстанның геоморфологиясын зерттеу, жер сілкінетін аудандарда (Алатауда) жер қыртысының өзгеріп және ауысып отыруын зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Кен институтының ғылыми қызметкерлері үстіміздегі жылы: Алтайдың полиметалл кендерін, Жезқазғанның мыс рудаларын және Қарағанды бассейнінің көмірін табу және оны шығарудың рационализация әдістерін, кенші жұмысшылардың жұмыс жағдайын жақсарту және силикозға қарсы күресу мақсатымен Алтай полиметалл рудниктерінде вентиляцияны рационализациялау мәселелерін зерттеп шешуде.
Металлургия және байыту институтында Балқаш пен Қарсақпай мыс балқыту заводтарының шлактары зерттеліп жатыр, бұл отын шығынын азайту және рудадан металды алуды көбейту мақсатында жүргізіледі, Орталық Қазақстанның және мыс рудасы бар Бозшакөлдің никель-кобальт рудаларын металл қылып қорытудың тиімді жолдары, тағы басқалар зерттелуде.
Химия институты зерттеп жатқан тақырыптардың ішінде: қышқылдықтың амфотерлік қасиеттерін физикалық-химиялық әдіспен зерттеу, катализ мәселелерін зерттеу, Орталық Қазақстанның рудаларынан металл марганецін алу үшін, мысты никельмен цементациялау үшін электрхимияны қолдану, Қаратау фосфоритін азот қышқылымен ажырату жолымен комплексті азот-фосфор туктарын алу әдісі, тағы басқа мәселелер бар.
Энергетика институтының коллективі: Алтай мен оңтүстік Қазақстанның гидроэнергетика ресурстарын, оларды тиімді жолмен пайдалануды, ірі өнеркәсіп узелдерін (Қарағанды, Жезқазған) сумен қамтамасыз ету үшін Орталық Қазақстандағы өзендердің гидрологиясын, жалпы сеть бойынша жұмыс істейтін орта және кіші көп электр станцияларының күрделі энергетика системасын есептеу әдісін зерттейді.
Физика-математика ғылымдары бөлімшелерінің жоспарында 51 тақырып белгіленіп отыр.
Астрономия және физика институты: Күн системасындағы метеорит материясын зерттеу, актинометрия және атмосфера оптикасы мәселелерін зерттеу, галактиканың құрылысын зерттеу, Сихотэ-Алин метеоритін зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
1947 жылы жаңадан ұйымдастырылған астроботаника секторы 1948 жылы: Марста өсімдік болу мәселесіне байланысты жер бетіндегі өсімдіктердің түрлі биіктіктегі спектрлік шағылыстыру қабілетін зерттеу, өсімдіктің флуоресценциясын зерттеу, люминисценция әдісімен өсімдіктерге инфрақызыл сәуле беруді зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Бұл сектор осы ғылым саласында тек бізде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде тұңғыш ғылыми мекеме болып табылады.
Математика және механика секторы 1948 жылы тұрақтылық теориясы мәселесін зерттейді.
Биология және медицина ғылымдары бөлімшесінің ғылыми мекемелерінің зерттеп жатқан 189 тақырыпта: миллиондық масштабта республиканың 16 облысының жер қартасы жасалып жатыр, бұл ССР Одағы Ғылым академиясы әзірлеп жатқан бүкіл Совет Одағы картасының тұтас бір бөлігі болып табылады.
Қазақстанда, әсіресе Кен және металлургия өнеркәсіп орындарында физиология, өлкелік, патология, хирургия, неврология және профессиялық аурулар мәселесі зерттеледі.
Қоғам ғылымдарының ғылыми мекемелері бөлімшелерінің 1948 жылғы жұмыс жоспарында идеология мәселелері жөнінде БК(б)П Орталық Комитеті мен Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тарихи қаулыларында талап етілген қазіргі заманның ғылыми тақырыптарын кең зерттеу белгіленіп отыр.
Қоғам ғылымдары бөлімшесінің жоспарына енгізілген 82 тақырыптың ішінде, ең алдымен, мынадай тақырыптарды атап өту керек болады: «Ерте заманнан алып қазіргі уақытқа дейінгі Қазақ ССР тарихының» түзетілген бір томдығының екінші басылуын аяқтап баспаға әзірлеу, Қазақ ССР тарихының томдығын жасау жолында жұмыс жүргізу, қазақ тілінің академиялық сөздігінің бірінші және екінші томын бітіру, совет дәуірін қамтитын қазақ әдебиеті тарихының төртінші томын аяқтау, орыс, ұйғыр сөздігін жасау, қазақ тілінің терминология сөздігін жасау, қазіргі заманның қазақ тілінің ғылыми грамматикасын жасау, ұлы орыс халқы мен қазақ халқы достығының тарихи негіздерін анықтау жөнінде «Абай және орыс классиктері» мәселесін зерттеу.
Қазақ ССР Ғылым академиясының коллективі жұмыс істеп отырған маңызды мәселелер – міне, осылар. Мұның бәрі ғылыми зерттеу жұмыстарының кең құлаш сермегенін сипаттайды, Қазақстанның жетекші ғылыми мекемесінің ғалымдары халық шаруашылығының жоспарларын орындау жолындағы, таяудағы бесжылдықтардың ішінде экономика жөнінен алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озу туралы Сталин жолдастың нұсқауларын жүзеге асыру жолындағы бүкіл халықтық қозғалысқа белсене қатысып отырғандығын көрсетеді.
Қазақ ССР Ғылым академиясының зерттеу жұмысына бағыт беруде және оны өркендетуде партия мен үкімет тарапынан берілген көмек, басшылық шешуші роль атқарды.
Қазақстан К(б)П Ортатық Комитеті және Қазақ ССР үкіметі академияның кадрларына идеологиялық тәрбие беру және оларды өсіру мәселелері, сол сияқты оның материалдық базасы туралы маңызды қаулылар қабылдады. Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 19 пленумы академияның философия, право, экономика, искусство секторларының жұмысын қанағаттанғысыз деп тауып, республикада ғылымның жалпы майданын одан әрі өркендетумен қатар қоғам ғылымдары бөлімшесінің жұмысын жақсарту керек деп тапсырды.
Академияның гуманитарлық ғылыми мекемелерінің тақырыбын қазіргі заманның талаптарына одан әрі жақындату, ғылыми еңбектердің жоғары идеалы болу – қоғам ғылымдары бөлімшесінің ең басты міндеті болып табылады.
Қазақ ССР Ғылым академиясы республиканың өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына өндірісте қолдану үшін көп ғылыми зерттеу жұмыстарын беріп, зор көмек көрсетті. Бірақ біз бұған жайбарақаттанып отыра алмаймыз. Біз өнеркәсіппен, ауыл шаруашылығымен бұрынғыдан да тығыз байланыс жасап, оларға зерттелген жұмыстардың қорытындыларын үнемі беріп отыруымыз керек, сонымен қатар сол зерттелген материалдардың қолданылуын батыл талап етіп отыруымыз керек.
Қазақ ССР Ғылым академиясы ғылыми коллективі жұмысының жемісті болуы оның партия ұйытқысы болуына байланысты (ғылыми қызметкерлердің 37 проценті коммунистер болып отыр). Бұл коллектив қазақтар мен орыс ғалымдарының берік достығы негізінде топталған. Біз өзіміздің кадрларымызды интернационализм, халықтардың достығы рухында арымай-талмай тәрбиелейміз. Мұндай достық социализм жеңген біздің елімізде ғана болып отыр.
Біз жұмысымызға шолу жасап отырмасақ, жұмысымыздағы кемшіліктерді және қателіктерді батыл сынап, өзара сынды кең өрістетіп отырмасақ, алға басуымыз мүмкін емес. Жданов жолдас творчестволық искусство болмаған жерде, сын және өзара сын болмаған жерде алға басу да болмайды деп атап көрсетті.
Біздің келешекте жаңа табыстарға жетуіміздің негізгі шарты болған бірден-бір ғылыми методологияны – марксизм-ленинизм методологиясын, Маркстің, Энгельстің, Лениннің, Сталиннің ұлы ғылымдарының негіздерін әрқайсымыз меңгеруіміз керек. Біз Сталин жолдастың тамаша сөздерін әрқашан есімізде сақтап келеміз. Ол былай деген болатын: «…Ғылымның барлық саласындағы большевиктер үшін міндетті болған ғылымның, білімінің бір саласы бар, ол – қоғам туралы, қоғамның даму заңдары туралы, пролетариат революциясының даму заңдары туралы, социалистік құрылыстың даму зандары туралы, коммунизмнің жеңуі туралы маркстік-лениндік ғылым».