Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1945-1949 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ

Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бергі 28 жыл ішінде қазақ халқы өзінің тарихи дамуында үздік алға басты. Бір кезде патшалы Ресейдің артта қалған отары болған Қазақстан қазір өнеркәсібі күшті, ауылшаруашылығы өркендеген Советтік Социалистік Республикаға айналды.
Толып жатқан жоғары дәрежелі, орта дәрежелі мектептер, ғылым зерттеу институттары ашылды. Мұның өзі Қазақстанда ғылымның өркендеуіне қолайлы жағдай туғызды. Өз республикасының шаруашылығы мен мәдениетін өркендетуге баға жетпес көп еңбек сіңірген көптеген қазақ интеллигенциясы өсіп жетілді.
ССР Одағы Ғылым Академиясының 1932 жылы ашылған Қазақ филиалы Республикамыздың Ғылым ордасы болып отыр. ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ филиалы қазіргі уақытта ғылымның неше алуан салаларының бәрін қамтитын ғылыми мекемеге айналды. Оның қарамағында 16 институт және жеті дербес секторлары бар. Бұл институттар мен секторлар ғылымның негізгі салаларының бәрін қамтиды. Оның үстіне филиалдың қарамағында Қазақ Республикасының аса маңызды облыстары мен аудандарында тұрақты ғылыми зерттеу базалары бар.
Ғылым Академиясы Қазақ филиалының өсуіне сәйкес оның ғылым жолымен зерттейтін мәселелері де үздіксіз көбеюде. Атап айтқанда, бұл мәселелер мынадай: Қазақстанның минерал байлықтарын зерттеу; Қазақстанның жер кенінің геологиялық құрылысын және пайдалы кен шығатын аса маңызды орындарды зерттеу; әртүрлі металдарды шығару, байыту және балқыту мәселелерін шешу; отқа төзімді материалдарды және аса маңызды минерал құрылыс материалдарын жасау технологиясының мәселелерін шешу; өнеркәсіп пен ауылшаруашылығын сумен жабдықтау үшін Қазақстанның су қорларын зерттеу; Қазақстанның энергетика қорларын анықтап, оларды тез арада және тәртіппен пайдалану жолдарын белгілеу; Республиканың жер қорларын зерттеп, есепке алу, бұл жерлерді тәртіппен пайдалану әдістерін белгілеу; Қазақстанның өсімдіктерін зерттеп, пайдалы жабайы өсімдіктерді және шет елдерден әкелінген өсімдіктерді қолдан егу; Мал басын тез өсіру, мал тұқымын асылдандыру, мал шаруашылығының өнімін арттыру жолдарын белгілеу; Республиканың жабайы аңдарын, құстарын, балық байлығын зерттеу, ауылшаруашылық егістеріне зиянды жәндіктерді және малда болатын жұқпалы індеттерді зерттеу; айуан мен адамның физиологиясы мәселелерін, әсіресе Республиканың ауыр өнеркәсібінің денсаулыққа зиянды өндірістерінде еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін шешу; Республикадағы әртүрлі ауру індеттердің өсуіне себеп болатын табиғи жағдайларды зерттеу және оған қарсы күрес жолдарын белгілеу; еңбекшілердің, әсіресе Отан соғысы мүгедектерінің денсаулығын жақсарту және жұмысқа жарамдылығын арттыру мақсатымен Қазақстанның курортты орындарын және басқа да сондай жаратылыс күштерін неғұрлым жақсы пайдалану мәселелерін шешу және тағы басқалары.
1944 жылы филиалдың ғылыми зерттеу мекемелерінде 150-ден аса маңызды ғылыми тақырыптар қаралды, 1945 жылы 285-тей ғылыми тақырып зерттелді.
Соғыс жылдарында филиалдың экспедиция атреттері ерекше көбейтілді. 1941 жылы 32 экспедиция атреті шығарылса, 1944 жылы 102 атрет шығарылды. 1945 жылы Қазақстанның әр жерінде 94 экспедиция жұмыс істейді. Соғыс жылдарында (1941-1945 жылдарда) филиал 350-ден аса экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедициялар Республикамыздың соғыс қажетіне асатын қорларын анықтауға және оларды отан қорғау қажетіне пайдалануға зор көмек көрсетті. 1945 жылы филиалдың ғылыми жұмыстарының көлемі 1941 жылғыдан 6,4 есе артты.
ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы өзінің ғылыми зерттеулерінің жұмыстарының нәтижесінде соғыс жылдарында одақтық және Қазақстанның үкімет орындарымен халық комиссариаттарынан 160-тан аса пайдалы ұсыныс тапсырды. Қазақстанның майданға көмегін күшейуінде бұл ұсыныстардың зор маңызы болды.
ССР Одағы Ғылым Академиясы Қазақ филиалының соғысқа дейін 276 қызметкері болса, қазір қызметкерлердің саны 1000-ға жетті. Олардың ішінде 5 академик және ССР Одағы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденттері, 60 ғылым докторлары мен профессорлары, 140-тан аса ғылым кандидаттары мен доценттер бар. Соғыс жылдарында 63 ғылыми қызметкері, оның ішінде 25 қазақ қызметкері доктор немесе кандидаты дәрежесін алуға диссертация қорғады. Қазіргі уақытта 54 аспирант, оның ішінде 24 қазақ ғылым докторы дәрежесін алуға 186 адам, оның ішінде жартыға жуығы қазақ қызметкерлері ғылым кандидаты дәрежесін алуға диссертация даярлауда.
Филиалдың ғылым коллективінде жүздеген қазақ жас білімпаздары жұмыс істейді. Олардың ішінде көптеген ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлары мен доценттері бар. Бұлар қазірдің өзінде ғылымға көп еңбек сіңірді. Тіл ғылымдарының докторлары Ісмет Кеңесбайұлы мен Нығымет Сауранбайұлының тіл зерттеу жөніндегі еңбектері, көркемөнер зерттеу ғылымдарының докторы Ахмет Жұбанұлының қазақ музыкасының тарихы жөніндегі еңбектері, биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбайұлының каучукты өсімдіктер жөніндегі еңбектері, химия ғылымдарының докторы Әбікен Бектұрұлының фосфорлы тыңайтқыштар химиясы жөніндегі еңбектері, Қазақ ССР-на еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рамазан Баруқайұлының кен шығатын жерлер геологиясы жөніндегі еңбектері, Қазақ филиалының докторанттары, ғылым кандидаттары Өмірбек Оспанұлының шөл даланы зерттеу жөніндегі, Ақжан Машанұлының геология құрылысы жөніндегі, Натай Кенесарыұлының жерасты суларын зерттеу жөніндегі, Ғани Жүнісұлының гидрология жөніндегі, Қазыкен Жандаркеұлының мал шаруашылығының биологиялық мәселелері жөніндегі, Наила Базанқызының және Гүлбаһрам Тарабайқызының физиология, медицина мәселелері жөніндегі еңбектері және басқа көптеген қазақ білімпаздарының еңбектері Республикамыздың, ішінара бүкіл Советтер одағының білімпаздары жұртшылығына толық мәлім болды.
Биыл Қазақ Республикасының 25 жылдығында, заманымызға және халқымызға лайықты Қазақ ССР Ғылым Академиясының ашылуы – Қазақстанда ғылым өркендеп, өскендігінің айқын белгісі.
Бірақ Қазақстанның білімпаздары өз жұмысындағы бұл табыстарға тіпті қанағаттанбайды. Республикамыздың неше алуан және орасан мол жаратылыс байлықтарын және халқымыздың рухани, азаттық мәдениетін терең зерттеп тәртіппен пайдалануға байланысты аса маңызды ғылыми мәселелер алдымызда әлі де көп. Бүкіл Советтер одағы сияқты, Қазақстанның да білімпаздары ғылымның барлық салаларында табыстан табысқа жеткізетін жеңімпаз қаруымыз – Ленин, Сталиннің ұлы ғылымының негіздері мен әдістерін ойдағыдай меңгеруде.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ
 
Мақала төте жазумен 1945 жылы «Қазақ елі» газетінің №3-4 (5-6) сандарында жарық көрді. Бұл мақала академиялық жинаққа 1945 жылғы түпнұсқа бойынша алынып отыр, төте жазудан алғаш рет кириллицаға аударылды. Мәтін басқа еш жерде жарияланбаған. 
Бұл мақаланың төте жазумен жариялануының себебі – «Қазақ елі» газеті шет елдерде тұратын қазақтарға арналған басылым болғандықтан солардың оқу үлгісіне лайықталып, араб қарпімен, яғни төте жазумен шыққан. Журнал 1944 жылдың қыркүйек айынан бастап шығарылады. 

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы