Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1945-1949 жылдары жарық көрген еңбектері

ССР ОДАҒЫ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚ ФИЛИАЛЫ

Бүкіл Одақтық Коммунист (большевиктер) Партиясының және халықтардың ұлы көсемі Сталин жолдастың данышпандық басшылығымен, ұлы орыс халқының жәрдемі арқасында ССР Одағы халықтарының өз экономикасы мен мәдениетін өркендету жолында жеткен аса ұлы табыстары Советтер Одағы халықтарының мызғымас берік достығының құрыштай берік моральдық-саяси бірлігінің негізі болды.
Қазақ халқы Ұлы Октябрь Социалистік Революциясынан бергі 28 жылдың ішінде өзінің тарихи дамуында орасан үлкен жолдан өтті. Өте-мөте мешеу жатқан, жартылай отар болған Қазақстан қазіргі уақытта өркендеген өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы бар Советтік Социалистік Республикаға айналды.
Өз Отанының мүддесіне, Ленин-Сталин партиясының ұлы идеясына жан-тәнімен берілген, өз елінің экономикасы мен мәдениеті өркендету ісіне баға жеткісіз үлес қосып отырған қазақ интеллигенциясының кадрлары өсіп жетілді. Жоғары дәрежелі және орта дәрежелі оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының құрылуы Қазақстанда ғылымның гүлденіп көркеюіне жағдай туғызды. Республикада аса ірі ғылым орталығы – ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ филиалы болды.
ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Республикасындағы базасы 1932 жылғы март айында құрылды. 1938 жылы ол ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалы болып қайта құрылды. Ғылым Академиясы Қазақ Филиалының ғылыми-зерттеу жұмыстары әсіресе, Отан соғысы жылдарында мықтап өркендеді.
Қазіргі уақытта ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалы ғылымның барлық негізгі тарауларын дерлік қамтып отырған аса ірі ғылыми-зерттеу мекемесіне айналды. Филиал қазір 16 ғылыми-зерттеу институтының жұмысын біріктіріп отыр. Республиканың маңызды-маңызды аудандарында филиалдың көптеген тұрақты ғылыми-зерттеу тірек базалары бар.
Филиалдың ғылыми-зерттеу жұмыстары үздіксіз кеңейіп, көлемі артып отырды. 1944 жылы филиалдың ғылыми зерттеу мекемелерінде 150-ден астам өте маңызды ғылыми тақырыптар шешілді. 1945 жылы ғылыми-зерттеу жолымен шешілетін ғылыми тақырыптар 285-ке жетті.
Филиалдың көшпелі экспедиция отрядтарының саны соғыс жылдарында өте көбейді. 1941 жылы 32 болған болса, 1944 жылы экспедиция отрядтарының саны 102-ге жетті. 1945 жылы 94 экспедиция отряды жұмыс істеді. Соғыс жылдарының ішінде (1941–1945) филиал 350-ден аса экспедиция отрядтарын құрды, ол отрядтарының жұмысы республиканың стратегиялық қорларын табу ісінде және ол қорларды елдің отан қорғау мүдделеріне жұмсау ісінде үлкен көмек көрсетті. Филиалдың ғылыми жұмыстарының жалпы көлемі 1941 жылғы дәрежесімен салыстырғанда, 1945 жылы 6,4 есе артты.
ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ филиалы соғыс жылдарында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Одақтық және Қазақстанның үкімет орындары мен халық комиссариаттарына зерттеп шешілген 160-тан астам ұсыныс енгізді. Майданға көмектесу ісінде бұл ұсыныстар бағалы орын алды.
1942 жылдың басында Филиал Қарағандыда металлургия заводын салу туралы мәселені шешіп, үкімет орындарының алдына қойды. Бұл завод Қазақстанда қара металлургияның болашақтағы ірі комбинатының бірінші буыны болмақ. Қазіргі уақытта бұл завод республикамызда жұмыс істеп жатқан кәсіп орындарының қатарына қосылды.
Орталық Қазақстан көлемінде мыс пен қорғасын шығатын кендер жете тексерілді, алдымен пайдалануға тапсырылатын бай кендердің учаскелері анықталды. Соның ішінде әр түрлі стратегиялық металдардың он-ондаған кендері табылды, мысалы, Орталық Қазақстанда никельдің, марганецтің кендері, сол Орталық Қазақстанда және Алтайда, молибден, вольфрам кендері, Солтүстік Қазақстанда сынап кендері анықталды. Филиал Оңтүстік Қазақстанда ССР Одағындағы аса ірі ванадий кендерін ашып, алдын ала зерттеді. Осы кеннің рудалары негізінде қазір ССР Одағындағы тұңғыш ірі ферро-ванадий заводы салынбақшы болып отыр.
Солтүстік-Шығыс Қазақстан жерінде таскөмір кендерін зерттеу жөніндегі материалдар жыйнақталып, ғылыми жағынан қорытылды. Бұл таскөмір кендерінде республикадағы аса бағалы отынның барлық запастарының 90 проценті бар. Осы күнде өте ірі Орал, Эмба, көмір бассейні болып қалыптасып отырған Батыс Қазақстандағы қоңыр көмір кендері де зерттеліп материалдары қорытылды. Солтүстік Қазақстанда шымтезек шығатын орындар зерттелді. Сонымен, 1943 жылдан бастап жергілікті қажеттік үшін шымтезек өндіру жұмысы басталды. Қазақстанның астанасы Алматы қаласы үшін отын базасы ретінде Келтемашат көмір кендерін тез игеру мәселесінде Филиалдың бастаған жұмысы қазір іс жүзіне асырылып отыр. Түркістан – Сібір теміржолдарының соғыс жылдарында салынған жаңа тармақтары бойынша Келтемашат көмірі қазірдің өзінде-ақ Оңтүстік Қазақстанның аудандарына, Алматы қаласына да жеткізіліп жатыр.
Соғыс кезінде жасалып болған Орталық Қазақстанның кен құрылысы картасының зор маңызы бар. Мұнан басқа Орталық Қазақстанның егжей-тегжейлі кен құрылысының картасы жасалды. Бұл карталар бойынша, республикамыздың әр түрлі кендері мол, ұлан байтақ ауданында көмір, әртүрлі металл кендерін зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Сол сияқты Қазақстанның келешекте көмір шығатын жерлерінің картасы жасалып бітуге жақындады. Қазақстанда көмір кенін зерттеу жұмыстарын бағыттап отыру үшін бұл картада зор маңыз бар.
Филиалдың жер қыртысын зерттеушілері Қазақстанның 16 облысының жер картасын жасап болды. Бұл карта республикамыздың жер қорларын есепке алуға және бағалауға маңызды ғылыми негіз болады. Жезқазған индустрия торабының ірі өнеркәсіп орындарын гүлдендіру және жеміс-овощь базасын жасау үшін Орталық Қазақстанның шөлейт сортаң жерлерін пайдалану әдістері белгіленді. Қазіргі уақытта мұнда картоп пен овощь егетін үлкен шаруашылықтар құрылды.
Филиалдың ботаниктері республикамыздың өсімдік байлығын зерттеу жөнінде көп жұмыс істеді. Мұның өзі соғыс кезінде аса маңызды жабайы өсімдіктерді – бояуды, каучукті, витаминді және басқа сондай өсімдіктерді өнеркәсіпте пайдалануға мүмкіншілік берді. Республикамыздың оңтүстік аудандарында шай ағашын егу жұмыстары жүргізілуде.
Көп жылғы селекция жұмыстары нәтижесінде Филиалдың генетиктері қазіргі уақытта арқарды меринос қоймен будандастыру жолымен жаңа және асыл тұқымды меринос қойын жетілдірді. Бұл жаңа тұқымды қой жүндес және етті келеді, оның үстіне тау арасында жыл бойы жайып бағуға бейімделген. Жаңа тұқымды жүздеген қойлар қазірдің өзінде өсіріп сынау үшін, Оңтүстік Қазақстанның таудағы колхоздарына тапсырылды.
Соғыс кезінде Филиал республикамыздың совхоздары мен колхоздарында қойлардың көп төл беруіне жағдай туғызу әдісін кеңінен қолданды. Осы әдісті шығарған академик Завадовскийдің тікелей басшылығымен жүргізілген бұл жұмыстың нәтижесінде қой малының өскелеңдігі артты.
Филиалдың технологтары отқа жанбайтын жергілікті шикі заттарды Қарағанды металлургия заводының қажетіне жарату жолдарын анықтады. Қаратау фосфоритінен термофосфат деп аталатын жаңа тыңайтқыш шығару әдістері белгіленді. Мыс айыру үшін Қазақстанның түсті металл заводтарында пайдаланылған күкірт газдарын қажетке асыру жолдары белгіленді. Қазақстанның кен шығатын маңызды орындарында жанар сланец, торфтың, көмірдің технологиялық сыйпаттары зерттелді.
ССР Одағы Ғылым Академиясы Қазақ Филиалында соғыстан бұрын 276 қызметкер болса, қазір 1065 қызметкер бар. Филиалда 5 академик және ССР Одағы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, 62 ғылым докторы мен профессор, 150-ден аса ғылым кандидаты мен доценттер жұмыс істейді. Соғыс кезінде филиалдың 63 ғылыми қызметкері, оның ішінде 27 қазақ қызметкері ғылым докторы немесе кандидаты атағын алуға диссертация қорғады. Қазіргі уақытта 54 аспирант, оның ішінде 35 қазақ ғылым докторы атағына диссертация даярлауда, 186 адам (тең жартысы қазақ) ғылым кандидаты атағын алуға диссертация даярлауда.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советі, сол сияқты, ССР Ғылым Академиясының президиумы, әсіресе, оның бұрынғы президенті, Социалистік Еңбек Ері академик Владимир Леонтьевич Комаров ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалына үнемі көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келді және қамқорлық көрсетуде. Академиктер И. И. Мещанинов, В. А. Обручев, И. П. Бардин, ССР Одағы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденттері: А. М. Панкратова, В. А. Догель, Д. В. Наливкин, С. И. Вольфкович және Советтер Одағының басқа көрнекті білімпаздары Филиалға зор көмек көрсетіп отырады.
ССР Одағы Ғылым Академиясы Қазақ Филиалының және Қазақстанның басқа ғылыми мекемелерінің ғылыми жұмыстарының және кадрларының өсуіне, топталуына Отан соғысы кезінде Қазақстанда жұмыс істеген Советтер Одағының өте көрнекті білімпаздары зор көмек көрсетті.
ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалын Қазақ ССР Ғылым Академиясына айналдыру туралы үкімет пен партияның қарары Қазақ филиалының табыстарының айқын белгісі және Қазақстан білімпаздарының қажырлы, ардақты еңбегін зор бағалағандықтың белгісі.
ССР Одағы Ғылым Академиясы Қазақ Филиалының, ал келешекте Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылым қызметкерлері қол жеткен табыстарына тоқмейілсіп қалмайды. Олар Қазақстанның ғылымы мен мәдениетін өркендету, республикамыздың неше алуан әсем табиғаты мен мәдениетін кеңінен және тереңінен зерттеу, Қазақстанның ұшан теңіз байлықтарын социалистік ұлы Отанымыздың халық шаруашылығын неғұрлым тез қалпына келтіріп, онан әрі өркендету жолында пайдалану мәселелерін шешу жолында келешекте де қажырлылықпен еңбек етеді.

ҒЫЛЫМИ МӘЖІЛІС

Жақында, ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалы ғылыми кеңесінің Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрылуына дайындалу жөнінде алғашқы ғылыми кеңес өтті. Мәжіліске астанадағы ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Ғылыми мәжілісте ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ Филиалы Президуимының председателі Қаныш Сәтбаев жолдас «Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүшелігіне кандидаттар ұсыну тәртібі туралы» баяндама жасады.
– Республикамызда, – деді Сәтбаев жолдас, – Ғылым Академиясы құрылуы тарихи маңызы зор, саяси оқиға болып табылады. Бұрын артта қалған Қазақстан Ленин–Сталин партиясының туысқандық көмегімен ауқатты, мәдениетті, шаруашылығы мен ғылымы бірдей өркендеген, алдыңғы қатарлы елге айналды. Ғылыми институттар және ғылыми мекемелердің өсуімен қатар, ғылым кадрлары, оның ішінде, ұлт кадрлары өсті. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында филиалдың ғылым қызметкерлерінің саны едәуір артты.
Бұдан кейін Сәтбаев жолдас республикамызда әлі меңгерілмей жатқан, зерттеуді, жаңадан ашуды керек етіп отырған кен байлықтары көп екенін айтты. Осыны іске асыруда жаңа құрылғалы отырған Ғылым Академиясының маңызы зор. Сонымен қатар, Сәтбаев жолдас Академияның ашылуына байланысты алда тұрған нақты міндеттерді талдап айтып берді.
Баяндамадан кейін жарыс сөзге Филиалдың жанындағы партия ұйымының секретарі Рушанов, Қазақ ССР-нің Ғылымға еңбегі сіңген қайраткерлері Тихов, Геряев және филология ғылымдарының кандидаты Марғұлан жолдастар шығып сөйледі. Олар Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүшелігіне совет ғылымының көрнекті қайраткерлері, профессорлар мен ғылым докторлары ұсынылатынын айтты. Геология ғылымының докторы Колеколов жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының Сталиндік төртінщі бесжылдықтың басталуы қарсаңында ашылайын деп отырғанын айта келіп, елімізге металды, көмірді, мұнайды көп беру жөніндегі сталиндік тапсырманың ойдағыдай орындалуда жаңа ашылғалы отырған Ғылым Академиясына, Қазақстанның ғылым қайраткерлеріне үлкен міндет жүктелетініне тоқтады.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

Ғылыми мәжІліс
 
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1946 жылы 22 ақпанда жарық көрді. Бұл мәтін түпнұсқадан алынды, басқа жинақтарда жарияланбаған. Мәтін ішіндегі «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «ғылми» – «ғылыми», «мәжліс» – «мәжіліс», «оқыйға» – «оқиға» деп өзгертілді. 
 
ССР Одағы Ғылым Академиясының Қазақ филиалы
 
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1946 жылы 24 ақпанда жарияланды. Мәтін ішіндегі «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «ғылми» – «ғылыми», «әсресе» – «әсіресе», «үкмет» – «үкімет», «сыяқты» – «сияқты» деп өзгертілді. Мақалада кездесетін «завод», «запас», «овощь», «чай ағашы» өзгертілмей сол күйінде берілді. 
Мақалада кездесетін геологиялық терминдер: 
Никель – күмістей ақ, иілгіш, созылғыш металл. Көп мөлшері Fe, Cu, Cr, т.б. металдармен магниттілігі, коррозия мен ыстыққа төзімділігі жөнінен ерекшеленетін құймалар алуға (мыс., хромникель құймасы атом реакторында қолданылады), арнайы химиялық қондырғылар жасауда, көптеген химиялық процестерде катализатор, қорғағыш материал ретінде қолданылады.
Марганец – жер бетіндегі ең көп таралған 14-ші элемент, ал темірден кейін жер қыртысындағы екінші ауыр металл.
Молибден – ашық сары түсті металл. Молибден болатты легирлеуде; авиацада ракеталар мен атомдық техникада қызуға төзімді балқымалардың негізі; электрлік вакуумдық қондырғылардың бөлшектерін және күйдіргіш шамдардың сымын жасауда қолданылады.
Вольфрам – ашық сұр түсті, баяу балқитын металл. Табиғатта аз тараған, жер қыртысының 1Ч10-4 %-ын құрайды. Вольфрам араласқан құймалардың механикалық қасиеті молибденге жақын. Қалыпты жағдайда ол химиялық тұрақты, ауада қыздырғанда тотығып, вольфрам ангидридіне айналады. 
Сынап – табиғатта бос күйінде сирек, көбіне суда еріген және газ қалпында кездеседі. Белгілі 35 минералының ішіндегі өндіріс үшін маңыздылары: киноварь, метацианобарит, ливингстонит. Бөлме температурасында сұйық күйде болатын жалғыз металл; жарқылдаған күміс түсті ақ, ромбылық сингонияда кристалданады, буы улы.
Ванадий – ашық сұр түсті металл. Қалыпты жағдайда химиялық активтігі өте нашар, ал жоғары температурада ұнтақ күйіндегі ванадий оттек, азот, хлор, күкірт т.б. элементтермен оңай әрекеттеседі, болатқа қосқанда оның мықтылығы артады. Ол көбіне автомашиналар өндірісінде мотор, цилиндр, білік т.б. жасауға жұмсалады. Ванадийдің темірмен қоспасы – феррованадий түрінде өндіріледі.
Каучукты – бразиль гевеясы, каучук фикусы және т.б. өсімдіктердің сүтті шырындарынан (латекс) алады. Қазақстанда каучук өсімдіктері – көк сағыз және тау сағыз өседі. Осы өсімдіктерден Ұлы Отан соғысы кезінде каучук өндірістік жолмен алынған.
Фосфорит – фосфориттік агрономиялық кен және тас фосфаты деп те аталады. Негізінен жасырын немесе микрокристалды түрде кездесетін апатит тобының фосфатты минералдарынан тұратын шөгінді тау жынысы. Кальций фосфаттарынан басқа фосфориттердің құрамына фосфатты емес минералдар кіреді: кальцит, доломит, кварц, халцедон және глауконит.
Термофосфат – фосфориттерді немесе апатиттерді әртүрлі сілтілермен (сода, натрий сульфаты және т.б.) агломерациялау немесе балқыту арқылы алынған жасанды фосфор тыңайтқышы. Термофосфаттар табиғи фосфаттарды сода, калий, әк, токсиндер және басқа қоспалармен балқыту немесе агломерациялау арқылы жасалады. 
Мақала аталған жинаққа тұңғыш рет түпнұсқадан алынып, ғылыми айналымға еніп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы