Депутат жолдастар! ССР Одағының 1944-1945 жылдардағы Мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы есеп және Советтер Одағының 1946 жылға арналған бюджетінің жобасы Отанымыздың халық шаруашылығы мен мәдениетінің үнемі өсіп келе жатқандығын айқын сипаттайды. Қазақстанның халық шаруашылығының, мәдениеті мен ғылымының өркендеу фактылары Советтер Одағындағы халықтардың тұрмысының тамаша гүлденгендігіне айқын дәлел болып табылады. Патша үкіметінің ең мешеу отары болған Қазақстан тарихы қысқа мерзімде, небәрі 29 жылдың ішінде гүлденген индустриялы-аграрлық одақтас советтік социалистік республикаға айналды.
Қазақ халқының сауаттылығы Октябрь революциясына дейін небәрі 2 % болса, қазір бастауыш мектептер мен орта мектептердің, сол сияқты ересектер мектептерінің ашылуы, көбейтілуі нәтижесінде 90 %-тен асты. Бұрын бірде-бір жоғары дәрежелі мектебі болмаған елде қазір 28 жоғары дәрежелі оқу орындары, 90-нан аса техникум бар. Бұл мектептерде қазақ халқының мындаған жігіттері мен қыздары оқиды. Қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеті өркендеді. Музыка көркем өнерінің ұлттық жас кадрларын даярлайтын орда – Мемлекеттік консерватория ашылды. Қазақ әдебиеті өркендеп, нығайды. Қазақ жазушыларының шығармалары ССР Одағындағы халықтардың тілдеріне аударылды. Драма, опера және балет театрлары ашылды. Бұл театрлардың репертуарына қазақ драматургтері мен композиторларының шығармаларымен қатар орыс және шет ел классиктерінің шығармалары да енгізілді.
Егер Октябрь революциясына дейін Қазақстанда тек бір ғана болмашы ғылыми мекеме – император Географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі болса, қазір Қазақстанда толып жатқан ғылыми мекемелер жұмыс істейді. 1946 жылы ашылған Қазақ ССР Ғылым академиясы бұл ғылыми мекемелердің ордасы болып табылады.
Өзінің қарамағында 16 ғылыми-зерттеу институты, ондаған лабораториялары, сол сияқты Қазақ Республикасының көп қалалары мен аудандарында тұрақты зерттеу базалары бар Қазақ ССР Ғылым академиясы – Қазақстанда ғылымның кең өріс алып өркендегендігіне айқын дәлел. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми мекемелері ғылымның негізгі салаларының бәрін қамтиды. Қазақ ССР Ғылым академиясы астрономия мәселелерінен геология мәселелеріне дейін, химия және медицина мәселелерінен энергетика мәселелеріне дейін, кен және металлургия мәселелерінен казақ халқының тарихы, тілі мен әдебиетінің мәселелеріне дейін – осының бәрін қамтитын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Академияның коллективінде 1500-ден аса қызметкер бар, оның едәуірі қазақ қызметкерлері. Республиканың тұрғын халқы арасынан шыққан білімпаздардың едәуірі ғылым докторы атағын алды. Әсіресе, өздерінің үздік шыққан ғылыми еңбектері үшін ғылым докторы деген жоғары дәрежелі ғылыми атақ алған қазақ әйелдерінің барлығы өте сүйсінерлік іс.
Қазақстанның білімпаздары бүкіл Советтер Одағының білімпаздарымен бірге, алда тұрған міндет – таяудағы уақыттың ішінде шет елдердің ғылыми табыстарын қуып жетіп қана қоймай, онан басып озу міндетін орындау жолында қажырлылықпен аянбай еңбек етуде.
Тыңғылықты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ел білімпаздары Қазақстанның койнауынан әртүрлі минералдардың орасан мол қорын тапты. Мұның арқасында Қазақ Республикасы хром мен ванадий кендерінің қоры жағынан дүние жүзінде бірінші орын, мыс, қорғасын, мырыш, күміс, кадмий, корунд және басқа өте маңызды минералдар қоры жағынан Советтер Одағында бірінші орын алып отыр. Орасан мол әртүрлі металл кендері бар Алтай, орасан мол мыс қоры бар Жезқазған, хром және никель кені мол Ақтөбе, ұшан-теңіз ванадий және фосфорит кені бар Қаратау сияқты Қазақстанның бірсыпыра кенді аудандары кен байлығының молдығы жағынан дүние жүзінде сирек кездеседі.
Совет білімпаздарының зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда, өзінің өндіріс қуаты жағынан ССР Одағының басқа аудандарында теңдесі жоқ орасан ірі индустрия орталықтары құрылды. Қазақстанның индустриясының орасан кең өріс алып күшейгендігін көрсету үшін, Балқаш мыс заводын, Шымкенттің Ленин атындағы қорғасын заводын, Ақтөбе және Жезқазған өнеркәсіп аудандарын, Қарағанды көмір бассейнін атап өтудің өзі де жеткілікті. Көмір мен мұнай, вольфрам мен молибден, алтын мен ферросплав шығаратын ірі өнеркәсіп құрылды. Елімізде шығарылатын барлық қорғасынның бестен төртін, молибденнің жартыдан артығын, мыстың бестен екісін елімізге Қазақстан беріп отырады. Қарағанды көмір бассейні Дон бассейні мен Кузнецкі бассейнінен кейін Советтер Одағының үшінші тас көмір бассейні болып отыр.
Қазақстанның жер бетіндегі байлығы, су қорлары, өсімдік және хайуанат байлығы да онан кем емес.
Ауыл шаруашылық егістері өндірісінің көлемі кеңейді. Дәнді егістермен бірге Қазақстан мақта, қант қызылшасы, каучукті егістер өнімі жағынан Советтер Одағының негізгі базаларының бірі болып отыр. Егіс көлемі жағынан Қазақстан РСФСР мен Украиннан соң Советтер Одағында үшінші орын алады.
Республикамыздың ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі – мал шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлініп келеді. 1946 жылғы 1 июньдегі есеп бойынша, республикамызда мал басының өсуі 1946 жылғы 1 январьдағы есеппен салыстырғанда, сиыр малы жөнінде 108 %, қой мен ешкі жөнінде 135 %, жылқы жөнінде 108 %. Мал шаруашылыгын өркендетудің 1945 жылғы жоспарын ойдағыдай орындағаны үшін Гурьев және Ақтөбе облыстарында ССР Одағы Министрлер Советінің ауыспалы Қызыл Тулары берілді, оның ішінде Гурьев облысына ауыспалы Қызыл Ту мәңгі сақтауға берілді.
Мал шаруашылығы жөнінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысы қазірдің өзінде тыңғылықты нәтиже берді. 14 жыл бойына жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде биязы жүнді қойдың жаңа тұқымы өсірілді. Қазір бұл қойдың тұқымы кеңінен тарала бастады. Он жыл бойына жүргізілген жұмыстың нәтижесінде меринос қойды арқармен шағылыстыру жолымен қойдың арқар-меринос деген жаңа тұқымы өсірілді. Қойдың бұл тұқымы мериностың жақсы қасиеттерін сақтаумен бірге арқар сияқты таулық жағдайға мейлінше төзімді келеді.
Шаруашылықты, ғылым мен мәдениетті өркендету жолындағы бұл табыстарының бәрінде қазақ халқы туысқан халықтар арасындағы достықтың данышпандық және әділетті принциптерін тиянақтылықпен жүзеге асырылып отырады.
Депутат жолдастар! Советтер Одағының басқа барлық халықтары сияқты, қазақ халқы да қазіргі уақытта жаңа бесжылдықтағы ұлы жұмыстардың жоспарын орындау жолында күшті жігермен, қажырлылықпен еңбек етуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, біз жарақатын жазып қана қоймай, еліміздің халық шаруашылығы мен мәдениетін соғысқа дейінгі дәрежесінен әлдеқайда асырып, өркендетпекпіз.
Советтер Одағының 1946 жылға арналған Мемлекеттік бюджеті – жаңа бесжылдықтың бірінші жылының бюджеті еліміздің халық шаруашылығының, мәдениетінің онан ары өркендеуін, Отан қорғау күшінің онан сайын артуын қамтамасыз етеді.
Одақтас республикалардың шаруашылығы мен мәдениетін өркендетуге орасан көп қаражат – 65 млрд сомнан аса қаражат жұмсалады.
1946 жылдың Мемлекеттік бюджетін ойдағыдай орындау үшін өндірісті мейлінше күшейту, жаңа өндіріс орындары мен агрегаттарды белгіленген мерзімдерде іске қосу, онымен бірге мемлекет қаражатын барынша үнемдеп жұмсау керек болады.
Бұл бесжылдықтың ішінде өнеркәсіпке жұмсалатын күрделі қаражаттың көлемі жағынан Қазақстан Советтер Одағында РСФСР мен Украинадан кейін үшінші орын алады. Әсіресе түсті металлургияға көп қаражат жұмсалады. Қазақстанда түсті металлургияның негізгі кәсіпорындары – Алтай комплексінің өндіріс орындары және Жезқазған мыс комбинаты салынады.
Алтайда қорғасын мен мырыштан басқа көптеген мыс кені, асыл металдар және сирек кездесетін металдар кені бар. Алтайдың әр алуан және өте бағалы металл кендерін тиісінше халық шаруашылығының пайдасына асырып, неғұрлым тез меңгеру бірінші кезектегі өте маңызды мемлекеттік міндет болып табылады. Бірақ Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылыс министрлігінің «Алтайстрой» тресі өзінің жұмысын өте нашар жүргізіп келеді. Бұл трест 1946 жылдың 8 айы ішінде өзіне берілген 49,2 млн. сомнан небәрі 18,7 млн. сомды пайдаланды.
Алтайдың кен байлығын ойдағыдай меңгеруге керек электр қуатының негізгі қоры – Өскемен су электр станциясы салынып жатыр. Алтайдың әр алуан металл өнеркәсібін өркендету үшін бұл станцияның ерекше маңызы бола тұрса да, оның салынуы өте шабан. Бұл су электр станциясын салуға 1939 жылдың өзінде кіріскен болатын, бірақ содан бергі 7 жылдың ішінде барлық жұмыстың небәрі 20 %-ті ғана орындалды. Бұл станцияны бесжылдық жоспарда белгіленген мерзімде салып болу үшін, ССР Одағының Электр станциялар министрлігі оған берілетін қаражатты 3-4 есе көбейтіп, жеткілікті мөлшерде зат қорларын беру керек.
Жаңа бесжылдық жоспар елімізде мыс қорытуды 1950 жылы соғысқа дейінгідей 1,6 есе көбейтуді көздейді. Мыс қоры жағынан дүние жүзінде ең алдыңғы қатардан орын алатын, оның үстіне минерал базасы бар Жезқазған мыс комбинаты елімізге мыс беретін негізгі өндірістердің бірі болып табылады. Жезқазған кенінің Орал кенінен бір артықшылығы – онда жер астында өрт шығу мүмкіншілігі жоқ. Кеннің жаратылыс құрылысы кен шығару көлемін мейлінше кеңейте беруге мүмкіншілік береді. Сульфид кендерінің көбін байыту және айыру технологиясы қазірдің өзінде толық меңгерілді: Мұның бәрі Жезқазған комбинатының құрылысын неғұрлым тездетуді керек қылады. Солай бола тұрса да, Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрлігінің «Казмедьстрой» тресі 1946 жылы комбинатты салу жұмыстарын өте шабан жүргізіп келеді. Құрылыс жұмыстарының жылдық жоспарын трест биылғы жылдың 8 айы ішінде небары 30,1 % орындады.
Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылысы министрлігі «Казмедьстрой» тресіне нақтылы көмек көрсету, Советтер Одағының түсті металлургиясының Магниткасы – Жезқазған комбинаты құрылысына өзінің басшылығын жақсарту жөнінде шұғыл және тыңғылықты шаралар қолдануы керек.
Отан соғысы жылдарында, жау Донбасты уақытша басып алған кезде, Қарағандының шахтерлері мен еңбекшілері өздерінің қаһармандық еңбегімен көмір шығаруды мықтап арттырды. 1940 жылмен салыстырғанда, Қарағандыда көмір өнімі 84 % көбейді. Биыл Қарағанды көмір бассейнінің құрылыс жұмыстарына 1940 жылғыдан бес есе көп қаражат берілді. Алайда, Қарағандыда пәтер үйлер мен мәдениет-тұрмыс орындарын салу жұмысы өте-мөте артта қалып келеді. Өнеркәсіп құрылысының жалпы жоспары 1946 жылдың 9 айы ішінде 75,8 % орындала тұрса да, Отын кәсіпорындары құрылысының министрлігі пәтер үйлер салу жоспарының небәрі 30,9 % орындалуын қамтамасыз етті. Шығыс аудандарының көмір өнеркәсібінің министрлігі және Отын кәсіпорындары құрылысының министрлігі Қарағанды бассейніндегі пәтер үй құрылысына ендігі жерде толық көңіл бөлулері керек.
Депутат жолдастар! ССР Одағының 1946 жылға арналған мемлекеттік бюджеті бойынша, Қазақстанның халық шаруашылығына, ғылымы мен мәдениетіне орасан көп қаражат – 2364 млн. сом жұмсалады, яғни Қазақ ССР-ның 1945 жылғы бюджетінен 38,2 % артады. 1946 жылы республиканың халық шаруашылығына, одақтық министрліктер тарапынан жұмсалатын қаражатты есептемегенде, барлығы 586 млн. сом жұмсалады, яғни 1945 жылғыдан 58 % көп.
Қазақстан Ғылым академиясының жұмыстарына 1946 жылы 45 млн. сом беріледі. Мұның өзі ғылыми-зерттеу жұмыстарының онан әрі күшейтілетіндігін көрсетеді.
ССР Одағының 1946 жылға арналған Мемлекеттік бюджетінде одақтас республикалардың халық шаруашылығын, ғылым мен мәдениетін онан әрі өркендету мүдделері толық ескерілгендігіне жоғарыда келтірілген цифрлар айқын дәлел. Мұнымен бірге ССР Одағының 1946 жылға арналған Мемлекеттік бюджетінде бүкіл Советтер Одағының мемлекеттік мүдделері де толық көзделді. Сондықтан, мен 1944-1945 жылдардағы Мемлекеттік бюджеттердің орындалуы туралы ССР Одағының Министрлер Советі тапсырған есептерді бекітуді, сол сияқты Ұлттар Советінің бюджет комиссиясы ұсынған түзетулермен бірге ССР Одағының 1946 жылға арналған Мемлекеттік бюджетін бекітуді ұсынамын.
ССР Одағының 1946 жылға арналған Мемлекеттік бюджетін бүкіл совет халқы бірауыздан мақұлдап, совет үкіметінің басшылығымен бұл бюджетті ойдағыдай орындайтыны күмәнсіз.
Қымбатты жолдастар!
Коммунистік қоғам орнатуды көздейтін ұлы міндетті ойдағыдай жүзеге асыру еңбекшілердің мәдениетін арттыру жұмысын үнемі және кеңінен жүргізіп отыруды, совет халқына коммунистік тәрбие беру жұмысын күшейтуді, капитализмнің адам санасындағы қалдықтарын толық жою жолында қажырлылықпен күресуді талап етеді.
Жұмысшылармен, шаруалармен біте қайнасқан советтік социалистік, шын мәнінде халықтық интеллигенция еңбекші қалың бұқараға саяси және мәдени білім беру жолында қажырлылықпен жұмыс істеуді өзінің ең бірінші қасиетті міндеті деп есептейді.
Сталин жолдас алға қойған: жұмысшы табының мәдени-техникалық дәрежесін инженер-техник қызметкерлері дәрежесіне жеткізу міндеті, совет шаруаларының мәдениетін батыл күшейту міндеті совет елінің ғылым, мәдениет, көркем өнер қызметкерлерінен халқымыз арасында саяси және ғылыми білім тарату ісінде мұнан да күшті жігермен жұмыс істеуді талап етеді.
Біздің елдегідей қалың бұқара мәдениеттің табыстарына қолы жеткен ел дүние жүзінің еш жерінде жоқ. Большевиктер партиясы мен совет мемлекеті совет адамдарының саяси саналылығын, мәдениеттілігін арттыруға күнбе-күн қамқорлық көрсетіп келеді. Маркс-Энгельс, Ленин-Сталиннің жеңімпаз ұлы ғылымымен қаруланған совет білімпаздары, мәдениет қайраткерлері қолма қол қатыса отырып, халық арасына саяси және ғылыми білім тарату ісіне мұнан да зор көмек көрсете алады.
Ғылым, мәдениет, көркем өнер қызметкерлерінің күші, еңбекшілердің саяси және мәдени білімін арттыру жолындағы игілікті мақсатты көздейтін арнаулы қоғамға біріктірілсе, халықтың мәдениетін арттыру жұмысы мұнан да күшейтіледі.
Біз саяси және ғылыми білімді таратушы Бүкіл Одақтық қоғам құруды ұсынамыз. Бұл қоғамға, халықаралық саясат, совет экономикасы, ғылымы, мәдениеті, әдебиеті, көркем өнері жөнінде көпшілік арасында лекциялар оқу жолымен, сол сияқты лекциялардың стенограммаларын бастырып, тарату жолымен ғылыми және саяси білімді кеңінен пропагандалау жұмысын ұйымдастыру міндеті жүктелуге тиіс.
Біз совет ғылымы мен мәдениетінің барлық қайраткерлерін еңбекшілердің социалистік саналылығын арттыру жолында мұнан да күшті белсенділікпен жұмыс істеуге шақырамыз. Қоғамның мүшелері өздерінің көпшілік арасындағы лекцияларында Совет мемлекетінің сыртқы саясатын түсіндіруге жаңа соғыс және шапқыншылық өртін тұтандырушы қаскүнемдердің әрекетін батыл әшкерелеуге, буржуазиялық демократияның жалғандығын, өрісі тарлығын көрсетуге, қазіргі империалистік буржуазия және оның реформист итаршылары идеологиясының реакцияшылдық мәнін ашып көрсетуге тиіс. Лекцияларда совет елінің коғамдық және мемлекеттік құрылысының капитализмнен артықшылығын, ССР Одағында халық шаруашылығының табыстарын, совет ғылымының, әдебиеті мен көркем өнерінің табыстарын және совет халқы алдына қойылып отырған міндеттерді айқын көрсету керек. Біз социалистік Отанымыздың ұлылығын көрсетіп, совет адамдарын өздерінің советтік Отанын, қаһарман совет халқын мақтан ету сезімімен тәрбиелеуге, ССР Одағының кейбір азаматтарының қазіргі буржуазиялық мемлекет алдында бас иуіне қарсы батыл күресуге тиіспіз. Марксистік-лениндік идеологияның ең маңызды мәселелерін түсіндіру, дүниеге материалистік көзқарасты пропагандалау, қандайда болса ғылымға жат көзқарастарға, жат идеологияның адам санасындағы қалдықтарына қарсы күресу – қоғам мүшелерінің міндеті.
Көпшілік арасында лекциялар оқуға саяси және ғылыми білімінің неше алуан саласындағы көрнекті мамандарды – ССР Одағы Ғылым академиясының және одақтас республикалардың ғылым академияларының, В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылық Ғылымдары академиясының, ССР Одағының Медициналық ғылымдар академиясының, РСҚСР Педагогика ғылымдары академиясының академиктерін және корреспондент мүшелерін, ғылыми зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлерін, ғылым докторлары мен профессорларды, жоғары дәрежелі оқу орындарының оқытушыларын, қоғам қайраткерлерін, жазушыларды, көркем өнер және мәдениет қайраткерлерін қатыстыру қолайлы.
Москвада, сол сияқты басқа қалаларда оқылатын таңдаулы лекциялардың стенограммаларын көптеп бастырып, халық арасына таратып отыру қажет.
Біз совет ғылымының, әдебиеті мен көркем өнерінің барлық қайраткерлерін біздің бұл бастамамызды қолдап, саяси және ғылыми білім таратушы Бүкілодақтық қоғам құруға және оның жұмысына белсеніп қатысуға шақырамыз.
Саяси және ғылыми білім таратушы Бүкілодақтық қоғам құрып, бүкіл елімізде оның жұмысын мейлінше өрістете отырып, біз совет халқының мәдениетін күшейтетін, оған идеялық саяси-тәрбие беретін жаңа ғылым ордасын орнатамыз.
Әрдайым өз халқына қызмет етіп келген, өзінің творчестволық күштерін өз халқы арасынан алып келген совет ғылымы мен мәдениетінің барлық қайраткерлері біздің игілікті бастамамызды мейлінше қуаттап қарсы алатындығына, оны қолдайтындығына сенеміз.