Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1945-1949 жылдары жарық көрген еңбектері

КӨРКЕЙГЕН ҒЫЛЫМ

ССР Одағы халық шаруашылығын қалпына келтірудің және өркендетудің 1946–1950 жылдарға арналған бесжылдық жоспары совет ғалымдарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Жоспарда көрсетілгсн түрлі жаңа өнеркәсіп орындары, теміржолдар, совхоздар, МТСтар, электр станциялары сияқты құрылыстардың көңілдегідей салынып бітуі, біткеннен кейін үздіксіз жұмыс атқаруы негізінен ғылым-техника қайраткерлерінің басшылығын, көмегін керек етеді.
Сталиндік жаңа бесжылдық жоспар бойынша елімізде істелетін жұмыстардың көлеміне қарағанда Қазақстан Советтер Одағында үшінші орын алып отыр. 1950 жылы Қазақстандағы өндіріс орындарының өнімі 1940 жылғы көлемінен екі жарым есе артпақ, оның ішінде көмір өндіру 134 процент, мұнай шығару 75 процент артуға тиіс. Сол сияқты, мыс өндірісі 2,6 есе, қорғасын өндірісі үш есеге жуық өспек. Республика шаруашылығының мұнан да ілгері дамуына негіз болатын қара металлургия, шойын, болат балқытатын, рельс, сым, табақ темір шығаратын үлкен заводтар салына бастамақ. Жаңа бесжылдықта Қазақстанда күрделі химия өнеркәсібі, машина жасайтын заводтар салынып, іске қосылмақ. Мойынты–Шу сияқты Қазақстанның оңы мен солын қосатын маңызды теміржолдар салынбақ. 1950 жылы республикамызда малдың саны 25 миллионнан артпақ. Егіс көлемі 7,3 миллион гектарға жететін болады. Міне, бұл күрделі міндеттерді іске асыру жолында жұмысшылар мен колхозшылар ғылым қайраткерлерімен тізе қосып, жұмыс істеулері қажет болады.
Республикамыздың ғылымы мен озат техникасының қара шаңырағы болатын – Қазақстанның Ғылым Академиясы төртінші бесжылдықта істейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ең алдымен, осы міндеттерге бағындырмақ. Академияның геология, кен шығару, кен балқыту, энергетика, химия институттары сияқты орындары өздерінің барлық жұмысын бесжылдық жоспарда белгіленген ғылыми-техникалық шараларды орындауға негіздеп отыр. Бұған алдымен Қарағанды, Екібастұз көмір ошақтары, кенді Алтай, Жезқазған, Балқаш сияқты түсті металл кендері, Атасу, Қарсақпай, Жезді, Аят сияқты темір, марганец металдарының кендері және олардың осылардай күрделі кен ордалары кіреді. Жердің топырағын, өсімдігін, жәндіктерін зерттейтін институттар мен мал шаруашылығын, медицина ғылымдарын зерттейтін институттар өздерінің жұмыстарында егін, мал шаруашылықтарының өнімін арттыру, республика шаруашылығына пайдалы жаңа өсімдіктер тектерін енгізу, өндірістегі жұмысшылардың денсаулық сақтау істерін нығайту жолдарын, шөл жерлерде салынған және салынатын завод, өндіріс орындарының жанынан су, астық базаларын тауып, іске қосу жолдарын және осы сияқты маңызды мақсаттарды көздеп отыр. Тіл, әдебиет, тарих, көркем-өнер, экономика, заң жүйелері сияқты мәселелерді зерттейтін институттар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қазақ халқының және Қазақстандағы ұйғыр, дүнген халықтарының әдебиет, тіл, тарих мұраларын зерттеуге, оларды түрі ұлттық мазмұны социалистік жолмен ілгері дамыту мақсатына негіздеп отыр.
Алға қойылған мақсаттарға жету жолында Қазақстанның Академиясы өзінің институттарының санын, сапасын, ғылыми қызметкерлерін күшейтумен қатар, жаңа бесжылдықта Қазақстанның ірі облыстары мен аудандарында өздерінің тұрақты бөлімдерін (филиал, базаларын) ашып, олар арқылы инженер, агроном, дәрігер, мұғалімдер сияқты жергілікті интеллигенция қайраткерлерін ғылым академиясы жүргізетін зерттеу жұмыстарына тартпақшы, баулымақшы. Олардың ішінен шығатын талапты ғылым қайраткерлерін өзінің негізгі ғылыми институттарына жұмысқа шақырып, ғылым жолында өсуіне көмек көрсетпек.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын халық шаруашылығына басшы және көмекші етумен бірге, Қазақстанның Ғылым Академиясы терең теория ғылымдарына да кең жол беріп, бүкіл Одақ көлеміндегі зерттеу бәйгесінде Қазақстан ғылымының ілгергі дәрежелі орын алуын мақсат етпек. Бұл үшін Қазақстанның ғылыми қызметкерлері Бүкіл Одақтық Ғылым Академиясымен байланысын мұнан да гөрі күшейтіп, атақты ғалымдардан үзбей үлгі өнеге алып отырулары керек.
Осы жылдың июнінде Қазақстанның Ғылым Академиясы ашылмақ. Оған негіз болатын Одақтық Ғылым Академиясының қазақ филиалы қазіргі кезде республикадағы күшті ғылым кіндігі болып отыр. Қазір қазақ филиалында 16 ғылыми зерттеу институты, олардың көлемінде жүзден артық лаборатория, музей, база сияқты ғылыми орындар бар. Бұларда 1600дей адам қызмет істейді. Мұның көбі қазақ ғылым қызметкерлері. Өткен заманда Қазақтан ғылым дәрежесіне ие болған бір адам жоқ еді. Қазірде коммунист партиясының, совет өкіметінің басшылығы арқасында, ұлы орыс халқының ғалымдарының көмегі арқасында қазақтың ондаған ғылым докторлары, жүздеген ғылым кандидаттары шығып, жемісті еңбек етуде. Жақсы өсіп келе жатқан көптеген жас ғалымдарымыз бар. Олардың саны мен сапасы үнемі артып отырмақ.
Одақтық өкіметтің ұйғаруы бойынша, Алматы қаласында биылдан бастап Қазақстанның ғылым академиясына арналған ғылыми институттердің үйлері салынады. Мұның бәрі де республикадағы ғылыми жұмыстардың маңызы келешекте де өршіп, өсіп отыруына дәлел. Қазақстан ғалымдары мұнан былай да өздерінің бар күшін, бар білімін сүйікті Отанының күш-қуаты артып, көркейе беруіне жұмсайды.

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ

Балалар, 1946 жылдың бірінші июнь күні қазақ халқының тарихынан ерекше орын алатын күн болып қалады. Бұл күні сүйікті астанамыз Алматы қаласында тұңғыш Қазақ Ғылым академиясы құрылды. Июннің бірінен жетісіне дейін Қазақ Ғылым академиясының 1 құрылтай сессиясы болып өтті.
Ғылым академиясы дегеніміз не?
Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің IV ғасырының соңғы кезінде ескі Грек елінде Платон деген атақты оқымысты болған. Оның түрлі ғылымдарды зерттеп дамытатын өз алдына мектебі болған, сол мектебін «академия» деп атаған. Содан бері «академия» деген сөз жер жүзіне тарап, ғылыми мекемелерді, кейбір жоғары дәрежелі оқу орындарын «академия» деп атайтын болып кеткен. Бірте-бірте «академия» деген сөз кең ұғымға ие болды. Мәдениеті өсіп-өркендеген Европа елдерінің бірталайында ХVІ-ХVІІ ғасырларда ғылымның барлық тарауларын қамтитын олардың басын қосып, дамуына жол сілтеп отыратын ғылым ордалары – ғылым академиялары ашылды. Ресейде Ғылым академиясы бірінші Петр патшаның тұсында, 1725 жылы ұйымдастырылды.
Академияны басқаруға ғалымдардан президент, вице-президент (президенттің орынбасары) сайланады. Ғылым академиясының толық мүшелері, құрметті мүшелері, корреспондент мүшелері болады.
Совет үкіметі тұсында одақтық ұлт республикаларында да өз алдына академия, немесе академияның филиалдары (бөлімшелері) ұйымдастырылды. Соның бірі болып 1932 жылы Қазақстанда Одақтық Ғылым академиясының филиалы құрылды.
Ұлы орыс халқы, орыс ғалымдарының туысқандық көмегінің арқасында, Ғылым академиясының Қазақ филиалы өзінің дара Ғылым академиясы болып құрылу мерекесіне зор табыстармен келді. Қазір Қазақ Ғылым академиясының 75 ғылым докторы мен профессоры, 188 ғылым кандидаты мен доценті, 187 аспиранты бар. Бұлардың көбі қазақ халқынан шыққан оқымыстылар.
Ғылым академиясының Қазақ филиалының Қазақ Ғылым академиясына айналдырылуы оның атын өзгерткендік емес. Бұл – Қазақстанда ғылымның сапасы жағынан ерекше алға басқандығы.
Балалар, бұл жаңа Академия – болашақтағы ғылым иесі сендердің академияларың. Сендер ғылымға жан-тәндеріңмен беріліп, өздеріңді ғылым адамы болуға бейімдей беруге тиіссіңдер. Өлке байлығын тексерудегі, ауа-райын бақылаудағы, түрлі модельдер жасаудағы, ән-күй үйренудегі сендердің ұшқыр ақылдарың ғылымға көп пайда келтіреді. Адам қандай ғылым, қандай өнердің болса да қайраткері болу үшін, оған жастайынан бой ұрып, машықтануы тиіс.

ҚАЗАҚСТАН ПИОНЕРІНЕ

«Қазақстан пионері» газетінің қайта шығуымен байланысты оның жас тілшілері мен оқушылары – сіздерді шын көңіліммен құттықтаймын!
Сіздерде ғылым иесі болуды ойлайтындар аз емес, Сіздер жақсы қасиеттің барлығын да жастайыңыздан бойларыңызға сіңіріп, Отанымыз үшін, бақытты халқымыз үшін, коммунизм ісі үшін ержетіп, өсуді тілейсіздер. Осындай үлкен іске әзірленуде «Қазақстан пионері» көп еңбек сіңіріп, үнемі кеңесші болып отырады деп сенемін.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ
 
Бұл мақала 1946 жылы «Пионер» журналының № 1 санында алғаш жарық көрді. Бұл мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген төмендегі жинақтарында басылып келеді:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 420-421 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 183-184 бб.; 
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 343-344 бб.
1946 жылғы мәтін кейінгі жылдарда шыққан мәтіндермен салыстырылды, ішінде атап көрсететіндей айырмашылық жоқ. Тек мәтін ішіндегі кейбір әріптер «ȳ» қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, ал «қамтыйтын» – «қамтитын», «үкмет» – «үкімет» деп өзгертілген. 
 
КӨРКЕЙГЕН ҒЫЛЫМ
 
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1946 жылы 1 мамырда жарық көрді. Мәтін ішіндегі «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «ғылми» – «ғылыми», «өкмет» – «өкімет», «сыяқты» – «сияқты», «быйылдан» – «биылдан» деп өзгертілді. Мақалада кездесетін «процент», «завод» өзгертілмей сол күйінде берілді.
Бұл мақала Кереку-Баян кітапханасы «Рухнама» сериясымен шыққан «Қаныш Сәтбаев» кітабының 146-149 беттерінде берілген. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 208 б.
Мақала аталған жинаққа түпнұсқадан алынды.
 
ҚАЗАҚСТАН ПИОНЕРІНЕ
 
Бұл мақала 1946 жылы 9 мамырда «Қазақстан пионері» газетінде алғаш жарық көрді. Одан кейін төмендегі басылымдарда жарық көрді: 
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 419 б.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. –184 б.; 
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 342 б.
1946 жылы «Қазақстан пионері» газетінде шыққан мәтін кейінгі жылдары жинақтарда шыққан мәтіндермен салыстырылды, ішінде өзгеріс жоқ. Тек мәтін ішіндегі «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп өзгертілген.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы