Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Аталуы: Абай өлеңдері. Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев.
Көшіруші: Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев (1900–1984) ‒ ақын, фольклоршы, шежіреші, ұстаз. Шәкәрімнің кенже ұлы. Ұзақ жылдар бойы Жидебайдағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі, одан кейін Абайдың Семейдегі қорық-мұражайының ғылыми қызметкері болды. Құнанбай мен Абайдың, Шәкәрімнің өміріне қатысты мол деректер жинастырып, Абай мұражайының ғылыми қорына тапсырды. Мақалалары, естеліктері, өлеңдері мерзімді баспасөздерде жарияланған.
Көшірілген жылы: Қолжазба 1949 жылы ақпан айының 1 күні көшіріліп біткен.
Басқы сөзі:
![]()
Соңғы сөз:
![]()
Қағазы: Сарғыш тартқан ұзын жолды дәптер.
Әріп-сиясы: Көк сиямен, төте араб жазуымен көшірілген. Өлеңді көшірушінің жазуы көркем.
Беттелуі: Қолжазбаның әр беті көк сиямен жазылған, араб санымен нөмірленген.
Мәтіннің орналасуы:
Өлеңдердің арасы үш ромбикпен, бір жол тастаумен ажыратылған. Олар 7–8 буындық өлеңдер сияқты жазылып, шумақтарға бөлінбеген, көбінесе қара сөз сияқты жазылған. Әр өлеңнің тұсына реттік нөмірі көрсетіліп, өлең аяқталған соң жазылған жылы көрсетілген.
Аннотациясы. Қолжазбаның бастапқы екі беті Шәкәрімге арналған. Үшінші беттен бастап Абайдың өмірбаянына арналып, 3–16-бет аралығын қамтиды. Шығарма 15 бөлімнен тұрады. Абайдың өлеңдері жалпы атаумен аталып (мысалы: «Ел туралы», «Ой туралы», «Замандастары туралы», «Үгіт, сүю туралы», сондай-ақ жылдың төрт мезгіліне арналып, «Қыс», «Көктем», «Жаз», «Күз»), мазмұнына қарай топтастырылып берілген. Ахаттың қолжазбасында да Абайдың кейбір өлеңдері бірге қосақталып жазылып кеткен. Мысалы: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңіне «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» деген өлеңі, сондай-ақ «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңге «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңі тіркесіп жүр. Қолжазбадағы Абайдың өлеңдері мен аудармаларының жалпы саны – 141. Онда Абай өлеңдері «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» (реттік нөмірі № 96) деген өлеңімен аяқталып, әрі қарай тәржімалары берілген. Онда «А.С.Пушкиннен. Онегиннің сипаты» деп басталып, ақынның өлеңдерінен бірнеше аударма келтірілсе, сонымен бірге И.А.Крылов, И.В.Гете, Байрон, И.А.Бунин, Лермонтов, Я.Полонскийдің кейбір өлеңдерінің тәржімалары берілген. Аудармалары аяқталған соң Абайдың «Масғұд әңгімесі» мен «Ескендір патша әңгімесі» атты екі поэмасы енгізілген. Мұнан соң қайтадан Абайдыкі деп есептеліп жүрген «Ендігі өз сөзі», «Бұл өлең бұрынғы өлеңнен өзгерек» деген екі өлеңі берілген.
Жұмыс барысында Ахат қолжазбасындағы Абай өлеңдері Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған, 1910 жылы жазылған Абай өлеңдерінің қолжазбасымен салыстырғанда байқағанымыз: Абай өлеңдерінің 1910 жылы жазылған нұсқасындағы 21 өлең және 6 аудармасы Ахат қолжазбасында кездеспейді.
Керісінше, Ахат қолжазбасындағы Абайдың «Кетті бірлік, ем таба алмай» деген өлеңі мен «Босқа әуре боп келдің бе тағы» деген аудармасы 1910 жылғы нұсқада жоқ. Мұнда Абайдың «Қара сөздері» берілмеген. Қолжазбаның соңғы бөлімдері Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларына арналған.
Қалпына келтірілуі: Қолжазба жөндеуден өтпеген, яғни реставрация жұмысы жүргізілмеген.
Ақауы: Қолжазба әбден тозған, мұқабаның шеттері мүжіліп, үгітіліп кеткен. Оның көптеген беттері шет жақтары жыртылып, түптелген жерінен жыр-
тылып, үгітіліп, ажырағалы тұр. Қолжазбаның кей беттеріне су, май тамғаннан пайда болған дақтардан өлең жолдары өшіп, мүлдем оқуға келмейді. Кей беттерде өлең жазылған парақтардың екі жағындағы ашық тұрған жеріне кирилл, араб әріптерімен сөздер жазылған.
Көлемі: Қолжазбаның жалпы көлемі – 255 бет, электрондық нұсқасында 263 бет.