Кеше, Қарағандыда Қазақ ССР Ғылым Академиясының көшпелі ссесиясы өзінің жұмысын бастады. Сессия Орталық Қазақстанның өндірістік күштерін зерттеп, оны меңгеру мәселелеріне арналған.
Сессияның жұмысына Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденттері мен ғылыми қызметкерлерінен басқа, Москваның, Ленинградтың, Свердловскінің және Совет Одағының басқа да өнеркәсіп орталықтарының ғалымдары, республиканың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының басшы қызметкерлері қатысуда. Сессияның жұмысына қатысушылардың ішінде ССРО-дағы Ғылым Академиясының вице-президенті академик И. П. Бардин және ҚК(б)П Орталық Комитетінің секретары Ғ. Қаржаубаев жолдастар бар.
Сессияны Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті академик Қ. И. Сәтбаев кіріспе сөз сөйлеп ашты.
– Біздің ұлы Отанымыз, – деді президент Сәтбаев жолдас, – соңғы отыз жылдың ішінде өзінің экономикасы мен мәдениетін өркендетуде алып адыммен алға басты. Царизмнің кешегі артта қалған отарлары қазір гүлденген республикаларға айналып отыр: Мұндай республикалардың қатарына индустриялы-аграрлы елге айналған біздің Қазақстан да қосылады. Бұл сияқты ұлы өзгерістерді Орталық Қазақстанның аудандары үлгісінен ерекше айқын көруге болады. Өйткені, мұнан аз-ақ уақыт бұрын Орталық Қазақстан тіпті айқын түсірілген карталардың өзінде белгісіз бір нүкте болып қана көрінетін еді, тек орыс зерттеушілері мен ғалымдарының бірлі-жарым маршрутты саяхаттарынан ғана көрінетін еді. Қазір сол Орталық Қазақстан – Совет Одағының, тек ұшан-теңіз потенциалды күш-қорлары ғана емес, сонымен қатар социализмге қызмет ету жолына қойылып отырған байлықтары бар ірі өнеркәсіп орталығы болып отыр. Біз қазір сіздермен бірге Совет Одағындағы ең жас облыстық қала – Қарағандыда бүкіл совет жеріне даңқы шыққан қалада жұмыс істеп отырмыз, бұл біз үшін үлкен абырой.
Алайда, Орталық Қазақстан аудандарының бұл күмәнсіз, орасан зор табыстары, оның байлықтарын біздің әлі де болса толық зерттеп біле алмай отырғанымызды бүркеп қала алмайды. Біз қазір осы аудандардың жаңадан қуатты жолмен өркендей бастаған дәуірінде, көсеміміз Сталин жолдастың 1946-жылғы 9 февральда Москваның сайлаушылары жыйылысында сөйлеген тарихи сөзі туғызған өркендеу дәуірінде отырмыз деп айтуға болады, ұлы көсеміміз бұл сөзінде Совет Одағының экономикасын онан әрі дамытудың ұлы жоспарын жасап берген болатын.
Қазіргі негізгі міндет – осы айтылған міндеттерді орындау үшін ғылым адамдары мен тәжірибелік іс адамдарының барлық күшін біріктіре жұмсау болып табылады. Біз Орталық Қазақстанды дамыту проблемасын комплексті жолмен талдап зерттгенде ғана, ғылым мен практиканың және өндірістің күшін біріктіргенде ғана өндірістік күштерді онан әрі қарыштап өркендету міндеттерін ойдағыдай шеше аламыз. Орталық Қазақстан шойын мен болат жөнінде қазір Совет Одағының ең қуатты базасына айналып отырғанын естен шығармау керек. Орталық Қазақстанның түсті металл мен көмір шығару жөніндегі қоры жұртқа мәлім.
Осы айтылған орасан зор міндеттерді шешу ісіне біздің жұмысымыз үлкен үлес қосады деген сенім білдіріп, Орталық Қазақстанның өндірістік қуатын зерттеп, оны меңгеру мәселелеріне арналған Қазақ ССР Ғылым Академиясының көшпелі сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының вице-президенті С. К. Кенеспаевтың сессияның құрметті президиумына көсеміміз және ұстазымыз, ғылым корифейі И. В. Сталин жолдас бастаған БК(б)П Орталық Комитеті Саясаттық бюросының мүшелері сайлау туралы жасаған ұсынысын Сессияға қатысушыларды қол шапалақтаумен қарсы алды.
Қазақстан К(б)П Қарағанды облыстық комитетінің секретары Т. И. Абабков жолдас «Орталық Қазақстанның өндірістік күштері және оны зерттеп, меңгеру мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасады.
Орталық Қазақстанға алты облыс – Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары кіретіндігін көрсете келіп, баяндамашы сессияға қатысушыларға бұл орасан зор көлемді аудан солтүстіктен оңтүстікке қарай 1000 километр, батыстан шығысқа қарай 1400 километр жерді қамтитындығын айтты. Осындай орасан зор көлемді жерде қазақ халқы ұлы орыс халқының туысқандық көмегімен большевиктік партияның басшылығы арқасында қуатты индустриялы орталықтар жасады. Орталық Қазақстанның өндірістік күштерін дамыту ісі оны қазіргісінен әлденеше есе арттыру міндетін алға қою дәрежесіне жетіп отыр.
Қазіргі қолда бар материалдық-техникалық база мен отын қоры өндірістік күштерін мұнан былай да дамыту жолымсн шапшаң алға басуымызға мүмкіндік береді.
Баяндамашы көмір, темір, мыс рудаларының, полиметалл мен сирек кездесетін және басқа металдардың кейбір кен орындарын сипаттай келіп, бұлардың зерттеліп, ашылған запасының іс жүзінде өте бай екендігін дәлелдеп көрсетті. Егер бұған қуатты энергетиканың қайнар бұлағын және жергілікгі жердің өзінсн тауып алуға болатынын құрылыс материалдарының бай резервтерін қосатын болсақ, онда Орталық Қазақстан аудандарының индустриясын шапшаң өркендетуге барлық объективті жағдай бар деуге болады. Егер Сибирь магистралының Павлодарға келіп тірелетін кішкене бір тарауын қоспаған болсақ, онда Орталық Қазақстанда бұрын теміржол атымен болмаған еді, ал, қазір теміржолдың жалпы көлемі 2500 километрге жетіп отыр. Мұның өзі Орталық Қазақстан аудандары мен республиканың басқа облыстары арасында жәнс бүкіл Совет Одағымен бірге берік және сенімді транспорт байланысын жасауға жол ашып отыр.
Сонымен қатар, Орталық Қазақстанның ауыл шаруашылығын да онан сайын өркендете беру үшін берік индустриялды-техникалық база жасалып отыр.
Міне, осының бәрі, тұтас алғанда, ғылым адамдары мен тәжірибелік іс қызметкерлерінің алдына көмірді, болатты, мысты, астықты неғұрлым жедел көбейту, мал шаруашылығы өнімдерінің молшылығын жасау міндетін қояды. Баяндамашы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өнімдерін молайту, бұрынғы шөлді облыстар аталған жерде пайда болған индустриялды Орталықтардың төңірегінен огород-жеміс егістерін жасау қажет екендігін атап көрсетті.
Бұдан әрі баяндамашы қазір шешуді күтіп отырған және Қазақ ССР Ғылым Академиясының ерекше назарын аударатын негізгі мәселелерді айтты.
Мұнан кейін, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, қарт геолог Н. Г. Кассин «Орталық Қазақстанның геологиясын зерттеудің жайы және оның негізгі мәселелері туралы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Геология-минералогия ғылымдарының докторы А. И. Егоров «Орталық Қазақстанның көмір қоры және ССР Одағының халық шаруашылығын өркендетудегі оның орны» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы көмір кендерінің запасы жөнінде Қазақстан қазір Совет Одағында (РСКСР-дан кейін) екінші орын алады деді. Қазақстанда көмірді жер бетінен ашық әдіспен өндірудің ара салмағы таяу жылдардың ішінде шұғыл артқалы отыр. Мұның маңызы айрықша зор. Өйткені, көмірді ашық әдіспен қазып алу анағұрлым арзанға түседі және оны қазуда көп жеңілге түседі. Сонымсн қатар мұның өзі көмір өнімін шапшаң арттыруға мүмкіндік береді.
Баяндамашы Орталық Қазақстанның көмір мәселесін комплексті жолмен шешудің қажеттігін баса айтты. Таяудағы жылдардың ішкі көмір өнімін шұғыл арттыру ісіне байланысты, күрделі комплекс жұмыстар Қазақстан геологтары мен кеншілері тек ұйымдасып, келісіп істегенде ғана орындалады.
Мұнан соң, Қазақ ССР Ауыл шаруашылық министрі А. Д. Дауылбаев «Орталық Қазақстан көлемінде егін кәсібін өркендету жұмысының жайы және оның болашағы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Геология-минералогия ғылымдарының докторы У. М. Ахмедсафин «Орталық Қазақстанның жер астындағы сулары» деген тақырыпта баяндама жасады.
Сессия өзінің жұмысын жүргізуде, бүгін оның секцияларының мәжілістері болады.
ҚАЗАҚСТАН ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ АЙБЫНДЫ МІНДЕТТЕРІ
Жолдастар! Көшпелі сессиямыз өзінің жұмысын аяқтап отыр.
Осыдан үш-ақ жыл бұрын құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясы республикамыздың аса маңызды аудандарының өндіргіш күштерін зерттеп, игеру мәселелеріне арналған өзінің көшпелі сессиясын осымен үшінші рет өткізіп отыр.
Жас Ғылым академиясы мұндай көшпелі сессияларды өткізгенде, оны неге сүйеніп өткізбек болды? Бұл сессияларды өткізгенде, оның ұстаған аса маңызды жолы – И. В. Сталин жолдастың 1946 жылғы 9 февральда сөйлеген сөзінде берген тарихи нұсқауы болды. И. В. Сталин өзінің бұл сөзінде капиталистік елдерді ең таяу жылдардың ішінде экономика жағынан басып озу үшін елімізді онан әрі дамытудың негізгі міндеттерін белгілеп берді. Сөйтіп, бүкіл совет халқының алдына еліміздің халық шаруашылығын бұрын-сонды болмаған дәрежеде дамыту міндеті қойылды.
Бұл сессияларды шақыруда ұстаған екінші бір жол – И. В. Сталин жолдастың: «ғылым өзінің зерттеулерінің негізгі күшін ең маңызды халық шаруашылығының міндеттерін шешуге бағыттағанда ғана нағыз творчестволық ғылым, нағыз ғылым бола алады» деген және «еліміздің ғылымы мен халық шаруашылығын өркендетудің табысты болуы теория мен практиканың бірлігінде» – деген тамаша данышпандық нұсқауы болды.
Көшпелі сессияларды шақыруда ұстаған үшінші жолымыз – барлық құбылыс пен өмір және табиғат өзара байланысты, бір-бірімен шарттас деп үйрететін диалектикалық материализмнің методологиясы болды. Халық шаруашылығының қандай саласын болсын, қандай құбылысты болсын айналадағы өмірден бөлек алып қарауға болмайды. Диалектикалық әдістің осы негізгі қағидасы бойынша, қай ауданның болсын халық шаруашылығын өркендету мәселелері, тек біз оның барлық элементтерін комплексті түрде алып қарайтын болсақ ғана толық түсінікті болады да, ол дұрыс шешіледі.
Міне, академиямыздың көшпелі сессияларын өткізуді қажет деп білгізген осы үш жол болды. Бұл сессиялардың алдына қойған мақсаты – халық шаруашылығының қазіргі жайын қарастырып, оны комплексті (бір тұтас) әдіспен онан әрі дамытудың неғұрлым дұрыс, неғұрлым нәтижелі жолдарын белгілеу болды.
Қарағандыда өткізіліп отырған көшпелі сессияға Қазақ ССР Ғылым академиясының ең негізгі күштері қатысты. Сессияға қатысушылардың басым көпшілігі, әрине, Қарағанды интеллигенциясының, партия, совет және шаруашылық қызметкерлерінің өкілдері болды. Сессияға ССР Одағы Ғылым академиясының вице-президенті, академик Иван Павлович Бардин бастаған ССРО Ғылым академиясының делегациясы қатысты.
Сессияның жұмысына 460 адам қатысты, оның ішінде бүкілодақтық және Қазақ ССР Ғылым академияларының толық мүшелері мен корреспондент мүшелерінен 18 адам, ғылым докторларынан 21 адам, 50-ден аса ғылым кандидаттары, кәсіпорындарының 203 басшы, инженер-техник қызметкерлері, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының 15 стахановшысы мен табушылары, республиканың және Орталық Қазақстанның барлық облыстарындағы партия, совет ұйымдарының 94 өкілі, жалпы-одақтық және республикалық маңызы бар министрліктердің 15 өкілі, республикамыздың Ғылым академиясы системасына кірмейтін ғылыми институттардың 36 өкілі бар. Сессияға қатысушылардың ішінде 7 Социалистік Еңбек Ері, 16 Сталиндік сыйлықтың лауреаты, 172 орденділер бар.
Секциялардың жұмысына 700-ден аса адам қатысты. Мұнда жарыс сөзге 100-ден аса адам шығып сөйледі. Секциялардың құрылысы, онда жасалған баяндамалардың және оған қатысқан адамдардың саны бұл көшпелі сессияның алдына орасан көп мәселе қойылғанын көрсетеді. Секциялардың қараған жұмыстары жөнінде кеңейтілген қарарлар қабылданды, оларда мәселелердің қазіргі кезеңдегі жайының талдап көрсетілуімен қатар, халық шаруашылығының әрбір саласын мұнан әрі өркендетудің нақтылы жолдары да көрсетілген.
Мен бұл сессияда жасалған баяндамалар мен қабылданған қарарлардың бәрі де Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумында қаралып, олар тиісті тәртіп бойынша жарияланатын болады деп ойлаймын.
Сессияда қаралған материалдарға қарағанда, Орталық Қазақстан ССР Одағы халық шаруашылығын дамыту ісінде мұнан былайғы жерде де ең негізгі аудан болып қала беретіні ешбір даусыз көрінді. Сол сияқты, тас көмірді онан әрі дамыта беру жөнінде де барлық мәліметтер табылып отыр.
Сессияның бұл қарарларының ойдағыдай болып орындалуы, ең алдымен, біздің өзімізге, ғылым адамдарының ғылым жаңалықтарын өндіріске қалай енгізе білуіне байланысты. Бұл істің табысты болуы, сонымен қатар, ғылым жетістіктерін өндіріске іс жүзінде енгізуге тиіс болған шаруашылық орындарының жұмыстарына да байланысты.
Мен, республикамыздың ғалымдары, инженерлері мен техниктері және халық шаруашылығының барлық саласының мамандары Қазақ ССР Ғылым академиясы сессиясының қарарларын жүзеге асыра отырып, Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін бірсыпыра жоғары сатыға көтеретін болады деп ойлаймын. Бұған Қазақстан ғалымдарының әрқашан да орыс ғалымдары тарапынан тиісті көмек алып отыратындығы кепіл бола алады.
Совет халықтарының тең праволы достық семьясындағы ең үлкен ағасы – ұлы орыс халқы жасасын!
Совет халықтарының мызғымас достығы жасасын!
«Ұлы көсеміміз және ұстазымыз Сталин жолдас жасасын!»