Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының III съезінен IV съезіне дейінгі уақыттың ішінде Қазақстанда ғылым айрықша зор табыстарға жетті. 1946 жылғы 1 июньде құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясы Қазақстанның толып жатқан ғылыми-зерттеу орындары қатарында ең көрнекті орын алады. Қазақ ССР Ғылым академиясы республикамыздағы ғылыми ойдың ордасы болып отыр. Қазақстанның ғылыми-зерттеу орындары қатарында В. И. Ленин атындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының Қазақ филиалының зор маңызы бар. 1941 жылы құрылған бұл филиал республикамыздың ауыл шаруашылығын өркендетуге байланысты агробиология ғылымына басшылық етіп отыр.
Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының III съезінен IV съезіне дейінгі уақыттың ішінде республикамызда ғылымның қандай өскендігін азды-көпті көрсету үшін Қазақ ССР Ғылым академиясының өркендеуін сипаттайтын кейбір мысалдар келтірейік.
1938 жылы ССР Одағы академиясының Қазақ филиалында 67 ғылыми қызметкері бар 5 сектор ғана болса, қазіргі уақытта Қазақ ССР Ғылым академиясының қарамағында 47 ғылыми мекеме, оның ішінде 17 үлкен ғылыми-зерттеу институты, институтпен теңдес 15 сектор, 10 жергілікті база, республикалық екі музей, республикалық ботаника бағы және басқалары бар. Бұларда аспиранттарды қосқанда, 1400-ден аса ғылыми қызметкер зерттеу жұмысымен шұғылданады.
Ғылым академиясының ғылыми мекемелерінің өсуімен бірге олардың материалдық базасы да өсті. Ғылым академиясының бюджеті бұған айқын дәлел. 1941 жылы академияның бюджеті 3,7 миллион сом, ал соғыстың ақырғы жылында 21,9 миллион сом болды, 1949 жылы 52 миллион сомнан асады.
Ғылыми кадрлардың өсуі де республикамызда ғылымның өркендеуіне неғұрлым айқын дәлел болып табылады. Қазақстан большевиктерінің III съезінен IV съезіне дейінгі уақыттың ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының системасында ғылыми қызметкерлер 14 еседен аса көбейді, оның ішінде ғылым докторы атағын алған ғалымдар 28 есе (үш адамнан 86 адамға жетті), ғылым кандидаты атағын алған ғалымдар 32 есе (8 адамнан 257 адамға жетті) көбейді.
1938 жылы бізге қазақтан бірде-бір ғылым докторы болмаса, қазіргі уақытта Қазақ ССР Ғылым академиясында ғылым докторы атағын алған 15 қазақ ғалымы жұмыс істейді, олардың ішінде 10 адам Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшелері, корреспондент-мүшелері.
1939 жылы қазақтан небәрі 3 ғылым кандидаты болса, қазіргі уақытта академияда ғылым кандидаты атағын алған 70-тен аса қазақ ғалымдары жұмыс істейді. Академияның ғылыми кадрлары қатарында қазір ғылым докторы, ғылым кандидаты атағын алған қазақ әйелдері де аз емес. Мұның өзі қатты сүйсінерлік іс.
1938 жылы ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалында аспирантура жоқ еді, қазір Қазақ ССР Ғылым академиясында 388 аспирант, оның ішінде 144 қазақ аспирант жұмыс істейді.
Ғылым академиясында мұндай көп ғылыми кадрларды ең алдымен ҚК(б)П Орталық Комитетінің және Қазақ ССР Министрлер Советінің Қазақстанда ғылымды өркендетуге көрсеткен қамқорлығы арқасында, Бүкілодақтық Ғылым академиясының үнемі көмектесуі нәтижесінде тәрбиелеп өсірдік.
Ғылыми кадрлардың өсуіне сәйкес Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі де барған сайын ұлғаюда. 1938 жылы ССР Одағы Ғылым академиясы Қазақ филиалының қарамағында небәрі 12 экспедиция отряды жұмыс істесе, 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының 148 экспедиция отряды жұмыс істеді. 1938 жылы ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалында небәрі 25 ғылыми тақырып талданса, 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясында 562 ғылыми тақырып талданды.
Елімізде, оның ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясында ғылым Отанымыздың халық шаруашылығының, мәдениетінің және бүкіл мемлекеттік тұрмысының өркендеуімен бірге өсіп, гүлденуде. Индустрияландыру, социалистік ауыл шаруашылығын өркендету, мәдениетті және ағарту жұмысын күшейту мәселелері, сол сияқты, халқымыздың денсаулығын сақтау және әл-ауқатын арттыру мәселелері ғылыммен тығыз байланысты болып, ғылыми негізде шешілуде.
Ұлы Ленин 1918 жылдың өзінде-ақ «РСФСР-дағы ғылыми-техникалық жұмыстар жоспарының жобасы» деген даналық шығармасында озат советтік ғылымды социалистік құрылыстың негізгі мәселелерімен тығыз байланысты етудің іргесін қалады. Бұл шығармада – еліміздің халық шаруашылығын, мәдениетін социалистік негізде қайта құрудың ұлы жоспарында ғылымға жетекшілік қызмет жүктеуді көздеді.
Қазақстанның ғалымдары республикамыздың халық шаруашылығын өркендетуге көп еңбек сіңірді. Мәселен, совет геологтарының еңбегі арқасында Қазақстан хром мен ванадий қоры жағынан қазір дүние жүзінде бірінші орын; мыс, қорғасын, мырыш, күміс, фосфорит және басқа бірсыпыра аса маңызды кендер жағынан Одақта бірінші орын, темір рудаларының қоры жағынан да Одақта алдыңғы қатардан орын алып келеді.
Қазақ ССР Ғылым академиясы ғалымдарының геология, кен жұмысы, металлургия, энергетика, химия және басқа ғылым салаларындағы зерттеулерінің нәтижелері Қазақстанның индустриялық қуатының өсуіне, республикамыздың бірсыпыра негізгі өнеркәсіп орталықтарының өндіріс жұмысын жақсартуға көмектесті.
Қазақстанның неше алуан және мол байлықтарын – оның жер қыртысын, өсімдіктерін, хайуанатын үнемі зерттеу, пайдалану ісінде де Қазақстанның ғалымдары зор табыстарға жетті. Олар Орталық Қазақстанның құмды-сазды шөл далаларында ағаштар, жеміс-жидек, овощь егістерін өсіру, өнеркәсіп орталықтарының жергілікті азық-түлік базасын жасау, ағаштар егу жолдарын зерттеп белгіледі, малдың және жабайы хайуанаттың көптеген жұқпалы ауруларына қарсы күресу әдістерін белгіледі. Ондатра сияқты бірсыпыра бағалы аңдарды жергілікті жағдайда бейімдеп өсірді.
Қазақстанның ғалымдары ауыл шаруашылық ғылымдары саласында едәуір табыстарға жетті. Мәселен, егін шаруашылығында мақта, қызылша, әртүрлі каучук өсімдіктер сияқты жаңа техникалык егістерді Қазақстанда өсіру жақсы нәтиже берді. Советтік каучук өсімдіктерінің шыққан жерінің өзі Қазақстан болды.
Мал шаруашылығында Қазақстанның ғалымдары қазақ биязы жүнді қойы және арқар-меринос сияқты қойдың неғұрлым мол өнімді, жаңа тұқымдарын өсірді.
Қазақстанда, оның ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясында медицина ғылымдары да көп өрістетілді. Қазақ ССР Ғылым академиясында зерттеушілер, әсіресе республикамыздағы бірсыпыра жұқпалы ауруларды және жұқпайтын ауруларды зерттеуге, бұл ауруларға қарсы күресу шараларын табуға, сол сияқты, республикамыздың курортология мүмкіншіліктерін, кейбір неғұрлым қауіпті жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарын зерттеуге баса көңіл бөлді.
Қазақстанда қоғамдық ғылымдар әсіресе соңғы 10 жылда мықтап өркендеді. Бұл ғылымдардың өркендеуі қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік жаңа мәдениетінің құрылуына тығыз байланысты болды. Тарих институты Москваның және Ленинградтың басты-басты ғалымдарымен бірге соғыс жылдарында «Қазақ ССР-нің ескі заманнан қазіргі уақытка дейінгі тарихын» шығарды. БК(б)П Орталык Комитеті мен Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша «Қазақ ССР тарихы» екі том көлемінде түзетіліп, толықтырылып екінші рет бастыруға даярланды. Мұның бірінші томы Қазақстан К(б)П IV съезінің ашылу күніне басылып шығады. Осы негізгі міндеттен басқа бұл жылдарда Қазақстанның тарихына арналған бірсыпыра монографиялар мен жинақтар басылып шықты.
Қазақтың тілі мен әдебиетін зерттеуде Қазақстанның ғалымдары ғылыми грамматиканың негіздерін белгіледі, орыс графикасы негізінде қазақ тілінің алфавитін жасады, бастауыш, орта дәрежелі мектептер және жоғары дәрежелі оқу орындары үшін қазақ тілі мен әдебиетінің тұрақты оқу кітаптарын жазды. Қазақ әдебиеті тарихының I томы жазылып болды, бұл том да Қазақстан К(б)П IV съезінің ашылуына жарыққа шығады.
Республикамыздың экономика жағынан неғұрлым маңызды аудандарында Ғылым академиясының көшпелі сессиялары өткізілді. Бұл сессияларға Совет Одағы мен Қазақстанның көрнекті білімпаздары, жоғары дәрежелі оқу орындарының, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының, өнеркәсіп орындарының, министрліктердің, совет, жұртшылық және партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Мұның өзі ғылымды еліміздің халық шаруашылығының қажетіне неғұрлым жақындастырудың ең тиянақты түрлерінің бірі болып табылады.
1947 жылы Өскеменде Ғылым академиясы мен ССР Одағы түсті металлургия министрлігінің біріккен сессиясы өткізілді. Бұл сесия Үлкен Алтайдың неше алуан және мол өндіріс күштерін зерттеудің, пайдаланудың алдағы жолдарын белгіледі.
1949 жылғы январьда республикамыздың мұнай өнеркәсібінің орталығы – Гурьев қаласында көшпелі сессия өткізілді. Бұл сессия Батыс Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеу, меңгеру мәселелеріне арналды.
Гурьевтегі сессияда Батыс Қазақстанның өндіріс күштері қаралып, толық зерттелді, геологияны және пайдалы кендерді онан әрі зерттеу мәселелері, Батыс Қазақстанда мұнай шығаруды күшейту мәселелері, химия өнеркәсібін, қара металлургия мен түсті металлургияны, құрылыс материалдары өнеркәсібін күшейту мәселелері, Батыс Қазақстанның көмір, жанғыш сланец кендерін шығарудың келешегі, балық байлығы, жерасты суын пайдалану, энергетика және транспорт мәселелері, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығын өркендетудің және Батыс Қазақстан халық шаруашылығының басқа да сондай маңызды мәселелері қаралды. Биыл Қарағанды қаласында да Қазақ ССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізіледі. Онда Орталық Қазақстанның неше алуан өндіргіш күштерін зерттеудің, меңгерудің тиімді мәселелері барлық жағынан толық қаралады.
Қазақстанда ғылымның алдына республикамыздың неше алуан және мейлінше мол жаратылыс байлықтарының бәрін мұнан былай да тездетіп зерттеуге, бұл байлықтарды халық шаруашылығының қажетіне асырудың неғұрлым тыңғылықты әдістерін белгілеуге, сол сияқты еліміздің социалистік экономикасы мен мәдениетінің жалпы өркендеуіне байланысты зор тарихи міндеттер қойылып отыр.
ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ IV СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Бұдан кейін Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті академик Қ. И. Сәтбаев сөйледі.
Қазақстан большевиктер партиясының съездері арасындағы есеп беріліп отырған уақыт ішінде, – деді ол, – халық шаруашылығы мен мәдениеттің өркендеуімен қатар республиканың ғылымы да өркендеді. 1946 жылы құрылған Қазақ ССР Ғылым Академиясы осы күні республиканың аса ірі комплектісі ғылыми мекемесі болып отыр, онда 1300 ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлер мен аспиранттар жұмыс істеп жатыр. Өткен 9 жыл ішінде ғылым докторы дәрежесінде білімі бар Академия қызметкерлерінің саны 28 есе, ал кандидаттардың саны 32 есе артты. Қазір бізде ғылым докторлары – 15 қазақ бар. Әсіресе, қуанарлық нәрсе академия коллективі ғылым докторы және кандидаты дәрежесін алған қазақ әйелдерімен жылма-жыл толықтырылып келеді. Академияның өндірістік базасы өсті, институттармен, лабораториялық жабдықтармен, бағалы аппаратуралармен толықтырылды. Осының бәрі ғылыми-зерттеу жұмысының көлемі мен тақырыптарын едәуір кеңейтіп, тереңдетуге мүмкіндік берді. Егер, 1939 жылы Академияда тек қана 50 тақырып жасалатын болса, өткен жылы – республиканың ғылымы мен халық шаруашылығының негізгі тарауларының бәрін қамтитын 560 тақырып жасалынды.
Республикада ғылымның қарқынды өскенін ыспаттайтын Академия жұмысындағы негізгі көрсеткіштерді сипаттай келіп, мұның өзі Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан үнемі көрсетілген көмектің нәтижесі екенін айтты. Сәтбаев жолдас бұдан кейін ғылыми-зерттеу мекемелерінің міндеттеріне тоқтады, Қазақстанның халық шаруашылығын барлық жағынан бұдан да дамыту мәселесі көбінесе осы міндеттің ойдағыдай шешілуіне байланысты екенін айтты.
Қорытындысында, Сәтбаев жолдас республиканың марксистік–лениндік теориямен қаруланған ғалымдары Сталин жолдастың – таяу уақыт ішінде біздің Отанымыздан басқа жердегі ғылым табыстарын қуып жетіп, одан анағұрлым басып озу керек деген тапсырмасын орындау ісіне өз үлесін қосатындығына Ғылым Академиясы коллективі атынан сенім берді.