Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1945-1949 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ СЕССИЯСЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Жолдастар!
Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Ғылым академиясының бұл сессиясы Батыс Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеу және пайдалану жөніндегі кейбір негізгі мәселелерді қарау мақсатын көздейді. Батыс Қазақстан дегенімізді бұл ретте үш әкімшілік облысының: Гурьев, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының жері деп түсіну керек. Бұл жердің көлемі 710 мың шаршы километрден астам немесе Қазақтың Советтік Социалистік Республикасының бүкіл жерінің төрттен бірінен сәл артығырақ.
Бұл өте кең аймақ, Франция мен Германияның екеуінің жеріне тең деуге болады.
Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Қазақстан патшалықта ең артта қалған отарларының бірі болып, шаруашылық жүйесі өте артта қалған, көшпелі мал шаруашылығы бар, бүкілдей табиғаттың апаттарына тәуелді ел еді. Еңбекші қазақтар екі жақтан бірдей – патшалықтың отарлық саясатынан және жергілікті байлар мен жартылай феодалдардың рахымсыз қанауынан қорлық көрді. Қазақстанның сауатты адамдарды ол кезде жоқтың қасында – екі проценттен кем еді, оның үстіне сауатты адамдардың бәрі дерлік қала халқынан және даланың ең ауқатты жағынан шыққан адамдар еді. Қазақстан жерінде ол кезде бірде-бір жоғары дәрежелі оқу орны болған жоқ.
Россия империясының түрлі орталықтарынан кездейсоқ шығып, жол-жөнекей соғып өткен кейбір экспедициялар ғана Қазақстанның табиғаты және халқы туралы болмашы мәліметтер жинайтын. Осы экспедициялар анықтаған кейбір минералдар қоры капиталистік компаниялардың, көбінесе шетел капиталына сүйенген компаниялардың жыртқыштықпен системасыз пайдалануына түсіп отырды. Мысалы, Нобельдің жеке капиталистік компаниясы Ембінің мұнай байлығын пайдаланып келді. Қарағандының көмірін, Орталық және Шығыс Қазақстанның кейбір түсті металл шығатын жерлерін ағылшын-француз капиталы пайдаланып келді. Бұл жеке кәсіпорындарының бәрі жергілікті жұмысшылардың арзан еңбегін рахымсыз қанап және ең бай рудаларды ғана жыртқыштық әдіспен өндіріп, осының есебінен кәсіпорындарының пайдасы молайды деп, жұртты алдап келді. Шынында бұл кәсіпорындарының өнімі өскендігі емес еді. Бұл айланың арқасында тек кәсіпорындарының иелері өз акцияларының құнын көтеріп, пайдаға батып отырды.
Батыс Қазақстан совет өкіметі тұсындағы кен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тек Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл Совет Одағы көлемінде аса маңызды экономикалық аудандардың біріне айналып келеді. Оның байлықтары пайдаланылып, өндіргіш күштері онан сайын зерттеліп меңгерілсе, Совет Одағының қуатты индустриялы ауданына айналатындығы сөзсіз. Сонымен қатар Батыс Қазақстан республикамызда мал шаруашылығы мен балық өнеркәсібі жөнінде жетекші аймақ болып табылады. Батыс Қазақстанның өндіргіш күштерінің көбі қазірдің өзінде жеткілікті дәрежеде зерттелді, бірақ бұл күштердің бірсыпырасы енді ғана анықталып, зерттеліп жатыр. Жайық-Жем бассейнінің жер қойнындағы қоры Совет Одағында және бүкіл дүние жүзінде бірінші орын алмаса да, соған жақын екендігі белгілі. Бірақ, бұл қорларды өндіріске пайдалану, сол сияқты бассейндегі мұнай қорын өндіру қарқыны мүмкіншілікке сәйкес болмай отыр.
Меніңше, бассейнді зерттеп меңгерудің бұл қарқыны өте баяу, мұның өзі бір орында айналшықтау болып отыр. Бұл жөнінде екі пікір болмаса керек. Ембі мұнайын зерттеп, меңгеру ісінде мұнайлы жерлердің алшақтығына байланысты ерекше зор қиыншылықтар бар екенін біз білеміз. Бұл қиыншылықтарды ойдағыдай жеңу үшін ең алдымен оның себептерін терең талдау керек. Бұл қиыншылықтарды жеңу жөніндегі шаралардың жоспарын мұқият ойлап жасап, оны іске асыру үшін табанды большевиктік күрес жүргізуіміз керек.
Батыс Қазақстанда жанатын газдар, жанатын сланец, минерал тұздар және құрылыс материалдары сияқты байлықтар өте нашар игеріліп келеді, тіпті іс жүзінде зерттелмей келеді деуге болады.
Мұнайлы жерлердегі тұзды күмбездердің химиялық және минералогиялық составы толық зерттелмей отыр, ал, осы тұздарда еліміздің халық шаруашылығы үшін өте құнды химиялық заттар болуы ықтимал.
Маңғыстау түбегінің минерал байлықтарын зерттеу жұмысы өте-мөте қанағаттанғысыз болып отыр. Бұл ауданды игеру үшін мүмкіншілік көп, оның порты қатпайды және басқа тасымал жолдары бар. Балық өнеркәсібі және мал шаруашылығы сияқты, халық шаруашылығының алдыңғы қатарлы сатыларында да анықталмаған мүмкіншіліктер әлі көп.
Партия мен үкіметтің қаулысы бойынша еліміздің табиғатын қайта жасаудың бастамасы болып отырған, егінді қорғайтын ағаш егу және су қоймаларын жасау жоспарының Батыс Қазақстан үшін орасан зор маңызы бар.
Егінді қорғайтын басты-басты орман алқаптарының бірі Батыс Қазақстанның жерін кесіп өтетіндігі өздеріңізге белгілі. Мичурин-Докучаев-Вильямс ғылымының негізінде жүргізілетін басқа да негізгі агротехникалық шаралармен қатар жүргізілетін ағаш егу жұмыстары ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдына аса маңызды жаңа міндеттер қоятындығы түсінікті. Энергетика, транспорт, қалалардың архитектурасы және көркейтілуі сияқты мәселелердің үлкен маңызы болады.
Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын онан сайын өркендету қажеттігіне байланысты осы айтылған маселелердің бәрі Ғылым академиясының осы сессиясында ұштастырып шешу үшін талқыланады.
Бұл мәселелерді ғылым адамдары, тәжірибелі мамандар, жаңалық табушылар, халық шаруашылығының түрлі салаларының озаттары, басшы партия және совет орындарының қызметкерлері, сол сияқты тиісті министрліктердің өкілдері бірлікте талқылайтын болады, мұның өзі Батыс Қазақстанның өндіргіш күштерін онан сайын зерттеп игеруге байланысты аса маңызды мәселелердің бәрін шешудің ең дұрыс жолдары мен әдістері табылатындығына жеткілікті кепіл болады.
Бізді, совет адамдарын Маркс–Энгельс–Ленин–Сталиннің ұлы ғылымы жігерлендіріп, жөн сілтеп отырғандығы жұмысымыздың табысты болатындығына кепіл болады.
Барлық жеңістеріміздің дем берушісі және ұйымдастырушысы – ұлы Ленин – Сталин партиясы жасасын!
Ұлы ғалым және сүйікті ұстазымыз Иосиф Виссарионович Сталиннің даңқы арта берсін!
Сәтбаев жолдастың соңғы сөздері ду қол шапалақтауға ұласты.
Сәтбаев жолдас сессияны ашты. Оркестр Совет Одағының гимнін және Қазақ республикасының гимнін тартты.

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ АКАДЕМИК СӘТБАЕВ ЖОЛДАСТЫҢ СЕССИЯНЫ ЖАБАР АЛДЫНДАҒЫ СӨЗІНЕН

Жолдастар!
Көшпелі сессиямыз аяқталып келеді, сессияға қатысушылар Батыс Қазақстанның өндіруші күштерін зерттеуге және игеруге байланысты негізгі мәселелерді қарап, 6 күн бойы қажырлы жұмыс істеді. Осы алты күннің ішінде сессияның кең мәжілісінде және секциялардың мәжілістерінде 70-ке жуық баяндама тыңдалды. Әрине, бұл 70 баяндама бір-бірін қайталау емес, әрбір баяндама Батыс Қазақстанның өндіруші күштерін өркендетудің негізгі мәселелеріне арналды. Өткен 6 күннің ішінде сессиямыздың қандай күрделі мәселелерді қарап шыққандығын баяндамалардың санының өзі көрсетеді. Бұл мәселелерді қарап талқылауға Батыс Қазақстанның 3 облысының көрнекті инженер-техник қызметкерлері, өндірістің жаңалық табушы озаттары, Социалистік Еңбек Ерлері, үш облыстың партия, совет және өндіріс орындарының басшы қызметкерлері қатынасты. Баяндамаларды талқылауға одақтық және республикалық министрліктердің өкілдері қатынасты.
Сөйтіп, сессияға қатынасушылардың составы сессияның осы күрделі мәселелер жөнінде қабылдаған қаулыларының терең ғылыми маңызын, екіншіден, зор практикалық маңызы бар екенін, сессия қаулыларын іске асыру үшін берік негіз бар екендігін көрсетеді.
БҰЛ сессияда Батыс Қазақстанның ғылыми және инженер-техник қызметкерлерінің өскендігі айқын көрінді.
Біз Батыс Қазақстанның өнеркәсіп қызметкерлерінің, ғылыми-зерттеу мекемелері қызметкерлерінің бірсыпыра терең мағыналы баяндамаларын тыңдадық. Водорезов, Куразова, Калинин, Неволин, Беньковский жолдастардың және Батыс Қазақстанның басқа да ғылым, техника қызметкерлерінің баяндамалары орталық қалалардың қандай болмасын трибунасынан айтуға лайықты баяндамалар болды.
Сессия Батыс Қазақстанның кейбір өнеркәсіп орындары басшыларының – Кемпірсай руднигінің директоры Поклонский жолдастың, Донской руднигінің директоры Шлыков жолдастың, Қазақстан мұнай бірлестігінің бастығы Федоров жолдастың, Ендер борат руднигінің директоры Земляков жолдастың және басқалардың өте мазмұнды баяндамаларын тыңдады. Бұл баяндамалар осы басшылардың өздері басқаратын өндіріс салаларының техникасын егжей-тегжейіне дейін толық білетіндігін көрсетті.
Бұл сессияда республиканың жергілікті халқының өкілдері терең мазмұнды ғылыми баяндамалар жасады, мұның өзі өте қуанышты нәрсе. Қарымсақов, Шөкеев, Имашев және басқа жолдастардың баяндамаларының ғылыми дәрежесі өте жоғары болды.
Баяндамаларды сессияның мұқият талқылауы негізінде, мәселені толық қамтитын және нақтылы ұсыныстар қабылданды, бұл ұсыныстарды комплексті түрде негізгі бөлімдерге айырып, біз қазір ғана сессияның қарары ретінде қабылдадық. Сессиямызда қабылданған ұсыныстардың іске асырылуы Батыс Қазақстанның барлық облыстарының экономикасы мен мәдениетін онан сайын өркендетуді қамтамасыз ететіндігі сөзсіз.
Бұл қаулылардың Батыс Қазақстан экономикасын онан сайын өркендетуде айтарлықтай маңызы болады деп үміттенеміз. Бұл қаулылардың ойдағыдай іске асуы біздің мұнан былайғы күнделікті жұмысымызда ғылым мен практиканың ұштасып отыруына байланысты болады.
Жолдастар! Біздің бұл сессиямыз өте маңызды тарихи кезеңде, еліміз соғыстан кейінгі жаңа бесжылдық жоспарды орындап шығатын жылда шақырылды. Ленинградтықтардың шақыруы бойынша еліміздің, оның ішінде Қазақстанның еңбекшілері соғыстан кейінгі бесжылдықты төрт жылда орындауға міндеттенгендігі өздеріңізге белгілі. Сөйтіп, 1949 жылы соғыстан кейінгі жаңа бесжылдықтың аяқталатын жылы болып отыр. Бұл жылы еліміздің халық шаруашылығын онан сайын өркендету жоспарын екінші бесжылдыққа сәйкестеп жасауға байланысты мәселелер күн тәртібіне қойылып отыр.
Сондықтан екінші бесжылдықта істелетін жұмыстарды жоспарлаумен қатар, біз Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын өркендетудің таяудағы үш бесжылдық ішіндегі шеңберін еске алдық.
Сессиямыздың жұмысы осы ерекше кезеңге толық сәйкес болды. Біз өзіміздің қаулыларымызда халық шаруашылығын өркендетудің бір бесжылдық ішінде аяқталмайтын бағыттарын Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын өркендетудің негізгі жоспарына сәйкес белгіледік. Жоспарлаушы ұйымдарымыз Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын өркендету жөнінде екінші бесжылдықта, сол сияқты онан соңғы бесжылдықтарда да істелетін жұмыстың көлемін белгілегенде осы сессияның материалдарын пайдаланады деген үміт бар. Сонымен қатар Гурьев облысы үшін 1949 жылдың ерекше маңызы бар, өйткені Ембі мұнайшылары 1949 жылы өз өндірісінің 50 жылдығын мерекелейді. Ембіде мұнай 1899 жылы табылған болатын. Батыс Қазақстанның еңбекшілері, әсіресе, мұнайшылар коллективі бұл мерекені лайықты табыспен қарсы алады, мұның өзі Батыс Қазақстан облыстарының халық шаруашылығын өркендете түсуге нақтылы мүмкіншілік туғызады деп сенеміз.
Ембі мұнайшыларының өз мерекесін лайықты табыспен қарсы алатындығына біздің күмәніміз жоқ, өйткені Гурьев облысының жұртшылығы өзінің ұйымшылдығымен күшті екендігіне біздің көзіміз жетті. Қазақ ССР Ғылым академиясының бұл сессиясының жұмысы мұндай жақсы өтуінің бір себебі, Гурьев облысының басшылары мен еңбекшілері сессияны ұйымдастыру жөнінде бізге үлкен көмек көрсетті. Осыған байланысты мен Қазақ ССР Ғылым академиясының атынан облыстық партия комитетінің секретары Ғалиев жолдасқа, еңбекшілер депутаттарының облыстық Советі атқару комитетінің председателі Шарипов жолдасқа, облыстың бүкіл жұртшылығына алғыс айтамын.
Жолдастар, біз Батыс Қазақстанның, оның ішінде Гурьев қаласының экономикасы мен мәдениетінің қаншама өскендігін көріп отырмыз. Мұнда мәдениет бұқараның игілігіне айналып отыр. Осыған байланысты XIX ғасырда Қазақстанды зерттеген ғалымдардың бірі Григорий Силыч Карелиннің Гурьев туралы жазғаны есіме түседі. Ол Гурьевте көп жыл тұрып, осында жерленген. Карелин: «Гурьев – шалғай жатқан шөл дала, барып тұрған надан түкпір», – деп жазған. Гурьев 1917 жылға дейін осылай болып келді. Бір кезде «барып тұрған надан түкпір» болып келген Гурьев қазір Батыс Қазақстанның ірі мәдениет және өндіріс орталығы болып отыр. Гурьевтің мұндай тез өркендеуі біз үшін ерекше, таңғаларлық нәрсе емес. Кең байтақ Отанымыздың қай жерінде де мұндай өсу – дағдылы нәрсе. Маркс – Энгельс – Ленин – Сталиннің данышпандық ғылымы, Ленин-Сталин партиясының данышпандық басшылығы совет халқының экономикасы мен мәдениетін тез өркендету үшін барлық қажетті жағдайларды туғызып отыр.
Ленин-Сталин партиясының данышпандық басшылығымен біз алдағы уақытта да жаңа табыстарға жете береміз!
Ленин-Сталиннің ұлы партиясы жасасын!
Сүйікті көсеміміз ұлы Сталин жасасын!

ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ
IV СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Бұдан кейін Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті академик Қ. И. Сәтбаев сөйледі.
Қазақстан большевиктер партиясының съездері арасындағы есеп беріліп отырған уақыт ішінде, – деді ол, – халық шаруашылығы мен мәдениеттің өркендеуімен қатар республиканың ғылымы да өркендеді. 1946 жылы құрылған Қазақ ССР Ғылым Академиясы осы күні республиканың аса ірі комплектісі ғылыми мекемесі болып отыр, онда 1300 ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлер мен аспиранттар жұмыс істеп жатыр. Өткен 9 жыл ішінде ғылым докторы дәрежесінде білімі бар Академия қызметкерлерінің саны 28 есе, ал кандидаттардың саны 32 есе артты. Қазір бізде ғылым докторлары – 15 қазақ бар. Әсіресе, қуанарлық нәрсе академия коллективі ғылым докторы және кандидаты дәрежесін алған қазақ әйелдерімен жылма-жыл толықтырылып келеді. Академияның өндірістік базасы өсті, институттармен, лабораториялық жабдықтармен, бағалы аппаратуралармен толықтырылды. Осының бәрі ғылыми-зерттеу жұмысының көлемі мен тақырыптарын едәуір кеңейтіп, тереңдетуге мүмкіндік берді. Егер, 1939 жылы Академияда тек қана 50 тақырып жасалатын болса, өткен жылы – республиканың ғылымы мен халық шаруашылығының негізгі тарауларының бәрін қамтитын 560 тақырып жасалынды.
Республикада ғылымның қарқынды өскенін ыспаттайтын Академия жұмысындағы негізгі көрсеткіштерді сипаттай келіп, мұның өзі Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан үнемі көрсетілген көмектің нәтижесі екенін айтты. Сәтбаев жолдас бұдан кейін ғылыми-зерттеу мекемелерінің міндеттеріне тоқтады, Қазақстанның халық шаруашылығын барлық жағынан бұдан да дамыту мәселесі көбінесе осы міндеттің ойдағыдай шешілуіне байланысты екенін айтты.
Қорытындысында, Сәтбаев жолдас республиканың марксистік–лениндік теориямен қаруланған ғалымдары Сталин жолдастың – таяу уақыт ішінде біздің Отанымыздан басқа жердегі ғылым табыстарын қуып жетіп, одан анағұрлым басып озу керек деген тапсырмасын орындау ісіне өз үлесін қосатындығына Ғылым Академиясы коллективі атынан сенім берді.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ СЕССИЯСЫНЫҢ АШЫЛУЫ
 
Мақала «Социалистік кұрылыс» газетінде 1949 жылы 26 қаңтарда жарияланды. Газетте ғалымның Қазақ КСР Ғылым Академиясының Гурьевте (қазіргі Атырау) өткен көшпелі сессиясын ашардағы сөзі берілген. Сонымен қатар, бұл мақала 1949 жылы 9 ақпанда «Алтай большевигі» газетінде, 1949 жылы 28 қаңтарда («Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарық көрді.
Бұл мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 232-234 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 5. Наука Казахстана: 1941–1951 гг. – Алматы: Ғылым, 2001. – 456 с. – 330-332 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 188-190 бб.
Қаныш Сәтбайұлының «Социалистік құрылыс» газетінде шыққан мәтіні кейінгі жылдары жинақтарда шыққан мәтіндермен салыстырылды. Жинақтардағы мақалаларда кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп өзгертілген. «Ғылми» – «ғылыми», «өкмет» – «өкімет», «үкмет» – «үкімет», «ыспаттайды» – «сипаттайды», «сыяқты» – «сияқты», «қыйыншылық» – «қиыншылық», «мұқыят» – мұқият», «хажет» – «қажет» деп өзгертілді. Мақалада кездесетін «состав», «искусство», «узел», «сеть» сөздері өзгертілмей сол күйінде берілді.
Мақаланың соңындағы Ленин мен Сталинге қатысты төмендегі абзацтар ешқандай жинаққа енбеген:
«Бізді, совет адамдарын Маркс–Энгельс–Ленин–Сталиннің ұлы ғылымы жігерлендіріп, жөн сілтеп отырғандығы жұмысымыздың табысты болатындығына кепіл болады.
Барлық жеңістеріміздің дем берушісі және ұйымдастырушысы – ұлы Ленин – Сталин партиясы жасасын!
Ұлы ғалым және сүйікті ұстазымыз Иосиф Виссарионович Сталиннің даңқы арта берсін!
Сәтбаев жолдастың соңғы сөздері ду қол шапалақтауға ұласты.
Сәтбаев жолдас сессияны ашты. Оркестр Совет Одағының гимнін және Қазақ республикасының гимнін тартты».
Мақала осы академиялық толық жинаққа «Социалистік құрылыс» газетінің 1949 жыл 26 қаңтардағы №17 санындағы түпнұсқадан алынды.
 
ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ АКАДЕМИК СӘТБАЕВ ЖОЛДАСТЫҢ СЕССИЯНЫ ЖАБАР АЛДЫНДАҒЫ СӨЗІНЕН
 
Бұл мақала «Социалистік құрылыс» газетінде 1949 жылы 2 ақпанда жарық көрді. Мақала Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 235-238 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 5. Наука Казахстана: 1941–1951 гг. – Алматы: Ғылым, 2001. – 456 с. – 336-338 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 191-193 бб.
Қаныш Сәтбайұлының «Социалистік құрылыс» газетінде шыққан мәтіні кейінгі жылдары жинақтарда шыққан мәтіндермен салыстырылды. Жинақтардағы мақалаларда кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «мәжліс» – «мәжіліс», «бірсыпра» – «бірсыпыра», «мағналы» – «мағыналы», «сыяқты» – «сияқты», «әсресе» – «әсіресе» деп өзгертілген
Мақаланың соңындағы Ленин мен Сталинге қатысты төмендегі абзацтар ешқандай жинаққа енбеген: «Маркс – Энгельс – Ленин – Сталиннің данышпандық ғылымы, Ленин-Сталин партиясының данышпандық басшылығы совет халқының экономикасы мен мәдениетін тез өркендету үшін барлық қажетті жағдайларды туғызып отыр.
Ленин-Сталин партиясының данышпандық басшылығымен біз алдағы уақытта да жаңа табыстарға жете береміз!
Ленин-Сталиннің ұлы партиясы жасасын!
Сүйікті көсеміміз ұлы Сталин жасасын!»
Мақала осы академиялық толық жинаққа «Социалистік құрылыс» газетінің 1949 жыл 2 ақпанындағы №22 санындағы түпнұсқадан алынды.
 
 
ҚАЗАҚСТАН КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ IV СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ 
 
Қ. И. Сәтбаевтың Қазақстан коммунистік партиясының IV съезіндегі жарыссөзде сөйлеген сөзі «Социалистік жол» газетінде 1949 жылы 1 наурыз №41 санында жарияланды. Сонымен қатар, бұл мақала 1949 жылы 2 наурызда «Алтай большевигі» газетінде жарық көрді.
Газет мәтінінде кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп өзгертілді. Мақала осы академиялық толық жинаққа «Социалистік жол» газетінің 1949 жыл 1 наурыз айындағы №176 санындағы түпнұсқадан алынып, тұңғыш рет ғылыми айналымға еніп отыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы