Депутат жолдастар! Сіздердің қарауыңызға ұсынылып отырған Қазақ ССР-ның халық шаруашылығын, мәдениетін өркендетудің жоспары Қазақстан экономикасы мен мәдениетін өркендете беру жолындағы тарихи кезеңнің бірі болып табылады. Төртінші бесжылдық жоспарда Қазақ ССР-да жаңа заводтар, рудниктер, жаңа теміржолдар, тағы басқа құрылыстар жүргізілсін деп көрсетілген.
Төртінші бесжылдықтың аяғында республиканың мыс өнеркәсібінің өндірістік қуаты соғыстан бұрынғыдан 2,6 есе, қорғасын өнеркәсібінің қуаты 1,3 есе артады. Көмір және мұнай өнеркәсібінің қуаты арттырылады. Қара металлургия мен химия өнеркәсібін күшейтуге берік негіз қаланады. Қазақстанда мал саны, егіс көлемі едәуір артады. Жоспарда көрсетілген осы зор табыстарға ғалымдардың ерлік еңбегімен жетуіміз керек. Ғалымдар Қазақстанның ұлан-байтақ жерінің жаратылыс байлығын зерттеу жөнінде бұрын да көп жұмыс істеді. Шынына келгенде, Қазақ ССР-дағы жаңа бесжылдық жоспарда қаралып отырған міндеттерді алға қоюға ғалымдардың қажырлы қайратпен жүргізген барлау жұмысы заттық негіз болды.
Қазақстан мыстың, қорғасынның, мырыштың, хромның, ванадийдің қоры жағынан Советтер Одағында қазір бірінші орын алатыны, көмір мен мұнайдың, темір мен марганецтің, вольфрам мен молибденнің, сол сияқты еліміздің халық шаруашылығына қажетті минералдық шикізаттардың қоры жағынан алдыңғы қатардағы орынның біріне ие болып отырғаны жалпыға белгілі.
Қазақ ССР Ғылым академиясының құрылуы Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің көрнекті табысы болды. Ол 1946 жылы 1 июньде салтанатпен ашылды.
Қазақ ССР-ның жас Ғылым академиясы ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі өзінің бесжылдық жоспарын, ең алдымен, Қазақстанда төртінші бесжылдық жоспарды ойдағыдай орындау ісіне ғылымның көмегін барынша күшейтуді көздей отырып жасады. Ғылым академиясының төрт бөліміндегі 16 институт пен 13 сектордың жұмыс тақырыбында осы бесжылдық ішінде 600-ден астам аса маңызды ғылыми мәселелерді шешу көзделіп отыр. Мұның өзі халық шаруашылық және ғылыми маңызы зор 160 ірі тақырыпты қамтиды.
Мен бұл сөзімде осы тақырыптарды тегіс санап өте алмаймын, сондықтан оның негізгілеріне ғана тоқтаймын.
Қазақстанда қара металлургия мәселесі, оған негізгі шикізат базасын табу мәселесі, шикізатты табудың және өңдеудің неғұрлым нәтижелі жолдарын зерттеу, рудниктер мен заводтарды ішерлік және техникалық жұмыстарға керекті сумен қамтамасыз ету, жаңадан салынатын қалаларды архитектура жағынан жоспарлау, оңдау, оларға ағаш егу, тағы басқа міндеттердің бәрі де Қазақ ССР Ғылым академиясының институты мен екі секторының күшімен зерттелмекші.
Түсті металлургия мәселесін зерттегенде негізгі зерттейтін жерлеріміз кенді Алтайдың және Оңтүстік Қазақстанның полиметалл кендері, Жезқазған мен Бозшакөлдің мыс кендері болмақ. Шикізат базасын молайту, кен шығарудың және өңдеудің неғұрлым жақсы әдістерін зерттеу мәселелерімен қатар төртінші бесжылдықта Қазақстанның түсті металлургиясы жөнінен зерттелетін мәселеге кеннің ішіндегі пайдалы заттардың бәрін пайдалану, өндірісті ықшамдау, жеке кәсіпорындарын бірімен-бірін байланысты істейтін ету, сумен жабдықтау, азық-түлік базасын жасау, түсті металл өнеркәсібіндегі жұмысшылар арасында болатын ауруларға (силикозға, қорғасыннан улану тағы басқаларына) қарсы күрес жүргізу мәселелері де кіреді. Түсті металлургия мәселелерін шешуге 13 ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысады. Қазақ ССР Ғылым академиясының төртінші бесжылдықтағы жоспарында жанармай кенін ұлғайту, ондағы технологияны жақсарту, химия шикізатының, отқа төзімді заттардың, құрылыс материалдарының шикізат қорын молайтып, технологиясын жақсарту мәселелеріне де көңіл бөлініп отыр.
Республиканың жер қорын зерттеу, Қазақстанның хайуанаттары мен өсімдіктерін анықтау, энергетика мәселелерін, әсіресе республиканың су энергетика қорларын зерттеу жұмысы жүргізіледі. Мал шаруашылығы жөнінде мал тұқымын асылдандыру, малдың көп төлдеуін күшейту мәселесін, малды жайып бағатын маңызды аудандарда (әсіресе, Оңтүстік облыстарда) су және мал азығы мәселесін тереңірек зерттеуге баса көңіл бөлінеді.
Гуманитарлық ғылым жөнінен Қазақ ССР Ғылым академиясы қазақ тілінің толық академиялық сөздігін жасауға, қазақ тілінің грамматикасын жасауға, қазақ әдебиетінің төрт томдық тарихын жасауға, қазақтың халық шаруашылығы тарихын жасауға, Қазақ ССР-ның атазаманнан біздің заманымызға дейінгі бес томдық тарихын жасауға, Қазақстанның оңтүстігінде және орталығында археологиялық зерттеу жүргізуге, қазақ халқының правосы, этнографиясы, көркем өнері жөніндегі, сол сияқты ұйғыр және дұнған халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі бірсыпыра негізгі мәселелерді зерттеуге көңіл бөлінеді.
Ғылымның астрономия-физикалық және физика-математикалық салалары жөніндегі жұмыс едәуір ұлғайтылады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының төртінші бесжылдықта жүргізетін ғылыми жұмыстарының көлемі орасан зор. Ол Қазақстанның минералдық байлығын зерттеу, археология мәселесінен бастап, мал шаруашылығын өркендету мәселелеріне дейін шұғылдану жұмыстарын қамтиды.
Ғылым академиясының лабораториялары мен институттарында қызу зерттеу жұмысын жүргізумен қатар төртінші бесжылдықта Қазақ ССР-ның жеке облыстары мен аудандарында академияның таяныш базаларын көбейту көзделіп отыр. Академияның жергілікті жерде филиалдары мен базаларын ұйымдастырғандағы негізгі мақсат ғылымды халық шаруашылығын өркендету ісіне жақындату, зерттеу жұмыстарына интеллигенцияның талантты өкілдерін – жұмыстағы инженерлерді, өндірістегі стахановшылар мен жаңалық тапқыштарды, агрономдарды, оқытушыларды, дәрігерлерді қатыстыру мақсаты көзделіп отыр. Жер байлығын халық шаруашылығына пайдалану ісіндегі халықтың ғасырлар бойы құраған тәжірибесінің ғылыми негіздерін зерттеу, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының алдыңғы қатарларының жұмыс тәжірибесін зерттеп, оны қорыту жұмыстары жүргізіледі. Академияның филиалдары мен базаларының алдына қойылатын негізгі үшінші міндет осы.
Төртінші бесжылдықта Қазақ ССР Ғылым академиясының 4-ші сессиясы өткізіледі. Оған ССР Одағы Ғылым академиясының көрнекті ғалымдары, министрліктердің жәнс басшы партия, совет ұйымдарының және облыстар мен өнеркәсіп орталықтарының шаруашылық қызметкерлерінің өкілдері қатысады. Бұл сессияның біреуі Қарағандыда өткізіліп, ол Орталық Қазақстанның өндірістік күштерін зерттеу және пайдалану мәселесімен шұғылданады. Екінші сессия Өскеменде шақырылып, онда үлкен Алтайдың халық шаруашылығын өркендету мәселесі қаралады. Үшінші сессия Ақтөбеде немесе Гурьевте шақырылып, Батыс Қазақстанның өндірістік күштерін жақсы пайдалануға арналады. Төртінші сессия Шымкентте немесе Жамбылда шақырылып, онда Оңтүстік Қазақстанның өндірістік күштерін өркендету мәселесі талқыланады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөніндегі зор жоспарды іске асыруда ғылыми кадрлар даярлаудың, оларды әсіресе жергілікті халықтан даярлаудың, сол сияқты ғылыми жұмыстардың заттық базасын жақсартудың, яғни академияның лабораториялары мен институттарын зерттеу жұмысының жаңа әдебиеттерімен жабдықтаудың, ғылыми кітапхана және баспа жұмысын күшейтудің, сол сияқты Қазақ ССР Ғылым академиясына пәтер үйлер, өндірістік үйлерді салудың маңызы ерекше зор.
Үкіметтің шешімімен Алматы қаласындағы Қазақ ССР Ғылым академиясының орталық үйін салуға әзірлік жұмысы биылдан бастап қолға алынды. Бұл үйдің жобасын академик Щусев жасаған. Ол Алматыдағы ең ірі және зәулім үйдің бірі болады. Ол төртінші бесжылдықтың аяғында салынып бітеді.
Академияның орталык үйін салуға және Қазақстанда жалпы ғылым жұмыстарын өркендете беруге партия және совет орындары, республикамыздың бүкіл жұртшылығы көмек көрсетеді деп сенемін. Мұндай көмек, қамқорлық бұрын да істеліп келеді.
Депутат жолдастар! Еліміздің халық шаруашылығын социалистік жолмен жүргізудің өзі ғылымды мейлінше өркендетуге жол ашады. ССР Одағының халық шаруашылығын өркендетудің төртінші бесжылдық жоспары туралы заңда елімізде ғылым мен техниканы үздіксіз өркендете беру көзделген.
Бүгін біз еліміздің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі, Ленин мен Сталиннің ең жақын серіктерінің бірі – Михаил Иванович Калининнің қайтыс болғандығы жайында радио арқылы қайғылы хабар естіп отырмыз.
Жиырма жеті жыл бойы еліміздің жоғарғы органының үздіксіз басшысы болып келген М. И. Калининнің көп ұлтты Совет мемлекетін орнату ісінде атқарған жетекшілік қызметі жұрттың бәріне жақсы мәлім. Михаил Ивановичтің 1935 жылы Қазақ республикасының он бес жылдық мерекесіне Қазақстанға келгенін, сол кезде оның республика экономикасын, мәдениеті мен ғылымын өркендете беру жөнінде айтқан ақылдары мен берген нұсқауларын Қазақстан еңбекшілері қасиеттеп есте ұстайды. Сол кездің, екінші бесжылдықтың басталуы кезінің өзінде-ақ, Михаил Иванович Казақстан еңбекшілерін жаңа талапты істер істеуге, халық шаруашылығы мен мәдениетті өркендету майданында Советтік Украинамен социалистік жарысқа түсуге шақырды. Михаил Иванович Калининнің бұл шақыруы Қазақстан жерінде біздердің түсті металдар мен қара металдардың, хромиттердің, фосфориттердің және басқа минерал шикі түрлерінің өте мол қорларын – республиканы индустрияландырудың, сол сияқты ғылым мен мәдениетті мықтап өркендетудің мол қорларын айта қалғандай көп табуымызға үлкен көмек көрсетті.
Михаил Иванович Калинин еліміздің социалистік құрылысында ғылымның айырықша маңызы бар екенін жете білетін еді. Елімізде ғылымның өте жоғары қойылатынының себебі, біз ірі социалистік өнеркәсіпті, ірі колхоздар мен совхоздарды тек ғылым негізінде ғана орнаттық деген Михаил Ивановичтің жалынды сөздері ССР Одағы Ғылым Академиясының 1949 жылы болған мерекелік сессиясына қатынасқандардың бәрінің есінде.
Михаил Иванович Калининнің есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.