– Қымбатты сайлаушы жолдастар! Сіздердің маған білдірген зор сенімдеріңіз үшін шын көңіліммен үлкен алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер. Сіздер мені ССР Одағы Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынған екенсіздер. Сіздердің бұл сенімдеріңізді өзімнің келешектегі тәжірибелі жұмыстарыммен ақтау үшін барлық күшімді, білімімді жұмсаймын!
Жолдастар! Қазақ халқы ұлы большевиктер партиясы мен оның көсемдері Лениннің, Сталиннің басшылығы арқасында және ұлы орыс халқының көмегі арқасында осы 25 жылдың ішінде даңқты тарихи жолдарды өтіп отыр. Осы аз уақыттың ішінде халқымыз өсу жолында алып адыммен ілгері басты, соның арқасында қазақ даласы мүлдем өзгерді. Совет өкіметі халық шаруашылығының мейлінше шапшаң өсуін, мәдениетінің ойдағыдай болып жоғары көтерілуін қамтамасыз етті. Қазақстан Ресей патшасы тұсындағы езілген, қараңғы, көшпелі, бытыраңқы, мешеу елден индустриялы және машинеленген ауыл шаруашылығы басым одақтас алдыңғы қатарлы республикалардың біріне айналды. Бұл табыстарға біз данышпан лениндік- сталиндік ұлт саясаты арқасында, досымыз және ұстазымыз Сталин жолдастың қажымай-талмай көңіл бөліп, қамқорлық етіп отыруының арқасында жеттік.
1941 жылы біздің елімізге фашистік Германия опасыздықпен басып кірді.
Совет адамдары Сталин жолдастың шақыруымен бір кісідей болып өзінің сүйікті Отанын қорғауға аттанды. Сталин жолдастың есімі біздің жеңісіміздің туы болды, бұл туға әрбір жұмысшы, колхозшы және Қызыл Армияның әрбір жауынгері толық сенді, олар Сталин жолдастың басшылығы арқасында совет халқы қайтсе де жеңіп шығады деп сенген. Міне, біз шынында да жеңіп шығып отырмыз.
Қазір, еліміз бейбітшілік құрылыс кезеңіне кірісіп отырғанда, Сталин жолдас бізді соғыстан түскен жарақатты неғұрлым тез жазу ісіне, соғыс кезінде тоқтап қалған құрылыс жұмысын өрістетуге шақырып отыр.
Бұл міндет бізден, барлығымыздан күшті еңбек жұмсауымызды талап етеді.
Совет халқы қазір сайлау күніне, тарихи үлкен мейрам күніне әзірленуде. Советтер Одағының барлық түпкірлерінде кандидаттар ұсынған уақытта, халық ең бірінші кандидат етіп сүйікті көсеміміз және қолбасшымыз Сталин жолдастың есімін атады. Өйткені Ұлы Отан соғысының барлық майдандарындағы жеңістеріміз Сталин жолдастың есімімен байланысты. Сол сияқты, социалистік құрылыс майданындағы барлық табыстарымыз да Сталин жолдастың есімімен байланысты.
Сондықтан біз большевиктер партиясының төңірегіне, туысқан совет үкіметінің төңірегіне және көсеміміз, ұстазымыз Сталин жолдастың төңірегіне бұрынғыдан да берік, бұрынғыдан да тығыз топтала отырып, оның басшылығымен социализмнің жаңа табыстарына жете берейік!
Қымбатты сайлаушылар, Еліміз Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, бейбітшілік даму дәуіріне кірісті. Еліміздің жоғарғы өкімет орнын сайлау болғалы отыр. ССР Одағы Жоғарғы Советінің сайлауы еліміздің түпкір-түпкірлерінде қызу жүргізіліп, халқымыздың белсенділік көрсетуімен өткізілуде.
Біздің социалистік елдің сайлау заңы капиталистік елдердегі сайлау заңынан мүлде басқаша. Біздің елде өкімет билігі халықтың өз қолында, халық сайлап қойған еңбекшілер депутаттарының қолында болатын болса, капиталистік елдерде өкімет билігі ат төбеліндей аз адамдардың – байлар мен шонжарлардың қолында. Бұл айырмашылықтың өзі, әрине, біздің елде мемлекет құрылысының капиталистік елдерден басқаша екендігін көрсетеді. Біздің елімізде әрбір азамат өзінің елі үшін, Отаны үшін сіңірген еңбегімен бағаланады. Советтер Одағында, кемеңгер Сталин айтқандай, еңбек абырой әперетін, даңқ шығаратын, батыр атандыратын іске айналды. Отаны үшін, халық үшін аянбай еңбек етіп даңққа ие болған адамдарды бүкіл халқымыз құрметтейді.
Мен, Отан үшін сіңірген еңбегімді зор бағалап, мені ССР Одағы Жоғарғы Советінің депутаттығына ұсынған сіздерге, әсіресе «Атасу» колхозының колхозшыларына шын жүрегімнен алғыс айтамын. Менің өмірім, Ұлы октябрь революциясының жеңуі нәтижесінде терезесі тең елге айналған, күн сәулелі қазақ республикасының көркеюінің куәсі.
Құрметті сайлаушылар мен, маған үлкен сенім білдіргендеріңізге алғыс айтумен қатар, сіздерді сайлау күніне шаруашылықты өркендетудегі – көктем егісіне үлгілі дайындалудағы, малдың қысқы күтімін жақсартудағы жаңа табыстармен баруға шақырамын.
Жаңарқа ауданының сайлаушылары Қанышпен кездесті
Қаныш Имантайұлының Жаңарқа ауданының сайлаушыларымен кездескендегі сөйлеген сөзі «Советтік Қарағанды» газетінде 1946 жылы 1 ақпанда басылып шықты. Бұл мәтін түпнұсқадан алынды, басқа жинақтарда жарияланбаған.