Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Аталуы: Абай
Көшіруші (хаттат): Садуақас Мұсаұлы Шорманов
![]()
Шорманов Садуақас Мұсаұлы (1849–1927) ‒ қоғам қайраткері, ақын. Абай өлеңдерін, қазақ ақындарының шығармаларын жинап, кітап етіп бастыру үшін Санкт-Петербург қаласына алып барады. Бірақ сырқаттанып қалуына байланысты елге қайтып кетеді. 1897 жылы қазан айында баспаға даярлаған қолжазбада Абайдың бірнеше өлеңі бар. Бұл қолжазбаны Садуақас Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры П.И.Мелиоранскийге тапсырған. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада, академик А.Н.Самойловичтің архивінде сақталуда.
Көшірілген жылы: 1897 ж.
Басқы сөзі (4-б.):
![]()
Соңғы сөз (200-б.):
![]()
Қағазы: Микрофильмнен сарғыш түсті қағазға фотокөшірме жасалған.
Әріп-сиясы: Қара сиямен қадім үлгісінде көшірілген.
Беттелуі: Фотокөшірменің үстіңгі жағына қанық қара сиямен микрофильмдегі нөмірі берілген (15:2569.1; 15:2570.1…). Ал, көшірменің ортасына қарындашпен бір нөмірленсе, сол беттің оң жақ тұсына екінші рет қайта белгіленген. Алайда екі нөмір бір-бірімен сәйкес келмейді әрі қолжазбаның беттелу жағына қарама-қарсы қойылған.
Мәтіннің орналасуы: Көшірме кәсіби тұрғыда жасалған. Әр беттің соңында келесі бәйіттің бастапқы сөзі жазылған. Дәстүрлі қолжазба дайындау қағидалары қатаң сақталған. Мәтіндердің орналасуы дәстүрлі манзумалар (диуан, баяз) үлгілеріне ұқсайды. Сондықтан да өлең жолдары бәйіт-бәйіт болып, мәснәуи қалыбымен өрілген (9 бәйіт, 18 жол). Ал кейбір өлеңдер бәйіттік үлгіде, ғазал формасымен жазылған (20 бәйіт, 40 жол). Хаттаттың жазу мәнері ХVII–ХІХ ғғ. қолжазбаларға өте ұқсас.
Аннотациясы. Қолжазбаның бас жағында кәтіптің өзі былай жазған:

«Бу фәқирдин бә‘зі қазақ бірадәрләріміз илтимас әйтділәр қазақ тілінде болыб айтылмыш мақал, әбийат, мәрсийә мәшһур адамлар хәққіндә арар илтимас жиыб бир мужму‘ә әйләсәң шайәд басма олұнса бізнің әсәрләріміз де заи‘олымай мәйданға түссе файдәдін хали булмас еді демек рижаларына бинаән бірнечелерін жәм‘ әйләб бұ китабчаға «Башчы» ат бердүм, ғәйріләрға башчы болмағын умид етүб. Әмин. Һәр әбийатының ахирында айтучыларның исмләрде бір-екі хуруф илән ишар әйләдім кімдін тәсниф етулгәні мә‘лум үчүн. Сә‘дуаққас Муса оғлы Чурманов. 1897.».
Яғни, «Мына пақырдан кейбір қазақ бауырларымыз өтініп айтты: «Қазақ тілінде болып айтылған мақал, бәйіттер, мәсрийә (жоқтау), атақты адамдар туралы (айтылғандарды) жиып, жинақ жасасаң. Жарыққа шықса, біздің шығармаларымыз да зая кетпестен, майданға түссе, пайда болмаса, зияны болмас еді», – деген өтініштеріне орай бірнешеуін жиып, басқаларға басшы болсын деген үмітпен осы кітапшаға «Басшы» деп ат қойдым. Әмин. Әр бәйіттің соңына кімнің жазғаны белгілі болуы үшін айтушылардың аттарын да бір-екі әріппен ишара еттім. Садуақас Мұсаұлы Шорманов. 1897».
Садуақас Шорманов бұл қолжазбасына қазақтың мақал-мәтелдері, дастандарымен бірге басқа ақындардың өлеңдерін де қосқан. Солардың қатарында Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұнан бұрын көп айтқанмын», «Өлеңді мен айтпаймын ермек үшін», «Ұрлық, қулық, сұмдықпен мал табылмас», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Бойы бұлғаң», «Бүркітші күз болғанда шығады аңға», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Қараша, желді тоқсан сол бір-екі ай», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деген өлеңдерін берген.
Бүгінгі жинақтардағы екі-үш өлең мұнда біріктіріліп берілсе, келесі бір өлеңдердің шумақ саны жетіспейді.
Қалпына келтірілуі: Қолжазба микрофильмде сақталып, кейіннен фотокөшірмесі жасалған.
Ақауы: Қолжазба жақсы сақталған. Бояулары қанық. Десек те кейбір беттері жоғалған.
Көлемі: Электрондық нұсқасында 153 бет.