Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1950-1955 жылдары жарық көрген еңбектері

БІЗ БЕЙБІТШІЛІКТІ ЖАҚТАЙМЫЗ

Дүниежүзілік екінші соғысты бастап, миллиондаған адам өмірін жойған, мәдениеттің өлшеусіз көп қазынасын от пен қанға малып қиратқан фашистік жексұрындарды Совет Армиясының ержүректікпен талқандағанына он жыл ғана уақыт өтті. Бұдан он жыл бұрын, негізінен Совет Одағы халықтарының ерлік күші арқасында, герман милитаризмі – дүниежүзілік екінші соғыстың өртін тұтандырушылардың осы қауіпті ұясы қиратылды.
Содан бергі уақыт ішінде тарихтың айнымас заңына орай дүние жүзінде зор өзгерістер болды. Совет халқы өзінің әлеуметтік-экономикалық құрылысының барлық баға жетпес артықшылықтарын пайдалана отырып, Коммунистік партия мен Совет үкіметінің дана басшылығы арқасында соғыс салған ауыр жараны тез жазды. Қазір совет халқы елімізде коммунизм орнатудың игілікті ісі үшін зор жігермен еңбек етуде.
Өз жерлерінде бейбіт жолмен социализм орнатып жатқан, халық демократиясы елдері де – осы соңғы он жылдың жемісі. Олар империализм қанауын жойып, қуатты социалистік мемлекет құруда. Жақында ғана Бандунг қаласында өткізілген Азия мен Африканың 29 елінің конференциясы отаршылдық пен империализм дәуірінің тез және қайтып оралмастай жоғалуы үшін халықтардың ынтымақты күресі аса қажет екенін және мұндай күрестің күні туғанын салтанатты түрде жария етті.
Дүниежүзілік империализм елдерінің өз ішінде де халық бұқарасының санасы оянып, бейбітшілік пен әлеуметтік әділеттілікті талап етуде. Жүздеген миллион қарапайым адамдардың, адамзат үшін бейбітшілік пен игілікті өмірді тапап етушілердің қуатты күші, социализм лагерінің күн санап өсе түсіп отырған табыстары мен беделі құтырынған капитализм лагеріне қанішерлік пен қаныпезерлік сезім тудыруда.
Империализмнің билеп-төстеушілері өздерінің тарихи тағдыры бітуі сөзсіз екенін сезіп, көзсіздікпен өршеленуде, адамзатты тағы да қанды соғысқа киліктіруге барлық шараларды қолдануда, атом соғысын жалаңдатуда, кешегі неміс-фашист милитаристерінің сілімтіктерін қайта қаруландыруға тырысуда. Бірақ империалист мырзалар босқа арамтер болады. Олар тарихтың дөңгелегін кері айналдыра алмақ емес. Тарих қазір адамзаттың жаңа қоғамы өсіп, толысуы үшін қызмет етуде. Бұл қоғам барлық адамдардың мүдделерін социализм, жалпыға бірдей игілікті өмір және көркею жолымен ұштастыруға негізделген.
Біздің Қазақстан Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін артта қалған өлке болатын. Оның шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығына негізделіп, табиғаттың дүлей күшіне толық бағынышты еді. Халқының көпшілігі дерлік сауатсыз болды және патшалық отаршылар мен жергілікті бай-феодалдардың екі жақты қанауында езіліп жаншылды.
Қазақстан бай өлке. Оның қойнауы қазыналы екенін бұрынғы кездің өзінде-ақ россиялық және шетелдік капитализмнің жыртқыштары да сезген болатын. Бірақ, олар бұл байлықты дұрыстап ала білмеді, бұған олардың күші де жетпеді. Олар Успенскіден, Риддерден, Жезқазғаннан, Қарағандыдан жергілікті кен байлықтарының тек ұшығын ғана жырымдап алып отырды. Неғұрлым байи түсу мүддесі билеген капиталистік система жағдайында бұдан басқаша болуы мүмкін де емес.
Бұдан отыз жыл бұрын Қарағанды мен Жезқазған бытыраңқы ұсақ рудниктер ғана еді. Ал қазір Қарағанды үлкен өнеркәсіпті қалаға айналды. Мұнда ССРО-да көлемі жағынан үшінші орын алатын қуатты көмір бассейні орнап, жұмыс істеуде. Жезқазған ССРО түсті металлургиясының Магнитогорскісі делініп өте орынды аталады. Бүгінгі таңда Қазақстанның ұзыны мен көлденеңін айқыш-ұйқыш теміржолдар кесіп өтіп жатыр. Қазір Москва-Жезқазған, Москва-Балқаш, Алматы-Жезқазған теміржол қатынастары бар. Кешегі көшпелі қазақ ауылынан индустриялы жұмысшы мен интеллигенцияның көбі, мыңдаған кадрлары өсіп шықты. Қазір қазақ халқы өзінің жоғары мәдениеті бар, бүкіл адамзат мәдениетінің қазынасына көп үлес қосып отырған өзінің интеллигенциясы, жазушылары, ғалымдары бар социалистік ұлт болып отыр.
Мұндай керемет өндірісті кім жасады, қазақ халқының осыншалық қысқа уақыт ішіңде тарихтың жүздеген жылдарын аттап өтуіне қандай қуатты күш көмектесті, оны еңбектегі мұндай ерлікке кімнің даналығы рухтандырып отыр? Мұның жауабы айқын да, түсінікті де. Мұндай тамаша тұрмысқа Коммунистік партия мен Совет үкіметінің лениндік данышпан ұлт саясаты ғана, қазақ халқына ұлы орыс халқы тарапынан, бүкіл дүние жүзі білетін ойы және ізгі жанды халықтың тарапынан қалтқысыз көрсетілген көмек пен достық қана жеткізіп отыр.
Қазақстанда шын мәнісіндегі мәдени революция жасалды. Қазір оның өз Ғылым академиясы, ондаған жоғары оқу орындары, жүздеген орташа және мыңдаған бастауыш мектептері, әртүрлі арнаулы оқу орындары бар. Советтік Қазақстан жаппай сауатты республикаға айналып отыр. Жетіжылдық білім алу толық жүзеге асырылып, қазіргі уақытта жаппай орта білім алу жүргізілуде. 9 мыңнан аса бастауыш, жетіжылдық және орта мектептерде 1 миллион 300 мың бала оқып жүр. Қазақстанда революцияға дейін жоғары оқу орындары болмаған еді, қазір 26 жоғары оқу орындары бар, оларда 27496 студент оқиды. 116 техникумда 50 мыңға тарта оқушы білім алуда. Қазақстан еңбекшілері өзінің Ғылым академиясын және оның көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерін орынды мақтан етеді.
Республикада мәдени-ағарту мекемелерінің, киноустановкалардың саны күн санап көбейе түсіп келеді. Қазақстанның 25 театрында ондаған талантты артистер қызмет етеді. Совет үкіметі жылдарында қазақ совет әдебиеті негізі қаланып, нығайды.
Совет ғалымдарының қажырлылықпен жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, Қазақстанда жер қойнындағы сарқылмас кен байлықтардың көзі ашылды. Қазақстанды қазір Совет Одағының «маржаны» деп өте әділ бағалайды. Ол қазір хром мен ванадийдің қоры жөнінде дүние жүзінде бірінші орын, ал темірдің, мыстың, қорғасынның, мырыштың, күмістің, кадмийдің, бордың, калий тұздарының, сондай-ақ басқа да бірқатар минерал шикізат түрлерінің қоры жөнінде Совет Одағында бірінші орын алады. Қазақстан марганец рудасы, көмір мен мұнай, фосфорит және сирек кездесетін металдардың сан алуан түрі жөнінде алдыңғы қатарлылардың бірі болып есептеледі.
Бұлар – Қазақстан қойнауының мол байлығын сипаттайтын кейбір мәліметтер ғана. Советтік Қазақстанның кең даласында әлі де толық ашылмай жатқан, зерттеуді және игеруді керек ететін табиғи байлықтар ұшан-теңіз. Бұл табиғи қазынаны тез ашу, оларды игілікті іске толық пайдалану – нағыз бүкілхалықтық міндет.
Қазақстанда бірқатар тұтас ірі индустриялы орталықтар құрылды. Олар өздерінің өндірістік қуаты жағынан тек ССРО-да ғана емес, сонымен бірге бүкіл Европада теңі жоқ индустриялы орталықтар. Совет үкіметі тұсында Қазақстанда жүргізілген зор көлемді индустрияландыру жұмысының дәрежесін Балқаш заводын, Шымкент түсті металл комбинатын, Ақтөбе, Алтай, Жезқазған индустриялы тораптарын және Қарағанды бассейнін айту арқылы толық көруге болады. Осылардың нәтижесінде Қазақстан қуатты индустриялы-аграрлық Советтік Социалистік Республикаға айналып отыр.
Қазақстан ауыл шаруашылығының табыстары да мол Қазақстанның колхоздары, МТС-тері мен совхоздары өткен жылы 8 миллион гектардан астам тың және тыңайған жер игерді. Бұл осы жылға арналып белгіленген тапсырмадан 1700 мың гектар артық.
Осынша көлемді және маңызды міндетті жүзеге асыруда Қазақстан еңбекшілеріне Совет мемлекеті және Совет Одағындағы туысқан республикалардың халықтары өлшеусіз көп көмек көрсетті. Өткен көктемде тың және тыңайған жерлерге егілген егіннен күзде мол өнім жиналды. Мұның өзі республикамыздың мемлекетке астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындап, елімізге 242 миллион пұт астық беруіне мүмкіндік туғызды. Бұл өткен жылдардың қайсы мыңдағыдан болса да анағұрлым көп.
Соңғы екі жыл ішінде ғана республикамыздың тың және тыңайған жер игерілетін аудандарда 340-тан астам жаңа совхоздар ұйымдастырылды. Бұл астық өндіруді және мал шаруашылығының өнімдерін өндіруді арттыруда үлкен рөл атқарады. Тың және тыңайған жер игерудің нәтижесінде Қазақстанда 1956-жылы жалпы егіс көлемі 28 миллион гектарға жететін болады.
Қазақ халқының өз бақыты үшін және Ұлы Социалистік еліміз үшін зор ынта-жігермен жүргізіп жатқан жұмысының кейбір негізгі қорытындылары осындай. Бұл – бейбіт творчестволық еңбектің шын айғағы. Міне сондықтан да қазақ халқы Совет Одағындағы барлық халықтар сияқты, бүкіл прогресшіл адамзат сияқты, дүние жүзінде баянды бейбітшілік болуын жан-тәнімен қалайды. Бейбіт өмір біздің қажырлы еңбегімізге және творчестволық жұмысымызға шексіз кең жол ашады. Міне сондықтан да қазақ халқы Совет Одағындағы барлық халықтармен бірге, Бүкіл дүниежүзілік Бейбітшілік Советінің атом соғысының қатеріне қарсы Үндеуіне бір кісідей қол қойды. Қазақ халқы, бүкіл прогресшіл адамзат сияқты, бейбітшіліктің соғысты жеңуін, ақыл-ойдың есуастықты жеңуін қамтамасыз ету үшін өзінің барлық күшін жұмсайды.
Бүгін – Жеңіс мейрамы. Бұл күн – совет халқының өміріндегі тарихи маңызы зор күн. Сонымен бірге бұл күн бүкіл адамзатты фашистік құлдыққа түсу қаупінен қорғап қалған күн болып табылады.
Бұл күн совет халқына қымбатқа түсті. Біз Жеңіс күніне жету үшін төгілген қанды, құрбан жанды ешқашан да естен шығармаймыз. Біз бүкіл жер шарындағы қай халықтың болса да соғыс апатына ұшырамауын тілейміз. Біздің бүкіл сыртқы саясатымыздың өзі де осы игі мақсатқа – адамзаттың өмірін, бақытын қорғауға негізделген. Көп тілегін қолдап, көптің ойын білдіріп отырған саясат, әділ іс саясаты әрқашан да жеңеді.
Совет халқы ешқандай да агрессордан қорқып көрген емес және қорықпайды да. Егер жау соқтықса, ол сөзсіз құриды. 1941 жылы Отанымызға арсыздықпен басып кірген гитлершілдер күл-талқаны шығып, қиратылған болатын. Басқалардың да солардың кебінін киетіндігі сөзсіз.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

БІЗ БЕЙБІТШІЛІКТІ ЖАҚТАЙМЫЗ

Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1955 жылы 8 мамырда жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 375-379 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 34-37 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 305-308 бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы