Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1950-1955 жылдары жарық көрген еңбектері

ҚАЗАҚ ССР-ІНІҢ 1955 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТІ ТУРАЛЫ БАЯНДАМА БОЙЫНША ЖАРЫС СӨЗІ

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің осы сессиясында қаралып отырған бюджеттің жобасы республикамыздың халық шаруашылығы мен мәдениетінің барлық салаларының өлшеусіз өркендеуін бейнелейді. Ғылым мен мәдениеттің қайраткерлері Қазақстанның бүкіл еңбекшілерімен бірге өздерінің творчестволық еңбегімен республиканың алдында тұрған міндеттерді орындауға белсене қатысуда.
Халық шаруашылығын өркендетудің негізі ауыр өнеркәсіп болып табылады. Ал ауыр өнеркәсіптің өркендеуі шикізат базасына, минерал ресурстардың қаншалықты ашылғанына байланысты.
Қазақстанның ұлан-байтақ аумағы Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін өте нашар зерттелді. Оның табиғи байлықтарын орыстың, сол сияқты шетелдің капиталистері жыртқыштықпен пайдаланды. Республиканың кен байлықтарын жоспарлы түрде зерттеу тек бірінші бесжылдықтан бастап қана қолға алынды.
Жыл сайын кеңи және үздіксіз дами отырып, өткен дәуір ішінде Қазақстанның геологиялық зерттеу жұмыстары үздіксіз өсе берді. Егер елімізді индустрияландырудың алғашқы жылдарында Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстарын бізге алыстағы орталықтардан, соның ішінде Ленинградтан келген маусымды экспедициялар жүргізген болса, қазіргі уақытта Қазақстанның геологиялық зерттеу жұмыстары Бүкілодақтық геологиялық зерттеу жұмысының күшті отрядтарының бірінен саналады. Өндірісте геологтардың көптеген кадрлары өсті, геолог-ғалым кадрлары құрылып, нығайды.
Кеңінен жүргізілген өндірістік зерттеудің нәтижесінде Қазақстанда өте зор көлемде қисапсыз көп табиғи байлықтар ашылды.
Ірі көмір кені мен соңғы жылдар ішінде ашылған темір рудасы запасының ұштасуы Қазақстанда Совет Одағындағы қуатты көмір-металлургия базаларының бірін салу мәселесін алға қояды. Қазақстан түсті металдардың – мыстың, қорғасынның, қалайының және басқалардың қоры жөнінен еліміздің бай қоймасы деп заңды түрде аталады. Қазақстанның түсті металлургиясы үздіксіз өсіп келеді және республикамыз таяудағы уақыттың ішінде түсті металдар қорытудың негізгі, шешуші орталығына айнала алады. Қазақстанда мұнайдың бай қоры бар. Фосфориттердің дүниежүзілік запасы бар, республиканың ауыл шаруашылығы тез қарқынмен өркендеуіне байланысты, оны кең түрде қолдану күн тәртібіне қойылып отыр. Калий және басқа тұздардың да қоры мол.
Депутат Қ. И. Сәтбаев геологиялық зерттеулерді жүзеге асыру, олардың көптеген ұйымдарға бөлшектеніп кеткендігінен бөгеліп отырғандығын атап көрсетті. Бұл ұйымдардың бірсыпырасы Новосибирскіде, Ташкент пен Свердловскіде, мұның өзі жұмыстың қорытындысын шығаруды қиындатады және жүргізілетін істің қарқынын төмендетеді. Қазақстанда, – дейді Қ. И. Сәтбаев, – Геология және кен қорғаудың республикалық министрлігін құратын уақыт жетті.
Қазақ ССР Ғылым академиясының геология ғылымдары институты ғылыми ірі орталық болып саналады. Бірақ оның өндірістік базасы жеткіліксіз. Қ. И. Сәтбаев геология институты мен геология музейінің жаңа үйлерін салу және осыған байланысты бюджетте тиісті қаржы болу қажет деп есептейді.
Республикамыздың геологтары, – деді Қ. И. Сәтбаев сөзінің қорытындысында, – Қазақстанның кен байлықтарын үздіксіз аша беру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығында ешбір күмән жоқ.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚ ССР-ІНІҢ 1955 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТІ ТУРАЛЫ БАЯНДАМА БОЙЫНША ЖАРЫС СӨЗІ

Қ. И. Сәтбаевтың 1955 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы баяндамасы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1955 жылы 1 сәуірінде жарияланды.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы