Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1950-1955 жылдары жарық көрген еңбектері

ҒЫЛЫМ БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Совет үкіметінің бейбітшілік саясаты бүкіл прогресшіл адамзаттың сүйіспеншілігіне бөленді. Бейбітшілік жолындағы жаңа соғысқа қарсы ұлы қозғалыс, өзінің көлемі жағынан адамзаттың бүкіл тарихында болып көрмеген қозғалыс, бұған толық дәлел.
Прогресшіл адамзаттың бейбітшілікке талпынған бірауызды талабы америка-ағылшын империалистерінің лагерін жанталастырып ызаландыруда. Олар халықтардың бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға бағытталған барлық халықаралық келісімдерді ашықтан-ашық бұзуға кірісті. Батыс Германия мен Жапонияда фашистік милитаризмді қалпына келтіруде, әртүрлі агрессияшыл одақтар құруда. Олар Совет Одағының, халықтық демократия елдерінің және Герман Демократиялық Республикасының барлық бейбітшілікті сүйгіш ұсыныстарын қабылдамай отыр. Сан-Францискода Жапониямен сепараттық «бітім» договоры дейтінге қол қою комедиясының ойналуы, Америка мен Англияның билеп-төстеуші топтарының жанталаса соғысқа әзірленіп жатқандығының жаңа дәлелі болып табылады. Америка агрессорларының Кореядағы келіссөздердегі провокациялық қылығы, бейбіт корей халқын хайуандықпен бомбалауы бейбітшілік жауларының дүниежүзілік жаңа соғыс ашуға барлық амал-айлалармен тырысқандығын, адамзатты жаңа апаттардың түңғиығына түсіруге тырысқандығын тағы да айқын көрсетеді.
Міне, сондықтан, бейбітшілікті жақтаушылардың бәрі қазір бейбітшілік жолындағы күресті барынша өрістете берулері керек. Бейбітшілік сүйгіш халықтар соғыс өртін тұтандырушы сұрқияларды ауыздықтай алады, өйткені Совет Одағы бастаған социализм мен демократия лагері империалистердің лагерінен анағұрлым күшті.
Бейбітшілік жолындағы күресте совет ғалымдары зор рөл атқаруда, өйткені бүкіл дүниежүзілік прогресшіл ғылыми ой-пікірдің бастаушысы қазір совет ғалымдары болып отыр. Совет ғалымдарының борышы, ең алдымен, бүкіл дүние жүзі ғылымының прогресшіл күштерін топтастыру, сөйтіп адамдардың өздері тауып, бағындырған табиғат күштерін адамдардың өздерін құртуға жұмсауына жол бермеу болып табылады. Бүкіл дүниежүзілік Бейбітшілік Советінің Председателі, ССРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі Ф. Жолио-Кюри бейбітшілік жолындағы күрескерлердің міндетін осылай тұжырып айтып берді.
Бұл – барлық шын ғалымдардың, барлық ғылым қызметкерлерінің қасиетті міндеті. Өздері сатылған және дүниежүзілік ғылымның табыстарын прогресшіл еңбекші адамзаттың жауларына – Уолл-Стриттің және лондондық Ситидің билеп-төстеушілеріне сатып жүрген буржуазиялық оқымысты малайларды біз мысқылдап, жексұрын атаймыз.
Дүние жүзіндегі ең ізгі, ең адамгершіл совет ғылымы қазір бүкіл дүниежүзілік ғылымның алдыңғы қатарында келе жатыр. Совет ғылымының мақсаты адамгершіліктің және прогрестің жоғары мақсаттарына қызмет ету, табиғат заңдарын адамның мақсатына бағындыру болып табылады.
Советтік Қазақстан социализмнің Шығыстағы тірегі, олай болса, жер бетінің осы кең байтақ бөлегінде бейбітшіліктің де тірегі. Советтік Қазақстанда еңбек сүйгіш және дарынды қазақ халқының барлық күштері ғажап құлаш жайды, оның ғылым мен мәдениеті өркендеді. Республиканың барлық еңбекшілерімен бірге, Қазақстан ғалымдарының көп санды отряды өздерінің бар күші мен білімін бейбітшілік ісіне, бүкіл прогресшіл адамзаттың прогресі мен игілікті ісіне толық жұмсайтындығына күмән жоқ.
Біздің республикамыз коммунизмнің ұлы құрылыстарына белсене қатысуда. Қазақ ССР Ғылым академиясының Каспий бойындағы комплексті экспедициясы биылғы жылдың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Гидрогеологиялық экспедиция 1,8 миллион гектардай жерді зерттеді, жүздеген скважиналар бұрғылады, мыңдаған анализдер жасады, топырақты, жер астындағы суды, жер қыртысын зерттеді, сөйтіп, бұл зерттеулер Сталинград каналының төңірегіндегі магистрал суару каналдарын жобалау үшін негіз болды. Жер қыртысын зерттеушілер 4 миллион гектардай жердің жер қыртысы карталарын түсіріп алды.
Осы мәліметтердің негізінде жер қыртысын мелиорациялық аудандау карталары, жер суландыру, суару жобалары жасалады, бұл карталар мен жобалар афономдардың, ирригаторлардың күнбе-күнгі жұмысында бағалы жетекші құрал болады. Геоботаниктер, зоологтар зор көлемді жұмыс істеді.
Қазақстанның ғалымдары коммунизмнің ұлы құрылыстарына көмек көрсету үшін өздерінің жұмысын барынша күшейтуде.
Бейбітшілік сақталады, өйткені халықтар соғысты тілемейді және олар бейбітшілікті сақтау ісін мықтап өз қолдарына алуда. Соғыс өртін тұтандырушылардың барлық арам ойлары сөзсіз күйрейді, өйткені бейбітшіліктің туын сенімді көтеруші совет халқы, бүкіл прогресшіл адамзат бейбітшіліктің туын өздерінің мықты қолымен жоғары көтеріп келе жатыр.

БЕЙБІТШІЛІК БЕРІК ҚОЛДА

Европа елдерінің Москва кеңесінде қабылданған Декларациясы – халықаралық ерекше маңызы бар ұлы документ болып табылады. Онда бірсыпыра Батыс Европа елдерінің Лондон және Париж келісімдеріне байланысты Европада туып отырған жағдайға талдау берілген және бүкіл дүние жүзінің бейбітшіл халықтарына өлім оғын кезеп отырған империалистік жыртқыштарға өте орынды қатаң ескерту жасалған.
АҚШ-тың билеп-төстеушілері бастаған империалистік топ соңғы жетпіс жылдың ішінде дүние жүзін үш рет қанға бояған, дүниежүзілік екі соғыстың өртін тұтандырған милитаризмін қайта жандандыруға әрекет жасап отыр. Бұл – адамзаттың асыл-ақыл ойының тарихи мұраларын жоюдың, адамдарды қырғынға, қайыршылыққа ұшыратудың құралы.
Жоқ. Бұған жол берілмейді. Империалистердің есуастығы тек бұл емес, олар бейбітшіл халықтарға талай рет өлім оғын кезеген. Соның бәріне халықтар қаһарлана қарсы тұрып, тойтарып тастаған. Алдағы уақытқа да солай болады.
Москва Кеңесінің Декларациясын бүкіл халқымызбен бірге Қазақстанның ғалымдары да зор қанағаттанғандықпен қарсы алды. Республикамыздың ғалымдар армиясы бейбітшілік үшін, Отанымыздың күш-қуатының арта беруі үшін жемісті еңбек ете береді. Өйткені адамға ауа қандай керек болса, бейбітшілік те сондай керек. Бейбітшілікті біз қадірлейміз, оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Бейбітшілік берік қолда.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҒЫЛЫМ БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Мақала «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы № 10 санында 25-26 беттерінде жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 371-373 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 26-27 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 302-303 бб.
«Ғылым бейбітшілік жолында қызмет етеді» мақаласы кейінгі жылдары шыққан жинақтардағы мәтінмен салыстырылды. Кейінгі жинақтарда берілген «Сталиндік бейбітшілік саясаты» деген сөз тіркесі «Совет үкіметінің бейбітшілік саясаты», «масқаралап деген «мысқылдап» деп өзгертілген. Кейбір абзацтар қысқартылып алынып тасталған. Жинақтардағы мақалаларда кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп өзгертілген.

БЕЙБІТШІЛІК БЕРІК ҚОЛДА

Бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1954 жылы 7 желтоқсанда жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 374-бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 33-бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 304-бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы