Туысқан өзбек және қазақ халықтарының ежелгі достығының тарихи терең тамырлары бар. Бұл екі халықтың тарихи тағдырының бірлігіне негізделген ежелгі экономикалық және мәдени байланыстары бар.
Совет археологтарының Хорезм және Топырақ қала ауданында тапқан тамаша ғылыми жаңалықтары Орта Азия мен Қазақстанның бұрынғы халықтарының өзіне тән мәдениеті болғанын, олардың мәдениеті бұрын дүние жүзілік мәдениетте зор орын алғанын дәлелдейді. Бұл тамаша ескерткіштер Орта Азия мен Қазақстан жерін алғаш мекен еткен халықтардан қалған. Шетелдік шығыстың тарихты бұрмалаушылары Орта Азия халықтарының бұл орасан бай мәдени мұрасын арабтар мен парсылардікі деп көрсетуге тырысады. Бірақ олардың бұл әрекетінің ешқандай ғылыми негізі жоқ екені қазір әрбір адамға айқын.
Қазақ және өзбек халықтарының ежелден бері мәдени байланысы болып келеді. Патриархал-феодалдық қатты езушілік жағдайында бұл халықтардың таңдаулы адамдары өз халқының бақытты болашағын арман етті. Сонау өткен заманның өзінде қазақ халқы өзбек халқының ұлы ақыны және ойшылы – Әлішер Навоидің шығармаларын сүйіспеншілікпен аса қадірлейтін. Адамгершілік пен бостандықты арман еткендіктен жазылған шығармалар – «Ләйлі-Мәжнүн» мен «Фархад-Шырын» өлеңдері қазақтың кең даласында ежелден бері әнге қосып айтылатын.
Қазақ халқы өзбек халқымен шаруашылық жағынан да қатты байланысты болды. Орталық Қазақстанда алғаш рет бақша дақылдарын еккен қыпшақ руының Сейтқұл деген қазағы еді. 1800 жылы ол Орта Азияның отырықшы аудандарында болды, онда өзбек диқандарының кәсібімен танысты, өзбек достарының қолынан жүгерінің, қарбыздың, қауынның, жүзімнің, өріктің ұрықтарын алды. Тарихи деректерге қарағанда, Сейтқұлдың өзінің туған жері Орталық Қазақстанда жүзім мен өріктен басқа әкелген дақылдарын өсіру тәжірибесі ойдағыдай нәтиже берген.
Кейіннен Қазақстанның оңтүстігінде мақта егуді меңгергенде, қазақ халқына өзбек мақташыларының мол тәжірибесі орасан зор көмек көрсетті.
Өзбек және қазақ халықтары өздерінің неше ғасырлық тарихында сыртқы жауларға қарсы күресте теңдесі жоқ батырлық, ерлік көрсетіп келеді. Жоңғар қалмақтарының апатты жорықтары кезінде жерінен, мал-мүлкінен айырылған қазақтар талай рет өзбек жеріне келіп паналады. Өзбек және қазақ халықтары өздерінің ортақ жауларына – Қоқанд хандарына және басқа хандар мен бектерге қарсы күш біріктіріп күрескенін дәлелдейтін тарихи фактылар көп.
Қазақтың кемеңгер ойшылы және ағартушысы, қазақ халқының ұлттық мақтанышы – Абай Құнанбаев орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық мәдениетінің жаршысы бола отырып, мұнымен бірге өзбек халқының талантына да зор баға берді, оның еңбек сүйгіштігіне, адалдылығына, ақ ниеттілігіне сүйсінді. Өзінің кейінгі ұрпаққа ғибрат етіп қалдырған даңқты «Ғақлия» деген әңгімелерінде ол былай деп жазды: «Өзбек өсіре білмейтін дақыл жоқ екенін мен енді көріп отырмын. Өзбек істей алмайтын зат жоқ. Бұрын бізге тірі адамға керек киім, өлі адамға керек кебін тек солардан ғана келді… Сыпайыгершілік, тазалық, кішіпейілділік – бәрі де өзбекте».
Қазақстан мен Орта Азияның Россияға қосылуы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихындағы аса маңызды жаңа бет алыс болды. Өзбек және қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы демократияшыл өкілдері – Абай, Шоқан, Мұқыми, Фурқат – Россияның алдыңғы қатарлы демократиялық мәдениетіне жанасуды өз халықтарын мешеу халден құтқарудың тура жолы деп білді.
ХIХ ғасырдың 90-жылдарында ең революцияшыл тап – орыс пролетариаты тарихи майданға шықты. Бұған байланысты XX ғасырдың басынан бастап Орта Азия мен Қазақстан халықтарының азаттық күресі өзінің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Кейіннен Октябрь революциясын жасау жолындағы және азамат соғысы жылдарындағы революциялық ұрыстарда, ұлы орыс халқының туысқандық көмегімен қазақ және өзбек халықтары күш біріктірген күресте өздерінің советтік мемлекетін құрды және социалистік ұлт болып бірікті.
Советтік социалистік мемлекетте совет қоғамының қозғаушы күші – халықтар достығы туды. Бұл достық айырылмастық болып біте қайнасты. Бұл достық халықтардың прогрестік дәстүрлеріне, ССРО туысқан халықтарының социалистік интернационализміне сүйенді. Бұл достық ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында өздерінің социалистік Отанының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған көп ұлтты совет жауынгерлерінің қанымен қайнасты.
Халықтар достығы, интернационалистік рухпен тәрбиеленген Советтік Орта Азия халықтары – өзбек, қазақ, түрікмен, тәжік, қырғыз өздерінің тарихи дамуында орасан зор жолдардан өтті.
Жаңа тұрмыс, жаңа мәдениет орнатуға қайтпас жігермен ұмтылып отырған советтік Орта Азия халықтарының қуанышты, шабытты, қажырлы еңбегі тамаша жеңістер берді. Қазақстанды мысалға алайық. Мұнан тарихи аз уақыт, небәрі отыз жылдай уақыт бұрын Қазақстан патша өкіметінің мейлінше артта қалған отары болатын, шаруашылығы ежелден бері келе жатқан көшпелі қалпында болатын. Қазір Қазақстан тамаша болып көркейді. Ол Совет Одағындағы гүлденген қуатты индустриялы-аграрлық одақтас республикалардың бірі болып отыр. Қазақ халқы түгелінен сауатты, мәдениетті халыққа айналды. Қазір Қазақстанның 8494 мектебінде миллионнан астам бала оқиды. Бұрын бірде-бір техникум болмаған Қазақстанда қазір 24 жоғары дәрежелі мектеп, 90-нан аса техникум, оның ішінде Мемлекеттік университет пен Консерватория бар. Бұрын іс жүзінде бірде-бір ғылыми-зерттеу мекемесі болмаған Қазақстанда ер жетіп есейген Ұлттық ғылым академиясы бар. Бұл академия өзінің жұмысында ғылымның барлық салаларын қамтып, республикадағы озат советтік ғылымның ордасы болып отыр. Қазақстан Совет Одағының түсті металлургиясының негізгі орталығына, ССРО-ның шығыс аудандарындағы мал шаруашылығының негізгі базасына айналды. Қазақстанда Совет Одағының көлемі жағынан үшінші көмір бассейні – Қарағанды бар. Советтік техниканың көркі және мақтанышы – Үлкен Алтайдың, Үлкен Жезқазғанның кәсіпорындары, ССРО түсті металлургиясының магниткалары – Қоңырат руднигі, Балқаш және Шымкент заводтары салынды. Қазақстанның ұлан байтақ кең даласында ұзына бойға және көлденең айқыш-ұйқыш теміржолдар салынды. Кешегі көшпелі ауылдың қойнауынан индустриялық жұмысшылардың, интеллигенцияның, ғалымдардың сан мың кадрлары өсіп жетілді.
Совет Одағының басқа халықтарының да сондай тамаша табыстары бар екенін біз жақсы білеміз. Оның ішінде біз туысқан советтік Өзбекстанның өзінің халық шаруашылығы мен мәдениет құрылысының барлық салаларындағы орасан зор табыстарын мақтан етіп қуанамыз. Өзбек ғалымдарының және олардың ғылыми ордасы – 1948 жылы біз бесжылдығын шаттықпен мерекелеген Өзбекстан Ғылым академиясының үздік табыстары жалпы жұртқа мәлім. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті Советтік Орта Азия республикаларындағы тұңғыш жоғары дәрежелі мектеп болды. Өзбекстанның ғана емес, Қазақстанның да және Орта Азиядағы басқа республикалардың да көптеген мемлекет және ғылым қайраткерлері осы университетте жоғары дәрежелі білім алды.
Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңуінен кейін, еңбек сүйгіш өзбек халқы өзінің туған өлкесін советтік шығыстағы мақта шаруашылығының ең мол базасына айналдырды.
Кешегі құлазыған шөл дала өзбек халқының жемісті ерлік еңбегі арқасында қазір мақталы және гүлденген бау-бақшалы жасыл алқаптарға айналды.
Өзбекстанды электрлендірудің негізі – Фархад су электр станциясы, Өзбекстанды индустриялаңдырудың негізі – Беговат металлургия заводы салынды.
Мұның бәрі – еңбек сүйгіш өзбек халқы өзінің бұрын артта қалған, езілген елін мейлінше қысқа мерзімде социализмнің гүлденген өлкесіне, маңдай алды өнеркәсібі, өркендеген ауыл шаруашылығы, гүлденген мәдениеті бар елге айналдырғандығына айқын дәлел. Ал Қазақстан мен Өзбекстанның және Орта Азиядағы басқа республикалардың тарихи тағдырындағы бұл күрделі өзгерістердің бәрі небәрі жиырма бес-отыз жылдың ішінде, бір ұрпақтың өмірі ішінде жасалды. Мұншама қысқа мерзімде тарихтың нешеме ғасырларын батыл, сеніммен аттап өтіп, халықтардың бақытты өмірді көксеген нешеме ғасырлық арманын жүзге асыруымызға қандай алып күш көмектесті? Жақын арада Сталин жолдастың жетпіс жылдығы күні оны өзбек халқы атынан құттықтағанда, бұл сұраққа Өзбекстан партия ұйымының басшысы Усман Юсупов жолдас тамаша бейнелі жауап берді.
«Біздер үшін, Сталин жолдас, Сіз, – деді ол; – Лениндей тау қыранысыз, Лениндей тұрпатты ержүрек данышпан басшысыз. Орта Азия халықтары тау қыранының балапандарын қалай ұшуға үйреткені туралы аңызды сүйіп тыңдайды. Оның балапандарын барлық жерде қауіп ториды: айналаның бәрі өткір жартастар, төменде сарқыраған тасқын. Бірақ алып қыран өзінің балапандарын қорғайды, олардың әрбір қимылын қырағы бақылап отырады, олардың ұшуын шебер, сақтықпен бағыттайды.
Дәл сол сияқты, Сталин жолдас, Сіз барлық халықтардың алға басуына көмектесіп отырасыз, оларды қателесуден сақтап, қауіп-қатерді алдын ала ескертіп отырасыз. Сіз бейбітшілік жолындағы, демократия жолындағы, барлық еңбекшілердің бақытты өмірі жолындағы күрескерлердің қуатты ұрпағын тәрбиеледіңіз. Олар барлық жерде, олардың санының есебі жоқ…».
Совет Одағындағы барлық халықтардың, оның ішінде өзбек және қазақ халықтарының күрделі тарихи табыстарының негізі – Сталиннің данышпандығында, мәңгі жасайтын Ленин және Сталин тәрбиелеп өсірген қуатты большевиктік партияның даналылығында, олар орнатқан халықтардың туысқандық достығының мызғымас бірлігінде екенін қазір бүкіл адамзат жақсы біледі.
Бүкіл қазақ халқы сияқты Қазақстанның ғалымдары мен интеллигенциясы да советтік Өзбекстанның даңқты 25 жылдығы күні өзбек халқына шын жүректен сәлем жолдап құтты болсын айтады. Советтік Өзбекстанның социалистік экономикасы мен мәдениеті құрылысында оның мұнан былай да тамаша табыстарға жетуіне шын тілектестігін білдіреді.
Еңбек сүйгіш өзбек халқы Совет Одағындағы барлық туысқан халықтармен бірге, сүйікті көсеміміз және ұстазымыз Сталин жолдастың данышпандық басшылығымен коммунизмнің жарқыраған шыңдарына қуатты қанат серпіп жететіндігіне сенеміз.
ӨЗБЕК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚТАРЬІНЫҢ ДОСТЫҒЫ
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1950 жылы 15 қаңтарда №11 санында шықты. Академиялық жинаққа осы түпнұсқадан алынды.