10 сентябрь күні Қазақ ССР Ғылым Академиясының конференц залында Қазақ ССР Ғылым Академиясы жалпы жиналысының кезекті сессиясы басталды. Сессияны Ғылым Академиясының президенті Қ. Сәтбаев ашты.
Сессияға қатынасушылар зор өрлеу үстінде құрметті президиумға И. В. Сталин жолдас бастаған БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросын сайлады.
– Қазақ ССР Ғылым Академиясы жалпы жиналысының, – деді өзінің сөзінде Сәтбаев жолдас, – бұл сессиясы Ғылым Академиясының құрылғанына бес жыл толу күніне тура келіп отыр. Ғылым Академиясы қазір республикамыздың ең ірі ғылыми базасына айналды. Академияның құрамында төрт бөлім бар, олар 20 ғылыми-зерттеу институтын, 12 секторды, жергілікті орындардағы 8 ғылыми-зерттеу базаларын, обсерваторияны, екі музейді, үш аймақтық-ботаникалық бақтарды – барлығы 46 ғылыми мекемені басқарады.
Сталин жолдас 1946 жылғы 9 февральдағы тарихи сөзінде коммунизм құрылысының данышпандық жоспарын көрсетіп берді. Міне Ғылым Академиясы Сталин жолдастың осы нұсқауына байланысты Қазақстанның алдына қойылған программалық міндеттерді шешу жолында қызмет етіп келеді.
Сәтбаев жолдас ғылыми мекемелердің жұмысына қорытынды жасай келіп, Қазақ ССР Ғылым Академиясының республиканың халық шаруашылығы мен мәдениеті үшін теориялық қана емес, практикалық та зор маңызы бар мыңнан аса ғылыми тақырыптар дайындағанын айтты. Академияның көптеген ғылыми табыстары өнеркәсіпте, колхоз, совхоз өндірісінде ойдағыдай қолданылуда. Ғылым Академиясы институттарының өнеркәсіп орындарымен байланысы күшейіп және нығайып келеді. Институттар жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарына түрлі министрліктер тарапынан жыл сайын он миллиондаған сом қаражат алып тұрады. Ғылыми институттардың байланысы, әсіресе түсті металлургия, қара металлургия; көмір өнеркәсіп, мұнай өнеркәсіп министрліктерімен күшейе түсуде.
Академияның ғылыми кадрлары ойдағыдай өсуде. Ол ұйымдастырылған кезде ғылыми атағы бар 195 қызметкер болса, қазір мұнда 339 ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді. Академияның ғылыми кадрлары ішінен соңғы бесжылдың ішінде 35 адам докторлық және 294 адам кандидаттық диссертация қорғады. Соның ішінде қазақ докторлар мен кандидаттардың саны үш есе өсті. Қазір академияда партияның 475 мүшелері мен кандидаттары және 140 комсомолец бар. Совет үкіметі Қазақстан ғалымдарының еңбегін жоғары бағалады. Академияның 25 ғылыми қызметкеріне Сталиндік сыйлық берілді. 26 ғалымға ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек сіңіргені үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша Қазақ ССР-інің ғылымға еңбек сіңірген қайраткері деген атақ берілді.
Бұдан кейін Сәтбаев жолдас ғылыми мекемелердің жұмысындағы кемшіліктерге тоқталды. Республиканың халық шаруашылығы және мәдениеті үшін өте маңызды металлография, металлофизика, металлообработка, машина құрылысы, механика, гигиена, вирусология жөнінде ғылыми жұмыстар жүргізілмей келді.
Кейбір институттардың өндіріс орындарымен байланысы жеткіліксіз. Ғылыми табыстарды тәжірибеде қолдану жөніндегі күрес ойдағыдай емес. Ғылымның кейбір маңызды салаларында істейтін ғылыми кадрлардың өсу дәрежесі нашар. Соңғы бес жылдың ішінде тіл білімі жөнінде үш-ақ адам, философия жөнінде бір адам, искусство саласында бір адам, архитектура жөнінде бір адам ғана диссертация қорғады. Ғылыми мекемелерде сын және өзара сын дәрежесі төмен.
– Академияда, – деді Сәтбаев жолдас, – елеулі қателіктер мен кемшіліктерге жол берілді. Бұдан кейін ол ҚК(б)П Орталық Комитетінің Тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер жөніндегі қаулысына толық талдау жасады. ҚК(б)П Орталық Комитетінің екінші бір қаулысында, – деді ол, кадрларды іріктеу, әзірлеу және жұмысқа орналастыру ісінде Академияның елеулі қателіктер жіберілгені көрсетілді. Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті хан Кенесары Қасымов көтерілісінің феодалдық-монархиялық сипаты буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан бағаланып келгені жөніндегі өрескел қатені ашып көрсетті.
– Ғылым Академиясы, – деді Сәтбаев жолдас, – партия алдында, халық алдында әлі де үлкен борышты. Қоғамдық ғылым бөлімінде тарих және әдебиет саласында жіберілген буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиялық қателер, сол сияқты қазақ тіл білімін дамытудағы тұрпайылық – марршылдық қателер әлі жойылып болған жоқ. Бұл кемшіліктерді тез жоюымыз керек.
Сессияның жұмыс программасы бекітілді (ҚазТАГ).
Жолдастар!
Сталиндік бейбітшілік саясаты бүкіл прогресшіл адамзаттың сүйіспеншілігіне бөленді. Бейбітшілік жолындағы, жаңа соғысқа қарсы ұлы қозғалыс, өзінің көлемі жағынан адамзаттың бүкіл тарихында болып көрмеген қозғалыс бұған толық дәлел.
Прогресшіл адамзаттың бейбітшілікке талпынған бірауызды талабы америка-ағылшын империалистерінің лагерін жанталастырып ызаландыруда. Олар халықтардың бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға бағытталған барлық халықаралық келісімдерді ашықтан-ашық бұзуға кірісті. Батыс Германия мен Жапонияда фашистік милитаризмді қалпына келтіруде, әртүрлі агрессияшыл одақтар құруда. Олар Совет Одағының, халықтық демократия елдерінің, ұлы Қытай Республикасының және Герман Демократиялық Республикасының барлық бейбітшілікті сүйгіш ұсыныстарын қабылдамай келді және қабылдамай отыр. Сан-Францискода сепараттық «бітім» договоры дейтінге қол қою комедиясының ойналуы Америка мен Англияның билеп-төстеуші топтарының жанталаса соғысқа әзірленіп жатқандығының жаңа дәлелі болып табылады. Америка агрессорларының Кореядағы келіссөздердегі провокациялық қылығы, бейбіт корей халқын айуандықпен бомбалауы бейбітшілік жауларының дүниежүзілік жаңа соғыс ашуға барлық амал-айлалармен тырыстатындығын, адамзатты жаңа апаттардың тұңғиығына түсіруге тырысатындығын тағы да айқын көрсетеді.
Міне сондықтан бейбітшілікті жақтаушылардың бәрі қазір бейбітшілік жолындағы күресті барынша өрістете берулері керек. «Соғыс өртін тұтандырушылардың қылмысты қулық-сұмдықтарын әшкерелеудің құралы ретінде бейбітшілікті сақтау жолындағы кең науқанның қазір бірінші дәрежелі маңызы бар» – деген Сталин жолдастың нұсқауы біз үшін жарық шамшырақ болуға тиіс.
Бейбітшілік сүйгіш халықтар соғыс өртін тұтандырушы сұрқияларды ауыздықтай алады, өйткені Совет Одағы, бейбітшіліктің туын көтеруші социализм мен демократия лагері империалистердің лагерінен анағұрлым күшті.
Бейбітшілік жолындағы күресте совет ғалымдары зор рөл атқаруда, өйткені бүкіл дүниежүзілік прогресшіл ғылыми ой-пікірдің бастаушысы қазір совет ғалымдары болып отыр. Совет ғалымдарының борышы, ең алдымен, бүкіл дүние жүзі ғылымының прогресшіл күштерін топтастыру, сөйтіп «адамдардың өздері тауып, бағындырған табиғат күштерін, адамдардың өздерін құртуға жұмсалуына» жол бермеу болып табылады; Бүкіл дүниежүзілік Бейбітшілік Советінің Председателі, ССРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Халықаралық Сталиндік сыйлықтың лауреаты профессор Ф. Жолио-Кюри бейбітшілік жолындағы күрескерлердің міндетін осылай тұжырып айтып берді.
Бұл барлық шын ғалымдардың, барлық ғылым қызметкерлерінің қасиетті міндеті. Өздері сатылған және дүниежүзілік ғылымның оларға жатпайтын табыстарын прогресшіл еңбекші адамзаттың жауларына Уолл-Стриттің және лондондық Ситидің билеп-төстеушілеріне сатып жүрген буржуазия оқымысты малайларды біз масқаралап, жексұрын атаймыз.
Большевиктік партия шыңдап шығарған, дүние жүзіндегі ең ізгі, ең адамгершіл совет ғылымы қазір бүкіл дүниежүзілік ғылымның алдыңғы қатарында келе жатыр. Совет ғылымының мақсаты адамгершіліктің және прогрестің жоғары мақсаттарына қызмет ету, табиғат заңдарын адамның мақсатына бағындыру болып табылады.
Советтік Қазақстан социализмнің Шығыстағы тірегі, олай болса жер бетінің осы кең байтақ бөлегінде бейбітшіліктің де тірегі. Советтік Қазақстанда еңбек сүйгіш және дарынды қазақ халқының барлық күштері ғажап құлаш жайды, оның ғылымы мен мәдениеті өркендеді. Республиканың барлық еңбекшілерімен бірге, Қазақстан ғалымдарының көп санды отряды өздерінің бар күші мен білімін бейбітшілік ісіне, бүкіл прогресшіл адамзаттың прогресі мен игілікті ісіне толық жұмсайтындығына күмән жоқ.
Біздің республикамыз коммунизмнің ұлы құрылыстарына белсене қатысуда. Қазақ ССР Ғылым академиясының Каспий бойындағы комплексті экспедициясы биылғы жылдың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Гидрогеологиялық экспедиция 1,8 миллион гектардай жерді зерттеді, жүздеген скважиналар бұрғылады, мыңдаған анализдер жасады, топырақты, жерасты суын, жер қыртысын зерттеді, сөйтіп, бұл зерттеулер Сталинград каналының төңірегіндегі магистрал суару каналдарын жобалау үшін негіз болды. Жер қыртысын зерттеушілер 4 миллион гектар жердің жер қыртысы суреттерін түсіріп алды.
Осы мәліметтердің негізінде жер қыртысы – мелиорациялық аудандау карталары, жерді суландыру, суару жобалары жасалады, бұл карталар мен жобалар агрономдардың, ирригаторлардың күнбе-күнге жұмысында бағалы жетекші құрал болады. Геоботаниктер, зоологтар зор көлемді жұмыс істеді. Геологиялық отрядтар Сталинград каналы салынатын жолдың бойын тегіс аралап өтті, олар өнеркәсіпке жарамды тастың, құмның, уақ тастың үлкен запасын тапты. Жол отряды сол жерлерге жол төсеу түрлерін тапты.
Қазақ ССР Ғылым академиясы Түркменнің Бас каналы аймағындағы экспедициясы негізгі Тахиа-Таш гидроузелінің жергілікті құрылыс материалдары қамтамасыз ететіндей құм мен тастың, гипс пен топырақтың түрлерін тауып, пайдалануға тапсырды.
Қазақстанның ғалымдары коммунизмнің ұлы құрылыстарына көмек көрсету үшін өздерінің жұмысын барынша күшейтуде.
Бейбітшілік сақталады, өйткені халықтар соғысты тілемейді және олар бейбітшілікті сақтау ісін мықтап өз қолдарына алуда. Соғыс өртін тұтандырушылардың барлық арам ойлары сөзсіз күйрейді, өйткені адамзаттың данышпаны бейбітшіліктің туын сенімді көтеруші ұлы совет халқы, бүкіл прогресшіл адамзат бейбітшіліктің туын өздерінің мықты қолымен жоғары көтеріп келе жатыр!
ҚАЗАҚ ССР ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ЖАЛПЫ ЖИНАЛЫСЫНЫҢ СЕССИЯСЫ
Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1951 жылы 12 қыркүйек айының №215 санында жарық көрді. Жинақтағы мақалада кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «ғылми» – «ғылыми», «үкметі» – «үкіметі» деп өзгертілді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ЖАҚТАУШЫЛАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Қ. И. Сәтбаевтың Қазақстанның бейбітшілік жақтаушыларының республикалық конференциясында сөйлеген сөзі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 23 қыркүйек күні жарыққа шықты. Академиялық жинаққа осы түпнұсқадан алынды.
Кейіннен мына жинақта шықты:
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 26-27 бб.;
Жинақтағы мақалада кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп өзгертілген.