Қаныш Сәтбаев мәдени мұрасының цифрлық қоры

1950-1955 жылдары жарық көрген еңбектері

ҒЫЛЫМ – ХАЛЫҚТЫҢ ИГІЛІГІ

Әрбір жаңа жылда советтік өскелең ғылым саласы да жаңа табыстар, күрделі жаңалықтарға толы болып келеді. Ол өзінің ғылым саласындағы сараланған үздік жаңалықтарын социалистік шаруашылық пен мәдениетке, өнеркәсіпке ұсынады, халықтың қазіргі және болашақтағы игілігіне арнайды.
Өткен, 1949 жыл – Қазақ ССР Ғылым академиясының жастығына қарамастан ғылым зерттеу саласында бірнеше келелі табыстарға жеткен, ғылыми істердің маңызды саласын идеология жағынан тереңдете отырып, оның сапасы мен санын байыта түскен жыл болды.
Ғылымның зерттеу ісін жүргізетін, оның тәжірибесін қорытып, жинақтайтын, өндіріске ұсынып, халық шаруашылығында, идеология майданында іске асыруда, халық ісінің игілігі етудегі басты фактор – кадр. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кадрлары жылма-жыл өсіп келеді. Өткен жылдың өзінде 2 адам докторлық, 58 адам кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми атақ алды. Ал, академияның аспирантурасында 211 адам оқиды.
Өткен жыл ішінде жалпы көлемі 720,5 баспа табақ үлкенді-кішілі 88 ғылыми еңбек басылды. Мұның ішінде Қазақ ССР тарихының 1-томы, Қазақ ССР Ғылым академиясының Алтайда өткізілген сессиясының 3 томдық материалдары, академияның Октябрь революциясының 30 жылдығы құрметіне арналған III сессиясының материалдары, Қазақ совет әдебиетінің очерктері, халық ақындарының Ленин-Сталин туралы өлеңдерінің жинағы, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшелері Тихов, Фесенков, Горяев, Галузоның бірнеше томдық еңбектері жеке-жеке басылып шықты. Қазақ ССР тарихының совет дәуірін зерттейтін II томы баспаға әзірленіп, берілді.
1949 жыл ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының коллективі өндіріске, ауыл шаруашылығына үлкенді-кішілі 152 жаңалық ұсыныстар жасады. Бұлардың көпшілігі ғылыми жағынан жете зерттеліп, тәжірибеде сыналғандығын көрсетіп отыр. Мәселен, архар-меринос тұқымды қой өсіру ісі зерттеу жағынан толық шешіліп, ендігі жерде оның тұқымын жаппай өсіру жұмысы қолға алынып отыр. Сондай-ақ алмаға түсетін күйеге қарсы күрес, қотырды, шоқты, өндірісте болатын жарақатты емдеу, ағаш егу, оны өсіру ісіндегі жаңалықтар өзінің жақсы нәтижесін көрсетіп отыр. Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А. М. Ғаббасов Қазақстанда суарылмай өсетін бидайдың жаңа тұқымын тапты. Бұл сорт егіліп, өзінің дұрыс нәтижесін берді.
Қазақстанда Мичуриндік ғылымды насихаттау, оны ауыл шаруашылығында батыл қолдану жолдарына нұсқаған ғылыми ұсыныстар өзінің өмірге бейімділігін анық көрсетті.
Өткен жылда бұдан да басқа атап айтуға болатын жаңалықтар көп.
Жаңа жылда академияның әрбір институты зерттеуге тиісті ғылыми жұмыстардың жоспарын жасайды. Осы жоспарға сәйкес академиялық жоспар белгіленеді. Бұл жобалар бойынша 1950 жылда Қазақстанның кен байлықтары, қара, түсті металл, көмір, мұнай запастары зерттеледі. Қарағандыны бұдан да өркендету мәселесі алға қойылып отыр. Сондай-ақ Қазақстанның Батыс облыстарын өзінің жергілікті отын қорымен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.
Жалпы айтқанда, 1950 жылы 331 тақырыпта 84 комплексті проблемаларды қарайтын ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Мұның ішінде тау-кен, геология, география, тарих, тіл, әдебиет, искусство, медицина, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, әсіресе биологиядағы мичуриндік озат бағытты насихаттайтын зерттеулер болады. Бұл зерттеулердің негізі өткен жылы мыңнан аса адам қатысқан 165 экспедицияның материалдары болмақ. Осы материалдар қорытылады, нәтижелері жүзеге асырылады. Қазақстанның далаларын суландыру, ағаш өсіру, кендір егу жұмыстарына ғылыми көмек көрсету – академия коллективі алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі.
Жаңа жылда ғылыми-зерттеу жұмысын комплексті түрде жүргізуге, институттар мен институт арасындағы ғылыми байланысты, бірлестікті күшейту ісіне айырықша көңіл бөлінеді. Мәселен, кен, геология институттары бір өндірістің еңбек өнімін арттыру ісін зерттегенде, оны қоғамдық ғылымдар саласынан, атап айтқанда, экономикалық жағынан зерттеудің пайдалылығы бұрыннан сыналған практика.
Екіншіден, зерттелген, сыннан өткен ғылым табысын өндіріске, ауыл шаруашылығына жаппай ұсыну, оны жеткізе білу, бүкіл халықтың игілігіне айналдыру ісі ғалымдардың алдына қойып отырған социалистік өмірдің, партия мен үкіметтің ең зор талабы болып саналады.
Большевиктік партияның, көсеміміз, совет ғылымының досы, ұстазы Сталин жолдастың басшылығымен совет ғылымы жаңа жылда өз жұмысына жаңа мазмұн, жаңа табыс енгізіп, жаңа сатыға көтеріледі, оны бүкіл совет халқының бүгінгі және ертеңгі игілігіне айналдырады.

СӨЗІМДІ СЕНДЕРГЕ АРНАЙМЫН

Қымбатты жас достар!
Сіздерді жаңа жылмен құттықтай отырып, сөзімді сіздерге арнаймын.
Болашағымыз жастар, сіздер, қай дәуірдің адамдары екендеріңізді өздеріңіз де білесіздер.
Социалистік дәуірдің тарихында сіздер араласпаған сын кезеңдер, қиын белестер еш уақытта да болған емес.
Адамзаттың асқан ойшылдары, тарихта аты қалған ұлы адамдар, ғалымдар жалынды сөздерін жақсы тілектерін жастарға – сіздерге арнайды.
Жас адам өмір сүргенде, сол өмірді бос өткізуге тиісті емес. Ол біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыру керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ адамгершілікке баулыңыз.
Ісіңізге, еңбегіңізге, нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер. Не нәрсені болсын нағыз коммунистік адамгершілікпен түсіне біліп, жасай білесіздер. Бұдан сіздердің отаншылдығыңыз бен асқан патриоттық сезіміңіз айқын көрінер еді. Сіздердің мінез қасиетіңізде адамгершілік бірінші болып орын алса, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейіл адам болған болар едіңіздер.
Жеткен жетістік пен табысқа мақтану, масаттану сіздер үшін қасиет емес. Бүгінгі табыстан келер таңдағы міндеттер үлкен. Сол міндеттерді орындауға ұмтылыңыз. Бүгінгі білгеніңізден ертеңгі күнде білетініңіз көп. Сол білетініңізді білуге асығыңыз. Сонда ғана сіздер Отаныңызға пайдалы азамат боласыздар. Білімді, мәдениетті адам болып өсесіздер. Білімді болу, ғалым болу өмірді танудан, көп оқып, көп ізденуден, шаршамай, талмай еңбек етуден болады.
Сіздерді патриоттық рухта тәрбиелеп өсіруді, білім, үлгі өнеге беруді ғалымдар өзінің ең құрметті міндеті деп санайды.
Жаңа жылда жаңа табысқа жете беріңіздер, жолдастар!

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

ҒЫЛЫМ – ХАЛЫҚТЫҢ ИГІЛІГІ

Мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1950 жылы 1 қаңтарда жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 247-249 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 5. Наука Казахстана: 1941–1951 гг. – Алматы: Ғылым, 2001. – 456 с. – 384-385 бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 201-202 бб.
«Ғылым – халықтың игілігі» мақаласы бұл академиялық жинаққа 1950 жылы 01 қаңтарда шыққан ««Социалистік Қазақстан» газетінің №1 санындағы түпнұсқадан алынды. Бұл мәтін кейінгі жылдары шыққан жинақтардағы мәтінмен салыстырылды. Жинақтардағы мақалаларда кездесетін «ȳ» таңбасы қазіргі емле ережесіне сай «ұ» деп, «ғылми» – «ғылыми», «жыйнақтайтын» –«жинақтайтын», «оқыйды» – «оқиды» деп өзгертілген.
Түпнұсқадағы «Большевиктік партияның, көсеміміз, совет ғылымының досы, ұстазы Сталин жолдастың басшылығымен совет ғылымы жаңа жылда өз жұмысына жаңа мазмұн, жаңа табыс енгізіп, жаңа сатыға көтеріледі, оны бүкіл совет халқының бүгінгі және ертеңгі игілігіне айналдырады» деген соңғы абзац кейін шыққан жинақтарға енбей қалған.

СӨЗІМДІ СЕНДЕРГЕ АРНАЙМЫН

Қ. И. Сәтбаевтың жастарға арналған жаңа жылдық құттықтау сөзі «Лениншіл жас» газетінде 1950 жылы 1 қаңтарда жарық көрді. Бұл мақала кейіннен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың әр жылдары жарық көрген жинақтарында басылып келеді. Атап айтқанда:
Сәтбаев Қ. Қазақстан – менің Отаным. – Алматы: Ғылым, 1999. – 464 б. + суретті қосымша 1 б.т. – 422-423 бб.;
Сатпаев К. И. Собрание трудов. В 8-ми томах. Том 8. Публицистика. Материалы к биобиблиографии. – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2001. – 440 с. – 185-бб.;
Сәтбаев Қ. Таңдамалы. 1 томдық. – 2-ші бас. – Шымкент: «Оңтүстік полиграфия», 2007. 1-Т.: Қазақстан – менің Отаным. – 384 б. – 345-бб.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы