АБАЙДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫНА ТҮСІНІКТЕР

* * *

Абайдың бізге нақты қанша әні жеткені және қаншасы жоғалғаны туралы дөп басып айту қиын. Ақынның музыкалық мұрасы бүгінгі күнге дейін әрқилы нұсқалармен жетіп, түрлі сарында «Абайдың әні», «Абайдың күйі» деген атаулармен ел ішінде орындалып келеді. Бұған ертеректегі зерттеу еңбектерде келтірілген мәліметтер де дәлел бола алады. Мәселен, Н.С.Смирнова «Абай әндері» атты мақаласында: «Қазақ халқы Абай әндерін адамның жас тұрғысына қарай талғап айтып, таңдап тыңдаған. Қариялар домбырамен «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Өлсем орным қара жер», «Ішім өлген, сыртым сау», «Сұрғылт тұман» секілді әндерді сүйіп айтқан» [106, 66], – деп көрсетеді. Мұнда аталған бірнеше өлеңнің нақты авторлық әуені сақталған ба әлде халықтық әуенмен орындалған нұсқасы ма, белгісіз. Өйткені Абайдың бірқатар өлеңдері халық әндерінің сарынына салып айтылып, кейіннен солайша ел ішінде қалыптасып қалғаны белгілі.

Мұхтар Әуезовтің мына пікірі бұл үрдістің мәнісін тереңірек түсіндіреді: «Абайдың «мынасы өзімдікі, анасы пәлендікі» деп айтқан сөзін естіген кісі жоқ. Және өлеңіне қосылған әнді өзі домбыраға тартып, ән қосып бірер айтып берген соң, маңайындағы жігіттер қағып алып кетеді. Содан әрі не күйде, қалай тартып, қалай айтылып жүргеніменен Абайдың көп жұмысы болмаған» [92, 126–138], – дейді. Бұл ойдан байқалатыны – Абай әндерінің әрі қарай қалай орындалатыны көбінесе орындаушылар еркіне берілген. Ал мұндай еркіндік ақын әндерінің түрліше нұсқада өмір сүруіне ықпал еткен.

Абай өлеңдерінің халықтық музыкалық дәстүрмен тоғысуын алғаш ғылыми тұрғыда арнайы зерттегендердің бірі – В.Дернова. Ол өз еңбегінде: «Абай өлеңдерін халық өзінше мелодиялық жағынан өте жиі өңдеп те отырды. Халық жақсылап ұғып алған мелодияны өрнектеп, ал жарым-жартылап ұққан мелодияны толығымен қайтадан жөндеп немесе көбірек таныс басқа мелодиямен ауыстырып та отырды. Мұндай жағдайда ән текстісін де жиі өзгертіп, оны мелодияға бағындырып отырды. С.Нұрышев өзінің «Крыловтың ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі творчестволық мұрасы» деген кітабында 1915 жылы шыққан «Қазақ» газетінде (№114) Семей қаласында өткізілген сауық кеші туралы хабар жазылғандығын, бұл кеште «Абай әндері» деген атпен Абай аударған Крыловтың «Есек пен бұлбұл» мысалы орындалғандығын айтады» [4, 107–108], – деп жазады. Бұдан музыкалық-поэтикалық мәтіндердің ауызша таралуын, сондай-ақ, авторлық нұсқалардың біртіндеп көмескіленуін де байқауға болады.

Абай өлеңдерінің таралу жолдары негізінен ауызша жаттау және қолмен көшіріп жазу арқылы жүзеге асты. Сауатты адамдар ақын шығармаларын арнайы көшіртіп, жеке қолжазба дәптерлер түрінде сақтаған. Мұндай қолжазбалар кей жағдайда ұзатылған қыздың жасауына қосылып, отбасылық мұра ретінде де беріліп отырған. «Сауаты барлардың қолында Абай өлеңдерінің көшірілген қолжазбалары болса, қарттардың қарапайым кеңесінде Абай сөзін қолданып сөйлеу әдеткі жағдайға айналған. Хат білетіндері бір-біріне хат жазысқанда Абай сөздерін қолданған. Баянауылдың белгілі қазағы Сәдуақас Шорманов өзінің достарына жазған хатында Абайдың «Көңілім менің қырық жамау» өлеңін келтірген» [106, 66]. Бұл дерек Абай шығармашылығының ауызекі сөз мәдениетіне терең еніп, күнделікті қарым-қатынастың бір бөлшегіне айналғанын аңғартады.

Ақын өлеңдерінің кең таралуына Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Әлмағамбет, Әріп, Әсет тәрізді шәкірттерінің үлесі айрықша болды. 1886 және 1889 жылдары «Дала уәлаяты» газетінде Көкбайдың атынан бірнеше өлеңдері жарияланып, Абай мұрасы алғаш рет баспасөз бетінде көрініс тапты. Осылайша ел ішіне тараған ақын өлеңдері қарапайым халық арасында үлкен қызығушылық тудырып, оларды әнге қосып айту дәстүрге айналды. Көп жағдайда бұл өлеңдер халық әндерінің әуеніне бейімделіп, өңделіп орындалған.

Абай шығармашылығының әнге айналып, халықтық орындау дәстүріне енуі ХХ ғасырдың басында, әсіресе 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинақтан кейін, кәсіби әншілер репертуарында да орын ала бастады. Мұндай үрдіс Шәкәрімнің өлеңдеріне қатысты да байқалады. Бұған дәлел ретінде Абайдың сөздеріне құрылған әндердің көне аудиожазбаларының сақталуы мысал бола алады. Мәселен, Қали Байжановтың орындауындағы «Шама» әнінің бірнеше нұсқасы белгілі. Соның бірі Шәкәрімнің «Анық пен танық» атты өлеңінің алғашқы алты шумағымен орындалған. Бұл деректер Абай мен оның айналасындағы ақындардың шығармалары халықтың көркемдік санасында терең орныққанын және оларды таратудың әрі орындаудың сан алуан жолдары болғанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, Абай шығармашылығының музыкалық жолмен таралуы қазақтың ауызша мәдениеті арқылы музыкалық кеңістікте де кең өріс алған.

Осыған орай, ұсынылып отырған қосымша бөлімде аталмыш мәселені нақтылай түсіп, Абай өлеңдерінің халық әуендерімен орындалуына қатысты деректерге арнайы түсінік беруді орынды деп санадық. Мұндай түсінік авторлық және халықтық сипаттың аражігін ажыратуға мүмкіндік береді.

 

№1. Абай әндерін алғаш хатқа түсіру кезеңдерінде А.Затаевич ақынның «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» өлеңінің мәтінімен «Үкілім-ай» әнін Семейде Күләш Оспановадан жазып алған. Ән «1000 ән» жинағында жарияланған [35, 280].

Үкілім-ай

Жалпы, бұл әндегі баяу ырғақ, кеңдік Абайдың әніне бір жақындықты байқатуы мүмкін. Бірақ Ә.Ысқақовтың орындауында бұл өлең сөзінің өз әні бар. Қайырмалық сипаттағы «Үкілім-ай, жеңеше-ай, сағындым, сәулем өзгеше-ай» сөздері әннің Абайдан алшақ, халықтық нұсқа екенін білдіреді.

 

№2. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіне берілген түсінікте ақынның осы өлеңімен тағы бір әннің 1994 жылы жарық көрген фортепианоға өңделген «Абай әндері» жинағына [45,76] енгенін айтқан болатынбыз. Әуен Абай стилінен алшақ, халықтық сарын. Анығында, бүгінде «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» деп орындалып жүрген айтыс сарынындағы Жамбылдың әуені анық байқалады. Әуенді өңдеген – композитор Ж.Тезекбаев. Жинақта әуен кімнен, қайдан алынғандығы жөнінде ешқандай түсінік берілмеген. Бұл Абай музыкаларының жинақтарында да, біз жинақтаған материалдар арасында да кездеспеген әуен.

Өлсем, орным қара жер

№3. В.Дернова өзінің еңбегінде: «Абайдың тағы бір өлеңінің А.Затаевич жазып алған халық әнімен орындалатынын бізге Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Т.Бекхожина айтты. «Қарындарым» әні («1000 әнде» «Қари-дарим» болып берілген. №624. [31, 238] және 4-тактідегі жақша ішіндегі си нотасы «1000 әнде» жоқ, оны мәтінді жазушылар қосқан секілді. Нота Дернованың мақаласы бойынша берілді.) әлі күнге дейін Абайдың «Қыс» өлеңімен айтылады. Әнде түпнұсқадағы бунақ орны ауысып, әр екі жол қайырмамен аяқталып отырады. Ән мәтіні Т.Бекхожинамен бірігіп жазылды» [4, 41], – дейді. «1000 ән» түсініктерінде А.Затаевич бұл әнді Зайсан уезінде Иманхан Әбдіханов деген 1921–1922 жылдары Орынборда әскери-саяси курстан өткен, оқыған, зиялы, сол өңірдің әндерін өте жақсы білетін адамнан жазып алғанын айтады [35, 402]. Әуен қазаққа белгілі «Бүлдірген» әнінің интонациясына өте жақын.

№4. Абай сөзімен жазылып алынған әндердің бірі – Т.Арғынбаевтың айтуымен жеткен «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл». Бұл – осы өлең сөзімен айтылған үшінші ән. Әнді Б.Ерзакович нотаға түсірген, бірақ оның еңбектерінен бұл ән жөнінде ештеңе кездестіре алмадық. В.Дернова мақаласында ғана Б.Ерзаковичтің жазып алғандығы жөнінде айтылып өткен [4, 24]. Бұл әнге қатысты «Есіңде бар ма жас күнің» әніне берілген түсінікте кеңірек айтылған. Қайталап қосымша беріліп отыр. Ән нотасы В.Дернова мақаласынан алынды [9, 107].

Ғашықтың тілі

№5. Абай сөзімен айтылған әндердің бірнешеуін М.Төлебаев хатқа түсірген. М.Төлебаевтың «Мақпал» жинағында Абай сөзімен айтылған үш ән жарияланған. Соның алғашқысы «Қалқа» әні (№26). Жинақ түсініктерінде: «Қалқа» – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі, «48 х.ә» №5» деп түсінік берілген [133, 52, 143].

Қалқа

№6. М.Төлебаевтан жеткен екінші ән де осы сөзбен айтылған. Жинақ соңында: «Сайра да бір сөйле» – Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінің алғашқы шумағының өзгеріске ұшыраған түрі, «26 х.ә» №23» [133, 52, 143], – деген түсінік берілген.

Сайра да бір сөйле

№7. «Жарқ етпес…» өлеңі халық әндерінің тағы бірінің сөзі болып орындалған. А.Затаевичтің «Песни разных народов» жинағында С.Сейфуллиннің айтуында жазылып алынған «Қараторғайға» (Ақан серінің «Қараторғайына» жақындық бар. Е.Ш.) қатысты кең түсінікте: «1000 әнде» осындай атаумен тоғыз ән берілген. Дәл осындай атаумен Б.Ерзаковичтің ҚХӘ жинағында тағы екі ән бар (60 және 62-беттер). Затаевичтің келтірген жазбалары «Дала Қараторғайы» деп аталатын әндердің біршама қысқартылған нұсқалары. (ҚХӘ, 60-бетті қараңыз). 1924 жылы Мәскеуде «1000 ән» жинағын құрастырып болғаннан кейін Затаевич өзінің ескі респондеті Ғ.Бөкейхановтан «Қараторғайдың» толық нұсқасын мәтінімен жазып алады («1000»/306–326 және 691 қараңыз. 181). Белгісіз себептермен жазба «500 әнге» енгізілмеген. Бірақ ән хорға өңделген түрінде клубтық көркемөнерпаздар қойылымдарына арналған «Қазақстан әндері» жинағында жарияланған (Мәскеу, Музгиз, 1932). Екінші рет Қазақ радиосының ішекті квартетіне қайта өңделген («АВЗ», 208, 250, 295-беттерді қараңыз). Бөкейханов жеткізген әннің 1-шумағы сөздерінің орны ауысқан немесе сөздері өзгерген халықтық нұсқадағы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңінің сөзімен айтылса, 2-шумақ – Жаяу Мұсаның «Сұрша-қыз» әнінің мәтінімен айтылған» деген түсінік беріліп,

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Қалқатай, маған жар жоқ, сірә, сендей,
Саған жар менен артық табылса да.

Қайырмасы:
Қараторғай, жүрсің зорға-ай
Бейшара шырылдайсың жерге қонбай. –

деген ән мәтіні берілген [20, 17–18]. Осы дерекке байланысты М.И.Глинка атындағы музейдің (Мәскеу) архив материалдары негізінде 2019 жылы жарық көрген А.Затаевичтің «Народные песни и кюи» (НПиК) жинағы қарастырылып, рес­понденттердің арасынан Ғ.Бөкейханов та, «Қараторғай» әні де кезікпеді. Жалпы В.Дернова келтірген қайырма мәтініне қарағанда, Ақан серінің де «Қараторғайы» «Жарқ етпестің» сөзімен айтылған секілді.

 

№8. Абай сөздерімен тек халық әні ғана емес, халық композиторларының әндері таралған. Сондай әндердің бірі – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім. Ән «Мақпал» (1979) жинағында «Ахау» деген атпен жарияланған. Жинақ түсініктерінде: «Ахау» – Қ.Бабақовтың орындауында Біржан сал әні, «№48» х.ә» №7» [133, 77, 144], – деп жазылған.

1984 жылы Б.Ерзакович, Ә.Дербісалин, З.Қоспақовтардың Біржан сал әндерінен құрастырған «Ләйлім шырақ» жинағында «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген атпен берілген. Жинақ түсініктерінде: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім (Ахау). Ән Қ.Бабақовтың орындауы бойынша нотаға түсірілген. Әннің сөзі Абай­дікі болғандықтан, бұрын Біржан әндерінің қатарында жарияланған жоқ. Әншілердің айтуына қарағанда, Біржан Абай ауылына барғанда ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіне арнап осы әнді шығарған. «Мақпал» №46» [108, 91, 131] , – деп түсінік берілген («Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінің түсінігін қараңыз).

Жасымда ғылым бар деп

Ән Біржанға тиесілі ме, жоқ па белгісіз. Дегенмен, әннің басталуы оның «Жоныпалды» әніне, соңғы фразалары Ж.Тоғандықов айтуындағы «Біржан салдың соңғы әніне» жақын.

 

№9. Сондай-ақ, бұл қатарға Б.Ерзаковичтің Көкшетау облысының Айыртау ауданында Жақыпов Шайзаттан жазып алынған «Сыз болмай ма» әнін де қосуға болады. Ән Б.Ерзакович құрастырып шығарған «Қазақ халқының ғашықтық әндері антологиясында» жарық көрген [134, 84].

Сыз болмай ма

Ән интонациясы мен ырғағынан Арқа өңіріне кең жайылған Уәйіс Шон­ды­бай­ұлы­ның «Бозқараған» әні тұрғанын аңғару қиын емес (Ертедегі жинақтарда халық әні «Қос барабан» болып берілсе, Қ.Байбосыновтың «Сыр сандық» жинағында халық әні «Қос балапан» болып берілген [78, 66]). Ән өзгеріске түскен.

№10. Қазақ радиосы мен архив қорларында Ж.Тоғандықовтың орындауында Абай өлеңдерімен айтылған екі-үш халықтық әуен сақталған. Оның бірі «Қараңғы түнде тау қалғып» әніне берілген түсінікте айтылған «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» әні болса, енді бірі – «Аш қарын жұбана алмас майлы ас жемей» өлеңімен айтылған әуен. Әуен ғибратты мәні бар терме бағытында речитативті түрде қоңырлата айтылған. Әнші әр шумағын әртүрлі құбылтып орындайды.

Ойға түстім, толғандым

№11. Ж.Тоғандықовтың ендігі бір айтқан әні ақынның «Ойға түстім, толғандым» өлеңімен айтылған. Бұл ән де баяндау үлгісінде, халықтық сарынмен айтылған.

Аш қарын жұбана алмас

№12. А.Затаевичтің жинақтаған музыкалық мұралары екі рет жарыққа шықты. Әлі де бір-екі кітапқа жүк боларлық қолжазбалары қорларда сақтаулы. Солардың М.И.Глинка атындағы музей қорынан алынған үлгілері В.Дернова, Ғ.Бисенова, Б.Ерзакович, Қ.Жүзбасов секілді ғалымдардың зерттеу еңбектері мен жинақтарында жарық көрді. Сол еңбектердің бірінде жарияланған тағы бір ән жайлы айта кеткен жөн. «Сегіз аяқ» әніне берілген түсінікте «Өткен заман» немесе «Сегіз аяқ» әні жөнінде жазылған болатын. Сол әннен кейін тұрған үшінші жазба туралы В.Дернова: «Үшінші жазба «Бозбала» деп аталады. Абсалықов – Абай» деп қысқа ғана жазып, әннің мәтінсіз ноталық үлгісін қалдырған [9, 44].

Бозбала

«…Абайдың «Бозбала» деген сөзі бар өлеңі осы әуенмен айтылған деп болжауға болады және ол сөз өлеңнің басында тұруы міндетті емес» [9, 44] – дейді В.Дернова. Біріншіден, зерттеуде ұсынылған ноталық үлгі толық аяқталмаған. Екіншіден, Абайдың «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» атты өлеңінің мәтінін аталған әуен астына орналастырып көру арқылы үйлесімділік деңгейін анықтауға тырыстық. Алайда поэтикалық өлшем мен музыкалық фразалар сәйкеспейді. Үшіншіден, ұсынылып отырған әуен Абайдың стильдік ерекшеліктерінен алшақ. Бұған қоса, ән құрылымында поэтикалық мәтінмен байланысты емес, алексикалық немесе одағай түріндегі сөздер болуы мүмкін. Осы айтылғандар негізінде бұл әуеннің Абайдың нақты бір өлеңіне тиесілі екендігін сенімді түрде растау қиын.

№13. Консерваторияның ҒЗФЗ қорынан Абайға қатысты тағы бір ән табылды. Ән Талдықорған облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылынан жазылып алынған. Экспедиция мүшелері: Т.Базарбаев, Е.Рахмадиев, А.Темірбекова. Аудиотаспада орындаушы «Абайдың әні «Топайкөк», орындаған Назарбек Әмірғалиев» деп өзін және айтатын әнін хабарлайды [15]. Ән Абайдікі делінгенмен, ән Абай стилінен алыс, Арқаның кәсіби әндеріне жақын. Әндегі «Топайкөк-ай» және «Қалдым-ау қайран» сөздері ғана анық естілгені болмаса, қалған мәтін түсініксіз, таспа сапасы төмен.

Осы экспедиция негізінде 1975 жылы музыкатанушы Алма Темірбекованың «Казахские народные песни» жинағы жарық көрді. Ән осы жинаққа ноталық үлгіде бір шумақ мәтінімен берілген. Жинақтағы «Мақпал» әніне берілген түсінікте (46-түсінік) «Әсет әншінің «Ардақ», Ақан серінің «Мақпал», Абай сөзіне жазылған «Топайкөк» әндері қазақ халқына кең таралған» десе, «Топайкөк» әнінің өзіне берілген түсінікте «Топайкөк (Серый конь). Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған лирикалық ән. Ақсу ауданының Ақсу ауылында Н.Әмірғалиевтен 1958 жылы жазылып алынды» деген түсінік жазылған [135, 96, 132]. Ондағы мәтін:

Қараша-ордаш әнімнің-ай асыл тегі,
Ән салмасам келмеді-ау, аха-хай, әннің көбі.
Көкшетаудың баурында-ау екі қыздың,
Еріккенде салатын-ау, аха-хай, «Топай көгі».

Қайырмасы:
Өттің дүние, қалдым қайран,
Жастықтың әсерімен, аха-хай салдым сайран. –

болып берілген. Осы берілген шумақты негіз ете отырып, аудиотаспаны қайта тыңдап, хатқа түсіргенімізде жоғарыдағы мәтіннен аз айырмашылық байқалғандай болды. Бірақ нақты емес. Сол бойынша мәтіні жазылып, нотаға түсірілді.

Қараша ордам – әнімнің-ай асыл тегі,
Ән салмасам келмейді-ау, аха-хай, әннің кебі.
Көкшетаудың баурында-ау әнін шырқап,
Еріккенде салатын-ау, аха-хай, «Топайкөгі».

Қайырмасы:
Келдің дәурен, қалдым қайран!
Игәгәгім, игей, игәгәй
О-оу-ей, ау,
Қалдым-ау қайран!

Топайкөк

Жинақ түсінігінде Н.Әмірғалиев айтқандай, ән емес, сөз Абайдікі. Ал жинақта берілген «Көкшетаудың баурында-ау екі қыздың» деген мәтіні ән тарихына да, ән мәтінінің нұсқаларына да жақындата түседі.

«Топайкөк» – Арқаға әншілігімен де, композиторлығымен де аты шыққан Жарылғапберді Жұмабайұлының әні болып саналады. Е.Төлеутайдың «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» еңбегінде:

«…Көкшетау, Баянауыл – жер науаны,
Елінен көктей гүлдеп шығады әні.
Бауырында Көкшетаудың көкке шалқып,
Толғанып, шарықтайтын салған әні.

Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді,
Әнді ерттеп, күйді мінген кемеңгері.
Осы әнді Көкшетаудан әкелдім деп,
Баянға алып келіп жайған еді.

«Топайкөк» әнінің шығу тарихы жайындағы деректер бір ізге түсіп, жүйеленген жоқ. Әннің сөзі айтып тұрғандай бұл жерде Жарылғапберді «Топайкөкті» шығарушы емес, оны Көкшетаудан Баянға алып келіп таратушы ғана болып тұрған сияқты. Бір деректерде «Топайкөк» Шоқанның туысы Сақыпкерейдің әні делініп жүр. Сәдуақас мырза Шоқанның қарындасы Нұриланы алуға барғанда, сол жолы Сәдуақасқа күйеужолдас әрі әнші ретінде еріп барған Жарылғапберді осы «Топайкөкті» үйреніп қайтқан деседі. Ал З.Ақышевтің мақаласында Жарылғапберді «Топайкөкті» Ұлытаудан – Шыңғыс төренің ауылынан қайтып келе жатқанда шығарған екен деп, әннің бұрынғы сөздерінен бөлекшелеу, төмендегі бір шумақ өлеңін келтіреді:

Көкшетау, Баянауыл – жер науаны,
Елінен көктей гүлдеп шығады әні.
Бауырында Көкшетаудың көкте жатып,
Шығарып Жарылғаптың салған әні.

Бұл жерде әннің сөздеріне назар аударсақ, Жарылғапберді «әнді Көкшетаудың бауырындағы көкте жатып, өзі шығарып салғанына» куә боламыз» деген ой айта­ды» – дейді [136, 43].

Ал Б.Балабеков ән тарихына қатысты Ә.Сәтбаев айтты деген әңгімесінде (қысқартып мазмұны берілді): «Құдайберген ақсақал Алсай еліне Мәкен деген қызын беріп, сонда барып жүргенде әншісі Жарылғапберді Көкшетауда төрелер үйінде бір жеті мейман болған екен. Қыр астына қарай ән салып әрі-бері өткен қыздарды көріп жүрген Жарылғапберді:

Жігіттер шек келтірмес құдіретке,
Тілеймін медет бер деп барша үмбетке.
Елінде Көкшетаудың бір топ қызға,
Ән бастым осылай деп «Топайкөкке». –

деп «Топайкөкті» дайындап жүрген екен. Бұл сөзді сол жерде отырған Қаныш та, Әбілқайыр Досов та растап, құптайды. Қыздар қыр астына кетіп бара жатқанда:

Астымда бір атым бар қыраулатқан,
Келмейді еркін дауысым тұмауратқан.
Етегін ақ көйлектің шаң басыпты,
Қыздарды қыр астында кім аунатқан? –

деп тиісе өлеңдетіпті. Қыздар қайтарында Жарылғапбердіге «Топайкөктің» әуеніне салып 3-4 шумақ өлеңмен жауап беріпті:

Өлген соң арыстаннан тышқан артық,
Түсінбеген адамнан дұшпан артық.
Қолына жігіттердің түссе гаухар,
Жұмсайды затын білмей мыстан артық
Ежелден бізге мәлім жігіт сыры,
Көрінді мынау әннің бізге қыры.
Жігітті жаяу жүр деп біз айтпаймыз,
Шығады біздерден де әннің түрі.
Құдеке, әнің жақсы, сырың қандай,
Түрлері сөздеріңіз шекер-балдай.
Құдалар сауықшыл елдің баласы екен,
Біз-дағы ән саламыз Біржансалдай.

Жарылғаптың жауабы:

Ерке қыз, еркелетіп мен басамын,
Әнменен Көкшетаудан бір асамын.
Сіздерді күнде қырдан көргеннен соң,
Домбыра екі ішекке ән қосамын» [137, 39–40].

Е.Төлеутай «Мұндағы назар аударатын мәселе – әннің әуелде қыз бен жігіт
айтысы ретінде дүниеге келуі. Әрі бұл әннің әуелде айтыс болғандығына Жарылғапберді жағынан ауылдастары ретінде ағайынды Әбікей мен Қаныш Сәтбаевтар куәлік берсе, Әбілқайыр Досов (Әбілқайыр Досов (1899–1938) – қоғам қайраткері. Ақмола облысы, Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туған. 1937 жылы саяси жаламен ұсталып, 1938 жылы ату жазасына кесілген.) болса, көкшетаулықтар атынан болған оқиғаны қуаттап тұр. Демек, «Топайкөк» әнінің тарихи шындығы бұл жерде дәлелденгендей», – деп жазады [136, 43].

Е.Төлеутай ән тарихының екінші бір нұсқасын Жүніс Шаймерденовтің қызының жазып қалдырғанынан келтіреді. Бұл да осыған ұқсас, қыздармен айтысқа құрылған. Шорманның баласы (немересі) Біләл Баянауылдан Көкшетаудағы қайын жұртына барғанда Жарылғапберді бірге бара жатып, жолай Көкшедегі бір көлдің жағасына ат шалдырып, шатыр тігіп, аялдапты. Көл жағасында ән салып отырған екі қызды көріп, әңгімелесіп, өздерінің күйеу болып келе жатқанын айтқан Жарылғапбердіге қыздар «Топайкөкті» айтқан екен. Ән аяғы айтысқа ұласып, Жарылғапберді:

Астымда бір атым бар қыраулатқан,
Келмейді әнге дауысым тұмауратқан.
Етегін ақ көйлектің шаң басыпты,
Қалқаны шаңдақ жерге кім аунатқан? –

деп тиісе өлеңдетіпті. Оған қыздар да:

Өлген соң арыстаннан тышқан артық,
Жәй білмес ақымақ достан дұшпан артық.
Қолына кей жаманның түссе гаухар,
Ұстайды бәсін білмей мыстан артық. –

деген жоғарыда келтірген шумақтармен жауап беріпті.

Ақыры қызды ауыл келе жатқан күйеу Біләлді 40 жігітімен қонақ етіпті. Сөз соңында: «Біз үшін бұл әңгіме «Топайкөк» әні туралы айтылатын әңгімелердің ішіндегі ең әдемісі, сонымен қатар шындыққа ең жақын нұсқасы болуымен құнды. Өйткені бұл әңгіменің алдындағы нұсқаларының бірінде Сәдуақас Шорманов қайын жұртына барғанда күйеужолдас қылып Жарылғапбердіні ертіп алған болып шығады. Бісміллә айтқан нұсқа да нақтылығы кемшіндігімен, жүйесіздігімен көңілімізге күдік тудырғандай. Ал Жүніс әнші айтқан нұсқасында оқиғаның Сәдуақаспен емес, Біләлмен байланыстырылуы нанымдырақ. Екі нұсқадағы айтыста келтірілген өлең жолдары аздаған ерекшеліктері болмаса, негізі бір-бірін қайталайды. Деректердің былайша түзілуі әнші Жарылғапберді мен ақын қыздар арасында айтыстың болғанына айғақ болып тұр. Бұдан Жарылғапберді аталған әнді айтыс мақамы ретінде пайдаланған деген ұғым тумаса керек. Өйткені «Топайкөк» құрылымы жағынан аса күрделі әндердің бірі. Ал айтыс мақамдарының қарапайым, жеңіл болып келетіні белгілі. Кейін уақыт өте келе Жарылғапберді әндегі айтысқа байланысты сөздерді алып тастап, үлкен әннің талабына сай келетін сөздерді іріктеп алып, өрнек қосып түрлендіріп, осы күнгі әншілерге жеткен нұсқасын қалдырған тәрізді. Қалай десек те, Жарылғапберді «Осы әнді Көкшетаудан әкелдім деп, Баянға алып келіп жайғанның» өзінде «Топайкөк» ұрпақтан ұрпаққа Жарылғапбердінің әні болып тарап келе жатыр», – деп жазады [136, 45].

Осы «Топайкөк» әнінің Шыңғыстау өңіріне кең таралғаны тарихтан да, көркем әдебиеттен де белгілі. М. Әуезов ол әнді әнші М. Ержановтан естіп, «Абай жолы» романына енгізіпті деген сөз бар. Ән романның белгілі бөлімдерінде Абай – Тоғжан, Абай – Әйгерім сахнасының музыкалық арқауына (лейтмотив десе де болады) айналғаны да мәлім. Әдебиетші Құныпия Алпысбаев «Ән әуені, әнші әлемі» атты мақаласында романдағы ән мен әнші, өнер мен өнерпаз бейнелеріне жеке тоқталып, оның ішінде М. Әуезовтің «Топайкөк» арқылы «ән мен ғұмырды табыстырып, адам жанының нәзік сырын ән әуезімен айшықтауын» терең талдап қарастырады [138, 407–423].

Сондай-ақ, Шыңғыстау өңіріндегі ақын-композиторлар әндерін, соның ішінде Шәкәрім әндерін сақтап жеткізуші Ниязбек Алдажаровтың айтуында «Топайкөктің» бір нұсқасының бүгінге жетуі – әннің Шыңғыстау өлкесінде кең тарағанын білдіреді. Ниязбек айтқан «Топайкөк» әуенінің бүгінгі нұсқадан алшақ тұстары да, ортақ тұстары да жоқ емес [96]. Оның мәтіні:

Табынып, сыйынамын құдіретке,
Бір өзің мәдәт бер деп тіршілікте.
Бауырынан Көкшетаудың түлеп ұшқан,
Сұрасаң әннің аты «Топайкөк» де. –

болып келеді. (Екінші шумақ түсініксіз. Таспа сапасы төмен). Бұл шумақ Б.Балабеков әңгімесіндегі Ә.Сәтбаев айтты деген шумақпен негізі бір.

Ал Н.Әмірғалиев нұсқасындағы (…Көкшетаудың баурында-ау екі қыздың, Еріккенде салатын-ау, аха-хай, «Топайкөгі») мәтіннің негізінде қыздармен айтыс немесе екі қызбен айтыстың жатқаны білінеді.

«Бабалар сөзі» көптомдығының 99 томында «Топайкөктің» екі нұсқасы берілген. I нұсқа:

Жігіттер шәк келтірме құдіретке-ай,
Тілеймін медет бер деп барша үмметке-ай.
Баурында Көкшетаудың екі қыз-ау,
Ән салған осылай деп «Топай көкке», ей!

II нұсқа:

Көкшетау, Баянаула-ай, жер нояны,
Елінен көктей гүлдеп-ай, шығады әні.
Бауырында Көкшетаудың көкке шалқып,
Толғанып Жарылғаптың-ай, уай, «Топай көкке» салған әні.

Жарылғап ескі әншінің-ай маңғазы еді,
Әнді ерттеп, күйді мінген-ай ардагері.
Осы әнді Көкшетаудан әкелдім деп,
Баянға алып келіп-ай, уай, «Топайкөкке» жайған еді [139, 326–327].

Ал М. Ержанов орындауындағы мәтінде де аздаған парық бар.

Көкшетау, Баянауыл – жер науаны,
Елінен көктей гүлдеп шығады әні.
Көлінде Көкшетаудың көкке шығып,
Сондағы Жарылғаптың салған әні.

Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді,
Әнді ерттеп, күйді мінген ардагері.
Осы әнді Көкшетаудан естідім деп,
Баянға алып келіп жайған еді.

Қорытындылай келе, бұл әнге қатысты Н.Әмірғалиев те, Н.Алдажаров та ұсынған мәтін нұсқалары мазмұндық жағынан ертедегі үлгілермен сәйкес келеді. Алайда олардың екеуінің де мәтіндері Абайдың поэтикалық стилінен алшақ. Егер әннің толық мәтіні немесе белгілі бір бөлігі Абай қаламынан туған болса, оның алғашқы дереккөздерінде, не болмаса ел ішіндегі ауызекі нұсқаларда Абай автор ретінде аталар еді. Алайда ондай айғақты дерек кездеспейді. Бұл ретте әннің бір нұсқасын жеткізген Шыңғыстау өңірінің тұрғыны Н.Алдажаров та аталмыш шығарманың Абайға қатысы жөнінде ешқандай нақты мәлімет келтірмейді. Бұдан, ән әуелі Шыңғыстау өңірінде кеңінен таралып, кейіннен халық жадында Абай есімімен байланыстырылып кеткен деп қорытынды жасауға болады. Ал музыкалық мазмұны жағынан авторлық сипаты бар, кәсіби деңгейі жоғары ән.

Міне, ел арасында Абай сөзімен айтылған немесе Абай әні деп айтылған халықтық нұсқалардың тасқа басылып, бүгінге жеткендегісі осындай. Тек осы 10-12 ән ғана емес, татьяналық әндер ішіндегі 1.4 (1-түрдің 4-нұсқасы) және 2-түрлері (2.1 мен 2.4 аралығындағы әндер) тұтас халықтық нұсқада айтылған. «Сегіз аяқтың» да А.Бимбоэс бастап жазып алған 1-түрлері (1-түрдің 3 нұсқасы) мен Т.Арғынбаев, Х.Елебекова жеткізген түрлері әлі күнге белгісіз, бұрын ешкім айтпаған түр-нұсқалар болып тұр.

Ғ.Бисенова «Мәскеудегі М.И.Глинка атындағы музей қорында Ес­кендір Тынышпаевтың Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сөзімен ай­тылған «Әсет әні» деген әннің барын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қорында Ақсу ауданының тұрғындары Арғынбековтің жет­кізуінде «Сегіз аяқ», Әмірғалиевтің жеткізуінде «Көзімнің қарасы», «Қапыда тоты», Нұрламановтың жеткізуінде «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», Қапал ауданынан Айдабековтің айтуында «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің сөзімен айтылған «Қайран, көкем» әндері сақталғанын» айтады [7, 104].

Сондай-ақ, Ғ.Бисенова өзінің зерттеу еңбегінде Абайдың 60-қа жуық әні бар екенін атап өтеді және олардың қатарында «Жас әйел алған шалдарға» атты туындыны да көрсетеді. Ғалым бұдан әрі әндерді мазмұнына қарай жіктеп, топтастырған. Бірақ бұл аттас ән тізімге енбеген. Тіпті, ғылыми еңбектің кейінгі тарауларында бұл туралы ешқандай мәлімет берілмеген. Жинақ соңында берілген әндердің ноталық үлгілері арасынан да аталмыш туынды көрінбейді. Сондықтан бұл шығарманың нақты қандай шығарма екені қазіргі таңда белгісіз. Мүмкін бұл халықтық сарынмен айтылған «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңі болуы ықтимал деген жорамал ғана айтуға болады.

Консерватория қорындағы экспедициялық кітапша тізімінде Абайға қатысты «Тоты құс түсті көбелек» (екі адамнан жазылған), «Жігіттер, ойын – арзан,
күлкі – қымбат», М.Мұхаметжанова орындап қалдырған «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Абайдың толғауы» секілді әндер де бар. Өкінішке қарай, белгілі себептермен қолымызға тимеді.

*  *  *

Қазақ өнерінің бір саласы – эпикалық-жыршылық дәстүр. Бұл бүгінгі күнде Сыр, Батыс және Жетісу өңірінде барынша сақталған. Осы өңірлермен салыстырғанда, өткен ғасырдың ортасынан бері Арқа, Шығыс өңірлерінде жыр айту кенжелеп, бүгінгі күні үзіліп қалды. Мұның себебін ғалымдар Арқадағы әншілік өнердің алға шығуымен байланыстырады. Болмаса Жанақ, Арыстанбай, кешегі сал-серілер, бертінгі Шашубай, Майасар, Құлтумалар эпик жыршы болғаны анық.

Арқа өңірінде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлудың» Жанақ нұсқасы көп айтылған. Б.Ерзакович Ш.Әбеновтің жеткізуі бойынша кіріспесінен бастап, «Сарыбайды жоқтауы», «Қарабайдың қайғысы», «Сақау кемпірдің қарғысы», «Таңсықтың жермен қоштасуы», «Таңсыққа шешесінің айтқан мақалы», «Бетпақ дала туралы», «Айбастың Таңсыққа кездесуі», «Таңсықтың Айбасқа қайтарған жауабы», «Қозы-Көрпештің зары», «Қозы-Көрпештің Баянға кездесуі», «Баянның жауабы», «Баянның зары», «Баянның өмірмен қоштасуы», «Таңсықтың Баянды жоқтауы» секілді бөлімдердің барлығы бөлек әуенмен орындалғанын таратып жазып, жырдың музыкалық құрылымын кең зерттеп, музыкалық талдау жасайды [55, 156–229]. Бұл турасында Ғ.Бисенова: «Бейсенбай Жақыпбеков (Жәнібекұлы. Т.Жұртбай) көп жылдар Абай айналасында болды.

Ол тек Абай әндерін ғана таратқан жоқ, ол көптеген жыр-дастандардың білгірі. Бейсенбай туралы кейінгілердің естелігінде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының әртүрлі эпизодтарына байланысты өз жанынан шығарған он жеті әуен нұсқалары болған. Ш.Әбеновтың жеткізген әуен ішіндегі «Баян сұлу зары» Бейсенбай шығарған әуен болуы мүмкін» [7, 117], – деген ой айтады. Бұл деректен Шыңғыстау өңірінде жыршылық дәстүрдің ерекше дамығанын, өзіндік сипат алып, шығармашылық тұрғыда түрленіп, көркемдік жағынан байытылғанын, ежелден келе жатқан жырлар осы аймақта қайта өңделіп, жергілікті жыршылардың орындау мәнері мен орындаушылық шеберлігі арқылы жаңа өң, тың сипат алғанын байқауға болады.

Бұл бағыттағы Абай шығармашылығында көрінген жаңалық – оның поэмалары (дастандары). Ақынның жаңаша тұрпаттағы поэмаларының ел ішінде құмарта, таласа-тармаса айтылғаны айдан анық. Оны Ахаттың Шәкәрім дастандарына қарата: «Ләйлі – Мәжнүн», «Дубровский» поэмаларын ел баспаға басылмай-ақ жаттап алды» [22, 795] – дегенінен де көруге болады.

Абай поэмалары халықтық жыр сарындарымен ауызша дәстүрде кең айтылып, өткен ғасырдан бастап жинақталып, бірнеше нұсқалары сол тұстағы ғылыми еңбектерде басылды. Сондай-ақ, кейінгі айтушылардың орындауында да сақталып жетті. Осыған орай, Абай поэмаларының халық арасында ертеден айтылған түр-нұсқаларын да назарға алып, түсінік беруді орынды деп санадық.

Ескендір. Қазақ даласына таралған дастандардың бірі – Ескендір туралы аңыздар. Мұның бірнеше үлгісін Г.И.Гизлер, К.Төлеутаев, Б.Ерзакович секілді ғалымдар еңбегінен көруге болады. Ескендір тұлғасы Абай шығармашылығынан да орын алып, Шыңғыстау өлкесінде кең айтылды.

М.Әуезов: «Абайдың оригиналдық поэмасы үш шығарма: «Масғұт», «Ескендір», «Әзім». Бұл үш поэманың бәрі де ақынның қазақ өмірінен, өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де шығыстық дастан аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылады. Тегінде, Абай бірнеше өлеңдерінде поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізденетін… Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік, адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін… Бірақ жалпы алғанда, көлемдері азғана, оқиға, сюжеттері шағын шыққан осы поэмалардың да негізгі идеясы мен мақсаты Абайдың көп лирикалық шығармаларындай, ұстаздық тәрбиелік ойларға арналғанын көреміз» [37, 186], – дейді.

Г.И.Гизлер еңбегінде Семей өңірінен мәтінсіз жазып алған алты ноталық үлгі беріледі, соның алтыншысына «Мелодия №6. Песня о Искандер-хане и его делах» деп, Ескендір жыры екеніне түсінік берілген [140, 149]. Мұны Б.Ерзакович: «Бұл әскерімен Сырдария өңіріне дейін келген Александр Македонский туралы Г.И.Гизлердің соңғы жазып алған әні» [141, 132], – деп көрсетеді.

Ескендір. Гизлер

Мұндай «Ескендір. II» (№71) деген атпен А.Затаевич те Батыс өңірінің Бөкей бөлімінде Шамбулат Кударов деген адамнан мәтінсіз жазып алып, «500 ән-күй» жинағына енгізген [72, 510].

Ескендір. 500 ән

А.Затаевичтің «1000 ән», «500 ән-күй» жинақтары – қазақтың музыкалық фольклорының алғашқы жүйелі басылымдарының бірі екені белгілі. Алайда осы еңбектерде әндердің тек ноталық үлгілері беріліп, олардың мәтіні көп жағдайда назардан тыс қалған.

Осы жинақтарды қалпына келтіру мақсатында 2007 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «500 ән-күйдің» жаңа басылымын жарыққа шығарды. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде бұрын мәтінсіз берілген көптеген әндердің сөздері қойылып, ноталық жазбалар поэзиялық өлшемдерге сәйкестендірілді.

Алайда мұндағы кейбір музыкалық шығармаларға сәйестендірілген мәтіндер белгілі бір жағдайда ғылыми күмән туындатады. Атап айтқанда, жоғарыдағы «Ескендір. II» әуеніне Абайдың «Ескендір» поэмасының мәтіні жазылып, әуеннің ырғақ жүйесі өлең өлшеміне қарай қойылған. Біріншіден, әуен Арқа және Шығыс Қазақстан өңіріне тән музыкалық-поэтикалық шығармашылық дәстүрден алшақ. Екіншіден, А.В.Затаевич қазақ ән-күйлерін жинақтаған кезең – ХХ ғасырдың 20-жылдарының басы екенін ескерсек, ол уақытта Абайдың 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағы Батыс Қазақстан өңіріне кеңінен таралып, «Ескендір» жырланып үлгерді ме? Осы тұрғыдан алғанда, Орал өңірінен жазылып алынған әуенге Абай поэмасының мәтінінің қосылуы – музыкалық мұра мен әдеби мәтін арасындағы үйлесімнен гөрі редакция тарапынан болған сәйкестендіру екені байқалады.

Ескендір. ЖАҢА 500 ӘН

Сондай-ақ, «1000 ән» жинағында Әлкей Өтекиннің орындауында «Ескендір. Жаяу Мұсаның әні (II)» деген осы аттас ән берілген. Ол кейіннен З.Қоспақовтың Жаяу Мұса әндерінен құрастырған «Ақ сиса» жинағына

Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда не бір арман.
Қайтсек те бір амалын табамыз деп,
Ізденіп мәңгі суын оған барған.

Бәріміз бір кісінің баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз.
Бұл дүние ешкімге де бермес опа,
Жеріне бабаң барған барасыңыз. –

деген мәтінмен енген [142, 92]. Мәтіннің қайдан алынғаны жазылмаған.

Б.Ерзаковичтің жоғарыда аталған еңбегінде: «Александр Македонский жайлы жырды К.Төлеутаев 1972 жылы «Ескендір Зұлқарнайын қиссасы» деген атпен балқаштық А.Ақышевтан жазып алған. Жыр мәтіні Абайдың «Ескендір» поэмасы бойынша орындалған» [141, 132], – дейді. Әрі осы еңбекте «Ескендірдің» үш нұсқасын салыстыра көрсетеді.

Ескендір. Ерзаковичтен

Б.Ерзакович: «Ескендір туралы үш әннің әуенін салыстыра қарастырғанда аздаған өзгешеліктері болмаса, айтылуы және әуені жағынан ортақтық бар. Алдыңғы екі түрінің мәтіні белгісіз», – деп жазған [141, 133]. Бірақ Б.Ерзакович мәтіні белгісіз алдыңғы екі нұсқаны да, соңғысын да Абайдың «Ескендір» поэмасының мәтінімен берген. Ноталық жазбада берілген жырдың әуені Арқа, шығыс өңіріндегі «Түсіпхан», «Жетім бала», «Қабанбай батыр» секілді жыр сарындарымен ортақтығы байқалады.

Қобызшы Ә.Қазақбаевтың жеке қорынан 2014 жылы К.Байсейітова атын­дағы Қазақ Ұлттық өнер университеті Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының ШҚО бойынша жасаған экспедициясы кезінде семейлік жыршы Дүйсенғазы Нығметжановтан жазылған Абайдың «Ескендір» дастаны алынды [143]. Д.Нығметжанов – қазақтың «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Сәтбек батыр», «Қалқа­ман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», т.б. көптеген жырларын жатқа айтушы, республика­ға белгілі эпик жыршы.

Д.Нығметжанов айтуындағы «Ескендір» де халықтық сарынмен айтылған. Жыршы 11 буынды жырларға осы жыр сарынын көп пайдаланады. Бұл осы күнде айтыс ақындарының да әуені ретінде қолданылып жүр. Мәтінінде айтарлықтай өзгешеліктер де бар.

Масғұт. Ғалым Т.Жұртбай: «ШҚО Абай ауданы Қызыл ту совхозы Қазақстан бөлімшесінде тұратын қиссашы Күмісбек Әбілахашов көптеген қиссаларды білетін еді. 1980 жылдары жазушы Д.Рамазанға сол кісінің орындауында «Түсіпхан», «Қалқаман–Мамыр», Әсеттің «Ақсақ француз» қиссаларын жаздырттым, ол әзір де өзімде бар. Ал «Қалқаман–Мамыр» қиссасы туралы 1972 жылы «Қиссашы шопан» деген атпен «Жас Алашқа» мақала жазғам. Сол қиссалардың ішінде Абайдың «Ескендір» мен «Масғұтын» әуенмен айтатын.

Ей, Күмісбектің күнгейі,
Күнге қарап күліп тұр.
Күміс бастау, бал бұлақ,
Бұтағына иіп тұр… –

деп басталатын өзінің көрген-білгенін, жаңағы жыр-қиссалардың атын қосып айтатын өлеңі де бар болатын. Қиссаны айтқан кезде сөздің мәніне, жырдағы оқиғалардың әртүрлі дамуына байланысты бір әуеннің өзін түрлентіп, құбылтып отыратын», – деп Күмісбектің әуенімен Абайдың «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңін айтып берді. Біз оны «Масғұттың» сөзімен беріп отырмыз.

Масғұт. Т. Жұртбай

Ә.Қазақбаевтың жеке қорынан жоғарыда аталған экспедиция кезінде жазылған дастандардың тағы бірі – «Масғұт» [143]. Орындаушысы – Наукенов Сали Қалиұлы. С.Наукенов дастаннан үзінді ғана айтқан, ұзақтығы – 4 минут.

Масғұт Сали Қалиев

Орындаушы дәстүрлі жыршылық мектептің өкілі емес. Ал әуені халықтық сарын болғанымен, белгілі бір шығармамен байланысы бар. Анығында, шығарма екінші жартысынан бастап соңына дейін Сыр өңірінен шыққан ардагер өнерпаз Әлмырза Ноғайбаев орындауындағы С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» поэмасының әуенімен айтылған. «Ақсақ киік» поэмасы өткен ғасырдың 70–80-жылдары Ә.Ноғайбаевтың айтуында халық арасына кеңінен таралып, мәлім болғаны белгілі. Ал бұл әуеннің арғы негізі бүгінгі күні орындалып жүрген Кете Жүсіптің «Ер жігіт», Базар жыраудың «Суық сөз құлаққа емес, көңілге мұз…» шығармаларының Сыр мақамы жатыр.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы