Бізге жеткен Абайдың әндері мен күйлері
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Қара жерге бас ұрып сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен,
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?
Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
О да білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті.
Мен көрдім асық жардан уәдесіздік,
Өмірдің қызығынан күдер үздік.
Жылы жүрек суыды, жара түсті,
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік.
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің,
Кімді көрсең – бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.
Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың.
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын. Абай аудармаларының ішіндегі әнге айналған өлеңнің бірі – «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын». Шығарма В.А.Крыловтан аударылған. Өлең түпнұсқада төрт шумақ болса, аудармада бес шумақ және 2-ші және 3-шумақтардың орны ауыстырылғаны болмаса, түпнұсқаның негізгі мазмұны сақталған. Тек 5-шумақты ақын өз жанынан қосқан. Бұл бүгінде ақынның «Абай толғаулары» деген атпен («Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма») орындалып жүрген әннің бір шумағы болып та айтылады. Өлең дәстүрлі aaba ұйқасымен, 11 буынды (3+4+4) қара өлең үлгісінде жазылған. Бірақ өлеңнің бунақтағы буын саны толық сақтала бермейді, 4+3+4 болып жазылған тармақтар да бар.
Өлең мен әннің тууына байланысты В.Дернова: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» және «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деген екі ән – халық арасына кең тараған А.Рубенштейннің «Күйреген жүрек» («Разбитое сердце») романсының және А.А.Дельвиг сөзіне жазылған Глинканың «Күзгі бүрікпе жаңбыр емес» («Не осенний мелкий дождичек») деген әнінің аудармасы болып саналады. «Күйреген жүрек» романсын 40-жылдарда (19 ғасыр) Рудольф Левенштейннің неміс тіліндегі тексті бойынша А.Рубенштейн жазып алады да, 1871 жылы Виктор Крылов орысша аудармасы бойынша Петербургта басып шығарады. Баспадан шыққан соң көп ұзамай-ақ сүйемелсіз хор үшін, цитра үшін, үрмелі оркестр үшін үйлестірушілер пайда болды. Мұның өзі романстың кеңінен тарап кеткендігінің дәлелі. Аударма 1898 жылы жасалған. Абай «Күйреген жүрек» романсының сөзін бір жерден оқыған шығар деп ойлаудың мүмкіндігі жоқ, өлеңді тікелей аудармаған, Абайға ән ретінде ауызша жетіп, ақын әннің орындалуын сөз жоқ естіді» [5, 52–53], – деген кесімді пікір айтады.
Ал Қ.Мұқаметханов өлең текстологиясына тоқтала келіп, аударманың орысша аудармасының авторы жайлы мынандай мәлімет береді: «Өлеңнің негізгі авторы қазіргі күнде көпшілік оқушы жұртшылыққа белгісіз, ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген орыс жазушысы Виктор Александрович Крылов (1838–1906), псевдонимы Виктор Александров. В.А.Крыловтың өлеңдер жинағы 1898 жылы С.-Петербургте басылған. Ақын өлеңдер жинағын төрт бөлімге бөлген. Жинақтың үшінші бөлімінің 159–166-беттерінде неміс тілінен (Левенштейннен) алты өлең аударған (1. «Непонятно», 2. «У окна», 3. «Спор», 4. «Успокоенье»,
5. «Расставанье», 6. «Разбитое сердце»). Соның ең соңғы «Разбитое сердце» деген өлең Абай аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңі. (Осы өлең текстіне композитор А.Рубенштейн музыка жазып, орыс халқына белгілі романсқа айналған). Абай бұл өлеңді сол 1898 жылы кітап болып шыққан В.А.Крылов жинағынан аударған деуге болады. Абай жинақтарында өлеңнің екінші, үшінші шумақтарының орны ауысып шатақ басылып жүргенін көріп отырмыз. Бірінші шумақтан кейін «Мен көрдім сынық қанат көбелекті» деп басталатын өлең, оның соңынан «Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік» деп басталатын өлең шумағы келуі керек» [86, 98], – деп, В.А.Крыловтың өлеңін берген.
Бұл әннен екі түр жеткен. М.Әуезов пен М.Мұхаметжанованың жеткізгені – әннің І түрдің екі нұсқасы, ал Т. Арғынбаев жеткізгені – әннің II түрі болып саналады. М.Әуезов нұсқасы 1940 жылғы жинаққа [10] және АМТ жинағында жарияланса [5, 47], АСҚ жинағына үшеуі де жарияланған [6, 66–67]. Сонымен бірге, бұл жинаққа бұрын-соңды еш жинақтарда жарияланбаған Т.Рахимов нұсқасы (І түрдің ІІІ нұсқасы) тұңғыш рет еніп отыр [8], [14] және М.Мұхаметжанова орындауында консерватория қорынан табылған бір үлгі де салыстырмалы түрде беріліп отыр.
№1.1. Бұл нұсқаны 1939 жылы М.Әуезовтің орындауында Л.Хамиди нотаға түсірген. Ән 1940 жылғы жинақта 2/4 өлшем бойынша түсірілсе, кейінгі АМТ, АСҚ жинақтарында лады мен әуені өзгермегенімен, 6/8 өлшем жүйесіне ауысқан. Біз әнді алдымен 1940 жылғы жинақ бойынша беріп отырмыз. Әннің құрылымы өте қарапайым, сұрақ-жауап үлгісіндегі екі түрлі музыкалық құрылымға негізделген. Бірінші музыкалық фраза – а, екіншісі – b, үшіншісі – а, төртіншісі – b. Үшінші музыкалық құрылымдағы октава төмен берілген субтерцияны айтпасақ, өзге тұстары қайталау. Осы себепті әнді бір ғана музыкалық ойды білдіретін сөйлемнен тұрады деуге болады. Қайталаудың музыкалық құрылымды ұлғайтпайтыны белгілі. Әннің арқауын эолиялық лад құрайды. Тұрақты сатылары I, V, VI. Мұнда ешқандай ладтық ауысулар жоқ.
№1.1.(а) Бұл АМТ жинағы бойынша беріліп отыр. Алдымен алдыңғы ноталық жазба мен төмендегі ноталық жазбада сәл айырмашылық бар. Мұнда триольдар алынып тасталған және бұл АСҚ жинағына I түр болып енген.
№1.2. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінің тағы бір үлгісі – М.Мұхаметжанова нұсқасы. Нотаға түсірген – Қ.Жүзбасов. Онда нотаға алғашқы шумақ қана берілген және мәтіндік өзгерістер бар. 1-шумақтың «Бас ұрып қара жерге сұлағанын» дейтін 2-тармағы «Қара жерге бас ұрып сұлағанын» болып, «Жапырағы сарғайып, өлімсіреп» дейтін 2-тармағы «Сарғайып жапырағы, өлімсіреп» болып өзгерген. Ал 4-тармақтағы алғашқы бунақ басына «Бұл» сөзі қосылғандықтан буын саны 4-ке артса, керісінше 2-бунақтағы «кім тыңдайд(ы)» сөзінің соңғы буыны қысқарып, 3-ке кеміген.
№1.2.(а) Консерваторияның фольклорлық зертхана қорында сақталған М.Мұхаметжанова орындауы АСҚ жинағындағы ноталық үлгі бірдей – cis эолиялық ладында орындалып, нотаға түскен. Мұхаметжанова әннің үш шумағын орындаған [15], [16]. 1-шумағы жоғарыдағы үлгімен бірдей болғанмен, соңғы тармақ «Ол байғұстың кім білер (немесе кім білсін) жылағанын» болып айтылған. 2-шумақтағы «Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, Кімге батар ол байғұс тартқан күйік» дейтін 3, 4-тармақтары «Қансырап, қабақ түскен, қапаланып, Ол байғұсты кім ұғар, тартқан күйік» болып және 3-шумақтың «Күн шуаққа жылынан қалт-құлт етіп» болып келетін 3-тармағы «Бейшара күн шуақта қалт-құлт етіп» деп айтылған. Жалпы М.Мұхаметжанова айтуында жеткен нұсқалардың көпшілігінде әуендік жүйеге лайықтап, өлеңдегі бунақтардың орын ауысуы жиі кездеседі.
Қ.Жүзбасов түсірген ноталық үлгі мен консерватория қорындағы Мұхаметжанова орындаған екі нұсқада аздаған айырмашылықтар бар. Бірінші, Қ.Жүзбасов түсірген нұсқа табиғи минорлық ладта айтылса, аудио нұсқасында гармониялық минор (VII саты жоғары) ерекшелігі бар. Екінші, Қ.Жүзбасов түсірген нұсқаның диапазоны децима болса, аудио нұсқаның диапазоны терцдецимаға тең. Гармониялық минор ерекшелігін Ғ.Бисенова да қарастырып, оң пікір білдіргенімен, өз еңбегінде М.Әуезов нұсқасын ұсынған.
Ал М.Мұхаметжанова Қазақтелевидениесінің Алтын қорында сақталған «Абайдың музыкалық мұрасы» хабарында осы әнді табиғи минорда ғана орындап шыққан, VII сатының жоғарылауы кездеспейді[107].
№1.3. Т.Рахимов орындауындағы «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әні 1995 жылы айтылған. Әннің әуендік құрылымы abab. Ән әуенінің негізі М.Әуезов нұсқасынан алынғаны анық көрінеді. Әуезов үлгісіндегі октава төмен берілген субтерция мұнда жоқ. 3, 4-әуендік жол алдыңғы екі жол секілді, қайталанған қостармақ үлгісінде айтылады. Алдыңғы №1.1 және №1.3 нұсқаларына қарағанда диапазон жағынан шағын – октава. Осы нұсқа Т.Рахимов орындауында Семейдің Абай атындағы музыкалық-драма театрында қойылған «Әміре» спектаклінің музыкалық лейтмотиві болды. Ән мәтінінде өзгерістер жоқ.
Алдыңғы зерттеушілердің ән басындағы сексталық секірісті Рубинштейн романсының соңындағы сексталық секіріске жақындатуы мен әуен ішіндегі триольдық ырғақтарды «Рубинштейн романсындағы үш үлесті вальстық өлшемнің жаңғырығы болуы мүмкін» деген салыстырулары және жалпы орыс әндері мен романстарына ұқсатуы ақынның бұл әніне де қаратылып айтылған. Пікірлер де әртүрлі болған.
Г.Шомбалова: «Орысшадан аударылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлең нағыз қазақтың халық өлеңінің ұйқасымен (үлгісімен) жазылған. Ән мелодиясының интонациялық сымбаты да, ритмикалық суреті де қазақтың халық дәстүрінен едәуір шегінген, мұның өзі сөз жоқ, Абайдың жаңа түр іздеу арқылы тапқан нәтижесі еді»[4, 91–92], – десе, А.Жұбанов: «Сол сияқты «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінде де халықтық ән формасы басым. Әрине, бұл әннің мелодиялық дамуында бірқатар жаңалықтар бар. Әсіресе, Абай музыка сөйлемінің ортасында бір дыбысты созып, шырқатып тұрмайды. Ол сөзге көбірек мән беруден, бірінші жоспарға кейбір әндерінде сөзін қоюдан болуы мүмкін. Соның өзінде ол қазақ интонациясынан кетпейді. Ал сөзді бөлу – речитативті түйін қазақ музыкасында тағы бар қасиет. Ондай әндер де аз емес. Айтарымыз – Абай ән шығаруға қазақтың халықтық бай музыка интонациясын жақсы біліп, сол бір ән мұхитын аралап, жүзіп келді»[46, 116], – дейді.
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінің табиғатында терең ой мен мұң бар. Бұл жөнінде Ғ.Бисенова: «Сонымен қатар, Абай аударма жасай отырып, оның әуенін де бірге шығарады. Ақын әуенді орыс әндерінен алынған әуен емес, басқаға ұқсамайтын, өзінің түпнұсқа әуені қылып шығарады. Рубинштейнге қарағанда әуен ойлы, ол – «Күйреген жүрек» (Разбитое сердце) өлеңінде бар қайғылы интонациялар болуы мүмкін… »[7, 77], – деп Абай әуенінің өзіндік әуен екенін айтады.
№1.4. Абай әндері фортепианоға лайықталып өңделгенін жинақ басында айтқан болатынбыз. 1994 жылы шыққан «Абай әндері» жинағында әннің Әуезов жеткізген нұсқаның фортепианоға лайықталған екі үлгісі кездеседі[45, 43–46]. Әнді М.Әуезовтен жазып алған да, оны өңдеген де Л.Хамиди (екінші өңдеген Д.Ботбаев). Алайда өңдеу барысында қайырмалық әуен қосылған.
№2.1. Бұл әннің екінші түрін Б.Ерзакович 1938 жылы Т.Арғынбаевтың орындауында нотаға түсірген. Әуен алдыңғы нұсқалардан мүлде бөлек, «халалай, алалай» секілді алексикалардан тұратын қайырмалары халықтық әуенге жақындатып, Абай стилінен алшақтата түседі. Сондай-ақ, ән 1983 жылы Біржан сал әндерінен құрастырылған «Ләйлім шырақ» жинағында (құрастырушылар: Б.Ерзакович, Ә.Дербісалин, З.Қоспақов) Біржан салдың Абай сөзіне жазылған әні болып жарияланса[108, 93], 1986 жылы жарық көрген АСҚ жинағында Абай әндерінің қатарына қосылған. Әннің Біржанға қатысы жөнінде В.Дернова: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген әнді Б.Ерзакович Т.Арғынбаевтан жазып аларда Абай сөзіне шығарылған осы әннің авторының Біржан екендігін айтқан» – деген дерек береді[5, 53]. Бірақ өлеңнің жазылған жылы мен әннің шығарылған жылына сәйкес келмейтін тұстары бар. Ақынның 1909 жылдан басталған академиялық жинақтарының бәрінде өлең 1898 жылы жазылған (аударылған) деп көрсетілген болса, Біржан сал одан бір жыл бұрын, 1897 жылы (Дерновада 1887 деп қате берілген. Е.Ш.) дүние салған.
Осы тұста Абай мен Біржан кездесуі жайынан сөз қозғасақ. Екі тұлғаның кездесуі тарихта болғаны рас. Ол жайында М.Әуезов шығармаларында: «Абай жастарға өз әнімен қатар, әсіресе, елдің ескі ән-күйлерін көп тапсырған. Өз тұсындағы атақты әншілерден Біржан, Әсет, Мұқа сияқтыларды қонақ етіп, аулында ұзақ-ұзақ уақыт сақтағаны да бар. Мысалы, Біржаннан ән үйрен деп өзінің тоқалы Әйгерімге де тапсырады. Бұл жасында ірі әнші болған әйел екен. Сол Әйгерім жас шағында Біржаннан ән үйренгенін айтып кеп: «Абайдың айтуынша Біржан ақын емес, әнші еді. Ал әншілігінің ерекшелігі дауысы өте зор еді. Қыстауда отырып салған әні Тізесуға естілетін. Өзіме осыдан ән үйрен деп Абай тапсырды. Біржанды жаз бойы қонақ қып сақтады» дейді» – деп жазады[2, 231]. Бұл оқиғаны А.Жұбанов та «Біржанның творчестволық өмірінде болған үлкен бір оқиға – оның Абай ауылына баруы» дей келіп, бір-бірін бағалауы, Абайдың Біржанға әсер етуі, Біржанның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығару» жайынан сөз қозғайды[46, 47–48].
Шыңғыстау өңірінің шежіреші ақсақалы, абайтанушы Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» еңбегінде де екі алыптың кездесуін: «Аралтөбе аяғында Абай қыстауынан бір жарым шақырым қашықтықта «Тізесу» дейтін шұрылдаған су орны бар. «Тізесу» деп суы бетіне шығып жататын болған соң аталған секілді. Бұл жер халқымыздың ұлы сазгері, ұлы әншісі Біржан салды көрген кезде кеудесіне шалғынын төсеген жер. Біржан көктемде, қар кетіп жатқанда келген. – Абай «сасық қамал қыстауда қарсы алмаймын» – деп, салға арнап Тізесуда үй тіккізді. «Бір балама босанып, орауда отыр едім. Даусының несін айтайын, Тізесуда отырып салған Біржанның әні там үйде отырған маған қасымда отырып ән салғандай естілуші еді» – депті Әйгерім» – деп жазады[109, 505].
Жоғарыда айтылғандай, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңінің жазылған жылы 1909 жылғы жинақтан бастап барлығында 1898 жыл болып беріліп келеді. Осыған байланысты екі тұлғаның кездесуінің қай жылы болғанын және сол арқылы «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңінің де жазылған жылын анықтаудағы тың пікірлердің бірін абайтанушы ғалым А.Омаров айтады. Ол жоғарыдағы Б.Исабаев еңбегінде айтылған Біржанның Тізесуға келуін Әрхам Ысқақов естелігінен кездестіргенін айта келіп1, былайша тұжырым жасайды: «…Әйгерім 1886 жылдың жазғытұрымын айтқан. Тексерейік. Әйгерімнен Тұрағұл, Мекәйіл, Ізкәйіл, Кенже туған. Тұңғышы Тұрағұл 1875 жылы Ақшоқы қыстауында дүниеге келген. Екінші ұлы Мекәйіл 1884 жылы Бөріліде, үшінші ұлы Ізкәйіл он жыл кейінде, 1895 жылы Аралтөбеде дүниеге келгені мәлім. Ортаншы ұлы Мекәйілдің туған жеріне зейін қоялық. 1885 жылы Абай кіші ауылын (Әйгерім ауылы) Бөріліден Аралтөбеге көшірген-ді. Неге? Себебі, Бөріліні Мұхаңның атасы Әуез бастатқан Қожа әулетіне босатып береді (бұған дейін Қожа ауылы Шыңғыс тауының Қызылшоқы деген жерін қоныстанған). Міне, Абайдың нәрестелі болған Әйгерімге арнап, сол маңдағы Аралтөбе деген жерден жаңадан там – «қамал қора» соққан себебі осы». – Біржан сол жылдың жазын Абай ауылында өткізеді. – «Осы айтылғандар Біржан 1886 жылдың жазын Абай ауылында өткізген деп тұжыруға мүмкіндік береді» – дейді ғалым[110, 9]. Яғни, ғалымның бұл сөзінен Біржан сал «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне сол келген 1886 жылы ән шығарған дегенді меңзейді.
Сондай-ақ, А.Омаров осы кездесудегі «Абайдың Біржанға әсер еткенінің дәлелі – Біржанның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығаруы» десе, «Біржанның Абайға әсері «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген ән өнері туралы тұңғыш өлеңінің дүниеге келуі, ол өлең «ақынның Біржанды ерекше қадір тұтқанының куәсі есепті» дейді.
Бірақ ғалым ақынның бұл өлеңі де («Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа») «1896 жылғы» деп он жылға қате таңбаланып жүр, Абайдың әнге арнаған өлеңі екеу ғана: біреуі – «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», екіншісі – «Құлақтан кіріп бойды алар». Соңғының жазылу тарихын Тұрағұлдан естиік: «Әнді өлең қып суреттегенінің себебі: мен де жасымда ақын шығармын деп аз-маз өлең жазып жүргенімде, әнді өлең қып қарайыншы деп едім, қисынын келтіре алмадым. Содан соң әкеме айттым: әнді өлең етіп суреттеңізші деп, сонан соң айтып еді, оған жалғас күйді суреттеп: «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деген өлеңді жазды». Бұл 1897 жылы болған оқиға. Ән туралы екінші өлең не себептен жазылғанын Тұрағұлдан білдік. Егер «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңі де осы кездері жазылса, Тұрағұл мұндай кесек туындыны естелігінде атап-ақ өтер еді. Өлең мүлде аталмаған. Неге? Себебі, ол он жыл бұрынғы туынды, ол күнде Тұраш небәрі он жастағы жеткіншек. Абай жинақтарында бұл өлеңнің 1896 жылғы кілең ойшылдық шығармалар арасында «арпа ішінде бір бидай» сияқтанатыны бұл пайымды бекіте түседі – дейді[110,9].
Сонымен, ғалымның айтуынша, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» жинақтардағыдай 1898 жылы емес, Біржан келгенге дейін 1885 жылы, ал «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» 1896 жылы емес, Біржан келгеннен кейін соның әсерінен 1884–1886 жылдары жазылған дегенді меңзейді және өзінің Абай өлеңдерінің «Жаңаша үлгідегі жинағына» да солай енгізген[58, 57], [111, 111].
Ал енді әннің әуені, құрылымы жайына келгенде А.Жұбанов: «Біржанның музыкасы, әрине, біз білетін Абайдың вариантына жанаспайды. Мұнда әншінің творчестволық дәстүрі сақталған. Ән бірден үлкен дыбыстық секіру арқылы басталмай, баспалдақтап төменнен жоғары қарай өрлеп шығады. Өте жұмсақ, ойлы, философиялық астары бар шығарма. Ән сөзінің мәнін, сырын Біржан өзінше ашады, өзінше музыка тілімен талқылайды. Мұнда өзінің музыкалық қазынасына Абай ауылына барғаннан қосылған жаңа арна бар екені сезіледі» – дейді[46, 47].
2011 жылы Алматы қаласында өткен «Біржан деп атым шықты алты алашқа» атты концертте композитордың бұрын орындалмаған әндері айтылып, соның ішінде «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» да айтылған болатын. Соның қарсаңында осы мәндес пікіріміздің үзіндісі А.Омаровтың мақаласында берілген екен. Кейіннен бұл пікір өзгергенін ескертеміз. Себебі, біріншіден, әннің негізінде Біржан салдың «Жамбас сипар» әні тұрғаны бірден байқалады (В.Дернова композитордың «Біржан сал» әнімен салыстырады). Екіншіден, Абай сөзімен орындалған көптеген халық әндері жеткенін білеміз. Сол себепті, әннің бұл түрін Абай әндерінің қатарына қосуды жөн деп санамаймыз. Әннің бұл түріне тоқталудың басты себебі – әннің ертеректегі жинақтар мен зерттеу еңбектерде Абай әндері қатарынан қарастырылып, жарияланғандығынан. Соған байланысты анығын айтып, түсінік беру – міндет.
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» – ақынның музыкалық мұраларының ішіндегі кең таралмаған ән болғанмен, музыкалық тілі бай, драмалық сипаты терең, диапазоны кең ірі шығармалардың бірі деп толық айтуға болады.
Жинаққа мәтіндері жинақ бойынша түзетіліп, нотаға әуен ырғағына қарай бунақ орындары ауыстырылып түсірілді. Инвариант үлгі ретінде М.Мұхаметжанова мен Т.Рахимов нұсқалары алынды.
_____________________________
1Негізі Ә.Ысқақов естелігінде бұл оқиға айтылмайды. Әсілі, А.Омаров мұны Мінәш (Мәрия) Әрхамқызынан немесе Б.Исабаевтан естісе керек. Оның себебін Б.Исабаевтың ұлы Шағжан Исабаев: «Менің әкем КазПедТехникумда оқыды, шешем педучилищеде оқыды. 1952 жылы отбасын құрды. Сол аралықта менің шешем Мінәш Әрхамқызының үйінде тұрып оқыған. Әкем барады, елдің бәрін таниды, әңгімелеседі. Менің ойымша, әкем осы әңгімені Мінәш апамыздан естіген болу керек» – дейді.
Есіңде бар ма жас күнің. Абай Құнанбайұлының музыкалық мұрасы бүгінге дейін қатталып, түптеліп, түгенделді дегеннің өзінде көптеген әндері әлі күнге айтылмай, болмаса сирек орындалып келеді. Сондай әндер қатарына «Есіңде бар ма жас күнің» әнін қосуға болады.
Тұрағұлдың естелігінде: «Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма», «Есіңде бар ма жас күнің» деген өлеңдері өзінің қартайып бара жатқандағысын айтқаны» – деп жазады[1, 199]. Өлеңдегі жастығын аңсаған сағынышты күй ерекше музыкалық бояулармен әрленіп, өлеңнің мазмұны мен мәнін тереңдете түскен.
Бұл өлең ақынның 1909 жылғы жинағында жарияланған. Содан бергідегі барлық жинақтарда аздаған текстологиялық түзетулермен жарық көріп келеді. «Есіңде бар ма жас күнің» 5+3; 4+3 бунақты, 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған бес шумақты өлең. Ұйқасы abab, aaaa, aaba болып әр тармақта әртүрлі құрылған.
Әнді 1984 жылы Қ.Жүзбасов М.Мұхаметжанованың орындауында нотаға түсіріп, 1986 жылғы АСҚ жинағына жариялаған[6, 70].
Қ.Жүзбасов: «Мәкен орындауындағы ерекшелік – ол әнді толық екі шумақ өлеңмен айтады»[11, 232], – дейді. Соған қарағанда, М.Мұхаметжанова әннің 1, 3-шумақтарын ән кеудесі, 2, 4-шумақтарды қайырма ретінде орындаса керек.
Әннің екі шумағындағы әуендік дыбыс қатарлары бірдей көрінгенмен, өзгешеліктер бар. Қ.Жүзбасов нота жазбасына 1, 3-шумақтарды орналастырған.
1-шумақтың алғашқы әуендік жолы VII сатыдан кварталық секіріс арқылы басталса, 2-шумақтың алғашқы әуендік жолы V сатыдан сексталық секіріс арқылы басталған. Әсілі, 2-шумақтың басталуын негіз етіп алған дұрыс деп ойлаймыз. М.Мұхаметжанова орындауындағы әннің дәл осылай басталуы «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінде де кездеседі. Екі шумақтың алғашқы әуендік жолдарының басталуындағы осы өзгеріс болмаса, қалған әуен бірдей жүреді. Мұнда да гармониялық минор кездеседі. М.Мұхаметжанова гармониялық минор арқылы қайырмалық сипат берген секілді.
Осы әннің әуенімен айтылған Абайдың басқа өлең-әні жөнінде айтпай кетуге болмайды. Ол В.Дернованың «Абайдың музыкалық мұрасы» мақаласынан бастау алған. Онда әнші Т.Арғынбаев «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деген өлеңімен қарапайым, жеңіл әуен орындайтыны айтылған және сол әннің нотасы ұсынылған[4, 107] (қосымшадан оқи аласыздар).
Осы мақаланың негізінде Ғ.Бисенова өз монографиясында: «…Темірболат Арғынбаев Абайдың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңімен қарапайым әуен айтқан болар. Бірақ 1960 жылы Алматы консерваторияның фольклорлық кабинетінде дәл осындай мәтіні бар тағы бір ән жазылды. Орындаушы М.Мұхаметжанова оны шынымен Абайға тиесілі дейді. Шынында да, бұл әуезді нұсқа әлдеқайда қызықты және өте маңызды, бұл Абайдың әндеріне өте жақын», – деген ойын айтып, М.Мұхаметжанова орындауындағы «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» әнінің нотасын берген[7, 31–32].
Байқағанымыздай, әннің басқа өлшемде түсірілгені болмаса, «Ғашықтың тілі – тілсіз тілдің» әуені «Есіңде бар ма жас күнің» әнінің әуенімен бір болып тұр. Тек бұл нұсқада дориялық ладтың кездесуіне байланысты скрипка кілтіне алтыншы бемоль қойылмаған. Ал гармониялық минор бояуы әннің ең соңында ғана кездеседі.
Ғ.Бисенова жеткізіп отырған М. Мұхаметжанова айтуындағы ән консерваторияның «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» әні консерваторияның ҒЗФЗ қорынан табылмады. Мұндағы мәселе – бір орындаушының бір әуенді екі мәтінмен айтып, екі түрлі атаумен жеткізуінде. Ғылымда қайсысы бұрын сөз болса, соның алдыға шығатыны заңдылық. Бірақ «Есіңде бар ма жас күнің» әні «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» әнінен кейін жазылса да, әнінің екі шумағындағы екі түрлі әуен байлығы екі-ақ шумақты «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңінен көрінбей қалатыны айқын. Ертең орындаушылардың «Есіңде бар ма жас күнің» мәтінімен оны ары қарай дамытып, түрлендіріп айтуы болашақта да жетіліп, кең таралуына мүмкіндік береді. 2009–2010 жылдардан бастап бұл ән Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасының оқу процесінде Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» әні ретінде енгізіліп, сол атпен тұрақты түрде үйретіліп келеді. Аталған тәжірибелік себептерге байланысты туынды осы атаумен ұсынылып отыр.
Сүйсіне алмадым, сүймедім. Абайдың музыкалық мұрасының ішінде еленбей, айтылмай жүргендердің бірі – «Сүйсіне алмадым, сүймедім» әні. Өлең 1899 жылы жазылып, ән де шығарылған. Поэзиялық құрылысы 7-8 буынды үлгіде жазылған төрт тармақтан ғана тұрады, яғни, бір шумақ өлең. Айтылмай жүруі де бір шумақ болуынан болса керек.
№1.1. Әнді Б.Ерзакович 1954 жылы М.Әуезовтің орындауында жазып алып, нотаға түсірген. Ән алғаш рет АМТ жинағына, кейіннен АСҚ жинағына жарияланған. Салыстыру мақсатында ноталық үлгіге транспозиция жасалды.
Әннің 1, 2, 3-әуендік жолдары I сатыдан септималық, октавалық және децималық секірістер арқылы дамып, әуендік жүйе құрайды. Әуеннің құрылымы мен дамуынан өлең мазмұнымен астасып, терең драмалық сипатта кең өріс алғанын байқауға болады.
№1.2. Әннің екінші бір нұсқасы консерватория қорында сақталған
М.Мұхаметжанованың орындауында жетіп отыр[15], [16]. Бұл нұсқа бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Нотаға алғаш түсірілді.
М.Мұхаметжанова бір шумақты екі рет қайталап орындаған. Әуен алдыңғы нұсқадай емес, V сатыдан кварталық, субкварталық секіріспен басталған. 2-әуендік жолдағы октавалық секіріс ақынның алдыңғы әндерінде кездеспеген. 3-әуендік жолдағы секіріс бірде октавалық, бірде децималық болып естілгендіктен, екі нұсқасы да ұсынылды (жақша ішінде). Алдыңғы нұсқада децималық секіріс бар және 3-әуендік жолда VII сатының жоғарылауы байқалады. Екі нұсқаның негізгі жүйесі бір болғанмен алшақтықтар жоқ емес, интонация жағынан тек 4-әуендік жолда ғана бірігеді.
Абай әндерінде кездесетін VII сатының жоғарылауы (гармониялық минор) көбінесе орындаушылар тарапынан пайда болған секілді. Алдыңғы орындаушыларда Ә.Ысқақов, Ж.Елебеков, М.Әуезов секілді орындаушыларда кездеспейтін гармониялық минор М.Мұхаметжановада жиі байқалады. Мұның екінші себебін Т.Қоңыратбай: «Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» секілді лирикалық әндері орыстың қалалық романсы емес, халықтық дәстүрде көрінеді. Олардың музыкалық құрылымы мен тілінен гармониялық минорды кездестіру қиын. Ол кейінгі кәсіби композиторлардың Абай әндерін Вена классикалық мектебіне тән гармониялық үндестік жүйесімен өңдеуінен туған өзгерістер болатын»[99, 307–308], – деп түсіндіреді.
Жалпы, екі нұсқаның екеуінде де өзіне тән интонациялық жүйесі бар. Екі әуен де саздылығымен тартымды. Жинаққа екі нұсқасы да берілді.