Бізге жеткен Абайдың әндері мен күйлері
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші – қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар –
Қар жауса да, сөнер ме?
Талаппен ұшып, талпынып,
Шартарапты көздемес.
Пайданы қуып алқынып,
Өзгені әсте сөз демес.
Кеудесі толған қулық ой,
Бәрі де пысық, езбе емес.
Құмары оның айт пен той,
Пайда мен мақтан – өзге емес.
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтап, шалқып, шатпай ма?
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын бұлдап сатпай ма?
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма,
Махаббат, ғадауат пен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?!
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма,
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма,
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?!
Сонда жауап бере алман мен бейшара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
Қарашада өмір тұр. «Қарашада өмір тұр» – Абайдың 1894 жылы жазған өлеңі. Өлең 7-8 буын үлгісінде 4 тармақты, 6 шумақтан тұрады. Өлеңдегі b ұйқасы әр 8-тармақта аяқталып отырады. Яғни, abab cbcb. Әр екі шумақта жаңа ұйқас құрылады. Бұл турасында музыкатанушы Г.Шомбалова: «Абай қазақтың өлеңінің структурасына жаңа формалар енгізді. Жаңалықтардың бірі – өлеңмен жазылған дәстүрлі құрылысты жолдардан жаңа шумақтар жасау болып табылады. Біздің ойымызша, оған «Қарашада өмір тұр» әнінің мәтіні мысал бола алады. Мұнда сегіз буынды төрт жолды емес, абабсбсб болып ұйқастырылған сегіз жолды шумақ құрылған» [4, 95], – деп, өлеңнің әр шумағын сегіз жолды деген ой айтады.
№1.1. Ән үш түрлі атпен жазылып алынған. Алғаш А Бимбоэс 1919–1922 жылдар арасында «Шакарим. №1» және «Шакарим. Частушка №2» деген атпен екі ән жазып алып, «Қырғыздың 25 әні» мақаласына енгізген. Соның алғашқысы «Шакарим №1».
Бұл жөнінде Т.Бекхожина «Аманат» жинағында: «Аты аталған жинақтың ішінде «№1 Шакарим», «№2 Шакарим [частушка]» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген» [31, 11–12], – деп жазады.
Әуеннің арқауын эолиялық лад құрайды, әуендік құрылымы aabc. Әуен V сатыда аяқталып отырады.
№1.2. Әнді екінші рет А.В.Затаевич Фаиз Сәдуақасов деген адамнан «Тілек батам» деген атпен жазып алып, «1000 ән» жинағына енгізген. Әнге берілген түсініктерінде: «На слова Ахмета Байтурсынова» деп жазылған [35, 281, 407]. Шындығында, А.Байтұрсынұлы шығармаларында «Тілек батам» өлеңі Абай үлгісінде жазылған, құрылымы «Қарашада өмір тұр» өлеңімен бір [98, 80].
Байқағанымыздай, А.Бимбоэс пен А.Затаевичтің жазып алған нұсқалары бір-біріне өте жақын. Әнді жеткізушілердің құбылтып орындағаны болмаса, екі әннің де ырғағы, негізгі әуендік интонациясы бір деп айтуға болады. Алдыңғы нұсқада 1, 2-әуендік жолдар қайталанса, екінші нұсқада сәл өзгешелік бар. 3-әуендік жолдың басы екі нұсқада да бірдей квинталық секірістен басталады, бірдей қайталанады. 4-әуендік жолдағы әуендік мәтін бір-бірінен өзгеше болғанмен, ән соңы V сатыдан аяқталады. Қазақ әндерінде әннің бұлай V сатыда аяқталуы өте сирек кездеседі. Бұл екі нұсқа да кейінгі жинақтардың ешқайсысында жарияланған емес.
№1.3. Үшінші рет осы әнді композитор Л.Хамиди 1935 жылы Ә.Ысқақовтан Абайдың «Қарашада өмір тұр» деген әні деп жазып алады. Бір қызығы, А.Бимбоэс мақаласындағы: «Шакарим (частушка) I. Обыватель-киргиз когда в своем доме, рокочет, как бурная река, а когда предстанет перед людьми, тих, как ягненок» деген ән мазмұнының аудармасы [9, 72] Абайдың «Қарашада өмір тұр» өлеңіне қарағанда, «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңімен мазмұндас екені көрінеді («Өз үйінде өзендей, Күркірейді айтса дау, Кісі алдында кірбеңдеп, Шабан, шардақ және шау»). Иә, «Қарашада өмір тұр» мен «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңдерінің құрылымы бір-бірінен алшақ емес. Әсілі, жеткізуші әнді осы өлең сөзімен айтып, мазмұнын түсіндіріп, ән авторын Шәкәрім деп берсе керек.
АСҚ жинағында әннің екі түрі беріліп, Ә.Ысқақов нұсқасы соның І түрі болып жарияланған [6, 62–63]. Жинақ соңындағы түсінікте: «Ж.Елебековтің орындауынан 1944 жылы Алматыда Л.Хамиди нотаға түсірген, «АМТ», №29» деп жазылған. «Абай» энциклопедиясында да осындай мәлімет берілген. «АМТ, №29» сілтемесі бойынша әнді салыстырғанымызда, АМТ мен АСҚ жинағындағы ноталар бірдей болып шықты. Бірақ АМТ жинағының алфавиттік көрсеткішінде «Хабарлаушы А.Искаков, жазып алушы Л.Хамиди. 1935» деп көрсетілген. Осы ноталық жазба айна қатесіз 1940 жылғы жинақта олардан бұрын жарияланған. Алғаш 1940 жылғы жинаққа жарияланғандықтан, бұл нұсқаны 1935 жылы Ә.Ысқақовтан жазып алынған нұсқа деп қабылдағанымыз дұрыс. Бұл жерде АМТ және АСҚ жинағын құрастырушылардан қателік кеткен сияқты. Ал Ж.Елебековтің «Қарашада өмір тұр» әнін айтқаны жетпеген.
Әннің басталуында Ә.Ысқақов айтуындағы «Желсіз түнде жарық аймен» ортақтық бар. Ә.Ысқақов нұсқасының басқа өлшемде түсірілгені болмаса, қайырмаға дейінгі әуен мен ырғақ алдыңғы екі нұсқаға ұқсас. 1.1, 1.2 нұсқадағы 3-тармақ басында кездесетін квинталық секіріс бұл нұсқада жоқ. Алдыңғы екі нұсқада 3-әуендік жолдың соңғы сөйлемдері (көңіл жүр, оты бар) IV, VII сатылар арасында сатылап түсумен өрнектелсе, Ә.Ысқақов нұсқасы алдыңғы нұсқалардан үш музыкалық сөйлеммен ерекшеленеді: алдымен – 3-әуендік жолдың соңғы фразасының жоғарғы IV сатыдан төменгі IV сатыға дейін төмендеуі; екінші – осы төмендеуде әуендік ладтың ауысуы бар. Бұл Біржан салдың «Ақтентек», «Жоныпалды» әндерін еске түсіреді; үшінші – қайырма қосылған.
Әннің қайырмасы жайында Г.Шомбалова: «Бұл тоғыз тактылы ән шумағының мелодиялық негізгі мазмұнына шумақтың екінші жартысын қайталауды қамтитын кеңінен дамыған 9 тактылы мелодиялық қайырма қосылған. Қайырма қосу арқылы ән шумағының формасын дамыта отырып, Абай тегінде қазақтың халықтық дәстүрлі формасына сүйенеді. Ән шумағының екінші жартысындағы қайырманың мелодиясына подтекстовка пайдаланбаған, оны істегенде текстің структурасы мен әннің мелодиясы толық сәйкес келген болар еді. Құрылысының күрделілігі жағынан және мелодияның жалпы сипаты жағынан бұл ән «Айттым сәлем, қалам қас» әніне жақындайды» [4, 95], – десе, Ғ.Бисенова: «Абай әдетте, қазақ халық әндерінде көп кездесетін «ахау», «ай», «сәулем-ай» сияқты кірістірілген сөздерді, үзінділерді, лепті сөздерді немесе қайырмалық «гиккай», «халалай» т.б. сөздерді қолданбайды. Осы жағынан келгенде «Қарашада өмір тұр» әні бөлек тұр», – деп ән қайырмаларына байланысты өзінің ойын айтады [14, 101]. Ал Т.Қоңыратбай: «Абай әндерінің музыкалық үн-әуені лирика, оның да эпикалық стильмен ұштасқан ауыр түрі. Онда ойнақшыған ырғақ, секірген музыкалық әуен кездесе бермейді. Ақынның лирикасы қазақ тұрмысындағы әлеуметтік-этикалық нормалардан асып кетпейді. Әрбір шығармасының мағынасы терең, бояуы қою, мазмұны шыншыл келеді» [99, 308], – дейді.
Қайырмаға байланысты тағы бір айтар сөз – әннің Жаяу Мұса әндерімен үндес келуі. Бірі жазба әдебиет, екіншісі кәсіби ән өнерінің өкілі, екеуі де бір кезеңде өмір сүрді. Екеуінің де музыкалық шығармашылығы Арқа ән дәстүрінің негізінде жеке-жеке қалыптасты.
Абай мен Жаяу Мұса әндерінің өзара жақындығы жайында музыкатанушы ғалым А.Бердібай: «Абай Құнанбайұлы және оның замандасы, сал-серілік бағытты ұстанған Жаяу Мұса Байжанұлының музыкалық-поэзиялық құрылымдарын салыстырғанда, 4 тармақты, 7 буынды шумақ формасы соңғы тұлғаның (Жаяу Мұсаның – Е.Ш.) 66 әнінің 7 нұсқасында, ал Абай шығармашылығының жартысына жуық әндерінде кездеседі. Бұл олардың әрқайсысының эстетикалық-дүниетанымдық алғышарттарын белгілеп дәлелдейді», – деп олардың музыкалық-поэзиялық өлшемдер арқылы жаңалық әкелгені жөнінде ой айтады [100, 58].
Рас, музыкалық-поэзиялық құрылым жағынан жақындық білінеді. Бұған мысал ретінде Жаяу Мұсаның «Сапар», «Шолпан туса», «Сылқым соқ» секілді әндерін алуға болады. Олардың да өлең өлшемі де 7-8 буынды және қайырмадағы әуен лад жағынан өзгеше болса да (бірі эолиялық ладта, екіншісі иониялық ладта) сарындас келеді. Сол ұқсастықты «Сапар», «Шолпан туса», «Шормановқа» әндерінің қайырмаларынан байқауға болады.
Жаяу Мұса. «Сапар»
Жаяу Мұса. «Шолпан туса»
Жалпы, Абай әндеріне алексикалық сөздер мен одағайлар тән емес екенін ескерсек, бұл әннің ақынға тиесілі екеніне күмән жоқ емес. Бірақ мұндай қайырмалар орындаушылар тарапынан қосылып кетуі де мүмкін.
№1.4. Әннің ендігі бір нұсқасын М.Мұхаметжанованың орындауында Қ.Жүзбасов нотаға түсірген. Ол Ә.Ысқақов пен М.Мұхаметжанова нұсқасына байланысты «Абай» энциклопедиясында: «Әннің осы екі түрі бір-бірінен сәл өзгерістері болмаса, негізгі түпнұсқасы тұтастықты танытады. Әннің әуен-сазы мен ырғағы, құрылысы жағынан төрт жолды өлең кестесін негізге алса, қайырмасы халық әнші-ақындарының тәсілдерімен үндес, сарындас» [19, 353], – дейді. Ән АСҚ жинағында ІІ түр болып берілген [13, 63].
М.Мұхаметжанова әннің екі шумағын (Негізі шумақ сегіз жолдан тұрады – abab, cbcb. Шартты түрде екі шумақ деп алып отырмыз) екі түрлі орындаған. Алғашқы әуендік жолдағы төменгі бағыттағы квинталық секіріс (өмір тұр) келесі әуендік жолда кездеспейді. 1.1, 1.2 нұсқадағы 3-әуендік жол басында кездесетін жоғарғы бағыттағы квинталық секіріс бұл нұсқада сақталған. 3-әуендік жолдың соңғы фразасындағы сөйлем (көңіл жүр, оты бар) терциялық интервалдар арқылы жасалған.
Әннің осы күнге дейін орындалмай келе жатқаны рас. Бұл әуенді 2013 жылы әнші Е.Рысқали Шәкәрімнің 155 жылдығына арналған кеште Шәкәрімнің өз әні бар «Тыныштық жоқ, тыным жоқ» әнінің сөзімен айтқан. Ол әнді Т.Бекхожина Ахат Шәкәрімұлынан жазып алып, «Аманат» жинағына енгізген. «Тыныштық жоқ, тыным жоқ» әнін неге өз әуенімен айтпағанын Е.Рысқалидың өзінен сұрағанымызда: «Ол өлеңнің өз әні барынан хабардармын, бірақ ән мелодиясы мұңлы, әуені де сәл жұтаңдау болды. Сондықтан Шәкәрімнің көптен орындалмай жүрген, А.Бимбоэс пен А.Затаевич нотаға түсірген әннің әуенімен айттым. Оның үстіне «Тыныштық жоқ, тыным жоқ» өлеңі құрылысы жағынан әнге дәл келді», – деп жауап берді. Алғашқыда әнді А.Бимбоэс «№1. Шакарим» деп жазып алғандықтан, әнші Шәкәрімге тиесілі әуеннің жарыққа шыға беруін қалаған сияқты және «Қарашада өмір тұр» әніне қатысы барынан хабарсыз да болуы мүмкін. Мұны біз де құптап, СЖСА жинағында: «Қалай болғанда да мұны Шәкәрімнің ұмытылған бір әнінің жарыққа шығуы деп түсінген жөн шығар», – деген едік. Себебі, А.Бимбоэста «Шәкәрім» деп, А.Затаевичте «Тілек батам», Л.Хамиди мен Қ.Жүзбасовта «Қарашада өмір тұр» деп аталып, ән авторы Шәкәрім, енді бірде Абай болып, адастыра берген соң айтқан болатынбыз. Оған себеп – бірінші, қайырмадағы алексикалық сөздер орындаушылар тарапынан қосылған болса да, Абайға тән болмағандықтан Абай әні екеніне күмән болды. Екіншіден, ән алғаш «Шакарим» деп жазылып алынған. Үшіншіден, Шәкәрім әндерінде де алексикалық сөздер кездеспегенмен, оның «Сұраған жанға сәлем айт», «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек», «Жаңа ойдан шығарған бір бөлек бұл ән», «Жаңа әнім – байғазым», «Жаның сүйген жарың болса», «Кейіме кәрі жан» секілді әндерінде (ән кеудесінде болмаса да қайырмасында кездеседі) жеңіл ырғақ бар. Сол үшін әннің Шәкәрімге тиесілі екендігіне сенім болды.
Тағы бір айта кетер ой, жоғарыда Т.Жұртбай айтқандай («Көзімнің қарасы, түсінікті қараңыз)», Шәкәрім халық жауы боп атылып кеткеннен кейін Шәкәрімнің жаңғырығы жүрсін деген оймен Шәкәрімнің сөзін Абайдың әніне немесе Абайдың сөзін Шәкәрімнің әніне салып айту кезінде ауысып кетуі де мүмкін.
Ал А.Бимбоэс жазып алған «№2. Шакарим» әнінің әуені де біркелкі ырғақтағы ән. Оның мәтінімен жазылған нотасын өткен ғасырдың 60-жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы З.А.Визель атақты композитор А.К.Глазуновтың Ленинград қаласындағы архивінен тауып алғанын Т.Бекхожина «Аманат» жинағында жазады [31, 13]. Кейіннен В.Дернова құрастырған «Народная музыка в Казахстане» мақалалар жинағында басылды [9, 82]. Ол мәтінді Шәкәрім жинақтарымен салыстырып қарағанымызда «Тағы сорлы қазақ» деген өлеңі болып шықты [101, 227].
«Қарашада өмір тұр» – болашақта өзінің зерттелуін күтіп тұрған әндердің бірі. Себебі, әннің жинақталуынан бастап, стильдік ерекшелігіне дейінгі ойлар әннің нақты ақынға тиесілі екеніне күмәнді де күдікті ойлар тудырады. Алайда, жинаққа ақынның ұрпақтарының орындауында жазылып алынғандығы ескеріліп, Ә.Ысқақов пен М.Мұхаметжанова орындауында жеткен нұсқалары инвариант үлгі ретінде енгізілді.
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа. Абай адам өміріндегі ән мен күйдің алар орнын айрықша бағалаған. Адам баласының өмірге келіп-кеткен аралықтағы қысқа ғұмырының әнмен басталып, әнмен аяқталарын «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп екі ауыз сөзбен терең сипаттап берген.
Абай осы бір ән туралы жазған өлеңіне ғажап ән де шығарған. Өлең 11 буынды, 4+3+4 бунақты қара өлең үлгісінде жазылған, 9 шумақтан тұрады. Өлеңнің 7-шумағы 6 тармақтан тұрады. Алғаш 1909 жылғы жинаққа енген.
Әнді 1935 жылы Л.Хамиди Ә.Ысқақовтан жазып алған. Ән алғаш 1940 жылғы жинақтан бастап [10], АМТ [5, 43], АСҚ жинақтарының барлығында жарияланып келеді [6, 65].
Өлең құрылысының он бір буынды, халықтық қара өлең үлгісінде жазылуы оның әуеніне де әсер еткен. Әннің музыкалық мазмұны, құрылымы, диапазоны Арқа өңірінің кең тынысты әндеріне өте жақын, тіпті Естайдың «Ақжалмаш» әнін еске түсіреді.
Әуендегі синкопалық ырғақтар М.Мұхаметжанова жеткізген «Біреуден біреу артылса» әнінде ішінара кездескені болмаса, әуеннің бірден синкопалық ырғақпен басталуы бұған дейінгі әндерде кездесе қоймайды. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» баяу орындалатын ән болғандықтан, бұл ырғақтар орындау кезінде жадағайланып, сөзімен де, әуенімен де бірігіп, қабысып кетеді. Негізгі салмақ орындаушының өзінде деуге болады.
Бұл ән көптеген музыка зерттеушілерінің назарына ілініп, жақсы әсер қалдырған. А.Жұбанов: «Мысалы, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген әнінде, сөзсіз, арқаның ән дәстүрі көрінеді. Ол әннің формасынан да, интервалдық секірулерінен де, сөздің буындарына сай келетін белгілі созатын, көтеретін жерлерінен де көрінеді»[46, 112] – десе, Г.Шомбалова: «Абайдың көптеген әндерінің негізі халық өлеңдеріне құрылды. Кейде біз ақын әндерінің халықтық әуенге және халық әнінің формасы құрылысына жақындығын байқаймыз. Л.Хамиди жазып алған «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген әні осыған орайлас. Бұл ән құрылысы жағынан болсын, интонациясы, шапшаңдық сыпаты речитативті-тақпақ сымбаты жөнінен болсын қазақтың халық әндерінің құрылысына тым жақын келеді» [4, 90], – деп әуендік құрылым ерекшелігіне баға береді.
Бұл ән Ә.Ысқақовтың орындауында ғана жеткен. Кейінгі әншілер арасында орындағандар кездескен емес. Сол себепті, жинаққа Ә.Ысқақов орындауына сүйеніп, метрикалық өзгерістер жасай отырып, домбыра аспабына лайықталып беріліп отыр.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма. Абайдың өмірінің соңында жазған реквием сипатындағы өлеңі – «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма». 1909 жылғы жинақта К.Ысқақұлы: «Бұрын да айтылып еді, Абай бала жасынан, қазақтың тәуір жігіті партияда күшті боламын деп талап қылғаннан басқаны ойламайтұғын уақытта өсті деп. Сол себепті жазушылықтың өзі де екінші дәрежеде қалып, салақ болып, берірек ұлғайыңқыраған кезінде өкініш түсіп, жасынан ғылым жолында болмай, қазақтың айғайымен жүргендіктен, кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып, яки ғибрат алмаққа жарамайтұғын, ақылға сыйымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан, өзінің тәрбиесіз, үлгісіз өскен өмірін айтып, надан елдің ішінде неше түрлі машақат, әурешілікпен бойды ыза кернеп, өткен қатем болса, аяп, аз сөге көріңдер деп жазғаны» [50, 104–112], – десе, Тұрағұл Абайұлы өз естелігінде: «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңді қалай өскен, қандай тәлім алған, қандай халықтың ортасында болған, ой кірген соң не қылған? – соларын қысқаша айтып, биография есебінде жазған» [1, 199], – деп түсінік береді.
Өлең 11 буынды, 4+3+4 бунақты (ішінара 3+4+4) қара өлең үлгісінде жазылған, 7 шумақтан тұрады.
№1.1. Әнді Л.Хамиди 1935 жылы Ә.Ысқақовтың орындауында жазып алған. Ән 1940 жылғы жинақтан бастап, кейінгі ән жинақтарының барлығында жарияланып келеді.
Әуен табиғатында халық әні және халық композиторлары әндерінің элементтері байқалады, қара өлең үлгісі әуенді өз табиғатына қарай бейімдегені көрінеді. Әнде халық әндерінің ізі жатқанымен, ақынның өзіне тән әуендік, ырғақтық ерекшеліктері айқын білінеді. Баяу ырғақ, тосын төменгі-жоғарғы секірістер – Абай әндерінде кездесіп отыратын өрнектер. Тек өзгеріс АСҚ жинағында екінші әуендік жолдың соңғы фразасында (қыз болмай ма) қатар тұрған триольдардың барлығы II сатыға жазылған.
№1.2. Абайдікі делінетін осы аттас әннің бір түрін Т.Рахимов орындаған. Жоғарыда аталған «Құлақтан кіріп бойды алар» хабарындағы «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» әнінің кіріспе сөзінде Т.Базарбаев: «Сіздерге ұсынып отырған соңғы әніміз «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма». Бұл Абайдың 1940 жылғы жинағына кірген. Енді осының 1982 жылғы (1986 жыл. Е.Ш.) жинағының ішіне тағы бір варианты кіріп отыр. Сол түрін алып отырмыз. Ал енді осы әннің қазіргі айтылып жүргені жөнінде бір сөз айтайын деп отырмын. Қазіргі айтып жүрген әншілердің көбі жартысын қиып тастап орындап жүр. Сондықтан сөзі қайта-қайта екі рет қайталана береді. Біз сол қателікті түзетіп, әрбір шумақ бір-бір айтқанға, сосын қайырмасы… Абайдың өзінің формасына, стиліне жататын түрі осы» [8], [14], – деген түсінік береді.
Алайда 1986 жылы жарық көрген АСҚ жинағынан мұндай әнді көзіміз шалмады. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» әнінің Абай жинақтарында бір түрі ғана жарияланған. Т.Базарбаевтың бұл әуенді қай жинақтан алғанын біле алмадық. Енді соның негізіне үңілсек…
Бұл – әуелде Абайдың сөзіне жазылған Ж.Кәрменовтың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» әні. Кейінгі уақыттарда ақынның әр өлеңдерінен философиялық шумақтар қосылып, «Абай толғаулары» деген атпен орындалып келеді. Ж.Кәрменовтің өзі де толғау етіп орындаған.
«Бұл ән Қасым Аманжоловтікі екен. Қасым сонау бір жылдары Қарауылда тұратын жазушы Кәмен Оразалиннің үйіне қонақ боп барып, бірнеше күн аялдағанда осы әнді шығарып кетіпті-міс» деген әртүрлі сөз тарады. Бұл жайлы жазушы, ғалым Т.Жұртбайдан сұрағанымызда, бұл сөздің жалған, қауесет екенін айтты. Ж.Кәрменов бұл әнін өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ішінде шығарған. Ж.Елебеков пен С.Бегалиндердің алдында орындап, сынатып, алдарынан да өткен екен. Т.Жұртбайдың бұл сөзін Ж.Кәрменовтің жары Тұрар Бәйкенқызы да қуаттап, ол оқиғаның Ж.Кәрменовтің өзінің шаңырағында болғанын және Жүсекең әннің бір-екі иірімдерін жөнге келтіріп бергенін айтады.
Иә, Қасым музыкалық аспаптарда шебер ойнаған, музыкалық қабілеті жоғары болған, бүгінге жеткен бір-екі әні де бар. Сонымен қатар, «…Қасым сегіз қырлы, бір сырлы еді. Мысалы, неше түрлі музыка аспаптарында нотасыз-ақ ойнай беретін еді. Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңіне ән айтып, домбыра шертетін еді. Ол әнді Ғафу Қайырбеков білетін. Ән нотаға түсірілмеген»[105, 7–8], – дейді Қасымның ағасы Ахметжан Рахымжанов өзінің естеліктерінде. Жазушы Құрманбай Толыбаев: «Ол өлең жазғанда ылғи да домбырасын қолына алып, соның сазына ұйып, толғанатын еді. Оның өлеңдерінің әмәнда әуенді болатыны да содан еді. Қасым оншақты ән де шығарды»[105, 7–10], – дейді.
Өкінішке қарай, Қасымның әні бүгінге жетпей отыр. «Міне, мынау еді» дейтіндей нақты дәлел жоқ. Естеліктер мен ел аузындағы әңгімелерде айтылған Қасымның орындағаны Ә.Ысқақов жеткізген түрі ме әлде Абай еліне барғанда үйренген әннің басқа түр-нұсқасы ма, белгісіз. Себебі, Абай әндері Қазақстанның түкпір-түкпіріне әртүрлі түр-нұсқада тараған. Әдебиеттанушы ғалым Н.С.Смирнова өзінің «Песни Абая» мақаласында: «Ауызша айғақтар төңкеріске дейінгі жылдары Абайдың қай әні Қазақстанға кең тарағанын анықтауға мүмкіндік берді» – дей келіп, 10 әннің тізімін береді. Соның ішінде «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» да бар [106, 62].
Ән Ж.Кәрменовтің өз орындауында ұсынылып отыр.
Міне, Ж.Кәрменовтің ел ішінде айтылып, радио, теледидардан жиі беріліп тұратын әні – осы. Ж.Кәрменовтің орындауында екі шумағы нотаға түсірілді. Себебі, әр шумақтағы буын санының өзгермелілігіне және әншінің сезім күйіне байланысты ән иірімдері де әртүрлі құбылып отырады. Мұнда әннің 3, 4-тармақтары репризалы қайталау, яғни қайталанған қос тармақ болып айтылған. Жоғарыда Т.Базарбаевтың «сөзі екі рет қайталанады» дегені осы болса керек.
Ал Кәрменов үлгісіндегі 1 және 2-тармақтағы әуен Рахимовта 3, 4-тармақта да қайталанып, бір шумақ әуенін құраса, 3, 4-тармақтағы әуен келесі шумақта да реприза арқылы қайталанған қостармақ ретінде қайырма қызметін атқарған. Кейбір фразалардың басында пунктирлік ырғақтар байқалады. Әннің 1, 3-әуендік жолындағы алғашқы бунақтың соңын (өлсем орным қара жер) мейлінше созады (фермата) және осы әуендік жолдың соңы (сыз болмай ма) Ж.Кәрменовте V сатыға, Т.Рахимовта IV сатыда түйінделіп отырады. Қалған әуендік жолдар орындау кезіндегі әншінің ішкі интерпретациясына, сезіну халіне байланысты иірім-қайырымдармен аздаған өзгеріске түскен. Екі орындаушының бар айырмашылығы осы, әйтпесе, екеуі де бір ән.
Абайдың бұл әніне қатысты түсінік соңында Абайдың өз қолтаңбасы айқын көрініп тұрған, Ә.Ысқақов арқылы жеткен «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» әннің түпнұсқасы болып берілді. Ал Т.Рахимов айтқан әннің иесі – Ж.Кәрменов.
Ақынның дәл осы өлеңімен айтылған тағы бір ән 1994 жылы шыққан фортепианоға өңделген «Абай әндері» жинағында кездесті. Әуен халықтық сарынға жақын болғандықтан, қосымшаға енгізілді.