Абайдың әндері

Сұрғылт тұман дым бүркіп

Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл Құдаға!
Өлең айт,
Үйге қайт!

Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Белді бу,
Бетті жу!

(І-нұсқа)
Сұрғылт тұман-1
(ІІ-нұсқа)
Сұрғылт тұман-2

Бойы бұлғаң

Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
 
Өз ойында,
Тұл бойында
Бір міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
 
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
 
Кедейі – ер, 
Кеселі зор, 
Малды байдан сорлы жоқ. 
Аш көмектің, 
Жемдемектің, 
Босқа әлектің орны жоқ.
 
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы – баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген, 
Айтса көнген,
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан, 
Ақыл айтқан пенде жоқ.
 
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.
 
Су жуғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сыпыра жылмаң желбуаз?
Айтты – көндім,
Алды – бердім,
Енді өкіндім – өзіме аз.

Қараңғы түнде тау қалғып

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

(І-нұсқа)
(ІІ-нұсқа)
Қараңғы түнде тау қалғып

ТҮСІНІКТЕР

Сұрғылт тұман дым бүркіп. «Сұрғылт тұман дым бүркіп» – М.Глинканың «Не осенний мелкий дождичек» романсының аудармасы. Өлеңі А.Дельвигтікі. Абайдың бұл әніне және әннің тағдырына байланысты әртүрлі әңгімелер бар. Соның алғашқысын Шәкәрім әндерін насихаттаушы әнші К.Өлмесеков айтқан еді: «Ән Абайдың әні емес, Ақылбайдың әні. Ол туралы Ахат естеліктерінде жазылған, тіпті, бұл әнге Қабыш Құдайбердиевтің қосқан жауабы бар». Әншінің бұлай деуінің себебі «Сұраған жанға сәлем айт» жинағын құрастыру барысында белгілі болды және «Сұрғылт тұман. Ақылбай» деп жазылғаны жеке ән дәптерінен де кезікті. Онда Қабыштың да қосқан сөздері бар. Яғни, әнші солай үйренген [8].

Осы жайға байланысты әртүрлі еңбектерді қарастырғанда Т.Ибрагимов [83], Т.Жұртбай [84], А.Мұхаметқалиқызы [85] сынды зерттеушілердің ойлары Ахат қолжазбасымен үндес және әннің дүниеге келу тарихы да ұқсас болды.

Т.Ибрагимов «Жер әңгімеші» кітабында: «Сұрғылт тұман» Шағыл өзегінде 1892 жылы дүниеге келіп еді. Бас себепкер – Абай. Ол Ақылбай мен Әлмағамбетті мына іргесі тиіп тұрған Семей қаласына баруды кеңес етеді. Олардың алдына қойған мақсаттары: Семей қаласы қазақтарына тән, ал Шыңғыс өңіріне таңсық қазақ әндері, сондай-ақ орыс, татар әндерін және қала жұртына сіңісті болған күй, өзге саздарды үйреніп, игеріп қайту еді. Сол сияқты қобыз, скрипка, сырнай, өзге аспаптарды ойнауды үйреніп қайтуды да тапсырады. …Екеуі бірдей өнерге құштар және өз өнері тақау үндес жандар екі-үш ай ішінде қыруар олжаларға кенеліп қайтса керек…» –деп басталатын әңгіме Ақылбай мен Әлмағамбеттің қайтар жолда Семейден ұзап шығып, Шағыл төсіне келгенде Әлмағамбеттің Ақылбайға: «Олжалы қайтып барамыз, Абай аға да риза болар. Бірақ үнемі өзгелердің дүниесін апарып, жеткізіп, таратып жүрміз. Сізге өзгенің өлеңін аударып, ән шығару дағдылы ісіңіз ғой, енді өз жанымыздан бірдеңе шығарып апарсақ, қуантқан үстіне қуантсақ, жараспай ма?!» – деген екеуара әңгіме диалогтармен жалғасады. Ақыры шағылда ат шалдырып, сол жерде Ақылбайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіп» әні дүниеге келеді. «Бұл әннің мәтін авторы А.А.Дельвиг» [83, 33–35] – дейді.

Сонымен қатар, Т. Ибрагимов: «…Бұл өлең Абайдың 1909 жылғы Санкт-Петербургтан басылып шыққан жинағына енгізілмепті. Ел аузындағы әңгіме, аңыздарға қарағанда бұл дүние аудармамен қатар әуен, әуез сазымен қатар туғаны себепті ортаға көп жайылған. Соған қарамастан, бұл шығарманы Кәкітай мен Тұрағұлдың білмеуі мүмкін емес еді. «Сұрғылт тұманның» Абай аудармасы екендігіне тағы бір күмән тудыратын жай – бұл шығарманың Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1907, 1910 жылғы көшірмелерінде болмай шығуы. Ендеше: 1909 жылғы жинақты әзірлеу алдындағы Абай шығармаларын жинастырып, көшірмелерді топтастырған, ұйымдастырған бас иелері Кәкітай мен Тұрағұл екені белгілі. «Сұрғылт тұман дым бүркіптің» нақ авторы кім екенін нақ жете білетін де екеуі болса керек еді. Жинақ құрамындағы шығармаларды сан сұрыптап, сараптағанда Абайдың мұндай тамаша дүниесін алғашқы жинаққа қоспауының себебін екеуінің шешімінен аңғаруға болатын сияқты. Олардың шешімі бойынша 1909 жылғы жинағы «Сұрғылт тұманның» Абай аудармасы еместігіне сұрақ иесі жүгінгендей қалып бар» [83, 36] – деп, өлеңнің 1909 жылғы жинаққа енбеуін әннің Ақылбайға тиесілі болғандығынан екенін меңзейді..

Дәл осы әңгімені Т.Жұртбай: «…Бiр мысал, Семейдiң аэропорты орналасқан жер бұрын Шағыл деп аталған. Қазiргi Шағыл ол кезде Семейден көш жер алыс. Сәске ауа қос жолаушы ат шалдырып тұрғанда Ақылбай: «Абай аға: ал алты айда не үйренiп келдiңдер. Бойларыңа өнер қонды ма, көрсетiңдер десе, қайтемiз, Мұқа. Одан да өнер базарлығы болсын, сол кiсiнiң өзi орысшадан аударған бiр өлеңiне ән жазайық», – дейдi. Бұл пiкiрдi Абайдың скрипкашысы Мұқа Әлқанұлы құп алды.

…Ойларына ырғағы мен мақамы жағынан әнге икемдi «Сұрғылт тұман дым бүркiп» атты жолдар түседi. Қос скрипкашы қосыла безiлдетiп, өздерiне таныс, құлаққа сiңген орыс музыкасының iзiмен ән әуенiн iздейдi. Абайдың бұл өлеңі А.А.Дельвиг­тің (М.И.Глинканың. Е.Ш.)

Не осенний мелкий дождичек
Брызжет, брызжет скозь туман.
Слезы горькие льет молодец,
На свой бархатный кафтан –

деп басталатын романсы еді.

…Шағылдың таңын әнмен қарсы алған Ақылбайдың бұл әуені Абай әнi деп айтылып жүр. Бiздiңше, бұл әбестiк тәрiздi. Осындай мәдени салтанатпен барғанда Абай: «Әй, жарайсың, Ақылым. Түртпектеген ана Мұқа ғой. Өзiм де соны күткем. Киiмiң олақ, көңiлiң көл-ақ. Ақыл, сенi ширасын деп ем. Түзелiпсiң, ақтадың», – дептi. Кейiн Мағауия қайын жұртына аттанарда «он минутта ойына түскен» әйгiлi «Ақылбайдың әнi», – ұлы ақынның үлкен ұлының музыкалық талантын танытады» [84, 20–22] – дейді.

Ал осы оқиға Ахат Шәкәрімұлының «Менің әкем – халық ұлы Шәкерім» естелігінде: «Жастық туралы» әнінің шығу тарихынан да мына бір естелікті айтады: «Семейдегі бір музыкант орысқа скрипка алғызып бер деп тапсырған едім. Сол «скрипка алғыздым», – деп хабарлаған соң, жазғытұрым келіп, одан скрипка тартуды үйреніп, бұрынғы білетінімнен жақсы тартатын болдым. Бір ай Семейде жатып, Ақылбай екеуміз бір қайттық. Семейден ерте шығып, Шағылдың белесіне келіп отырмыз (Шағыл – қазіргі Семей қаласындағы Абай атындағы әуежайдың орны. Е.Ш.). Семейден қоңыраудың соғылған, барабанның айғай-шуы, неше түрлі дыбыстар естіліп тұрды. Мен Ақылбайға айттым: «Мынау естіліп тұрған дыбыстардан, мынау көктемнің ғажап көрінісінен бір ән менің ойыма оралып тұр» – деп. Содан скрипкаға бір сарын салдым. Ақылбайға: «Бір ән шығарам» – деп аулақ барып отырдым. Сол жерде «Жастық» туралы өлеңге ән шығардым. Ақылбай да бір ән шығарды» [22, 812] – деп жазады (Бұл естелік «Сегіз аяқтың №2.8 бөлімінде берілді).

Қарап отырсақ, Т.Ибрагимов, Т.Жұртбай, А.Шәкәрімұлы жеткізген оқиғаның өзегі де, ән тарихы да ортақ, әннің дүниеге келген жері де бір – Шағыл. Айырмашылығы – Ақылбайдың серігі бірінде – Әлмағамбет, бірінде – Мұқа, енді бірін­де – Шәкәрім. Ал бірінде – өлең мен ән тұтас Ақылбайға тиесілі болса, екіншісін­де – өлең Абайға, ән Ақылбайға тиесілі. Тек Ахат естелігінде ғана Ақылбайдың қандай ән шығарғаны нақты айтылмаған.

Ал, осы А.А.Дельвиг пен М.И.Глинканың шығармашылық бірлестігінен туған романстың тағдырының өзі қызық. А.А.Дельвиг пен М.И.Глинканың шығармашылық бірлестігі нәтижесінде туған «Не осенний мелкий дождичек» романсы ұзақ уақыт бойы не Глинканың, не Дельвигтің жинақтарына енбей, ауызша тараған. Бұл шығармаға жазылған музыка кейінірек Глинканың «Иван Сусанин» операсындағы Антониданың романсына пайдаланылған. Қолжазба 1946 жылы ғана Ленинградтағы Салтыков-Щедрин кітапханасынан табылған [5, 39], [39, 121].

Т.Жұртбай: «…Бұл деректерді алғаш салыстыра ашқан Әбіш Жиреншин. Ол кісі – музыкасы Абайдікі демеген. Өлеңнің әні барын біле тұрып, сілтеме жасамаған. Ақылбайдың туындысы екенінен де мағлұмдар ғалым сондықтан да өз түсініктемесіне енгізбеген. Бұл туралы деректердің мол мағлұматы абайтанушы Төкен Ибрагимовтың жеке қорында, көне көз қариялармен сөйлескендегі әңгімесін жазған үнтартқыш таспасында бар. Әрхам Ысқақовтың музейдегі жазбасында да емеурін деректер кездеседі. Ал, бұл әннің музыкасының ұқсауы – біріншіден: Ақылбай сол сапарда тыңдауы мүмкін. Соны пайдаланған шығар. Екіншіден: әннің біз естіген нұсқаларының әуені қазір өте сирек айтылатын осы әннен гөрі өзгерек. Демек, кейінгі музыка зерттеушілері иінге келтірген» [84, 22] – деп жоғарыдағы ойын жалғастырған.

Т.Жұртбайдың «сол сапарда тыңдауы мүмкін» дегенінде жан бар. Бұл ән сол заманда өте белгілі, елге кең таралған, халықтың, әсіресе жастардың көп орындаған әні болған. Ол жөнінде Ғ.Бисенова да: «Ән Абайға ауызша жеткізілуі мүмкін, өйткені, А.Дельвигтің өлеңдері де, М.Глинканың романстары да революцияға дейінгі кезеңдерде жарияланбаған. Абай әнді аударған уақытта («Не осенний мелкий дождичек») студенттер мен солдаттар арасында кеңінен таралып, айтылған. Қазақ ақыны әнді өзінің жер аударылған достарынан естуі мүмкін» [7, 80] – дейді.

Ал, Т.Жұртбай айтқан «музыканың ұқсауына» келсек, ән орыстың халық әніне де, Глинканың музыкасына да ұқсамайды. «Сұрғылт тұман» өз алдына дара ән.
Абай шығармаларының екі томдық жинағындағы (2013) өлеңге берілген түсінікте: «Сұрғылт тұман дым бүркіп» (1892) тексті Мүрсейіт қолжазбаларымен және кейінгі басылымдармен салыстырып берілді. Алғаш рет 1933 жылғы жинақта жарық көрген. Онда қолтума шығарма екені немесе аударма екені айтылмаған. Ал 1945 жылғы мерекелік бір томдықта: «Оспан өлімі жайлы жазылған өлең сияқты» – деген болжам айтылған. 1954 жылдан бергі басылымдарда бұл шығарма «Не осенний мелкий дождичек» деп басталатын орыстың халық өлеңінен аударма деген тұжырым қайталанып келеді. Шындығында мұны жартылай аударма деп бағалаған жөн. Өйткені Абай туындысының орыс өлеңіне ұқсас жерлері де, одан едәуір айырмашылығы да бар» [57, 254–256], – деп жазылған.

Қ.Мұқамедханов та «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» еңбегінде Абай өлеңдерінің бірі ретінде қарастырып, бұл өлеңді «Мүрсейіт қолжазбасынан алынған» деп көрсетіп, «бейіс» сөзіне ғана анықтама беріп өткен, бірақ аударма екендігі жөнінде сөз қозғамаған [86, 73].

Өлең тек 1933 жылғы жинақтан бастап қана жарық көрген. Одан кейінгі жинақтардағы түсініктерде Мүрсейіт қолжазбасы және кейінгі басылымдармен салыстырып берілді деген ғана сөз айтылады. Анығында Мүрсейіт қолжазбасында бұл өлең кездеспейді.

Сонымен, негізгі дереккөз – Семейдегі Абай қорық-мұражайының мұрағатындағы А.Шәкәрімұлының қолжазбасы болғандықтан, сондағы деректерге сүйендік. Қолжазбаның 161-бетінде өлең мазмұнына қарай салынған иллюстрациялық сурет берілген. 162–163-беттерінде «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын екі ауыз өлең де, оның әні де Абайдікі емес. Оның сөзі де, әні де Ақылбайдікі. Абайдікі деп қата басылып жүр», – деген ән-өлеңнің авторына қатысты үш ауыз сөз жазылған және өлең сөздері берілген. Мұндағы көңіл аударарлық жай – А.А.Дельвигтің 16 жолдық өлеңі үш адамның жазғаны болып, 12 шумаққа көбейіп аударылғандығы. Қазіргі айтылып жүрген 2 шумақ «Ақылбайдікі» десе, онан кейінгі 3 шумақ «Қабыштың қосқаны» (Шәкәрімнің ұлы) боп жазылған. Қалған 7 шумақ өлең «Менің қосқаным», – деп көрсетіліп, соңына «Құдайбердиев Ахат. 1922 жыл», – деп, аты-жөні мен жазған жылы көрсетілген [87, 162–163].

З.Ахметов айтқан «өлең басылымында кездеспеген текстологиялық өзгерістер» Ахат қолжазбасы мен әнші-орындаушылардан кездесті [11, 529]. Қазіргі айтылып жүрген екі шумақтың мәтінін Ахат қолжазбасы, Н.Алдажаров, К.Өлмесеков және А.Жікенов орындауындағы мәтінмен салыстырғанда байқалды.

Қазіргі мәтін:

Сұрғылт тұман дым бүркіп,     Атаңды анаң азғырып,
Барқыт бешпент сулайды.     Тұрғызбаған бейішке.
Жеңіменен көз сүртіп,            Алласы оны жазғырып,
Сұрланып жігіт жылайды.     Әкелді бастап кейіске.
Әйелмісің, жылама,                Әйелде ешбір опа жоқ,
Тәуекел қыл құдаға.               Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Өлең айт,                                Белді бу,
Үйге қайт!                                Бетті жу!

Ахат қолжазбасындағы мәтін: [87, 162]

Сұрғылт тұман дым бүркіп,          Атаңды анаң азғырып,
Барқыт пешпет сулайды.              Тұрғызбаған бейіске.
Жеңіменен көз сүртіп,                  Алласы оны жазғырып,
Томсарып жігіт жылайды.           Тастаған әкеп кейіске.
Әйелмісің, жылама,                      Әйелде ешбір опа жоқ,
Тәуекел ет құдаға.                        Бір күн жалын, бір күн шоқ.
Өлең айт,                                      Бетті жу,
Үйге қайт!                                     Белді бу!

Ән «Сарыарқа әндері» антологиясына Н.Алдажаровтың орындауындағы нұсқа негізінде нотаға түсіріліп, онда мәтіні ақынның жинақтарынан алынып жарияланған [33]. Бұған дыбыс жазбасының сапасының төмендігі себеп болған. Төменде ұсынылған мәтін аудиожазбадан есту негізінде шамамен жазылып, беріліп отыр.

Н.Алдажаров орындауындағы мәтін: [8]

Сұрғылт тұман дым бүркіп,                                  Атаңды анаң азғырып,
Барқыт белде (белге?) зулайды (сулайды?).  Тұрғызбаған бейіске.
Жеңіменен көз сүртіп,                                    Алласы оны жазғырып,
Томсарып жігіт жылайды                             Тастаған әкеп кейіске.
Әйелмісің, жылама,                                      Әйелде еш опа жоқ,
Тәуекел ет құдайға.                                       Бір күн жалын, бір күн шоқ.
Белді бу,                                                       Өлең айт,
Бетті жу!                                                       Үйге қайт!

Ән ел арасына кеңінен тарала қоймаған кезеңде оны алғаш орындаушылардың бірі – әнші К.Өлмесеков болды. Алайда оның орындауындағы жазбаны таспадан тыңдау техникалық жағынан айтарлықтай қиындық туғызды. Сондықтан бұл нұсқада тек әуенін нотаға түсіруге мүмкіндік туды. Ал ән мәтіні К.Өлмесековтің ән дәптеріндегі жазба нұсқасына сүйеніп берілді.

К.Өлмесековтің ән дәптеріндегі мәтін: [8]

Сұрғылт тұман дым бүркіп,               Атаңды анаң азғырып,
Барқыт бешпент сулайды.              Тұрғызбаған бейішке.
Жеңіменен көз сүртіп,                       Алласы оны жазғырып,
Сұрланып жігіт жылайды.                Әкелді бастап кейіске.
Әйелмісің, жылама,                           Әйелде ешбір опа жоқ,
Тәуекел де құдаға.                             Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Өлең айт,                                            Белді бу,
Үйге қайт!                                           Бетті жу!

А.Жікенов орындауындағы мәтін: [8]

Сұрғылт тұман дым бүркіп,               Атаңды анаң азғырып,
Барқыт бешпет сулайды.                  Сыйғызбаған пейішке.
Жеңіменен көз сүртіп,                       Алласы оны жазғырып,
Сұрланып жігіт жылайды.                Әке(л)ген бастап кейіске.
Әйелмісің, жылама,                           Әйелде еш опа жоқ,
Тәуекел ет құдайға.                           Бүгін – жалын, ертең – шоқ.
Бетті жу,                                            Өлең айт,
Белді бу!                                           Үйге қайт!

Көріп отырғанымыздай, алғашқы екі шумақ мәтінінде жолдардың ауысып келуі, жекелеген сөздердің, тіпті тұтас жолдардың өзгерген тұстарын кездестіруге болады.

Ахат қолжазбасындағы Қабыштың қосқан үш шумағы: [87, 162]

1. Өмірден таңдап сүйгенім,                2. Жанымды сізге берсем деп,
Асығы күшті жар болған.                      Жастай ғашық еткенім.
Қамығып қатты күйгенім,                      Армансыз бірге өлсем деп,
Айрылып содан зар болған.                 Не еткенің жатқа кеткенің?
Басқаға көңіл толар ма,                        Мен қалдым қайғы, қапаңда,
Дертке дәру болар ма.                          Жалғыз жанша жапанда.
Мен қайда,                                            Кеттің дос,
Ол қайда?!                                             Қалдым бос.

3. Көзімнің нұры жайнаған,                 Сәулем-ау сені сағынам,
Көңілімнің сәулесі.                               Күндіз-түні жабығам.
Қарайып қан қайнаған,                       Ойланам,
Сенсің жүрек әуресі.                            Толғанам.

Н.Алдажаров Қабыштың қосқан үш шумағын айтардың алдында: «Осыған қосымша мына екі ауыз өлеңді Шәкәрімнің Қабышы жазып еді «Жігіттің жауабы» – деп, жоғарыдағы екі шумақтан кейін әңгімелей отырып, қосымша орындаған.

Н.Алдажаров орындауындағы Қабыштың қосқаны. Жігіттің жауабы: [8]

Әлемнен таңдап сүйгенім,                  Жанымды сізге берсем деп,
Асығы күшті жар болған.                    Жастан ғашық еткенің.
Қамығып қатты күйгенім,                    Армансыз бірге өлсем деп,
Айрылып содан зар болған.               Не еткенің жатқа кеткенің?
Басқаға көңіл толар ма,                      Мен қалдым қайғы, қапаңда,
Дертке дәру болар ма.                       Жалғыз жанша жапанда.
Ол қайда,                                           Кеттің дос,
Мен қайда?!                                       Қалдым бос.

К.Өлмесековтің ән дәптеріндегі мына жазу жөнінде айта кеткен орынды. Ән дәптердің «Сұрғылт тұман» жазылған бетінен бөлек, соңғы беттерінің бірінде: «Сұрғылт тұман» әніне Қабыш Құдайбердиевтің Әбдіғалиға (Ниязбектің әкесі) жазып берген жауап өлеңі» – деп жазған түсініктемесі мен екі шумақ өлеңі бар.

К.Өлмесеков дәптеріндегі Қабыш жауабы: [8]

Әлемнен таңдап сүйгенім,                  Жанымды сізге берсем деп,
Асығы күшті зор болған.                      Жастан ғашық еткенің.
Қамығып қатты күйгенім,                     Армансыз бірге өлсем деп,
Айрылып содан зар болған.                Не еткенің жатқа кеткенің?
Басқаға көңіл толар ма,                       Мен қалдым қайғы, қапаңда,
Дертке дәру болар ма.                        Жалғыз жанша жапанда.
Ол қайда,                                             Кеттің дос,
Мен қайда?!                                        Қалдым бос.

Ахаттың қосқан шумақтары: [87, 162–163]

1. Орындалмай тілегім,                        5. Шал көріп оны састы да,
Не табамын өмірден?                          Келді зират басына.
Өртеніп өтті жүрегім,                           Жігіттің көрін ашты да,
Арылмай арман көңілден.                  Жатқызды қызды қасына.
Жалынамын мен саған,                       Армансыз болып жатыңдар,
Тілегімді бер маған.                             Махаббатқа батыңдар!  
Жанымды ал,                                        Мәңгі бол! –
Кел, ажал!                                             Деді ол.

2. Қамығып қатты қайғырып,              6. Шал жылап тұр егіліп,
Қан жұтып, қажып жас жігіт.               Жас қабірдің басында.
Сүйген жардан айрылып,                    Өртеніп, өзек езіліп.
Сөнді жалын, сөнді үміт.                      Тыя алмай аққан жасын да.
Сол сәтте жігіт өліпті,                           Ол айтады: «Немерем,
Шал тауып, жерлеп, көміпті.               Өлгенде мені мұнда көм!»
Жетті ажал,                                           Соны айтты,
Не амал?                                               Шал қайтты.

3. Естілді жігіт өлгені,                            7. Қайырымды ақ жүрек,
Түгел тарап маңайға.                           Мейірімді шал қандай?
Шалдың оны көмгені,                          Адал ниет, бір тілек
Аңыз жетті маңайға.                            Сүйісіп өткен жар қандай?
(Бұл шумақта екі тармақ кем)             Кірлетпей кеткен арларын,

…………………………………………..                      Жары үшін қиған жандарын.
Естіп жар,                                             Ойла, сал (сәл),
Солды ажар.                                        Тәлім ал!

4. Қыз көйлекшең, жалаң бас,
Безіп кетті далаға.
Жүректе жалын, көзде жас,
Бет бұрды тура молаға.
Өртеген қайғы кейітті,
Құшақтап жатып бейітті.
Жан берді,
Қыз да өлді.

2000 жылы М.Әлиакпаровтың құрастыруымен жарық көрген А.Шәкәрімұлы шығармаларының «Ақын аманаты» жинағына жоғарыда келтірілген Ахаттың архив мұрағатындағы «Сұрғылт тұманның» қолжазбасы «Қайғылы махаббат» деген атпен енген. Онда да мәтіндік айырмашылықтар бар:

«Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын екі ауыз өлең де, оның әні де Ақылбайдыкі, Абайдыкі деп жаңылыс басылған. Мұның уақиғасы былай: Бір жер жыртып жүрген шал мұжықтың қасына келіп, бір жас жігіт жылап тұрады. Ол жігіттен: «Неге жылайсың?», – дегенде, жігіт айтады: «Бір сүйген кызым бар еді, содан хабар жоқ. Мені тастап басқамен кетті-ау деймін», – дейді. Сонда жігітке мұжық айтты деп, Ақылбайдың әнімен шығарғаны (Өлең жинақтағы жазылу реті бойынша берілді):

Сұрғылт тұман дым бүркіп, барқыт бешпет сулайды,
Жеңіменен көз сүртіп, томсарып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама, тәуекел ет құдаға.
Өлең айт, үйге қайт!

Атаңды анаң азғырып, тұрғызбаған бейішке,
Алласы оны жазғырып, тастаған әкеп кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ, бір күн жалын, бір күн шоқ.
Бетті жу, белді бу!

1922 жылы бас қосып, осы әнді сөзімен айтып отырғанымызда Қабыш деген ағайым мұжыққа жігіттің айтқаны деп, осы әнмен шығарғаны:

Өмірден таңдап сүйгенім – асыға күтіп жар болған,
Қамығып қатты күйгенім – айрылып содан зар болғам.
Өзгеге көңіл толар ма? Дертке дауа болар ма?
Ол қайда?! Мен қайда?!

Жанымды сізге берсем деп, жастай ғашық еткенім,
Армансыз бірге өлсем деп, не еткенің, жатқа кеткенің?
Мен қалдым қайғы қапаңда, жалғыз жанша жапанда.
Кеттің дос! Қалдым бос!

Өзімнің қосқандарым:

Орындалмай тілегім, не табамын өмірден,
Өртеніп өтті жүрегім, арымай арман көңілден.
Жалынамын мен саған, тілегімді бер маған.
Кел, ажал! Жанымды ал!

Қамығып қатты қайғырып, қан жұтып, қажып жас жігіт,
Сүйген жардан айрылып, сөнді жалын, өшті үміт.
Сол сәтте жігіт өліпті, шал тауып жерлеп көміпті.
Жетті ажал, не амал?!

Естілді жігіт өлгені, түгел тарап маңайға,
Шалдың оны көмгені – аңыз боп жетті талайға.
Жарын күтіп сарылып, көре алмай көптен сағынып,
Естіп жар, солды ажар.

Кыз көйлекшең, жалаң бас, безіп кетті далаға,
Жүректе жалын, көзде жас, бет бұрды тура молаға.
Өртеген кайғы кейітті, құшақтап жатып бейітті.
Жан берді, кыз да өлді!

Шал көріп мұны састы да, келді зират басына,
Жігіттің көрін ашты да, жатқызды, қызды қасына, –
«Армансыз бірге жатыңдар! Махаббатқа бір батыңдар!», –
Деді ол, – «Мәңгі бол!» [88, 104].

Алайда жинаққа Ахат қолжазбасында берілген Қабыштың қосқан бір шумағы мен Ахаттың өзінің қосқан соңғы екі шумағы енбей қалған. Мұнда да мәтіннің алдыңғы нұсқаларынан айырмашылықтар бар.

«Сұрғылт тұманға» қатысты осы айтылғандардың нәтижесінде байқалаты­ны – Ахат та, Келденбай да бұл ән-өлеңді Ақылбайдікі деп білуі және оған Қабыш қосқан үш шумақтың барынан (екеуі де екі шумағын ғана айтқан) хабардар болуы. Ән авторына қатысты әнші Әділет Мұсамен тілдескенімізде, бұл әнді ұстазы Ж.Кәрменов те Ақылбайдың әні деп орындағанын әрі солай үйренгенін, өзінің ертеректе шығарған ән жинағында (кассета) ән авторын «Ақылбай» деп көрсеткенін айтты. Тек, Н.Алдажаров қана ән авторын Абай дегенмен, ол да Қабыштың қосқан екі шумағын алдыңғы шумақтарға қосып орындаған.

Алайда ақынның ұрпағы, Ишағы Жағыпарқызы «Жұлдыз» журналының 1999 жылғы №7 санында жарық көрген «Санамда жаңғырады бейнелерің» естелігінде: «Әкем Жағыпар  Құнанбайұлы Абайдың кенже баласы  Мағауиядан туған. Туған жері Шыңғыстау ауданы (қазіргі Абай) «Ақшоқы» деген жер. Әкем жұқа жылы шырайлы, ақкөңіл, пысық, әңгімешіл, сері болған. Балаларына аталары жайлы мағлұмат беріп отыратын. Үй ішінде әрдайым домбыра тартып, Абай өлеңдерін айтатын. Ойымда көбірек қалғаны «Сұрғұлт тұман дым бүркіп» әні. Әкемнен сұрадым: «Бұл өлеңді ойыңнан шығардың ба?» – деп. Сонда әкем: «Ерте уақытта біздің ауылда бір кедей адамның әйелі өліп, әкем (Абай) соған көңіл айтып шығарған», – деді» [89] – деген естелігі аудармадан да, оқиғалардың желісінен де, Қабыш пен Ахаттың қосқандарынан да алшақтата түседі.

Ал, осы бір ән-өлең М.Әуезов еңбектерінде аудармалар қатарынан кездес­пегенмен, «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам, т.б айтқан әңгімелері» [90, 126–138], «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» [91, 59], «Абай Құнанбаев» монографиясының «Абайдың лирикасы» тараушасы [92, 320], «Абайтанудың арнаулы курсы» зерттеуінің «Абайдың композиторлық еңбектері» бөлімі және т.б. еңбектерінде [93, 162] ақын әндерінің қатарында сөзсіз аталып отырады. Ақылбайдың «Зұлыс» пен «Дағыстан» поэмасынан басқа («Жаррах батыр» поэмасы жетпеген) өлеңдері жетті деген сөз жоқ. «Акылбай Кунанбаев» (орысша) еңбегінде де [94] поэмалары туралы ғана айтылғаны болмаса, оның жеке өлеңдері немесе «Сұрғылт тұманға» қатысты сөз кездеспейді.

Үш орындаушының жеткізуіндегі сәйкестікке қарасақ, Н.Алдажаровтың Абай әні дей тұра, оған Қабыштың қосқан шумақтарын айтуы ойға қалдырады. Ақылбайдың өлеңіне қосқан дейтіндей Қабыш (1887–1932) жас жағынан Ақылбаймен (1861–1904) тұрғылас емес. Өлең жазылған жылы бар болғаны бес жаста. Ал Абай өлеңіне өлең қосқан десе, ол қаншалықты шындыққа жанасады. Абай өлеңіне шәкірттері сөз қосқан дейтін бір сөзді Т.Жұртбай: «…Әкесінің «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңін оқыған Ақылбай соңына «Бір жаман мен бе дедің бе, көңіліңде» деген сөздерді қосыпты да, одан әрі осы өлеңнің өлшемінде Абайға қарата «Тайға міндік» өлеңімен өзінің білместігіне кешірім сұрап жауап жазыпты. …Ал осыдан кейін «Тайға міндік, тойға шаптықты» Абай шығармаларына қосу керек пе, жоқ па деген сұраққа: Қосу керек. Тек өлеңге: «Ақылбайдың» жауабы» деген тақырып қойған дұрыс. Мұхтар Әуезов өзінің «Абайдың өмірі мен ақындығы», «Абай Құнанбаев» атты монографияларында мұны ашық ажырата баяндаған. «Оспан өлгенде өзінің бір баласының атынан айтқаны» деуі де сондықтан» [76, 425–426] – деп, өлеңді ақынның өзіне қалдырады.

Өлең жазылған кезде ақын да, Ақылбай да өмірде бар. Бірақ қалған он шумақ Абай мен Ақылбай өмірден өткен соң қосылғанға ұқсайды. Өлеңге өлең қосқан адамдар белгілі болғанмен, кімнің өлеңіне қосқаны белгісіз, Ақылбайдың өлеңі ме, Абайдың өлеңі ме? Ал, Абай өлеңіне қосылды десек, қаншалықты рас? Әлде Ахаттың жазғанындай, шынында, Ақылбайға тиесілі өлең-ән бе? М.Әуезовтің «…Абай ақын-шәкірттерінің де Абай өлеңдеріне шығарған өлең-әндері бар» [90, 162] дегенінде қай әнді меңзеп тұр, «Сұрғылт тұман» емес пе?.. Онда өлең Абайдікі, ән Ақылбайдікі болғаны ма?

Бірақ М.Әуезов «Ақылбайдың әнінің» бірден-бір жеткізушісі бола тұра, оны бұл жайдан хабарсыз болды деу – ойға қонымсыздау көрінеді. Қалай десе де, өлең-әннің поэзиялық және музыкалық стилі жағынан Абай қолтаңбасы алдымен бой көрсетеді.

Міне, төркіні қайдан шыққаны белгісіз ән төңірегіндегі деректер осылай сөйлейді. Негізі, бұл алдағы уақытта абайтану ғылымының әлі де болса анықтайтын ісі болуға тиіс деп санаймыз.

Өлең құрылысы – 7-8 буынды (abab), алғашқы төрт тармақ – ән кеудесі, қайырмадағы 7 буынды алғашқы екі тармақ өзара ұйқас құраса (cc), соңғы 3 буынды екі тармақ жеке ұйқас құрайды (dd). «Сұрғылт тұман» «Сегіз аяқ» әніндей түрге бөлінбейді. Әр кезде әр орындаушыдан жазылып алынған негізі бір нұсқалар. Әуендік құрылымы шумақ – abcd, қайырма – abcd. Әннің әуендік арқауы эолиялық ладқа негізделген.

№1.1. Әннің жазылып алынған және жеткізушілердің орындауында сақ­талған жеті-сегіз нұсқасы бар. Алғашқы ән нұсқасын 1935 жылы Л.Хамиди Ә.Ыс­қақовтың орындауы бойынша нотаға түсірген. 1940 жылғы [10], АМТ [5, 39–40] және АСҚ жинағында жарияланған [6, 58]. Бірақ аталған жинақтардың ешқайсысында әннің қай жылы нотаға түсірілгені жөнінде түсінік берілмеген. АМТ жинағында әннің екі нұсқасы беріліп, алфавиттік көрсеткіште С.Қасиманов нұсқасы ғана жазылған. Ә.Ысқақов нұсқасының 1935 жылы жазылғаны туралы дерек Б.Ерзаковичтің мақаласынан алынды [13].

Әннің бұл нұсқасы баяу айтылса да, көтеріңкі күй білінеді. Оған ықпал етіп тұрған – ырғақтың барынша біркелкілігі мен ән ырғағындағы синкопалық, пунктирлік ырғақтар мен бірыңғай 16-лық ноталармен берілген әуен (сегізінші такт) әнге ширақтық пен көтеріңкі күй үстейтіндей.

Сұрғылт тұман

Жалпы, ән диапазоны децимаға тең. Әннің қазіргі айтылып жүрген нұсқасынан өзгешелігі және ән диапазонының мұнша ұлғаюы, біріншіден, әуен бірден VII сатыға көтерілуінде болса, екіншіден, ән кеудесі мен қайырмадағы 2-әуенжол соңының (су-лай-ды, құ-дай-ға) төмен бағытталған квинталық секіріс жасауында (субкварта). Бұл төменгі секірістерді музыкатанушы Ә.Сабырова: «Абайдың трагедиялық интонациясының мәні төменгі квинталық секірістерден байқалады («Сұрғылт тұман. І түр, «Көзімнің қарасы» (Ә.Ысқақов)» – деп көрсетеді [95, 105]. Ал көп нұсқаларда бұл секіріс I сатыда көрінеді. Жалпы қай нұсқа болмасын, осы секіріс алдындағы музыкалық сөйлемнің дыбыс қатарлары өз ішінде бір-біріне ұқсас қайталанады (салыстыруды қараңыз). Ән қайырмасының 3-әуендік жолы (Өлең айт) бүгінгі нұсқада ІІІ сатыдан басталса, бұл нұсқада І сатыдан басталып ІІІ сатыға өрлейді. Бұл ерекшелік ішінара ғана кездеседі.

Сұрғылт тұман

Әннің осы нұсқасын В.Дернова: «Абайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деген өлеңіндегі осы бірінші жол орыс өлеңінің басталуына тән. Жоғары сатылы дауыстың жатық және сол дауыстың қоршауындағы мелодиялық каданс сақталған», – деп салыстырмалы нота жазбасын береді [5, 52].

Сұрғылт тұман

«Сұрғылт тұманда» әуен мен сөздің бір-біріне қабысып кеткені сонша, әуендегі әр нота сөздің мағынасына қарай өз орнын тапқандай әсер қалдырады. Бұл туралы Ғ.Бейсенова да: «Сұрғылт тұман» – көптеген Абай әндері ішіндегі сөз бен әуеннің органикалық бірлікте байланысқан ән ғана емес, сонымен бірге поэтикалық және музыкалық формада да үндесетін әндердің бірі» [14, 82], – деген пікір айтады.

№1.2. Әннің келесі бір нұсқасын 1953 жылы Б.Ерзакович Садық Қасимановтан жазып алған. Ән АМТ және АСҚ жинақтарында жарияланған. Диапазоны гептахорд көлемінде. Әуенде триольдық ырғақ басым. Әуен басындағы квинталық секіріс шумақтың соңғы тармағында да дәл солай қайталанады. Қайырма қазақ халық композиторларының әндеріне ұқсас (Сырғақты, Он саусақ, т.б) «ай» қаратпа одағайымен басталған (Ақындық-әуендік формула. С.Елеманова). Қайырманың алғашқы екі әуендік жолы дерлік бірдей қайталанады, айырмашылығы IV, II сатыларда ғана. Жалпы, бұл нұсқаның әуен байлығы алдыңғы нұсқаға қарағанда бос, қоңылтақтау.

Сұрғылт тұманT4

№1.3. Әннің келесі үлгісі – М.Мұхаметжанованың орындауындағы нұсқа [6, 58–59]. Алдыңғы нұсқалардан алыс емес. №1.2 нұсқасында қайырма қаратпа одағай жалпы ән басында көрінеді. Әуенде алдыңғы нұсқалардағыдай секірістер кездеспейді. Ғ.Бисенова: «А. Серікбаеваның нотаға қайта ыңғайлап түсіруінде (VII саты) гармониялық минордың қатысы бар, алайда басқа нұсқаларында ән табиғи минорда айтылады» [14, 81] , – деп жазған. Яғни, А.Жұбанов түсірген нұсқада бұл өрнек болған. Алайда, А.Жұбанов пен А.Серікбаеваның М.Мұхаметжановадан жазып алған нұсқасы кезікпеді.

Сұрғылт тұманT5

№1.3(а). Консерватория қорында сақталған М.Мұхаметжанова орындауындағы «Сұрғылт тұманды» алдыңғымен (1.3) салыстырғанда, әуендік дыбыс қатарында айтарлықтай өзгеріс болмағанмен, алғашқы әуендік жолдың 2-бунағында до­рия­лық лад көрініс береді [15], [16]. Әннің аяқталуында сәл өзгерістер бар. М.Мұхаметжанованың алдыңғы айтуындағы ән қайырмасының 3-әуендік жолы секіріссіз болса, бұл айтуында кварталық секіріс байқалады және дыбыс үзілмей, бір деммен 4-жолға сабақтасып кетеді. Cол үшін үлкен лига белгісі қойылды.

Сұрғылт тұманT6

№1.4. «Сұрғылт тұман» әні 2009 жылғы СӘ антологиясына дейінгі жинақтардың барлығында жарық көріп келгенімен, алдыңғы буындағы әншілер орындауында жетпеді. Бүгінгі өнерпаздар арасында орындала бастауы әннің осы жинақта жариялануымен байланысты [33, 159]. Қазір ел құлағына сіңіп, жиі орындалып жүргені де – осы нұсқа. Ән Шәкәрім әндерін сақтаушы, таратушы Н.Алдажаровтың орындауында өткен ғасырдың 80-жылдары үнтартқыш таспасына жазылып, 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдығына арналып CD жинақ болып жарыққа шықты [96]. Әуен бірінші тактіде өз жүйесімен V сатыдан басталғанымен, әуендік жолдың 2-бунағында жоғарылатылған VI саты (дориялық лад) байқалады. Бірақ қазіргі орындаушылардың көбі Алдажаров үлгісімен орындаса да, осы ерекшелікті айналып өтеді. Бұдан кейінгі әуен бойында кездесетін VI сатыда өзгеріс жоқ.

№1.5. СЖСА жинағында берілген К. Өлмесеков орындауындағы нұсқа ырғағы жағынан Н.Алдажаровтың жеткізген нұсқасына жақын [24, 45]. Соған қарағанда К.Өлмесеков Н.Алдажаровтың орындауында үйренген болса керек. Қайырманың алғашқы әуенжолындағы VII сатының көрінуі – Ә.Ысқақов және А.Жікенов нұсқасына жақындайды. Тек Ә.Ысқақов нұсқасында VII сатыдан кейін әуен V сатыға келсе, мұнда VI сатыға тұрақтайды (Ә-йел-мі-сің). Қалай дегенмен де, әуеннің VI сатыға тұрақтауы мелодиялық жағынан құлаққа жағымды. Бұл өрнек А.Жікенов орындауында да бар.

Сұрғылт тұманT8

№1.6. «Сұрғылт тұманның» А.Жікенов орындауындағы [8] нұсқасы әуені мен ырғағы жағынан Ә.Ысқақов нұсқасымен үндес. Ән баян сүйемелімен орындалғандықтан, нотаға темперациялық жүйеде түсірілді. Ән ырғағы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қалам қас» әндері секілді біркелкі ырғақта ширақ әрі көтеріңкі айтылған. Әннің бұлай айтылуы бүгінгі күннің ырғағына қарай бейімделгендей әсер береді.

Шумақ пен қайырманың 2-әуендік жолында жоғарылатылған VII саты бар. Жоғарыда Ғ.Бисенованың «А.Серікбаева түсіруіндегі нұсқада гармониялық минордың қатысы бар» дегені осы болуы мүмкін.

Сұрғылт тұманT9

№1.7. «Сұрғылт тұман» Ж.Кәрменовтің шәкірті Ә.Мұсаның орындауында да беріліп отыр. Әннің алғашқы шумағының алтыншы тармағындағы «құдайға» сөзі Ахат, К.Өлмесеков қолжазбаларындағыдай «құдаға» болып айтылған. Мәтінде одан басқа өзгешелік байқалмайды. Бұл нұсқада альтерациялар көрінбегені болмаса, Н.Алдажаров нұсқасымен (1.5.) бір деп айтуға болады.

Сұрғылт тұманT10

Әннің барлық нұсқаларында қайырманың 3-әуендік жолы үш түрлі биіктікте басталатынын байқауға болады: 1.1, 1.6 және 1.8 нұсқада І сатыдан, 1.3, 1.7 нұсқаларында ІІ сатыдан басталса, 1.2, 1.4 және 1.5 нұсқаларында ІІІ сатыдан басталады. Әннің аяқталуы да әр нұсқада әртүрлі. 1.4, 1.5, және 1.7 нұсқаларының қорытынды фразаларында төмен құрылған терциялық секвенциялармен аяқталады.

№1.8. Әннің «Абай әндері» фильмінде қолданылғаны жөнінде айта кету орынды. Ән фильмде «Адамның кейбір кездері» өлеңінің мәтінімен айтылған [56]. Мұнда Ә.Ысқақов нұсқасы анық байқалады. Дегенмен, өлең құрылысының өзгешелігі әуенге аздап ықпал еткен.

Сұрғылт тұманT11

«Сұрғылт тұманның» осы нұсқаларының ішінен инвариант үлгі ретінде Ә.Ысқақов пен Н.Алдажаров нұсқасы алынды.

Бойы бұлғаң. Абай шығармашылығы жастық, махаббат, сұлулық, ғылым-білім, сын, өнер, өлең, әлеуметтік құбылыстар, дін, философия секілді сан алуан тақырыптарды қамтиды. Соның ішінде «улы сия, ащы тілмен» іреп сойған Абай сатирасының да сөз өнерінде орны бөлек. Сондай өлеңдерінің бірі – «Бойы бұлғаң».

«Бойы бұлғаң» – ел ішінің бұзылып, өтірік өршіп, «су жұқпас, сөз ұқпас, сыпыра жылмаң желбуаздардың» сөзі жүріп, «әз тұтарға адам, сыйласарға жан қалмай», елді «антын, арын саудалаған» мырзасымақ, батырсымақтардың басып, «ақыл айтар пенденің» азайып, айналасының азып бара жатқаны ақынды ашындырып, төңірегінің түзелуден кеткені түңілдіріп, соған өкіне отырып, өткір тілмен түйреп, осып айтқан өлеңі.

Т.Қожакеев Абай сатирасын жазылу түр-пішіні жағынан тұрмыстық эпиграмма, саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайтын сатиралық өлеңдер және мысалдар деп үш топқа жіктей келіп: «…Ақын бірсыпыра сықақ өлеңдерін басқа түр-формада жазған. Оның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Антпенен тарқайды», «Бойы бұлғаң» өлеңдері – сатиралық шолулар. Тозған елдің тоқыраған тағдырына деген ауыр күрсінісі, азған адамдарына деген көз жасы толы шағымы, ел үшін қорланған ақынның «аһ» ұрған үні, кеудесін қақ айырған қайғысы» [97, 28], – деген ой айтады.

«Бойы бұлғаң» – Абайдың 1892–1893 жылдары жазылған өлеңдерінің бірі. Жазылған жылына байланысты Тұрағұл естелігінде: «Көбінесе өлеңді қыстыгүні жазушы еді. «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» деген өлеңді 1892 жылы, Оспан өткен жылы қыстауға қонғанда жазып еді. Бұл өлеңнің аяғы «Кешегі Оспан, бір бөлек жан» деген өлең» – деген түсінік береді [1, 196]. Оспанға арналған өлеңі (Кешегі Оспан) осы пішіндес. Соған қарағанда, өлеңнің жазылған жылы нақты болса керек. Шығарма 1909 жылғы жинақтан бастап жарық көріп келеді. Әр жылдардағы басылымда аздаған текстологиялық түзетулер енгізілген.

«Бойы бұлғаң» құрылысы жағынан aab ccb ұйқасты, 2+2 буынды қос тармақ және 4+3 буынды бір тармақты екі бөлімнен тұратын, яғни 6 тармақты, жаңа пішіндегі өлең. Дегенмен, өлеңнің ішінде қарапайым оқырман байқай қоймайтын жасырын ұйқас бар. Өлеңнің алғашқы үш жолы aab үлгісінде ұйқас құраса, екінші бөлігіндегі cc ұйқасы (Бетті бастым, Қатты састым) 6-тармақтың алғашқы бунағымен (Тұра қаштым) ұйқас құрайды. Сонда: Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым…; Түзде мырзаң, Үйде сырдаң, Сөзі қылжаң…; Адам аулап, Сыпыра саулап, Байды жаулап…; тағы басқа. 7-шумақтағы осы жолдар кейбір жинақтарда «Аққа тартқан, Жөнге қайтқан, Ақыл айтар…» болып берілген, әсілі, «Ақыл айтқан…» болса керек еді. Ол 2020 жинақта түзетілген.

«Бойы бұлғаңның» поэтикалық құрылыс үлгісіне байланысты С.Мұқанов: «Бір шумағында жеті жол бар. 1, 2, 4, 5, 6 жолдары төрт буыннан, 3-жолы жеті буын, 7-жолы үш буын, үйлесі а, а, б, в, в, в, б» [43, 340], – деп, алты жол деп жүрген өлеңді бесінші тармақтың алғашқы бунағының алдыңғы тармақтарымен ұйқаса байланысуын есептеп, жеті жол етіп талдаған.

Р.Сыздықова: «Алты шумақты өлеңдердің екеуін («Кешегі Оспан», «Бойы бұлғаң») ұйқас суретіне қарап жеті тармақты етіп беруге де болар ма еді: бұларда соңғы тармақтың бір бөлігі алдыңғы тармақпен ұйқасып келеді. Сондықтан оны да бір тармақ етіп, ең соңғы үш буынды сөзді 7-тармақ етіп графикалауға болар ма еді» [42, 296], – дейді.

№1.1. Абай «Бойы бұлғаңға» арнайы ән шығарған. Бүгінгі күнде Абайдың ән мұрасы дегенде алдымен ауызға ілінетін әндердің қатарында, көпке мәлім, кең тараған. Ақын әндерін жинақтау барысында бұл ән үш адамнан жазылып алынған. Әнді алғаш 1935 жылы Семей қаласында Ә.Ысқақовтың айтуында Л.Хамиди нотаға түсіріп, 1940 жылғы жинақта тұңғыш рет жалғыз нұсқасы болып жарияланған [10]. Ән бүгінгі айтылып жүрген «Бойы бұлғаңнан» алыс емес. Бүгінгі мен бұрынғының негізі бір, аса көп өзгерістерге ұшырай қоймаған. Әуендегі пунктирлер марштық екпін үстейді. Әннің әуендік құрылымы aab cde үлгісінде.

Бойы бұлғаң

Барлық нұсқаның 1, 2-әуендік жолдары репризалы болып келеді. Әндегі марштық ырғақ өлең табиғатындағы сатиралық мінезбен үйлескенімен, төмен бағытталған квинталық секірістер әуен тереңінде бір күрсіністің барын аңғартады.

Әнде ладтық ауысу бар. Әннің арқауын иониялық лад (мажорлық) құрайды деп танығанымызбен, алғашқы үш әуендік жолда иониялық ладтан көрі әуеннің эолиялық ладта (минорлық) жүретіні анық байқалады, яғни әуен параллель ладта дамиды. Мәселен, ән e эолиялық ладында түсірілген (паралелі g иониялық лады). Әннің алғашқы екі әуенжолы көптеген эолиялық ладтағы қазақ әндеріндей ІІІ сатыдан басталып (Екі жирен, Майдақоңыр, т.б), I сатыда аяқталады (тоника). 3-әуендік жол жоғарғы III сатыдан (соль) басталып, соңғы дыбысы e эолиялық ладының V сатысына (b – си) тұрақтайды. Тек 4-әуендік жолдан бастап қана e эолиялық ладының паралелі g иониялық ладына ауысып, сол ладта аяқталады.

№1.2 Әннің келесі нұсқасы АМТ жинағына жарияланған (1954). Түсініктерінде 1948 жылы Б.Ерзакович Қ.Лекеровтен жазып алған деп көрсетілсе, дәл осы нұсқаны Б.Ерзакович ҚХӘ жинағында жариялап, Ж.Елебековтен жазып алғаны туралы түсінік жазылған [21, 276, 384]. Әсілі, 1954 жылы АМТ жинағында кеткен қателік 1955 жылы ҚХӘ жинағында түзетілген секілді. Ал 1986 жылы жарық көрген АСҚ жинағында жеткізушінің Ж.Елебеков екені анық көрсетілген [6, 59–60, 80]. Үш кітаптың да құрастырушысы бір адам – Б.Ерзакович. Сол себепті, әнді жеткізуші Ж.Елебеков болып алынды.

Бойы бұлғаңT2

Нота партитурасының жоғарғы жағына жазылған «жылдам, шалқыта» деген орындаушылық мінездеме әншінің бұл туындыны ширақ, жігерлі түрде орындағанын аңғартады. Орысшада мұндай сипаттамаға «воодушевлённо» деген термин сәйкес келеді, яғни бұл – қайратты, сергек, серпінді айту мәнері дегенді білдіреді. Мұндай интерпретация әншінің жастық мінезімен де сабақтасып жатқан болуы мүмкін. 

Әйтсе де, «Бойы бұлғаң» әні табиғатынан қарқынды, жылдам орындалатын туынды емес. Мұнда «жылдам» мен «ширақ» ұғымдарының айырмасы ескерілуі тиіс. Мысалы, Ж.Кәрменов орындауындағы «Бойы бұлғаңды» ширақ орындалған нұсқаға жатқызуға болады. Алайда осы орындауда алдыңғы нұсқаларға тән марштық екпін байқалмайды.  Жоғарыда жеткізушіні Ж.Елебеков деп алуымызға себеп болған да осы – нотадағы әуендік ерекшелік және сол ерекшеліктің қорда сақталған Ж.Елебеков айтуындағы «Бойы бұлғаңға» жақын келуі. Бірақ бұл орындауда ардагер әншінің әнді төртінші әуендік жолдан бастап, соңына дейін еш үзіліссіз, речитативті сипатта орындағаны байқалады.

№1.2(а). Ж.Елебековтің әр жылдардағы орындауын бұл ән тұсында да салыс­тыруға тура келеді. Себебі, бізге жеткен аудиожазбалардағы орындауында аздаған айырмашылықтар бар.

Бойы бұлғаңT3

Ж.Елебековтің бұл орындауында қайрат пен жігер, ашу мен ашынудың ізі жоқ. Керісінше, адамның, ортаның мінін салмақпен, ұстамдылықпен бетіне басып отырған ақылман мінез басым.

№1.2.(б). Ендігі бір орындауында интонация, әуен ырғағы, екпіні дәл осылай болғанмен, қорытынды фразаның соңында әуен құбылады.

Бойы бұлғаңT4

Ж.Елебеков алғашқы орындаған 1.2.(а) нұсқасында 1, 7 және 8-шумақтарын орындаған. Мәтіндік өзгерістер жоқ. Екінші орындауда әннің (1.2(б) нұсқа) 1, 2, 7, 8, және 9-шумақтарын айтқан. 2-шумақтың 3-тармағындағы «бір міні жоқ» сөзі «еш міні жоқ» болып және 4, 5-тармақ орындарын ауыстырған. 6-тармақтағы «Сөзі қылжаң еркесіп» «Сыпыра жылмаң еркесіп» болып, сондай-ақ, 9-шумақтың 3-тармағындағы «желбуаз» сөзі «желауыз» болып айтылған. Т.Рахимов орындауында «желбауыз» болып жүр.

№1.3. Ендігі бір нұсқаны Қ.Жүзбасов М.Мұхаметжанованың орындауында нотаға түсірген. Бұл нұсқада біршама өзгешеліктер бар. Ән АСҚ жинағында жарияланған [6, 60].

Бойы бұлғаңT5

Ән әуені параллель ладта жүретіні жайлы жоғарыда айттық. Алдыңғы нұсқада айтқанымыздай, бұл нұсқаның да 1, 2-әуендік жолдары эолиялық ладта жүреді. Бірақ бұл нұсқада әуеннің алғашқы сатылары алдыңғы нұсқалардай III, IV, V саты емес, І, III, V сатылардан бастау алып, яғни әуен a эолиялық ладында өрнек құрады. Тек 3-әуендік жолдан бастап қана альтерациялар арқылы a иониялық ладқа көшеді. Яғни, ән a эолиялық ладында басталып, a иониялық ладында аяқталады. Мұнда паралель лад көрінбейді. Әннің бұл ерекшеліктерін Қ.Жүзбасов: «Әннің 1-ші және 2-түрлері ауыспалы минорлы-мажорлы ладта айтылса, М.Мұхаметжанованың жеткізген түрі бір атаулы тектес минор-мажорлы ладта қалыптасқан» [11, 162] – деп көрсетеді. «Бойы бұлғаңның» мұндай нұсқасы орындаушылар арасында ешқашан кездескен емес.

№1.3(а). Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы фольклорлық зертхана қорында сақталған М.Мұхаметжанова орындауындағы «Бойы бұлғаңның» Қ.Жүзбасов түсірген ноталық жазбадан недәуір айырмашылығы бар [21]. Бұл нұсқа алғаш рет нотаға түсіп, жарияланып отыр.

Әуен ешқандай ладтардың ауысуынсыз таза иониялық ладта айтылған. Алдыңғы 1.1, 1.2 нұсқаларда кездесетін 1, 2-әуендік жол соңындағы квинталық секірістер мұнда секстаға ауысқан. Бұл басқа нұсқаларда мүлде кездеспейді. 3-әуенжолдағы кульминациядан кейін миксолидиялық бояу көрінеді (VII сатының төмендеуі). Бұл да алдыңғы нұсқаларда жоқ өрнек. М.Мұхаметжанова алғашқы үш шумағын айтқан. 2-шумақтың 3-тармағында «бір міні жоқ» сөзі «еш міні жоқ» болып мәтіндік өзгеріске ұшыраған.

№1.4. «Бойы бұлғаңның» енді бірі «Абай әндері» фильміндегі балалар хорының айтуынан алып беріп отырмыз [56]. Мұнда ән жеңіл, біркелкі ырғақта орындалған. Фильмде толық естілген 2 және 1-шумақ. 1, 2-әуендік жол V сатыда өріліп, тек 3-әуендік жолдан бастап қана негізгі әуенге көшеді. Екінші айтылған шумақтың 1, 2-әуендік жолдарынан Қ.Жүзбасов жазып алған М.Мұхаметжанова нұсқасына ұқсастық байқалады және ырғағы жағынан да өзгешелік бар.

Бойы бұлғаңT7

«Бойы бұлғаң» әнінің де бірнеше нұсқалары ұсынылды. М.Мұхаметжанованың екі орындауынан бір-біріне ұқсамайтын екі нұсқа кездесті. Жинаққа ел аузында айтылып, жұрт жадында жатталған Ж.Елебеков айтуындағы нұсқа инвариант үлгі ретінде берілді.

Қараңғы түнде тау қалғып. Абай аудармаларының ішінде әнге айналып, халыққа кең тарағаны – М.Ю.Лермонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлең-әні. М.Ю.Лермонтов И.В.Гетенің «Uber allan Gipfeln» (Над всеми вершинами) өлеңінен аударған.

Ақын жинақтарының түсінігінде: «Гете шығармасының жазылу тарихын жазушы Қалмұхан Исабаев былай баяндайды: «Ұлы Отан соғысынан кейін жеңілген Германияның Зуль округінде (бұрынғы ГДР территориясы – ред.) біраз уақыт әскери қызмет атқарып тұрдым. Осы аймақтағы Гобельбах дейтін қалада Гетенің музейі бар. Кезінде ұлы ақын Веймар герцогы Август Карлмен бірге саяхатшылық құрып жүргенде, осы маңдағы бір оңаша үйге келіп тоқтайды екен. 1870 жылы қыркүйектің 6-сы күні Гете осы үйге алғаш келгенде, терезеден қарап тұрып, Тюрингия тауларының әсем көрінісіне сүйсінгендіктен, осы өлеңді жоғарыда көрсетілген тақырыппен есікке бормен жазып кетіпті. Осы оқиғаның менің жадымда берік сақталғандығы сондай, арада отыз шақты жыл өтіп, сол өлкеге тағы бір жолым түскенде, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген аудармасының текстін ақ мәрмәрға жаздырып, магнитофон таспасына жазылған әнін нотасымен қоса, сол музейге апарып тапсырдым… Өлең 1945 жылғы жинақта «Лермонтов бұл өлеңді Гетенің «Wanderers Nahliid» дейтін өлеңінен аударған деп көрсетіліпті. Бұл да дұрыс айтылған сөз. Өйткені өлеңнің неміс тіліндегі нұсқасында «Түнгі жолаушының әні» деген тақырып болған» [57, 262], – деп жазылған.

Гете, Лермонтов, Абай – үш кезеңде туған үш ақын шығармашылығының ішкі байланысы, поэтикалық-рухтық сарындастығы, бір өлеңнің үш ақындағы түн тыныштығы, түн суреті, адам мен табиғат, кеңістік пен кейіпкер арасындағы үндестік жайында Г.Бельгер («Абай мен Гете», «Созвучие»), Т.Шапай («Тыныштық метафорасы»), А.Кемелбаева («Гете мен Абай») сынды белгілі қаламгерлер ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған.

№1.1. «Қараңғы түнде тау қалғып» әні де ақынның «Айттым сәлем, қалам қас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты жаңа бағытта шығарған әндерінің бірі. Бұл әннің де алғаш жеткізушісі – Ә.Ысқақов. 1940 жылғы жинақта жарияланбағанымен, АМТ жинағында бір түрі ғана берілген [5, 41]. Ал АСҚ жинағына әннің үш түрі енген [6, 61–62]. АМТ жинағындағы «Қараңғы түнде тау қалғып» пен АСҚ жинағындағы «Қараңғы түнде тау қалғыптың» І түрін салыстырып көргенімізде екеуі бір үлгі болып шықты. Тек нотада сәл өзгеріс бар. Бірақ АМТ жинағында: «Хабарлаушы – А.Искаков, жазып алушы – Л.Хамиди, жазып алынған жылы – 1935 жыл» деп көрсетілген. Алайда, АСҚ жинағында түсінікте: «Ж.Елебековтің орындауынан 1944 жылы Алматыда Л.Хамиди нотаға түсірген. «АМТ», №28» деген түсінік қалдырылған. Б.Ерзакович мақаласындағы Л.Хамидидің А.Ысқақовтан жазып алды деген 18 әнінің ішінде «Қараңғы түнде тау қалғып» та бар. Сонымен қатар, «1939 жылы М.Әуезовтің ұйтқы болуымен Алматыда Абай әндерін нотаға түсіру қайта қолға алынғанда Л.Хамиди Ж.Елебековтің айтуынан төрт ән жазып алады», – дейді [13]. Сол әндердің ішінен «Қараңғы түнде тау қалғыпты» да кездестіреміз. Екі жинақты (АМТ, АСҚ) шығарып отырған да, мақаланы жазып отырған да Б.Ерзакович бола тұра, осындай жаңылыс жайлар орын алған. Бұл жайында Ғ.Бисеновада ештеңе айтылмаған. Бірақ АСҚ жинағындағы түсінікте АМТ жинағына, ондағы әннің реттік нөміріне «№28» деп сілтеме берген. Соған қарағанда, ән Ә.Ысқақовтан жеткен болса керек. Әуенінде өзгешелік жоқ. Ән АМТ жинағы бойынша ұсынылып отыр.

Қараңғы түнде тау қалғып

Осы нұсқаның өзі екі жинақта екі түрлі берілген. АМТ жинағында 2-әуендік жолдың басындағы алғашқы екі буын (ұй-қы-ға) II, III сатыны (ми, фа) қамтыса, АСҚ жинағында II сатыда (ми, ми) ғана әуен түзген. Мұндай өзгешеліктер жинақтарда жиі ұшырасады.

Қараңғы түнде

№1.2. Әннің келесі бір нұсқасын Қ.Байжанов орындауынан Қ.Жүзбасов нотаға түсіріп, АСҚ жинағында тұңғыш жарияланған. Жинақтағы түсініктерде «3-ші түсінікті қараңыз» деген сілтеме болғанмен, онда қалай жеткені жайлы мағлұмат кездеспейді. «Абай» энциклопедиясында: «1984 жылы музыка зерттеуші Қ.Жүзбасов әнші Қ.Байжановтан 1958 жылы таспаға жазылған үлгісін және М.Мұхаметжановадан жазылған нұсқасын нотаға түсірген» [19, 326], – деген түсінік берілген.

Қараңғы түнде тау

Зерттеушілер Абай әндеріне одағайлар мен алексикалық элементтердің тән емес екенін атап өткенмен, бұл ерекшеліктер орындаушылық-интерпретациялық дәстүрге тән ерекшелік екенін жоққа шығаруға болмайды. Абай әндерінің әуендік сипатын зерделегенде, кейбір үлгілерде одағай сөздердің кездесуі назар аударады. Мәселен, бірқатар орындаушылардан жазылып алынған нұсқаларда («Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Қор болды жаным») ән басы немесе қайырма «ей» одағайымен басталады. Орындаушылық интерпретация кейбір жағдайларда ән ауқымына да өзгерістер әкеліп жатады.

Қ.Байжановтың орындауындағы нұсқада әннің әуендік өрісі күрделене түсіп, оның диапазоны жоғары және төмен бағытта едәуір кеңейіп, диапазоны терцдецимаға дейін жеткен. Әннің бірінші әуендік жолы әдетте қалыпты басталып, 2-әуендік жолдың ортасынан бастап (ұйқыға кетер) әуен бірден VII сатыға дейін өрлейді. Осы жолдың тірек тонға қайтуы да төменгі V және VII сатылар арқылы өзгеше өрнектелген. 2-шумақтағы 3-әуенжол жоғарғы III сатыға дейін көтерілген. Ән соңында әуен бір октава жоғарыда аяқталады. Бұл Қ.Байжанов орындауындағы «Сегіз аяқ» әнінде де көрінген болатын.

№1.2.(а). Ендігі сөз жеке қорда сақталған Қ.Байжанов орындауындағы [8] «Қараңғы түнде тау қалғып» жөнінде. Қ.Байжановтың бұл орындауындағы «Қараңғы түнде тау қалғып» пен АСҚ жинағындағы нұсқа бір болғанмен, айырмашылық бар. Ән алғаш рет домбыра бұрауына лайықталып түсіріліп, жарияланып отыр.

Қараңғы түнде тау

Айта кету керек, алексикалық сөзбен басталу алдыңғы нұсқада да кездескенімен, бұл нұсқада ән І сатыдан емес, субкварта (төменгі V саты) деңгейінен басталады және бұл әр әуенжолдың басында кездесіп отырады. 2-әуендік жолда алдыңғы нұсқада байқалған VII сатыға күрт көтерілу бұл орындауда жоқ, бәрімізге таныс әуенмен өрнектеледі. Ал 3-әуендік жолда жоғарғы III сатыға дейін көтерілу интонациясы екі шумақта да сақталған. Бұл ән көлемін ұлғайтумен бірге еркін, кең далалық және өзгеше құрылымдық дәстүрлі ән формасына тән көркемдік сипат беріп тұрғандай. Әннің аяқталуы алдыңғы нұсқамен ұқсас – жоғары октавада түйінделеді.

Әннің бұлай кеңеюі әншінің эмоциялық өрісі мен вокалдық қуат мүмкіндігін көрсеткендей. Қ.Байжанов интерпретациясынан туған «Қараңғы түнде тау қал­ғып» – әннің бір нұсқасы болып қалады және алдағы уақыттарда сахналардан есті­леді деп ойлаймыз.

Қ.Байжанов 2-шумақ сөздерін өзгертіп айтқан. Мәселен, 1-тармақтағы «Шаң шығармас жолдағы» «Шаңдай алмас жолдағы» болып, 2-тармақтағы «Сілкіне алмас жапырақ» «Сыбдырламай жапырақ» болып айтылған. Қ.Мұқаметханов: «1909 жылғы жинақта «Шаңдай алмас жолдағы, Сыбдырламас жапырақ» деп басылған. Бұл «Не пылит дорога, Не дрожат листы» деген жолдардың аудармасы» [86, 75–76], – дейді. Қ.Байжановтың сөзді бұлай айтуына осы алғашқы жинақтың ықпалы болса керек.

№1.3. Әннің ендігі бір нұсқасын М.Мұхаметжанованың орындауында Қ.Жүзбасов нотаға түсірген. Бұл нұсқада да аздаған әуендік өзгерістер бар. Ән алғаш АСҚ жинағында жарияланған.

Қараңғы түнде тау

М.Мұхаметжанова нұсқасы бәрімізге белгілі әуен болғанмен, 2-әуендік жолдағы сөйлемнің соңы (бал-быр-рап) жартылық ұзақтыққа созылып әрі терция жоғары (V, IV) аяқталған. Бұл басқа нұсқаларда ұшыраспаған өрнек. Консерваторияның фольклорлық зертхана қорында сақталған аудиожазба да осы нұсқамен бір.

№1.4. В.Дернова Мәскеудегі А.Затаевич қолжазбаларына сүйеніп: «Ә.Марғұлан «Мұхаметжанның әнінен» [71, 222], [72, 657] бөлек Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін айтқанын жазады. Бірақ Ә.Марғұлан «Желсіз түнде жарық айды» «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің әуенімен айтып, «Ауылдың жаны-ай» сөзін «Ауылдың сырты-ай» деп орындағанын ескертеді [9, 46–47]. В.Дернова еңбегінде ән нотасы «Желсіз түнде жарық айдың» сөзімен беріліп және Ә.Ысқақов орындаған «Қараңғы түнде тау қалғып» әнімен салыстырып көрсетілген.

Қараңғы түндеT6

№1.5. Ақын әндерінің ел ішінде өңделіп, өзгеріп айтылуы және басқа сөздерімен айтылуы «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінде тағы кездесіп отыр. Мәселен, Ж.Тоғандықов «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғыптың» әуенімен орындаған. Әуені аздаған өзгеріске түскен. Ән жеке қордан алынды [8].

Қараңғы түндеT7

Алғашқы екі әуендік жолдан «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің интонациясына ұқсастық анық көрінеді. 3-әуендік жолда әуендік даму бағыты өзгеріп, 4-әуенжолда аздаған вариациямен қайтадан бастапқы әуенге жақындайды.
Сонымен, «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңіне қатысты үш түрлі әуен нұсқасы белгілі болып отыр: Т.Арғынбаев орындаған қарапайым қоңыр әуен, және
М.Мұхаметжанова 1960 жылы айтқан, қазіргі таңда кең таралған «Есіңде бар ма жас күнің» әні (түсінікті қараңыз), сондай-ақ жоғарыда аталған вариант. Бұл болашақта арнайы зерттеуді қажет етеді, себебі ол Абайға тиесілі өзге ән болуы да ықтимал.

№1.6. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастап Ж.Елебековтің арнайы әншілер дайындауы – қазақ ән өнеріне тың үн, өзгеше өрнек, жаңа мәнер әкелді деуімізге болады. Солардың алғашқы легінде мойны озық үш әнші болды. Олар – М.Ешекеев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов. Осы өнерпаздардың да Абай әндерінің насихатталып, жарыққа шығуына қосқан үлесі мол-ақ. Әрқайсысының талғам таразысы, әншілік мәнері, орындау ерекшелігі әртүрлі. Бір ұстаздың бір-біріне ұқсамайтын үш шәкірті Абай әндерінің жан-жағынан келіп, әр қырынан өңдеп, гаухар жүзіктей жарқыратып, халықтың қолына қайта ұстатты. Біз сөз етіп отырған «Қараңғы түнде тау қалғыпқа» келгенде, алдыңғы екеуі Қ.Байбосыновқа жол бергені рас.

Ән асықпай, мейлінше кең орындалған. Жалпы әуен интонациясы Ә.Ысқақовтың орындауына өте жақын. Қ.Байбосынов ән табиғатына қоңыр бояу үстеп, баяулата орындау арқылы түн тыныштығын ерекше бейнелей түскен.

Қ.Байбосынов орындауындағы «Қараңғы түнде тау қалғып» – жаңаша леп, бөлек мәнердегі академиялық үлгі. Кез келген жас өнерпаз өнерден өрнек аларда әр әннің озық орындаушысын іздеп, таңдау жасайды. Ал «Қараңғы түнде тау қалғып» әніне келгенде, таңдаудың осы үлгіге түсері анық.

Жалпы, әннің бұл үлгісі тек домбырамен айтатын әншілердің орындауында ғана емес, опера әншілерінің жеке орындауында да ел санасына сіңді, «Абай» операсында хорға пайдаланылды. Сонымен қатар, «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблі заман ырғағына лайықтап, жаңаша үлгіде орындады.

«Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің Қ.Байбосынов орындауындағы нұсқа инвариант үлгі ретінде алынса, бұрын орындалмаған Қ.Байжанов нұсқасы өзгеше өрнекті, тың үлгі ретінде берілді.

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы